Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жылаған Ата: аңыз бен ақиқат

4124
Жылаған Ата: аңыз бен ақиқат - e-history.kz
Бұл жердің аңызы ерекше баланың дүниеге келуі, ақиқаты аңызға айналған жер көп адамның ауруына шипа болуымен қатар, тілек-дұғасы орындалатын жер. Бірақ, үңгір сарқырамасының құпиясын ешкім білмейді

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Киелі Қазақстан» деректі фильмін түсіру тобы, еліміздің оңтүстік өңіріне сапар шегіп, үш облыстың (Алматы облысы, Жамбыл облысы, ОҚО) қасиетті де, киелі жерлерін аралап, қаншама ғасыр, уақыт қойнауында құпия жатқан тылсым күш билеген киелі жерлердің тарихына үңіліп көрдік. Сапар барысында байқағанымыз біз ат басын тіреген әрбір киелі жердің өзіндік пайда болу тарихы мен аңызы бар, алған әсер мен көріп-білген әулиелі мекендердің тарихы таңдай қақтырады. Сондай аңыз бен ақиқатқа толы жердің бірі ОҚО, Кентау маңында, Қаратаудың етегінде орналасқан Жылаған ата үңгірі. Жылаған Ата шамамен VI-VII ғасырларда өмір сүрген, аңыз бойынша бай-қуатты егде жасқа келген ерлі-зайыптылар бір перзентке зар болып, Алладан бала сұраған, араға жыл салып дүниеге ерекше бала келеді, дәл сол сәттен бастап осы жердің аңыз бен ақиқатқа толы тарихы басталады.

 Бақыт Құлжабаев, Жылаған ата үңгірінің шырақшысы

Аңыз бойынша кезінде байлығы шекесіне шыққан Гүрзіхан деген кісі болады, бәйбішесі Шаш-Ана екеуі жастары келіп қалған соң байлықтың базарына тойғаннан соң, әттең, енді бір осы байлыққа ие болатын перзент болса ғой деп армандайды. Сол кезең Қазақстанға ислам дінінің келе бастаған тұсы, Гүрзіхан дін жолына түсіп, ислам дінін ұстанып, Алладан бала сұрайды. Құдай тілегін қабыл етіп Шаш-Ана анамыз бала көтеріп уақыты келіп босанады, босанған бала пердеге оралған күйінде мес сияқты дүниеге келеді, сол кезде Гүрзіханға Қыдыр ата аян беріп бұл қасиетті бала, құт- берекенің белгісі, месті жармаңдар өзі уақыты келгенде шығады, әзірше көтеріп жүре беріңдер дейді. Аянды қабыл алған ерлі-зайыптылар, біраз уақыт көтеріп жүреді, бірақ бала не сөйлемейді, не күлмейді, не жыламайды.

Тау сайында орналасқан шырақшы үйі

Бір күні көтеріп жүруден шаршаған анасы Игілік ауылының маңындағы (Игілік ауылы Жылаған ата үңгіріне жақын елді мекен) өзеннің қасына келгенде месті көтеріп тұрып анасы сені қашанғы көтеріп жүреміз, не сөйлемейсің, не күлмейсің, не жыламайсың деген кезде мес қолынан түсіп кетіп ішінен нұрлы жүзді бала шығады, бала местен шыға сала тауды беткейлеп қаша жөнеледі. Ата-анасы ізінен жүгіреді, бала қашып осы жаққа бағыт алады. Жол бойында ойнап отырып артымнан әке-шешем шөлдеп келе жатыр деп асатаяғымен жерді ұрып қалып сол жерде құдық пайда болады (Жылаған ата басына бара жатқанда Тасқұдық бар, аталған құдықта киелі саналады). Осы жерге (Жылаған ата) келіп үлкен тасты асық қылып ойнап отырады, әке-шешесі жеткен уақытта осы жерге бір аунайды да, содан әрі қарай жүреді, анау жерде «Ана жытыры» деген су шұңқыры бар, сол жерге барып ата-анасын күтеді, ол жерге де жеткен мезетте, үлкен үңгірдің ішіне кіріп кетеді де шықпай қояды, ата-анасы болса балаға жалынып-жалбарынып кешірім сұрап, біз білместік таныттық, бізді кешіре гөр, сен біздің баламызсың деп тіл қатқанда, бала ата-анасына былай деп жауап қайтарады: біз мына дүниеде емес, анау дүниеде кездесеміз, мен үшін алаңдамаңыздар және арттарыңызға қарамаңыздар мен бар күшімді салып сіздер жүрген жерді ырыс-ынтымақ пен жақсылық, қуанышқа бөлеймін дейді.

Сарқырама ағатын үңгір (біз барғанда, шырақшы аталған жердің тарихы мен аңызын айтып бола бергенде күтпеген жерден су сарқырай жөнелді, сол сәттен көрініс) 

Әке-шешесі амалы жоқ көніп, мұңайып елге қайтып келе жатқанда, жолда баламыздың жүзіне соңғы рет бір рет қарап қалайық, мүмкін артымыздан келе жатырған шығар деп, Есеккөл деген жерге келгенде арттарына бұрылып қарайды, қараса арттарынан нұр болып ағып келе жатқан үлкен өзен жердің астына сіңіп жоқ болып кетеді. Сол өзеннің аяғы тек 5-6 шықырым жүргеннен кейін қайта шығады, бірақ ол жағын толығырақ ешкім біле бермейді. Біз көріп тұрған бұл үлкен үңгір үш үлкен тесіктен тұрады. Бірінші жоғарыдағы атқылап су ағатын жері, екінші тесігі ата-анасы артына қараған уақытта пайда болған, бұл үңгір кезінде яғни әріде басқаша болған бұл жерді Кеңес үкіметі кезінде геологтар құпиясын ашу мақсатында зерттемек болған, үңгірдің ішіне кіріп көру үшін алып тастарды арнайы құралдармен құлатпақ болған, сол уақытта аяқ астынан осы жерді жыландар мен түйелер қаптап кеткен үшіншісі сол кезде пайда болған. Бұл жердің құдіретін осыдан кейін-ақ түсіне беруге болады.

Қаратау бөктері

Қазір Жылаған ата жері, осы таулы үңгірден ағатын суымен құпиялы да киелі болып тұр, себебі су тек қана құран оқыған кезде ғана ағады және жай ғана емес аяқ астынан, күтпеген жерден сарқырама секілді лақ ете қалады, оның уақытын ешкім білмейді, кейді тіпті бір-екі күндеп ақпай қалатын күндерде болады. Алыстан арнайы ат терлетіп келіп жатқан жамағаттар кейде осы жерде сарқыраманың ағуын тосып күндеп, апталап жататындар бар. Бастысы ниеттің түзу болуы, ниет адал болса бұйырғаны болады.

"Ана жатыры" шұңқыры

Енді бұл жердің құдіретілігінің тағы бірі жаңағы айтқанымдай, қаншама отандық, шетелдік ғалымдар зерттеп көру мақсатында құралдарымен тексеру жұмыстарын жүргізіп көрді, бірақ техниканы тыңдамайды, құралдары жұмыс істемей қалады.

Менің осы жерде шырақшы болып қызмет атқарып жүргеніме бір жарым жыл болды. Осы уақыт аралығында қаншама туристер мен қызығушылық танытып келіп жатқан адамдар болды, әркімнің мақсаты әртүрлі біреулер ауруына ем іздеп келеді, біреулер киелі жердің құпиясына қызығып келеді. Ауруына ем іздегендер қасиетті үңгірдің зәм-зәм суын ішіп, ауруына шипа тауып жатқандар да бар, Жылаған ата үңгірінің басты қасиеттілігі осында. 

Жылаған ата басына бара жатырғанда жолда кездесетін тау қыраты, жергілікті халық мұны "Титаник" деп атап кеткен

Иә, Жылаған атаның тарихы мен орналасқан жері бізді таң қалдырды, шырақшының сөзіне дәлел шыныменде шалғайда жатсада ниет етіп келушілердің саны жеткілікті, біз барғанда бір автобус толы адамдар тобын көрдік, тілдесіп көргенбіз, байқанғанымыз, жүздерінен бір үміт сәулесін шашып тұрғандай. Бәрі де ниет пен тілекті қуалап келгендер. Бізде өз кезегімізде ниет етіп, баба рухына құран бағыштап, дұғамызды тілеп одан әрі сапарлаттық.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?