Құқық қорғау қызметінің оңай емес екені әмбеге аян. Қоғам тыныштығын күзетіп, көше тәртібін қадағалап жүрген сақшылар күрделі жағдайлармен күн сайын бетпе-бет келіп жатады. Қарулы қылмыскерлермен қақтығысып, «тілсіз жаумен» «тартысып» өткен өрліктері – көпке үлгі. Осылайша, қауіп-қатерге толы қызметін абыроймен атқарып, қапыда қаза тапқандары қаншама?! Енді сондай ерлікпен есте қалған бейбіт күннің батырларына қатысты отандық БАҚ-та 25 жыл ішінде жарияланған деректерге ден қойып, шамамызша шолу жасап көрейік...
Еске сала кетсек, елімізде 1993-2016 жылдар аралығында міндеттерін мінсіз орындауға тырысқан құқық қорғау органдарының 764 қызметкері қаза тауып, 2 мың 186 полицей жарақаттанған. Құрылғаннан бергі 25 жылдың ішінде қылмыскерлерге қарсы батыл қимылдап, ерлік көрсеткені үшін ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның 1 мың 93 қызметкері марапатталған. Оның ішінде 115 қызметкерге мемлекеттік наградалар қаза тапқаннан кейін берілді. Әсіресе, 2011 жылы Тараз қаласында террористке тосқауыл қою мақсатында көз жұмған Ғазиз Байтасовқа жалпы Қазақстан полициясының құрылу тарихындағы тұңғыш «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Енді еліміздегі «Халықаралық полицейлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі жыл сайын 12 қараша күні қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан полицейлерді жаппай еске алуды ұсынып отыр. Бұл – әлемдік полиция тарихында бар тәжірибе. Мәселен, Австралия, АҚШ, Канада, Израиль, Ресей, Украина сынды көптеген елдерде қызметтік міндеттерін атқару барысында көз жұмған полицейлерді жыл сайын еске алу күні белгіленген. Тіпті, Америкада тек бір күн емес, «еске алу аптасы» да өткізіледі.
Ширек ғасыр дегеніміз аз уақытқа жатпайды. Ол – біздің ішкі істер органдары үшін жас мемлекетте шығарылған жаңа заңдардың дұрыс жұмыс істеуін, тың тәртіп пен ережелердің қалыптасуын қамтамасыз етудегі жеке тарих. Осы 25 жыл ішінде қаншама тәртіп сақшылары қылмыскерлердің қолынан жараланып, оққа ұшып, опат болды десеңізші... Бүгінде сол қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алу мен олардың отбасына көмек көрсету ісі Ішкі істер министрлігінің назарынан тыс қалып отырған жоқ. Сонымен, «Қапыда қаза тапқан құқық қорғаушылар кімдер?» деген сұрақтың жауабына рет-ретімен қысқаша тоқталып шықсақ...
1. Милиция сержанты Ибат Мұмбаев 1992 жылы Орал қаласында қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан еді. Ал одан тура 17 жылдан кейін, яғни 2009 жылдың қыркүйегінде анасы Ақұштап бір бөлмелі жаңа пәтерге кірді. Оның өзі осы жылдар ішінде облыстық Ішкі істер департаменті басшылығының облыс, қала әкімдеріне қозғау салуының арқасында жүзеге асқан. Ескерте кетсек, сол сәтте Оралда 216 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.
2. Павлодарда полиция қызметкерлеріне орнатылған ескерткіштегі қаралы тізімде 10 адамның есімі бар. Атап айтқанда, Качир аудандық ІІБ милиция капитаны Ахметқалы Тезекбаев 1997 жылы 1 тамызға қараған түні көз жұмды. Аудандық полиция бөлімшесіне жеткізгелі тұрған күдікті аяқастынан оның арқасына оқ атқан. Ал ішкі қызмет капитаны Ермек Қанжығалин 1993 жылдың қыркүйегінде түрмеден қашқан үш сотталғанды ұстау барысында қаза тапты. 2008 жылдың 26 шілде күні көз жұмған Качир аудандық ІІБ полиция учаскелік инспекторы Фарид Қақабаев демалыс кезінде жаппай төбелес туралы хабарлама алып, бір күдіктінің ізіне түскен. Сонда қылмыскер өрт сөндіру баспалдағына шығып, соңынан ерген тәртіп сақшысының басына бетон тақтаны лақтырып жіберіпті. Әділет аға лейтенанты Мейрам Дәулетов және әділет лейтенанты Қанат Сармантаев болса, 1996 жылы 3 маусым күні аса қауіпті қылмыскерді ұстауға ұмтылғанда, оларды қылмыскердің өзі атып тастаған. Қылмыстық іздеу тобының қызметкері Асылбек Бижанов 1997 жылы 19 қазанда аса қауіпті қылмыскерді №1 аурухананың хирургиялық бөліміне алып барған кезде көз жұмған. Сол сәтте палатаға қарулы төрт адам кіріп, полиция қызметкерін атқан. Милиция кіші лейтенанты Ерлан Нұржанов 1997 жылдың 20 мамырында Баянауыл ауданы бойынша кезекшілікке шыққан уақытта түнде кезекші бөлімге сырттан адамдар кіріп, оқ жаудырғаннан мерт болды. Қатардағы милиция қызметкері Ербол Сембаев 1994 жылы 3 ақпанда Екібастұз қаласының ІІБ МАИ орталығында «КамАЗ»-ды мас күйінде тізгіндеген жүргізушіні тоқтатқан. Медициналық сараптамаға бара жатқан кезде жүргізуші милиция қызметкерінің арқасына пышақ салған. 1995 жылы 7 сәуірде ТМД елдерімен сыртқы шекараны күзету кезінде қатардағы әскери қызметкер Қанат Едрішев батылдық көрсетіп қаза тапты. 2015 жылы 21 маусымда қызметтік міндетін орындау кезінде полиция аға лейтенанты, учаскелік инспектордың көмекшісі Харки Арли қайғылы жағдайда көз жұмды.
3. Іле ауданының Ішкі істер басқармасына қарасты Боралдай кенттік полиция бөлімшесінің Кезекші бөлімі кезекшісінің көмекшісі, полиция старшинасы Манас Жұмаділов 2000 жылғы 31 мамырда бірнеше мәрте ұрлық жасаған қылмыскерді ұстау кезінде пышақтан алған жарақаттан қаза тапты. Кейіннен Президенттің Жарлығымен Іле ауданы, Боралдай кентіндегі көшеге аты беріліп, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
4. Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасы Қылмыстық іздестіру бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Тұрғанжан Турдиев 2002 жылғы 10 ақпанда қаруланған қылмыскерді ұстау барысында алған жарақаттан қаза тапқан. Ол Президенттің 2002 жылғы Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
5. Қапшағай қалалық Ішкі істер бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция лейтенанты Ғалым Тәттібеков 2008 жылы 25 шілдеде Қапшағайда кісі өлтірген қарулы қылмыскерді ұстау барысында алған ауыр жарақаттан қаза тапқан. Ол да Елбасының Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
6. Талғар аудандық Ішкі істер басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Еділ Әділжан 2008 жылы 20 желтоқсанда қаруланған қылмыскерлерді ұстау барысында алған жарақаттан бақилық болды. Елбасының 04.05.2009 жылғы Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
7. 2011 жылдың 8 қарашасында содырлар Алматы қаласында екі полицияны алдап шақырып алып, атып тастаған. Олардың үстінен «Терроризм» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда, қылмыскерлер тек 3 желтоқсан күні Алматы облысының Боралдай аулында ұсталды. Сонда да олар тұрақтаған жеке үйде қақтығыс болып, салдарынан 4 террорист және арнайы жасақтың 2 сарбазы қаза тапты.
8. Ал сол жылдың 12 қарашасында Тараз қаласының тұрғыны жалғыз өзі террорлық әрекетке барды. Оқиға барысында террористің ізін кескен екі қызметкер қылмыскер қолынан қаза тапты. 34 жастағы Мақсат Қариевті құқық қорғау қызметкерлері ұстамақ болғанда, жиһадшы өзін-өзі жарып жіберген. Сол уақытта жарылысты денесімен жапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов көз жұмды. Ерлікпен қаза тапқан капитанға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық ІІД ғимаратының алдынан ерлікпен қаза тапқан полицейлерге арналған «Естелік қабырға» ашылды. Мемориалдық тақтаға қаһарман полицейлер Ғазиз Байтасов, Болат Аянқұлов және Жақсыбек Байсейітовтің фотосуреттері, оларға жоғарғы награда ұсыну жөніндегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы ілінген. Дәл сол күні қала әкімі Болатбек Орынбеков аталған үш батырдың туған-туыстарына уәде етілген пәтер кілттерін табыстады.
9. Жалпы алғанда, 2011 жыл мен 2012 жылдың қыркүйегі аралығында Қазақстан аумағында терроризмге қатысы бар оқиғалар кезінде 74 адам (оның 12-сі – полицейлер мен арнайы жасақ сарбаздары) қаза тапқан.
10. «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Ержан Ахметов 2013 жылғы 12 маусымда қарулы қылмыскерді ұстау барысында ерлікпен қаза тапты. Ол ҚР Президентінің 05.12.2013 жылғы Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
11. 2015 жылы Қызылорда қаласында қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевқа арнап, өзі білім алған №135 орта мектептің алдына еңселі ескерткіш қойылды. Сондай-ақ, туған ауылындағы бір көшеге оның есімі берілді.
12. 2016 жылы Павлодарда қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан Ұлттық ұланның полиция және әскери қызметкерлерін еске алу шарасы өтті. «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы шеңберінде ұйымдастырылған ол жиынға қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетуде ерлігімен көзге түскен қызметкерлер қатысты. Олар облыстық ІІД жанындағы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан әріптестерін еске алды. Акцияға қатысушылар арасында оқу-жаттығу кезінде жарылған әскери гранаттан жас сарбазды өз денесімен жауып қалған полковник Қайрат Үмбетов те бар.
13. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында қаралы жиын өтті. Ауданның Қарабастау ауылының тұрғындары мен ішкі істер саласының қызметкерлері Алматыда орын алған оқыс жағдай кезінде ауыр жараланып, жан сақтау бөлімінде көз жұмған полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматуллаевты ақтық сапарға шығарып салды. Еске сала кетсек, былтыр шілде айының 18-інде Алматы қаласында террорлық акт орын алған еді. Ай мен күннің аманында суық қаруланған содыр 8 адамды жаралап, 8 адамның өмірін қиған болатын. Қаза тапқан сақшыларға ордендер мен медальдарды Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Берік Бисенқұлов былтырғы желтоқсан айында Алматыға әкеліп тапсырды.
14. 2016 жылы маусымның 30-нан шілденің 1-іне қараған түні белгісіз біреулер ауыл полиция пунктінің екі полициясын атып кетті. Содан кейін, 1 шілдеден бастап Шұбарши мен оған жақын Саркөл, Кеңқияқ ауылдарының 30-ға жуық діни адамы ұсталды. «Сұңқар» мен «Бүркіт» арнайы жасақтары Кеңқияқ ауылын тағы бір тінту барысында қылмыскер топқа тап болып, олармен атысқан. Сол түні 10 қылмыскер мен 2 полиция қызметкері көз жұмды.
15. Осы жылдың соңғы терактісі Алматыда болды. Қызылорда қаласының бұған дейін істі болған 27 жастағы азаматы Алмалы аудандық ішкі істер департаментінде тұрған пост полицейіне оқ атып, оның автоматын ұрлап кеткен. Кейін артынан қуған тағы екі сақшыны атып өлтірді. Атыстан соң күдікті тұтқындалды. Атыс туралы ақпарат шығып, оқиғаның мән-жайы анықталған соң, террористік қауіптің қызыл деңгейі енгізілді. Осы жағдайға байланысты Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің оперативті отырысын жинады да, аталған оқиға «теракт» деп танылды.
16. Таяуда Шығыс Қазақстан облысының полицейлері қызмет барысында қаза тапқан әріптестерін еске алу шарасын өткізді. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері облыстық ІІД-нің 37 қызметкері қылмыспен күресіп жүріп мерт болған. Олардың 11-і – ерлікпен қаза тапқандар. Бәрінің аты-жөндері тасқа қашалып, ескерткіш орнатылған.
17. 1991 жылдан бері Ақтөбе облыстық ІІД-інде 9 полиция қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан. Олардың қатарында: Айса Картов, Амангелді Қосжанов, Аббат Нұрымжанов, Қымбатқазы Оразалин, Нұрлан Алпысбай, Айдос Боранбаев, Руслан Жолдыбаев, Рүстем Кенжалин және Темірбек Жақсылықбаев бар.
18. Алматы мен Ақтөбеде террористерге қарсы тойтарыс берген полицейлердің ерліктерін Мемлекет басшысы жоғары бағалады. Президент Жарлығымен мемлекеттік награда, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 5 қызметкер (олардың төртеуі қайтыс болғаннан кейін), ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 10 қызметкер (алтауы қайтыс болғаннан кейін), «Ерлігі үшін» медалімен – 9 қызметкер, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен – Ұлттық ұланның 2 жауынгері марапатталды. Алматыда қаза тапқаннан кейін марапатталғандар – Серік Әбілдаев, Тимур Бегасылов, Аян Ғалиев, Жалғас Келдібаев, Бауыржан Нұрмұханбетов, Мейрамбек Рахматуллаев және Мақсат Сәлімбаев.
Сөз басында айтып өткеніміздей, бұл – шолу. Демек, бұндай тізімді әрбір аймақ бойынша жеке-жеке жасап отыруды бір мақаланың көлемі көтермейді. Одан бөлек айтарымыз, қазір облыстық ІІД-лер өз жерінде ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алу күндерін әрқалай өткізуде. Ал жалпы ел бойынша арнайы «Еске алу күні» белгіленген жоқ. Сондықтан Қазақстандағы «Халықаралық полицейлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің айтып отырған ұсынысы дұрыс сияқты... Ішкі істер органдары қызметкерлерін 25 жылдық мерекелерімен құттықтай отырып, қатарларыңыз сиремесін деп тілейміз.
Еркеғали БОЛАТҰЛЫ