Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шүй – қазақтың жері ме?

1910
Шүй – қазақтың жері ме? - e-history.kz
Томск – алыс жер. Шүй қазақтарының мұндай алыс жолға атпен аттанулары бірінші болғандықтан, қажыға бара жатқаннан кем болған жоқ

Жолаушылар қанша уақыт жолда жүреді, жеткен жерде қанша уақыт болады, бәрі белгісіз. Жол-жөнекей қайда қонады, жолаушыларды тонағыш қарақшылар бар шығар, олар кез болса қалай құтылады, қойшы, ауылда қалғандарға уайым қылатын себеп көп, бәрі белгісіз жұмбақ.

Жолаушылар асықпай, айға жуық уақыт жол жүріп, аман-есен Томскіге де жетті. Бір жұма қаладан шеткері, аттарына жайлы жер, өздеріне пәтер іздеп тауып орналасқаннан кейін, арнаулы келген жұмыстарына кірісті. Барғандарға орысша сөйлейтін, қазақша түсінетін Ресейдің заңымен таныс, заң орындарымен, билік орындарынан хабары бар кісі керек болды. Ол кісі губернаторға да қай жағынан жақындап, қалай сөйлесуге болатынын білетін болуы керек. Алдымен қаланың шетінде тұрып малмен күн көріп отырған қазақтармен кездеседі. Солар арқылы оқуды орыс мектебінде бітірген, недәуір дәрежелі канцелярийде жұмыс істеп жүрген татар жігітін – аудармашыны жалдап алды.

Шәкірт татар азаматымен танысып алғаннан кейін:

– Сенің атың енді Перебодшік болсын. Мені ең алдымен губернатордың күзетшісімен таныстыр, одан арғысын күзетшімен ақылдаса келе көрерміз, – деді.

Пәтерлерінен тобымен шыққанымен, Перебодшігін ертіп алып губернатордың ауласына Шәкірт өзі ғана кірді. Аулаға жақындағаннан-ақ ар жағынан күзетші шыға келді. Шәкірт «здрасти» деп бірден қолын берді. Қолымды берейін бе, жоқ па, деп әреңге созған қолына бір ауыр нәрсе түскенін күзетші сезді. Қолын өзіне тартып жұма қойды. Теріс бұрылып немене екенін көріп алды.

Жылы шыраймен Перебодшікке қарап, «не жұмыспен жүрсіңдер?» деді. Шәкірт губернаторға барып кездесуге жағдай жасауын сұрады. Перебодшік пен күзетші көп сөйлесті. Сөйлескендерінің мағынасы, губернаторға кіру оңай іс еместігі төңірегінде. Мына надан қырдың қырғыздары губернатордың өзін қойып, төменгі көмекшілерімен кездесудің өзі оңай еместігін түсіне ме? Тілмаш қарапайым адамның губернаторға кездесуінің қаншалықты қиын екендігін, тілі, білімі жеткенінше түсіндірді. Бірақ Шәкіртті алған беттен қайтара алмады. Шәкірт болса губернатордан басқа кісімен кездесудің қажеті жоқ дейді.

Қарапайым күзетшінің үлкен төреге кіргізу қолынан келмейтіні белгілі болды. Күзетшінің шамасы өздерінің бастығымен кездестіруге ғана келді.

Қолы майланып, өзінің бастығы да сый-сияпаттан құр қалмайтынына көзі жеткен күзетші жұмысты тез арада бітіріп, екі күннен кейін бастығын Шәкіртпен жолықтырды. Күзетшінің бастығы да өз дәрежесіне сай сыйлығын алып, Шәкіртті губернатормен сөйлесіп, бір жұманың ішінде қабылдатты.

Губернаторға кіргенде, өзі шақырғанша артымда қал деп, Перебодшікті қалдырып, Шәкірт жалғыз кірді. Губернатор орнынан тұрып келіп, еуропа тәртібіне сай мәдениеттілігін сақтап, жылы жүзбен қолын беріп амандасты. Шәкірт губернатордың алақанына бермекші болған асылын тәуекел деп салып, қолын қысыңқырап, біраз тұрды. Здрәстиін айтып, «мен – Абдолданов Шәкірт» деп бетіне қарады. Губернатор Шәкіртке бір қарап, есікке бір қарап, қолындағысын алдындағы тартпалы суырмасына салып, бір қарап қойды. Отыр деп көлденең тұрған орындықты Шәкіртке нұсқады да, өзі орнына барып отырды.

Губернатор тіл білетін шығар деп Шәкірттен келген жұмысын орыс тілінде сұрады. Шәкірт мандытып орысша жауап бере алмады, менде тілмаш бар деді. Губернатор секретарін, тілмашті және бір сенімді адамын шақыртып алды. Мына алыстан келген қырғыздың не жұмысы бар, асықпай тыңдап, протоколға түсіріп алайық деп тілмаш арқылы не жұмыспен келгенін сұрады.

– Жоғары мәртебелі губернаторға келген сұрағым түсінікті болсын. Күнде кездесіп тұратын жағдайымыздың жоқтығын сіздер түсінерсіздер. Алдымен біздің тұрмыс хал-жағдайымызды білдірейін. Қазақтың Шүй бойына қашан келгендігін, не себепті Шындығатай жерінен көшкендігін толық жеткізейін, – деп асықпай, бар жағдайды айтып шықты. – Бұрынғы отырған Шындығатай болысынан кеткендіктен ондағы билер халықтың сұрағына жауап бермейді. Келген жеріміз – Бийскі уезіне қарайтын екінші Шүй болыстығы. Оларға сұрақпен барсаң, сендер келімсектер, біздің жерде уақытша отырсыңдар. Сендердікі деген жер жоқ болғандықтан, бір күн онда, бір күн мұнда, көшіп жүрген тұрақсыз халықтың қандай сұрағы болса да біз шешпейміз, Томскідегі губернаторға барыңдар. Қазақтың жері деген тұрақты мәңгілік жерлерің болуы керек. Тұрақты мәңгілік жер бөліп беру, губернатордың қолынан ғана келеді дейді. Өзіңіз білетін болуыңыз керек, тегіндегі орнықты ата-бабамыздан бері отырған жеріміз – Шындығатай уезінің Шабанбай жайлауы. Жоғарғы мәртебелі патшаның отбасы ол жерді алғалы отыз-қырық жыл болып қалды. Жерсіз қалған  соң, Шүйге көшіп келдік. Сол уақыттан бері Бийск уезінің Шүйдің екінші болыстығына қарасты Шүйдің жерінде тұрып жатырмыз. Қайда тұрсақ та Ресей империясының, Томскі губерниясына қарасты, сіздің әкімшілігіңіз жүретін жерде тұру Алладан бұйырған екен. Бірақ меншікті жеріміз жоқ. Сіз сол мәселені шешіп, біздің елге Шүй бойынан жер бөліп берсеңіз екен, бұл – бірінші сұрағым.

Екіншісі, мен сізден, әкем  Сарғалдақов  Абдолда Қалдекеұлын абақтыдан шығарып беруіңізді сұрап келдім. Ол кісіге жапқан жаланың барлығы өтірік. Қалдекеұлы Абдолданы елімен Шүй бойынан қуып шығу мақсатын көздегендердің құрастырған ісі. Өзіңіздің атыңыздан тексеру жүрсе, өтірік материал екендігіне көзіңіз әбден жеткен болар еді. Әттең, ол оңай іс емес, жер шалғай. Тұрақты жері жоқ, панасыз, азып-тозып, көшіп жүрген елдің басын құрап жүрген әкемнің абақтыға жабатындай өкімет алдында, халқы алдында қылмысы жоқ. Егер білместіктен жолдан тайған жері болса, сізден әкем атынан кешірім сұраймын. Әкемнің қылмысының ең үлкені Шүйде тұрақтап қалған қазақтарды басқа жерге көшіріп алып кетпеуінде. Көшіп кететін жердің жоқ екенін білесіз. Сондықтан сіз жер мәселесін шешсеңіз, әкем жөніндегі сұрақ өзінен-өзі шешілгелі тұр, – деп Шәкірт сұрағын  аяқтады.

ТОМСК АЗАМАТТЫҚ ГУБЕРНАТОР МЫРЗАҒА
Қазақ зайсаны Абдолда Сарғалдақовтан ӨТІНІШ

 

(Томск обл. мемархиві. 35 б.)

 

…Өткен 1902 жылдың тамыз айының 17-і күні мен өз қарамағымдағы 107 адам қазақтармен Ұлық Ағзамның бұйрығы бойынша Ресей қоластына өттім. Сонымен қатар біз Бүкілресейлік императорлық Ұлы мәртебелі Ағзамға құлдық етуге ант берумен бірге Ұлыққа біз және болыс құрмақ тілегімізді білдіргеміз. Болыстың мөрі мен болыстың басқармаларының немесе рулық старостаның таңбасын беруді өтіндік. Бірақ біздің бұл өтінішіміз күні бүгінге дейін қанағатанбаған. Бұл туралы хабар бере отырып, Сізге құлдық етіп, менің өтінішімді қараусыз қалдырмай, біздің болыс құру тілегімізді қабылдап, бекітуді және ресми мөрмен (таңбамен) қамтамасыз етуді сұраймын. Жазу-сызуды білмегендіктен, бұл өтінішке өз таңбамды басамын.

 

Зайсан Абдолда Қалдекеұлы. Қаңтардың 28-і, 1903 ж.

Шәкірттің қойған сұрақтарына губернатор екі күннен кейін жауабын берді. Ол жауаптың мағынасы жер туралы мәселе – бүгін ертең шешіле қоймайтын күрделі мәселе. Арнаулы жер жұмысында істейтін адамдармен, жергілікті халықпен біріккен елші шығарылып, келешекте жер береміз делінген.

Сарғалдақов Абдолда Қалдекеұлын абақтыдан босатсын деген нұсқау берілді. Абақты тәртібіне сәйкес іс қағаздарды прокуратураға барып біліп, жөндеп аласыздар деді.

Губернаторға басын иіп, рахметін айтып, сол күні Шәкірт абақтыдан әкесін шығарып алды. Тар есік там босағадан шыққанына Абдолданың қуанышында шек жоқ. Шығарып алғанына Шәкірттер  де  қуанышты. Ақсарбастарын атап сойып, келгеннен бері таныс-көріс болып қалған елмен ас-суларын ішіп, көңіл күйлері жадырап бірер күн өтті.

Губерниялық прокурордың Абдолданы абақтыдан шығарғанда берген қағазын, көңіл орынға түскеннен кейін, асықпай оқып көргенде, әлі де ілгешек бар екендігіне көздері жетті. Абақтыдан шығарғанда, ол қағаздың мағынасын тілмашке прокурор қадағалап түсіндірген екен. Абақтыдан шыққан кездегі көңіл күйге, көлеңке түсіргісі келмеген Пе- ребодшік енді жайымен жеткізді.

Ол қағазда: «Сарғалдақов Абдолда Қалдекеұлы уақытша үш айға босатылсын. Үш айлық уақыт біткенше, Бийскі уезінен, екінші Шүй болысынан Сарғалдақов Абдолда Қалдекеұлының бұрынғы істеген қылмыстарын қайталамайтынына сенеміз. Қайталанған күнде біз жауапты боламыз», – деп кепілдік бердік деген мөрлері басылған документ керек. Ол документ Томск губерниялық прокурорына табыс етілуін Сарғалдақов А.Қ. тарапынан міндетті түрде орындалуы керек. Егер олай орындалмаса, үш ай өткеннен соң Абдолданы қайта абақтыға жауып, мәселе сот арқылы шешіледі делініпті.

Абдолда істің әлі де арты бар екенін түсінгеннен кейін Шәкіртке губернаторға қайта кірмей болмайды-ау деді. Қандай жолмен болса да келген жұмысты бітірмей кетуге болмайды.

ТОМСК ГУБЕРНИЯЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНА

 

Томск губерниясындағы Томск уезінің

3-інші участкенің шаруашылық бастығы

 

…Абдолда Сарғалдақовтың өтінішін таныстырумен қатар наурыз айының 5-і күнгі №2943 санды ұсынысы бойынша Губерниялық басқармасына Ресей қол астына алынған қазақтарға жеке дара болыс орнату өте қажет екенін жеткіземін. Өйткені олар жергілікті ұлт басқармасына және Шүй болысының басқа ұлт өкілдеріне бағынбайды.

 

Наурыз айының 19-ы, 1903 ж.

Қоштасып рахмет айтқалы келдім деп, Шәкірт бұрынғыдан да салмақты сыйлықпен, ұлы мәртебелі губернаторға қайта барып жолықты. Губернатор өзінің секретарына керекті документті жаздырды да, Абдолдаға қол қойғыз деп, Перебодшікке берді. Қол қойдыратын документтің мағынасы төменгідей еді.

«Қар қалың жауып, мал жұтаған жылдары, матқапы жағдайда малға өріс іздедік. Ауылдас отырған Тілеуіттердің жерінен басқа жер жоқ. Жер иесінен мал жаюға рұқсат алуға уақыт жетпейді. Басқа лаж болмағандықтан, рұқсатсыз қыс ішінде көшіп барып, малды қыстатқан уақыттар болған. «Мен – Сарғалдақов Абдолда, өзіме ерген  халқымның малын, ауылдас жатқан халықтың жеріне қыстатып, мазасын алып тұрғанымды мойындаймын. Абақтыдан босап шыққаннан кейін, биліктен өз еркіммен босап, орныма халықтың жақтырған кісісін сайлатам» деп жазылған қағазға қолын қойып берді. Алла енді тар есік там босағадан аулақ қыла гөр деп губернаторға рахметін айтып, қо- штасып, елге қайтуға болатынына көзі жетіп, көңілі жай тапқандай болды да, қасындағы  жанашырларына  біраз  сыр шертті.

– Сендер ер жеткенше елге ие болып, ыстығына күйдім, суығына тоңдым. Енді қартайған шағымда өсек-аяңнан аулақ болғаным да дұрыс шығар. Абақтының «кірер есігі кең, шығар есігі тар» деген шындық осы.

Алла енді бұл есікті қайта көргізе көрме десіп пәтерлеріне келді. «Бостандықтың қадірін қамалғанда білерсің» дегенді бастарынан кешірді. Арқалары кеңіп, тағы бір жұма дем алғаннан кейін келген жұмыстары біткен, көңілдері көтеріңкі елге қайтты.

Елге қайтқан мезгілдері жадыраған жаздың ұзақ күні. Елдің арқа басы кеңіген, малы семірген, биесі байланған. Қазақтың кең дастарханы жиылмайтын кезі. Елді танымаса да алыстан байқап, әлді ауылды сыртқы көріністерінен таниды. Қонақ таңдап қонадыны ескере білетін жолаушылар елдің беделді азаматтарымен танысты. Қысылмай кеңінен асықпай жүрді. Сарыарқа қазақтарының сыйлы қонағы болды. Жүре-жүре атамекен Шындығатайға да жетті.

Абдолдалар Шындығатайда біршама болып, аттардың белін суытып, Ережептің үйіне бата істеп, аттанған жөн болар деп Томскіден шығарда айтқан болатын. Сол мақсатты орындау үшін Әбдікерім ауылына келе жатыр.

Үлкен Нарыннан шыққан жолаушылар асықпай күн батар алдында Қара Жұртта отырған Әбдікерімнің ауылына жетті. Ережеп дүниеден өткелі бес-алты жыл болды. Абдолда батаға келе алмаған еді. Бірде келісіп, бірде кетісіп жүретін ағайын, торқалы той, топырақты өлімде өкпе-назды ұмытып, бет көрісетіні – қазақтың дағдысы. Ережепке бата істеп, Әбдікерім мен Шәкіртті жақынтаныстыру үнемі Абдолданың көкейінде жүретін. «Ой бауырымға» салып, дауыс шығарып келетін жаңа шыққан өлім емес. Ережептің ордасына түзу барғанымыз келіспес деп, Әбдікерімнің үйіне түскенді жөн көрісті де, сонда келіп түсті.

Әбдікерім Абдолда абақтыға түсіпті дегенді жүрген-тұрғандардан естіген. Тыстағылар ұзақтан келе жатқан қонақтар секілді, танымадық, жетегі бар бес адам келе жатыр десті. Бұлар танымайтын кім болды екен деп Әбдікерімнің өзі тысқа шыққан. Абдолда ақ орданың сыртындағы кермеге жақындап келіп, атынан түсті. Шылбырын қасындағы жолдасына ұстата салып, кім де болса қарсы алайын деп келе жатқан Әбдікерімді құшақтап амандасты. Қалғандары да Әбдікеріммен құшақ жая амандасып шықты.

– Әбе, сізді әрең таныдым емес пе, үйге кіріңіздер, төрге шығыңыздар, – деп Әбдікерім жылы жүзбен карсы алды.

Аман-саулықты сұрасып болып, бел шешіп, жайланып отырысты. Алыстан келген жолаушылармен амандасамыз десіп ауыл ақсақалдары да жиналып қалды. Қонақтарға арналған малға бата істеліп, тегене-тегене қымыз құйылды. Ақсақалдар әңгімені қай жағынан, кім бастар екен  десіп отырғанда, Мұса әңгіме қонақтардан деп Абдолдаға қарады. Қонақтан болса айтайық деп Абдолда әңгімесін бастап кетті. 

– Әбдікерім, сен мені алғаш аттан түскенде жыға танымаған секілді болдың. Оған сөгіс жоқ, мені соңғы көргенің, Ерекеңді Томскінің абақтысынан шығарып үйге келгенде амандасуға Шүйден біз де келгеміз. Елге аман-есен келгендігіне арнайы тілеу тіледің. Сол тілеуде кездескеннен кейін көріскеміз жоқ. Одан бері де көп заман өтті. Ат-көлік аман ба дегеннен басқа көп сөзге бармай, көңілге келетін жайсыз сұрақ аузымнан шығып кете ме деп, күмілжіп отырғаныңды біліп отырмын. Ел құлағы елу, менің Томскінің абақтысына түскенімді естіген шығарсың,– деп Әбдікерімнің бетіне қарап еді. 

– Иә, жамандық жата ма, естідік,– деді.

– Естісең сол Ерекең барған жерден шығып келе жатқан бетіміз осы. Ережеп болыстың ісі деп ауыз толтырып айтып жүргендері, ұсақ-түйектен құрап, есебін тауып, ел бетіне дардай қылып көрсеткен бірдеме деп естігем. Бұл біздің заманымызға дөп келген, ақ патшаның саясаты деп байқа- дым. Осыдан екі жыл бұрын Жазотырдағы аз ғана дәулетке бас болып отырған Тоқтамыс ақсақалды да абақты деген немене екенін көрсетіп қайтарды. Мені бір үлкен қылмыскер ретінде қыс ішінде, айлық жерге атпен айдап апарды. Томскінің абақтысында менен екі-үш ай бұрын түскен Көкшетаудың бір биі, Керекудің бір биі бар екен. Солармен танысып, әңгімелесіп көп нәрсеге көзім жетті. Олардың айтуында, ел бастаған азаматтардың абақтыға кірмегені кемде-кем. Құнанбайға, Абайға жала жауып, абақтының есігін екі-үш жылдай тоздыртқан патшаның ұзын құрығы бізді қойсын ба десіп жаттық. Басқа түскен баспақшыл, тіршілікте  адамның  көрмейтіні  де,  көнбейтіні де  болмайды екен. Өзіммен бірге дәм қосып, абақтыда жатқандардың көрген-білгендерін естіп, көп нәрсеге көзім жетті. Басымнан кешкен кейбір жағдайларға басқаша көзқараспен қарайтын болдым. Содан түйгенім – бәрі бізді басқарып отырған «шіноуніктердің» қылығы. Қиыр жайлап, шет қонып жүрген қазақтарды және онымен жерлес халықты, біріне-бірін айдап салып, қай жеңгенің менікі деп қызығына қарап отыратын секілді. Тайталасқа түскен екі жақты кезекпен қолға түсіріп алып, өзінің кім екенін таныттым-ау дегенде, кең пейіл, кешірімшіл бола қалатынын байқадым. Ары жат, бері жат – төсектің тарлығынан, ары көш бері көш – жердің тарлығынан болғанын бастан кешірдік. Өз заманында Қалдеке әкем осы Катонда, Марқакөлде тұрған алты қаратайдың үлкендеріне «жерге тарлық қылдыңдар, құлжабайларды шетке шығардыңдар» деп өкпе сайлап өтіп еді. Енді ойласам, ол кісінің арғы жақтан келіп жатқан алпауыттың аузына түсіп кеткенімізді бағамдауға өресі   жете бермеген бе деп түйдім.

ТОМСК ГУБЕРНИЯЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНА

 

Мәртебелі император Ағзам кабинетінің
Ведомствосындағы Алтай округінің бастығы

 

Бийск уезі екінші Шүй болысының рулық старостосының рапортына қарағанда Шүй болысының тілеуіттері өздеріне пайдалануға берілген жерлеріне Сарғалдақ сүйекті қазақтардың орналасуына қарсы болып отыр. Өйткені қазақтар Шүй өңіріндегі ең жақсы жерлерді иеленіп алып, алғашқы жергілікті тұрғындарды — тілеуіттерді орманға ығыстырып тастады. Екінші қазақтардың арасында барымта мен қарақшылық өріс алған.

Аталған қазақтар бұрынғыдай Шүй болысының тілеуіттер мекендеп отырған жерлерінде көшіп-қонып жүр. Онымен қатар олар екінші Шүй болысының ру басқармасына жерді пайдалану үшін жылына 500 сом жер ақысын төлейді. Бірінші Шүй болысының ру старостасы тілеуіт жерінен қазақтарды жер аударып қайта қуып салу туралы мәселені қайта көтермек.

 

Қаңтардың 27-і. 1908 ж.

Абдолдалар Ережептің үйінде, сол ауылдағы беделді ақсақалдардың үйлерінде бірнеше күн бой жазып, дем алғаннан кейін Шүйдегі еліне қайтты. Шәкірттер арыстанның аузынан, түрікпеннің түбінен, әкесін аман-есен елге алып келіпті деген хабар ауылдан ауылға тез тарқады. Туыс жанашырға сүйінші, қуаныш әкеліп, көре алмас дұшпанға күйініш әкеліп, Шүйдің бас-аяғына бір-ақ күнде жетті.

Пионер МҰХТАСЫРОВ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?