Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Арыстардың ақыры. Бейімбет Майлин

5815
Арыстардың ақыры. Бейімбет Майлин - e-history.kz
Елім деп есіктегі басын төрге сүйреген есіл ерлердің талайының басын жұтқан сталиндік зұлмат «жұмған аузын ашпайтын, қойдан да қоңыр» (Ж. Бектұров) Бейімбет Майлинді де айналып өтпеді

Бейімбет 1937 жылдың қазаны айының 6-сы күні ұсталған. Ілиястан 53 күннен кейін, Сәкеннен 12 күннен кейін тұтқындалуының мәнісі – оның сол кездерде қалада болмауымен, қазақтың алғашқы көркем фильмі «Амангелдіні» түсірудің басы-қасында болуымен түсіндіріледі. Бұл жердегі бір қызық нәрсе, үкімет басы Мирзоян «Сәкен мен Ілияс ұсталды, Бейімбеттің атына жазылған материалдар да көп. Ол да ұсталады-ау» деп Ғ. Мүсіреповке хабарласыпты. Ғабеңнің «Онда фильмді қайтеміз?» деген сауалына «Фильм түсіріле берсін. Бір амалы табылар, бізге фильм керек» деп жауап беріпті. Қаракесек деген жерде фильмнің түсірілу тобына жетіп баруға, тұтқындап әкетуге сескенді ме, істің артын күткен.

Бейімбеттанушы қаламгер Тоқтар Бейісқұловтың «Қилы заман азабы» кітабында «Сонымен Бейімбеттің кешеуілдетіп тұтқындалуының себепкері Мирзоян екенін білдік, бірақ ол кісінің де қорғап қалуға шамасы келмегені репрессияның аса күшті болғанын байқатады. Қарсы тұрар, қорғанар күш-қайрат қайдан болсын, сөзбен де, күшпен де байлап-матап жатқанда» деп жазылыпты. Алайда соңғы кездері жарияланған мәліметтерге орай Мирзоянның шын мәнінде қандай адам екені, оның қазақ интеллигенциясының көзін жоюға Сталиннен лимит сұрағаны, сөйтіп бас көтерер ер қалдырмай, түбегейлі құртып жіберуді көздеген зымиян, сұрқия екені анық әшкереленді.

Мирзоянның зымияндығын әшкерелеген хат ►

НКВД жендеттері келіп жазушыны алып кетердегі оқиға жоғарыда аталған кітапта былайша баяндалады: «Үйден шығар кезде Бейімбет бәрінің бетінен сүйіпті де, Әукенге: Әукен, сен баланың үлкенісің ғой. Мына бауырларыңа қамқор бол. Кітаптарымды сақтап жүр» – дейді. Далаға шығып, «қара құзғынға» жақындай бере Бейімбет жалт бұрылып, екінші қабатта балконда жылап тұрған балаларынан көз алмай тұрып қалады. Қасындағы жендеттер ырық берсін бе, екі жақтан жұлқып, дедектетіп алып кете барған» (229-б).

«Бейімбет ұсталған кезде жігіттер қатты күңіренді. Соқталдай азаматтардың кейбірі редакцияда («Социалистік Қазақстан») отырып, «нақақтан күйдің-ау» деп жылағаны әлі есімде», – деп еске алады сол заман куәгері Әмина Еленова.

Бейімбет Майлиннің ұрпақтары: бірінші қатарда (солдан оңға қарай): Бейімбеттің зайыбы Гүлжамал, шетте отырған қызы Рәзия (Роза), ортадағы Әбілқасым, екінші қатарда (солдан оңға қарай): ұлдары Мереке, Еділ, ортадағы күйеу баласы Қадыр, жанындағы қызы Гүлсім

Ал әйгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің Жазушылар одағында өткен партия жиналысында «Бейімбет ұсталыпты. Мен де естідім. Бірақ, Бейімбет халық жауы емес, Бейімбет халық жауы болса, мен де халық жауымын» деп араша түскені баршаға аян.

Т. Бейісқұлов ҰҚК қайта-қайта сұранып, өтініш жазып жүріп, Бейімбетті тергеу ісіне байланысты құжаттармен танысқанын айтады. Басқа айыптыларға қарағанда Бейімбеттің ісі 1 томға жинақталып, онда 18 құжат тіркелген екен. Өмірбаяны, фотосуреті, әр түрлі анықтама қағаздары, тұтқын анкетасы, сосын хаттамалар тізімімен танысып шыққан ғалым желке тұсында екі қызметкердің бақылап тұрғанын да жасырмапты. Сонда бір қызығы дейді, Бейімбеттің айыбын тергеп тексеру кезінде нағыз куәгер адамдарды шақырмай, бөгде, мүлдем бейтаныс біреулерді куәлікке жүргізгені таңдай қақтырған. «Б. Майлинді сынның найзасымен түйреп жүрген Қ. Жүсіпбеков, М. Қаратаев, Т. Жароков, қорғап жүрген Ғ. Мүсірепов, тағы басқалардың куәге тартылмауы қалай? Брайнин мен Шафиро дегендер неге шетте қалған? Қайдағы бір Бейімбеттің араласы жоқ адамдардан жала жапқан түсініктерін алу күмән туғызады», – дейді бейімбеттанушы ғалым.

Әдебиетте антисоветтік үгіт жұмыстарымен шұғылданған, осындай мақсаттарын іске асыру үшін С. Садуақасов басқарған топқа қосылған, советке қарсы «Жалбыр», «Майдан», «Талтаңбай» деген пьесалар жазған, бірнеше адамды антисоветтік ұлтшыл ұйымға кіруге көндірген, басқа да сан түрлі айыптарды Бейімбетке негізсіз жауып, атышулы 58 баптың 2, 7, 8, 11-тармақтары бойынша айыптаған.

Күйеуін тергеу барысында Гүлжамал Майлина онымен кездеспекке сұр үйге әлденеше рет барса да, кездесе алмайды. Тек бір айдан кейін ғана жолыға алады. «Бұл тергеудің аяқталып қалған кезі. Кездестіргенін қайтсін, көп сөйлестірмеді. Шешіліп әңгімелеспек болған Гүлжамал үсті-басын, бет-жүзін көріп шошып кетеді.

Бейімбеттің әлі тірі екенін көріп тәуба етеді. Өзін сабырлы ұстаса да, шашын тақырлап алып тастағанын көріп:

– Саусағыңмен шиырып отыратын шашыңа дейін қалдырмапты-ау, енді неңді бұрайсың? – деп көз жасына ерік беріп алған. Бірде  аузын ашып еді, тістерін көріп қалған Гүлжамал:

– Сұмдық-ай, тістеріңді де сындырыпты, кім сонша? – деп сұрайды шошынып. Сол-ақ екен, бірге келген тергеуші: – Бұл жер курорт емес қой! – деп кекете сөйледі. Жан алғыш қасыңда отырса, адам ақтарылып сөйлесе ала ма?

Жазушының жары Гүлжамал Майлина

– Гүлжамал, жылай берме, ұстамды, мықты едің ғой. Балларға ие бол, ауылға бар, ол жақта жеңілдеу. Менің қолжазбаларымды  сақта, әлі заман өзгереді, сонда олар саған керек болады, – деп көңілі бұзылып, мұңайған екен» (231-б.).

Адам жанын түршіктерер шағын ғана эпизодтан тау тұлғаларды қалай аяусыз тергеп, қол жұмсап, жаныштағанын аңғарасыз.

Арыстың атылған күнінің ертесінде (27 ақпан) әйелі Гүлжамал Майлина оның киімін барып алған. Бұл оқиға туралы қызы Рәзия: «Шешем үйге жылап келді. Әкеммен кездесуге барған екен. Ұлықсат бермепті. Қолында әкемнің сұр жадағайы. Сол күздік пальтоны құшақтап еңіреп қоя бердім. «Папамның пальтосы ғой. Өзі қайда?» деймін. «Жетім болдыңдар. Енді папаларың жоқ» деді шешем», – деп баяндайды. «Алғашында алыс жаққа айдалды» деп алдаған түрме жендеттері кейін жазушының өлімі туралы кәлікке «жүректің-миокардио ауруынан қайтыс болды» деп жалған мәлімет берген.

Бейімбеттің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеген Тоқтар Бейісқұловтың көрсетуінше, әйгілі жазушыны айыптайтын сот отырысы 26 ақпанда 12.30-да басталып, 12.45-те аяқталған. Ұлттық әдебиет классигінің өмірін жалғыз оққа байлаған үш-ақ адамның шешіміне небары 15 минут уақыт кеткен. 

Бейімбет атылған 26 ақпан күні басқа да 36 адамның өмірі қиылған.  Олардың ішінде І. Жансүгіров, І. Қабылов, С. Қаратілеуов, Ж. Шанин, т.б. бар еді. Осы жерде артық болмас деп, «ССРО Жоғарғы соты коллегиясының Алматы қаласында 1938 жылдың ақпан-наурыз айларында өткен жылжымалы сессияның үкімі бойынша 25 ақпаннан 13 наурызға дейінгі аралықта 631 адамның атылғаны» жайлы демограф-ғалым М. Тәтімовтің дерегін келтіре кетейік.

Жазушыны ақтау туралы анықтама 

Қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлин 1957 жылы 16 сәуірде ақталған. «Әділет» қоғамының тыңғылықты жұмыстарының нәтижесінде белгілі болғандай, ұлы жазушының сүйегі Алматы іргесіндегі Жаңалық ауылында мәңгілік дамыл тапқан.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?