Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мемлекет қалқаны

2382
Мемлекет қалқаны - e-history.kz
Қарулы Күштер елдің тәуелсіздігінің, саяси-территориялық және экономикалық мүддесі қауіпсіздігінің маңызды факторы болып табылады. Қазақстанда бұл құрылымдар тәуелсіздік алған соң барып құрылды

1991 жылғы тамыз оқиғаларынан кейін Қарулы Күштердің ахуалы сын көтермейтін еді. 40-шы армия штабының жойылуы республика аумағындағы құрлық әскерлерін басқарудағы бейберекеттікке әкелді. 1992 жылы мыңдаған әскери қызметші Қорғаныс министрлігінің бөлімдерін заңсыз түрде тастап кетті. Бюджеттік жеткілікті қаржыландырмау, ақшалай үлесті төлеудегі проблемалар, офицерлік кадрлардың басқа ТМД елдеріне көшіп кетуі, әскери қызметтен жалтару – осындай теріс құбылыстар әскердің және оның кадрларының беделін түсірді.  Әсіресе «Байқоңыр», «Сарышаған», Семей ядролық орталығы сияқты полигондары зардап шекті. Бұл стратегиялық нысандар іс жүзінде талан-таражға түсіп, құлдырап кеткен еді. Сондықтан Қазақстанның Қарулы Күштерін құру ел басшылығының қисынды әрі объективті қадамы болды. 1991-1992 жылдардағы қысталаң жағдайда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін  Достастық Қарулы Күштерін құру идеясын қорғап қалды.

Совет Одағының Батыры, генерал Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов өз мемуарларында:

«ССРО-ның соңғы жылдарында және ТМД мен дербес мемлекеттерді құрудың бірінші жылдарында қауіпсіздік құрылымдары мен Қарулы Күштерді реформалау белгілі бір дәрежеде бей-берекеттік сипатта болған еді, мақсатты жасампаз үдерістен гөрі, көптеген саяси мүдделер қайшылығының нәтижесі болып қала берді», – деп жазды.

1992 жылдың 16 наурызында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Республикалық ұланын құру туралы Жарлыққа қол қойылды.  

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҰЛАНЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 16 наурыздағы Жарлығы

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес,  ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының егемендiгiн қамтамасыз ету, азаматтарының конституциялық хұқтары мен бостандықтарын, сондай-ақ басқа да өмiрлiк маңызы бар мүдделерiн қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы құрылсын..

2. Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы жеке әскери құрама және Қарулы Күштердiң резервi болып табылады деп белгiленсiн. Республикалық ұлан Қазақстан Республикасының Президентiне бағынады, тiкелей басшылық жасау Республикалық ұланның Қолбасшысына жүктеледi. 

3. Республикалық ұланды жасақтау қолданылып жүрген заңдарға сәйкес ерiктiлiк негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтарынан жүргiзiлсiн.

4. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi: 

Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы туралы ереженi, оның құрылымы мен штаттары жөнiндегi ұсыныстарды 1992 жылғы 15 сәуiрге дейiн әзiрлеп, бекiтуге табыс етсiн; 

қаржыландыруды, арнаулы және әскери техникамен, қару-жарақпен, байланыс құралдарымен және басқа мүлiкпен жабдықтауды қамтамасыз етсiн; 

Республикалық ұланның жеке құрамына тұрғын үй беру және өзге де әлеуметтiк-тұрмыстық жағдай жасау тәртiбiн анықтайтын болсын.

Қазақстан Республикасының Президенті H. HАЗАРБАЕВ.  

1992 жылдың мамырында оны құру басталды.  Республикалық ұланға мынадай мiндеттер жүктелді: күзетiлетiн адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысу; дәстүрлiк рәсiмдердiң орындалуына қатысу; аса маңызды мемлекеттiк объектiлердi күзету; Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасының эталондарын күзету;

Түрлі жылдары Республикалық ұланға қолбасшылық еткендер: генерал-майор Төлеген Үмбетбаев, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, генерал-майор Болат Жанасаев, генерал-майор Болат Ысқақов, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев.

ТМД мемлекет-қатысушыларының Қарулы Күштер және шекара әскерлері туралы келісімінде айқындалған, өзінің Қарулы Күштерін құрудағы заңды құқығына сүйене отырып, 1992 жылғы 7 мамырда Президент Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа ол қойды.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІН ҚҰРУ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 7 мамырдағы Жарлығы

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын басшылыққа алып, қорғаныс саласында біртұтас мемлекеттік мақсатты жүзеге асыру қажеттігіне сүйеніп, Қарулы Күштер мен шекара әскерлері жайында ТМД-на қатысушы - Мемлекет басшылары кеңесінің келісімінде қуатталған дербес Қарулы Күштер құруға деген заңды құқықтың негізінде және Достастықтың басқа мемлекеттерінің дербес Қарулы Күштерін жасақтағанын еске алып, ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

6. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылсын. Достастықтың Біріккен қарулы күштерінің Қазақстан Республикасының территориясында орналасқан әскери бірлестіктері, құрамалары, бөлімдері, мекемелері, ұйымдары, полигондары, арсеналдары, сақтау базалары, қоймалары, жылжитын және жылжымайтын әскери мүлкі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Біріккен қарулы күштері туралы келісімнің шарттары сақтала отырып, Қазақстан Республикасының юрисдикциясына берілсін және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрамына енгізілсін.

7. Қазақстан Республикасының территориясында орналасқан қолында ядролық қаруы бар барлық әскери құрамдар оларды толық жойғанға дейінгі кезеңде Достастыққа қатысушы мемлекеттердің арасында бұрын қабылданған келісімдерге сәйкес стратегиялық күштерді басқарудың қазіргі қолданылып отырған жүйесін сақтасын.

8. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне басшылықты қажетті заң актілері қабылданғанға дейін Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Басқолбасшы жүзеге асырады, ал тікелей басқару Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріне жүктеледі.

9. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі 3 ай мерзімде Достастықтың біріккен қарулы күштерінің Қазақстан Республикасының территориясында орналасқан әскери бірлестіктерін, құрамаларын, бөлімдерін, мекемелері мен ұйымдарын қабылдап алуды жүзеге асырсын, әскерлерді тікелей басқару жүйесі жасалуын қамтамасыз етсін, Біріккен қарулы күштер Бас қолбасшысымен бірлескен іс-қимылды ұйымдастырсын және олардың жауынгерлік әзірлігін сақтау жөнінде шаралар қолдансын.

Біріккен Қарулы Қүштер Бас қолбасшысына тікелей бағыныштыларын қоса әскери бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдердің, мекемелердің, ұйымдардың, полигондардың, арсеналдардың, сақтау базалары мен қоймаларының командованиеге үкіметтің келісімінсіз оларды бір жерден екінші жерге көшіруге, сондай-ақ әскери техниканы, қару-жарақты және материалдық-техникалық мүлікті Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тасып әкетуге тыйым салынсын.

10. Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті Қазақстан Республикасының территориясында орналасқан әскерлерді қаржыландыру, азық-түлікпен, материалдық-техникалық және медициналық жағынан қамтамасыз ету мәселелерін шешетін болсын..

11. Әскерлердің тұрмысы мен қызметін және олардың жауынгерлік әзірлігін сақтауды реттейтін қазіргі қолданылып жүрген құқықтық нормалардың, нұсқаулар мен ережелердің күші Қазақстан Республикасының тиісті актілері қабылданғанға дейінгі кезеңде сақталатын болсын..

12. Осы Жарлық оған қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының Президенті H. HАЗАРБАЕВ.

Тура сол күні Мемлекет Басшысы Қорғаныс министрі болып Ұлы Отан соғысының қатысушысы, генерал С.Қ. Нұрмағамбетовты тағайындады.

ТМД-ның Біріккен Қарулы Күштерінің әскери құрамалары, бөлімдері, полигондары, арсеналдары, қоймалары, мүліктері Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді.

1993 жылдың 9 сәуірінде мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін көптеген басқа құжаттарды әзірлеуге негіз болған «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Заңы қабылданды.

1993 және одан кейінгі жылдар әскердегі жағдайды тұрақтандыруға, КСРО Қарулы Күштерінің ыдырауынан туындаған салдарды жоюға, сонымен қатар жауынгерлік дайындықты ұйымдастыруға жұмсалды.

1993 жылы Қазақстанның алғашқы Әскери доктринасы қабылданды. Ол тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға бағытталған болатын.

1994 жылғы 24 мамырда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «С.Қ. Нұрмағамбетовқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы» Жарлығы жарияланды. Мемлекет Басшысының Жарлығында: «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін, Қарулы Күштерді құру мен қалыптастыру жолындағы ерен еңбегі, елдің қорғаныс қабылетін нығайтудағы және жастарға патриоттық тәрбие беруге белсенді қатысқаны үшін Қорғаныс министрі, армия генералы – Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовқа Алтын Жұлдыз табыстаумен «Халық қаһарманы» атағы берілсін» - делінген.

Дербес Қарулы Күштерді құру әскери кадрларды дайындау жүйесінде де елеулі өзгерістерді қажет етті.

1996 жылғы 1 маусымда кіші командирлерді дайындауға арналған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ш. Уәлиханов атындағы Кадет корпусы құрылды.

1997 жылғы ақпанда офицерлік кадрларды дайындауды жетілдіру және әскери ғылымды дамыту мақсатында И.С. Конев атындағы Алматы жоғары әскери командалық училищесі Әскери академиясына айналды. 

Кейіннен Әскери академия Ұлттық қорғаныс университеті болып қайта құрылды. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде елімізде тиімді әрекет ететін әскери жоғары оқу орындарының желісі құрылды.

2000 жылы жаңа Доктринаны әзірлеп, қабылдау әскери қимылдар құралдарындағы, тәсілдері мен сипаттарындағы соңғы жылдары орын алған жедел өзгерістерді әскери құрылыс мәселелерінде қарастыру қажеттілігінен туындады. Бұдан басқа, ауыр экономикалық жағдай кезінде мемлекеттің әскери қажеттіліктерін қаржыландырудың созылмалы жетіспеушілігін жеңу, әскери реформаны экономикалық қамтамасыз етуде жаңа тәсілдерді ойлап-табу өмірлік маңызды болды. Көрсетілген сәттер жаңа Доктрина әзірлеу кезінде ескерілді. Сонымен қоса, бірқатар шет мемлекеттердің әскери құрылыстағы тәжірибесі мұқият жинақталып, қолданылды.

2000 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасындағы Әскери реформа тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжатта әскери реформаның елімізде болып жатқан түрлену үдерістерінің ажырамас бөлігі болып табылатындығы атап көрсетілген.

2001 жылы төрт әскери округ құрылды, кейін олар, Астана, Батыс, Шығыс және Оңтүстік өңірлік қолбасшылықтарына айналдырылды. Қазақстанда міндетті әскери қызмет енгізілген, 2009 жылға қарай оның мерзімі бір жылды құрайтын. Қарулы Күштердегі адам саны шамамен 70 мыңды құрайды, әскерилендірілген құрылымдар – 34 500. Республиканың Батыс өңіріндегі Каспий өңірінің стратегиялық нысандарында әскери инфрақұрылым құрылған, ол халықаралық терроризмнің, экстремизмнің енуінің, есірткі заттарының және қару-жарақтың заңсыз айналымының, әскери қақтығыстар экспансиясының шекарадан тікелей жақын жерден жүйелі түрде алдын алуды жүзеге асырады.

Қарулы Күштерге әскери басшылық жасауды күшейту үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен Штабтар бастықтары комитеті құрылды. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері келесі әскер түрлеріне бөлінді: Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-Теңіз күштері және Республикалық Ұлан.

ХХІ ғасырда жаңа қауіп-қатерлер пайда болды. Осыған байланысты 2005 жылғы 7 қаңтарда қорғаныс және Қарулы Күштер саласындағы мемлекеттік органдардың функциялары мен уәкілеттіліктерін реттеуге мүмкіндік беретін «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Заң қабылданды.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫСЫ ЖӘНЕ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы №29-3 Заңы

Осы Заң Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштерін ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды, елдiң қорғаныс қабiлетін қамтамасыз етудегі мемлекеттік органдардың функциялары мен өкiлеттіктерiн, азаматтар мен ұйымдардың қорғаныс саласындағы құқықтары мен мiндеттерін реттейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

3-бап.

Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерi:

1) басқа мемлекеттердiң егемендiгiн, мемлекеттiк шекараларының мызғымайтындығын, аумақтық тұтастығын құрметтеу және олардың ішкі iстерiне араласпау;

2) әскери саладағы сенiмділік және ашықтық шараларын нығайту;

3) халықаралық дауларды бейбiт жолмен реттеу;

4) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық мiндеттемелердi сақтау және шарттардың мақсатына қол жеткiзуге жәрдемдесу;

5) өзара тиiмдi ынтымақтастық және өзара түсінiстік негізінде барлық елдермен достық қарым-қатынасты ұстану;

6) әскери жанжалдарды болғызбауға, бейбiтшілікті қолдау мен қалпына келтiруге бағытталған жаһандық және өңірлік қауіпсiздiк жүйелерiн құруға қатысу болып табылады.

Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызмет өткеру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнама әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты айқындауда да жетілдіріліп жатыр.

2005 жылғы 8 шілдеде  Қазақстан Республикасының «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Заңына қол қойылды. 

2007 жылы Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы қабылданды. Сонымен қатар, кейінгі жылдары оның көптеген ережелері өзексіз болып қалды, себебі Қазақстандағы және оның айналасындағы жағдай түбегейлі өзгерген еді. Өңірдегі жағдайды тұрақсыздандыратын және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін жаңа факторлар пайда болды. Ел шекарасына тікелей жақын орналасқан әскери қақтығыстар ошақтары, экстремистер мен халықаралық террористердің қарулы құрылымдарының ел аумағына ену мүмкіндігі, өңірде жаңа ядролық мемлекеттердің пайда болуы – мемлекетіміздің әскери саясатының, әскери ұйымдастырылуының өзгерген заманға бейімделуі қажеттігін тудырды.

Стратегиялық, әскери-саясат ахуалы жағдайын ескере отырып, 2011 жылы Қазақстан Республикасының Президентімен төртінші Әскери доктринаға қол қойылды, ол мемлекеттің әскери саясатын түзеуге және оны елдің геосаяси ортасындағы өзгерістерге бейімделуіне мүмкіндік берді. Жаңа Әскери доктрина қорғаныстық сипатқа ие және орташа мерзімді перспективада заманауи жағдайлардағы Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

2012 жылғы 16 ақпанда  Қазақстан Республикасының  «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы қабылданды. Атқаратын қызметінің сипатына қарай шектеулер мен жауапкершіліктерді ескере отырып, әскери қызметшінің мәртебесі, оның құқытары мен міндеттері Заңмен айқындалады. Бұдан басқа, әскери қызметшіні мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа жүйесі ұсынылды.

2030 жылға дейін Қазақстан Дамуының стратегиясын және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігі стратегиясын бекітумен бірге сапалы өзгерістер орын алды. Басымды орын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың өңірлік ұйымына бөлінді (ҰҚШҰ). Оның мақсаты – ұлттық Қарулы Күштердің жалпы өзара іс-қимылдар үшін жағдайды қолдау.

НАТО-мен әскери қатынасты дамыту үшін Қазақстан «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» Негіздемелік құжатына қол қойды. Құжатта Қазақстан мен НАТО ынтымақтастығы Қарулы Күштерге бақылауды қамтамасыз ету, БҰҰ мен ЕҚЫҰ эгидасымен әскери бөлімшелерді бітімгершілік операцияларға дайындау мақсатында ынтымақтастық, ашықтық сипатта жүзеге асырылатындығы көрсетілген.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Аэроұтқыр әскерлерінің Іле полигонында «Дала қыраны - 2008» халықаралық бітімгершілік оқу-жаттығулары өткізілді.  Жаттығуларға Қазақстан армиясының, сонымен қатар Ұлыбританияның және Америка Құрама Штаттарының әскери қызметшілері қатысты. Десант түсірумен және жауынгерлік атысты қолданумен Ресей мен Қазақстанның бірлескен терроризмге қарсы «Өзара іс-қимыл-2008» тактикалық жаттығуларын өткізу үшін Қазақстан армиясының Әуе-десант әскерлері, Аэроұтқыр әскерлері, Әуе қорғаныс күштері әскерлерінің бөлімдері мен бөлімшелерінің 2000-ға жуық әскери қызметшілері тартылды.

2009 жылғы 30 тамызда Астанада еліміздің Ата Заңы мерекесіне орай «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда алғаш рет әскери парад өтті. Қазақстан әскері жылдан-жылға қуаттанып, жауынгерлік дайындығын арттырып келеді; әскери қызметті келісімшарттық негізге кезең-кезеңімен көшіру жалғастырылуда. Жауынгер-қазақстандықтардың жас ұрпағы шекараны және демократиялық құндылықтарды қорғау үшін жаңа техника мен қару-жарақты игеруде.

2015 жылғы 7 мамырда Астанада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парад өтті. Бұл парадты Қорғаныс министрлігі ел тарихындағы ең ауқымды парад  деп жариялады, өйткені оған әдеттегіден екі есе көп жеке құрам мен әскери техника бірлігі қатысты. 5 мыңнан аса әскери қызметші қатысып, 200-ден астам ардагер шақырылды.

Биыл, 7 мамырда Астанада, «Қазақ елі» алаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай әскери парад өтті. Парадқа қатысатын есептоптар – офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, мерзімді қызмет сарбаздары, әскери қызметші әйелдер, Астанаға келіп жетті. Әскери техника қалалықтар мен қала қонақтарының көңілінен шығары сөзсіз. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?