Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ер Қабанбай өмірі – қытай, орыс деректерінде

2469
Ер Қабанбай өмірі – қытай, орыс деректерінде - e-history.kz
Қабанбай батыр өз халқын сыртқы жаудың басқыншылығынан құтқарумен бірге башқұрт, қарақалпақ сияқты қазақпен бір туысқан бауырларына да жанашыр болып, оларды қанат астына алған

XVIII ғасыр Қазақ жері мен елінің тарихы тайталасқа түскен, тағдырдың сын сағатының соққан кезі. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында айтылғандай, қазақ халқы ең әуелі көрші жатқан қалың ойраттың шабуылына ұшырап «ақ табан шұбырынды» болды. Бұл  Қытайды билеп тұрған Манжу-Цин империясы күшіне мінген кезі еді. Қазақтар оларды бұрынғы атымен шүршіттер деп атайтын. Тегі жүржіт, баяғы XIII ғасырда Шығысхан олардың мемлекетін (Цзинь-Алтын патшалығын) жойып (1234), сол арқылы Қытайды бағындыруға жол ашқан болатын. Сол беті еңсесі түскен шүршіттер кейін моңғолдар қытайдан айырылып өздерінің Моңғол даласына шегініп Моңғол мемлекетін қайта орнықтырған кезде олардан жалғасты қысым көрді. Бірақ кейін келе, моңғол да, қытайлық Мин мемлекеті де әлсіреген тұста (бұл кезде моңғолдардың ең күшті жауынгер тайпасы ойраттар Жоңғарияға көшіп кеткен болатын) 1616 жылы шүршіттер өз мемлекетін қайта құрды. Құрып, жаңа мемлекетін Манжу деп атады. Бұрынғы шүршіт деген аттан баз кешті. Сол кезде Қиыр Шығыстың ұлтанды бөлігі олардың қоластына қарап тұрды. Бұл жерлер кейін келе Манжурия деп аталды. Манжулар 1644 жылы Қытайдағы шаруалар соғысы кезінде Ұлы қамалдан өтіп Пекинді басып алды. 1662 жылы тұтас Қытайды жаулап алды. Император Канси кезінде геодезологиялық зерттеулер жүргізіп, «Хуанюй цуанланту» (Императорлық үлкен сызба) атты карта жасап, сол бойынша Қытайдың батысында жатқан жерлерді игеруге, ол жерлерді Манжу-Цин империясының құзырына қаратуға әрекеттенді. Сол мақсатта алдымен Моңғолияны, Тибетті жаулады. Артынан Жоңғарияға ауыз салды. Бірақ жауынгер ойраттарды бағындыру оңайға түспеді. Екі ірі империяның аралығында бұрыннан жау екі күш енді ымыраға келуге мәжбүр болды. Ойрат моңғолдары Абылайды өздеріне одақтас ретінде тартқысы келсе, Абылай ойраттарды Ресейге қарсы күресте пайдаланбақ болды. Бірақ ойраттардың артында оларға ата-бабасынан өш Манжу империясы тұрды. Қазақ үшін нағыз қиын-қыстау кезең басталды. 

1757 жылы манжулар ойраттарды қанға бөктіре қырған соң, Қазақ хандығы Манжу-Цин империясымен бетпе-бет келді. Олармен бұрыннан өш-қасы жоқ қазақтар үшін Манжу Цин империясымен бейбіт қатынас орнатудан басқа жол жоқ еді. Өздерін «аспан астының егесі» деп есептейтін тарихтағы Қытай патшалықтары өздерімен тікелей қарым-қатынаста болған елдерді әмәнда өздеріне «тәуелді» және «сырттай тәуелді» деп екі түрге айырып келген. Император Цянь Лун қазақтар туралы «олар ел болды, біз қабыл алдық, бұл дегеніміз оларды бейне Въетнам, Тайланд елдері секілді жанамалай баурау үшін керек. Мұнымыз – оларға тек Тәңір патшалығының лебізін білдіріп қою» дейді.

1757 жылдың қазан айында алғашқы қазақ елшілері Цин патшалық ордасына жетеді. Осы алғашқы дипломатиялық миссияның құрамында Қабанбай батырдың өкілі болған. Оған дәлел: жаңадан табылған Цин патшалығы Цянь Лун патша кезіне тән мұрағат құжаты. Онда осы реткі Пекинге жеткен 7 адамның бірін «орынбасар елші Танаш, ол Қаракерей найман руының зайсаны Қабанбайдың немере інісі» деп көрсеткен [№1 құжат. 1, 18-б]. Осы тарихи құжатта Қабанбайдың өкілі Абылай мен Әбілпейіздің атынан барған бас елші Кенжеқарадан кейін тұрғанына қарағанда, Қабанбай батырдың орны сол кезде қазақ қоғамында шынымен жоғары болған дейді зерттеуші Б. Еженханұлы [1, 3-б.].

Цян Лун патшаның орда естелігінде (Цинь Гаоцзун шилу) да көрсетілген Цин патшасының 1758  жылы 3 наурыздағы бір жарлығында мынадай мәліметтер бар: «Шундене маған мынадай мазмұндағы бір мәлімдемесін жолдапты – Қазақ Дәулетбай батырлар маған: естісек Батур-Обаш шешектен өліпті. Ал Қасақшира басқаратын ел түгел махачин болып кетіпті. Тек Церен ғана Чечен Қараның жерінен Сарыбелге қашыпты. (Сарыбел (Манжу құжаттарында «Шарабел») – Б. Еженхан Абылай ханның 1760 жылы Цин патшасына жолдаған хатында елімнің оңтүстік шеті Шарабел деп көрсеткенін тілге тиек етіп, бұл жерді қазіргі Қазақ-Қырғыз шекарасындағы Қастек және Қордай асуларының төңірегі деп тұжырымдайды). Қазақ Кіші жүз ханы Нұралы  інісі екеуі қол бастап екі жолмен олардың ізіне түсіпті деді. Ол мәлімдемесінде тағы бүй деді: Қазақ Әбілпейіз маған мен қол бастап Іледегі Самынға барғанымда тұтқындардан сұрап мына жәйді білдім: Церенге қазір бір түменнен аса түтін қарағанымен, олардың көбінің ішерге асы жоқ,  аш-арық жүрген көрінеді. Әйткенмен, күні қиындаған екен деп біз оларды бей-жай қалдыра алмаймыз. Себебі, оларды түбегейлі құртпасақ, елімізге түбі тыныштық орнамайды. Оларды түп-тұқиянымен құртып жібермесек те, Жәркен, Қашқар және Қырғыз асырып жіберсек іс аяғына жетер еді. Сондықтан, біз бірлесе отырып былай деп келістік: Кіші Жүзден Ералы сұлтан бастаған бір түмен қол Шуға барса, Орта жүзден Сары Төкен  батыр Ақтау-Үктаудан аттанып Кербұлаққа барып, Қабанбаймен қосылып, одан ары Церенді қуалап, көктемде қар кете қайта оралатын болды. Артынан біз улеттердің қай жерге барып тиянақтағанын сіздерге, ұлы армияға, айтармыз деді» [2, 17-19] делінеді. Бұл деректен Қазақ ордасының жоңғар қалмақтарының қалдық күшін ел шетінен ысыра қуып шығу үшін Ералы сұлтан, Сары Төкен және Қабанбай батырлардың Қазақ даласының оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс шебіне жібергені, олардың басты мақсаты Церен, Қасақшира және Батур-Обаши бастаған жоңғарларды Тәңіртаудың арғы бетіне Қашқар, Жәркенге қарай асыра қуу болған. Деректен осы операцияның бел-ортасында Қабанбайдың жүргенін, тіпті оның осы мақсатта Жетісуға күні бұрын жеткенін байқауға болады.

Осы деректің шынайылығын Цин орда құжаттарындағы мынадай дерек нақтылай түседі. 1758 жылы наурыз айының соңында қалмақтарды қуа соққылап Ертіс бойын шарлап бара жатқан Цин ұлықтары Хошоци мен Таңкалуга жол-жөнекей Қаламбай деген қазақты кездестіріп, одан Қабанбайдың 3 мың әскер бастап Сарыбел жеріне барып, Батыр-Обашы мен Қасақсиранды тонағалы кеткенін естиді [3, 60]. Бұдан соң Қабанбайдың қазіргі Боратала өңіріндегі Буке Шаханмен соғысқаны туралы дерек кездеседі. Онда былай делінеді: «Әскери құпиялық амбандарына: Хэцуйши, Тагғырулардың мәлімдеуінше, Қазақ (ханы) Абылай өзінің Бораталаға шеру тартып, Шырын, Буке Шахандармен соғысқанын, Төгіс Қашқа бастаған жүз шақты түтінді қолға түсіргенін, қазақ жасақтарынан да бірталай шығын болғанын елші арқылы хабарлапты. Шырындардың мыңдай түтінінің қайда кеткені белгісіз көрінеді... Абылай ақпанда аттандырған қолының наурыздың орта тұсында Қоңырөлеңге ат басын тірейтіндігін айтып жолдама жіберді. Бұл хабар Чжао Хуэйларға да айтылсын» [4,46]. Бұл жолғы қосынға Қабанбайдың бас болғанын Цян Лунның 23-інші жылы 9-ыншы айдың 23-і күні (жаңаша 1758 жылдың 24 қазаны) қатталған төмендегі дерек растайды. Онда: «Бұдан алдын қазақ батыры Қабанбайдың жіберген өз баласы Едіге Буке Шаханның ұлын айдап әкелді. Олар осы келісінде сауда малын айдап ала келген болса олармен лайығында сауда жасасайық. Қазақтарға жіберілген (елші) Науандар Абылаймен жүздескеннен кейін, қазақтардан саудаға келетіндердің көп екені белгілі болса дереу мәлімдейміз деген сөздер жазыпты» делінеді. Демек, бұл арада Буке Шаханды Қабанбайдың ұстағаны және оның ұлын кепіл үшін өз ұлы Едігеден айдатып жібергені мәлім. Өйткені Буке Шахан ойраттар жойылғаннан кейінгі кезде әлі де болса Циннің Жоңғариядағы үстемдігіне қауіп төндіруші күш есептелетін.  Демек, Қабанбай батыр Сарыбелден 1758 жылдың көктемінде «қар кете» қайтып, сол беті қол бастап Жоңғарлардың Боратала өңіріндегі Буке Шахан, Шырын, Төгіс Қашқа бастаған қосындарымен соғысып, олардың біраз елін бағындыға алып, Буке Шаханның ұлын айғақ әрі кепіл ретінде Цин ордасына жөнелткен. Осы соғыстан кейін Цин патшалығының қазақтармен сауда жасасуға ниетті болғаны байқалады. Демек, Қазақ-Цин мемлекеттері арасындағы қарым-қатынас осы кезден бастап бейбіт, тату көршілік сипат алған. Цин мұрағатынан табылған келесі бір құжатта (Цян Лунның 23-інші жылы 1-інші ай, жаңаша 1758 жылдың басы) Қабанбай батырдың сол кезде найманның қаракерей руының бір неше мың түтінін басқаратыны туралы жазады (Қаракерей байжігіт найманның он мың отбасы Қабанбай батыр мен Дәулетбай батырдың (?) билігінде [1, 24-б.]).

Осы кезден бастап қазақтар Цин үкіметімен тату тұрып, олармен арадағы сыйластықтан пайдаланып сонау ойрат басқыншылығы кезінде (XV ғасыр) қолдан кеткен Іле, Алтай, Тарбағатай өлкесіне біртіндеп қоныс  аударуды ойлайды. Ол өлкелерге қайтып барып қоныстану және ол жерлерді түбегейлі қайтару туралы қазақтар сонау 1757 жылы Цин патшалығына өтініш білдіреді. Сол кезге тән Цин патшалығының дерегінде (Цянлунның 22-інші жылы 10-ыншы айдың 22-сі күні, жаңаша 1758 жылдың 16 қарашасы): «Елшілеріңіз ежелгі қонысымыз еді деп сұраған Тарбағатайға келсек, ол жер енді ғана тынышталды. Қазірше иен жатыр. Ол жерлерді былайда берер едім, бірақ сіздер бізбен енді ғана байланысып, еңбек көрсетуге үлгірмедіңіздер. Мұндай жағдайда оны сыйға беру мемлекетіміздің тәртібіне үйлеспейді. Тіпті, оған өздеріңіз де іштей қынжыласыздар. Ал егер қашқын Әмірсананы ұстап берер болсаңыздар, оны сыйға беруге әбден болады» [4, 36-37-бб.] делінеді. Бірақ Абылай Әмірсананы ұстап бермейді. Оны Ресейге қашып кетті деп мәлімет береді. Цин архивтерінде бұл сөзге тым сенбестік танытқан сөз-сөйлемдер кездеспейді. Соған қарағанда, манжу билеушілері Абылайдың берген жауабына сенген секілді.

Бұдан соң 1760 жылы Әбілмәмбет пен Абылайдың екі мәрте жіберген елшілігі кезінде (Құттыбай мен Аталайдың елшілігі) де, Орыс сұлтан бастаған елшілікте де қазақтар Цин императоры Цянь Лунға: «Іле жері қазақтардың қонысы болса» деп талап қояды [2, 548 ц.].  Бірақ бұл жолы да  император жартымды жауап бермейді. Цин патшалығынан (Ежен ханнан) күдер үзген қазақтар, енді шығыстағы жерлерге өз беттерімен жаппай қоныс аударуды бастады. Бұл ретте олар Цин патшалығының әскери сесінен қорыққан жоқ. Осы көштің алдында Қабанбай, Көкжал Барақ батырлар  батырлар жүрді. Көкжал Барақ батырдың Ертістің жоғарғы жағындағы ұраңқайлармен соғысы Цин империясын түршіктіргені сонша, император оны ұстап беру туралы Абылайға ултиматум қояды. 

«Әбілмәмбет, Абылай, Әбілпейіз, Қабанбай секілді ел ағаларына: былтыр сіздердің елден кейбір адамдар ұраңқайлардың жылқы және басқа малдарыны барымталап кеткеннен кейін, генерал, амбандарымыз аттаныс жасап оларды ұстамақ болған еді, арамызда қарым-қатынасы жасап тұрғанымызға біраз уақыт болып қалғандықтан, сол істің шын-өтірігіне көз жеткізуді ойладым. Оның үстіне, сіздерден келген керуеншілердің мәлімдеуінше, ұраңқайларды талауға салған сіздердің елдегі Барақ батыр екен... Егер Барақ батырды ұстап берсеңіздер, адалдықтарыңызды тіпті де әйгілеген болар едіңіздер». Бірақ Цин армиясы Абылай көпке дейін үндемеген соң, Моңғолия бағытынан әскер аттандырмақ болады. Осы кезде барып Абылай кешірім сұрап хат жазады. Император көктің ұлымын деп кешірім береді [4, 62]. Бірақ жер дауы мұнымен тоқтаған жоқ. Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек батырлар елді байырғы мекендеріне қарай көшіреді. Ол кезде Алтайды иелеп жатқан жеті тайпа ұраңқай мен дөрбіттердің, Тарбағатай жағына жаңадан келіп орныға бастаған торғауыттардың күші мығым еді [6, 249]. Өр Алтай мен Тарбағатайға 1767 жылдан басталған көш ең әуелі Цин ұлықтары мен қарауылдарының тосқындығына ұшырады.

Тағы бір құжатта былай делінген: «Елшілеріңіз Іледен қоныс беріп жарылқасын дегенді айтады. Тарбағатай бұрыннан Жоңғарға тән қоныстар әрі қосынымыз тыныштандырған жер... Қазақтың жері аса кең. Жүйеге жүгінер болсаңыздар, сол бұрынғы шекараларыңызды сақтағандарыңыз жөн. Қоныс кеңейту ойында болмаңыздар... Абылай, сіздің Тарбағатайдан қоныс сұраған өтінішіңізді де мақұлдамаған едім. Солай бола тұра, енді мына басаламандыққа қалай барып отырсыздар?! Жоңғарлардың танауынан құрты түсіп тұрғанда шегімізге маңайлай алмаушы едіңдер. Біз Ілені тыныштандырғаннан кейін ғана бейбіт тұрмысқа  қолдарыңыз жеткендей болды. Бұған да шүкірлік етпейсіздер ме!» [4, 60-б.].

Осылай деу арқылы император қазақтардың шығыстағы атамекендеріне өз беттерімен көшіп барып жатқанына қатаң наразылық білдіреді. Бірақ, тарихи фактілер қазақтардың қытай қарауылдарының тосқындығына қарамай байырғы мекендеріне тоқтаусыз көшіп, жағалай қоныстанғанын көрсетеді. Бұл үрдіс ХVIII ғасырдың соңына дейін жалғасты. Ақыр аяғында  Цин үкіметі онда көшіп барған қазақтарды өз бұқарасы ретінде қабылдауға мәжбүр болды.

Қабанбай батыр өз халқын сыртқы жаудың басқыншылығынан құтқарумен бірге башқұрт, қарақалпақ сияқты қазақпен бір туысқан бауырларына да жанашыр болып, оларды қанат астына алған. 1751 жылы Барақ сұлтанның үлкен ұлы Ханбабамен бірге оңтүстікке жасаған жорығында жиырма мың адамдық үлкен қолға бас болған Қабанбай Сыр бойын, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғардан тазартып, Тәшкентте Төле бидің билікке келуін көмектескен. Шыршық өңірінде Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалған. Артынан Ресейге қарсы Башқұрт көтерілісін ұйымдастырушы Қарасақалдың қазақ даласынан, оның ішінде наймандарға келіп пана табуына байланысты, Қаракерей Қабанбайдың есімі орыс деректерінде ұшыраса бастайды. Қазақ билеушілерінің кейбірі Қарасақалды Ресейге, енді бірі Жоңғар хандығына ұстап беруге тырысады. Бірақ олардың барлығы оны Қабанбайдың соңында тұрған қалың найманнан тартып алуға әрекеттенбеді. Ресей деректері де оны Қабанбайдың қорғаштап отырғанын жазады [5, 568-б.].

Қытай деректерінің кей жерлерінде Қабанбаймен қатарлас Қожаберген жыраудың да аты аталады. Қазақ мемлекетінің ірі саяси қайраткері ретінде ол Цин патшалығына баратын дипломатиялық миссияның жағдайын ақылдасуға, оларды жіберуге қатысып отырған. «Бұрын біздің Чжао Хуэй есімді генералымыз сіздердің Абылай, Ханбаба, Қабанбай, Қожаберген және Дәулетбай қатарлы адамдарыңызбен ақылдасқаннан кейін барып, Үрімжіде сауда базарын ашу жөнінде патшамызға мәлімдеме жазған еді» [1, 41-б.] делінеді деректе (1759 ж.). Демек, Қабанбай батыр да Қазақ хандығының аса ірі саяси қайраткері, батыры Қожаберген жырау секілді тек қару алып ел шетінде жүрмей, мемлекет ісіне де араласып отырған. Бұған оның қарақалпақтар атынан Пекинге жолданған бір хатқа өз мөрін басқаны дәлел болады. Бұл мөрдің қағазға басылған көшірмесі жақында Пекиндегі Қытайдың бірінші тарихи мұрағатындағы «Әскери басқармаға жолданған ұлықтардың мәнжу тіліндегі мәлімдемелерінің көшірмесі» атты Цин патшалығының мұрағат құжаттары қорынан, ондағы құжаттардың микрофильмдері арасынан  сақталу нөмірі 1736-03 және микрофильм бойынша 051-001761 нөмірлі «шағатай» жазба тілінде хатталған тарихи құжаттан алынды [7, 11-б.].

Қожаберген жыраудың:

Қолбасшы батыр болмасам,

Көбелі сауыт кимеймін.

Ту ұстайтын болмасам,

Арабы ақбоз мінбеймін.

Талапты жігіт болмасам,

Ұрандап жауға тимеймін.

Қару-жарақ соқпасам,

Зергер де болып жүрмеймін.

Майданда жауды жеңбесем,

Қызықты дәурен сүрмеймін.

Дулығамның төбесі,

Буылмаса маржанмен,

Басыма оны кимеймін! –

деп апайтөстенгені секілді Қабанбай батыр да Жоңғарға қарсы күресте бірде елінің ол шетінен, бірде бұл шетінен шығып, ел іргесін кеңейтіп, батырлықты ту еткен айтулы тұлға. Оның бір басының қадір-қасиетін, қазақ үшін қаншалықты керек екенін Бұхарекең (Бұхар жырау) бастаған өз замандастары да айтып кетті. Қабанбай батыр науқастанып жатқанда оған келіп көңілін сұраған Сарышуаш жырау да:

Уа, Қабанбай, көзелім,

Ескіден қалған көз едің.

Бұл науқастан сауықсаң,

Еркелігін кешірген,

Ақ сүтін беріп өсірген,

Қуанатын өз елің.

Бұл науқастан оңалмай,

Бақиға қарай бет бұрсаң,

Жау тиді десе жата алмай,

О шетіне бір шыққан,

Бұ шетіне бір шыққан,

Көкіректі кек кернеп,

Көз жасыңды мың сыққан,

Жылайтын тағы өз елің! – [8, 235-236-бб.]

деп толғайды. Бұл оның нағыз еліне қамал, қорған болған ер екенін дәлелдейді.

Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Әдебиеттер:

1. Еженханұлы Б. Қабанбай батырға қатысты жаңадан табылған сегіз манжу құжаты. – Алматы, 2012. 91-б.

2. Цин Гаоцзун шилу清高宗实录(影印本), Пекин, Чунхуа Шуцзуй баспасы. 1986, 555-ц.

3. Еженханұлы Б. Қазақ хандығы мен Цин патшадығы арасындағы саяси-дипломатиялық қатынастар туралы қытай мұрағат құжаттары, І том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2009. 460 б.

4. Мұқан Қ., Қайыржан К. ауд., құраст. Цин әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер(清实录哈萨克史料). – Куйтун: Іле халық баспасы. 2009. 171 б.

5. Сыдықов М.Қ. Тоғыз таңбалы найман – Қаракерей шежіресі. І том. – Павлодар, 2009. 659 б.

6. Алтай аймағының тарихи материалдары– 阿勒泰文史资料 (Қытай халық саяси мәслихат кеңесі Іле Қазақ автономиялы облыстық комитетінің Алтай аймақтық қызмет комитеті құрастырған). І том. – Алтай, 2006. 400-б.

7. «Дала мен қала» газеті, 2013, 7 қаңтар, № 1(482) сан. 11-б.

8. Әбдірахман К. Хан батыр — Қаракерей Қабанбай. – Астана, 2005. 236-б.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?