Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Бандыны қуған Хамит» – Тәңкібаев емес, Тоқин

2985
«Бандыны қуған Хамит» – Тәңкібаев емес, Тоқин - e-history.kz
6 сәуір күні Аbai.kz сайтында «Бандыны қуған Хамиттың қыздарымен күтпеген кездесу» деген материал жарық көрді. Авторы Т. Кенжебаев азамат А. Өтебайдың аузынан естіген әңгімені тарқатып жазады

Осы мақалада діттеген жерге жету үшін жол үстінде жолыққан әр түрлі адамдардың сапар барысында өткен-кеткен тарихты қозғай отыратыны немесе өз өмірлерінің бастан кешірген бір оқиғасын баяндайтыны көпке белгілі жайт. Сондай бір сапарда әңгіме айтушы адам аяқ астынан «Бандыны қуған Хамиттың» екі қызымен кездесіп қалады. Қорлан және Қарлығаш есімді қыздардың айтуларынша, әкелері Хамит Тәңкібаевтың атақты С. Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» әңгімесі кейіпкерінің прототипі екен. Алайда Сәкен және оның заманын, шығармашылығын жақсы білетін қауым бұл өтірікпен келіспейді.

Қыздардың: «...Әкеміз – Тәңкібаев Хамит Орал облысы Орда ауданының тұрғыны, соғыс ардагері. Сол Құдыре бандының басын кесіп әкелген Хамит – біздің әкеміз» деген әңгімесі басталмай жатып жалған екені анықталды. Соғыс ардагері деген анықтауышының өзі дұрыс айқындалмаған, туған жылын айтпаған соң қай ғасырдағы соғыс екенін білу оқырманға түсініксіз қалпында қалды. «Құдыре банданың басын кесіп әкелген әкенің ерлігін» ең құрығанда бір фактімен дәлелдей сөйлесе, бәлкім, сеніп қалар ма едік?! «Орал облысында туғанын» ескермейік, «оны кім біліп жатыр, айта берейік те» деген бөле тарту бұл жерге жүрмейді. Себебі бұл тарихи оқиғалар, оған қатысы бар тұлғалардың тағдыры жатыр. Хамит болуға ұмтылудың, прототипке таласудың еш мәні жоқ. Бұл – бір.

Екіншіден, екі қыздың нақты деректерді сөйлеткен кейінгі сөзі өтімді шықты. «1940 жылы әскерге алынып, Мәскеуден Берлинге дейінгі шайқасқа қатысып, 1945 жылы елге оралды» дегенінен әкелері Хамит Қарақойшыұлы арғы кезеңнің соғыстарына қатысы жоқ, совет-герман соғысының, кеңейтіңкіреп айтқанда Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері болып шыққаны ма?! Ал С. Сейфуллин жазған оқиға қай жылдары болған? 1921 жылдың басталатынын біз түгілі мектеп оқушысы жаттап алған. 1940 жылдары әскерге жараған жігіт 1921 жылдары өмірге әлі келмеген, келген болса, аяғын апыл-тапыл енді басып жүрген сәби әлі. Олай болса, Тәңкібаевтың жай Хамит болмай, «Бандыны қуған Хамит» болуының екінші шансынан айырылып қалды.

Тәңкібаев Хамит есімді соғыс ардагері 1976 жылдарға дейін өмір сүргенін қыздары айтып отыр, оған дейін «1951 жылдардан бастап Фурманов ауданындағы «Паспорт столында», содан соң 1963 жылға дейін бөлімшелік милиция қызметкері болып еңбек етіп, денсаулығына байланысты зейнетке шықты» дейді. Бұл енді «Бандыны қуған Хамиттың» кезеңінен мүлде алшақтап кетті. Үшінші шанс та мазмұнын жоғалтты.

Қыздары: «Көзі тірісінде әкемізге «Осы болған жайды баспасөз немесе теледидар арқылы елге жеткізсек, кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбиелік мәні бар дүние емес пе?» дегенімізде «Соның қажеті не? Естуімше, Құдіреден ұрпақ қалыпты... Сендерге ертең зияны тиіп жүре ме?» деп құп көрмеді. Сосын бұл әңгімені жылы жауып қойғанбыз» деп бір көсіледі. Совет үкіметінің айтқаны заң болып, құдіреті жүріп, ту десе түкірігі жерге түспей тұрған кезеңде Хамит секілді революция үшін қызыл қанын ағызған, жанын аямаған адам неге тасада қалады? Олар бұл елді бақытқа бастаған адамдар болғандықтан, олар туралы кітаптар жазылып, кино түсірілуі тиіс емес пе? Өмірлері қандай қиындықпен өткенін ел-жұртқа көрсетіп, үгіт-насихаттың сансыз мекемелері тек осымен айналыспайтын ба еді сол жүйеде? Бұл да көңілге күдік туғызатын нәрсе. Шанстың төртіншісі де осымен сетінеп кетті-ау.

Ары қарай. Әкесінің рұқсат етпеуінен, әлде қарапайымдылығынан «бандыны қуғаны» көзінің тірісінде айтылмай қалған секілді. Оған не себеп дегенде жауап ретінде «...Кейін білдік, «Әкемді өлтірген адам осында тұрады екен» деп бір кісі ауылға келіпті. Көз көргендер «Айтса айтқандай өзі де Құдыреге тартқан алпамсадай дәу екен» деуші еді...» деулері адамның күлкісін келтіреді. Біле білсеңіз, сол қызыл батырлардың қолдан жасалған абырой-беделдерінен гөрі даланың көкжал бөрісіндей бөлек жортқан Құдірелердің (бұл өзі Кейкі, Құныскерей, Құндақбай секілді дала батырларының жиынтық бейнесі) жеңілісі жан сүйсінтеді. Бұл бесінші мүмкіндік пе еді?!

Алтыншысын айтайық, қазір тарихқа деген талғам өзгерді. Кешегі батыр дегендеріміз сатқын, банды дегендеріміз батырлар болып қайта жаңғыруда. Жалғандығы басым, қолдан қашап жасалған тарих ендігі жерде біреуді қолжаулығына айналмай, таза, әділ әрі анық жазылуды талап етеді. Осыған байланысты қазіргі кезеңде «Бандыны қуған Хамит» әңгімесін оқытудың қажеті бар-жоқтығы сараланады. Ал Хамит Тәңкібаевтың қыздары болса, «Ендігі арманымыз – әкеміздің ерлік істерін, қиын-қыстау кезеңдегі қазақ батырларының қилы тағдырын кейінгі ұрпақ танып-білсе, сол арқылы ерлікке, өрлікке тәрбиеленсе деген ой... үміт» деген аңсар-армандарын айтып жатыр. Әкесін жақсы көретін бұл кісілерде жазық жоқ-ау, алайда ұлтының даму прогресін тоқтатқан, ең басты капиталымыз – халқымыздың санын қасақана құртқан үкіметті құрған адамдардың қателескенін уақыт өзі көрсетті.

Қос қыздан естігенін әңгімелеп отырған Аманбай Өтебай осы жерден баяндауын тоқтатады. Тыңдаушы Т. Кенжебаев  бұл әңгімені жаңғыртып, мұны жерге қалдырмай, «Қазақстан» ұлттық арнасының «Айтуға оңай» бағдарламасына шығару идеясын ұсынады. Және осы сөзіне «Иә, іздеуші табылып, ақпарат құралдары арқылы насихатталып жатса, тәлім-тәрбиелік мәні бар дүние болар еді!» деген Әбекесінің сөзін қоса қыстырады. Әбекесі – мәдениет қайраткері, бірнеше әндері Қазақ радиосының «Алтын қорына» енген танымал сазгер Аманбай Өтебай екенін жазба соңына таман білдік.

Материалды айтушы екі қыз – Қорлан мен Қарлығаш, ортадағы дәнекер А. Өтебай және жеткізуші Т. Кенжебаев – осылардың барлығы ескермеген бір нәрсе: «Бандыны қуған Хамиттың» прототипі кім екендігіне бас қатырмау! Тақырыбымыз айшықтаған «Хамит – Тәңкібаев емес, Тоқин» деген әңгіме осы жерден келіп шығады.

Ал Тоқин кім?

«Бандыны қуған Хамиттің» өмірде болғаны жайлы ел ауызында әр түрлі әңгімелер айтылады. Алайда ешкім бір тоқтамға келген емес. Бірі бұл Сәкен Сейфуллиннің өзі десе, енді біреулері мұндай адамның болғанына күмәнді. Көркем шығарма болғандықтан, жазушының ой-қиялы да қосылып жазылуы әбден мүмкін.

Хамит Тоқиннің өмірі мен қызметі жайлы нақты деректерді көрнекті жазушы, этнограф А. Сейдімбектің «Шоңманұлы Тоқа» атты мақаласынан және жергілікті жазушы А. Жұмаділдиннің шығармалар жинағынан кездестірдік (Жұмаділдин А. Шығармалары. – Астана: Фолиант, 2012).

Қазақтың күй өнерін зерттеген өнертанушы Ақселеу ағамыздың Сайдалы Сары Тоқа күйлерінің шығу тарихынан сөз қозғайтын дәлелдері тастай мақаласында Сәкен Сейфуллин мен Тоқа ел-жұртының аралас-құраластығы туралы тәптіштеп жазылған. «Сейфуллин Сәкеннің Тоқа күйлеріне айрықша ден қоюында бірнеше себеп бар, – деп жазады А. Сейдімбек. – Алдымен, Сәкен бала кезінен Тоқа күйлерін құлағына сіңіріп, барша қасиетін терең танып өскен Тоқаның қыстауы мен Сәкеннің туған жұрты Қарашіліктің арасы қой өрісіндей ғана жақын. Екіншіден, Сәкен мен Тоқа аулының арасы қашаннан қыз алысып, қыз берісіп, жекжат-жұрағат болып кеткен. Мәселен, Тоқаның Жалмағанбетінен туатын Хамит деген немересі Сәкен Сейфуллиннің жиені болған. Хамит Жаңаарқа жерінде Совет өкіметін орнатысуға белсене араласқан».

Хамит Тоқин Сәкен Сейфуллинге қалай туысады дейсіздер ғой. Сұңқар Сәкеннің өзі қалдырған деректері бойынша, Хамит – ақынның немере әпкесі Хабибаның ұлы. Сәкеннің өз атасы Оспанның туған ағасы Мұстафа деген кісі, оның қызы Хабиба Сәкенге немерелес болып шығады. Сондықтан өз жиенін өзгеден артық білетін Сәкен Сейфуллин ғана.

Марқұм Ақселеу аға айтқан деректі жаңғыртайық. «Тоқаның қыстауы мен Сәкеннің туған жұрты Қарашіліктің арасы қой өрісіндей ғана жақын» деді ғой, ал Рымжан Мәжитқызы Сейфуллина «Қарашілікте Сейфекең ауылы атанып 9 отбасы  қыстайтын. Сол ауыл тайлы-таяғы қалмай түгелдей көшіп келіп бүкіл  жаз бойы  үй салып, күздік  соярда үйлерін бітіріп  кіріп алды. Ай жарымнан артық уақыт егін алуға кетті. Бұл ауыл алғашқы жылдары Сейфекеңнің жаңа қыстауы аталып жүрді де, кейін 1937 жылы əкемізді ұстап əкеткен соң Тоғыз  үй атанды» деп жазады. Осы аталған тоғыз үйдің біреуі Хамит Тоқинға тиесілі: Хамиттың Уәйіс атты туған інісі екеуінің үйі. «Бұл кісілер Арқаның атақты күйшісі Сайдалы Сары Тоқаның немерелері Сары Тоқадан – Əбу, Əбуден – Хамит, Уəйіс» деген деректі те келтіреді Р. Сейфуллина («Халық кеңесі» №130 (746) жұма, 9 қыркүйек, 1994 жыл). Еншілері бөлінбеген ағайындылар осылай бір ауыл құрап бірге отырған. «Өз жиенін өзгеден артық білетін Сәкен Сейфуллин ғана» деп отырған сөзіміздің дәлелі осы.  

Сәкен Сейфуллин шығармаларының ішінде Хамит есімі жиі кездеседі.  «Қызыл сұңқарлар» атты пьесасында Сәкеннің өзі мен Абдолла есімді кейіпкердің диалогында Хамит есімі айтылады. Онда жас жігіттің күзетші болғаны, оның Тоқа бидің немересі екендігі, қызметке енді келгені жайлы, аталған шығарманың басқа бөлімдерінде Сәкенді қорғап қалатын эпизодында да көрінеді. «Сəкен өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарында əңгімелейді. 1918 жылы Ақмоладан Омбыға айдалғанда жиенінің  өзіне конвой болғанын жазып қалдырған», – деген өнертанушы Ерлан Төлеутайдың сөзі – біздің айтып отырған әңгімеміздің айғағы.

Енді Асан Жұмаділдиннің «Фолиант» баспасынан «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Шығармаларының» бірінші томында революция қарсаңындағы жас жігіт Хамиттің әрекеттері туралы құнды деректер кездеседі. Осындай тұлға өмірі туралы жазба мәтіндер арасындағы азды-көпті деректерді жинай келе Хамит Тоқиннің өмірбаянын былайша жасауға болады.

Хамит Тоқин 1896 жылы туған. Ақмоланың қасындағы Күйгенжарда «Сельский училищеде» оқыған. Оқып жүріп 1916 жылы əскерге аттанады. Алғашында конвойда қызмет еткен ол 1919 жылы ақтар жағынан қызылдарға өтеді. Киевті Юденичтің армиясынан тазарту жұмыстарына қатысады. Ол уақытта Хамит Тоқин полк командирі болатын. Ұлтының қазақ болғанына қарамастан, полк командиріне дейін көтерілген мұндай адам санаулы-ақ. Арнайы зерттеуді қажет етеді. Украинада көп соғысты басынан кешіріп, 1921 жылы Ақмолаға келіп, Ақмола облыстық кездік соғыс комисссариятының бастығының орынбасары болады. Кейін Көкшетау уездік əскери комисссариаты жіберіледі. 1924 жылы САГУ-дің заң факультетін тәмамдайды. Өмірінің соңына дейін осы саланың жауапты мекемелерінде қызмет істейді. Хамит Тоқин 1946 жылы өмірден өтті.

«Бандыны қуған Хамит» әңгімесінің желісі бойынша 1979 жылы Абдолла Қарсақбаевтың режиссерлігімен «Даладағы қуғын» көркем фильмі түсірілді. Азаттық идеясын астарлап жеткізген кинотуындыда большевиктер қалыптастырған қызыл жүйе жанамалап сыналады. Құдіре бандасының дала батырларындай кейіпте сомдалып, оның өршіл тұлғасы жақсы әсер қалдырады. Ал Хамит өз заманының басты қаһарманы бола тұра жеке жортқан көкжал тұлғаларға шамасы жетпейтін, алдап-арбау арқылы әрең дегенде қолға түсірген және аяусыздық жасай алатын қуыршақ бейне ретінде ел есінде сақталады.

Ал Құдіре бандасы мен большевик Хамит арасындағы тартыс қалай болды, қай жерде өтті деген мәселеге келер болсақ, ол өзі бөлек әңгіменің жүгі.

Фотосуреттер voxpopuli.kz сайтынан алынды. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?