Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жалаң қолмен қасқыр алған ана

3081
Жалаң қолмен қасқыр алған ана - e-history.kz
Зейнет жасына жеткен өлкетанушы Пионер Мұхтасыровтың «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» атты деректі танымдық кітабында Қошағаш қазақтарының басынан кешірген тағдырлы тарих әсерлі баяндалады

Ұлт тарихының әр кезеңдерін қамтитын жазбалардың соңында автор өз ата-анасы туралы жылы естеліктер қалдырады. Соның бірі – анасы Кәмәлия Әсейінқызының жалаң қолмен қасқыр ұстағаны туралы хикая.

Күндіз кешке шейін қи тасыған, Маңғасқаны жоқтап сілем қатқанша жылаған мен кешке ерте жатып ұйықтап қалыппын. Он бірге толған жігіт болсам да, апамның қойнында жатам, омырауын емем, омырауда сүт бар ма, жоқ па білмеймін, әйтеуір ембесем бір нәрсе жетпей тұрады. Кенжесі болғандықтан ба, мені шамасы келгенше еркелетті.

Мен де шешемді өте жақсы көрдім. Түнімен қой күзетіп, таң ата тоңсирақ болып қойныма кіргенде, жалаңаш етіммен аяғын жылытатұғым. Ес білгеннен ол дүниелік болғанша, шамам келгенше еркелеттім.

Түнде қой үрікті деп апам тұрғанда ояндым. Тас үйдің артқы қанаты қойдың қорасының бір қанаты есепті, малдың әрбір қимылы естіліп тұрады. Қой үркіп дүр еткені естілмей қоймайды, түнде дүр еткені қауіпті екені белгілі.

Апам көйлекшең тұра жүгірді. Қораға барса, қойдың ішінде бір қасқыр жүреді. Қойлар үркіп бір бұрышқа тығылған. Қасқыр кісіні көре салып, қорадан қарғып шықпақшы болып, алдыңғы екі аяғын өрге көтеріп, қораның қабырғасына жармасады. Қораның қабырғасы биік, бүгін ғана жаңа ойған қимен биіктетіп жиылған. Сол күні ай сүттей жарық болатын. Қасқыр қораға жармасып шықпақшы болып жүргенде, апам қасқырдың артынан келіп, екі құлағынан шап береді. Ондағы ойы – екі құлақтан ұстап, тұмсығын қанаттағы тасқа ұрып өлтірмекші. Бірақ қасқыр үлкен, апам қолын қасқырдың екі құлағына жеткізе алмай, қасқырмен алысып, екеуі қораны жағалап отырып есікке келеді. Қой шыға алмайтындай етіп көлденең тасталған сырғауылдың арасынан, кеудесі қорадан шығып қойған қасқырдың артқы сирағынан апам ұстап алады.

«Қасқыр ұстап алдым, қару әкеліңдер» деген дауыс шыққанда Октябрь ағамыздың қолына матқапыда балта түспей, күл шығарып жүрген, солдаттардың окоп қазуға арналған төрт бұрыш күрегі түседі. Октябрь ағамыз барса, қасқыр ұзынынан қораның есігінде жатады. Белден күрекпен бір салғанда, жаралы қасқыр қайта бұрылып сирақты ұстап тұрған апамның қолын қауып алады. Қолы жаралы болған апам қасқырды қоя береді. Қасқыр біраз жерге барып өліпті.

Түн ішінде қасқыр ұстадым деген дауысты естіген ауылдастар жиналды. Айтып сөз жетпейтіндей үрейіміз ұшып қорықтық, жыладық. Маңғасқама жылаған күндізгі жылауым сол күні түнде мына жылауға ұласты. Қасқырмен алысып апам жаралы болған сәтте, Көкен көзге көрінсе, ағаларым оны өлтірер ме еді, кім біледі. Заставаға кісі жіберіп едік, дәрігер келді. Халық емін біледі-ау деген адамдар жиналды. Зүрә атты үлкен бәйбіше сандығының түбінен қасқырдың тісін әкелді. Ақсақалы Захари қасқыр, түлкі, қарсақ сияқты азулы аңдарды ататын аңшы болыпты.

Өмірден алған тәжірибесі бар, ауылдан шыққан тақуалар көрген-білгендерін елінің пайдасына жаратып отырғандығы көз алдымыздан өтті. Бұлданбай, сәтті күні қолдан келген жақсылығын жеткізуге даяр тұратындығын, көпті көрген көнелердің баға жетпес жақсылығын сол күні көрдік.

Үлкенді сыйлау, қадірлеу деген бос сөз емес екендігін бастан кешірдік. Сандықтың ішінде қанша жыл жатқан тіс екенін кім біледі, әйтеуір себебі тиді. Тісті табаданға салып, отқа қыздырып алып, балғамен ұсақтап, қолдың жараланған жеріне салды. «Қасқырдың тісінің уыты денеге жайылмау үшін өзінің тісімен қайтардым», – деді көпті көрген Зүрә шешей.

Қасқырдың тісі тегі қантамырға тимесе керек. Қолдың еті жалбырап тұрса да қан ағу бәсеңдеп, жол жүруге жарайды десіп, таң ата солдаттар шанамен бір жүз елу шақырымдағы аудан орталығы Қошағашқа ауруханаға алып кетті. Жан басқа, шуылдап жылағаннан басқа қолдан келер жоқ, әкесіз жетімдікке көндігіп қалғанда, енді шешесіз жетімдікті көруге Алла жаздың ба деп, еңсеміз түсіп, жүйе-жүйеміз босап, егіліп жылай бердік. Өсіп келе жатқан бойымыз шөгіп, бірақ күнде кішірейіп қалдық. Бойда жан бар демесе, құр сүлдері сүмірейісіп, жаутаңдап қала бердік. Қызыл өңеш тігуге келмейді, жылай жүріп, бір қора қойға ие болып, Аллаға күндіз-түні жалынып Қалғұтыда шешемізді тосып жаттық. Құдай тілегімізді беріп, шешеміздің жарасы жазылып, бір жарым ай дегенде аман-есен үйге келді...

Ит атылғанын білгендей, қасқырдың сол күні қораға түсуінің қисыны келе кетуіне таң қаласың, Алланың жазуы солай болған дегенге еріксіз иланасың. Апамның қасқыр алмас бұрын өзін-өзі ұстаған қайраты да таңғаларлық. Жетім балалар, жесір әйел жан сақтап отырған, малымыздың күзетшісі итімізді жазықсыз неге атасың деп ер жеткен балаларын Көкенге айдап салып, итше талатса, арты не болар еді?!

Үстінде киім де жоқ, жейдешең қасқырдың құлағына жармасып жүрген шешемізді, қасқыр жарып тастаса не болмақ еді? Өзіне тиіспеген қасқырды қуып жүріп, сирағынан ұстаған шешемізді періштесі қағып, аман қалды...

Батырлығын заң бағалады, уақытында емдеп жарасын жазды. «Жалаңаш қолмен қасқыр ұстаған ана» деп газетке жазды. Жұмысқа жараған жасымнан шешем қайтыс болғанша өзімнің қолымда болды. Кенже ұлының парызын өтеп, ақ сүтін ақтайын деп шамам келгенше қабағына қарап асырадық. Алла қолдап балаларының жамандығын көрмей, алпыс алты жасында бұл дүниедан өтті...

 

Дайындаған Заңғар КӘРІМХАН

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?