Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күндерек. 15 қазан - әлем және Қазақстан тарихында

999
Күндерек. 15 қазан - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

15 қазан - Григориан жылнамасының 286-күні. Qazaqstan tarihy порталы бұл күні әлем елдерінде қандай айтулы мерекелер өтті, қандай тарихи даталар болғанын айтып өтеді. Сондай-ақ Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді.

15 Қазанда дүниеге келген танымал тұлғалар

Бүгін қазақ тарихында ойып тұрып орын алған  ұлы тұлғалар дүниеге келген күн. Яғни 15 тамыз күні қазақтың атақты ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы Сәкен (Садуақас) Сейфуллин, Қазақстанның халық жазушысы, ақын, екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Әбу Сәрсенбаев, көрнекті жазушы, аудармашы, КСРО және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жайық Бектүров, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнер саңлағы, актер Қалкен Әділшінов, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Қайым Сымақов, қазақ әдебиетінің зерттеуші ғалымы, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Есмағамбет Ысмайылов, қазақстандық балалар жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бердібек Соқпақбаев, атақты күйші, композитор, көпшіліктің жүрегінен орын алған «Ерке сылқым» күйінің авторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әбдімомын Желдібаев, заң саласының мақтанышы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заңгер, ғалым Сұлтан Сартаев, қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Сайын Мұратбеков, қазақстандық ғалым, Мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты Ғаникен Бибатыров, қазақстандық өнер қайраткері, суретші-кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Камил Шаяхметов, қазақстандық хируг, медицина ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Дүйсекеев, қазақстандық қаламгер, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанат Ахмади сынды марғасқалардың дүниеге келген күні. Осы орайда бұл тарихи күнде дүниеге келген өзге де қазақ зиялылары мен талантты ғалымдарын да еске алып, оқырман назарына ұсынамыз. 

Қайым Мұхамеджанұлы Сымақов – советтік саясаткер, Мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақ КСР-інің Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ол 1904 жылы он бесінші қазан күні Ресейдің Рязань облысы, Тебенькова ауылында дүниеге келген. Свердловск тау-кен институтын тәмамдаған. Еңбек жолын ауылдық кеңестің уәкілі болып бастаған. Қазақстанға келген соң еңбек жолын Шымкент қорғасын зауытынан бастады. Алғашында зауытқа инженер-құрастырушы болып қызметке кірді. Кейіннен цех бастығы, 1948-1956 жылдары зауыт директоры лауазымын атқарды. Шығыс Қазақстан облысындағы Лениногор қорғасын зауытында да басшылық қызметтер атқарды. 1957-1961 жылдары Шығыс Қазақстан экономикалық әкімшілік ауданы халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, кейіннен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерінде болды. 1968 жылы зейнеткерлікке шықты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің үшінші шақырылым депутаты болды. Еңбек Қызыл Ту орденінің екі мәрте алған қайраткерлердің бірі. Қайым Мұхамеджанұлы 1984 жылы жиырма тоғызыншы қыркүйекте Ресейдің Ленинград қазіргі Санкт-Петербург қаласында дүниеден өтті. 

Әбу Сәрсенбаев – Қазақ әдебиетінің «алтын ғасырында» өмір сүрген, ұлт әдебиетін өркендетуге үлес қосқан қаламгер. Қазақстанның халық жазушысы, Парасат орденінің иегері. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Ол 1905 жылдың он бесінші қазанында Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ботақан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы жиырма бесінші қарашада Алматы қаласында дүниеден өтті.   

Ә. Сәрсенбаев Ресейдің Астрахань қаласындағы советтік партия мектебін тәмамдаған. Кейіннен Алматыдағы жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы институтында білім алды. Көп жылдар бойы еліміздің баспа саласында жауапты қызметтер атқарды. Қаламгердің «Туған өлке», «Махаббат жыры», «Жүрек сыйы», «Отан таңы» «Ант», «Ақша бұлт» атты кітаптары әр жылдары жарық көрген. Әбу Сәрсенбаевтың прозалық шығармаларының ішінде байырғы қазақ балықшы-жұмысшыларының ауыр тіршілігін шыншылдықпен бейнелейтін «Толқында туғандар» атты кітабы оқырман жүрегінен орын тапқан. «Теңіз әуендері» романы Каспий теңізшілерінің өмірі мен еңбегіне арналды. Орыстың ұлы ақындары М. Лермонтов пен А. Пушкинді, мажар ақыны Ш. Петефиді тағы басқа шетел қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Бүгінде елімізде Қазақстанның Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев атында мектеп, көше аттары бар. Алматыдағы ұзақ жыл тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған. 2019 жылы туған өлкесі Атырау қаласында ескерткіші ашылды. Ескерткіште жазушының тұтас тұлғасы мүсінделген. Биіктігі үш жарым метр шамасында. Ескерткіш авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүсіншісі Айдархан Қалмаханов. 

Есмағамбет Самұратұлы Ысмайылов – әдебиет сыншысы, беллетристік прозашы, фольклорист, әдебиет тарихын зерттеуші, ғалым. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі. «Құрмет» белгісі медалінің иегері. Ол 1911 жылы он бесінші қазанда бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданындағы Құлбек ауылындағы Шоқытас (Жартас) деген жерде дүниеге келген. Дарынды қаламгер жастайынан тұрмыс тапшылығын, жоқшылық қасіретін көреді. Ол анасынан ерте айырылып, жетім қалады. Асылы қатал тағдыр жас Есмағамбетті маңдайынан сыйпамаған, әлпештемеген қайта оған таршылық еткен. Жастайынан балалар үйінде тәрбиеленген. Оның бойында әдебиетке, халықтың сөз өнеріне құштарлық бала кезінде-ақ оянды. Алғашы ауылдық мектепте білім алады.  Қазақ педагогикалық институтын қазіргі ҚазҰУ филология факультетін тәмамдайды. Еңбек жолын ұлт мәдениеті институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастайды.  Қазақ ССР Ғылым академиясының жанындағы Тіл және әдебиет институтында, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жауапты қызметтер атқарды. Есмағамбет Самұратұлы қазақ әдебиетінің тарихы жөнінде «Қазақ әдебиетінің хрестоматиясы»«Қазақ совет әдебиеті»«Әдебиет теориясы мәселелері» атты еңбектер жазды. Есмағамбет Ысмайылов Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаевтың  толық шығармаларының бірқатар академиялық басылымдарын құрастыруға қатысты және олардың редакциясын басқарды. Әдебиеттанушының «Жігер», «Ақындық өмір», «Жаз еркесі», «Тұлпар жыры» атты жыр жинақтары шықты. 1966 жылы жиырма тоғызыншы қараша күні Алматы қаласында дүниеден өтті. 

Хамза Жұматұлы Жұматов – қазақтың көрнекті ғалымы,  вирусолог-эпидемиолог. Қазақстандағы вирусологияның іргесін қалаушы, «Құрмет» белгісі орденінің иегері. Қазақ ССР Ғылыс академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор.  Ол  1912 жылы он бесінші қазанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Ақпетті ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы В.М. Молотов атындағы Қазақ Мемлекеттік медицина университетін тәмамдаған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Брест қамалын қорғауға қатысқан.  Көп жылдар бойы Алматы мемлекеттік медицина институтында дәрігер-ординатор, аспирант, ассистент, доцент қызметтерін атқарды. 1944 жылы Қазақ ССР Денсаулық сақтау халық комиссариатының В.М.Молотов атындағы Қазақ Мемлекеттік медицина институтында «Пиогенді стафилококктардың антигенді ерекшеліктері» атты диссертация тақырыбын қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты атағын алды. Докторлық дәрісін Мәскеу қаласындағы КСРО МҒА А.М. Горький атындағы Бүкілодақтық эксперименттік медицина институтының «вирусология» мамандығы бойынша оқыды. 1951 – 1972 жылдары Қазақ эпидемиология, микробиология және гигиена институты директорының орынбасары, сонымен бірге Қазақ ССР-ның ҒА Өлкелік патология институтының вирусология лабораториясының меңгерушісі, Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақ эпидемология және микробиология институтының ғылыми кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарды. 1974 жылы «Тұмау» микровирусының молекулялары биологиясы» атты ұжымдық еңбегі үшін Ғылым және техника бойынша Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. 1972 жылы жиырма алтыншы мамыр күні Мәскеу қаласында кенеттен қайтыс болды. 

Рахия Рысбайқызы Қойшыбаева – қазақстандық өнер саңлағы, әнші, актриса. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол 1916 жылы он бесінші қазақ күні Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Сахнадағы өнер жолын 1933 жылы Қарағандыда құрылған жұмысшы жастар труппасында бастаған. Сол жердегі актерлар дайындайтын үш жылдық курсты қосымша оқи жүріп, үлкен тарихи қойылымдарда да рөлдерді сомдайды. 1938 жылы Алматы шаһарындағы Қазақ драма театрының құрамына қабылданады. Актриса Рахия Рысбайқызы театр сахнасында Асқар Тоқмағанбетовтың «Әзірет сұлтан», Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты», Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», Мұхтар Әуезовтың «Абай», «Түнгі сарын», Шахмет Құсайыновтың «Алдар көсе» қойылымдарында басты және қосалқы рөлдерді сомдады. Көптеген шетел және орыс драматургтерінің тарихи және мәдени тақырыптарындағы қойылымдарын да біршама рөлдерді ойнады. 

Бегалы Нұрманұлы Айтбембет – еліміздің медицина саласын дамытуға үлес қосқан қайраткер, ғалым. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1939 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. Академик Бегалы Айтбембеттің әкесі Нұрман Қазалы ауданындағы «Кагонович» колхозының төрағасы қызметін атқарған. Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, Украина майданында ұрыс даласында мерт болады. Бұл уақытта Бегалы небәрі бес-ақ жаста еді. Артынан ерген қарындасы Шолпан 3 жаста болды. Әкеден айырылған балаларды анасы Бахтылы мен қарт әжесі Қатира ержеткізді. Бегалы жастайынан еңбекке ерте араласып, елдің ұсақ малын бағып, отбасына қолғабыс қылды. 1957 жылы Қожабақы ауылындағы мектепті бітіріп, қазіргі Семей мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсті. Алғашқы еңбек жолын Семей қаласындағы №1 емханада бастады.  Оқи жүріп, жұмысты бірге атқарды.

Ғалым Б. Нұрманұлы 1964 жылы Шымкент облысының Түркістан қалалық әкімдігінің медицина бірлестігінде бас дәрігердің орынбасары қызметіне тағайындалды. Екі жылдан соң, Бәйдібек аудандық ауруханасының бас дәрігері лауазымына көтерілді. Кейін Украинаның Харьков қаласында терапия мамандығы бойынша арнайы дәрістен өтіп, 1970 жылы Семей медицина институтының  аспирантурасына түсті. Араға он жыл уақыт салып, Ресейдің Санкт-Петербургтағы Санитарлық-гигиеналық медицина институтында «Фосфор өңдірісіндегі улы заттардың әсерінен бауырдың қабынуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Көп жылдар бойы Республикалық клиникалық ауруханасында бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары, бас дәрігер қызметтерін атқарды. Қазақ Гигиена және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтының директорыРеспубликалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылым практикалық орталығының директоры қызметтерін абыройлы атқарды. Ғалым Бегалы Нұрманұлы 200-ден астам ғылыми еңбек, 7 оқу құралы, 2 монографиялық еңбек жазды. Оның еңбектері өңдірісте істеген мыңдаған адамдардың салауатты өмір сүруіне пайдасын тигізді. Қазақ медицинасының бүгіні мен ертеңі жайлы ғылыми бағытта зерттеулер жүргізіп, шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында дәрістер оқыды. Франция, АҚШ, Дания, Қытай елдерінде болып, дүниежүзілік деңгейдегі белгілі ғалымдармен тәжірибе алмасты.  

Тұратай Иісова  - қазақстандық өнер саңлағы, актриса. Қазақстанның халық әртісі. Ол 1931 жылы он бесінші қазанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылында дүниеге келген. 1994 жылы оныншы шілдеде Семей қаласында қайтыс болды. 1953 жылы Алматы қаласындағы Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын тәмамдаған. Еңбек жолын  Семей музыкалық драма театрында актриса болып бастап, өмірінің соңынан дейін сол киелі шаңырақта қызмет атқарды. Тұратай Иісова Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзін» шынайы шеберлік пен орасан зор еңбектің үлгісіндей болып сомдады. Бұл тарихи қойылымы театр жылнамасына алтын әріппен жазылды. Театр саңлағы Т. Иісова Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқтысында» Ақтоқтыны, Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» Еңлікті, Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласында» Жәмиланы, Бейімбет Майлинның «Шұғасында» Күлзипаны, М. Әуезовтің «Абайында» Әйгерімді, Дулат Исабековтың «Әпкесінде» әпкені сомдап, түрлі классикалық, трагедиялық және комедиялық, психолологиялық драмалардың басты рөлдерін сомдады. 

15 қазан - әлемде

15 қазан – Шри-Ланкада ұлттық ағаш отырғызу күні. Жыл сайын қазанның он бесі Шри-Ланка тұрғындары ұлттық ағаш отырғызу күнін атап өтеді. Бұл күні дәстүрлі түрде «Даята севана» басталады — Ұлттық ағаш отырғызу бағдарламасы. Шри-Ланканың кең аумағын тропикалық орман алып жатыр. Бұл орманның биоалуантүрлілігі планетаның ең маңызды 25 нүктесінің тізімінде. Шри-Ланкадағы гүлді өсімдіктердің жиырма жеті пайызы эндемикалық болып табылады. Өкінішке орай, ормандарды кесу процесі Шри-Ланкадағы ең қорқынышты экологиялық мәселелердің бірі болып келеді. Ормандарды кесу процесі мен оның қауіптері туралы халықты хабардар ету және онымен күресу үшін күш біріктіру мақсатында Ұлттық ағаш отырғызу күні құрылды. Ұлттық ағаш отырғызу бағдарламасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылды. Бағдарламаның өтетін күні Шри-Ланканың алтыншы Президенті Махинда Раджапаксенің туған күні және оның инаугурациясының мерейтойы болып таңдалды.  Шри-Ланкадағы ағаш отырғызу күнінде  елдімекендерде жасыл екпелер отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Аталған шараға қоршаған ортаны қорғауға жауапты бірнеше министрліктер, яғни оларға жабайы табиғатты қорғау министрлігі, сумен жабдықтау және дренаж жүйелері министрлігі, ботаникалық бақтар және қоғамдық демалыс министрлігі, Махавели және қоршаған ортаны дамыту министрлігі және тағы басқа ұйымдар зор ықыласпен атсалысады. Әсіресе жастарды яғни мектеп оқушыларын ағаш отырғызу шарасына қатыстырып, мектептерде тәрбиелік бағыттар дәрістер өтеді. 

15 қазан - Тунистегі эвакуация күні (Evacuation Day in Tunisia).  Жыл сайын Тунис мемлекетінде эвакуация күні аталып өтіледі. Бұл тарихи күн 1963 жылы француз әскерлерінің елден түпкілікті шығарылуын еске алу үшін өтіп тұрады.  1881 жылы француздар Туниске француз әскерлері басып алған Алжирден рейдтерден қорғану сылтауымен кірді. Француздар Тунисті тез басып алып, билеуші бейді Француз билеушісінің пайдасына биліктен бас тартуға мәжбүр етті. Көп ұзамай француздар Тунистің ең жақсы жерлерін басып алды. Бірінші дүниежүзілік соғыста Франция құлағаннан кейін Тунис ұлтшылдары Тунистің басқыншылардан тәуелсіздігі үшін науқан бастады. 1930 жылдары Тунисті әлемдік сахнаға шығарған Хабиб Бургиба олардың жетекшісі болды. 1950 жылдың басында француздар жеңілдіктерге дайын болды. Тунис 1956 жылы 20 наурызда тәуелсіздік алды, ал Бургиба премьер-министр болып тағайындалды. Келесі жылы ел республика болып жарияланды және Бургиба алғашқы президенті болды. 1959 жылға қарай елдің ең ірі қалалары мен порттарының бірі Бизерта гарнизонынан француз әскерлері толықтай шығарылды. Франция басшылығының бұл базаны эвакуациялаудан бас тартуы әскери қақтығысқа әкелді. «Бизерта шайқасы» — тунис армиясының үлкен шығынға ұшыраған алғашқы ауқымды операциясы болды. Ақырында, 1963 жылы, Алжир соғысы аяқталғаннан кейін, соңғы француз сарбаздары елден кетті. Бұл күн Тунисте ұлттық мерекеге айналды.

15 қазан – Дүниежүзілік қол жуу күні. 2008 жылдан бері  он бесінші қазанда  «Дүниежүзілік таза қол күнін» (Global Handwashing Day) атап  өтеді. Бұл тарихи күн БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған санитария жылы аясында қабылданды. Қолды сабынмен жуу – жыл сайын 3,5 миллион балалар өмірін қиятын түрлі аурулардың алдын алудағы неғұрлым тиімді және үнемді дауалардың бірі болып табылады. Бүкіләлемдік қол жуу күні санитарлық тазалық пен гигиеналық дағдыларға шақырады. Қолыңызды жуу — бұл адамның жеке ісі, және әркім оны өзінің тазалығы мен тәрбиесінің арқасында шеше алады. Екінші жағынан, БҰҰ мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары атап өткендей, жуылмаған қолдар мәселесі әлемдік ауқымда қарастырылғанда апатты салдарға әкеледі. Жуылмаған қолдар арқылы адам ағзасына тырысқақ, вирустық пневмония, гепатит, тұмау және ЖРВИ сияқты қорқынышты аурулардың қоздырғыштары енеді.  ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, күн сайын тек «жуылмаған қол ауруы» деп аталатын диареядан бес мың бала қайтыс болады. Егер олар тамақ ішер алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолдарын сабынмен мұқият жуса, бұл өлімнің жартысын болдырмауға болады. Сонымен қатар, қоздырғыштардың берілуі тікелей, мысалы, қарапайым қол алысу арқылы да, жанама түрде де, ластанған беттер, жұмсақ ойыншықтар мен тұрмыстық заттар арқылы жүзеге асырылады. Балалар қоршаған заттардың барлығында (қарындаштар, қаламдар, кітаптар, ойыншықтар, есік тұтқалары, телефондар және т.б.) болатын кір көбінесе көзге көрінбейтінін түсінуі керек. Жуылмаған қолдарымен бұл кір ауыз арқылы ағзаға енеді және онымен бірге әртүрлі аурулар науқас адамнан сау адамға беріледі. Сондықтан қол жуу сияқты қарапайым гигиеналық процедура күнделікті мыңдаған балалардың өмірін сақтап, құтқара алады. Бұл ағзаға зиянды вирустар мен инфекциялардың алдын алуға ғана емес, сонымен қатар адамдардың өмірін жайлы, жағымды және қауіпсіз етеді. Осы күні бүкіл әлемде БҰҰ қолдауымен ұйымдастырылатын ауқымды акциялардың мақсаты (Азия, Африка және Оңтүстік Америка елдеріне ерекше назар аударылады) — көптеген аурулардың алдын алудың негізгі тәсілі ретінде маңызды гигиеналық процедураның қажеттілігіне жұртшылықтың назарын аудару болып табылады. Шараның басты ұраны – «Таза қолдар өмірді сақтайды» деген мессежде. Көптеген елдерде бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен қол жуу күні жалпыұлттық гигиеналық науқандар басталып, оқушыларға ақпараттық брошюралар таратылады. 

15 қазан – Бразилияда мұғалімдер күні. Жыл сайын он бесінші қазан күні Бразилияда мұғалімдер күні атап өтіледі.  Бұл сол елдегі барлық мұғалімдердің, оқытушылар мен білім беретін мемекелердің қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Мұғалім – бұл ерекше мамандық. Оны таңдаған адамның өз ісіне  жауапкершілікпен қарап, сол мамандықты шын сүюі қажет. Жаңа жас ұрпақты тәрбиелеу үшін жауаптылық қызметін сезіну қажет. Мұғалімдер күні – мұғалімдерге алғыс айтудың және ризашылығыңызды білдірудің тамаша себебі.  Бразилиядағы мұғалімдер күнінің он бесінші қазанда тойлануының өзіндік тарихы да бар. 1827 жылы 15 қазанда Әулие Тереза күні (Teresa d ' Ávila) Педро бірінші патша кезінде (император Педро I) Бразилияда алғаш рет бастауыш білім беру туралы жарлық шығарылды.  Патщаның жарлығында қалалар, ауылдар, кез-келген елді мекендерде алфавитті алғашқы оқытуға арналған мектеп болуы керек деп көрсетілді. Осылайша ағарту бағытында жарияланған жарлықтың шыққан күні бразилалықтар үшін мұғалімдер күні болып есептелді. 

Бразилияда мұғалімдер күні алғаш рет 1947 жылы Сан-Паулу қаласында  атап өтілді. Содан кейін профессор Саломао Беккер бұл күнді 15 қазанға ұсынды. Бұл күні мұғалімдер мен оқушылар мұғалімдермен бірге сәтті ұйымдастырылған шағын мектеп мерекесін өткізу үшін үй тоқаштарын әкеледі деп шешілді. Бірте-бірте бұл дәстүр бүкіл елге таралды1963 жылы 15 қазанда мереке мәртебесін бекітетін мемлекеттік деңгейдегі заң қабылданды. Бұл жұмыс күні болмаса да, бұл күні мектептерде әртүрлі мерекелік іс-шаралар өтеді. Шараның басты мақсаты – оқушылар мен олардың ата-аналарының мұғалімдерге деген құрметін білдіру және олардың күнделікті қиын жұмысы үшін Алғыс айту. 

15 қазан - Беларусь фармацевтикалық және микробиологиялық өнеркәсіп қызметкерлері күні. Жыл сайын 15 қазанда Беларусияда  ел Президентінің 1998 жылғы 26 наурыздағы № 157 Жарлығымен бекітілген фармацевтикалық және микробиологиялық өнеркәсіп қызметкерлері күні атап өтіледі. 1991 жылы  Беларусия тәуелсіздік алғаннан кейін Беларусь өнеркәсібінің фармацевтика саласын дамытудың жаңа кезеңі басталды. Көптеген жылдар бойы Беларуссиядағы фармацевтикалық және микробиологиялық өнеркәсіпті «Белбиофарм» концерні ұсынды, оның құрамына 18 кәсіпорын кірді.  Бірақ 2011 жылы фармацевтика өнеркәсібін өндіру және сату жөніндегі осы мемлекеттік концерн жойылғаннан кейін оның функциялары республиканың денсаулық сақтау министрлігіндегі фармацевтика өнеркәсібі департаментіне жүктелді. Осылайша, Беларусь Денсаулық сақтау министрлігінің жауапкершілік саласына фармацевтикалық өнім өндіру саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу де кірді. 

Биотехнологиялық процестерде микроорганизмдерді пайдаланудың физиологиялық-биохимиялық және генетикалық негіздерін зерттеумен, сондай-ақ республикада өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, медицина және қоршаған ортаны қорғау үшін биотехнологияларды әзірлеумен Беларусь Ұлттық Ғылым академиясының микробиология институты мемлекеттік ғылыми мекемесі айналысады. Сондай — ақ жоғарыдағы аталған салалар бойынша тағы басқа кәсіпорындар жұмыс істейдіБеларуссияның ірі дәрілік заттарды өндірушілер - 2017 жылы республика Президентінің Жарлығына сәйкес құрылған «Белфармпром» холдингі шеңберінде біріктірілген мемлекеттік және мемлекет үлесі бар ұйымдар.   Оның құрамына 8 ұйым, оның ішінде дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндірушілер мен ғылыми ұйым кіреді. Холдинг ұйымдары барлық отандық дәрілік заттардың жартысына жуығын өндіруді қамтамасыз етеді

Беларуссияның фармацевтика өнеркәсібінің алдында да көптеген міндеттер тұр: биотехнологияның, гендік инженерияның, иммунологияның және молекулалық генетиканың соңғы жетістіктері негізінде препараттарды әзірлеу және өндіру; фармацевтикалық бейіндегі ғылыми және өндірістік ұйымдардың тығыз өзара іс-қимылын қамтамасыз ету; фармацевтика өнеркәсібін дамыту саласындағы аса маңызды инвестициялық жобаларды қаржыландыруға мемлекеттің қатысуы. Кәсіби мерекесінде Республиканың фармацевтикалық және микробиологиялық өнеркәсібінің барлық қызметкерлері басшылықтан, әріптестерінен және достарынан құттықтаулар алады.

15 қазан – ауыл әйелдерінің бүкіләлемдік күні (International Day of Rural Women). Тарихи күнді атап өту идеясы 1995 жылы Бейжіңде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының төртінші әйелдер конференциясында ұсынылды. Бұл күнді өткізу ауыл әйелдерінің көп қырлы рөлін қоғамдық мойындау мен қолдаудың практикалық жолы ретінде қарастырылды. Нәтижесінде дүниежүзілік ауыл әйелдері күні жыл сайын 15 қазанда атап өтіледі деп шешілді. Ауыл әйелдері әлем халқының төрттен бірінен астамын құрайды. Олар азық-түлік өндірісінде, ауылдық жерлердің тұрақтылығын дамытуда жетекші рөл атқарады. Сонымен қатар, олар балаларға, қарттарға және науқастарға күтім жасау бойынша көптеген жұмыстарды орындайды. Ал планетадағы ең кедей тұрғындардың 76% - ы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, ауыл әйелдерінің өндірістік ауылшаруашылық ресурстарына қол жеткізуін қамтамасыз ету әлемдегі аштық пен кедейліктің төмендеуіне ықпал етуі мүмкін. Бірақ соған қарамастан, олар көбінесе жер құқығын қорғауға, медициналық көмек, несие немесе білім беру сияқты өмірлік маңызды қызмет түрлерін алуға мүмкіндіктері аз.  2007 жылы бұл мерекені БҰҰ Бас Ассамблеясы да ресми түрде бекітті

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?