Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәңірберген Отарбайұлы және Алаш идеясы

939
Тәңірберген Отарбайұлы және Алаш идеясы - e-history.kz

Өмірінің соңына дейін қазақ баласына бар жиған білімін үйретіп, оқытып-тоқытқан, өзінен кейін мықты, ұлтшыл буын қалыптастырып кеткен Алаштың ардақты ұстаздары болды. Солардың бірі ‒ Алаш арысы, көсемсөзші, ақын, ағартушы, әдебиет зерттеушісі, абайтанушы, Совет билігі солақай саясатының салдарынан қуғын-сүргінге ұшыраған тұлға ‒ Тәңірберген Отарбайұлы.

Тәңірберген 1893 жылдың қаңтар айында Шымкент шаһары, Қатынкөпір ауылында өңірге аты мәлім Отарбай ұстаның үйінде дүниеге келеді. Медреседе білім алған Т. Отарбайұлы қара танып, сауатын ашып, ислам, иман шарттарымен қатар, Шығыс, қазақ әдебиетін, жыраулар поэзиясын, халық ауыз әдебиетін біліп шығады. Кенжеқожа медресесінде білімін жалғастырып, орыс тілін, орыс әдебиетін, әлем әдебиетімен, Абай, Пушкин, Лермонтов, Крыловтардың шығармаларымен танысады. 

Мамытбек Қалдыбайдың «Ұшқан ұяға адал болайық» естелiгiнде тұлғаның болмыс-бітімі былайша суреттеледі: «Ұзын бойлы, келбеттi келген, сабырлы, өте ақылды кiсi едi». Тәңірберген Отарбайұлы ‒ атақты Бауыржан Момышұлының ұстазы. «Ол кiсi сабақ бергенде бiз рахаттанып отырып тыңдаушы едiк. Қазiр жасым жетпiске келгенде байқасам, ол кiсi шынында әдебиет зерттеушiсi екен, шынында ақын екен» деп еске алған Бауыржан батыр. Бұдан бөлек, Төлеген Тәжiбаев, Қажым Жұмалиев, Асқар Тоқмағамбетов, Әбдiлда Тәжiбаев, Әзiмбек Ысмайлов секілді атақты азаматтарды тәрбиелеп шығарған.

Алаш қайраткері 1917 жылға дейін ауылда бала оқытады, шәкірт тәрбиелейді. Ал, 1917-1920 жылдар аралығында оқу-ағарту саласына белсене араласады. 1923 жылға дейін Шымкент қаласында мектеп меңгерушісі және балалар үйінің директоры қызметін атқарған. Ол кісі өлең, аударма, әңгіме, очерк, фельетон, корреспонденция жанрларында өнімді жазды, өндіріп жазды. Қызметпен қатар ұстаздықты, шығармашылықты қатар алып жүрді. 

1920-1928 жылдары Шымкенттегі алғашқы 7 жылдық мектепте (қазіргі Қ. Сыпатаев атындағы №7 техникалық лицей-мектебі) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Т. Отарбайұлының мақалалары «Шолпан», «Сана», «Ақжол» басылымдарында жарық көріп тұрған. Сондай-ақ өңір-өңірде өкілдігі болған «Қосшы» шаруалар ұйымының дамуына аянбай атсалысқан. 1928 жылы Ташкенттегі Рабфактің (Жұмысшылар факультеті) 2 жылдық курсында дәріс оқыған. 

Тәңірберген Тәшкенде жұмыс істеп жүрген кезінде Сәкен Сейфуллин және Мұхтар Әуезовпен жақын танысады. Ол орысша, арабша жетік білген, іс қағазға епті-тін, ақындығымен қоса әншілігі де, музыкалық танымы да ерекше болған, қазақтың қасиетті қара домбырасында керемет ойнаған, біраз күй білген. 1938 жылдың мамыр айында доноспен ұсталып, «халық жауы» деп айыпталып, итжеккенге айдалады. Тар қапаста жүріп:

Қайғыдан ғарiп жаным пара-пара,

Сұм тағдыр жазылмайтын салды жара.

Айырылып ел-жұртымнан қалдым жалғыз,

Өлеңiм – жан серiгiм жалғыз ғана,

деп өлең жазған. 1957-жылдың қыркүйек айында Сот Тәңірберген Отарбайұлының ісін қайта қарап, толық ақтап шығарады. Осы ретте асылдың артынан қалған жалғыз қызы ‒ Ұлжан апамыз Тәңірбергенқызын Шымкентке арнайы іздеп барып, әкесі жайлы естеліктерге қанық болдық.

Әлібек БАЙБОЛ, әдебиеттанушы-ғалым, Qyr balasy ҚҚ мүшесі

‒ Тәңірберген Отарбайұлы туралы айтып берсеңіз...

 Әкемді ұстап алып кеткенде мен бір айлық нәресте екенмін. Біз ол кезде Ташкентте тұрдық. Әкем РАФКАК-та сабақ беретін. 1937 жылы әкеммен қызметтес болған бірталай кісіні «Алаш қайраткерлерімен байланысы бар» деп қамады, тұтқындады. Мен 1938-жылдың 16-сәуірінде дүниеге келдім. Ал, әкемді 12-мамырда үйге біреулер келіп, күштеп алып кеткен екен.

Әкем кетерінде Мариям анама: «Мен ‒ тазамын, адалмын! Амандық болса, келем, сен мына балаларға ие бол! Тезірек Шымкентке, нағашы жұртқа көш. Мұнда қалсаң Сұлтанбек Қожановтың әйелі сияқты сені де Карлагтай жерге алып кетеді!» ‒ депті. Анам 16 жасар әпкем Жақұтты, 6 жасар ағам Қайратты және мені көтеріп, ешқандай дүние-мүлкіне қарамастан, Шымкент қаласына тартады. Шешем келгеннен соң, Мәскеуге хат жазады. Алайда, ешқандай жауап болмайды. Сөйтіп жүргенде ол кісі қылтамақ ауруына шалдығады. Шешем Қайрат ағамды қызы Жақұтқа, ал мені нағашы апама тапсырады, аманаттайды. Жастай тағдыр тауқыметін көп тарттық. «Халық жауының» балалары деген атқа ие болдық. Біреулерге барсақ қорқып, зияны тиіп кетеді деп қашқақтайтын. Содан не керек, Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Паналайтын жеріміз жоқ. Астына сабан салынған үйлерде тұрдық. Сондай қиыншылықтардан өттік. Нағашы апам мені 5-сынып бітірген кезде интернатқа өткізді. «Ертең алда-жалда олай-бұлай боп кетсем қай нағашыңның  үйін сағалап жүресің? Көзімнің тірісінде сені интернатқа өткізейін. Әкеңнің де, анаңның да жоқ екені рас», ‒ деді апам. Сөйтіп мені интернатқа өткізеді. Оған да рақмет!

Интернаттың киімін киіп, тамағын ішіп, 1958 жылы Қ. Сыпатаев мектебін  бітіріп шықтым. Бірақ, сол мектептің алғашқы директорының кім болғанын, сондай-ақ әкем туралы мәліметтерден бейхабар екенмін. Сауал қойсам, ешқайсысы жауап қатпайды, сыр сақтайды. Нағашыларымнан әкем жөнінде сұраймын. Ешкім тіс жармайды. «Менің әкем қайда? Неге жоқ?» ‒ деп әпкемді тергеймін. Үндемейді. Кейін естияр шақта тағы да сұраймын, қаузап. Сонда әпкем Жақұт: «Сен қоймадың ғой. Әкемізге «халық жауы» деген жала жабылып, ұсталып кеткен. Ол кездері сондай қиын заман болған. «Сонда, әкеміз «халық жауы» болды ма?» ‒ деймін мен. «Жоқ, ешкімге ештеңе айтпа, өскенде білерсің», ‒ деді әпкем. Кейіндері ес біліп, етек жапқан кезде әкеміз туралы ізденіп, жан-жақтан ақпараттар жинастыра бастадық. Әпкем де, ағам да, жездем де құзіретті мекемелерге хат жазды, әділеттілікті талап етті. Сөйтіп, 1957 жылы әкем ақталды.

‒ Совет Одағының Батыры, әйгілі қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының ұстазы Тәңірберген Отарбайұлы болғанын білеміз. Сіз Бауыржан атамен қалай кездестіңіз?

‒ «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 1970 жылдың 8 қыркүйегінде «Ақын ағартушы» деген үлкен мақала жарық көрді. Осыны оқып Бауыржан ағайды іздеймін кеп. Арада 7-8 жыл жыл өтеді. 1979 жылы Бауыржан Момышұлын іздеп таптым. Бауыржан ағаның әйелі Жәмила жеңгемізді бұрынан танитын едім. Арада жып-жылы байланыс орнады... 

‒ Ағаға амандасып кетейін дегем! 

‒ Баукеңді қайдан танисың? 

‒ Әкемнің қолында оқыған екен. 

‒ Әкең кім? 

‒ Тәңірберген Отарбай! 

‒ Кім? 

‒ Тәңірберген! 

‒ Айналайын-ау, анаңның бүкіл  туысын білем, әкеңді неге сұрамағанмын. Баукең азаннан-кешке дейін Тәңірберген туралы айтады. Құлағымыз үйреніп қалған. Тәңірберген деген жақсы көретін адамы шығар дейміз де қоямыз.

Содан, міне, Бауыржан ағайдың үйіне барып, танысып, алдынан өттім. Баукең қалжыңдап сөйлейді. Сөзінің мәнері сондай екен. Өлген ұстазын пір тұтып, аузынан тастамай жүрген адамның бірі ‒ хас батыр Бауыржан Момышұлы. Баукеңнің арқасында әкемді іздей бастадым. Бауыржан ағай туралы қандай кітап шықса, сол кітаптардың ішінде әкемнің суреті жүреді. Баукең, кейіндері өкіл әкемдей болып кетті. Қасында үш жылдай қатар жүрдім, жақсылығын көп көрдім...

‒ Сізге Бауыржан Момышұлы Алматыдан үй алып беруге көмектесті ме?

 Ылғи Баукеңнің қасында еріп жүретінмін, қалдырмайтын. Сондай күндердің бірінде: «Қызым, менен қандай көмек керек? Ұстазым ‒ Тәкеңнің аруағы алдында қандай тілегіңді орындайын, айта ғой?!» ‒ деді жүзіме тура қарап. Күйеу балаңыз Әбуғали: «Келімді-кетімді кісі көп. Мына бөлме тар. Қашан үйде тыныштық орнайды? Біресе Жетісайың, Шымкентің, Түркістаның, одан қалса Қарағандың келеді. Олар аздай, студенттер бар!» ‒ деп ренжиді. Оның айтқаны да рас. Баяғыда аш-жалаңаш көше кезіп, қиналған кездерім есіме түседі. Үйге студенттер жиылса: «Айналайындарымның қарны ашып жүр ғой», ‒ деп асханаға қарай жүгірем. «Кезекке тұрмайсыңдар ма?» ‒ деді Бауыржан аға. «Кезекке әлдеқашан тұрғанбыз. Жеті жылдан асты, кезек жетер емес», ‒ дедім. «Солай ма?». «Солай, аға!..». Әке-шешем қуғын-сүргінге ұшырап, ерте көз жұмды деп екі кітабына қолтаңба қойып, оған қажетті құжаттарды, әкем туралы жарияланған газет мақалаларын қосып, Жәмила жеңгемнің қолына тапсырды. Димаш Ахметұлы Қонаев жеңгемізді қабылдайды. Арада мынандай керемет әрі өнегелі әңгіме өрбиді... «Бауыржанның жағдайы қалай?» – деп сұрапты. Бауыржан: «Димекеңнің қолы тисе, мына хатты оқысын, қолы тимесе, уақытын алма, қинама деді. Ұстазының қызына қамқорлық жасайын деп осы хатты сізге беріп жіберді», ‒ дейді Жәмила жеңешем. Сонда үлкен кісі: «Бауыржан ағаның хатын оқымау – күнә. «Адамды алдау ‒ арыңның алдында қылмыс, ағаны алдау ‒ анаңның алдында қылмыс» деген ғой, ‒ деп конвертті ашып, Баукеңнің жазғанын да, газет қиындыларын да, менің өтінішімді де асықпай оқып шығып, Димаш Ахметұлы көмекшісін шақырып алады. Әр құжатты ықтиятпен ұстап, іс қағаз теміріне асықпай, біртіндеп қыстырып жатып: «Баукеңнің өтінішін бір ай ішінде қанағаттандырыңдар», ‒ дейді де, Жәмила жеңгейге бұрылып: «Баукеңе сәлем айтыңыз. Ұстазының қызына қамқорлық жасағаны – үлкен адамгершілік. Ерен батырдың ісі де ерен. Мен ол кісіні жақсы білем! Өзіне осы уақытқа дейін ештеңе сұраған емес!» – деп жылы қоштасады.

‒ Әңгімеңізге рақмет!

Әзірлеген: Дана ДЕРБІСҚЫЗЫ, Мансұр СӘДІР.

«Qyr balasy» ҚҚ мүшелері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?