Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәдени серуен: Оралхан Бөкейдің музей-үйі

1363
Мәдени серуен: Оралхан Бөкейдің музей-үйі - e-history.kz

Оралхан Бөкейдің музей-үйі жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени-тарихи нысан жазушының туған жері Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында жұмыс істеп тұр.

Әлбетте ауылға кіреберісте сізді Оралхан Бөкейдің бейнесі орнатылған стелла қарсы алады. Онда «Алтайдың асқақ жыршысы – Оралхан Бөкей» деген жазу бедерленген. Ауылдың ортасын қақ жарып өтетін үлкен жол сізді кезінде жазушының әке-шешесі тұрған, кейін музейге айналған тарихи ғимаратқа жеткізеді. 

Музей меңгерушісі Динара ханым музей-үйдің қызмет көрсету аясы жазушының өмірбаяны мен шығармашылық мұрасын сақтап, оны халыққа таныту деп түсіндірді. 

Музейдің ауласы бәріміз жазушы жайлы түсірілген бейнесюжеттен белгілі: көліктен түсе сап анасына қарай құстай ұшып, құшағына басқан қаламгер мен оның анасы Күлия апамыз саялаған шоқ шілік, оң жағында қарағайдан қиып салынған ескі сарай, үйге қарай түскен жалғыз аяқ соқпақ жолдың ізі бар.  

Музейге айналған үй алғаш рет 2003 жылы, жазушының туғанына 60 жыл толуына орай ашылған екен. Осылайша Катонқарағай ауданы әкімдігінің шешімімен қаламгерді есте сақтау мақсатында жазушының жастық шағы өткен, бау-бақшалы бөрене үй Оралхан Бөкей атындағы музей-үй болып қайта құрылып, жасақталады. Жазушының үлкен әпкесі Шолпан алғашқы директоры болып, 2003-2006 жылдары басқарды.  

2006-2014 жылдары қаламгердің бала күннен бірге өскен досы, Большенарым аудандық «Еңбек туы» газетінде аудармашы болып жұмыс істеген Аманжан Нұқсарин музей-үйдің директоры болды.

Музей-үйдің интерьерінде 4 бөлме: жазушының жұмыс бөлмесі мен демалыс бөлмесі, ата-анасының бөлмесі, ас үй және веранда бар. Экспозиция бұған дейін музей-үйдің ашылуына орай ауыл тұрғындары жинастырған, сондай-ақ ХХ ғасырдың екінші жартысында үйде болған тарихи-этнографиялык заттармен толықтырылған. 

Ас үйде көзімізге оттай басылған дүние – астау. Жазушының «Апамның астауы» әңгімесіне арқау болған құнды жәдігер. «Ертеңінде ескі қораның бұрышында төңкерулі жатқан Апамның астауын алып, Алматыға қайттым.

Апам менің... Сенен не қалды? Жарық астау ма? Иә, адам өмірі де сол жарық астау секілді қаңсып қалады екен-ау...» деп толғанған астау музейдегі ең бағалы экспонаттардың бірі десек қате кетпейміз. 

Музей-үйде Оралхан Бөкейдің жеке заттары, кітаптары, қолжазбалары, фотосуреттері, жазушының шығармашылық жолына байланысты түрлі деректер қойылған. Демалыс залында отбасы мүшелері тұтынған диван, жазушы үстелі, ондағы қара портфель, сандықша, қаламұш, күлсалғыш, табақша, т.б. затар қойылған. Отбасылық суреттер жинақталған фотоальбом да үстел үстінен орын тауыпты. Үстелдің ту сыртында терезе тұр, онда Алтайдың кркем табиғаты мен асқар таудың ұшар басы ап-анық көрінеді. Ғажап картина!

Бөлме терезесінен кейінгі қабырғада кітап сөресі қойылып, онда жазушының өз кітаптары мен ол оқыған кітаптар және кейін музейге тарты етілген кітаптар тізіліп тұр. 

Ал қоңыр диванның жоғары жағына жазушының «Адам мен өнердің арасындағы достықтың жібіне күйкі тірліктің қарғалары қаз-қатар тізіліп қонса, онда ол жіптің үзілері хақ» деген қанатты сөзі ілініпті.

Төргі бөлме жазушының жеке бөлмесі саналады. Сол жақ тұстағы витринада О. Бөкейдің мемориалдық заттары, екі коллекциялық темекі түтігі, қанжар, фотоаппараты, сағат және Әбдікерім мектебінің қоңырау сақталған. Сонымен қатар осы жерде Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы болған Бейімбет Болаев құрастырған шежіре де орын тепкен.

Жазушының жатын бөлмесінде кілем, домбыра, қамшы және шапан қабырғаларға ілінген. Бұдан басқа достары мен замандастарының, ауылдас жерлестерінің фотосуреттері де қойылған. 

Ас бөлменің оң тұсындағы бөлмеде ата-анасының жеке заттары ұсынылған. Жазушының «Бәрі де майдан» романының кейіпкерлерінің прототипі Бөкей ақсақал мен Күлия шешейдің төсек орындары, фотосуреттері, жіп иіретін, іс тігетін машиналар тұр.

Үйдің артындағы жалпақ қара тас та, бір тамырдан шыққан қос терек те үнсіз. Ол таста Оралхан отырмағандай, қос қайыңның қасында екі ғашық жүрмегендей. 

Жыл сайын музей-үйде Оралханның туған күнінде оның достары, әріптестері, пікірлестері жиналып, туған өлкесінің таңғажайып келбетін, карапайым адамдарын үлкен сүйіспеншілікпен жырлаған көрнекті казак жазушысының шығармашылығы туралы ой толғайды. 

Оралхан Бөкей қазақ әдебиетінде терең философиялық идеялар мен табиғатқа, адам тағдырына байланысты күрделі мәселелерді көтерген жазушылардың бірі ретінде танымал. 

Музейге келушілер жазушының өмірі мен еңбегіне байланысты қызықты ақпарат алып, оның әдебиетке қосқан үлесі туралы тереңірек білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Оралхан Бөкейдің табиғатқа деген сүйіспеншілігі оның шығармаларында көрініс тапқандықтан, мұражайда оның туған жерінің табиғи сұлулығына ерекше мән беріледі.

2015 жылдан 2023 жылға дейін жабық болған музей қайта ашылып, көп жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құжаттары заңдастырылған екен. Меценат, «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорының құрылтайшысы Серік Құлымбекұлы Толықпаевтың еңбегі зор. Жекеменшік қолға өтіп кеткен үйді сатып алып, ШҚО Катонқарағай аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің қарамағына бергеннен кейін есігін елге айқара ашты.

Біз де отбасымызбен барған сапарымызға қуанып қайттық. Алтайда туып, Алматыда өскен, Үндістанда өмірден өткен жазушының өмірінің айнасындай болып музей-үйі елге қызмет етеді деген сенімде болдық. Белгілі мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі Р. Әбенов жасаған қола ескерткішке суретке түсіп, туристер тезірек тауып алса деген ойменен онлайн картаға музей мекенжайын тіркеп аттана бердік. 

Бұл музей-үй мәдени-ағартушылық рөл атқарып, ұрпаққа ұлттық әдебиет пен мәдениеттің құндылықтарын жеткізудің маңызды бөлігі болып, қызмет ете берері хақ.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?