Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күндерек. 24 қыркүйек - әлем және Қазақстан тарихында

1038
Күндерек. 24 қыркүйек - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

24 қыркүйек - Григорианжылнамасының 267-күні. Qazaqstan tarihy порталы бұл күніәлем елдерінде қандай айтулы мерекелерөтті, қандай тарихидаталар болғанын айтып өтеді. Сондай-ақ Қазақстантарихында елеулі орны бар бірнешетұлғалар осы күні дүниеге келді.

24 қыркүйекте дүниеге келген танымал тұлғалар

Балтабай Әбдірахманұлы Адамбаев – қазақ ауыз әдебиетіне сүбелі үлес қосқан белгілі ғалым, прозашы, әрі ақын, қазақ сөз өнерінің тарланы. Филология ғылымдарының кандидаты, фольклоршы. Ол 1919 жылы жиырма төртінші қыркүйекте Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Саудакент ауылында дүниеге келген. Аштық азабын бастан кешіп, әкеден ерте жетім қалады. Ағайынды төрт жігітті анасы Бибіш қайсарлығы мен өрлігінің арқасында асырап бағып, ел қатарына қосады. Жоғарыда айтылған төрт ұлдың үлкені Балтабай екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, майдан даласында ұрысқа қатысады. Майданда серіктерін патриоттық жырларымен демеп, жігерлендіреді. Соғыстан елге аман-есен оралып, Жамбылдағы Абай атындағы педагогика училищесіне оқуға түседі. Оны аяқтап, Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдап, ұлттық әдебиеттану ғылымына айрықша зор үлес қосады. Б. Адамбаев қазақ халқының бай ауыз әдебиетін, оның ішінде көлемі жағынан шағын жанр деп саналатын халық даналығы мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді ауқымды зерттеумен айналысты. Әдебиеттанушы ғалым өз еңбектерінде халық мақал-мәтелдері мен шешендік сөздердің жанрлық табиғатын, тәрбиелік, өмір танытқыштық мәнін, сонан соң олардың қалыптасу, даму жолдарын анықтау, әдеби-көркемдік ерекшеліктерін ашу, ақындық-шешендік өнерді ежелгі үйрену, игеру жолдарын көрсету мақсаттарын ұстанған. Ғалым Б. Адамбаев көп жылдар бойы Қазақстан Ғылым Академиясының әдебиет және өнер институтында кіші, аға ғылыми қызметкері болды.  Балтабай Әбдірахманұлы «Шешендік», «Халық даналығы», «Қазақтың шешендік өнері» атты монографиялық зерттеу еңбектер шығарды.  Сөз өнерінің тарланбозы, фольклоршы Балтабай Адамбаев 1990 жылы он екінші қазанда Алматы қаласында дүниеден өтті. 

Айша Жұмағұлқызы Көпжасарова – қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол 1941 жылы жиырма төртінші қыркүйекте Тараз қаласында дүниеге келген. Ата-анасы өнерге жақын жандар болған. Анасы суырыпсалма ақын болса, әкесі Жұмағұл қисса-дастандарды жатқа айтатын адам болыпты. А. Көпжасарова Алматы қаласындағы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде тілші болып бастаған. Көп жылдар бойы туған өлкесінде ұстаздық қызмет атқарды. 1980 – 1999 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды. Ақынның алғашқы өлеңбері «Шұғыла» топтамасымен жарық көрді. Айша Жұмағұлқызының өлеңдеріне Мэльс Өзбеков қатарлы көптеген композиторлар өлең жазған. Қазақ эстрадасындағы «Бүркіт» лақап атымен танымал Айбек Жансейітовтың орындауындағы «Туған жер», «Мекенім - Қазақстан» әндерінің авторы Айша Көпжасарова. 

Наталья Өтеуліқызы Арынбасарова – қазақстандық өнер қайраткері, киноактриса. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, КСРО Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты. Ол 1946 жылы жиырма төртінші қыркүйекте Ресейдің Мәскеу қаласында дүниеге келген. Әкесі – Өтеулі Төремұратұлы. Ол Мәскеудегі әскери академияны үздік бітірген. Анасы – Мария Константиновна. Ұлты – поляк.  Наталья кішкентай кезінде – балерина болуды армандаған. Алматы қаласындағы хореография мектебінде білім алған. Кейіннен Мәскеудегі хореографиялық училищеде білім алады. 1971 жылы ВГИК-тің актерлік факультетін (С.А. Герасимов пен Т.Ф. Макарованың шеберханасы бойынша) бітірді. Наталья Арынбасарова «Мәншүк туралы ән», «Жәмилә» тарихи фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған. 1966 жылы Венецияда өткен халықаралық кинофестивальда рөлі ең үздік әйел бейнесін жасағаны үшін берілетін бас жүлдеге ие болды.

24 қыркүйек - әлемде

24 қыркүйек Халықаралық керуеншілер күні (International Day of caravan). Жыл сайын әлем халқының басым көпшілігі Халықаралық керуеншілер күні атап өтеді. Бұл мерекені керуен жолаушылары, көлік колонналары мен кеме керуендерінің құрамындағы адамдар, жүк тасушылар, сауда кемелерінің командирлері, алыс жолға қатынайтындар, эскпорт кемелерінің экипаждары атап өтеді. Бұл кәсіби мерекені 1995 жылы Халықаралық жүк-көлік операцияларын рационализациялау қауымдастығы (international Cargo Handling co-ordination Association, ICHCA) құрды. Мереке күні ретінде 24 қыркүйек таңдалды. Осынау тарихи дата әйгілі британдық теңізші, саяхатшы Уильям Адамстың туған күні құрметіне қойылған. Ол Жапония жағалауына жеткен алғашқы еуропалық болып саналады. 1597-1600 жылдардағы теңіз саяхатынан кейін Уильям Адамс 20 жыл бойы Күншығыс елінде өмір сүрді. Жапонияның Англиямен және Голландиямен сауда қатынастарын дамытуда үлкен рөл атқарды. Тағы бір нұсқа бойынша, халықаралық керуеншілер күні Мұхаммед пайғамбар мен алғашқы мұсылмандардың Меккеден Мединеге қоныс аударуына арналған хижра мерекесінің аяқталуына орайластырылған. «Керуен» сөзінің өзі бастапқыда бірге саяхаттайтын адамдар тобы ретінде белгілі болды.  Әдетте, саудагерлер қауіпті жерлерде өзара көмек көрсету үшін топ болып бірігіп сапарлаған. Ең танымал керуен жолы – біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда қалыптасқан «Ұлы Жібек жолы». Ол Қытайды Орта Азия елдерімен байланыстыратын ең ұзын керуен жолы. Кейіннен «керуен» атауы алыс қашықтыққа жүк тасымалдайтын көлік кемелерінің бағытына байланысты айтыла бастады. Мұндай керуен саудаларының бағыты Италияның Венеция қаласында қатты дамыды. Бүгінгі таңда кеме жолдары арқылы, автокөлік арқылы жүк таситындардың бағыты да керуенге байланысты. Сол арқылы әлем елдері сауда-саттықты дамытып, тіпті туризмге де үлкен мүмкіндік қарастырып отыр. 

24 қыркүйек – Гвинея-Бисаудың Республикасының Тәуелсіздік күні. Жыл сайын жиырма төртінші қыркүйекте Гвинея-Бисау Ұлттық мейрамдары қатарына жататын Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Қазіргі таңда Африка континентінде «Гвинея» сөзі бар үш ел бар. Олар Гвинея, Экваторлық Гвинея және Гвинея-Бисау. Гвинея-Бисау – Солтүстік-Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі Сенегалмен, шығысы мен оңтүстігі Гвинеямен, батысы Атлант мұхитымен шектеседі. Мемлекетке 60-қа жуық аралдар кіреді. Мемлекеттік тілі – Португал тілі. Астанасы – Бисау қаласы. Ақща бірлігі – песо. Гвинея-Бисау 1984 жылы қабылданған Конституцияға сәйкес Президенттік республикалық басқару формасына ие. Гвинея президенті - Бисау Мемлекет басшысы және Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы болып табылады. Президент жалпы сайлау арқылы бес жылға сайланады. Премьер-Министр басқаратын министрлер кабинеті елдің атқарушы билігі болып табылады. Жоғары заң шығарушы орган – Ұлттық Халық Ассамблеясы. Ол бір палаталы парламент 102 мүшеден тұрады.  Гвинея-Бисау 8 әкімшілік аймаққа және бір арнайы әскери аймаққа бөлінеді. Аймақтарға Бафату, Бия, Болама, Каштаньо, Габу, Квелех, Оио және Бисау кіреді. Әр аймақтың өз аймағында әкімшілік және басқару функцияларын басқаратын Президент тағайындайтын өз өкілі бар. Олар үкіметтің шешімдерін орындауға және өз аумағында саясатты жүзеге асыруға жауапты.  

Тарихқа шегініс жасасақ, Гвинея-Бисау 1973 жылы жиырма төртінші қыркүйекте тәуелсіздігін жариялады. Олардың тәуелсіздік алу процесінде Кеңес Одағы маңызды рөл атқарды. Гвинея-Бисау көп жылдар бойы Португалияның отарында болды. Гвинея жағалауына алғашқы португал отаршылдары XV ғасырда келді. Олар елді құл саудасының орталығына айналдыруды көздеп, бекіністер салды. Кейіннен мыңдаған жергілікті тұрғындар Америкаға және Вест-Индияға құлдыққа сатылды. 1687 жылы елдің болашақ астанасы Бисау бекінісі салынды. 1884-1885 жылдардағы Берлин конференциясының қорытындысы бойынша, онда отаршыл державалар Африкадағы ықпал ету салаларын бөлуді талқылады. Португалия корольдігіне Мозамбик, Ангола және Кабинда (қазіргі уақытта — Ангола эксклавы), Португалия Гвинеясы (болашақ Гвинея-Бисау), Жасыл мүйіс аралдары,  Сан-Томе және Принсипи, сондай-ақ Дагомея аумағындағы Сан-Жуан-Батишта-де-Аджуда факториясы өтті. 1926 жылы Португалияда мемлекеттік төңкеріс болды. Содан кейін елде әскери диктатура орнады. Оның орнына алдымен «ұлттық диктатура» деп аталатын, содан кейін «жаңа мемлекет» - оңшыл режим келді.  Оның басты қайраткері Антонио Ди Салазар болды. Ол 1968 жылға дейін билікте болды. Соның уақытында Гвинея мен Жасыл Мүйіс аралдарының Африкалық Тәуелсіздік патриясы (ПАИГК) құрылды. Сол арқылы Гвинея халқы өзінің ұлт-азаттық күресін жүргізді. 1971 жылы елдің жартысы отаршылдардан тазартылды. Араға екі жыл салып Гвинея-Бисау өзінің Тәуелсіздігін жариялады. 2013 жылы жиырма алтыншы сәуірде Гвинея-Бисау мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас тар орнады. Қазақстан Республикасының Морокка Корольдігіндегі Елшілігі Қазақстан мен Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымымен ынтымақтастық және Батыс Африка құрлығындағы он екі мемлекетпен байланыстар жасау үшін жауапты. Солардың бірі – Гвинея-Бисау Республикасы. 

24 қыркүйек – Камбоджа патшылығының Конституция күні. Бүгін Камбоджалықтар мемлекеттік мереке санатына жататын Конституция күнін атап өтеді. Бұл тарихи мереке 1993 жылы 24 қыркүйекте Мемлекет басшысы Нородом Сиануктың корольдік тағына ресми оралуының мерейтойында атап өтіледі. Нородом Сианук алғаш рет 1941 жылы таққа отырды. Ол ішінара социалистік және ұлтшылдық көзқарастармен халық есінде қалды. Оның тұсында ел Француз билігінен тәуелсіздігін алып, 1953 жылы Камбоджаның тәуелсіздігі жарияланды. Ал, екі жылдан кейін Тәуелсіздік толық қалпына келтірілгеннен кейін Нородом Сианук тақтан бас тартты. Камбоджаның одан кейінгі тарихы шытырман оқиғаға толы болды. 1975 жылы сәуірде елде төңкеріс болып, билік коммунист Пол Поттың қолына көшті. Поттың коммунистік қоғам идеясы «қызыл кхмерлер» армиясына сүйеніп, «тапсыз қоғам» орнатты. Қала халқын ауылдық жерлерге көшіріп, байларды, зиялыларды, дінбасыларды, бұрынғы үкімет қайраткерлерін қуғын-сүргінге жіберді.  Алайда, Вьетнаммен соғыстан кейін Пол Поттың саяси режимі әлсіреді. Бұл Нородом Сиануктың одақтастарына билікті қайтаруға көмектесті. 1993 жылы елде конституциялық Ассамблеяға көппартиялық сайлау өтті. Ал 21 қыркүйекте жаңа конституция қабылданды, оған сәйкес Камбоджа Корольдігі көппартиялық жүйесі бар конституциялық монархия болып жарияланды. Нородом Сианук 24 қыркүйекте таққа оралды. Бұл оқиғаның мерейтойы - Камбоджаның ұлттық мерекесі, Конституция күні болып белгіленді. 1997 жылы шілдеде биліктің ресми бөлінуінің төрт жылдық кезеңінен кейін Хун Сен нақты мемлекеттік төңкеріс жасап, бір билікті орнатты. 

Камбоджа патшалығы – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ҮндіҚытай түбегінің оңтүстігінде орналасқан мемлекет. Вьетнаммен, Лаоспен және Таиландпен шектеседі, оңтүстігінде және оңтүстік-батысында Сиам Шығанағымен шектесіп жатыр. Астанасы – Пномпень қаласы. Ресми тілі – Кхмер тілі. Халықының 90 пайыздан астамы будда дінін ұстанады. Қалғандары – мұсылмандар мен христиандар. 1994 жылы он төртінші ақпанда Камбоджа патшалығы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнады. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?