Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қайраткер

1393
Қайраткер - e-history.kz

Биыл, 2024 жылы 26 тамызда көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы (1965-1978 жж), саясаткер һәм дипломат Ниязбеков Сабыр Біләлұлының дүниеден озғанына 35 жыл толады. Оның өмір жолы коммунизм құруға құлшынған мемлекетте қызмет етуімен етене байланыста болған кезеңдерде өткен. ХХ ғасырда әлем күрделі жолдармен өзгерді және бүгінгі ХХІ ғасырдағы тәуелсіз Қазақстанда өсіп келе жатқан кейінгі буын ұрпақтары да советтік жүйедегі Қазақстан тарихын өзгеше қабылдайды. Өйткені, тарих ғылымы да өтпелі кезеңдерде жаңаша көзқараспен талдауға бет бұрды. Дербес тұлғаның өзі өмір сүрген кезеңдердегі атқарған істерінің мәнді де мағыналы болуы қоғам тынысымен тікелей байланыста болып, туған жеріне, елінің мүддесіне еткен еңбегімен бағаланатыны шүбәсіз.

Бұл мақалада Сабыр Біләлұлының қолжазбалары арқылы шыққан тегі мен өскен ортасы, отбасына қатысты деректерді ұсынбақпыз. Сабыр Біләлұлының жеке отбасылық архивінде шамамен 1980 жылдарда жазылған «Наша семья и мое детство» деген қолжазбасы сақталыпты (Қолжазба орыс тілінде мектеп оқушысының 12 беттік дәптеріне жазылған, барлық дәптер саны 15).  Сонымен қоса Ы.Жайықбаевқа қатысты деректерді танымал авторлардың еңбектеріне сілтеме жасалды. 

Сабыр Біләлұлы өзінің естелігінде «...Мен екі дүниеде өмір сүргендей болдым. Мен өмір сүрген кезең барлық «сұлулық» пен қайшылықтарға толы шынайы әлем болды. Геоимпериялық объективті заңдарға бағынып, қызмет ету оңай болған жоқ.  Бірақ, менің бала күнімдегі қиялым арқылы жасалған болашақтағы өміріме бағытталған барлық мақсатым – қанағат пен бақыттың айналасында шоғырланып, арманымның нысанасына айналған ҮМІТІМ әрқашан өмірімнің мәні болды»,  деп жазған екен. 

Сабыр Ниязбековтің қолтаңбасы, отбасылық жеке архивтен

Сабыр Біләлұлының шыққан тегі және өскен ортасы

«Адамдар өздерінің әл-ауқатын жақсартуға ұмтыла ма, ғылым заңдарын ашуға ынталы ма, әлде бар әлеуметтік және саяси жүйені өзгертуді армандай ма – барлық мотивтерді тек шындық ұсынуы мүмкін. Олар қиялындағы бақытты болудың үлгісін, өмірден алынған тәжірибе мен ақпарат, білімнің ауқымында синтездейді.  Сондықтан өз жоспарын жүзеге асыруға кіріспес бұрын олар бұрыннан білетін, білмегені жоспардың объектісі бола алмайтын материалдар мен құралдарды ескере отырып қана, өздерінің қиялындағы бақытының үлгісін жасайды. Өйткені адамдарды өздері білмейтін, түсініксіз әлемдердің үмітке жетелеуі мүмкін емес. Сондықтан да адамдардың арман-тілектері өздерінің шынайы өміріндегі ең жақсы үміттері мен ұмтылыстарына байланысты орындалады»,  деп басталыпты Сабыр Біләлұлының «Сары дәптері».  

Қолжазбада туған күні мен жылы туралы былай делінген: «Анамның айтуынша, мен өмірге 1912 жылдың соңғы желтоқсан айында келіппін. Ол кездерде қазақ ауылдарында баланың тууы мен адамдардың өмірден өткен уақыты арнайы тіркелмегендіктен, әр адамның туған күні мен айын нақты айту мүмкіндігі болмаған. Баланың ата-анасы мен отбасының үлкендері ғана тек бала туылған жылдың атын, аптаның күнін ғана есте тұтып, сол бойынша жасын анықтап келген-ді. 

1927 жылы комсомол қатарына қабылданғанда анкетада туған күнімді толық көрсетуім керек болды. Тышқан жылында туғанымды білетінмін, бірақ қай айда, қай күні екені маған беймәлім болатын. Бұл ретте анам мен туған кездегі басқа оқиғаларды еске ала отырып, мен туған мезгілдің ай-күнін шамалауға көмектесті. Анамның айтуы бойынша, мен туғанда біздің әулет соғымға бір қара бие сойып жатқан, екіншіден, осыдан сәл бұрын, қыстың басында Ниязмұхаммед атам қайтыс болып, «саршұнақ» аяз күні жерленген кезі екен. Әгәрәки, жылқыны соғымға аяз басталған кезде соятынын ескерсек, менің туған күнімді желтоқсанның орта кезімен пара-пар келтіре шамалап, 1912 жылдың 15 желтоқсаны деп тіркеу қисынға келеді. Алайда, менің нақты туған күнім осы датаның айналасындағы 10-15 күн не кейін, не ілгері болуы да ықтимал»,  дейді. 

С. Ниязбековтің шежіре тарихын терең білетін аталас туыстарының айтуынша атасының аты Ниязмұхамбет болса керек. Советтік саясаттың салқыны діни ұстанымдар мен дінге қатысты атауларға да тигендіктен, ресми құжаттарға Ниязбеков деп тіркелген. 

2019 жылы «Фолиант» баспасынан «Әулиелер ордасы» үлкен кітап жарық көрген болатын. Онда Ақмола облысы, Астрахан ауданының территориясында заманының озық ойлы «Құтып заман» ғұламаларының жерленгендігі туралы жазылған. Кітап авторы, теолог М. Смағұлов осы әулиелердің шежіресін тарқата келе, Орта жүзден шыққан атақты батылардың бірі, Құланқыпшақ руынан шыққан, «Абылай ханның «кіші батыры» атанған Қошқарбай Сағалайұлының ұлы болған Жақып Молда туралы аңызға бергісіз тарихи оқиғаға тоқталған. Қазақ әдебіндегі «тыйым» ұғымының ауқымы кең және оны бұзуға болмайды. Елге қадірлі адамды қасиетті деу, және оның дуалы азынан сөзге тоқтау жазылмаса да орындалатын Дала Заңы екендігі исі қазаққа мәлім. Қошқарбай батырдың ұлы болып саналатын Жақып Молданың арғы тегін Ашраф қожалардан таратады. Жақып Молданың әйелі Құмай ананы қалмақ қызы деседі. Жақып Молдадан тараған ұрпақтарынан ел басқарған һәм танымал тұлға болған Ыбырай Жайықбаев пен Сабыр Ниязбековті атап өтеді.  Онда «Мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Біләлұлы Ниязбеков (шежіреде Ниязмұхамбет), ол өмір бойы шыққан тегін жасыруға мәжбүр болды»,  делінген. Сабыр Біләлұлының тегін жасыруының бір себебі де Ыбырай Жайықбаевпен туыстығы екендігін меңзейді. 

Ыбырай Жайықбаев (1801-1872) қазіргі Астрахан ауданына қарасты бұрынғы атауы Ақпан, кейіннен Покровка, қазіргі Ақмешіт елді мекенінде өмір сүрген. 1852 жылдан 1868 жылға дейін, яғни 16 жыл бойы Ақмола дуанының аға сұлтаны қызметін атқарған. Аталары Қошқарбай батырдың қамқорлығында болған. Ақмоланың 1850 жылы жеке округ ретінде бөлініп шыққаннан кейін округке 1852 жылдың 8 қазанында аға сұлтан болып сайланған. 

Ыбырай Жайықбайұлы

Сонымен шежіре деректері бойынша Сабыр Біләлұлы Жақып молданың жетінші, Ыбырай Жайықбаевтың бесінші ұрпағы болып келеді. Бұл деректер еліміздің егемендігі арқасында жарыққа шығып жатыр. Сабыр Біләлұлы мемлекеттік қызметте болған кезде, Целиноградтағы Жайықбаевтың ұрпақтары аса сақ болған екен. Рахмет Біләлұлының қызы Астана қаласының тұрғыны Назым әжей: «...Бізге үлкендер жағы Жайықбаевтың атын атамаңдар, Сабырға көп жоламаңдар, әйтпесе Сабыр сотталып кетеді»,  деп сақтандырып отыратындығын» айтқан еді... 

Сабыр Біләлұлының «Некоторые записи» деген қолжазбасында Ыбырай Жайықбаев 1801 жылы Омбы облысы Шарлақ ауданының Ертіс жағасындағы ауылда туғанын, қазақша, орысша білім алғанын және 1855 жылы 23 наурызда Петерборға Шыңғыс Уәлиханов, Аққошқар, Секербайлармен орыс патшасының қабылдауында болғандығы көрсетілген. 

Атасы Ниязмұхамбет (Ниязбек) туралы Сабыр Біләлұлы былай тарқатады: «Атам Ниязмұхамбет екі әйел алған. Бірінші әйелі – менің әжем Ақыш қазіргі Целиноград облысы Қорғалжын ауданының тумасы, Алтай руының ауқатты отбасынан шыққан. Ағасы Көбенов Қуаныш болыс болған, ол 1916 жылы патшаның қазақтарды тыл жұмыстарына жұмылдыру туралы жарлығын орындамай әрі көтерілісшілерге жанашырлық танытқаны үшін патшалық әскери басқармасының әскери сот үкімі бойынша ату жазасына кесілген. Атамның бірінші некесінен менің әкем Біләл мен ағам Михайдар (Мықыш) туған. Ақыш әжем жас кезінде қайтыс болып, соңында осы екі ұлы қалды. Михайдар ағамыз 1932 жылы қартайған шағында қайтыс болды. Соңында ұрпақ қалмады. Бірінші әйелі Ақыш әжем қайтыс болғаннан кейін атам Жайықбайдың шөбересі Шойынбаева Хапизаға екінші рет үйленді. Ниязмұхамбет те (Ниязбек) Жайықбайға шөбере болып келеді. Атамыздың соңғы некесінен Шайза, Фаиза, Зайха, атты үш қызы мен Файзрахман деген ұлы болды. Фаизрахман жастай қайтыс болды, қыздары бой жетіп, тұрмыс құрып, үйлі-баранды болды»,  деп көрсетеді. Сабыр Біләлұлы өз қолымен жазып кеткен ата-тек шежіресінде Ыбырай Жайықбаевпен әке жағынан да, анасы жағынан да туыстығы анық көрінеді. Әкесі Ниязмұхамбетұлы Біләл 1924 жылы қайтыс болғанда Сабыр Біләлұлы 12 жаста болған. 

Әкесі туралы естелігінде мынадай жолдар бар: «Менің әкем табиғатынан сабырлы да салмақты, шыншыл да әділ адам еді. Ол бізді – балаларын өте жақсы көретін, біз де оны бәріміз жақсы көретінбіз. Ол ешқайсымызға ұрсып-зекірмесе де, айғайламаса да, біз әкемізден қорқатынбыз. Анамның кейбір кездегі күңкілін әзілге бұрып жіберетін.  Олардың бір-бірін өзара тез түсінуі ғажап еді, бұл менің ойымша, отбасындағы ынтымақты ортаның орнауына ықпал етті. Біз айрандай ұйыған беймарал ұяда едік.  Әкем қалың қаба сақалды, дене бітімі мықты, шымыр адам болатын. Ол барлық діни рәсімдерді орындайтын өте тақуа, намазын уақытылы мұқият оқитын еді. Әкемнің осындай ерекше келбеті мен ғадеттері есімде жақсы сақталып қалды. Ол ауылдағы орыс тіліне жетік жалғыз адам болды. Әкемнің көзі тірісінде біздің әулет жыл сайын бір «десятина» бидай егіп отырды.

Иә, балалық шақ – адам өміріндегі күнделікті күйбең тірліктен ада, уайымсыз тамаша кезең. Дүниеде не болып жатқанынан бейхабар, ертең не күтіп тұр деген оймен өзімді мазаламай, мен де құрбыларыммен бірге балалық шағымның қарапайым тірлігінде өстім. Айналадағы тұмса табиғаттың сұлулығы, ата-анам мен үлкендердің қамқорлығына еркін кенелген шақ бізге айтып жеткізгісіз қуаныш пен ләззат сыйлаған екен. Әсіресе, жаз мезгілінде табиғат аясында өткізген барлық уақытымыз еркіндіктің не екендігін сездіріп кеткендей болатын-ды. Қандай да бір аңғал көңілмен өмірге деген сүйіспеншілікпен ләззат ала рахаттанып, жалаң аяқ жүгіріп, секіріп, домалап, шөпке құлап, жердің иісін, көк майса шөптің, дала гүлдерінің және таза жусанның хош иісін құшырлана жұтатынбыз. Аптап ыстықта суда балықтай жүзуші едік. Ол кезде үлкен қалалар, зәулім ғимараттар, сәнді сарайлар, электр энергиясы, кино, радио, ұшақ, темір жол, автомобиль туралы ойымызға да кірмейтін. Біз үй жануарларын: бота, құлын, қозы, лақ, бұзау, иттер мен мысықтарды жақсы көретінбіз.

Ұл балалар, жылқыларға жақын едік. Әрқашан аттарды айналсоқтап сылап-сипай жүріп, үлкендерге малды суғаруға, жем салуға, үстін тазалауға жәрдем беретінбіз. Кішкентай кезімде әкем атымен келе жатқанда алдынан жүгіріп шығушы едім, ол мені ат үстінен еңкейе жерден көтеріп алып ердің алдына міңгізетін.  Мен жасымнан атқа мінуге деген құштар болдым. 6-7 жасымда өзім атқа міндім. Рас, бірнеше рет аттан құладым, бірақ тек жеңіл жарақатпен ғана құтылатынмын...

Әкем қайтыс болғаннан кейінгі алғашқы көктемде бізде тұқым да, егін саларлық жағдай да болмады...».

Осы қолжазбада анасының тегі туралы былай дейді: «Анам Сүлейменова Жібекті небәрі 16 жасында ата-анасы өзінен он жас үлкен әкеме (Біләлға) ұзатқан. Анамның әке-шешесі дәулетті болмаса да, текті отбасынан шыққан. Нағашы атам Сүлеймен атақты ағасұлтан Ыбырай Жайықбаевтың немересі болған. Сөйтіп, әке жағынан да, ана жағынан да ортақ Жайықбай атадан тараймыз, мен оның бесінші ұрпағымын». М. Смағұловтың «кезінде тегін жасыруға мәжбүр болған» дегені осы тарихын меңзеген-ді. 

Әкесі қайтыс болған соң, анасы Жібек қазақтың әмеңгерлік жолымен қайнысына (Ниязмұхамбеттің інісінің ұлы) тұрмысқа шығады. Сабыр Біләлұлы 13 жасынан бастап ағасы Рахметпен бірге эстон кулагына жалданып жұмыс істейді. 

«Сонымен менің өмірімде жаңа кезең – балалық шақтан жасөспірімдікке өту кезеңі басталды. Жасөспірімдік деп аталатын бұл романтикалық аралық жас (12-16 жас) әдетте болашақ тұлғаның қалыптасуының басы болып табылады. Балалардың айналадағы құбылыстарға саналы қызығушылығы, білімге құштарлығы оянса, олардың өмірге деген көзқарастары өзгереді. Мен үшін бұл шақ дағдарыс кезеңімен тұспа-тұс келді және катализатор ретінде менің дүниетанымдағы бүкіл процесті қозғады. Барлық ойым мен үшін ең маңызды үнемі бір сұрақтың төңірегінде болды. Ол – менің бүгінім мен ертеңім туралы еді.  Мен туыстарыма ұзақ уақыт тәуелді болмайтынымды анық түсіндім. Ешкімге «масыл» болғым келмеді. Мектепті бітірген соң кәмелетке толғанша қайда барамын, не істеймін деген сұрақтар үнемі санамнан шықпады. Бұл сұрақтарымның ешқайсысына қанағаттанарлық жауап таппадым. Мамандық таңдау мәселесімен де бетпе-бет келген жоқпын, себебі оған мүмкіндік те болған жоқ. Тек қана неге сенуге болады және неден үміттенуге болады деген сауалдар ғана санамды билеп алған еді. 

Мен болашағым үшін көп ойланатынмын, өз өмірімді түрліше елестетіп, ойша сараптайтынмын. Олардың ішіндегі ең шынайысы жалдамалы жұмысшы болу еді. Өмірдің дәл осы шынайы тұсы жанымды жегедей жеп, біреуге тәуелді болу қиямет сезімін сеуіп, көңіліме мұң ұялататын. 

Әсілінде, адамның арман-тілегі өзінен өзі «сиқырланып» орындала бермейді ғой. Арманның өзегін тек өмір ұсынуы мүмкін». 

«Мұғалім болсам» деген арманы кездейсоқ ойдан туындамаған сияқты. 

 ***

Қазан төңкерісінен кейін, ел ішінде большевиктер өкіметі орнаған кезде «Өрнек» ауылына жақын орналасқан «Өндіріс» ауылында 1922 жылдан төтеше оқытатын мектеп ашылған. Онда бірінші Атбасарлық татар Ешберген ұстаз болған екен. Атқамінерлер шыдатпаса керек. Сабыр Біләлұлы 1924 жылы «Өндіріс» ауылының бір бөлімшесі «Төбе» деген жерде Тілеуғабылов деген мұғалімнен мұсылманша сауатын ашып, оқуды бастайды. 

Сабыр Ниязбеков

Балалық шағының осы кезеңін Сабыр Біләлұлы былай деп еске алады: «Өз армандарының үлгісін құрастырмас бұрын, әркім өзі таңдаған жолдың бұралаң-қалтарыстарын шындықтың көрінісі ретінде сезіне отырып, болашағын алдын-ала елестету кезеңінен өтуі керек. Әркім өз өміріндегі көрген-білген, түйген тәжірибесін пайдаланып харекет етеді, Алайда, болашақты армандау арқылы адам қайраттанады, нақ осы тұстағы қайғылы да келеңсіз көріністерді оптимистік мінезбен жеңеді екен. Кейде қиял жетегінде кетіп, әуедегі зәулім сарайлардағы шат-шадыман өмірде өзімді әртүрлі рөлде, бақытты адам ретінде елестететінмін. Дегенмен, мен үшін ең құрметтісі мұғалім болу болатын. Бірте-бірте менің өзіме сенімін оянып, мұғалім болуға шындап бет бұрдым. Бұл таңдауым кездейсоқ емес еді.

Өйткені, өздеріңіз білетіндей, бірде-бір тілек, бірде-бір арман, тіпті қиялдағы ең ғажайып арман да бекерден бекер тумайды. Бәрі айналадағы шындықтан бастау алады. Ол кезде ауылды жерлерде дәрігер, агроном, малдәрігері, механизатор деген мамандықтың иелері тіптен болмайтын. Зиялы қауым өкілі тек мұғалім болатын. Заман ағымына қарай адам өмірден көргенімен немесе оқыған кітабындағы оқиғалармен қиялына қанат жалғайды». 

Осы орайда, алдымдағы арманымда қолыма қалам ұстатқан алғашқы ұстазым Тілеуғабылов пен кейіннен оқуымды жалғастырған кездегі мұғалімім Тауфиковтың жан дүниесі ерекше әсер етті. Мен оның үйінде тұрып оқыдым. Ол маған нағыз ұстаздың шынайы үлгісін көрсетті. Әдептілігін, сабақ беруін, оқушыларға қалай қарайтынын зерттедім, тіпті каллиграфиясына дейін еліктеп, араб қарпімен әдемі жазуды үйрендім. Мен ұстазымның ұстанымын, мінез-құлқын, мектепте де үйде де өзін қалай ұстайтынын, сабақты қалай түсіндіретінін, оқушылардан лайықты тәртіпті қалай талап ететінін көріп жүріп, оның бар болмысын өзіме мұқият үлгі тұттым». 

***

Бұл дәптерінде Сабыр Біләлұлы өзінің өткен өміріне көз жібере отырып, бүгінгі күнмен біздің көз алдымызға бір ғасыр бұрынғы болған жағдайларды сипаттап отыр. Ол өз кезегінде сыртқы әлем туралы түсінік пен білімнің шектеулілігін, үлкен қалалардағы өмір сүру дағдыларын білмегендігін айта келіп, осыдан барып туындаған дағдарысты жеңуге талпынған жастық шағына ерекше толқи отырып оралады.  Сондықтан да болар, бұл естелікке бүгінгі күннің тұрғысынан қарайтын болсақ, ол сол кездегі жағдайын әсте драмаландырып жіберген сияқты болып көрінуі мүмкін екендігін ескерте келе, бұның себебін әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың туындауымен байланыстырады. ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс отарлаушылар тарапынан геополитикалық заңдылық тұрғысынан туындағаны айтпаса да түсінікті. 

«Ауылда өндіріс құралдары мен малға жеке меншік сақталды. Халық арасында экономикалық теңсіздік күрт байқалды. Кедейлердің, әсіресе жарлы-жақыбайлардың өмірі қиындап кетті.  Кейбіреулер малшылыққа жалданып жұмыс істеді, кейбірі мәңгілік мұқтаждықта азапты өмір сүруге мәжбүр болды. Мен бұл екі қатарға да ілікпеудің жолын іздедім. Өндірістік кооперативтер немесе құрылыс кәсіпорындары жоқ ауылдар тек тосқауылдар мен тұйыққа тірелген жолдар сияқты еді. 

Осындай жағдайда жетім баладан есейіп келе жатқан менің бойымда адамның туа біткен таңғажайып қасиеттерінің бірі дұрыс ой ойлай білу және кез келген қиын жағдайда бақытқа жетуге болады деген өмірге құштарлық бар еді. Дегенмен, шынайы өмір барлық сүйкімділігімен қоса қарама-қайшы қатал заңдылықтарға толы екендігін түсінген сайын мен кейде армандар әлемінен шегінетін кездерім де болатын. Ондайда, бүкіл әлемде жалғыз қалғандай күй кешетін кездерім аз болған жоқ...

Кім біледі, бәлкім 10-15 жылдан кейін дүниеге келсем, мүмкін әлемге, болашағыма басқаша қарайтын ба едім? Менің «Мұғалім боламын» деген жалынды тілегім орындалмаса да, өмірімнің барлық тұстарындағы еңбек еткен жолымда пайдалы рөл атқарды».

***

Бастауыш сыныптан соң, 1926-1927 оқу жылын Есіл болыстығының орталығы «Қарабай» деген жердегі жетіжылдық мектебінде жалғастыруға Тауфықұлы Қазез қамқорлық жасаған. «Қарабай» жетіжылдық мектебінің директоры Құрманов Мұсабек Тауфиков Қазездің досы болғандығы және бұл мектепте сабақ берген мұғалімдер Мирсағитов Ғазез бен Нағаева Ағла, Құрмашев Ғалымжан Шәкірзиянұлының аттары С. Ниязбековтің естелік дәптерінде баяндалған. Оқуын Ақмола қаласындағы алғашқы жәдидтік мұсылман мектебінде жалғастырды. Бұл жәдидтік мұсылман мектебі 1907 жылы Ақмолада көпес Баймұхамбет Қосшығұловтың қаражатына ашылған. 

Жәдидизмнің ықпалымен мұсылман мектептері зайырлы пәндерді енгізе бастайды, сонымен қатар Құран мен басқа да пәндерді жаңа тұжырымдамалық әдіспен оқытуға негізделген сауатты оқытуға арнайы дайындалған мұғалім оқытуы керек болды. Сондықтан Уфа губерниясының Мұсабай-Завод ауылынан, Орынбор семинариясын бітірген атақты татар мұғалімі Ғалымжан Шәкірзянұлы Құрмашев (1886-1939) 1909 жылы осы мектепке зайырлы пәндерден сабақ беру үшін оқытушы болып келген. Ғ. Құрмашевтің күш-жігердің арқасында Тайтөбе, Майбалық, Ерементау елді мекендерінде, Атбасар қаласында ауыл мектептері ашылды. Ол қазақ елінің көптеген танымал тұлғалары Рахымжан Кошкарбаевты, Талғат Бигелдиновті, Сабыр Ниязбековті, Жұмабек Ташеневті, Ілияс Есенберлинді оқытты. 

Ғалымжан Шәкірзиянұлының екінші әйелі атақты молда Қарабек Байбековтің қызы Әсма да мұғалім болған. 

С.Б. Ниязбековтің жеке іс парағының 17 пункітінде білімі жетіжылдық деп көрсетілген, яғни жетіжылдық мектепте 1922-1927 аралығында оқып, бітірген. 

1939 жылы ақмолалық Рауза Сабыржанқызымен шаңырақ құрды. Сабыр Біләлұлының жары Ахметова Рауза Сабыржанқызы 1918 жылы Ақмола қаласында ағаш шеберінің үлкен отбасында дүниеге келген. Ата-анасының шыққан тегі Қазан татарлары, 14 баладан 6 қыз, 2 ұл бала тәрбиелеп өсірген, жеке шеберханалары болған. Өздеріне ағаштан ойық ойып, сәндеп үй салған. Айтуларынша қазан төңкерісіне дейінгі патша заманында тұрмыстары өте жақсы болған, Рауза Сабыржанқызының Михаят және Омар деген екі ағасы болған. Омар шыққан тегіне байланысты репрессияға ұшыраған. Рауза Сабыржанқызы қалалық дәріхананың кассасында жұмыс істеп жүрген кезінде 1939 жылы Сабыр Біләлұлына тұрмысқа шығады. Алайда неке куәлігін Қостанай қалалық ЗАГС-те 1946 жылы 20 тамызда 577 нөмірмен тіркетіп, фамилиясын Ниязбекова Р.С. деп өзгерткен. 

Аида Сабырқызы 1941 жылы Қарағанды қаласында туған. Қарағанды медициналық институтын бітірген соң Мәскеуде аспирантурада оқыған. Медицина ғылымдарының кандидаты, Мәскеу қаласында тұрды. Жолдасы Сергей Лапинмен бірге Шмидт атындағы неврология институтында дәрігер болып ұзақ жылдар қызмет атқарды. 2022 жылы тамыз айында қайтыс болды. Қыздары: Елена Сергейқызы – кардиолог; Наталья Сергейқызы Мәскеу инженелік-физика институтын бітірген. 

Саида Сабырқызы 1943 жылы туған. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетін неміс тілінің оқытушысы мамандығы бойынша бітіріп, осы кафедрада оқытушы болып жұмыс істеген. Филолгия ғылымдарының кандидаты. Қазір зейнеткер. Алматыда тұрады. Қызы Бақанова Айгүл Шәмілқызы (1970 ж.т.) суретші, Абай атындағы ҚазПУ-дың сурет факультетінде оқытушы. 

Баян Сабырқызы 1946 жылы туған. Мәскеудегі Менделеев атындағы химия-техникалық институтын бітірген, техника ғылымдарының кандидаты. Мәскеу қаласында тұрады.

Айман Сабырқызы 1949 жылы туған. Химия ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқытушы болған. 2017 жылы қайтыс болды. Айман Сабырқызының қызы Махметова Жәмила Рахметқызы (1980 ж.т.) ағылшын тілінің маманы, ҚазҰУ-де оқытушы. 

Сабыр Ниязбеков 1989 жылдың 26 тамызында дүние салды. 29 тамыз күні Алматы қаласы жанындағы «Кеңсай І» зиратында жерленген.   

Сымбат Ахметова, саясаттану ғылымдарының докторанты

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?