Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жамбы ату – жауынгерлік өнер

1151
Жамбы ату – жауынгерлік өнер - e-history.kz

Қазақ танымындағы жауынгерлік-мергендік өнер жамбы атудың тарихы мен этнографиялық маңызы хақында баяндау үшін оның ежелгі дәуір бедерінде қалдырған деректі іздеріне үңілген дұрыс. Яғни жамбы ату көне жазбаларда «шеңбер ату» немесе «доп ату» деген ұғымда түсіндірілген екен. Мысалы, ғұн, қидан дәуірі кезінде сайыстың бұл түрін «доп ату» деп атапты. Бұл сайысты жүргізудің тәсілі – 40 оқбойы қашықтыққа арасы 20 оқбойы болатын аты адамның бойына шақ бір қатарға үш биік сырық орнатады. Сырықтарға нысана допты, яғни жамбы орналастырады. Жамбыны сырықтың басына қадап қоюға немесе арнайы көлденең ағаш орнатып оған салбыратып іліп қоюға да болады (Боғда батырдың жорығы. Хайлаар. 1985. 291-б). 

Орыстың танымал ғалымы, ежелгі көшпенділердің соғыс өнерін зерттеген оқымысты, әрі ерте дәуір қару-жарағының ғылыми-тарихи болмысын жаңғырушы шебер М.В. Гореликтің еңбектерінде ортағасырлық көшпенділер арасы 20 метр қашықтықта орналасқан биіктігі атты адамның бойымен бірдей биік сырыққа байлаған 3 немесе 4 нысананы атпен шауып келе жатып, ағаш жебелі қысқа садақпен ататыны айтылады (Горелик М. В. Оружие Древнего Востока. IV тысячелетие — IV век до н. э). Міне, біз сөз етіп отырған жамбы атудың негізі осы. 

Демек, жамбы атудың тарихы тым тереңде жатыр. Оның пайда болу мерзімін тарихшы-ғалымдар б.з.б. ІV-ІІІ ғасырлар үлесіне жатқызып жүр. Зерттеушілердің пікірінше, көшпенді Ғұн ұлысы алғаш рет садақшылар (мергендер) қосынын дүниеге келтірген. Қытай жазбаларында ғұндар көсемі (тәңірқұты) Мөденің үш мың мерген садақшысы болғаны жайлы дерек айтылады. Ат үстінен садақ ату дәстүрі көшпелі ғұн империясы заманында жақсы жолға қойылғаны анық. 

Бәйтеректің басына 

Жамбы байлап аттырды, 

Тіллә керней тарттырды. 

(Қисса Нәрікбай – Шора: Майкөт – Ә. Сариев нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  45-том. 160-б).

Хан тағы жарлық қылды жұртын жиып,

Екі жұрт бір қыз үшін жанын қиып. 

Жамбы аттырам деп сонда бәйгі қылып, 

Бір қарағай орнатты тіптен биік.             

Ол жерге тағы келді ел жиылып, 

Құдайға бір қыз үшін көп сиынып.

Қалтаға ат басындай алтын салып,

Қарағайдың басына қойды іліп.

(Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  52-том.166-б).

Бастады Сары батыр және тойын, 

Жылқы мен сойды әкеліп жүздеп қойын. 

Жамбы ату, балуан күрес және көкпар,

Басқа да сауық-сайран болды ойын

(«Жапал батыр мен Таңшебер қыз» дастаны: Әбділла Тұтқышұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 128-б)

Моңғол тарихшысы Гонгоржавтың 1982 жылы Ұланбатырда жарық көрген «Ертедегі көшпенділердің садақ ату сайысы» атты еңбегінде: «Доп (жамбы) ату сайысы – ежелгі ғұн, жужан, сянбилерден жалғасып келе жатқан өнер. Бұл сайысты мергенмен қатар аттың да атқарар рөлі көп. Жужандар мергендік сайыста жеңіп шыққан адамға оғы жерге түспейтін «Дэ удай» мерген деген атақ берген. Бұл сайысты кидандар да мемлекеттік мерген сыналту бәсекесі ретінде жүргізген», – деп жазады. 

Жоғарыдағы доп ату тәсілі қай жағынан алып қарасақ та, қазақтың «жамбы атуы» стилі екені анық. Яғни, біздің бабаларымыз садақ ату өнерін жетілдіріп, мергендерді баулу үшін осы жамбы ату стилін басты қажеттілік ретінде таңдап алған деген тұжырым жасауға негіз бар.

Моңғолдың «Құпия шежіре» атты көне жазбасында, 1225 жылы Шыңғыс қаған Хорезмді толық бағындарған соң «Бұғылы-шашақ» дейтін жерде ұлан-асар той жасап, ат жетер жердегі мергендерді шақырып, сайыс өткізгені туралы айтылады. Осы сайыста Есей мерген 335 құлаш (502 метр) жердегі нысана-жамбыға оғын дәл тигізгені жайлы дерек болса, 1221 жылы Мұқылайдың ордасында болған оңтүстік қытай елшісі Жао Хун «Татарлар туралы жазба» атты сипаттамасында: «Татарлар (көшпенділер) садақты ағаштан жасайды. Оны кіріске тартқанда бір ши (29, 960 кг) қуат жұмсайды» дей отырып, өзінің жамбы ату сайысына куә болғаны туралы айтады. Оның жазуына қарағанда, сайысқа іріктелген 20 атты мерген қатысқан. 40 оқбойы қашықтыққа арасы 20 оқбойы болатын биіктігі адамның бойына шақ келетін үш сырыққа доп-жамбы орналастырады. Үш оғы тиген мерген жамбыға ие болғаны баяндалады. 

Жамбы ату. Қоңыр Мұхамәдиевтің жаңғыртпасы

 

 

Сырық басындағы жамбыны ату. Қоңыр Мұхамәдиевтің жаңғыртпасы

Ежелгі мәмлуктерде де жамбы атудың негіздері болғаны туралы танымал деректанушы – ғалым Қайрат Сәкидің еңбектерінде кездеседі. Мысалы, олардың ат үстінде садақ атып сайысатын «Бурджас» атты шеберлік сынағы болған. Мысыр сарбаздары биіктігі жылқының шоқтығымен қарайлас діңгек ағаштың ұшарына дөңгелек темір шеңбер орнатып сол шеңберден шауып келе жатып садақ оғын немесе найза лақтырып сынасады. Бұл шеңбер сайыскерлердің шеберлігіне қарай әртүрлі үлкен-кіші пішінде болады. Ең мықты мерген садақ оғы еркін сиярлық кіші шеңберден оқ өткізеді екен. Бір ескеретін дүние, мерген нысаны көздеп тура ататын болған. Яғни бұлай ату үшін нысанның биіктігі мен мергеннің ат үстіндегі отырысы бірдей биіктікте болуы шарт екен.

Жамбы атып жатқан мәмлүк сарбаздары. ХІІІ ғ.

 

Яғни мысырлықтарға жамбы ату өнері көшпелі қыпшақтар арқылы барғаны анық. Оған дәлел өз заманында тарихтың атасы саналған әл-Мақризидің (1361-1451) жазбаларындағы деректерге сүйене отырып шығыстанушы ғалым Қайрат Сәки мырза: «Орта ғасырда Мысыр мен Сирияда патшалық тұрған жүйе шын мәнінде  түркі-қыпшақ билігі болатын» (Қайрат Сәки. Ер қаруы – бес қару. – Астана: Фолиант, 2020. – 7-бет) десе, дәл осындай деректі атақты тарихшы әл-Айнидің (1361-1451) еңбектерінен де кездестіреміз. Бұл ғалым «Түркі (қыпшақ) мемлекетті Мысыр жерінде құрылып, кейін Шам, Алеппо, Евфрат дариясына дейінгі аумақтар және Жерорта теңізі жағалауындағы қала-қамалдар бағынышты болды» депті. 

Жамбы ату өнері жайлы біздің төл әдебиетімізде де көрініс тапқан. Мысалы, үлкен жазушы Iлияс Есенберлин 2004 жарық көрген «Көшпендiлер» тарихи триологиясының екінші томы «Алмас қылыш» кітабында: «Хақназар мен Ақторғынның қосылу тойы бүгін таңертең басталған. Күншығысын қалың әскер қаптап, үрейленіп қалған Сарайшық бір түнде түлеп шыға келді. Қыз-бозбалалар жаңбыр жуған қызғалдақтай құлпыра қалған. Керуен сарайлар, қала аулалары ән-күйлі, ойын-күлкілі думанға толып, екі жақтың әскерлері бейбіт бәсекеге шығып, әр жерде сайыс, күрес, көкпар, жамбы ату ойындарына кірісті» деп суреттейді.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?