Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ХХ ғасыр басындағы әдеби өмір (тарихи шолу)

1106
ХХ ғасыр басындағы әдеби өмір (тарихи шолу) - e-history.kz

Қазақ тарихындағы тұңғыш әдеби кеш Абайға арналған. Иә, бас ақынның құрметіне арналып Семейде алғаш рет (1913) педагог, журналист, Алаш қайраткері Нәзипа Құлжанованың ұйымдастыруымен өтеді. Содан кейін әдеби кеш ұғымы қалыптасып, жылма-жыл түрлі кештер өтіп жататын.

Әдеби кештер қалай өтті? Әдеби кеш Семейден басқа қай жерде өтті? Әдеби кештердің мақсаты қандай еді? Міне, осындай сұрақтарға жауап іздеп жүріп, ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінен таптық («Айқап» журналы, «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттері). Ендеше, сол жауаптарды бірге қарайық:

1. ТОРҒАЙДА ӘДЕБИЕТ КЕШІ

Осы январьдың 1-інде Торғайда қазақша әдебиет кеші жасалды. Басқарушы учитель Ғұмыр Алмасов болды. Кештегі жиналған ақшаның 20% соғыстан жараланған солдаттар пайдасына, қалғаны мұқтаж оқушыларға берілмек еді. Ойын болған үй тарлық қылып, келген жұрттың көбі билет ала алмай қайтып кетті. 

Ойынды жиылғандар асығыстықпен күтіп отырғанда, перде көтерілді.

Кештің тәртібі былай еді:

І бөлім

Әдебиет кеші туралы Қосмұхамед отағасы Жабағиннің баяндама сөзі.

Қазақ тұрмысынан Торғайдың оқыған жастарының бірі жазған бір перделік пьеса.

Ойнаушылар:

1) Үй қожасы Тайшыбек – Ғұмыр Алмасов.

2) Қонақ Есқұлы – Уәлихан  Қаратаев.

3) Учитель – Керім Тоқтабаев.

4) Қарақожа – Юсүп Темірбеков.

II бөлім

1) Сейдахмед пен кедейлік айтысқаны: Байқадам Қаралдин һәм

Қосмұхамед Жабағин.

2) Ақын. Домбырамен терме – Мұқаш Айнабеков.

3) Таза бұлақ (декламация) – Юсүп Темірбеков.

4) Қосылып айту «Шатыр» өлеңін – әйелдер һәм еркектер.

III бөлім

1) Жанақ пен баланың айтысқаны: Қаратаев һәм Ғалым Тоқтабаев.

2) Мұжық пен түлкі (үлгі сөзі) – Ғ.Алмасов.

3) Ақын домбырамен ән салды – М. Айнабеков.

4) Қосылып айту – әйел һәм еркектер.

Перде көтерілгенде, алаңда тігулі Тайшыбек байдың салтанатты киіз үйі көрінді. Сол мезгілде Қосмұхамед отағасы шығып, «Әдебиет» деген не нәрсе? Біздің қазақта қалайша басталған, бастап жол салушы кім? Мысалы, бұрынғы ақындардан бастап келіп, ақырын Ыбырай мархұм Алтынсаринге әкеп тіреп, осы күнгі үлгі етіп ұстарлық адамдар Ахмед Байтұрсынов,  Міржақып Дулатов, бұлардан басқа жас талапкерлерді қосып, мұнан соң да әдебиетімізді гүлдендіруші осылар деп, бірнеше мысалдар келтіріп, әдебиетпен таныстырды. Мұнан кейін бір перделік пьеса ойналды. Мұнда: штат, дау-жанжал жайын, оқу турасында; Қарақожаның бала оқытуы; ескі-жаңа тәртіп деген сөздер қозғатылды. Учитель қожаға қарсы келіп, ел алдағанын, орынсыз дәрігер болғандығын, сол себепті қазақтың надандықта қалғандығын көрсетеді.

Мұнан соңғы перделеріндегі тәртіппен көрсетілген өлеңдердің бәрі де

өте қолайлы шығып, халық артықша риза болды. Ақсақалдар, жұрт ағасы кісілер ойнаушы жастарға алғыс айтты.

Мұғалім Юсүп Темірбеков. 

«Қазақ», 1916, №166.

2. АТБАСАРДА ТЕАТР

Осы январьдың 6-сында Атбасар қаласында хакімнің рұқсатымен общественный собранияда қазақ жастары қазақша театр ойнады. Басшылық қылушы – Садық мырза Мешенбаев. Қазақша лайықты театр кітабы болмағандықтан, театрға арналып жазылған болмаса да, оқыған жастар Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын» өзгертіп, соны оқыды. Ойыннан өнген ақшаның жартысы соғыс пайдасына, жартысы мұқтаж оқушылар пайдасына берілмек еді. Барлық түсім 513 сом 83 тиын болды.

Бұл кеште жиылған топқа қымыз, шай беру қызметтерінде тұрғандар: Үкі Жаманова, Айша ханым. Осындай өзге қызметтерін басқарысқан Шермұхамед молла Темірбеков, Досан Сейсебаев. Бұлардың көмегінде болған крестиаянский начальник һәм следовательдің қатындары, Сара ханым Бағданова һәм басқалар.

Әр түрлі жәрдемдерінде болған мырзалар: Омарбек Жанайдаров, Әсет Жанбаев, Әділбек Майкөтов, Қорғанбек Нұрымов, Әлен Жылқыайдаров Жұмағұл Мырзанбетов.

Ойнаушылар 25 кісідей болды. Жігіттерден: Қазыбек, Әбушақман, Әжімұхамед, Асанқожа, Жабағы, Тәлти, Қаскен, Сейітжан, Асқар, Омар, Рамазан, Мұхамедия, Әбухасан, Әбділқадір, Балмұқан, Мұртаза һәм Дүйсен. Әйелдерден: Шарифа Жаманқызы, Айкен Яқұпқызы, Хадиша Досанқызы, Майдашаш Жабайқызы, Жами ханым Майкөтова, Мағрипа Ыбырай жамағаты. Әйелдерге басшылық етіп жүрген - Әліш ханым Мешенбаева.

Мұндай пайдалы іске көсемдік қылушы Садық мырза һәм оның қошаметінде бірге қызмет етуші мырзаларға һәм қыз-келіншектерге тәңір жарылқасын айтамыз. Бұл іс өзге қалалардағы қазақтарға да өнеге болғай еді деп тілейміз.

Бұл ойынға тамаша көру үшін келгендер өте риза болып тарқасты. Халық көп жиналған еді.

Дүйсен Шопанов.

«Қазақ», 1916, №166.

3. ӘДЕБИЕТ КЕШІ

11 апрел күні Оренбургта шаһар театрында он протсенті жаралы әскерлерге берілу шарты мен Оренбургта «Оқытушыларға жәрдем жәмғиаты» пайдасына әдебиет кеші жасалды. Кешті жасаушылар мұндағы ноғай, қазақ жастары.

Кеште халық тіпті көп болды. Билет ертеден сатылып бітіп, орын жетпегендіктен бірталай адамдар қайтып та кетісті. Оренбургтың өз мұсылмандарынан басқа, маңайдағы елдерден де әдейі келушілер аз болған жоқ. Оренбург театры ғұмырында көрмеген күндік тартқан бәйбішелермен тамақты отағасыларға ең қадірлі лужаларынан орын берді.

Кеш сағат 9 шамаларында басталып, бірінші пердеде ноғай шәкірттері Тоқаевтың «Туған тіл», Сейд Рамиевтің «Сіздер» деген өлеңдерін хормен жырлады. Оның артынан екі кісі мандалина һәм скрипкамен бақұртша «Сақмар» күйін тартты. Бұлардан соң қолына сырлы домбырасын ұстап алаңға ардақты «Арғын» (А.Б.) ақын қыз» деген әнге салды. Халық бұл әнді теп-тегіс ұйып ықыласпен тыңдады. Бұрын олай-пұлай шала білетін адамдардың өзінен естіп, қазақ атын кемсініп жүрген бірсыпыра адамдарға шейін ықыласпен қол шапалақтап, «бис!» қышқырып қайта шақырып алды. Тек артқы жақтағыларға домбыраның дауысы талып жетіп, ашық естілмеді. Онан соң екі кісі шығып, қара қарсы Тоқаевтың «үйлену түгіл сөйлену» деген өлеңін айтты. Оның артынан Хұсайнядағы қазақ шәкірттерінен он шақтысы қосылып «Ахау Семей» һәм «Қобақан» әндерінен салып, А.Б.-тың «Қазақ қалпы» деген, Ғ. Қарашевтың «Бар еді қазағымның оңған күні…» деген өлеңдерін айтты. Бұлардың ішінде бір екі бала үміт қылғаннан артық ашық дауыстарымен театрды жаңғырықтанып жіберді. Алдында жүрексініп жүрсе де, алаңға шыққан соң аруақ көтергендей ашылып кетті. Бұлардың артынан 12 жасар бала «Боланы» шығып, «Кслефон»-да ноғайша «жамғиа» һәм «Бала Мешкин» күйлерін ойнаған соң, махдұм әпенді Ғ. Тоқаевтың «Тіленші» деген өлеңін дикломироват етеді. Сонымен бірінші перде бітіп, антрактан кейін «Деншик ғылми» деген пиеса ойналды. Мұны ойнаушылар ғұмума, жақсы шығарды. Әсіресе Ғали рөлін ойнаған F. Мутин әпенді келістірді. Бұл біткен соң ан- тракт артынан үшінші перде басталды. Қылды музыка орекстрі «Ғабрахман» һәм «Екі бесті арасы» деген ноғай күйлерін ойнады. Оның артынан Кашев һәм Ғаболла әпенділер «Ашқазари» атына салып, «Қаратау» деген өлең айтты. Оның соңынан қажы Ибраһим әпенді шығып, «Ақигит» деген башқұртша ертегі айтылды. Қажы Ибраһим әпендінің сөйлеуі бек келісті болса да, тым ұзынырақ болып халық жолығыңқырады. Онан соң тағы да «Арғын» ақын шығып «Кәмшат бөрік» атын салды. «Арғын» артынан қазақ ханымдарынан

Ғанижамал Дулатова һәм Жаңыл ханым Қадырбаевалар шығып «Білім-ай», «Кәндірғазы» аттарына салып өлең айтты. Бұларды халық қол шапақтап қарсы алды. Өлеңдерін ықыласпен тыңдап, соңынан «бис!» қышқырып, қайта шығарды. Бұл ханымдар екеуі де қазақша үстеріне айнала етегіне алтын оқа ұстаған бешпент, бастарына үкілі тақиа киіп шықты. Ханымдар бұрын мұндай топ алдында алаңға шақпауларына қарамай, көңілдегідей шығара алды. Мұнан бұрынғы мұндай әдебиет һәм шарық кештерінде мұсылман әйелдері шығып, өз мәлі күйлерін өз ауыздарынан естіргені жоқ еді. Бұл жақтан бәйгені осы жолы біздің ханымдар алды. Ханымдардан кейін «Боланы» әпенді қоңыраулармен бір-екі башқұрт шығып, біреуі сыбызғы тартты, біреуі оған қосылып өлең айтты. Сонымен перде түсіп, антрактыдан кейін 4-нші перде басталды.

Уақыт тар қалғандықтан бұл қысқартылды. «Боланы» әпенділер мандалина һәм гитарада ноғайша күйлер ойнаған соң тағы да Ғанижамал һәм Жаңыл ханымдар шығып «Ахаулашын, майда шашым» әніне салып, М. Дулатовтың «Айырылу» деген өлеңін айтты. Бұ жолы да халық ықыласпен тыңдап, соңынан «бис!» қышқырса да, уақыт тарлығынан байағы башқұрттар сыбызғы ойнап, кеш айақтады.

Ғұмыма қарағанда кеш көңілдегіден кем шыққан жоқ. Ноғайшасы болсын, қазақшасы болсын жақсы шықты. Әсіресе кешке рух беруші әлгі ханымдар болды: сондықтан оларға жақсы ойнауларымен құтты болсын айтып, рахмет оқимыз.

«Қазақ». 1915, №119.

4. ОМБЫДА ӘДЕБИЕТ КЕШІ

15-нші апрелде Омбыда әдебиет кеші жасалды: орысша, қазақша һәм ноғайша үш бөлім болды. Алаңда қазақ үйі тігілді. Үй алдында Орымбай һәм Тоғжан ақын болып оқушы жастардан Мұқтар Саматұғлы һәм Шайбай Иманұғлы қолына домбыра алып айтысты. Мұнан кейін осы екі жігіт мынау әндерге салды: Қаракөз, Майдақоңыр һәм Көзімнің қарасы. Соңғы әнді Шайбай әдемі салды. Бұлардан кейін ел бозбаласынан бір-екі жігіт ән салды. Бір қазақ шалы домбырамен күй тартты. Жай өлеңдер де айтылды. Қазақ өлеңдеріне тыңдаушылар өте риза болып, қол шапалақтады.

Алаңдағы үйге келем, көрпе төселіп, жасау жиылған еді. Омбыдағы қазақтардың қыз-келіншектері сырлы шарадан сапырып қымыз құйып беріп отырды.

Ноғайша бір перделі «Ерім қайтты» деген комедия ойналды. Ноғай қыздары өлең айтып, өз ретінше көркем шығарды. Тамашаға жиылған халық көп болды.

Бекмұхамед Серкебайұғлы. 

«Қазақ», 1915, №122.

5. ӘДЕБИЕТ КЕШІ

(ТОМСКІДЕН)

Өткен февралдің 19-нда Томда «Тарқиун ислам» жамғиаты әдебиет кеші жасады. Әуелгі бөлімі қазақ тұрмысынан алынған: қазақ үйінің іші, адамдарының келбеті, киім реті, қазақ салтанаты. Төр алдында қонақтар малдас құрып, қымыз үстінде үй отағасымен қызық әңгімеге кіріп, дуласып отырғаны. Ақ жаулықты, келбетті, жүріс-тұрысы маңызды бәйбішесі сары тегенедей сары айақпен қымыз құйып беріп отыр. Төсек алдында жаңа түскен жас келіншек, сәукелесі басында, қайын сіңілісі қасында. Ұзындығы кез сәукеле, етегінен төгілген маржандар алтын-күміс жарқыраған тенгелер, қатар-қатар ойу салып тізген меруерттер қызылды-жасылды болып алыстан қараған кісінің көзіне шағылысып таңырқарлық тамаша көрінді. Қонақтың қасындағы ақыны домбыра шертіп, күй тартып сүйсініп тыңдайтын қазақтың белгілі әндерін шырқап салды. Мұның артынан төрт жігіт скрипка, гитара, мандалинаға қосылып ән салды, қазақша салынған өлең-әндер: «Мақпал, Балқадиша, Әлди бөпем», күйлер: «Шырмаулат, Жайау Мұса» болды. Ставкада ұлығ дәрежелі әскербасы һәм бүтін штаб алдында шакрлік дұғасы оқылды. Пржемишл Австрияның күшті қорғаны еді. Мұнда біздің әскер дәл алты ай соғысты, ақырында шыдатпай алды. Бұл біздің әскердің мақтанарлық жолды іс болды. 10-ншы мартта соққан жоғарғы әскербасы штабынан телегра- мына қарағанда, Пржемишл қорғанының коменданты (бастығы) Кусманк қорғанында сөзсіз беруге риза болған. Оның айтуынша қорғанда қолға түскен әскер саны: 9 генерал, 93 штаб афисер, 2500 обер-афисер һәм шиновнік һәм 117 мың салдат. Біздің әскер қорғанға кіріп, бекіне бастады. Тұтқындардың есебін алуына һәм өзге олжаларды есептеп, атқылауға кірісті.

Бұл көріністер таңырқарлық тамаша демесең де, шамалы көңілдегідей өтті. Ойынның екінші һәм үшінші бөлімдерінде біздің қазақ тұрмысынан алған секілді, башқұрт, шеркеш жұрттарының тұрмысынан үлгі көрсетеді. Ноғай тілінде камедиа ойналды «Күйеу іздеу» деген. Ноғайша жалғыз шығып, өлең айтқан ақында болды, қосылып та әнге салысты.

Жиылған халықтың көбі ноғай: еркек, әйел аралас. Бар түсімнің 20%-і Карс мұсылмандары пайдасына беріліп, өзгесі жамғиат тәрбиесіндегі русша-мұсылманша мектеп пайдасына қалды. Расходын шығарғанда таза пайда 317 сом 38 тиын болды. Әдебиет кешінің бұл көргеннен өзге қанша пайдасы барлығын ойланған адам білер. Осыларды көріп отырып, бізде неге жоқ деп арман қыласың.

Студент Ғ.А.

«Қазақ», 1915, №112.

Өткен февраль 26-да болған мәуліт мейрамында «Медресе Мухамадиеде» Ғали жанаб Байышевтардың һаматіменен мәуліт шарифы өте сәулетті болып өтті. Кеш медресе әртүрлі фонарларменен жарқыратылып, шәкірттерге әдебиет бабынан кітаптар оқытылып, жырлар айтқызылды. Мәжіліс тарқауда шәкірт балаларға сыйға оқу аспаптары үйлестірілді.

«Айқап», 1911. № 3. март.

6. ӘДЕБИЕТ КЕШІ

23-нші нойабрде Қостанай қаласында общестуенни собраниада кеш сағат 8-де татар қарындастарымыздың мали спектакілі (әдебиет кешесі) болып ойын жақсы болу себепті сағат бірге қадар созылды.

Татарлардың ескі пікірлі үлкендері болмаса да, жаңа пікірлі жастарынан біреуі де қалмады деуге жарайды. Бұдан басқа орыс, қазақтарда көп еді.

Ноғайлардың әйелдерінен бірнешелері келсе де, келген орынға лайық қалпы болмады. Бұркеніп отырысты, қайтсін! Жасырынып қалған әдеті тез ғана қалдыру оңай ма? Ақырындық пен болады-дағы.

Татар қарындастарымыздың бұл істеріне достары сүйініп, дүшпандары күйінетін іс болып, тыңдаушыларға өте көңілді болды. Хатты сөзге түсінбеген орыстарда істің тәртіпті болғанына разылық көрсетіп мақтап тарасты, әр нешікте мұндай әдебиет кешелері болып халықтың лайықсыз қалыптарын көрсетіп тұруын шын көңілменен тілейміз тешеккур Қостанай жастарына.

Ахмет Алкин, 

«Айқап», 1911. № 12. Декабрь.

 

7. ТОЙ ҚЫЛДЫҚ

Семей уездінде отырықшы болған Ковалевский болысының Ислам қажысы баласын сүндетке отырғызған һәм інілері фронттан қайтқан қуанышына ат шаптырып, үлкен той қылды.

20 күн бұрын төңірекке сауын айтып, 300-ден аса кісі жиып, 2 ту бие, 55 қой сойды. 32 ат шаптырып, 150 сом бәйгеге шығарды. Бұ тойдың шығыны 1500 сомға жақын барды.

Қажекең сауап іздесе, 1500 сомды игілік орынның біріне жұмсаса, әсіресе, Құлжадағы аштан қырылып жатқан қырғыз ағайындарына жәрдем етсе, көп жанды өлімнен құтқарып, мол сауапқа бататын еді. Мақтан керек болса, газетке жазылып, алты алашқа жомарттық атағы да шығатын еді. Қажекең бұл жұмысты қалай ескермегенін біле алмадық. Заманның түріне лайық іс қылу керек еді. Ысырап болған құрбандық болды ма деп отырмыз…

А-қ ұлы. 

«Сарыарқа», 1917, №7.

8. ӘДЕБИЕТ КЕШІ

Павлодарда «Ғылым» ұйымының пайдасына қазақ жастары жиылып, 25-нші октябрде әдебиет кешін жасаған екен. Кісі көп келіп, мыңға жақыны отырып, сыймағаны қайтып кетіпті. Ақсақалдар көп, әйелдер аз болыпты.

Ойыншылардың шеберлігі, «ашынды, ашшы сөздері» тыңдаушылардың ойын тартып, жүрегін қозғағандығы сонша, дертті Алаш балаларының жыламай қалғаны болмады. Әсіресе, 11 жастағы Ғазиза Сәлиманованың ойнағанына жұрттың аса айызы қанып, айғайлап дауыстағанынан залдың іші жаңғырығып кетіп, ел езуін тийа алмапты. Орыс-ноғайлар «бұл күнге шейін мұндай әдебиет кешін біз жасай алмап едік» деп олақтықтарын мойнына алыпты. Тағы қашан жасалады деп халық күнде келіп сұрастырып, асығып жүр дейді.

Бұл хабарды жазған екі кісі екен. Бірінің аты хат ашқанда жыртылып қалып танылмады, сау қалғаны Нығметолла Күзембаев.

«Сарыарқа», 1917, № 19.

9. ӘДЕБИЕТ КЕШІ

Декабрдің 18-нде Семейдегі оқушы жастар әдебиет кешін жасады. (1-нші бөлім) «Ескі тәртіппен бала оқыту» - бір перделік күлкі, шығарушы - қызылтаулық. Ойнаушылар: бала оқытып отырғанда бір жағынан мәсісін жамап, көз ауруын үшкіріп, тұмар беріп, қауға тартып жылқы суарып, хат жазуды жылдам үйретіп танытатын жаңа оқыту жолы бар десе, ақыр заман тайанды деп, білмей, дін ісін оқу ісіне қатыстыратын, кісі өлді, жаназа десе, асығып тұра жүгіретін Жұмабай молда болған, Йусуфбек. Көзі ауырып үшкірте келген Тірлікбай шал болған - Әмзе. Молда жылқы суара кеткенде балаларды келемеж қылатын жігіт самар болған - Имамғали. Ауыл арасында ұзын құлақ сөз тасып, қыдырма жігіттер Әмре, Мұқат болған - Мұхтар мен Ахметбек. Ыстық үйде жүгініп, үйілген өңшең жат сөздерден көкейіне түк қонбай, қорыққаннан даусын шығарып, қажыған балалар болған шәкірттер - бәрі де орны-орнында тәуір ойнайды. Бірақ үндемей үйінде көріп болған соң сыны, міні, сиқы қандай болғанын айтып, дағдыланып көрмеген жұрт, сөйлесіп, шуылдап, күліп, ойыншылардың сөзін анық естіртпейді, арттағылар естімесе де, көргеніне мәз болды. (2-нші бөлім) «Рабиға» - бір перделік драма, оны да шығарушы – қызылтаулық. Ойнаушылар: ата-ананың қарғысынан қор- қып, сүйгенімен кете алмай қойшы шалға тиген, кербезшелеу жас келіншек болған – Шенже мырзаның келіншегі Латипа; қызарғанға қызығып, қыз келіншек аңдыған, қызылды-жасыл киініп сылқылдаған сықаққой боз балалар Арсақай, Ахмет болған - Ахметбек пен Йусуфбек. Уыздай жастың қатқан қартқа душар болғанына шын қынжылып, айап, әзілмен әйелдердің халын құлақтарына сала жүретін, сыпайы құрбы Ысхақ болған - Мұхтар; қой бағып, күнге күйіп, ұрғашыны малмен тең көретін, қызғаншақ, қыңыр, ашуланшақ, шадыр қойшы шал Бәйділдә болған - Әдімбек. Малдан басқа тілегі жоқ Келменбай болған Әмзе - бәрі де келістіріп жақсы ойнады. Әсіресе, қараушы жұрттың айызын қандырып, өте шебер ойнаған Әдембек болды. Дауысы, жүріс-тұрысы, қозғалысы жоғарыда айтқан шалды айнадағыдай суреттеді. Бұл бөлімнің алдында ойынды басқарушылар жұрттың тыныш отыруын тілеген еді. Қараушылар сабырмен тыңдап шуылдамады. Арттағыларға дейін ойнаушылардың сөзі анық естілді. Бұл бөлім күткеннен артық шықты. 

(3-нші бөлім) ән салу, күй тарту, зар айту, шебер сөйлеу (декламатсийа), өлең айту болды. Мағжанның «Орамал» деген зарын Сапарғали мырзаның келіншегі Ғабида сәнді киім киініп, салтанатты төсек алдында, кілем үстінде кергешін алып, кестесін тігіп отырып, зарлы әнмен шырқағанда, әнінен көрінісі көз тартарлық болды.

«Кекілік» күйі екі мандолина, төрт домбыраға салынып тартылды. Ауаның тығыздығынан даусы аса сылдырап кете алмады, бірақ тәуір ойналды. «Жиырма бес» деген әнге қосылған екі бала – Мейрам мен Жәбраил. Ойын тарқарда көп кісі қосылып айтқан, «Қазақ ұраны» аса көңілді болып, халық қайта-қайта шақырып айтқызды. «Қазақша әдебиет кеші» делініп, тағы да жасалғандай болса, жұрт біреудің ажарына бола бармай, қызығып, өз бетімен баратындай болды. Оқығанның аздығынан ойнаушылардың шықпай тұрғаны болмаса, театр шеберлігіне келгенде қазақтың қара жайау емес, жорғалығын жастардың мына жасаған кеші көрсетті.

Семейде бұрын бір әдебиет кеші жасалған, оның қандай болғанын естімесем, көрмедім. Мына жасалған кеш – жастардың тұңғыш кеші. Мұнан соң да үзілмей, жасалып тұрса, бірінші, халықты театрға үйретіп, екінші, Абай атына шығармақ журналдары айақтанып, пұл жағынан жүріп кетуге тәуір болар еді.

Кеш жасалған үй – приказчиктер клубы еді. Қойылған орындық мыңға жақын еді. Халық аса көп келді, соң келгендеріне орын да, билет те жетпеді. Көп жан қабырғаларда, жүретін жолдарда тік тұрды. Ноғайдан да бірсыпыра, орыстан да бірлі-жарым келгендер болды. Ойын басталарда орыс, ноғайлардың кейбіреулері: «суфлер (тасада көрінбей отырып, ойнаушылардың ауызына сөз салушы) қоймапсыңдар, жаңылып, масқара боласыңдар» деп келемеж қылса да, табадан аман, таңданарлық болып, қателеспей шығаруы қазақтың зейіні қандай екенін көрсетті. Кемшілік бұрын мұндайды көрмеген қараушы қазақта болмаса, ойнаушыларда болмады; алдырған қымыз аз болып, халық шөлдегенін кінә қылмаса, ойын ойлағаннан артық мақтаулы болып тарқады.

Көргендердің екеуі.

«Сарыарқа», 1917, № 26.

10. ОМБЫДА ӘДЕБИЕТ КЕШІ

14-нші февралда «Бірлік» қауымы әдебиет кешін жасады. Тамашаға халық көп жиналды. Орыс, ноғайдан да бірсыпыра кісі келді. «Кім жазалы?» атты драма ойналды. Түрлі әндер айтылып, күйлер күйленді. Омбыда тұңғыш болған қазақ әдебиет кеші көңілдегідей көркем өтті. Таза пайда 1000 сом болды. Бұл ақша мұқтаж оқушылар пайдасына арналды.

«Сарыарқа», 1917, №32.

11. ӘДЕБИЕТ КЕШТЕРІ

«Қазақ жәрдемі» ұйымы атынан ашылайын деп тұрған қирағатхана пайдасына Зайсанда 22-нші мартта қазақша әдебиет кеші жасалды. Бірінші жасалған кеш екендігінен бе, аса рухты өтті. Кештің нағыз пайдасы - 1600 сом, шығыны 400 сомдай болса керек. Кештің жасалуына басшылық еткен Бибіғайша бикеш Бобкинаға ойынға қатысушылар атынан тәңір жарылқасын дейміз.

Хафиз Сәрсекей.

«Сарыарқа», 1917, №40.

12. ӘДЕБИЕТ КЕШІ

21 декабрде Зайсандағы қазақтың оқыған жастары Жетісу, Сырдария областарындағы аш-жалаңаш қазақ-қырғыз бауырлары пайдасына үлгілі ойын жасады. Ойын 3 бөлім болды.

1-нші, 2-нші бөлімдерінде «Итім-ау, құдағи-ғой!» қойылып, екі пердеде ойналып, ойнаушылар өз сыбағасын тиісті реуште 2 апарды. Адамбек келістіріп шебер ойнағанымен халықты мәз қылды. Бибіайша бойжеткен нақ қазақ келіншегі болып, келін түскен соң, көрімдікке тартысқанда, қырдың ғұрып әдетін халықтың көз алдына айнадай сүгіреттеді. Бірақ жас келіншекті ақ сақалды шалдың алдына көтеріп апарып, бетін сүйуі өрескел көрінді.

3-нші бөлімде бастап қосылысып ән салу болды. Бастаған кісі басын жан-жаққа шайқап, дауысы үзіліп әрең шығып, олақтығын көрсетті, үйтсе де қосылушылардың дауысы шырқырап, тамылжып шығып, жақсы естілді. Одан соң шебер оқу болды. Қазақтың музыкаға жүйріктері үш мандалина, екі скрипка, бір гитараменен «қиқылдақ», «шапалақ», «кабира сәулем» күйлерін тартты; бұл жақсы шықты.

Сауық кеш түнгі 9-да басталып 3-те бітті. Тыныс уақыттарында шекті сырнайлар ойналып, биыл көзден бірі Зайсан жастары тарапынан көрініске ойын жасалмағандықтан, халық сағынып қалған сияқты көрінді. Жұрт аса көп келу себепті даярлаған орын жетпеді; зал іші аяғынан тұрған кісілерменен толып кетті; сондықтан тыныс уақыттарында жүруге жолда болмады. Және де басқарып жүрушілердің аздығынан ба, яки байқамағандығынан ба, жұрт кез келген орынға отыра берді, сол үшін ренжіп отырушылар да болды. Аяғында би тағы басқа ойындар болып, түнгі 4-ке шейін созылды. Ойын жалпы тәуір болды.

Менің айтар сөзім: жүдеген, күйзелген ағайындарын есіне алып, жәрдем қылу ниетімен үлгілі сауық жасаған қазақ жастардына тәңір жарылқасын.

Ф.Ш.

«Сарыарқа», 1919, №66.

13. ҚАЗАҚША САУЫҚ

18/31-нші январда жұма күні Семейдегі клуб-театрда қазақ жастары сауық кеш жасамақ. Тамашаға 3 перделі «Жебір болыс» деген драма қойылмақ; соңынан шебер сөйлеу болып қазақша күйлер тартылмақ.

Бұл сауық «Жас Азамат» газетімен кедей шәкірттерге жәрдем көрсету үшін жасалмақ.

Билет сатылады: Семейде гимназист Мұстамбаевта, семинарист Сейсембаевта, Тілеубай Баймұхамед мырзаларда; Алашта «Сарыарқа» басқармасында мұғалімдік курста кедей банкесінде Алаш Орда баспаханасында; ойын күні клуб-театрда. 

Сауық басшылар: Шенжы, Мәннан.

Реттеуші: Жүсіпбек.  

«Сарыарқа». 1919, №67.

14. ҚАЗАҚША САУЫҚ

Ақмолада қазақ жастары 13-нші февралда қазақша сауық жасап, тамашаға Қошмүхамед Кеменгеровдың «Бостандық жемісі» деген сөзі қойылды.

Жиналушы адам сатылған билет есебіне қарағанда 500-дей болды. Сауық орны мүлікпен толтырылып, ойынға жиналушылардың көзіне салтанатты қазақ байының тұрмысын көрсетті. Келген қонақтарға бойжеткен қыздары байғазыға гүл тағып, тыныс уақыттарында почта ойыны ойналды. Буфетте тәтті қымыз һәм жылқы еті сатылды.

Әр бір бөлім боп, шымылдық түскенде тамашаны қараушылар ұзақ алақан шартылдатып ризалықтарын білгізді. 

«Бостандық жемісі»нің артынан Асубай баласының «Бейнетті шал» деген бір бөлімді күлкілі сөзі (комедие) ойналып, әншілер ән салды, домбырамен күй тартылды. Бір қыз төрт жігіт «Қаза һәм қақтықба» ны үнін қосып айтты. Оның соңынан (Мағжан) шебер сөйлеушілер болып ойын тарқады.

Сауықтың есебі.

Kipіc 3408 сом 40 тиін

Шығыс 2181 сом 10 тиін

Таза пайда 1277 сом 30 тиін 

«Сарыарқа». 1919, №77.

P.SҚазақ тарихындағы әдеби кештер – ұлт қазынасына қаржы құйған, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген, тарихтағы тұлғалар рухына құрмет жасаған, елдің санасын оятқан, әдебиет пен кітапты насихаттаған шара еді. Мына жоғарыдағы келтірілген деректер ХХ ғасыр басындағы қазақтың қоғамдық-мәдени өмірінен, өркениетке қадам басуынан һәм хал-ахуалынан мәлімет беретін тарихи жазбалар. Өткенге зер сала білсек, тарихтың қойнауына саяхат жасай білсек, табатынымыз да, ұтатынымыз да көп болмақ... Иә, солай! 

 

Дайындаған Ж. Алаш

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?