Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы VІ бөлім

1346
Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы VІ бөлім - e-history.kz

Яқұпбек Шүй Шуегұңға кісі жіберіп, алуан түрлі тәтті сөздерімен оны бірлесіп Туо Миңға қарсы тұруға көндірді. Шүй Шуегұң Яқұпбекпен болашағының бұлдыр екенін, бұның да өзін уақытша пайдалануды көздегенін білсе де, Туо Миңға кеткен есесін қайтарғысы келді. Екеуіне де ортақ көзалдағы мақсат – Туо Миңға бірлесіп қарсы шығуға уағдаласты. Өйткені дүнгендерге жеке-дара қарсы келе алмасы анық. Ал тауды паналап, бұғып жата беріп те марқадам таппасы белгілі. 

Келімсектіктің кесірі һәм «Қожадан» құтылу

Ресей елшілерін шығарып салғаннан кейін Яқұпбек бірден ағылшындарға кісі жіберді. Өзінің ағылшын патшайымының қарамағына өтуді қалайтынын, Ұлы британия мүддесіне қызмет етуге ниетті екенін жеткізді. Бұл ықыласына ағылшын үкіметі дән риза болды. Оған барынша қолдау көрсетуге уәде етті. 

Яқұпбек құрақ ұшып, құшағына кіргенмен ағылшындар үшін дойбы тақтасындағы бір түйір тас екенін жақсы түсінді. Алайда Яқұпбекке аяғын нық басып, орнын әбден бекемдегенше әлдіге сүйеніп, күштіге таянғаннан басқа лаж жоқ еді. Оның үстіне сыртқы күштерге, алпауыт елдерге билігін мойындатудан басқа мазасын қашырған тағы бір кілтипан бар-ды. Ол жергілікті қауымға өзін күмән-күдіксіз қабылдату болатын. Шыққан тегі ақсүйек болмағандықтан, оның үстіне Қоқаннан ауып келгені бұл топырақпен тамырласуына кедергі келтірді. Қожа нәсілі, Қашқар топырағымен заңды тамырластығы бар Бұзырықпен кетіскеннен кейін билігіме түптің түбінде шәк келтіретіндер табылар, ауып түсіп қалармын деп қорқасоқтайтын. Әсіресе, діни жамағат пен дінбасылардың өзінен теріс айналуынан сескеніп, сары уайымға салынатын. Яқұпбекті әлсін-әлсін ойға батырған осы бас ауру еді. Не істеп, не қойса да діни көсем ретінде мойындалмайтыны хақ. Бұл мәселені ағылшын, орыс, мәнжүр үкіметінің қай-қайсымен ынтымақтасса да шешіп бере алмайды. Сөйтіп дағдарып жүргенінде күрделі сауалдың жауабы табылғандай болды. 

Яқұпбекке бұл жұмбақты шешіп берген Сейіт Яқұпхан деген туысы еді. Қоқанда дін қызметінде жүрген Сейіт әлемді кезген көзі ашық жан болатын. Меккеге қажылыққа барған, Османлыда оқу оқып, әлем саясатынан өзіндік ой түйгені тағы бар-ды. Ол сол тұста мұсылман әлемінде жайылған панисламизм, пантүркизм идеясымен таныстыра отырып, Яқұпбекке Османлы халифатына хат жазуды ұсынды. Жетішәр ханына бұл ой ұнай кетті. Өзінің бірталайдан бергі басы қатып жүрген билеуші мәртебесін оңай «заңдастыруға» болатынына көзі жетіп қуанды. Бұғанға дейінгі ой өрісі тек қожа нәсілінен әлдебіреуді табу болып келген Яқұпбекке мына ұсыныс майдай жақты. Ойлау көкжиегін де басқа кеңістікке көтерді. 

Бұзырықтан кейін бәрібір де «қожасынан» қол үзе алмаған Яқұпбек Мәмет Имин деген ақсүйекті әкеліп хан орнына қонжитқан. Бірақ соңғы кезде онымен де арасы суып, бұзылуға шақ қалып тұрды. Өйткені, түптеп келгенде, сырттан келген келімсектің өздерін билеп-төстеуіне қожа тұқымы да көне кетпейтін. Қанша жерден «көнбіс» болса да, мінез көрсететін сәттері болар еді. Жергілікті жамағат пен дінбасыларының көңілін табу, өзін сүйкімді көрсету үшін Яқұпбек те аянып қалмады. Әппақ қожа мазарын жөндетіп, дін адамдарына барынша жағдай жасады. Сый-сияпат беріп, мәрттік танытты. Осы амалдары арқылы билігін қамтамасыз етіп отырды.  Ішкі тұрақтылыққа, бір күні аяқ асты далада қалмауға ден қойған ол сыртқы ірге кеңейту ісіне де дерліктей көңіл аудара қойған жоқ-ты. Енді, міне, Сейіттің ұсынысы оңынан болса, қожа әулетіне жапақтамай-ақ құлашын кеңге жаятын күн тумақ. 

Сейіт қажы халыққа дін қызметкері ретінде панисламизи турасында үгін жүргізді. Әлемдік ахуал, мұсылмандардың дағдарысқа тап болу себептерін тарқата айтып, бір тудың астына жиналу ұранын көтерді. «Біздің ынтымағымыздың ыдырап, көрінгенге жем болып жүргеніміздің басты себебі – бірлігіміздің жоқтығында, біртұтас діни мемлекет құра алмауымызда. Сол үшін ортақ мемлекет халифатқа топтасуымыз қажет», – деп мысалдарымен жүректеріне жеткізе айтқаныныда жамағаттың ерімегені, пікіріне қосылмағаны қалмады. 

Халықтың, әсіресе, дін адамдарының бірауыздан құптауына ие болған Яқұпбек 1872 жылы халифа Ғабдулғазизге хат жазып, жиені Сейітті Осман империясына елші қып аттандырды. Жетішәрі хандығын халифаттың бір бөлшегі деп тануын, өзінің халифа қызметкері болғысы келетінін сүйінішпен жеткізді. Мұндай жүрек тебірентіп, жан дүниені елжіреткен «тәтті» хаттан халифа да бас тартпады. Жетішәрі хандығы Осман империясының Қытайдағы территориясына айналды. 

Сөйтіп, Яқұпбектің шетін мәселесі шешілді. Енді билігімді бекемдеймін деп қожадан «хан» іздеуден құтылды. Сырттан келген келімсектігі басты қайшылық болудан қалды. 

Ғабдулғазиз халифадан әмір атағын алу

Яқұпбектің Шығыс Түркістандағы соғыс ұраны діни ғазауатқа ұласты. Оның ту қып көтерген бұл ұраны алда Туо Миңмен болатын шайқасына моральдық басымдық берді. Яқұпбек ырықсыз жағдайдан арылып, серпіле түсті, айналасында да ниеттерстері көбейіп, күші ұлғаюға бет алды. 

Қатарына Сейіттің келіп қосылуы Яқұпбектің жаңа тынысын ашты. Билігін діни реттен заңдастырып беріп қана қоймай, халықаралық саяси оқиғаларға қатысты танымын өсірді, ойлау деңгейін арттырды. Өз белсенділігімен Үндістандағы Ұлы Британия елшілігіне келіссөзге делегация аттандырды және олардың да Қашқарға екі мәрте ресми елшілік тобын жіберуін жүзеге асырды. Сейіт Жетішәр хандығын жаңа биікке жеткізді. 

1876 жылы Абдулһамит таққа шықты. Сейіт жаңа халифаның билікке келуіне орай ағылшын елшілеріне қолқа салып, Османлымен одақтас болуға қол жеткізді. Ағылшын кемесімен Стамбулға жеткен Сейітке Османлы ақсүйектері де жоғары құрмет көрсетіп, жақсы қарсы алды. Османлы патшасы, халифа Абдулһамит Яқұпбекке әмір атағын беріп, бірінші дәрежелі медальмен марапаттады. Әмірліктің символы ретінде зұлпыһар қылыш тарту етті. Османлы мен Жетішәр арасында ресми одақтастық орнады. Сейітке қыруар қаражат және озық қару-жарақ, оқ дәрі беріп қана қоймай, арнайы 4 әскери офицер көмекке жіберді. 

Сейіттің бұл сапары Жетішәрі хандығын тебіренткен ірі оқиға болды. Бұған дейін оқшау жатқан қараша халық өзін мұсылман әлемімен етене біріккендей сезінді. Шайқаста Осман мемлекетінің туы көтерілді. Халифа атынан уағыз айтылып, Осман патшалығы атағынан ақша соғылды. 

Сейіттің бұл табысты келіссөзі Яқұпбектің сыртқы саясаттағы айрықша жетістігін әйгіледі. Оның Жетішәр хандығын Шығыс Түркістан топырағындағы өзге ұсақ сұлтандықтардан бір бас биік көтеріп, билеуші мәртебесін де мызғымастай нықтап берді. Жетішәр хандығы Османлы халифатына бағынып, соның қарамағына өтті. Яқұпбектің қожаларға қараған бұрынғы жалтақ күні артта қалды. Яқұпбек ресми түрде Османлы әмірі титулын иеленді.

Дүнген мен Яқұпбек қолының қақтығысы

Яқұпбек Рәшиддиннің Кушар, Үштұрпан, Ақсу секілді қалаларын алғаннан кейін Ресей дүнген хандығын қолдауын күшейтті. Астыртын қару-жарақтар жеткізе бастады. Ақыры болуы тиіс Туо Миң-Яқұпбек соғысы 1870 жылы көктемде басталды. Екі жасақ Кушардың солтүстігінде кездесті. Екеуінің жасағы жақсы қаруланған, әскер саны да аз емес еді. Яқұпбек әскерінің дені қоқандық сарбаздардан құралса, Туо Миңнің қолы бұрынғы Чиң қосынында болған дүнгендерден жасақталды. Екі жақ та «соғыс көрген» кәсібилерден топталды. Түмен қолдық бетпе-бет ұрыста Туо Миң қолы жеңді. Яқұпбектің шегініп қашқан жасағы Ақсуға барып тығылды. Кушар дүнген хандығының құрамына кірді. 

Яқұпбек тікелей соғысып жеңе алмайтынына көзі жетті. Ондай тәуекелі көп қауіпке барғысы келмеді. Сондықтан ол Туо Миңнің әлсіз тұсын іздеуге кірісті. 

1788 жылы туған Туомиң Гәнсудың Хыжоу топырағынан еді. Жастайынан дін оқуын оқып, медіреселерден білім алған ол ұстазы Ма Баужінге еріп, шариғат сөйлеп, дін насихаттайды.Чиңхай, Ниңшиа жерлерінде мұсылмандық үгіт жүргізеді. Шәкіртінің іліміне көңілі толған ұстазы оны енді Гәнсумен шектес Шығыс Түркістан жаққа жұмсайды. Туомиң Үрімжі мен Тұрфан арасындағы Маязыны орталық етіп, ілім үйретіп, дін таратады. Біртіндеп оның атағы жайылып, аты шығады. Чиңхай, Ниңшиа, Гәнсу, Шығыс Түркістанның барлығында оның мектептері қалыптасады. 

Мықты дін ғұламасы, ұстаз болғанымен, ел билеу ісі басқа еді. Туо Миңнің әлсіздігі ел билеу мен қоластындағыларға қатысты қарым-қатынасынан байқалды. Туо Миң өмірде секемшілдігі басым, күншіл адам болып шықты. Дүнген хандығын құрғаннан кейін қоластындағы еңбегі елеулі, әскери қабілеті жоғары, көзге көрінген қолбасшыларды біртіндеп көзін құртып отырды. Дүнген әмірі хандық ішінде сатқындық туып, билігінен ажырап қалудан қорықты. Осы әсіре сақтығынан ол тіпті хандықты бірге құрысқан, билікке жетуіне тікелей себепкер болған Суо Хуәнжаңды да өлімге үкім етті. Ендігі «сатқындық» жасауы мүмкін деп үрейленгені қолбасы Ма Шың еді. Туо Миңнің ел билеудегі мұндай оспадарлығын Яқұпбек біліп қойды. 

Яқұпбек әу бастан, Бұхара әмірлігі мен Қоқан хандығында жүрген кезінен-ақ шебер дипломатиясына сүйеніп, сәтті жүрістер жүре білген әккі ойыншы еді. Қоқан билеушісі Әлімқұлдың тілін тауып, Бұзырықпен Қашқарға келгенде, одан Бұзырыққа таянып, қырғыз бегі Сыдықты биліктен тайдыруда немесе қытай қамалын алуда болсын мықты психикасы мен қулығына сүйенген. Яқұпбек «жауымның жауы – менің досым» деген әдіспен дұшпаны Туо Миңнан осал тұс іздей бастады. Оның ойына елеусіз бір күш – қытай шаруалар отрядын бсқарған Шүй Шуегұң  оралды.

Дүнген қолын соғыссыз қарату

Шүй Шуегұң 1842 жылы Үрімжіде жергілікті қытай отбасында дүниеге келді. Әкесі Дауан бекінісінің ұлығы болатын. Туо Миң Үрімжіні басып алғанда бұл қытай шаруаларын бастап тауға барып тығылады. Қашқан қытайлар бірте-бірте бұның маңайына топтасып, тауда бекініс орнатқан. Тау сағасына Туо Миң бірнеше рет шабуылдағанымен қорғанысқа қолайлы бекіністі ала алмайды. Содан кейін Санжы, Фукаң, Ескішәр секілді ірі қалаларды алуға асыққан дүнген ханы «азығы таусылғанда өздігінен-ақ берекесі қайтып, беріледі» деген есеппен бұны елеусіз қалдырған. Бірақ Туо Миң әр қаланы алған сайын ондағы қашқан қытайлар Шүй Шуегұңды паналап, бұның қолы арта берді. Ұзын саны бірнеше он мыңға жетті. Бұл да қарап жатпай, шаруалар отрядын ұйымдастырып, алда болмай қоймайтын қиян-кескі ұрысқа дайындығын пысықтады. Манас, Шиху, Жемсарыда топтасқан өзі секілді қытай шаруа отрядтарымен тығыз байланыс орнатты. 

Яқұпбек Шүй Шуегұңға кісі жіберіп, алуан түрлі тәтті сөздерімен оны бірлесіп Туо Миңға қарсы тұруға көндірді. Шүй Шуегұң Яқұпбекпен болашағының бұлдыр екенін, бұның да өзін уақытша пайдалануды көздегенін білсе де, Туо Миңға кеткен есесін қайтарғысы келді. Екеуіне де ортақ көзалдағы мақсат – Туо Миңға бірлесіп қарсы шығуға уағдаласты. Өйткені дүнгендерге жеке-дара қарсы келе алмасы анық. Ал тауды паналап, бұғып жата беріп те марқадам таппасы белгілі. 

Бірлескен қол Тұрфанда шайқасты. Екі жақ итжығыс түсіп, бірін-бірі ала алмады. Яқұпбек тағы да әдіс іздеп, амалға көшті. Бұл жолы ол тұзақты Туо Миңнің жасақ басқарған қолбасшысы Ма Жүңға құрды. Яқұпбек Ма Жұңды психикалық тұрғыдан күйрету үшін Туо Миңнің мықты әскербасылары Суо Хуәнжаң мен Ма Шыңның тағдырларын көлденең тартты. «Туо Миң үшін жан алып, жан берісіп шайқасқанда келешегің не болатынын ойлап көр. Саған дейін де Туо Миңда сайдың тасындай сайыпқырандар болды. Олар қазір қайда? Бұл шайқастан жеңіспен қайтқаныңда алдыңнан не күтіп тұрғанын білесің бе? Суо Хуәнжаң  мен Ма Шыңның тағдырын құшып жүрме» деген секілді алуан түрлі жан дүниесіне ауыр тиетін, арбайтын сөздер айтты. Ма Жұң шырғаға түсті. Оны мойынсал еткен Яқұпбектің бопсасынан бөлек, нәпсісін еріткен ұсынысы еді. Яқұпбек өзімен күш біріктірсе, Үрімжінің тізгінін ұстататынын, Туо Миңнің орнын талассыз басатынына уәде етті. «Маған берілген, менімен одақтасқандардың ешқайсысы жерде қалған жоқ. Қытай қамалын алғанымда кәпір болса да оларды ажал аузынан қалдырдым. Ал сен мұсылмансың. Мұсылман уәдесін жұтпайды», – деп оның ой-санасын иланымды уәждерімен шегелеп тастады. 

Ма Жұң ойлана келе Яқұпбек жағына шықты. Яқұпбектің шырғасы мен уәдесі оның сытылып шығуына мұрса қалдырмады. Туо Миңнің қолшоқпары болып, ақыр аяғы өлім құшқаннан Үрімжіні жеке билеуді артық көрді. Яқұпбек күш жұмсамай-ақ Туо Миңнің негізгі қолына ие болды. Бірлескен қалың қол Туо Миңнің көзін жоюға Үрімжіні бетке алып жүрді.   

Жағдайды сырттай бақылап, тек астыртын әсер етіп отырған Ресей Яқұпбектің күш алғанын, Туо Миңнің негізгі жасағына оп-оңай ие болғанын естіп, дегбірсізденді. Ұлы Британия мен Мәнжүр тарапымен қатынасы тіптен ушыға түсерін білсе де, кідірместен Ілеге әскер кіргізді. 1871 жылы Іле сұлтандығын басып алды. Ресейдің тараншы билігін бағындыруында өзге де себептер қоса қабат-ты. Оның бірі Тазабек батырға қатысты.  

Тазабек батыр Іле сұлтанына кісі салып, өзіне қарасты албаннан мың үйді бастап, шекарадан ары көшіп кетті. Қазіргі Іле облысының Тоғызтарау ауданы төңірегіне барып орнығады. Бұл Ресейге күтпеген соққы болды. Жаңадан бағынып жатқан ұлы жүз руларының арасында тұрақсыздық тудыруы мүмкін деп санады. Оның үстіне мың үй кем санағанда бес-алты мың қаралы адам болатындықтан төленетін салық ретінен де аз емес-ті. Ресей үкіметі тараншы сұлтаны Әлихан Әбілұлынан Тазабекті қайтаруды әлденеше рет талап еткенімен, Іле сұлтандығы Ресей тарапының бұл өтінішін елеусіз қалдырды. Осыны сылтау еткен Жетісу облысының әскери губернаторы, Жетісу казактарының атаманы Г.А.Калпаковский 1871 жылы Тараншы сұлтандығына жасақ шығарды. 1871 жылдың 12 маусымы Калпаковский отряды қазіргі Жаркент ауданының Көктал елдімекенінен шығысқа шеру тартып, бір жұманың ішінде Сүйдіңді алады. Ресей қолының тегеурінінен ыққан Тараншы ханы орыстар Сүйдіңді алған күннің ертесінде ақ жалау көтеріп, бітім сұрады. 22 маусым Калпаковский Құлжаны өзіне қаратты. Осы кіргеннен 10 жыл Ілеге әмірлік етті.

Ресейден ыққан Яқұпбек: Үрімжі іргесіне жетіп, кері шегіну 

Ресейдің бұған дейінгі жоспары дүнген хандығын астыртын қолдау арқылы Яқұпбекті тықсыртып, ағылшындардың үмітін селге кетіру еді. Бірақ орыстар үміт артқан Туо Миң қырсыз болып шықты. Айдың күннің аманында әскерінен айырылып, масқара болды. Яқұпбектің Үрімжіге тым тез жетуі Ресейдің жоспарын бұзды. Әліптің артын бағып отыра берсе, Яқұпбек Үрімжіні алып, Шығыс Түркістанға тұтас ие болуы мүмкін. Сол себепті ағылшын мен мәнжүрдің қатқыл әрекеттерге бару тәуекелін білсе де Ресей тәуекел етіп, Ілені алды. 

Ресейдің Ілеге кіргенін естіп, Яқұпбектен суық тер бұрқ ете түсті. Басқаны білмесе де, Яқұпбек Ресейдің дөкір мінезін бес саусағындай біледі. Ақмешіт бекінісін қорғап, Перовскиймен соғысқанда оны басынан өткерген. Сондықтан ол Үрімжіге жетіп тұрып, кілт тоқтады. Ал бұл уақытта ағылшындар да Ресейге ультиматум қойып, егер жалғасты әскер кіргізген жағдайда Балтық пен Қара теңізде есесін қайтаратынын мәлімдеді. Бір-біріне жасалған қысым, шиеленіскен жағдай кім-кімге де оңай тимеді. Әсіресе, шалыс басқан бір қадамы тағдырын талқан етерін біліп Яқұпбек он ойланып, жүз толғанды. «Тайсалмай шабуылын жалғастырса, Туо Миңді аударатыны сөзсіз. Дегенмен оның зардабы да ауыр болуы мүмкін. Ресей өзін аяй ма? Сонда кім үшін соғысқан болады? Оның түп мақсаты Шығыс Түркістанда бір орталыққа бағынған мемлекет құру ғана емес, соның тағында өзі отыру емес пе? Егер Туо Миңді тайдырса, арман еткен мемлекеті құрылады. Бірақ ғұмырының баянды боларына кім кепілдік етеді? Ресей бірден соғыс ашса, өлмегенде несі қалды?» Осының бәрін сарапқа салып, әбден пісіргеннен кейін ол ескі әдісіне басты. Үрімжіге басып кіргеннің салдарының ауыр боларын межелеп, Туо Миңді келісімге шақырды. «Қала ішінде қамалып, өлдім екен» деп зәре-құты қашып отырған Туо Миң бұған аң-таң болды да Яқұпбектің ұсынысына қуана келісті. Туо Миң қала есігін ашып, соғыссыз берілді. Яқұпбек дүнген хандығының өзіне бодандығын қабылдап, Туо Миңді тағында қалдырды. Ал Ма Жұңды Үрімжінің әкімі етіп тағайындады. Сонымен дүнгеннен қос «көсем» шығарып, ортақ күшті екіге ыдыратып, арасына іріткі тастап кетті. Орнықтыру жұмысын тез оңдағаннан кейін Яқұпбек те кері шегініп, оңтүстігіне қайтты. Жедел шегінгеннің арқасында Ресейдің өзіне қарсы Іледен Үрімжіге жасақ шығаруының алдын алды. 

Өмір көрсеткеніндей, Яқұпбектің кері шегінуі өте ұтымды болды. Енді алға жылжуға Ресей қолында көзір қалмады. Яқұпбек те діттеген мақсатына жетті. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай жаңбыр астынан құрғақ шықты. Яқұпбек бұл жүрісте Ресейді ұтып кетті. 

Ресей мен Жетішәр хандығының шарт жасасуы 

Мәнжүр ордасы Ілеге кірген Ресейді айыптап, «қатаң» сынағаннан басқа ештеңе де істей алмады. Ал Ресей тарапы Мәнжүрдің осал тұсынан келді. Олар Ілеге уақытша әскер кіргізгенін, Шығыс Түркістан түбегейлі тыншығаннан кейін Ілені Чиң үкіметінің басқаруына қайтаратынын айтты. Бұл сөз Чиң үкіметіне дәл осы мезетте Ілеге ешқандай әскер кіргізе алмайтынын, «бүлікті» тыныштандыруға қауқарсыздығын бетіне басқандай тиді. Айтып-айтпай Мәнжүр ордасының бар әрекеті осы уақытта Гәнсудағы дүнген көтерілісін басып жатқан Зо Зұңтаңға Ілеге Ресей қолының кіргенін хабарлап, батысқа тезден өтуді тапсырумен шектелді. 

Өз ордасына оралғаннан кейін Яқұпбек сәл болса да тыншып, әліптің артын баққысы келді. Ресей, Мәнжүр ордаларының нендей қадамға барарын күтті. Өз тұспалында Үрімжіден шегініп кетсе, Ресей де Іледен шығады деп жорамалдаған. Әйткенмен ол ойы болмады. Ресейді шамырқандырып алдым ба? – деп секемденген ол келесі қадамын ойластыра бастады. Ресейдің Іледен әскерін алып кетпей отырғанынан бұл топыраққа ұзақ уақытқа жоспар құрғанын болжап, не де болса елші аттандырып, тамыр басып көрмекке, именшік пейілмен қаһарын жұмсартуға бел байлады. Яқұпбек Ресейден билігін мойындауды өтінді. Егер Жетішәр хандығын таныса, қалған шарттардың бәрін өзара келісуге болатынын жеткізді. Бұл Яқұпбектің келісімге бара алатын жұмсақ мінезді екенін, Ресеймен қарсыласу ойының мүлде жоқтығын дипломатиялық ретпен аңдатуы еді. 

Ресей тарапы Яқұпбектің иліккен мінезін мақұл көрді. Ағылшын үкіметінің де кәрінен қорықты. Сонымен 1872 жылы Яқұпбек Ресеймен сауда қарым-қатынасын дамыту шартына қол қойды. Ресей реми түрде Жетішәр хандығын мойындады. Мойындай отырып, өз мүддесін де мейлінше қанағаттандырды. Бір кезде Шоқан Уәлиханов арқылы таныған жұмбақ Қашқарияға жол ашты. Шарт жасасып, бітімге келгеннен кейін Яқұпбектің де алаңы басылды. Хандығының керегесі кеңігендей болды. Ол Ресей, Ұлы Британия, Чиң хандықтарының мүдде қайшылықтарын сәтті пайдалана отырып, өз  ұпайын түгендеді. Үш әлдінің ортасынан өзіне керегін алды. 

Манас пен Үрімжі арасындағы жанталас 

Үрімжі билігін алдыртқаннан кейін Туо Миң өзін қуыршақ хан секілді сезінді. Қалай да бір қайран жасап, өзіне тиесілі билікті қайтарып алуды ойлады. Жатса тұрса осы ойдың тұтқынына айналды. Ақыры тәуекелге бел буып, бір түнде Үрімжіден жасырын шығып, Манасқа келді. Ресейден қару-жарақ алып, Манастағы қолымен қайыра Үрімжіге шабуылдады. Үрімжі билігі баяғы өзінің қоластында қызмет еткен Ма Жұңның қолында еді. Ма Жұң қапылыста қаза тауып, хандық қайтадан Туо Миңге аунады. 

Туо Миңнің қарымтаға шыққанын естіген Яқұпбек дереу ұлы Бекқұлды «бүлікті» жаныштауға жібереді. Ресеймен бітімге келіп, көңілін тапқан Яқұпбектің бұ жолы артық алаңы жоқ еді. Сондықтан Туо Миңге шабуылдағанда ырықты орында болды. Оның үстіне Ресеймен бітімге келіп, пұрсатқа ие болған Яқұпбек қарап жатпай, Қоқан, Ауғанстаннан жақтастар іздеді. Әсіресе, Қоқаннан тәжірибелі әскери мамандарды көптеп шақырып, Ауғанстанннан атты әскерлер алдырды. Бұған ағылшынның озық қару-жарақтары қосылып, Яқұпбектің күшінің сапасы арта түсті. Енді, міне, осы тың қолмен Туо Миңге ұлын аттандырып отыр. Бұл жолғы ойы Туо Миңнің көзін жою немесе қайта бас көтерместей етіп тұқырту. 

Яқұпбектің әскері ә дегеннен-ақ атойлап, жаудың зәре-құтын ала шабуылдады. Озық от қарудан дүнген жасағы жасқанды. «Ымыраға келудің» дәмін татқан олар жалтарып, екінші мәрте Яқұпбек жағына қарай ауып кетті. Туо Миң тағы да оқшау қалды. Жан сауғалап қашып, қайыра Манасқа барып тығылды. Бекқұл Үрімжіні алып, енді Манасқа беттемек болғанда Ресейден ескерту келді. Бармағын тістеген Яқұпбек, лажысыздан Үрімжіден ары аспады. Қаланы сенімді адамның басқаруына өткеріп, кері қайтты. Бұл жолы Яқұпбек Туо Миңді тақыр жерде қалдырды. Әйтсе де үмітін үзе алмаған Туо Миң тағы да орай туғанын тіледі. Келешек күннен дәметтірген «досының» жолына көз салып қараумен болды.  Ол «досы» Биянху еді. 

Биянхудың Шығыс Түркістанға келуі

Сужоудағы Зо Зұңтаң соққысынан бұлтарып қашқан Биянху батысты бетке алып, жасағымен Шығыс Түркістанға келді. Шекарадан өтісімен шеткі бекініс Құмылға тұтқиылдан шабуылдап, қаланы басып алады. Одан кейін Тұрпанға өтті. Биянху қашқын әскер болғанмен, Құмыл, Тұрпанды лезде өзіне қаратуы негізсіз емес-ті. Ол 1862 жылы Шәншиде дүнген көтерілісі басталғаннан бері Чиң әскерімен үздіксіз шайқасып келе жатқан. Осы он жылдан артық уақытта оның қолы соғысқа ысылып, ұрысқа әбден төселді. Шән-Гәннен бері жеңіліс тауып келсе де, Шығыс Түркістанда Яқұпбектің армиясынан тыс, мұның қуатына шыдас берерлік басқа күш болмады. Шән-Гән көтерілісінде ол мәнжүр-қытайдың ең озық деген қолымен бет-бет шайқасты. Ол соғысқан До Лұңы, Зо Зұңтаң, Лю Сұңшан, Лю Жинтаң, Жин Шүн секілді генералдар Чиң әскерінде маңдайалды қолбасылар болатын. Биянху 1862 жылы көтеріліс бұрқ еткеннен бастап, Шәнши, Дұң Жіюән, Жин Жибау, Хыжоу, Шиниң, Сужоу шайқастарының бәріне қатысты. Көтерілісшілер жеңілді дегенмен, Чиң әскеріне тегеурінді қарсылық танытып, айтарлықтай адамын шығын етті. Осы шайқастардың бәрінен аман шығып, әлі де берілмей келе жатқан жалғыз қолбасы осы Биянху ғана. Ақылы мен айласы, батырлығы бір басына жертерлік еді. 

Биянху Шығыс Түркістанға өткенінде Туо Миңге барып қосылуды көздеді. Екеуі ертеден таныс, көнекөз достар-тын. Шығыс Түркістан топырағына іліккен бойда жасындай қимылдап, лезде-ақ екі қаланың тізгінін тартып алған оның әлеуетін әккі Яқұпбек бірден байқады. Манастағы Туо Миңге жеткізбей, бетін бері қарату қажет деп санады. Ресейден қаймығып, Тәңіртаудың теріскей бетіне толық үкімін өткізе алмай отырған сәтте тысқары тұрып, көксегенін Биянхумен іске асыру ойына қона кетті. Оның үстіне Туо Миңмен біріксе, Ресей бұл екеуін өзіне қарсы пайдаланар деп тіксінді. 

Яқұпбекпен туыстасу 

Яқұпбек кісі жіберіп, Биянхумен тілдесті. Қуана қарсы алатынын айтып, құшағын жайды. Тіпті, қызын беріп, күйеу етпекке ойы барын жеткізді. Яқұпбектің түп ниетін, терең саясатын емеурінінен таныған Биянху оған да жылы жауап қайырды. Әккі екеу бір-бірін айтпай ұқты.

Биянху Яқұпбек елшісі келгенге дейін Шығыс Түркістандағы қалыптасқан жағдайды ой таразысынан өткізіп, безбендеп үлгерген. Көнекөз «досы» Туо Миңді Ресей қолдайды дегенмен, өз басын қорғап қана отырғаны, керісінше, өзінен үмітті екеніне көзі жетті. Ерен ерлігімен танылған, мықты қолбасылардың Туо Миң қолынан өлетінін де ұзынқұлақтан естіген. Яқұпбек келімсек болғанмен, өзінің де шығыстан ауып келгені бар. Сондықтан нақты мүдде сыбағасында ол Яқұпбектен артық ешкімлі көрмеді. 

Биянхудың келгенін төрт көзбен күтіп, үздігіп отырған Туо Миң «досының» Яқұпбекпен ниет тоғыстырғанын естіп, құсадан жатып қалды. Яқұпбектің Биянхуға қызын беріп туыстасуы оның қайта бас көтеріп, еңсесін тіктеу арманының күлін көкке ұшырды. Құсадан қабырғасы қайысып, қайғыдан ауру меңдеген Туо Миң көп өтпей 1872 жылы күзде дүние салды. 

Шығыс Түркістанда Яқұпбек пен Биянху үстемдік еткен жаңа кезең басталды. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?