Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Дәрігер керек»: мықты маркетиң

1261
«Дәрігер керек»: мықты маркетиң - e-history.kz

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында қордаланған мәселелер шашетектен келетін. Халықтың саулығы көңіл көншіттірмейтін. Ауру түрлері көбейіп, дерт асқынған, емі жоқ, шипасы табылмаған қиын шақ. Ер Едігедей туған халқына бостандық таңын жақындату үшін, туған елін ауру-сырқаудан емдеу үшін Алашшыл азаматтар қолынан келгенін жасап, аянып қалмады. 

«Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» басылымдарын оқып отырсаңыз, әлеуметтік ахуал, денсаулық туралы, дәрігерлердің жұмысы я емі турасында жазылған көп дерекке қанығасыз. Қазақ медицинасының бастауында тұрған, бүгінде есімдері көмескіленген ерлерді таниық деген мақсатпен ескі газет тігіндісін ақтарып, назарыңызға ұсындық:

1.

Жұрттың пайдасын кездестіретін, жұртқа жол көрсететін, жұртты қайғыртатын, болашақ күнін болжауға тырыстыратын һәм басқа да істерді тексеретін баспасөз яғни басылып шыққан газеттер, журналдар мен кітаптар. Білімпаз, жұрттан асып кеткен... жұртқа білімінен қарасайын десе, олардың білімін жұртқа шашып, таныс қылатын баспасөз. Кешегі өткен орыс жұртының данышпаны Толстой күллі жан иесіне бір көзіменен қараған, қай жерде жәрдемсіз қысылған жан болса, қаламымен соны қорғаған. Мечников деген асып кеткен зор дәрігер бар. Неше түрлі аурулардың асылын ашқан адам. Оның тапқан даруынан бүкіл адам баласы пайдаланып тұр. Бұлардың мұндай пайдалы жұмыстарын жұртқа шашатын баяғы баспасөз. Болмаса бүкіл жұрт олардың алдына жиылып барып, сабақ алулары қиын болар еді. Жұртты билеп тұрған ұлықтардың жұрт пайдасына деп шығарған жолдарының пайдалы-пайдасыз екендігін көрсететұғын да баспасөз. Осыған қарағанда қай жұрттың болса да ең үлкен қорғаушысы баспасөз болып табылады. Бұлай болған соң бұл баспасөздің басын ұстаған кісінің қандай адам болуында да көп шарттар болмақшы. Біреулер оқып жол көріп ұстайды, білім алып жеткен соң, не болмаса өзгелерден асып кеткен зерек жұрт ісінен қанық болған соң. Бұлар дүниенің өткен істеріменен қазіргі болып тұрған істеріне әбден қанық болған соң, оны жұртқа жеңіл тілменен түсіндіреді. Болашақ істер турасында тарихқа сүйеніп болсын, басқаға болсын, жоруы оншы теріс те кетпейді. Олар басарлық сөздерді салыстырып, толғап, сынап сонан соң басады. Қысқасы қай жұрттың баспасөзі болса да оның шығарушысы сол жұрттың ортасында бірдей, барлығына бір көзімен қарап, жақсылықты бәріне бірдей іздемекші, әр елдің заң шаруасына қарай. Егерде баспасөздің басын жоғарғы екі жолдан хабары болмаған кісі ұстаса, басқаға қарасуға шамасы жоқ болса да, ерлікпенен ұмтылып жұрт ісінің басына мінбесе, біраздан соң шелегінің түбі көрініп қалады. Сырты тәуірдің сөзі де тәуір деп ішінде не барын тексере алмай, басқаның сөзіне ие болып, жұрттың телмірген баспасөзін былықтыра берсе, ол уақытта баспасөз жұртты шатасқа салмақшы деп ойлаймыз.

Заман жаңаға айналды. Не істесең де, не жазсаң да барлығына тірі дәлел керек. «Шегірткеден қорыққан егін екпес», «жыламаған балаға емшек бермес», «үмітсіз шайтан» деген, «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне», - дегендерді дәлел қылып көрсету лайықты, дұрыс болса керек. Мысалы, біреулер түсінеді соңғы дәлелдің мазмұнына. Адам туған жеріне барып тұрып, жұртына қызмет істеймін десе, сонан соң кіріссін деп. Біз түсінеміз, қайда жүрсең, онда жүр, қолыңнан келсе, білімің болса, тұрған жеріңнің нанына семіріп, туған еліңді ұмытып, қызмет қылмай қойма, оларға қарас деп. Көмескі аңғарылмаған, шын пайдалылығы тірі дәлелменен көрсетілмеген сөзді тістеп қалдырмаудан пайда аз деп білеміз. Қаншама жұрт тәлкекке салса да, қаншама улап-шулап болмайтын ақ істің соңынан қуып, ғұмыр өткізіп шатассадағы ақырында барып рас көрінбекші һәм жеңбекші. Пәленше таудың ар жағында, қазулы жерде алтын бар, сайланған күзетшісі көп, қорғаны мықты, адам санына қосылып, жер үстіндегі басқа жұртпенен бірдей болуды талап қылғандар осы алтынды барып хайлалап алу керек. Жұрт ортасынан басшы іздемекші, жау қолына түспей, сол алтынды алып шығуға жол көрсететін. Бұған қандай басшы керек? Алды-артына қарамай, соққан желдей екпіндеп, жалаңаш батыр болып, аңғырттанып, қару-жарақсыз жұртты соның жолында әлек қылдыратын басшы керек пе?! Жоқ алды-арты шамалап, бір шоқып, екі қарап даурықпайтын басшы керек пе?! Біз ойлаймыз, соңғысы керек деп. Біреулер ойлайды «шегірткеден қорыққан егін екпес» алғашқыдай басшының жолыменен қатарға кірейік деп. Біз ойлаймыз бұл жақыннан болжағандық деп. Біздің әлі баспасөз арқылы білуге тиісті істеріміз көп. Басшы болып қатарға енгіземіз дегендер алдыменен баспасөз арқылы білімін, өнерін таратсын.

 

2.

... Біраздан бері бұл журналға жас сөз сыншысы боламын дегеннің сөздерін көруші едік. Қуанышты едік, бізден де Писарев, Белинский, Добролюбовтар шығып, жолдан тайған жағымпаздардың қаламын түзеп тұрады ғой деп. Бұл сенгеніміз әзір ретке келмеді, бұдан былай не боларын кім білсін? Түсінде таудан тауға шүйгіп, олардың жасыл шөпті жеміске толған жылғасында рахаттанып, сөйлескендерін естіп, Самар суының теріс аққанын, одан барып жалаңаш тікенектің тауды барып балағаттап, Самардың суын ішіп жүрек жалғағанын көрген емес.

Су жағымды, тұщы, пайдалы болса кім ішпейді?! Ол судан талай көп ішіп, мейірін қандырған шығар һәм өзіміз де талай-талай ішкен шығармыз. Бірақ ішкенімізді білмей «Қырық мысалдағы» - «Емен түбіндегі шошқаға» ұқсап жүрмейік. Егерде бұл сынменен жазылған сөз болса белгілі «Қырық мысалдағы» - «Есектің бұлбұлға берген сыны» болып табылады. Жоқ, біреудің жемдеп салған тұрымтайы болса, бәлки «үрген қанден» болып табылады.

Екінші хақ ол жерді тартып алып жатыр, декабрист Муравтев, Бестужевтердің қара халық үшін құрбан еткендері бір қатар оқығандарға мағұлым болса керек... Әрине, мұндай талпыну жақсы ырым, жақсы өнеге. Жүйрік шабыстың әдісін құлын-тай күнінен біле ала алмайды ғой. Сондықтан мұндай сөз сынды көтере алмаса керек. Әйтпесе «тірі болсақ, қазымыр, өлсек шәйдпіз» деп қару-жарақсыз жауға шауып қырылып қалған сарттарға ұқсап қырыл деген ретсіз ғой. Айналдырған бүкіл қазақтағы бес-алты білімпаз көсемдерімізді декабристерше құрбан жолына жібергенмен қазақ мұратын таба ала қояр дейсіз бе?! Мыңдап қырылып, мыңдап айдалып жатқан Поляк жұрты да теңдік алып ешнәрсе өндірген жоқ. Ақырында шаруалары... өз тілдерінен айырылды. Мұнан мұрат «заманың түлкі болса, тазы болып шалу керек». Құр арбиып әуресі биік, аңқау, алаңғасар төбет болғанменен түлкінің хайласына қарсы лайықты қару қыла алмас.

Үшінші, Петербордың императорск публичный библиотекасын көріп, жасырын указдарды тауып алған. Қазақтардың бас адамдарын бірін-біріменен араздастырсын деген. Ғажап, бұл сөз кімге хаслап жазылды екен? Егерде сонда көрсетілген бір-екі кісіге ғана хаслап жазылса, жазушы тәуір-ақ адасқан болар-ды. Сонша наданға хыслап бұл күнгеше сол указды оқып көрмеді деп. Екінші, бұл кісі күллі қазақ атынан сөгіс жазады. Істегендерің қате деп. Білмеймін, бұл күнге шейін журнал, газетте де жазылған жоқ еді. Пәлен кісіні сондай сөзді көп қазақ айтуға сайлаған деп. Газет-журналда бұл кісі нендей сөзді лайықтап жазған. Қазақта азырақ көрініп еді. Аяғында келіп бұл мырза бір-екі кісіге сөз тастайды. Жұртқа қызмет қылдық дейсіңдер, сол қызметтерің қайда? – деп мен тағы қайран қаламын, осы күнге дейін жұрт үшін тар жерде, тар уақытта өзгелер бас сауғалап кеткенде өзін аямай, бар қуатын жұрт үшін жұмсап, қызмет қылған адамдарды білмей қайда туып, қайда өскен? – деп құр даурығып, жұрттың жанына, шаруасына тиісті бір іс істемей, не баспасөз арқылы жұртқа бір нәрсенің жөнін білдірмей, әлін білмеген әлек деп буынсыз жерге пышақ қойғанмен жұртқа пайда келтірген болып табылмас. Заман әдістікі, арбаудікі, түзу жол тапқандікі. Менің өзімнен шыққан сөздің бәрі дұрыс демей, өз сөзін өзі тексеріп, өз қатесін, кемдігін өзі біліп, растың алдында мойын игендігі деп біздің жұрттың баспасөзінің бір жағында жазылып келеді ғой. Ас болсын, сөз болсын, ішіне кіріп ар жақ, бер жағын ойлап, жанды дәлелдерін тауып, сонан соң сынау дұрыс қой. «Қырық мысалдағы» Крыловтың – «екі бөшке» деген хикаятындағы көрсетілген үлгі қалпына тура келіп, қолда барға мәз болып жүрмейік. Заман оның заманы емес ғой.

«Айқап» журналы, 1914, № 1

3. «Мал дәрігерлігі туралы»

Мал дәрігерлік деген ескі тәртіп кезінде қағазда ғана айтылатын құр сөз еді. Малына қандай қырғын індет келсе де, қазақ мал дәрігерінің жәрдемімен пайдаланып көрген емес. Оның бер жағында мал шаруашылықты қорғау, асырау мемлекеттің қарайтын зор мәселесінің бірі. Қазақтың күнелтіп отырғаны мал. Соның үшін мал дәрігерлігі реттеліп, көбейіп, барша халық пайдаланатын болсын. Қазақ ішінде мал қарайтын ауруханалар һәм фелдшерлер тұратын орындар ашылсын.

 

«Сарыарқа», 1917, №6

4. «Адам дәрігерлігі туралы»

Қазақ ішінде неше түрлі жұқпалы аурулар жайылғандықтан, адам өлімі көбейіп, өсім азайды. Бұл жайды біле тұрып, дәрігерлер қазақтың ауруларын бағып-қақпады; көріне қашып, аулақ жүрді. Дені саулықтың рухы да сау болатынын көздеп, сиезд мынадай қарар қылды:

1) Бостандық тиген жұртқа дәрігерлік көпке бірдей бос болсын; халыққа дәрігердің жәрдемі тегін болсын.

2) Дәрігерлік орындар халықтың ішіне жуық жерде ашылсын.

3) Әр 5 болыстың ортасынан бір аурухана ашылып, үш фелдшер тұратын орындар болсын. Ол орындарды ысылған доктор, фелдшер, йа фелдшер әйелдер қарастырып тұрсын.

4) Бір облыста үш доктор тұратын ұйым (мекеме) ашылсын.

«Сарыарқа», 1917, №6

5. ИҒЛАН

Омбының уездный земствасына кісі емдейтін бір доктор, үш фельдшер керек. Сұранушылар орыстан болса, қазақ тілін білуі шарт. Докторға айлық ақы 1000 сом, фельдшерге 700 сом, жол шығыны земствадан. Тіленуші доктор мен фельдшерлер бұрын қайда қызмететкенін, осы күні қайда тұрғанын, оқу бітірген жерін айтып, куәлік қағаздарын тіркеп, арыз берсін.

Адрес: Омбы қаласы Гостинная көшеде. 11-нші үй, Омски земски управа.

«Сарыарқа», 1919, №71

6. «Доктор Әбубәкір Алдияров»

         Қабыл етеді: кесіп, сылып қарайтын ауруларды, көзі аурулы адамдарды, сыртта жарақаты бар адамдарды һәм ішкі сарайында науқасы бар адамдарды.

         Троискі шаһарында өз жұртында, Толстой көшесінде.

         Таңертең сағат 9-дан 10-ға шейін, кеш сағат 6-дан 8-ге шейін. Қызмет ететін орны Троискі шаһарының городской болнитсасы.

«Қазақ», 1914 

7. «Тәңірі жарылқасын»

(Троицкіден)

         Сексен жасар Исма деген кемпір (ноғай) көрместей болып көзі ауыра бастаған соң қазақ бауырларымыздан доктор Әбубәкір мырза Алдияровқа барған. Әбубәкір мырза емдейін, ауруханаға бар деп жіберген. Сонан кейін кемпірді ауруханаға жатқызып, көзіне апиратсиа істеген. 18 күннен кейін кемпір көзі көріп, жазылды. Осы кемпір Әбубәкір мырзаға алғыс-батасын беріп отыр. Жан шіркін тәтті ғой. Әбубәкір мырза Алдияровтың ауруды жақсы һәм шын көңілмен қарауы жалғыз бұл емес, әрқашан емдетуге келгендердің көңілін тауып, риза қылып тұрады. Істеп болған һәм білетін адамдар Әбубәкір мырзаны жақсы хирург иағни кесіп-сылып ем қылуға жетік дейді.

X.C.

«Қазақ», 1915, №111 

8. «Саратовта қазақ студенттер»

 Саратов университетінің медитсински факултетінде оқитын студенттер: Орал облысынан:

1) Есенғали Қасаболатов – төртінші курста,

2) Ықылас Шұғұлов - үшінші курста.

Екеуі де Уралскі обласной правлениеден. Стипендиа алады.

Астрахан губернасынан: 3) Батырғали Иусуфғалиев - төртінші курста, қазақ земски сумасынан стипендиа алады. 4) Ахмет Ниязов - үшінші курста, өз күшімен оқиды. Бұлардан басқа Орал облысынан стипендиамен оқитын екі студент бар еді: Ғұмар Есенқұлов һәм Бақытғали Бейсенов. Бұл екеуі г. экзаменнан басқасын бітіріп, осы күні доктор болып тұр. Бұл екеуінің стипендиасы бос. 

Есенғали

«Қазақ», 1915, №112 

9. «Бұратана бөліміне кірген қазақтар»

         «Қазақтан» белгілі, Минскіде ашылған бұратана бөліміне қызмет етуге қазақ зиялылары - доктор, фельдшерлер шақырылып тұрғандығы. Қазір Минскіге келгендер: Қазан студенттері - Иса Қисықов, Шапағат Бекмұхаметов, Мұхаметқазы Шотаев; Мәскеу студенттері Нәзір Төреқұлов, Муса Сейдалин, Хасен Бекентаев; Петроград студенті Шаһмардан Капсаламов. Мұнда тағы Әлихан, Мырзағазы, Әбубәкір, Міржақып барлығы «Қазақта» жазылған. Шақырылған докторлардан Әбубәкірден басқа Есенғали Қасаболатов келмек болып тұр.

         Тағы да шақырылып тұрғандар бар, кезінде оларды да жазармыз. Доктор, фельдшерлеріміздің бұл жұмысқа қалай шабандауын білмейміз.

Мадияр.

«Қазақ», 1917, №223

10. «Қазақтан доктор, фельдшер һәм преводчик керек»

Майданда науқастанған жігіттерді Земский союздың майдандағы ауруханаларына жібереді. Онда докторлар, фельдшерлер қазақша, ауырған жігіт орысша тіл білмейді. Дружинадағы жігіттердің өз арасынан қойылған тілмаштар жөнді тіл білмеген соң, аурудың жайын жеткізіп айта алмайды. Бұл жайды жеткізген соң, Земский союз бізге «Тез өздерің докторларыңды, фельдшерлеріңді тауып беріңдер, біз оларды өзінің қазақтарына қоялық» дейді. 

Беретін айлық ақшасы:

Докторға:

Жалование 300-350 сом,

Тамаққа 90 сом,

Подемный 300 сом,

Командировка 100 сом.

Фельдшерге:

Жалование 100 сом,

Тамаққа 90 сом,

Подемный 100 сом,

Командировка 100 сом.

Пәтер тегін, жол һәм ғейри жүріс-тұрыс союздан. Және де союзға қазақтан һәм сарттан жақсы, таза переводчиктер керек. Бұлардың тамақ, пәтер һәм жол шығыны союздан, айлық жалованиесі 60 сом.

         Союзға кіретіндердің қолында паспорты болсын һәм тұрған жерінің полициясынан әскерлік қызметінен азат екендігіне қағаз алсын (25 июнь жарлығы бойынша азаттық емес, әскерлік қызметінен).

         Келетін доктор, фельдшерлер мынау адреспен телеграм берсін: Минск, земсоюз фронт Букейханову.

         Мұнан кейін Земский союздың врачный отделі кел деп телеграм береді. Бұл телеграм бойынша келген адам жолда ұстаған ақшасын союздан алады. Біздің өтініш, қазақ докторлар, фельдшерлер осыған келу. Біз доктор, фельдшерлерді шақырғалы, газетке жазғалы бір талай уақыт болды, бұл күнге шейін келген яки келемін деген бір кісі болмай тұр. Қазақтың оқыған азаматтары қазаққа осындайда қызмет етпегенде, қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз. Кісі тез керек. Талапкер переводчиктер де жоғарғы адреске һәм «Қазақ» басқармасына телеграм берсін.

Әлихан.

«Қазақ», 1917, №220

11. «Әбубәкір Алдияров адресі»

         «Орынборға доктор Әбубәкір Алдияров келіп тұрды» дегенді газеттен көрген жақын елдің ауруы бар адамдары басқармаға келіп, адресін сұрай береді. Әбубәкір келген кезде жатқан нөмірден басқа пәтерге шыққан, қазіргі

Адресі.  Канонирский пер. №9 дом, Пановой.

«Қазақ», 1917, №219

12. «Доктор Әбубәкір Алдияров»

         Троицкіде тұратын доктор Әбубәкір мырза Бермұхамедұлы Алдияров жаңада Орынборға келіп тұрды. Қазір темір жол ауруханасында қызмет қылады. Адресі: Грешковский орамда, Коробковтың жаңа нөмірінде, нөмір 115. Орынборда қазақ зиялылары көбейуіне, әсіресе, Әбубәкір мырзаның келіп тұрғанына шатпыз. Орынборда тәжірибелі жақсы қазақ докторы көптен керек еді. Көрші Торғай, Орал елдерінен мұнда келген ауру қазақтар орыс докторларына ауруларының мәнісін түсіндіре алмай көп ыңғайсыздық көруші еді.

«Қазақ», 1917, №216

13.  «Орынборда қазақ докторлары»

         Алдыңғы жылы Саратов университетін бітірген жастарымыздан Оралдық Ғұмыр мырза Есенқұлов жаңа арада Орынборға келіп тұрды, «Скороя помощь» ауруханасында қзмет етеді. Қарт докторларымыздан Мұхаметжан Қарабаев та Орынборға келіп тұрды, темір жол ауруханасында қызмет етеді. Бұл кісі соңғы жылдарда Якут облысында қызмет етуші еді, отставкаға шығып, пенсия алатын болып қайтты.

«Қазақ», 1916, №201

 

14. «Алдауыш доктор»

         Өткен иул ішінде біздің елге бір ноғай «доктор» келді. Өзінің айтуынша аты - Хасан Қадыров. Тұрағы Троицк шаһары. Жүрмеген, тұрмаған жері жоқ. Оқымаған ғылымы жоқ. Жазбайтын ауруы жоқ. Түркия, Жапония, Бұхара, Кавказ, Сібір һәм өзге жерлерде де болған. Орыс-жапон соғысында жаралыларды қарау үшін доктор болып барған екен. Биыл да соғыстағы жа- нады. 

         Жаралыларды қарауға барса да, бір себеппен Троицкге қайтып келіпті. Енді Қостанайдағы докторлардың комиссиасына шақырылып бара жатып, біздің елдің бағына кез келген жолы екен.

         Көрші ауылымызға осындай адам келгенін естіп, барғанда көргенім мынау: үй толы халық.«Доктор» епті жастау жігіт екен. Тамыр ұстайды екен, көкірекке шертіп те тыңдайды екен. Кеседі, сылиды, трубамен де қарайды десіп отырды отырған жұрт. Науқас адамның ауруының жайын сұрап алып, неше түрлі ауруға берген дәрісінің түрі аз болса, бағасы арзан көрінбеді. 15-20 жылдан бері бала таппаған қатындарға бала табатын дәрі беріп сан жерден неше қара алғандығын естідік. Не қылса да қолға түспейтін дәрігер екен деп қалғандар болыпты. 

         Міне, осындай алдауыш докторлар, өтірікші әулиелер әр жерде-ақ бар көрінеді. Біздің байқауымызша олар бермеген, нанбаған кісіден еш нәрсе алатын емес, бірақ жұрт шынға нануды қойып, өтірікке өте ынталы болып кеткен соң не ылаж!

 

«Қазақ», 1915, №146

15. «Жас доктор»

         «Қазақ» жазушыларынан Саратов университетінің студенті Есенғали мырза Қасаболатов Орал облысында Жилая Коса деген қазақ арасындағы қалаға доктор болып сайланды. Жас талапкер мырза халқына пайдалы қызметкер болуына тілектеспіз.

«Қазақ», 1915, №138

16. «Дәрігерлерден сұраймын»

         Бір баламның айағы ауырмай-сырқамай кем болды. Жаңа апыл-тапыл басып жүргенде сол айағы басуға жарамай бос қалды. Ауырып, жығылып, мертігіп жазым болған емес. Бақсы-балгерлер «иелі екен, қағам-бағам» деп еді, оларға қаратқаным жоқ. Балам қазір 10-да. Балдақпен жүреді. Ауырмайды. Бірақ сол айақ оң айақтан қысқа һәм нәзіктеу. Қазақ дәрігерлерінен сұраймын, осы баланы емдеуге болады деп «Қазақ» арқылы білдірсе, алып барамын, адресін көрсетсін.

«Қазақ», 1915, №137

 

Дайындаған, ескі жазудан қазіргі әліпбиге түсірген:

Жауынбай Жылқыбай

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?