Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жер үшін күрескен Зейнолла болыс

3003
Жер үшін күрескен Зейнолла болыс - e-history.kz

Зайсан қаласынан 70 шақырым жердегі Жалши ауылындағы Зейнолла Бұтабайұлының да кесенесі 1923 жылдары тұрғызылғаны турасында кесененің жоғарғы жақ тұсында қазақтан шыққан тұңғыш сәулетшінің аты және кесененің салынған жылы тайға таңба басқандай анық жазылған.

«Жауап хат Зейнолла Бұтанбайұлына» . Қыр баласы «Қазақ» газеті 1913ж. №35

 

Зейнолла кім?

Зейнолла – болыс, аға сұлтан Бұтабайдың ұлы, тарихта әділдігімен һәм батырлығымен есте қалған тарихи тұлға. 1913 жылғы «Қазақ» газетінің № 35 санында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның Зейнолла Бұтабайұлына жауап хатында Шілікті өлкесінің малға да һәм жанға да жайлы екенін  тілге тиек ете келіп Тарбағатй өңіріндегі соның ішінде Шілікті болысы, Терісайрық болысы және Маңырақ болыстарының жер аумағына тоқталып өткен.

Хаттың қысқаша мазмұны төмендегідей: «1899 жылғы Шербин есебінде Зейнолла Бұтабайұлының қыстауы «Қайшыбұлақ» деген жер. Бұл қыстау Зайсан қаласынан 50 шақырым.

Туған жері Тарбағатай Қызылшілік өлкесі Сауыр-Маңырақ тауларының арасында. Қандысу өзенінің басы Шілікті. Карл Риттердің «Азия» деген кітабына қарағанда бұл өлке бұрынғы уақытта көл асты болған. Шілікті өлкесінің ащылы жері бұл күнде жоғалған, көлден қалған көл суы кеткен соң мұндағы тұз қаңсып жер ашщы болған.

Мұнда егін шаруасы қол емес, Шілікті мал кіндігі.

Бұл жерде Еуропаның Алпы тауындағы Швейсария жұрты болса, мал шаруасын іс қылып, сиыр сауып, май алып, ірімшік қайнатып, жүні жақсы шұға болатын қой бағып дүрілдетер еді...», – деп жазған екен ел мен жердің тарихын жете білген ұлт көсемі. Бұл деректер зерттеуші Заңғар Кәрімханның «Толағай» атты кітабында жеткілікті келтірілген.

Зейнолла болыс көпес Сорокинді Шілікті өлкесінен қумас бұрын ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан жол сұрағандығы және Алаш ардақтысының жауап хат мазмұнына үңілсеңіз: «...Жер де, ел де сенікі, оны қалай реттеу һәм қалай жөнге салу сенің қолыңда» деген тіркестер кездеседі біз мұнан жол сұраған болысқа көсемнің жөн сілтегінін анық көреміз.

Сорокин оқиғасы және болыс жайында аулдағы көрген қарттарымызды әңгімеге тарттық.

Әсет Әбділдабек болыс немересі, Айтмұхамед һәм Иісбек Тайтұяққажы ұрпақтары Зейнолла болыстың жіберген хатының тұспалды ойларын былай баян етті. Зейнолла өте аңғарлы адам болған, заман ағымын һәм жер мәселесі жайында ұлт көсемінің ақылына бағыт-бағдар беруіне жүгінген деседі. Бұл сөзімізді нақтылай түсу үшін Шілікті болысына Сорокин деген көпес генарал-губернатордың бір парақ қағазын құшақтап Жәжеңе (жергілікті халық болыстың атын атамай, «Жәжең» деген) келіп ұлтарақтай жер беруін сұраған деседі-мыс.

«Жәжең» өз рұқсатын бере келіп Сорокинге жергілікті халықтың салт-дәстүріне оғаш, қарама-қайшылықты іс-қимылды жасамауды ескерткен. 

Арада біршама жылда Сорокиннің малы мыңғырып, тіпті қорсылдақ пәлелерін Қандысудың басына өрбіте бастағанын естіген ел ағасы тізгін ұшымен келіп шектеу қойып, ескертсе, екіленіп алара-бөртіп алған көпес үйінен бір парақ қағазды алып шығыпты. Мұқым Шілікті жазығын астыртын заңдастырып жатқан құжатын кесе-көлденең қойып, масайрап тұрғанын көріп, қағазды жұлып алып, жұмарлап-жұмарлап жырта салып, көпестің басына әңгір-таяқ ойнатқан деседі.

Болыстан таяқ жеген көпес арыз-арманын айту үшін қаланы бетке алып тайып тұрған, ат-арбамен жеткенше бірнеше ай өтеді. Ақыры қаладан шенді-шекпенділерін ертіп келсе, үйі де,  қора-қопсысы да жоқ, мәнісін ұқпаған комиссия өзін жер аударған.

Негізінде батырлығы мен парасаттылығы қатар Жәжең көпес арыз-арманын арқалап кеткен тұста үй-жайын, қора-қопсысын құлатып, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, қора-қора қойды бірқанша күн ары-бері өткізіп, орнын тегістеп тастаған екен.

Өткен ғасырдың бас шенінде туған жерінен жырақтап арғы бет асуға тура келіп Тарбағатай асып Құлыстай өлкесінен ауа көшіп барғанда тыныстайтын құтты қоныс таппаған соң Зейнолла болыс Қобықсарыдағы Сары уаңнан тілімдей болысын жер сұрауы үшін жан-жағы құрсауланған тоғыз қақпадан тұратын Сары уаңның сарайына сегізінші қақпаға дейін нөкерлерін ертіп, тоғызыншы қақпаға өзі ғана ат тұмсығын тіреген екен.

Алыстан ат алдырып жеткен мейманын қазақ жолымен күтіп алған Торғауыт шендісі ақсарбасын алдырып баба жасатып, көп ұзамай былқылдап піскен ісектің етімен сары қымызды сапырып ішіп отырып қонағын бұйымтайыңызды айта отырсаңыз дегендей сыңай байқатыпты.

Сонда жарықтық Зейнолла болыс: «Маған бірер жылға тыныс болатын жер керек, мен арғы беттен ауып келген қазақпын», – деп қысқа қайырған екен. Ас жиылып бата жасалып, ат ағашта тұрған болыстың жарау сәйгүлігін болыс тысқа шыққанда көлденең ұстап тұрған екен.

Атына мініп, артына қарамастан кетіп бара жатқан болыстың батыр бейнесіне сүйсінген Сары уаңның тоқсанның жуан ішіне келген көпті көрген ақылшысы: «Сен байқадың ба, жаңа келген адам жай адам емес, үзеңгіге аяғы тигенде табанынан от ұшқындары байқалды. Бұл адам берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан алатынның нағыз өзі екен», – деп Сары уаңға ақыл-кеңесін айтқан екен.

Міне, заманында азуын айға білеген ел жақсылары, ұлттың ардақтылары бүгінде көмескі күйде еш насихатсыз, елеп-ескерусіз қалыс қалып жатыр. Жарықтық Зейнолла болыстың ұлт тарихына қосқан өлшеусіз еңбегі бүгін де тасада қалып бара жатқандай көрінеді.

Ұлттық баспасөзге және алаш атты әскеріне тікелей қолдау көрсеткен Тарбағатай өңіріндегі ұлттық буржуазияның ірі өкілдерінің бірі Зейнолла болыс Бұтабайұлының ерен еңбегі мен қайраткерлігі бүгінгі тәуелсіз мемлекетте қайта жаңғыруы тиіс! 

                                                                           Ақжол ҚАДЫЛБЕКҰЛЫ, Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық  әмбебап кітапхана сирек қор бөлімінің қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?