Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Біләл Сүлейұлының педагогикалық ойлары

1202
Біләл Сүлейұлының педагогикалық ойлары - e-history.kz

2021 жылы алаштанушы-ғалым, жазушы, PhD Елдос Тоқтарбайдың құрастырып, алғысөзі мен ғылыми түсінігін жазып, баспаға дайындауымен Алаш қайраткері, білім менеджері, педагог, ақын Біләл Сүлейұлының «Үміт» (Qyr Balasy ҚҚ баспасы,  2021 жыл, 118 бет) атты шығармалар жинағы жарыққа шыққан болатын. 

Біләл Сүлейұлы – ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті қайраткерлердің бірі де бірегейі еді. Алайда, ұзақ уақыт бойы тұлғаның насихаты кемшін болғандықтан, зерттелмей, қалыс қалған. Зерттеуші Е. Тоқтарбай даярлаған «Үміт» шығармалар жинағы – тұлғаның алғашқы кітабы. Жинаққа автордың поэзиялық және публицистикалық мұралары қамтылған. 

Біләл Сүлейұлы Совет үкіметі орнаған жылдары жаппай сауатсыздықты жою үшін бар қажыр-қайратын жұмсап, ағартушылықпен айналысқан педагог, білікті менеджер болатын. Біләл Сүлейұлы (1893-1937) қысқа ғана ғұмырында зор іс тындырған, еліне адал қызмет еткен рух сардары. Әсіресе, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында екі жылдық бастауыш мектеп, жеті жылдық орта мектеп, педтехникум, педагогикалық институт сияқты білім беру мекемелерін ашқан, ұйымдастырған санаулы азаматтардың бірегейі. 

Семей педагогикалық институтының ректоры Біләл Сүлейұлы, 1930 жыл

Оқырман назарына педагог, ағартушы Біләл Сүлейұлының мектеп, білім беру мәселесі қатысты өткен ХХ ғасыр басында айтқан келелі ойларын ұсынамыз: 

Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбаласақ қайтеді?

Осы уақытта Алматы қаласында көшеге симай оқу іздеп қаптап жүрген қазақ-қырғыз баласы. Бұлар әр уиезден келген. Жастары 15-бен 25-дің арасында жасы жетерлік болғанымен, оқу аз. Көбінің білімі бастауыш мектептің бірінші екі класына жетпейді. Өзінің шамасына қарай біліміне қарай іс қылайын деп жүргендері кемде-кем. Бәрінің ойы жоғарыда «ел ішіндегі, уиездік қалалардағы мектептерде оқығысы келмейді. Бірден қарғып Алматы, Ташкен, Мәскеу барып жоғарғы дәрежелі мектептерге кіруге ұмтылады. Қазынаның счотына кіріп, бір жыл – жарым жылдан қыран шапқандай қылып оқуды бітіріп қайтып «төре» болғысы келеді. Оған мүмкіндік бар ма, оқуы жете ме, жетпей ме, онымен ісі жоқ. Шырақтарым, оқуларың жетпейді, және де жоғарғы һәм орта дәрежелі мектепте орын аз, биылша елге қайтып ең болмаса бастауыш мектептердің оқуын бітіріңдер, жақсырақ даярланыңдар десе, бір сыпырасы қабағын түйіп, аузын қомпайтып өкпелейді. Өкпелегенде не дейді? Біз кедей едік, кембағал едік, батырақ едік, қосшы едік, Кеңес үкіметі, кедей үкіметі болған соң алдымен бізді тәрбиелеуге керек дейді. Олары дұрыс-ақ. Кеңес үкіметі кедейдің қамқоры, кембағалдың сүйеніші, ол ақиқат. Бірақ Кеңес үкіметінің дәл осы мезгілде кедей-кембағалдардың бар мұң-мұқтажын өтеуге шамасынан келе ме? Кеңес үкіметі халық ағарту жұмысынан несін аяп отыр? Қолындағы қаражатының көбін қара бұқараны ағарту жұмысына сарып қылып отырған жоқ па? Бірақ жалпы шаруасының күйзелгендігінен жеткілікті қаражатты бере алмай отырған жоқ емес? Мұны әр қайсымыз білуге керек емес пе? Сондықтан құр кедейміз деп аранды аша бергенді бір азға тоқтатуымыз тиіс қой. «Кедей» деген сөзді кәсіп қылғанды қоюға уақыт жеткен жоқ па? Құр кедейшілік мақтан емес қой. Кедей болғанда жалпы жұртқа, кеңес үкіметіне жағымды кедей болалықта. Ұйымдасып, бірлесіп, береке, бірлік қылып игілік іске жұмыла кірісетін еңбекшілер жұртшылығын орнататын кедей болалықтағы. Әйтеу кедеймін десем жолым болады екен деп қара сүрбекпен орынды, орынсыз сабай бергенді қою керек. Әсіресе оқу, халық ағарту жұмысына келгенде бұл мінезді тастауымыз керек. Жоғарғы, орта дәрежелі мектептерге кіру үшін жалғыз кедей болу ғана жетпейді, оған қоса толық даярлық – жетерлік білім болу керек. Ол білімді алыстан іздемей ауылдың жанынан-ақ тауып алуға болады. Оның үшін қара бұқараның, еңбекшілер табының қайраты, жігері керек. Өзара күш қосып, қаражат жинап, мектеп ашулары керек. Аспаннан жақсылық күтетін әдетті қою керек. Оқуға қаражат бермегенде кедей байыпта жатқан жоқ, бермегенменен кедейлігі артыпта жатқан жоқ. Бұл туралы қосшы ұйымы көсемдігін көрсетуі тиіс. Қосшы ұйымы, қосшы азаматтарының құлағына алтын сырға. Өзі дүниеге шыққалы бері халық ағарту жұмысына жақсы назар салып қараған емес. 

Қосшы ұйым пәлендей, қосшы ұйым түгендей деп көп гуілдеткенімізбен қалың қара бұқараның мәдени тіршілігін өркендету туралы көзге көрінерлік бір жұмыста істеген емес. Жетісудағы мүшелерінің саны қосшыдан әлде неше рет кем болған кәсіпшілер ұйымы жылына өз ара дүз мыңдаған ақша жинап неше мыңдаған баланы оқытып жатыр.

Біздің қосшы ұйымына кеште болса кәсіпшілер ұйымынан үлгі алуға керек. Оқу таба алмай, тәуір мектепке оқуы жоқтықтан кіре алмай, маңырап жетім қозыша, телім-телім болып қала сайын тентіреп жүрген, жалғыз кедейліктен басқа бойында өзге қасиеті жоқ, қазақ-қырғыздың қара бұқарасының балалары үшін көптің басын біріктіріп қаражат жинап мектеп ашу керек. Қосшы бастық болып жалпы жұртының күшін мектеп, оқу ісінің айналасына қоғамдауы керек. Әр уиезде ең жоқ дегенде қазақ үшін ел ішінен аудандық екі мектеп, қалалы жерден үлгілі бір мектеп ашу керек. Осы уақытта әр уиезде қазақ-қырғыз балалары үшін тоғыз жылдық мектептерге негіз салынып отыр. Үкіметтен аз-маз қаражатта беріліп отыр. Мына сол мектептерді не қылғанмен сөндірмей алып баруға бар күшті жұмсау тиіс. Жоғарғы дәрежелі, орта дәрежелі мектептерге кірем деген қазақ балалары сол мектептерге кіріп ең жоқ дегенде төрт сыныбын бітірулері керек. Төрт жылдық мектептің білімін алмай тұрып, әрі қалалардағы қайсы оқу жұртына болса да түсем деп ұмтылу орынсыз талпыну, орынсыз үміт болады.

Ең ақтығында қорытынды қылып айталық деген сөзіміз мынау: оқу деген Мәскеуден, Ташкеннен барып, Қараталдың тұзындай оп-оңай қаптап алып келе қоятын нәрсе емес. Ілгергі мектептерден білім алу үшін ел ішіндегі, уиездік жердегі мектептерден негізді, түпкілікті бастауыш білм алу керек. Ауылдың қасындағы, үйдің жанындағы мектептерді бітірген соң жоғары қарай ұмтылу керек. Бұлай болмағанда даярлықсыз, мағұлматсыз біздің жастар құрғақ «кедейлікті» арқасына таңып жүріп кіндіктегі тәртіпті оқу үйлеріне кіре алмайды. Ең әуелі алыстан арбалағанды ойлағанша, жақыннан дорбалаудың қамына кірісу керек.

Қаптағай, «Тілші» газеті, №140, 1924 жыл

Кеңестер сайлауы һәм оқу жұмысы

Осы мезгілде ел ішінде кеңестер сайлауына әзірлік болып жатыр. Ауылдық, болыстық кеңестер сиездері жақын уақытта болып өтіп, оның артынан уиездік сиездер де тездікпен шақырылмақшы. Ел ішіндегі кеңестер сиезі һәм уиездердегі кеңестер сиезі алдағы тұрған бір жылға істейтін жұмыстарының жобаларын белгілеп кететін жұмыстардың ішінде оқу жұмысы да болуға керек. Сондықтан біз бұл мақаламызда оқу-оқыту мәселесі туралы кеңес сиездері не түрлі шаралар жасап, қандай пландар белгілеуге керек, сол туралы қысқаша пікірімізді баяндап өтпекшіміз. Оқу-оқыту туралы сөз болғанда ең әуелі тексерілетін іс қаражат жағы болуға тиіс. Қаражат жағын жөнді жолға қоймай тұрып халық ағарту жұмысын аяққа бастыру мүмкін емес. Осы уақытта мектептер қаражат жағынан үшке бөлінеді: 1) үкімет қармағындағы мектеп, 2) жергілікті бюджет қарамағындағы мектеп, 3) халықтың өз қарамағындағы мектеп. Жетісуда үкімет қарамағында ауыл-қыстақ халқы үшін 95 мектеп бар.

Олардың бесеуі шаһарлы жерде. Үкімет қарамағындағы мектептер әр мұғаліміне ай сайын 20 сом 90 тиынан ақша беріліп тұрады. Мектептің қалған расхоттарының әммесі халықтың өзінен алынуға керек. Жергілікті бюджетте бүкіл облыста алты-ақ мектеп бар. Бұл алты мектептер неше айдан берлі қызметкерлерінің жалауаниясын ала алмай отыр. Халқының өз қарамағына үш дүзден артық мектеп бар. Бұл мектептердің мұғалімдерінің көбі неше айдай жалаунияларын жұрттан ала алмай зарығып жүр.

Бұл айтылғандардан не көрінеді? Жалпы оқу жұмысының қаражат жағы нашар күйде екені көрінеді. Тез арада үкімет тарапынан күрделі көмек болады екен деп ойлауға болмайды. Үкіметтің күрделі көмек беруге шамасы келмейді екен деп қарап отыруға тағы болмайды.

Сондықтан оқу жұмысна керекті қаражатты басқа ретпен, басқа жолмен табудың қамын ойлауға керек. Ол жолдың ең төтесі, ең лайығы – көптің, халықтың жәрдемімен пайдалану. Халықтың жәрдемін қайткенде оқу иесіне тартуға болады? Қайткенде жиналған жәрдемді далаға жібермей мектеп пайдасына ұстауға болады? Қайткенде оқытушылардың қызмет ақысын мезгілінде  бергізіп, көңілін алаң қылмай жалғыз оқу-оқыту жұмысына ғана аударып мектептің оқу-білім жағын, оқыту-үйрету жағын ретті түрге қоюға болады? Міне осы мәселелерді тіршілікке ұнасымды түрде шешуге керек. Мұны істейтін кім? Бұл мәселелердің түйінін жағымды қалыпта шешетін кім?

Біздің ойымызша жергілікті кеңестер сиезі болуға керек. Жергілікті кеңестер сиезі жалпы қара бұқараның мұң-мұқтажының һәммасымен таныс, жергілікті шарттарға жетік. Сол себепті мына жүргізіліп жатқан сайлау кампаниясы уақтында ауыл, болыс, ояздағы кеңесіміз сиезі оқу мәселесіне жақсы көзбен қарап мектептердің, мектеп қызметкерлерінің жәйін халықтың көмегімен жақсартуға тырысулары керек. Оқу ісіне еңбекшілердің, кедейлер ұйымының, жалпы елдің ынтасын, пейілін қайтып аударудың ашық, айқын әдістерін көрсетіп өтіп – сол әдістерді жүзеге асыруды атқару камитеттеріне қатты қылып тапсырып кетулері тиіс.

Сүлей ұлы Біләл, «Тілші» газеті, №143, 1924 жыл  

«Өзгеге иек сүйегенді қою керек»

Жаз өтті, күз жетті. Мектептерде оқу басталатын мезгіл кірді. Қалалы жердегі отырықшы жұрттар талпынып оқуға балаларын беріп, мектептерін уақтымен ашуға тырысып жатыр. Үкімет қаражат бемесе де, көп болып бірігіп, тиындап-тебендеп расқұт жинап оқу үйлерін ретті жолға қойып жатыр. Дала халқын, қазақ-қырғыз жұртын алсақ, оқу жылына даярлық қылып жатқан көрінбейді. Жақсылықтың бәрін «құдайдан», «сәбеттен» ғана күтіп отырған жәйі бар. Оқу керек, мекеп, өнер керек деп жаза-жаза қара сия, қағащ таусылды, айта-айта дауыс қарлықты. Қозғалған ел жоқ, түсініп ел бастаған ер жоқ. Ел, білімсіз надан, ел азаматы селқос, шабан. Мектепке үй жоқ. Мұғалімде күй жоқ. Оқу саймандары тағы жоқ. Жергілікті сполком бастықтарының үкімет адамдарының мектепті сылтау қылып қой жинап алғанына көңілі тоқ. Ол қойлардан не мұғалімге, не жұртқа бір тиін пайда жоқ.жұрт өз ара жұртшылық қылып өз тағдырын өзі шешейін деп ойламайды. Балаңды оқыт десе, біреу үшін оқытатындай көреді. Бай болсын, орта ауқатты болсын, кедейі болсын, баласын «қазынадан» босқа оқытқысы келеді. Олжагерлік қылады.

Баласын тәрбиелеу үшін асты жанынан бір тиін шығарғысы келмейді. Бұзаулы сиырыңды бермесең намазыңды оқымаймын деп зіл салған әумесер құсап, қазына бос оқытбаса баламызды оқытпаймыз деп кергійді. Оны мен кімді қорқытпақшы, кімді мұқатпақшы екенін кім біледі?

Осы уақытта қалалы жерлерде шұбырып оқу іздеп жүрген қазақ-қырғыз жастары. Бәрінің іздегені қазынаның бос оқуы. Жанынан өзі қаражат шығарып оқимын деген біреуі жоқ. Бәрі кедей болса бір сәрі еді. Көбі ауқатты адамдардың балалары. Мұнан не көрінеді? Жас буынның аз да болса көзі ашылып заманаға лайықты адам болуға тырысқандығы көрінеді. Балалардың ата-аналарының, басқаша айтқанда қырдағы жалпы жұрттың әлі замананың сөзіне түсіне алмай, баласның тәрбиесіз, білімсіз қалуын бір тоқтының өліміндей көрмейтіндігі білінеді. Жұрт бастап жүрген азаматтарымыздың сырты сыпайы болғанымен, ішкі жағында әлеуметшілдік сезімінің жоқтығы көрінеді. Қазақ-қырғыз қара бұқарасы дүниеде жасаймын, іргелі ел болам десе бұл мінезді тастау керек. Жұртшылық қылып күш қосып, басқа жұрттар қатарында өзінің ұлт мектебін жасауға тырысуы керек. Өз баласын адам қылу үшін өз игілігі үшін қаражат жұмсаудан бұлтаруды, қашуды қою керек. Сасық законшылдік, мақтаншылық, орынсыз сараңдық, құнытсыздықты тастап өзгеге иек сүйеп отыруды қойып өзіне сеніп іс істеуі тиіс.

Қаптағай, «Тілші» газеті, №137, 1924 жыл

Ел ішіндегі мектеп қай түрде жасалу керек?

(Пікір алысу ретінде)

Қазақ жұртының оқу-оқыту мәселесіне әлі күнге шейін шешілмей келе жатқан түйіннің бірі – ел мектебін қай түрде жасау жұмысы. Бұл туралы баспа сөз бетінде жазылған жоқ. Бірақ бұл талқыға түсерлік әңгіме, сондықтан оқушылар алдына өз ойымызды тартып өтпекшіміз. Кеңестер одағында қай жерде, қай елде болсын Кеңес мектебінің тұтқан жолы, алған бағыты, көздеген мақсұты бір болу керек. Оған ешкімнің дауы болмасқа тиіс. Бірақ құрылыс түрі сол ұлттың тұрмыс жайына қарай лайықталып жасалу керек. Қазақтың көпшілігі көшпелі мал бағып тіршілік етеді. Отырықшы болып егін салған қазақ тіпті жоқ десе де болады. Отырықшы ел мен көшпелі елдің мәдени мұқтажын бір түрлі жолмен, бір ыңғай әдіспен алып бару мүмкін емес. Қазақ мектебін ұйымдастырып жасағанда көшпелі мал баққан жұрттың күн көру салтына қарай бейімдеп жасау керек. Осы уақытта қазақ мектебін жасауда орыс мектебінің құрылыс түрін қолданып келеміз: бастауыш мектептеріміз төрт жылдық, екінші басқыш мектептеріміз бес жылдық иә үш жылдық деген жолды ұстаған болып отырмыз. Бірақ бұл тәртіпті алғанда қазақ тұрмысына лайықты мектеп түзілісі осы деуге болмайды. Өзімізде мектеп құрылысы туралы жергілікті халықтардың тұрмысына лайықталып пішілген мектеп үлгісі әлі жоқ. Бастан кешіріп отырған тәжірибеміз орыс мектебінің үлгісі қазақ мектебіне тура келмейтіндігін көрсетіп отыр.

Осы мезгілде бүкіл Қазақстанда қалалы жерде болмаса, далалы жерде, көшпелі елдің арасында төрт жылдық бастауыш мектептер жоқтың қатарында. Қазақ арасындағы мектептердің ең маңдай алды дегенінде екі жарым жылдық оқу болады. Орташа қисаппен алғанда бір жыл. Бір жарым жылдан аспайды. Мұның себебі, қазақ арасындағы жалпы жалпы тіршілік түрі: елдің шашаулығы, мектеп үйлерінің жоқтығы, оқытушылардың құнарсыздығы, оқу аспаптарының кемтарлығы. Бүкіл Қазақстанның жері мен елін салыстырғанда, әр жарты шаршы шақырым жерге бір адамнан келеді. Бір үйдің ішінде 5 адамнан санағанда, үй басына екі жарым шаршы шақырым жерден келеді. Төрт жылдық бастауыш мектебін жасау үшін ең кемінде жүз жиырма бала керек. 120 баланы жинап алу үшін, үй басына бір баладан болғанда, 120 үй керек болады. Жоғарғы келтірген сипырға қарағанда 120 үйдің отыратын алабы  (120×2½) үш жүз шаршы шақырым болуға тиіс.

Алабы үш жүз шаршы шақырым жер түгіл 50 шаршы шақырым жерден балалардың келіп оқуы болмайтын іс. Сондықтан көбі көшпелі түрде тіршілік қылатын қазақ жұрты арасында толық төрт жылдық бастауыш мектебі жасау қиын.

Ал енді қазақ арасында мектепті неше жылдық қылып, орташа мөлшер мен қанша балалық қылып жасауға болады? Біздің ойымызша ел ішіндегі бастауыш мектептерді екі жылдықтан асырып жасауға болмайды. Сол екі жылдық мектепте оқитұн жалпы балалардың саны отыз-қырықтан аспауға тиіс. Үй басы оқу жасындағы бір баладан бөлгенде, әр мектеп қырық үйдің басын құрастырып мәдени мұқтажын өтей алса, онан артық олжаның керегі жоқ. Қырық үй бес-бес үйден бөлінгенде сегіз ауыл болмақшы. Сегіз ауылға бас алқа бола білген мектеп, ол жаман мектеп болмайды.

Бастауыш мектептің екі жылдық болуы керектігіне екінші дәлел – ел арасындағы мектеп үйлерінің жәйі. Ел ішінде әдейілеп мектепке арналып салынған үйлер жоқ. Метептер қысты күні көбінесе бір бөлмелі иә екі бөлмелі қазақтың тамында, жазды күні киіз үйде орналасады. Бұл үйлерге ең көп болғанда қырық баладан артық орналастыруға болмайды. Жақын арада қазынаның есебіне не әйтпесе жұрттың өз күші мен жетерлік мөлшерде ауыл мектептеріне үй салуға үміт аз. 

Ауыл мектебінің екі жылдық болуын қуаттайтұн тағы бір себеп жалпы қазақ мұғалімдерінің білім жәйі. Ел ішіндегі мұғалімдер көбінің білімі таяз. Тең жартыдан артығы төңкеріс заманындағы қысқа мерзімді курстерден шыққан. Жылма-жыл уиез, губернелерде ашылатұн пысықтау курстеріне барып, білімдерін жаңартып тұрғанда да олардың екі жылдық бастауыш мектептерден артық мектептерге сабақ беруге шамасы келмейді. Толық бастауыш мектептерге мұғалімдер даярлап жатқан педтехникумдер, институттар бес он жылсыз жетерлік дәрежеде оқытушылар жетістіріп береді деп сенуге болмайды. Сондықтан жоғарғы сөздің бәрін қорытып келгенде айтатұнымыз: қазақ арасындағы бастауыш мектеп, қазіргі тұрмыс шартымызға қарағанда, екі жылдық болып ауыл мектебі деп аталуға тиіс. Оқу програмдары, оқу кітаптары ол екі жылдық бастауыш мектептерге лайықтанып шығарылуы керек. Қош! Екі жылдық ауыл мектебін бітірген балалар не қылмақшы? Қай жаққа бармақшы? Қандай мектептерге кірмекші? Деген сауал тууға мүмкін. Шамадан келгенше оған да жауап беріп көрейік.

Ауыл мектебінің түрлі саймандары келісіп мұғалімі тәуір болса, екі жылдың ішінде оқыған балалар орыстың төрт жылдық мектебінің бірінші екі класының біліміндей білім ала алады. Ауылдық мектепті бітірген балалардың бәрі ілгері оқуға кетеді деп айтуға болмайды. Көбі «қой, серкешті» жақсы танып, хат жазуға үйренген соң, үй шаруасына айналып кетеді.

Ең мықтағанда 5-10 % ілгері қарай үзілмей оқуға кетеді. Мұндай 5-10% әр ауылдық мектепті бітірген балалардың ішінен табылуға мүмкін. Бұлар үшін болыстық мектеп ашуға керек. Болыстық мектеп біздің ойымыша бес жылдық болу тиіс. Болыстық мектепті бітірген балалар орыстың жеті жылдық мектебіндегідей білім алып шығуға керек. Болыстық мектепте кемінде дүз елудей бала оқуға керек. Ауылдық мектепте отыз-қырық балаға үй таба алмай күйбеңдеп отырғанда, болыстық мектепке 150 бала сиғандай, ыңғайы келсе оның қасында дүз балалық жатақхана болғандай, үйді қайдан табамыз деген ой тұруға мүмкін. Дұрыс бұл қиын жұмыс, бірақ қиын болғанмен, керек жұмыс; жалпы әлеуметтің, үкіметтің күшін салып кіріскенде, іске асатын жүзеге шығатұн жұмыс. Бұл туралы Қазақстан үкіметі тиісті қамын қылып жатыр. 1924-25-інші жылы кіндіктен жіберілген ұлт қазынасынан үш дүз мың сомды қазақ арасында тұрғылы жерден зор жиырма мектеп үйін салу үшін губерне, губернеге бөлініп берілді. Сол ақшаға қосымша қылып жергілікті бюджеттен де сол мөлшерде қарежет бөліп шығаруға губаткомдарға жарлық қылынды. Ол мектептер биыл болмаса ендігі жылы салынып бітуі қақ. Оның үстіне келесі жылғы кіндіктен берілетін ұлт қазынасының есесіне қазақ ішінен салынатын 80 мектеп үйінің расқоты кіргізіліп отыр. Бұл 80 үйдің ең болмаса 40-ына кіндік қаражат берер деген наркомпростың үміті зор. Бұған қосымша қылып жергілікті қорлардан да құнарлы жәрдем берілер деген ой бар. Бұл айтылғандардан, қазақ арасындағы болыстық мектептерге үй салу жұмысына үкімет сөзбен емес, іс жүзінде кіріскені көрініп тұр. Ендігі біздің міндетіміз: үкіметбен қоса, болыстық мектептерге үй салу жұмысына жұрттың жұртшылығын жұмсау. Бастайтын адам табылса, халық оқу үйлерін салуға тиісті көмек беруден тартынбайды. Оған сеніміміз мол.

Қазіргі заманның шартына қарай, ел арасындағы жасалуға тиісті мектеп түрі туралы біздің қысқаша пікіріміз осы. Бұл мәселе туралы жер-жердегі оқу басындағы азаматтардың, әсіресе мұғалімдердің «Жаңа мектеп» журналының бетінде өз ойларын жазулары тиіс.

Басқарма: Қаптағай жолдас көтерген ірі, маңызды, шешілуін күтіп тұрған мәселе айтыс ретінде басылды. Бұл туралы әр бір халық ағарту жұмысы мен шұғылданған азамат ойын жазуын өтінеміз. Қаптағай жолдас еңбек мектебі туралы ойын жазған, мамандық, саяси ағарту мектептері туралы да ойын жазар деп дәмеліміз.

Қаптағай, «Жаңа мектеп» журналы, №2, 1925 жыл

Дайындаған Жауынбай Жылқыбайұлы 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?