Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түйе – өнімді түлік

1331
Түйе – өнімді түлік - e-history.kz

Түйе даланың сояу тікенекті, сортаң өсімдіктерімен және ащы жусандарымен азықтанып, құдықтан шығатын кермек немесе ащы суды ішіп жүре береді. Ол жылдың кай мезгілінде болса да қысқа мерзімде семіріп, сүт, ет, жүн өнімдерін мол береді.

«Қазақстанның ауылшаруашылығы журналының» әр жылдары шыққан нөмірлеріне шолу жасап отырып, түйе шаруашылығына қатысты қызықты материалға тап болдық. Өткен жолы осындай бір зерттеу мақалада түйенің бабы келсе, жыл сайын боталайтыны туарлы айтылады. Атам қазақ мұны екі туыру деп атаған екен. Бұл жолы түйе малының жылдың кай мезгілінде болса да өте қысқа мерзімде қоң жинап алатын қасиеті туралы сөз болады. Түйе – өнімді түлік деп аталатын мақала «Қазақстанның ауылшаруашылығы журналының» 1966 жылғы №6 санында жарияланған. 

Түйе – өнімді түлік

Ауыл шаруашылығына жарамды аса кең жерлерді, әсіресе республиканың шөл және шөлейт жайылымдарын мейілінше толық пайдалану үшін түйе шаруашылығын өркендетудің зор маңызы бар. Шаруашылықтың бұл түрі еңбекті және қаржыны аз жұмсай отырып, ет, шұбат, түйе жүнін және тері өндіруді қамтамасыз етеді. Түйенің сүті дәрі, ішсең сусын, ал жүні халықаралық саудада жоғары бағаланады. 

Төрт түліктің ішіндегі бұл малдың осындай қасиетін білген қазақ халқы көп заманнан бері-ақ түйе өсірумен айналысып келеді. Түйенің осындай қасиетін олар әртүрлі макал-мәтелмен кең насихаттап, «түйе байлык, жылкы мырзалық», «Бәрінен түйе жаксы боздайтұғын, жүні бар шекпен кисе тозбайтұғын» деп келген.

Түйенің бұл маңызымен қатар, ол мал шаруашылығының жетекші саласы екінші тың болып саналатын қой шаруашылығын өркендетуге де көп көмегі бар. Қой малын алыс отарларда бағып, күтуде түйе зор роль атқарады. Сонымен қатар ол – қойды айдап келетін шопандар үшін қолайлы көлік.

Республикамызда түйе малын өнімді түлік ретінде көп өсіруге болатын, әсіресе табиғи жайылымдары мол шаруашылықтар шөл аймаққа орналасқан, олардың ішінен Гурьев облысының алатын орны үлкен.

Мұнда 1965 жылдың басында облыстың колхоздары мен совхоздарында 23 364 бас түйе болды. Бұл олардың күш-көлік ретінде пайдалануға қажетті түйе санынан бірнеше есе артық. Демек, түйе облыс шаруашылықтары үшін ең әуелі өнімді түлік ретінде өсіріліп, сонымен бірге колхоз, совхоздардың күш-көлігіне де жарап келеді.

1964 жылы облыстың колхоздары мен совхоздары бойынша (кейбір совхоздар түйеден алынған өнімді бөліп көрсетпегендіктен, олар бұл мәліметке енбей калды) түйе шаруашылығынан 13 637 центнер ет (тірі салмағымен), 7 341 центнер шұбат және 1010 центнер жүн өндірді. Бұл өнімдерді мемлекетке және т. б. дайындау орындарына, колхоз базарына сатудан (мемлекеттің дайындау бағасымен) 1598,5 мын сом табыс тапты. Оның 681,1 мың сомы еттен, 696,5 мың сомы жүннен және 220,8 мың сомы шұбат сатудан түсті.

Облыс совхоздары мен колхоздарының түйе шаруашылығын өркендету жөніндегі қазіргі колы жеткен табыстары қанағаттанарлық деп айтуға болмайды. Оның олай болуы көптеген шаруашылықтарда басшы қызметкерлердің, мал мамандарының түйеге тек күш-көлік ретінде ғана қарап, ондай фермалар үшін ең оңай орындалатын кажетті жағдайларды жасамай келе жатқандығында. Қыс кездерінде, тіпті, арық-тұрақ бота-тайлақтарды қамайтын қора дайындау және зоотехниялық-мал дәрігерлік жұмыстар тыңғылықты жүргізілмейді.

Совхоз жұмысшыларының және колхозшылардын түйені тез қарқынмен көптеп өсіруіне, сонымен бірге оның өнімділігін молайтуына материалдық жағынан ынталылыгын арттыру мәселелері тыңғылықты ұйымдастырылмай келеді.

Түйенің басым көпшілігі Маңғыстау ауданының колхоздарында. Олар түйе өсіруден жыл сайын көптеген табыстарға жетіп жүр. Мысалы, соңғы үш жыл ішінде (1962-1964 жылдары) түйе шаруашылығынан жыл сайын орта есеппен 6 340 центнер ет (тірі салмағымен), 5 150 центнер шұбат, 483 центнер жүн өндіріп келеді.

Облыстың еңбеккерлері түйенің сүтін жоғары бағалайды. Әсіресе, Маңғыстау аудалы көлемінде сиыр жоқтың касы. Сондай-ақ Ембі ауданының совхоздары да түйенің сүтін көп өндіріп, мұнай кәсіпшілік орындарының жұмыс шыларын шұбатпен камтамасыз етіп келеді.

Облыстың басқа да аудандарында түйені негізінде сүт өндіру үшін ұстап отырған совхоздар аз емес. Жеке адамдар да сауын ретінде түйе малын көп ұстайды. Түйенің осындай қасиеті мен өте жоғары бағаланатынына мынадай мысал келтіруге болады: 1965 жылы Гурьев қаласының мал базарында орташа сүтті інгендердің бағасы 1000-1200 сомнан, аруаналар 1500 сомнан айналды.

Қарапайым халықтардың түйені бұлай бағалауы орынды да. Өйткені, көптеген шаруашылықтың жағдайында табиғи жайылымға сиыр ұстауға мүмкіншілік жоқ. Ал кейбір сауын үшін сиыр ұстап отырған колхоздар мен совхоздарда сиырдан түйенің сүттілігі асып түседі. Оның шұбатының өзіндік құны да сиыр сүтінен анағұрлым кем. Мысалы, 1963 жылы «Тендік», «1 Май» совхоздарында бір центнер сиыр сүті 23 сом 90 тиыннан, 34 сом 61 тиыннан айналды. Ал осы «Қазақстан» совхозында бір центнер шұбат 15 сом 73 тиынға түсті.

Оның үстіне мына жайды айта кетсек, түйе сүтін өндірудің шаруашылықка қаншалықты пайдалы екендігін оңай түсінуге болады. Мысалы, мемлекетке өткізілетін бір литр шұбаттың дайындау бағасы 30 тиын болса, базар бағасы онан да жоғары бір сомнан асып түседі.

Түйенің еті де, оның мемлекетке дайындау, сату бағасының өте төмен екендігіне қарамастан, шаруашылықка көп табыс келтіреді. Өйткені түйенің былқыған семізінің дайындау бағасы ірі қараның ортадан төмен коңдылығына қойылған дайындау бағасынан әлдеқайда төмен. Маңғыстау ауданының Ленин атындағы колхозында қазір 1500-ге тарта түйе бар. Колхоз 1961-1964 жылдар ішінде түйе шаруашылығынан жыл сайын орта есеппен 930 центнер сүт, 60 центнер жүн, 770 центнер ет өндіріп, көптеген түйелерді күш-көлік ретінде пайдаланып келеді.

1963 жылы түйе етінің 1 центнерінің өзіндік құны 26 сом 59 тиыннан, шұбат 5 сом 02 тиыннан, жүні 125 сом 07 тиын-нан айналды. 1964 жылы да бір центнер түйе етінің өзіндік құны 24 сом 66 тиыннан айналып, сол бір центнер етті сатудан 43 сомнан табыс түсті. Сол сияқты түйеден өндірілген сүт және жүн өнімдерін сатудан да колхоз толып жатқан табыс тапты.

Сонғы төрт жыл ішінде түйенің әр басы колхозға орташа есеппен 71 сомнан табыс келтірді, яғни оған жұмсалған қаржының әр сомына1 сом 40 тиыннан таза пайда түсті.

Облыстың етті ірі қара, жылқы өсіріп отырған колхоздары мен совхоздарының қай-қайсысының болса да мұндай экономикалық жоғары көрсеткішке қолы жеткен емес.

Облыс басшылары мен мамандары, колхоз председательдері мен совхоз директорлары түйенің шаруашылыкка экономикалық тиімділігі жайлы аз әңгімелемейді. Соның өзі де құрғақ әңгіме жүзінде ғана қалып барады. Облыстың колхоздары мен совхоздарында 1964 жылдың басында 23 874 бас түйе болатын, ол 1965 жылы 510 басқа кеміп кетті. Соңғы жылдары түйе малын өнімді түлік ретінде онан әрі өсіру жайлы партия мен үкіметіміздің қабылдаған бірнеше қаулы-қарарлары іс жүзінде баяу орындалып келеді.

Кейбір совхоз директорлары мен мал мамандары түйе малы өз төлінен өсіп-көбейе алмайды дегенді де айтқысы келеді. Мұндай пікірдің қате және ете зиянды екеніне ешқандай шек келтіруге болмайды. Бұған дәлел ретінде мына жайларды ескерте кетелік: жеке меншіктегі малды «ықшамдау» тәртібі жүргізілгенге дейінгі алты жыл ішінде облыстың колхоздары мен совхоздарында түйе малы елеусіз ғана өсті, ал осы уақыттың ішінде колхозшылар мен совхоз жұмысшыларының, мұнайшылардың және қала халықтарының меншігіндегі түйелер 2,6 есе артты. Мүмкін, мұның ішінде сырттан алдырылған некен-саяқ түйелер де болар, бірақ негізінде түйе өз төлінен өсті. Қазіргі кезде інгеннің 71 процентінен астамы жекеменшік шаруашылықтарда.

Колхоз, совхоз мамандарының түйе өсіруді назардан тыс қалдыруының немесе олардың өсуіне жеткілікті көңіл бөлмеуінің салдарынан, бір кездегі (1916 жылы) Гурьев аймағындағы 230 мың түйеден қазір небәрі 54 мың бас қана калды, оның басым көпшілігі (55 проценті) жеке меншіктегі түйелер.

Түйе малын көп өсіруге кедергі келтіретін бір кемшілік, ол екі жылда бір боталайды, баска малдарға қарағанда шабан өседі. Бірақ «қалауын тапса қар жанар» дегендей, баға, өсіре білген шаруашылықтар түйеден төлді де, басқа өнімдерді де мол алып келеді.

Мысалы, Маңғыстау ауданының көп жылдан бері түйе өсіріп келе жатқан Ленин атындағы және «Жаңажол» колхоздарының соңғы үш жылдық (1962-1964 ж.ж.) көрсеткіштеріне тоқталып өтелік.

Мал басының жыл сайын өсіп көбеюі тек қана төлді көп алудан ғана емес, сонымен бірге малды өлім-жітімге көп ұшыратпауға да байланысты. Міне осы тұрғыдан қарағанда түйе малы Гурьевтің табиғи жағдайына өте бейім. 

Түйе даланың сояу тікенекті, сортаң өсімдіктерімен және ащы жусандарымен азықтанып, құдықтан шығатын кермек немесе ащы суды ішіп жүре береді. Облыстың табиғи жағдайына да төзімді түйе малы үшін жайылымның шөбін маусымға бөлудің кажеті жок. Ол жылдың кай мезгілінде болса да қысқа мерзімде семіріп, сүт, ет, жүн өнімдерін мол береді.

Гурьев облысында жайылым шөптері сораңдар мен жусандар қоспасына жататын алабота, изен, күйреуік, құмаршық, ақ жусан, қара жусан, бұйырғын және тағы басқа шөптерден тұрады. Бұларды малдың қай түрі болса да кез-келген уақытта жей бермейді. ССРО Ғылым академиясынын (проф. Ларин қатысқан) Гурьев облысы жайылымдарындағы кандай шөпті қай малдың жылдың қай мезгілінде қаншалыкты сүйсініп жейтіні туралы нақты мәліметіне сүйене отырып, түйенің мынадай артықшылығың атап өтпекпіз:

1) Жаз айларына қарағанда түйенің қыста жейтін азығының түрі аз. Бұл облыстың маусымды жайылымының жағдайында өте маңызды және күрделі мәселе. Демек, жаз айларында түйені алыс жайылымға айдаудың қажеттігі шамалы.

2) Сораң және жусан топтарына жататын өсімдіктерді түйе жылдың әр маусымында жейді, және ол сиыр, кой, жылкы жемейтін ащы тікенді шөптерді де ашырқанбайды.

3) Басқа малдардың өсіп-көбеюіне түйе малының ешқандай зияны тимейді, өйткені ол сиырдың, жылқының және койдың тәуір көретін өсімдіктерін тіпті жемейді. Жайылым өсімдіктері жағынан түйе малының басқа малмен бақталас болмауы оны өнімді түлік ретінде көптеп өсіруге мүмкіндік беретін ең негізгі жағдайлардың бірі.

Сайып келгенде, шөл аймаққа орналасқан шаруашылықтар үшін түйені көптеп өсіру экономикалық жағынан өте тиімді де пайдалы.

Қазір облыс шаруашылықтарының барлық саласында 27 мыңнан астам інген бар. Осы інгендердің әр жүзінен 45-тен бота алып, алынған боталарды аман өсіріп отырғанның өзінде түйенің жалпы санын 1970 жылы 95 мыңға жеткізуге болар еді.

Түйені орынсыз соя бермей, әсіресе тұқымдық інгендерді союға, сатуға тыйым салынып, түйе фермаларындағы есеп-қисап жұмыстарын мықтап қолға алып, інгендерді дер кезінде қайытып, онан алынған төлдерді аман сақтап қалу жұмыстарын шаруашылық мамандары тиянақты жүргізсе, онда казіргі колхоздар мен совхоздардағы түйелерді де өз төлінен 1970 жылға дейін кем дегенде 1,6-1,7 есе арттыруға болады.

Түйені тез өсірудің бір жолы – інгендерді жиі-жиі боталату. Қазіргі тәжірибе үш жылда екі бота алуға болатынын көрсетіп отыр. Бұл үшін інгендерді боталаған жылы 15-30 күннен кейін қайытып жіберу керек. Інгендерді жиі боталату үшін олардың күйі жаксы болу керек. Пайдалы түлік ретінде түйе өсіру шаруашылығын жолға қойып, оның өнімін молайта беру үшін ғылыми-зерттеу жұмысын қолға алған жөн. Осыған байланысты, Қазақтың ауыл шаруашылығы экономикасы ғылыми-зерттеу институтының атына біраз сын айтпай кетуге болмайды.

Институттың көптеген ғалымдарының пікірінше түйе өнімді түлік. Оны шөл және шөлейт аймақтарда товарлымал шаруашылығына айналдыру қажет деген ұсыныстар көптен айтылып келеді. Шөл және шөлейт аймақ көлемі Қазақстанның ауыл шаруашылығына пайдалы жердін 61,4 процентін қамтиды. Соған орай 1970 жылға жасаған ауыл шаруашылығы өндірісін орналастыру жайындағы ұсыныстарында институт Қазақстан бойынша ірі қа раны өсіруді 46,5 процентке, қойды 58,2 процентке, жылқыны 29,6 процентке арттыруды жобаласа, түйе шаруашылығын 88,8 процентке өсіруді белгілеп отыр.

Түйе шаруашылығын Қазақстанда өркендету мәселесін осымен шешілдіге санап, институт 1965 жылдан бастап бұл салада ғылыми-зерттеу жұмысын үзілді кесілді доғарды. Республикамыздың колхоздары мен совхоздарына ауадай қажетті мамандандырылган түйе совхоздарын немесе ірілендірілген түйе фермаларын ұйымдастыру және ондай фермалардағы кажетті мал саны, олардың структурасы, еңбек ұйымдастыру, ақы төлеу, т. б. сол сияқты толып жаткан экономикалық мәселелер күні бүгінге дейін шешілмей келеді.

Әсіресе, таңғаларлық бір жай, осы институттың 1965, 1966-1970 жылдарга жасаган тематикалық жоспарын бекіткенде, Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігі де бұл маселеге мән берген жоқ. Әрине, бұл қолма-қол жөндеуді кажет ететін қателік екені сөзсіз.

Сонымен сөз соңында айтар түйінді пікіріміз мынау. Түйе малы республиканың табиғи жағдайларына төзімді, көліктік күші де, ет, сүт, жүн өнімдері де өзге түліктерден артық болмаса, кем емес, бағалы түлік. Сосын да түйеге зор көңіл бөліп, оны көптеп өсіруге күш салу керек.

Бір дерек: 

naryk.kz сайтының мәліметінше, елімізде шамамен 282,3 мың түйе бар екен.

Өңірлер бойынша ең түйелі өңір  Маңғыстау облысы болып есептеледі. Қазіргі таңда бұл өңірде 89 мың бас бары анықталған. 

Екінші және үшінші орында Қызылорда (63,7 мың түйе) және Түркістан (42,7 мың түйе) облыстары тұр.  Еліміздегі жалпы түйе санының 69,2%-ы осы үш өңірде шоғырланған. 

«Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналы 1936 жылдан бастап жарық көре бастаған. Бұл журнал қазақ және орыс тілдерінде айына бір рет шығып тұрды. Әрине о бастағы атауы да басқаша болды.  1936-1937 жылдары аралығында «Колхозды Қазақстан», 1938-1951 жылдары ішінде «Қазақстанның колхоз-совхоздары» деп өзгертілді. 1951-ден 53-ке дейін «Қазақстанның социалистік мал шаруашылығы» деп шыққаны бар.  1953-нші жылдан бастап «Қазақстан ауыл шаруашылығы» деген атпен жарық көре бастады. Журнал 1990 жылдың аяғында жабылды. Аталмыш журналда қазақ даласындағы ауыл шаруашылығындағы қолданысқа еніп жатқан озық тәжірибелер, ғылымға еніп жатқан соңғы жаңалықтар жәні оларды  өндіріске енгізу, сондай-ақ ғалымдардың ашқан жаңалықтары мен ғылым жетістіктері жазылып тұрды. Егіншілік пен бау-бақша мәселесі де көтеріліп тұрған. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?