Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ауру түрін анықтаған дәрігер

1888
Ауру түрін анықтаған дәрігер - e-history.kz

Қазақ әдебиетінің әйгілі ақсақалы Сапарғали Ысқақұлы Бегалин шығармашылығын бәріміз де қастерлейміз. Сол Сапекең үш ұл тәрбиелеп, саналы азамат, салиқалы, білгір маман дәрежелеріне жеткізді. Солардың ең үлкені Хамит, одан кейін әйгілі режиссер Мәжит, кішісі Қасым да кинематографист еді. Бүгінгі мақаламызда біз Бегалиндердің екінші буынының төлбасы, ағайындылардың үлкені Хамит Сапарғалиұлы жайында сөз қозғаймыз.

Жазушы өзінің мемуарлық кітабында жазылғандай, туған өлкесінен өткен керуенге ілесіп, Семей шаһарына жеткен соң, жалданып жүріп біліммен көзін ашады. Көп өтпей Жұмағожа есімді кісінің қызы Сәлимамен отау құрады. Уақыт тілі 1920 жылдарға жылжығанда дүниеге іңгәлап бір сәби келеді, оның атын Хамит деп қояды. Метіркеге туған жері Дегелең болысы деп жазылады. 

Хамит алты жасқа толғанда, яғни 1926 жылы отбасы жиналып Семей қаласында бір суретке түседі. Онда Сапарғали Бегалиннің әкелері мен балалары бейнеленген.

Описание: http://begalin.spring.kz/files/00000354.jpg

Суретте (солдан оңға қарай ): Сапарғали, Мәжит, Сәлима (жұбайы),  Жұмағожа (қайын атасы), Хамит,  Ысқақ (әкесі). Түрегеп тұрғандарды Мақсұт, Хамза, Ораз деп көрсеткен. 

Кекілі қайырылып, қолына ойыншық тапанша ұстап, анасына ұқсап туған сүйкімді сәби кейін үлкен жүректі дәрігерге, айтулы азаматқа айналды. Ол өз заманының басқа азаматтары сияқты өмір жолынан жүріп өтті. 

Хамит Бегалин 1940-1946 жылдары Совет Армиясында қызмет етті, мемлекеттік медицина институтын 1956 жылы аяқтады. Өлкелік ауру сырқаттары 2 институтында ғылыми жұмыспен айналысып, 1957-59 жылдары Семей облысындағы радиация зардабын зерттейтін жасырын экспедицияға қатысқан. Бұл экспедицияны Ұлттық ғылым академиясы мен Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырады. Оны белгілі ғалым, академияның мүше-корреспонденті Бақия Атшабаров басқарған болатын. Экспедиция Семей облысының Абай, Шұбартау, Жаңа Семей аудандарының, Қарағанды облысының Қарқаралы, Ақтоғай, Егіндібұлақ, Ұлытау аудандарының тұрғындарының денсаулықтарын зерттеумен айналысқан. 

Хамит Бегалин жоғарыда аталған аудандар тұрғындарының қандарына анализ жасағанда, мынадай қорытынды шығарады: орталық жүйке жүйесінде, ішкі бездер жүйесінде, адам ағзасының жан дүниесіндегі, қан құрамындағы ауыру әрекеттерін тапқан. Ол ауру «Қайнар-Саржал» дерті деп аталады. 

Хамит дәрігер 1959 жылы Республикалық медицина училищесінің директорлығына тағайындалған соң медбике, фельдшер-лаборант, фармацевт, тіс технигі сияқты мамандар дайындауға көп еңбек сіңірді. 

Училищеде жас, жаңа дәріс оқитындармен істейтін жұмыс істейтін Кеңес құрылды. Оқытушылардың көбісі денсаулық сақтау орындарында ұзақ істеген тәжірибелі мамандар, ординатура, аспирантура бітіргендер еді. 80-жылдары 130 ұстаз оқытушысы болған. Республикалық медучилищеге арнап 2000 адамдық комплекс салынды. Оқытудың қазіргі талабына сай әдістемелік, оқулық құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген 43 кабинет әзірленді. Оларда фильмоскоп, тыңдатқыш, фильмдер көрсетуге лайықты шағын экрандары болды. Фәнарлық ішкі байланыс, дәрістік семинар әдістемесінің комплекстері жүзеге асырылды.

Оқытушылар ұжымының осы жетістіктері Бүкіл Одақтық денсаулық сақтау Халықаралық Конференциясында, 1978 жылы дәрігерлік-алғашқы көмек көрсету жөнінің мәселесі тыңдалып, осы тәжірибе мекемелік жұмыстың өнегесі деп бағаланды. Шетелдік қонақтардың да пікірі сондай жоғары болды. 1980 жылы ССРО Денсаулық сақтау министрлігінің жан-жақты тексеруінде, Комиссия училищенің жұмыс жүргізуі еліміздің әрі республика көлемінде, жоғары дәрежеде деп тапты.

1970-80 жылдары училище оқушыларының саны 3500-ге жетті, олардың 75 пайызы ауыл балалары еді. Алпысыншы жылдың басында рентген-техниктердің алғашқы тобы ок бітіріп, жер-жерге жұмысқа тағайындалды. Харьков медтехникумына жыл сайын оптик-техник әзірлеуге шәкірттер жинап оқуға жіберілді.

Училище бітіріп жер-жерге жұмыска барғандармен де байланыс үзілмеді. Соның бір белгісі – жерлестерімен де тығыз қарым-қатынас орнатты. 

– 1995 жыл Семей облысының Қайнар ауданында Сапарғали Бегалиннің туған елінде 100 жылдығына байланысты үлкен жиналыс болды. Сонда Хамит басқарған училищенің екі түлегі – Қамаш Жұмашқызы мен Күлия Камалқызы Шакеева Хамит Бегалин ұстаздарының айрықша қамқорлығын еске алып мадақтады, – деп жазды әуесқой тарихшы Болатбек Нәсенов.

Сексен жасқа келген дәрігердің тындырған істерін тізіп жаза беру мүмкін емес. Хамит Бегалин ССРО Денсаулық министрлігінің жанындағы Медициналық әм фармацевтік орта білім беру кеңесінің мүшесі, Невада-Семей халықаралық ядролық қаруға қарсы көтерілу координациялық кеңесінің мүшесі. Сол сияқты «Радиация, экология, денсаулық» жөніндегі проблемалы медициналық экспорт комиссиясының мүшесі, Алматы қалалық депутаттығына бес рет сайланған. «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі», «Отан соғысы» орденінің 2-дәрежесімен, ССРО-ның он шақты медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақ республикасының еңбегі сіңген дәрігері, «Денсаулық сақтаудың үздігі», Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер. 

Хамит Бегалиннің баспасөзде жарияланған еңбектері де аз емес. Солардың  ішінде «Біріккен ұлттар ұйымына», «Бүкіл бір халықтың көзге көрінбейтін қасіреті» деген хатын айрықша атау қажет.

Х. Бегалиннің жұбайы Сара Қуатқызы Политехникалық университетте ағылшын тілі пәнінің аға оқытушысы қызметін атқарды. Қызы Гүлнәр – жоғары санатты дәрігер, ҚР Президенті Әкімшілігінің медициналық пункт бөлімінің меңгерушісі болса, ұлы Алтай – қаржыгер, «Казкоопбытсервис» ЖШС директорының орынбасары болып еңбек еткен. Кенже қызы Әсел де әке жолын қуып, медицина мамандығын таңдаған: Орталық клиникалық ауруханада медицина қызметкері қызметін атқарады. 

Кең жүректі дәрігер, халқының саулығын ойлаған арда азамат Хамит Бегалин 2004 жылы Алматы қаласында көз жұмды. Жамбыл және Чайковский көшелерінің қиылысында орналасқан, бір кездері өзі тұрған үйге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Хамит Бегалин тұрған» деген жазуы бар ескерткіш тақта орнатылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?