Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Желке шайыры күзелген бура

1899
Желке шайыры күзелген бура - e-history.kz

Бураның күші желкесінде болады. Күзеу кезінде желке жүніне, шайырына қайшы тигізуге бол майды. Желке шайыры күзелген бураның күші қайтады. Түйеден жыл сайын бота өсіруге болады. Бұл түйені екі тудыру деген сөз. Біз інгенді жыл сайын тудыруды жүзеге асырдық.

Халық арасында түйе малы екі жылда бір рет қана төлдейді деген ұғым бар. Түйе өзінің төлін он екі ай көтеретіндіктенқазақ халқы жүкті әйелдерге түйе етін жеуге болмайды деп жатады. Яғни ауыр айыр әйел жүктілік кезінде түйе етін жеп қойса, жүктілік мерзімі ұзарады делінеді. 

Бірақ шынымен солай ма? «Қазақстанның ауылшаруашылығы журналының» әр жылдары шыққан нөмірлеріне шолу жасап түйе шаруашылығына қатысты қызықты материалға тап болдық. 1966 жылғы №6 санында жарияланған бір зерттеу мақалада түйенің бабы келсе, жыл сайын боталайтыны айтылады. 

«Түйеден жыл сайын бота өсіруге болады. Бұл түйені екі тудыру деген сөз. Әдетте інген боталаған жылы бураға түспей, келесі жылы түседі», - делінген материалда. Материал «Түйе өсіру түйешіге байланысты» деп аталады. Нақты айтар болсақ,«Темір» совхозының түйешісі Бәлкен Әлиев деген адамның әңгімесі берілген. Жазып алған Бекайдар Мұқанов деп көрсетілген.

Сондай-ақ түйеші өз әңгімесінде бураның күші желкесінде болатыны айтылады. Айтуынша, күзеу кезінде түйенің желке жүніне, шайырына қайшы тигізуге болмайды. Желке шайыры күзелген бураның күші қайтады.

Енді сол материалға кезек берейік.

Түйе өсіру түйешіге байланысты

(Қызылқұм ауданы «Темір» совхозының түйешісі Бәлкен Әлиевпен әңгіме)

Мен 1936 жылдан бір шаруашылықта түйе өсіріп келемін. Бір кезде менің бағуыма берілген оншақты түйе бұл күндері көптеген түйешінің үлесіне тиді. Жыл сайын етке өткізілді, басқа шаруашылықтардың өсіруіне берілді.

Түйе шаруашылығында кол жеткен табыс ересен. Оның барлығын айтып жеткізу қиын. Тек соңғы үш жылғы көрсеткішке тоқталғым келеді. 1963 жылы 101 інгеннен 79 бота, 1964 жылы 104 інгеннен 89 бота, 1965 жылы 116 інгеннен 101 бота алдым. Үстіміздегі жылы 150 інгеннен 105 бота алуға міндеттендім. Бұл міндет сөзсіз орындалады.

Түйешілер бригадасының құрамында Кенжетай Рсаев, Дүйсенбай Аргеуеков, Бибажар Қылышбаева сияқты тәжірибелі түйешілер бар.

«Кеңеспен пішкен тон келте болмайды» дегендей, күнбе-күн бас косып, түйе өсірудің озық тәжі рибесін еңбекке арқау етіп келеміз. Біздін бұл ісімізге совхоз басшылары, оның ішінде директор Шерім Ерманов жолдас қажетті жағдайлар жасап келеді. Біз ең әуелі түйе тұқымын асылдандыруды қолға алдық. Бұл үшін түйелерді будандастыру жұмысын жүргіздік. Будандастыру – тиімді әдіс. Бұл әр түйешінің қолға ісі болуы керек. Біз айыр өркешті інгенге лек бура шөгердік. Екеуінен келешекте біртума нар шығады. Оның салмағы жеті-сегіз жасқа келгенде тоннадан артады. Айыр өркешті інгенге лек бура дөнен жастан үйретіледі. Лек бура алғашқы рет айыр өркешті інгенге шөгерілсе, кейін оған әдеттенеді.

Біртума дірмадар інгенге және қылқан інгенге айыр бура шөгеріп көрдік. Бұл будандастыру түйенің жаңа тұқымын өсіруге жағдай жасайды. Яғни әрбір түйенің денесінің ірі, салмакты, сүтінің көп, жүнінің мол болуына мүмкіндік береді.

Будандастыру әдісін қолдану үшін інген де, бура да ерекше күтімге алынады. Әдетте февраль, март, апрель айларында, яғни інгеннің бураға түсетін кезінде күтімді күшейтеміз. Бураға тәулігіне 3 килограмм жем, бес килограмм шөп береміз. Бураға түсетін інгендерге орта есеппен 0,5 тоннадай шеп жегіземіз.

Бура жарау кезінде жемшөппен қолда бағылады. Інгендер қайып біткеннен кейін бураны үйреншікті тобына қосамыз. Мұндайда бірен-саран інгендердің қайта қайитын кезі болады.

Бураның күші желкесінде болады. Күзеу кезінде желке жүніне, шайырына қайшы тигізуге болмайды. Желке шайыры күзелген бураның күші қайтады.

Түйеден жыл сайын бота есіруге болады. Бұл түйені екі тудыру деген сөз. Әдетте інген боталаған жылы бураға түспей, келесі жылы түседі. Сонда інгеннен екі жылда бір бота алынады. Біз інгенді жыл сайын тудыруды жүзеге асырдық. 1963 жылы 15, 1964 жылы 25, 1965 жылы 35 інген туған соң, қайта бураға түсті.

Бұл әрбір түйешінің ойланатын мәселесі. Біз әрбір інгеннің боталаған күнін, сағатын жазып аламыз. Солан кейін ерекше күтім жасаймыз. Қолда күтімде тұрған інген он күн өткен соң бураға қайта түсе береді. Сөйтіп, інген келесі жылы тағы боталайды. Екінші қайылатын інгенге шөгетін бура қолда бағылып, жарауда тұрады.

Түйешінің басты міндеті алынған ботаны шығынсыз өсіру болып табылады. Інген боталар алдында қолға алынады. Ол үшін екі інген қатар тұратын жай болуы керек. Әрбір он бота сыятын бірнеше төлхана болуы шарт. Біз ботаны енесіне тәулігіне бес рет еміземіз. Сонан кейін төлханада ұстаймыз. Ботаның алдына қалта жасалып, тұз салынып қойылады. Сонымен бірге бота тұсына шөп байлап іліп қоямыз.

Бота жататын жеріне жұмсақ шөп төселеді. Бұл шөп үш күнде бір ауыстырылады. Егер жататын жеріне шөп салынбаса, ботаның бауыры ылғал тартып, әр түрлі ауруға шалдығады. Жер кеппей ботаны енесімен бірге жіберуге (15 апрельге дейін) болмайды.

Шұбатты мол өндіру – басты міндет. Әдеттенсе түйе түнде де сауылады. Түйе түнде сауылмаса, сүті бойына тарап кетеді, не сүт сауылмай, не бота ембей калады. Біз таңертең, түсте кешкісін, іңір арасында, ел жата сауамыз. Сөйтіп әр інгеннен жылына 450-500 литр шұбат өндіріп жүрміз.

Қос кіндік – бота ауруы. Жас бота қос кіндік ауруына шалдығып тууы ықтимал. Қос кіндік бота туғаннан белгілі болады. Жүні реңсіз, өсік, өзі еркек болады. Ботаның шабы терлеп тұрады. Қос кіндік ауруы бота сүт емсе күшейіп кетеді. Оған әрекетті сүт емізбей жасау керек. Егер тамыр табылмаған жағдайда ботаны төрт аяғынан аздап төртпақтау қажет. Алдыңғы екі aяғын бip созу керек. Төртпақтаймын деп ботаны өлтіріп алуға болмайды. Бұл әдіс жай, сылап-сипау арқылы жүргізіледі. 

Жерше ауруының белгісі үлкен түйелерде көбірек кездеседі. Көктемгі күзеу кезінде, шөгеру тұсында түйе ары-бері аударылады. Көк шөп жеп жүрген түйенің қатты соққыдан қарыны бұрынғы жатын жерінен лықсиды. Немесе түйе атпен қуылса да оның қарыны шайқалады. Ақыры түйенің жеген шөбі бойына жұқпай, іші бұзылады. Жерше ауруына түйе қарнының бүрі болмайды, шалдығады. Жершемен ауырған ішіне ас тұрмайды.

Шілде айларында түйені қордалы, шаңдақты жерге шөгеру де жерше ауруына шалдықтырады. Өйткені қордалы, шаңдақты жерлерде шыбын, шіркей, сона көп болады. Түйе аунаған кезде шыбын-шіркей микроптары түйе ішіне енеді де, оның ішкі құрылысын зақымдандырады. Түйені маса, сона, шіркейлерге талатпас үшін жел соғатын жерлерге айдай жайған жөн.

Су ауруы. Аурудың белгісі август, сентябрь, октябрь айларында айқын білінеді. Бұл ауру түйені шыбын шаққаннан пайда болады. Аурудың белгісі іші қабысып, көгілдір тартады. Түйе бірден шөгіп қалмай, күннен күнге ари береді.

Қараөкше. Бұл да түйе шаруашылығына зиянды ауру. Оның белгісі осы ауруға шалдыққан түйе жөтелгіш келеді. Алдын ала егу, емдеу жүргізілсе ауру өрістей алмайды.

Қотыр – жүн өндіруге бірден-бір зиянды, ауру. Мұны түйешілердін әрбірі жақсы біледі. Қотырға шалдықтырмас үшін түйенің үстін таза ұстау керек.

Түйе шаруашылығын өркендетудің мен білмейтін сырлары да болуы мүмкін. Оны басқа түйешілер толықтырар. Менің басқаруымдағы бригадада төрт жүздей түйе бар. Олар семіз де күйлі. Жасым 68-де. Алайда 30 жылдык тәжірибе мені әлі де табыс жолына мезгей береді. Ел игілігі үшін еңбектен қол үзбек емеспін. 

Айтпақшы, аталмыш журналдың осы санында «Түйе – өнімді түлік» деген атаумен тағы материал жарияланғанын байқадық. Материалда «түйе байлық, жылкы мырзалық» деп қазақ халқының өміріндегі түйе малының рөлі, бабын тапса, өте көп табыс әкелетін шаруашылық екені айтылады. Сонымен қатар түйенің жылдың қай мезгілінде де Ойсылқара тұқымының бабында болатыны сөз етіледі. Енді осы материалдардың біразына назар аударсақ. 

Авторы ретінде  Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы экономикасы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері К. Әуелбеков деп көрсетілген. Ал мақаланың өзі  «Түйе – өнімді түлік» деп аталады. 

Жалғасы бар…

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?