Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Науан хазірет - Алаш қайраткері

2006
Науан хазірет - Алаш қайраткері - e-history.kz

Науан хазіреттің ата-тегі, шыққан ортасы және оқудан оралуы

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ұлт-азаттығы жолындағы іс-қимылдар туралы сөз болғанда ойға оралатын тұлғалардың бірі – Науан хазірет Таласұлы екені сөзсіз. Науан (Наурызбай) хазірет Таласұлы – Патшалық Ресейдің отарлау саясатына наразылық танытып, осы жолда басын бәйгеге тіккен ардақты адамдардың бірі. Науан хазіреттің өмір жолы, іс-қызметі – қайраткерлік тұлғасы жайындағы деректер біршама мол. Осы деректердің бәрінің басын қосып, Науан хазіреттің күрескер, қайраткер тұлғасын танытып насихаттау – бүгінгі буынның қасиетті парызы болуға тиісті. 

Есіл-Көкшеден Ертістің жағасы Омбыға дейінгі кең алқапқа қанат жайған он екі ата атығай, сегіз ата қарауыл рулары бар. Орта жүз арғын тайпасының жеті момын бірлестігіне кіретін қарауылдан өрбіген сегіз ата тарамдана келе, ондаған кіші руларға бөлінеді. Науан хазіреттің ата-тегі, өзінің білім-ғылым алған жолы туралы халық мұраларын Ғалым Мұсатай былай деп тарқатады: «Науан Хазрет (Наурызбай) Таласұлы Қарауыл ішінде Ақкісі-Есембай, одан Шұңғырша – Шұғыл – Шотан – Ақан – Құтболат – Талас болып келеді. Әкесі Талас ауқатты, ағайын арасында беделді кісі болған. Жасынан зерек Наурызбай ауыл молласынан үздік оқып ер жетсе, баласының талпынысын аңғарған ол Қызылжар медресесіне оқуға берген. Медресені озық оқып бітірген сон ерекше дарынды шәкірт ретінде білімін одан әрі жалғастыру мақсатында, сол кездегі дін ордасы Бұқараға жолдама берген. Еліне келіп Баратайға жақын Бесқарағай деген жерде мешіт салып, сонда имамдық жұмысын атқарады. Әйткенмен білімге, оқуға деген құштарлық талабы Наурызбайды одан әрі жетелеп, әкесі Қара Бұқараға аттандырады. Он төрт жыл білім бұлағынан сусындаған ол, өзінің ерекше зеректілігімен атақты «Көкілташ» медресесі ғалымдарын таңырқатып, көздеріне түседі, білімін одан әрі 3-4 жыл жетілдіріп, Бағдат шаҺарында да болады. Медресе өз қабырғасында қалдырып дәріс беру жұмысына ыңғайлайды. Бірақ Көкшетау елінің азаматтары білімді адамның өздеріне де керек екендігін дәлелдеп хат жазып сұрайды. Кетіп бара жатқанда үш күн «Әбжәт» деген пәннен емтиханды жақсы тапсырады, бірге оқығандардың көбі тапсыра алмайды, сонда жақсы көретін бір ұстазы «Қарауылдын қара баласы Бұқара шәріпті өңгеріп әкетті» деген екен. Бұл шамамен 1884-1885 жылдар болуы керек».

Есіл-Көкшенің бойын біраз уақыт бойы ен жайлаған қалмақтар мен естектерді ығыстыра отырып, ірге тепкен қазақ руларын бастаған, ел қорғаған ерлердің қатарында Шотан, оның ұлы Ақан батырлар да болған екен. Қазіргі Зеренді ауданы жеріндегі Ақан ауылы – осы Ақан батырдың есімімен аталған. 

Науан хазіреттің ұлы атасы Ақан Шотанұлы – жоңғар шапқыншылығы тұсында өмір сүрген айтулы батыр болыпты. Ақан батырдың өз заманында жоңғарларға, естектерге қарсы қайрат көрсетіп, еліне қоныс әперу жолындағы ерлік істері ұрпақтары жадында сақталып келген. Өмірі соғыс пен шапқыншылық заманынан тап келіп, қиындықты көп көрсе де Ақан батыр ұзақ ғұмыр сүріп, 105 жас жасаған екен.

Науан хазіреттің әкесі Талас Құттыболатұлының мөрі мен Мезгіл болыстығының қосшы биі қызметін атқарғандығы туралы ресми құжат. Аталас туысы Абай Мәрәмұлының жеке мұрағатынан.

Наурызбай Таласұлы 1843 жылы қазіргі Ақмола облысының Зеренді ауданы жеріндегі Ақан-Баратай ауылдары маңында Талас Құттымбетұлының шаңырағында дүниеге келеді. Әкесі Талас – өзіндік дөңгелек шаруалы ауқаты бар, ел арасында беделді адам болған екен. Ата-анасының қолында тәрбие алған жас Науан ауыл молдасы Жылгелдінің алдына барып, ескіше сауат ашады. Сабақ алып жүрген кезде Науанның оқуға деген қабілеті аңғарылады. Молда әкесі Таласқа Науанды әрі қарай оқыту маңызды екенін, бұл ұғымтал, талапты баладан бірдеңе шығатындығын шегелеп айтады. 

Осыдан кейін әкесі Талас баласын Қызылжардағы медресеге оқуға түсіреді. Бұл медресені үздік оқып бітірген Науан сол заманның үздік діни жоғары оқу орнының бірі саналатын Бұхара медресесіне жолдама алады. Бұқараға бара жатқан керуенге ілесіп, оңтүстікке білім іздеп аттанады. «Кезінде Ломоносов Мәскеуге қалай барса, бұл да Бұқараға солай барады», – деп жазған екен, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан.

Орта Азиядағы мұсылман дінінің үлкен орталығы болған, ислам әлемінде «Бұхара-Шәріп» деп аталған Бұқара қаласындағы медресе сол замандағы көптеген ғұлама оқытушылар сабақ беретін, өз кезеңінің беделді жоғары оқу орны болды және онда тек ислам дінінің канондарымен қатар шығыс әдебиетін, философиясын оқытатын болған. Ол үшін көне түрік, араб, парсы, өзбек, татар тілдерін еркін меңгеру қажет болатын. Жас Науан осы тілдердің барлығын жетік игеріп, жан-жақты сауатты тұлға болып қалыптасады. «Бұқар медресесі тіпті сол уақытта Орталық Азиядағы ең жоғарғы оқу орны болатын. Ол тіпті шәкірт ретінде талай рет ұстаздарын таңырқатып, таңғалдырған. «Көкілташ» медресесінің мұғалімдерінің көзіне түсіп, білімін тағыда бірнеше жыл жетілдіреді. Медресе қабырғасында жүріп, дәріс беру сабағына ыңғайланады. Тіпті сонда қалып қалудың жағдайыда туындаған. Медресені тіпті терең меңгерген Науанды, бүкіл мұсылман дінің орталығы болған Бағдад шаһарына жібереді. Бұл жерден Науан Хазірет білімін тіптен тереңдетіп, шығыстың бай әдебиетін, философиясын меңгеріп, көне түрік тілі, араб, өзбек, парсы, татар тілдерін жетік меңгеріп, жан-жақты білімдар, ғұлама ғалым, тәжірбиелі ұстаз болып үлгереді».

Науан жас Бұқара медресесін он бес жыл бойы оқып, бұл оқу орнын да үздік деген бағамен бітіріп шығады. Оның талантын бағалаған медресе ғалымдары ислам әлемінің сол кездегі ең үлкен орталығының бірі Бағдат қаласына жібереді. Мұнда өз білімін жетілдірген Науан Бұқараға қайта оралғаннан кейін оны медресе басшылығының қалауымен, өз ұйғарымы бойынша оқу орны қабырғасында дәріс беретін ұстаз болады. Бұл жұмысын лайықты атқарып жүрген кезде туған өлкесі Көкшетаудың халқы атынан делегация келіп, Солтүстік Қазақстан өңірінде ислам дінін насихаттайтын жоғары білімді имам жоқ екенін медресе басшылығына түсіндіре отырып, Науанды рұқсаттап қайтаруларын өтінеді. 

Осыдан кейін медресе басшылары Науан Таласұлын туған жеріне қайтару дұрыс деген шешімге келіп, ризашылықпен рұқсат етеді. Бұл турасында Әлихан Бөкейхан былай деп жазған екен: «Науан 15 лет учился в Бухаре, кончил там высшую школу и сделал блестящую карьеру, исключительно благодаря своему необычайному дарованию. В Бухаре Науан занимал место преподавателя в высшей школе, откуда его вызвали кокчетавские киргизы, послав особых делегатов».

Науанның көп жыл бойы алыста жүріп, сонау Бұхарадан діни білім алып оралуы Көкше өңіріне үлкен жаңалық болып сезілген екен. Оның елге беталып келе жатқанының өзі үлкен дүбірі оқиға болып, елден елге тарап жатыпты: «Руы қарауыл шұңғырша Науан Таласұлы 1880 жылдар шамасында Қарабұқарадан 12 пәнді тәмамдап, Көкшетауға қайтып келеді. Науаннан бұрын қарауыл руынан қазіргі Зеренді ауданы Кеңөткел ауылындағы Кенжебай деген атадан тараған Босқынбай баласы Құсайын Көкшетауда сайламыш молла екен. Жоғары білімі жоқ сайламыш молланы ол кезде «указной молла» дейді екен. Құсайын Науанды той жасап қарсы алады.

Атығай, қарауылдың үлкендері «Қайырлы болсын» айтылғаннан кейін: «Ал, Хазірет, шаруаны неден бастайсың?» – дейді. Сонда Науан Хазірет: «Екі-үш ай ел аралап үлкенге сәлем беремін, өткеннің орнына дұға оқимын. Одан арғысын келешек көрсетер», – дейді. Өске отағасы: «Хазірет, бірінші қай ауылдан бастайсыз?» – дейді. «Бірінші Әткеме барып сәлем беремін», – дейді Науан.

«Әтке» дегені Қарауылдан тараған сегіз атаның біреуі Сәберліден екі ауыл Ақшабай, Баян, Көкшенің батысына қарай жетпіс шақырым «Аю алған» деген жерде коныстанып отырған елдің үлкені Ақшабайдың Байқаны еді. Баян ауылының жігіті Бегім мұны естіп, еліне келіп, Байқанға Науан хазіреттің аузынан естігенін бастан-аяқ айтып беріп. «Әтке, ол жас жігіт қой, бірден беттен алып тастап жүрмеңіз», – деп ескертеді.

Арада жарты ай өтпей Науан хазірет жанында он шақты кісі бар келіп қалды. Байқанның сексен тоғызға келген кезі болса керек. Науан хазірет үйге келіп, төсек үстіне отырған Байқанға екі қолын кеудесіне басып «Ассалаумағалейкүм!» деп ұсына бергенде, Байқан оң қолының сыртымен Науаннын қолын қағып жіберіп: «Шұңғырша Таластың баласы Қарабұқардан он екі пәнді тәмәмдап келді деп естіп едім, сен шоқынып келдің бе? Әкең Таластың төсі қайда?» деп, дауысын қаттырақ шығарғанда жиналған жұрт сасып қалды.

Науан хазірет шапанын шешіп тастап: «Ләппай тақсыр!» деп басын Байқанның әуелі оң иығына салып, содан кейін сол жақ иығына салып, төсіне төсін бір тақап кұшақтайды. Тек осыдан соң барып Байқан Науанның қолын алып, «төрлетіңдер» деп төрді нұсқайды. Отырғаннан кейін Байқан: «Науанжан, мына балаларды таныстыр» дейді. Сонда Науан хазірет: «Әтке, мынау менімен қатар отырған жігіт – руы Қарауыл. Жаман Жалғызтау маңында тұрады, Ахмет ұста деген атышулы ұста», – дей бергенде, Байқан: «Тоқтай тұр, Науан!» деп үзіп тастайды да, Ахметке бұрылып: «Шырағым, Ахмет, сен өзің айтшы кімсің?» – дейді.

Науан хазіреттің аталас туысы, қоғам қайраткері Абай Мәрәмұлы Әлиев пен журналист Алтынбек Құмырзақұлы архив құжаттарымен жұмыс істеп отыр. Астана қаласы, 2023 жыл 

– Әтке, мына хазірет айтқандай, мен – Ахмет ұстамын.

– Ахмет қалқам, сен ұста болсаң, менің бес ұлым бар, солардың төртеуін екі екіден бірге соғып, екі дұрыс адам жасап бер. Бесінші ұлым Сыздық ең кішісі, әрі бір көзі соқыр ғой. Соңда да жалғыз жүре берсін, біреуден ілгері, біреуден кейін адам болар, – депті.

– Әтке, мен темірдін ұстасымын ғой, – дейді Ахмет түсінінкіремей, – адамды қосып соғу қолымнан келмейді.

– Шырағым, сен құдайдың атына таласып отырғаныңа қарағанда қолынан келетін шығар десем, адамға адамды қосып соғу қолымнан келмейді де? Олай болса атына сен де таласпа, ұста – құдайдың аты. Бұдан былай сұраған халыққа: «Мен – Ахмет зергермін» де. Бұл есіңде болсын,  деген екен Байқан. Көп әңгіменің үстінде реті келген жерін пайдаланып, Науан хазірет:

– Әтке, маған қандай ақыл айтасыз? – депті.

– Науан хазірет болғаныңа келгеннен бері қайырлы болсынды айтып жатырмыз ғой. Енді бірақ сұрақ – өзің шәкірт аласың ба?

– Әтке, осылай екі-үш ай елді аралап, үлкенге сәлем беріп, өткенге дұға оқып оралғаннан кейін сегіз ер бала, бес қыз бала алып, сол он үш шәкіртті оқытамын ба деген ойым бар, Алла жазса.

– Ондай ойың болса, Науанжан, шәкірттеріңе білгенінді белден асырмай бер. Белден асырсаң сақалдың жақын екенін көріп тұрсың ғой, сақалыңнан ұстап, атаңын аузын ұратын солардың ішінен шығады! – деген екен.

Науан хазірет елді аралап, Көкшетауға келіп, атаған шәкірттерді оқытуға кіріседі.

Ақыры, 1904 жылы өзі оқытып шығарған он үш шәкіртін бас шәкірті болған Ғалиасқар молла Науан хазіреттің соңына түсіп«Ислам партиясын құрайын деп жүр» деген жаламен ұстатқызып итжеккенге жер аудартады. 

Хазіретті ұзақ жолға шығарып салуға жиналған халықтың алдында ол:

– Ә, халқым! Әр қашанда бір пайғамбар туады екен ғой. Біздің заманымызда туған асыл пайғамбар Ақшабайдың Байқаны екен. Оны біз кезімізде білмеппіз-ау! – деп көзіне жас алған екен.

Содан, екі жыл итжеткенде болған Науан хазіретті артынан іздеу салып, Петерборға II Александр патшаның қабылдауында болып, кешірім қағазын альп, одан оралып дүние-малын хазірет жолына салып, алыс жолдан алып келген, руы Атығай, заманындағы белгілі тұлға Жанбатыр қажы еді.

Ендеше, осындай айтулы ұлдарын халқы неге іздемеске? Олардың өмір баянын жазып, еңбектерін іздестіріп, зерттейді деп оқымысты ғалымдарымызға сенім артамыз, – деп жазады К. Әпендин ағай, Казанка селосы, Айыртау ауданынан» (Жазба Мұсатай ғалымның «Атадан аманат» жинағынан алынды). Бұл мәліметтердің бәрінде шындықтың шырағы бар.

Бұхара шәріптің оқуын тәмамдап туған жеріне оралған жас ұстаздың ендігі өмірі ел арасында өтеді.

Жалғасы бар…

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?