Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Егемен Қазақстан» және елорда

1237
«Егемен Қазақстан» және елорда - e-history.kz

Зерттеуіміздің соңғы бөлімінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген елорда жайлы мақалалардың жазылу деңгейі, жанрлық сипаты туралы қалам тербейтін боламыз. 

БАС БАСЫЛЫМДАҒЫ АСТАНА АЖАРЫ

«Көсемсөз шығармалары қай дәуірде, қай қоғамдық формацияда, қай билеушінің тұсында болсын, өзінің ақпараттық, насихаттық, ағартушылық, ғылыми-танымдық, тәрбиелік, гедонистік және реттемелік-ұйымдастырушылық қызметінен көз жазған емес» [34]. Шынымен де, осы қызметті мүлтіксіз атқарып келе жатқан «Егемен Қазақстанның» қазақ баспасөзіндегі орны басқа басылымдардан оқ бойы озық десек артық айтқандық емес. Ғасырлық ғұмырды бастан өткерген қарт басылым бүгінде, тәуелсіз еліміздің ершімді еңбегі мен жеткен жетістіктерін жазудан танған емес. Мазмұнының баға жетпес байлығы мен мақалаларды орналастырудағы шеберлік жағынан «Егеменнің» өзге басылымдарға ұқсамайтын өзгешелігі мол. Тек қана өзіне тән қасиеттерді сақтай білген, әрі жасампаз, әрі өміршең басылым шығармашылықтың шыңына жете білді бұл күнде.  

«Газет дизайны. (Дизайн газеты. Newspaper design). Нақты мақсат пен қажеттілікке арналған, өзіндік сипаты бар, айырықша кескін-келбет пен форманы біріктірген және баспасөздің әртүрлі элементтерін газет бетіне шеберлікпен орналастыру үрдіс әрі өнер» [35]. Осы өнердің өрелі нұсқасы ел газетінде сақталған. Басқасын былай қойғанда, Астанаға арналған беттерінен-ақ байқауға болады. Айталық, «Астана» бетінің шапкаларының өзі газеттің кей аймақтарда ақ-қара болып шығатынына қарамастан әрленіп, қазақы өрнектермен өрнектеліп қана қоймай, бүкіл беттің мазмұнын бірден ашып отырады. Тақырыптары да солай. Тақырыпқа деген тапқырлық «Егеменнің» ерекшелігі десек, ал елордаға арналған тақырыптардың елді елең еткізер ерекшеліктермен ұштасып жатады.   

Қалам ұстаған қауымға белгілі нәрсе – «жанр» деген сөздің әдебиетте де, журналистикада да кез келген шығарманың тарихи тұрғыда қалыптасқан үлгісі, орныққан түрі, көріну нысаны деген мағынаны білдіретіндігі. Ол орыс тіліне француздың «genre» (род, вид-тегі, түрі) деген сөзінен еніп, «жанр» болып орысша да, қазақша да қолданылып келеді. 

«Егемен Қазақстан» газеті публицистиканың барлық жанрларын жазатынына және жариялайтынына оқырмандар да куә. Басылым тілшілері публицистиканың кез-келген жанрларында ойларын орамды жеткізіп, асқан шеберлікпен ширата білетінін білеміз. Астана тақырыбына келгенде газеттің атқарар рөлі ерекше. 

Дербес заметка баспасөзде көбінесе екі түрде кездеседі. Яғни кеңейтілген және сын түрлері жиі қолданыста. «Оның өз алдына дербес тақырыптары болады, газет бетіне жеке орналасады. Мұнда біртектес заметкаларға қарағанда, мәселе кеңірек баяндалады» [34].

Мына бір хабар-ошар «Кеше» деп басталып, Астана қаласы мәслихатының VI сессиясы болып өткенін, онда Астана қаласының жаңа рәміздері белгіленгенін айтады. «Астананың асқақтығын әйгілейтін рәміздер» тақырыбындағы бұл хабар бүкіл ел оқырмандарына елорданың жаңа төлтаңбалы жайлы анықтама беріп, ерекшелігін атап өткен. Кеше Астана қаласы мәслихатының VI сессиясы болып өтті. Онда Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласының жаңа рәміздері туралы мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасап, жаңа рәміздерге жан-жақты сипаттама берді, – деп басталған өз тақырыбы мен жазған журналисі көрсетілген дербес заметка мәслихат сессиясында депутаттар әкім ұсынған Астананың жаңа рәміздері жобасын бірауыздан қабылдағанын айтып түйіндейді.   

Қашан, қайда, не, кім деген сауалдарға толық жауап беретін тағы бір материалды алайық. Тақырыбы «Астана тойына әзірлік барысы талқыланды» деп аталатын шағын дербес заметка Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен Үкімет үйінде өткен Астананың он жылдығын тойлауға әзірлік барысының қаралғаны сөз болады. Жиында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасайды. Баяндаманың ең өзекті тұсы ретінде думанды той қарсаңында жасалған және жасалмақшы болған қызметі нақты, ширақы көрсеткен. «1 шілдеге дейін 100 үйдің ауласы жаңартылып, 64 тұрғын үйдің жертөлелері құрғатылмақ. Көп қабатты үйлердегі 121 лифт жөндеуден өткізіледі немесе ауыстырылады. Кварталішілік аумақтарды, балалардың ойын алаңдарын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Қала күніне орай 54 шақырым тас жолға қара төсеніш төселіп, 2 көпір мен 2 көлік жолайырығы пайдалануға беріліп, 23 ірі нысандарда құрылыс жұмыстарын  аяқтау көзделуде» [36]. Басылымның білікті тілшісі Сұңғат Әліпбайдың шағын хабарламасын оқыған жұрт жаңа дерек пен дәйектерге қол жеткізіп қана қоймай, жедел жеткен жаңалықтан да алғаш хабардар болатыны анық. 

«Біртектес заметкалардың әдетте, дербес бас тақырыбы болмайды, олардың әрқайсысы бірнеше жол болып, ортақ тақырыппен топтасып беріледі немесе өзара шағын тақырыптарға бөлініп, бір бас тақырыпқа жинақталып беріледі» [35]. 

Ия, осы мазмұндық жағынан үндесіп келген тектес хабарлар топтамасы да Астананы айналып өткен емес. Сөзімізге дәлел болатын, «Егемен Қазақстан» газетінің 2008 жылғы 4 шілдедегі жарияланымдарына көз жүгіртіп көрейік. «Көз сүріндіретін саябақ», «Көше атауы – Астана», «Бүлдіршіндер сыйы», «Өлеңмен өрнектелген», «Театрдың тартуы» деген тақырыптармен Солтүстік Қазақстан облысынан жазылған хабарлардың авторы тілшісі Өмір Есқали. Жеке тақырыптық топтама үлгісімен жазылып әрбірі бірнеше жолдан ғана құрайтын бұл хабарламалар тегінде түгелдей Астананың он жылдық мерейтойы құрметіне арнаған солтүстік облыстың сыйы туралы баяндалады. 

Тақырыптық жағынан өз сабақтастығын тапқан елорда жайлы жазылған мұндай хабарлар топтамасы жетерлік. Әсіресе Астана күні қарсаңында бұл топтамалар қатары жиілей түседі. 2008 жылы 1-шілдеде «Елорда тойы – елдік сыны» айдарымен берілген мына бір жаңалықтар топтамасына үңілсек, үшеуінің де өз алдына дербес тақырыбы бар, авторлары көрсетіліп бір айдардың астына жинақталған. Алдыңғысы «Мәдени шаралардың ауқымы кең» деп аталып Астанадағы торқалы той қарсаңындағы болатын іс-шаралар жайлы хабар берсе, «Он жылдық атап өтілді» тақырыпшасымен Шығыс Қазақстандағы елорда тойына байланысты өтетін іс-шаралар жазылған. Соңғысы «Астананы көрдік, көңіліміз толды» деп аталып, Жамбыл облысындағылардың Астанаға бағытталған саяхатшылар шеруінің шаттығын қысқаша баян етеді. Үш облыстан ұқсамаған үш тілшінің хабары мазмұндық жағынан үндесіп, сабақтасып жатқанын көре аламыз.     

Көріп отырғанымыздай, Астана жайлы жазылған заметкалардың ішінде біртектес заметкалардың салмағы да басым. Газет оларды бір топтаманың ішіне, бірінен соң бірін орналастыру арқылы мазмұндық жағынан өзара ұштастырып отырған. 

Репортаж – болған оқиғаны оқырманға жеткізетін, автор оқиғаны бақылаушы міндетін атқаратын жанр болып есептеледі. Астананың он жылдығына орай Дастан Кенжалиннің «Егемен Қазақстанда» жазған «Елорда мерейтойы мемлекеттік туды көтерумен басталды» деген ақпаратын репортаж жанрына жатқызамыз, себебі, мұнда тақырыбынан бастап оқиға болған жерден ақпарат берілгендей әсерде қалдырады. Жалпы алғанда репортаж жанры тележурналистерге көбірек тиімді. Себебі, оқиға ортасында тұрып, тікелей репортаж бере алады. Осы тұста, журналист  Дастанның берген репортажы да күн құрғатпай шығуы – газеттің өзіндік ақпарат беру стилін байқатады. Репортаж жанры күнделікті шығатын «Егемен Қазақстан» газетінде көбірек беріледі. Осы тұрғыдан алғанда, оның басқа апталық газеттерден оқ бойы озық тұруының бірден бір көрінісі репортаж жанрын жаңғырта беруінде көрініс тауып отыр. 

Репортаж - өткен оқиғаны емес, болып жатқан оқиғаны сол бойда баяндайды, соны суреттейді. Репортаждың мақсаты - болған оқиғаны бұлжытпастан суретке түсіру емес, сол оқиғаның әлеуметтік мәні мен маңызын аша отырып оқырманның тұшымын таба білу.

Сондай-ақ, осы сынды репортаждарды көбірек келтіруге болады. Мысалы, журналист Ләйла Еділқызының «Жұлдыз жауған түндер-ай» репортажы, шолушы Жылқыбай Жағыпарұлының «Қазақтың қаһарман қызы – Елорда төрінде» атты қазақтың батыр қызының ерлігі Елордада дәріптеліп, биік те өр тұлғасы Астана төрінде мүсінделді. 

Соңғы жылдары демократиялық реформаларға орай, журналистикада «өзіндік стиль», «жеке қолтаңба» қалыптасып келе жатқаны белгілі. Бұған дейін мамандар репортажды ақпараттық жанрға жатқызып келді. Бірақ, қазір берілу формасына орай репортаждан әртүрлі жанрдың элементтерін кездестіруге болады. Репортажда сараптамалық та, ақпараттық та, көркем-публицистикалық та жанрдың элементтері орын ала бастады. Шығармаға тақырып таңдау - шығарманың тақырыбы ұнамды, мазмұнды, тартымды болуы бірінші шарт. 

Тақырып таңдау өмірдің өзінен туады. Тақырып - өмірдің өзі ұсынатын идея. Тақырыпты дұрыс таңдау дегеніміз дер кезінде қалың бұқараның назарын аударып, өмірдің өткір фактісі туралы әңгімелеу. Яғни белгілі бір проблеманы көтере білу. Көтерілген тақырып өте актуальды болып, өмір сұрағына дер кезінде жауап беруге тиісті. Жазған соң тақырыпты дамыту деген ұғым бар. Яғни көңілде жүрген ой-пікірлерді көрген-білгендеріңді бір ізге түсіріп, негізгі мәселені жүйелеу. Тақырыптың әрі мазмұнды, әрі әсерлі болуы алынған фактілер мен мәліметтерді орынды пайдаланып, өз пікіріңді сол арқылы дәлелдеп, оқушыны белгілі бір мақсатқа жігерлі іске жұмылдыра білу. Тақырыптың ұғымды болуы журналистің проблемалық мәселені терең біліп меңгеруі, объектіні жете зерттеуі өмір фактілері мен мәліметтердің өткір әрі айқын болуымен тікелей байланысты. Не нәрсенің болса да теориясын пайымдамас бұрын, алдымен, оның өзін анық танып, біліп алған жөн. Шын мәнінде публицистика деген сөздің шығу төркіні жайлы айтсақ, бұл латынның «рublicus» - «қоғамдық» деген сөзінен шыққан. Бұдан аңғаратынымыз публицистика сөзінің этимологиясы "қоғамдық" деген сөзге тікелей қатысты. Ойымызды анықтап, шегелей түсу үшін арғы-бергі сөздіктер мен зерттеушілер тұжырымына жүгінейік. Мәселен, Владимир Дальдің түсіндірме сездігінде публицист сөзіне былайша анықтама берілген: "Публицист", писатель боле газетный, журнальный, по современным общим вопросам, по одному праву". Қазақ зерттеушілерінің ішінде публицистикаға тұңғыш анықтаманы Ахмет Байтұрсынов өзінің "Әдебиет танытқыш" атты еңбегінде берді. А. Байтұрсынов публицистиканы көсем сөз деген қазақ сөзімен төркіндестіреді. "Көсем сөз шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатпен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырылатын жері - шешен сөз ауызша айтылады, көсем сөз жазумен айтылады. Көсем сөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсем сөз деп аталады. Көсем сөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып істеу ыждаһатымен айтылады десе, Т.Қожакеев: ««Публицист» деген атау бірде белгілі бір қаламгерлер қауымының айналысатын кәсібі, жұмысы, енді бірде өзіндік сипаты бар шығармалар тобы, яғни творчество саласы, журналистика жанры, тағы бірде өмірде зерттеудің, қоғамдағы болмыс-құбылыстарды бағалап, білудің әдіс-тәсілі деген ұғымдарды білдіреді. Оның мәні, пафосы - қоғамдық, жұртқа жариялылық деген сөз. Ал енді кәсіппен айналысатын, творчествоның осы жанрын, осы саласын жазатын, болмысты зерттеп-білудің осы әдіс-тәсілін қолданатын адамдарды публицист дейміз» дейді.

«Сұхбат дегеніміз – диалог. Осы пішінді өз ғылыми еңбектерінде Платон да, әл-Фараби де ұтымды пайдаланған, жаңалықты, ғылыми ізденісті насихаттаудың аса қолайлы әдісі диалог деп білген. Қазақ журналистикасындағы сұхбат жанрының басы қарапайым шүйіркелесу, күнделікті күйбең тіршілікті екеуара сөз етуден, ел тіршілігі жайлы әңгіме-дүкен құрудан басталады» [34]. Мәселен, 2008 жылдың 2 шілде күні «Егемен Қазақстанда» жарық көрген журналист Арай Үйренішбекқызының Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры Айман Мұсақожаевамен жүргізген сұхбаты сөзімізге дәлел. Мұнда Астананың он жылдығына орай академияның жеткен жетістіктері мен Астананың рухани келбетінің толыса түскендігін, жалпы Елордада рухани білім берудің қалайша жүзеге асып жатқандығын мұны Астана жетістігімен байланыстыратындығын сұраған журналистің жауабына сұхбат берушінің дәлме-дәл жауап қатуы сұхбат беруші мен алушының арасындағы тығыз байланысты көрсетеді. Сұхбатта Айман Мұсақожаева Астананың он жылдығына байланысты жүрек жарды тілегін білдіре сұхбатты аяқтайды. Ұзын-ырғасы 6 сұрақ қою арқылы Астананың бүгінгі және болашақтағы білім мен рухани байлығын бағамдауға болатын тиімді жанр – сұхбат екендігіне көзіміз жетеді. Бүгінгі жедел ақпарат заманында сұхбат жанрының алға шыққан кезі. Бұрын-соңды көлемді мақалалар мен суреттеулер газеттің жауынгер жанрлары болып келсе, заманына сай, қазір сұхбат пен шағын ақпараттар алдыңғы қатарға шыққан. Бұл ғана емес, Астананың 10 жылдығына орай бірнеше сұхбаттардың шыққандығын байқаймыз. Мәселен, Елорда әкімі Иманғали Нұрғалиұлымен Сауытбек Абдрахмановтың «Мемлекеттің мерейлі мерекесі», Елорданың ертедегі кейпі мен ертеңгі келбетін сабақтастыра отырып, ой қозғаған Айбатыр Сейтақтың Бекболат Тілеуханмен жүргізген «Алаш мемлекетінің мерейі», Сауытбек Абдрахмановтың Бәйкен Әшімовпен болған «Ел аман болсын, ел бағына туған ер аман болсын» атты сұхбаттарын атауға болады. 

Қоғамда болып жатқан құбылыстарға әрбір адам өзінше баға береді. Ал тілші өз ойын өзгеге таңуға ешбір құқығы жоқ. Оның міндеті жағдайды объективті баяндап беру ғана, қалғанын көзіқарақты, көкірегі ояу көрермен немесе оқырман өзі таңдайды. Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының қай-қайсысында болсын жұмыс жасау оңай емес. Әсіресе, газет журналистеріне қойылар талап күшті. Себебі, телевидениеде сюжет арқылы айтқыңыз келген ойыңызды жеткізуге мүмкіндігіңіз бар. Ал газет тілшісі жазған мақала оқырманның жан дүниесін баурап алумен қатар, көз алдына «картина» елестете алуы қажет. Бүгінде құрғақ ақпараттың заманы өткен. Ендігі мәселе, журналист материал жазғанда терең аналитикалық талдауларға барып, өзіндік ой-түйіндері болмаса, еңбегі бағаланбайды, құны төмендейді. Оқырмандарын тартпайтын, сұрқай материал жазу – абырой әпермейтін нәрсе. Кольцов: «Журналист болу тек сапар шегу, көру, материал алу, жазу ғана емес бұл ерекше өмір сүру деген сөз» дейді. Журналист еңбегі қалай орындалды, ол үйде немесе редакцияда, жазу үстелінде қалай творчестволық процесті басынан кешірді – мұнда оқырманның ісі жоқ, оқырманға керегі журналистің газет бетіне шыққан материалы, шығармасы ғана.

«Ұлттық публицистиканы әдебиеттен бөлек алып қарастырған Қазақ баспасөзінің белгілі теоретигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тауман Амандосов болатын. Ол публицистика пәнінің мазмұны, пішіні, әдісі және атқаратын қызметі болатындығын атап көрсетті. Бүгінгі таңда ақпараттық жанрдың рөлі өлшеусіз артып отыр. Сондықтан да, қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдары шағын хабарлама, жедел хабарларға баса назар аударады. Қалың көпшілікке таратылатын әр түрлі форматты публицистика мыңдаған жылғы тарихи эволюцияны басынан кешіріп, бұғанасы қатқан дәстүрлі жанрлар жүйесіне, масс-медианың үнді, таңбалы, көріністі және синтезді формаларына тарамдалды» [34].

Мақаланың негізгі желісі – идея. Ол тақырыбының маңыздылығы, мақсаты мен байыпталуының кеңдігі және қорытындысының аумақтығы жағынан ерекшелене түседі. Белгілі бір идеяның, әлеуметтік ой-пікірлердің негізінде пайда болған мақала сол идея мен ой-пікірді насихаттайды, немесе соны іске асыруға үн тастайды. Мақала жанрының тақырыбы болашаққа арналуы мүмкін. Осы тұста журналист Смағұл Рахымбектің «Азат елдің астанасы» атты мақаласы жазып отырған сөзімізді растай түседі. Оқиғалар мен құбылыстар жөнінде болжам айтып, келешекке үн қатып, жөн сілтейді. Мақала тақырыбының оқырмандар үшін өмірлік маңызы болуға тиіс. Автор мақала тақырыбын жан-жақты талдай отырып, өз деңгейінде жазып шығуы тиіс. Мақала жаңа идеялық және жаңа мәселенің негізінде туады. Ол үшін журналист тың тақырыпты таба білуі қажет. Мақала тақырыбы өмір талабынан туған қоғамдық-саяси, мәдени, ұлттық проблемалармен тығыз байланысты. Астана аясындағы тақырыптарды ақтарып отырғанымызда, газет бетінде көп жазылған жанрлардың бірі дербес заметка түріндегі хабарлар екенін байқадық. Астананың сағат санап, минут өткен сайын қайран қаларлық түске еніп, келбетінің ай аунаған сайын ажарланып, жыл жылжыған сайын айбаттанып бара жатқанын жалпақ жұртқа жария ету қай журналистің де парызы әрі мақтанышы екені анық. Ай дидарлы астанамыздың кешегісі мен бүгінгісіндегі үлкен өзгерістерді де осы заметкалардың қатарынан оқып таң қалғанымызды жасырмаймыз. Астана Алматыдан көшеді, көшті, Ақмолаға қоныс тептік, жаңа астана жайлы айтылған ой мен түзілген жоспарлар мынадай болуда, елорданың ершімді қадамдары ел таңғаларлықтай, Астананы айбатты етіп құрдық....Міне, осындай мазмұнда оқырманға күнделікті жол тауып жатқан Астана жайлы ақпараттарда есеп жоқ. Көп. Барлық хабарлар бір-бірімен мазмұндық жалғасын тауып, Ақордалы астанамыздың шежіресін жазуға үлкен үлес қосып жатыр. Қоса береді де. 

«Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсыновтың сөздері соңғы кездері көп қолданыста жүр. Газетті жасайтындардың басым бөлігі тілшілер, сондықтан тілші – біздің құлағымыз, һәм тіліміз десек те болады. Тілші – қандай да бір тақырыпты, жалпы өмірге бір ғана көзқараспен қарамауы керек. Журналистика – қиын да қасиетті мамандық. Журналистикадағы жай ғана ақпараттың өзі оқырман көңіліне жол таба білуі керек. Егер журналистің жазғаны оқырман көңілін селт еткізбесе, ой салмаса, онда ол туындының сәтсіз болғандығы. Газеттер мен электрондық ақпарат құралдарындағы барлық жарияланымдардың 40-қа жуық пайызын ақпараттық туындылар иеленіп жатқаны бұл сөзіміздің айғағы. Шынымен де ақпараттық жанрлардың баспасөзде ерекше ойып алар орны бар. Олар – газет тілшілерінің болған оқиғаның ізін суытпай, жеңіл де ыңғайлы жаза қоятын жанрлары. Ақпараттық жанрлар бүгінгі өмір тынысын, шетелдердегі тұрмыс шындығын жан-жақты көрсетеді.  Ақпарат, яғни «информация» сөзі латын тіліндегі «informatio» – мәлімет, түсініктеме деген мағына береді. «Кеше, жуырда», тіпті «бүгін» деп басталатын бас басылымның хабарлары ешуақытта өз құндылығын жоймастан, жедел де ұшқырлық сипатымен ерекшеленіп отыратынын білеміз. Байырғы жанрдың басылым бетіне салған ізіне ізетпен де қарайтынымыз сондықтан.

Журналистер қоғам өмірінде маңызды роль атқарады дейміз, яғни олар ұлт мүддесі үшін күресе жүріп өздерін айналасындағыларға, жалпы халыққа мойындатулары керек емес пе? Ал бұл оңай шаруа емес. Алаш көсемі сөз азабы, көкіректе сайрап жатқан ойыңды ауызекі тілде жеткізудің қиындығы туралы былай дейді: «Адам баласы қылып жүрген іс, ой - ақыл болып басталады, адамды бала тапқан қатындай қинап сөз болып сөйленеді, ия жазылады, ақыл-сөз сонан соң барып, іске айналады. Не жұмыс қылсақ осы үш: ақыл, сөз, іс сана талқысынан өтпей жұмысқа айналмайды».

Газеттің қызметі сияқты сыни мақала автордың атқарар маңызды қызметінің бірі – үгітшілік, насихатшылық. Түрлі әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, оқырмандардың 50 пайызға жуығы оқитын сыни пікірлердің көмегімен таңдайды екен.

Жанрлардың үшінші тобы көркем-публицистикалық жанрлардың бір түрі-көркем очерк. Очерктің негізгі пәні – адам. Очерк жанр ретінде адамдардың азаматтық қасиетін, Отан алдындағы борышына адалдығын, адамдардың сипатын, адамдардың еңбек портретін өзінің өзегіне айналдырады. Нұршайықов былай дейді: «... Әр адам айнаға қарап (көшеде, кеңседе, жұмыс үстінде) жүзін көреді. Көреді де жағасын түзеп, шашын сипайды, өн бойында олпы-солпысы жоқ болса, жаны жайланып, еркін түрде ілгері кете береді. Очерк - еңбекші адамдардың рухани айнасы. Очерк «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген мақалды жүзеге асыру үшін жаралған жанр деп те бағалауымызға болады». Сауытбек Абдрахманов – очерк жазудың шебері. Әсіресе, «журналисті аяғы асырайды» деген тәмсілге сай Сауытбек аға журналистиканың жалына жармасқаннан күннен бастап көрген-түйгенін жазуға талпынады. Осылайша, көп жылдық тәжірибенің, ел мен елді, жер мен жерді байланыстырған талай сапарларда болуының арқасында Сауытбек ағаның қаламынан талай очерктер кезегімен туып жатты. Оның жазған очерктері алып отырған кейіпкерін толық ашпайынша тыным таппайды. Сауытбек ағаның Астананы гүлдендіруге ерекше үлес қосқан тұлғалардың бірі – бір кездері Астананың әкімі болған  Әділбек Жақсыбеков жайлы «Әділ бек» атты очеркі жарияланды. 

Жанрлардың ауқымы кеңейіп, көркейіп өсе бастаған тұста баспасөздегі барлық жанрлар жүйесін қолдану газетке деген сұранысты арттырса, сұранысқа қарай газетің тиражы да артатынын білеміз. Осы арқылы кері байланыс қыза түсетіні де анық. Осы бағыттағы ел газетінің ұстанған бағытындағы өзгеріс артпаса кеми қоймайтыны белгілі. Ендеше, жанрларды жанды пайдаланатын ас басылым бүгінде өз аудиториясын жалықтырмақ емес. Соның ішінде, елорда хақындағы мақалалар оқырманға терең ой мен тарихи тағылымды ұсына білді. Астананың келісті келбетін көзбен көрмегендердің де көкейіне көркем де терең ұялата білді.       

Жалпы алғанда, Астана тақырыбында қаузалған мақалалар тізбегінен публицистиканың ақпараттық, талдамалы, көркем-публицистикалық жанрларының барлық түрін табуға болады. Жанрлардың жан-жақты қолданылуы – «Егемен Қазақстанның» елорда келбетін сәтті сомдауына жол ашты.

«Ақпарат заманының бір жаман жері – жұбатуды білмейді. Жұбатуды білмейтіндігінің бір жақсы жері – әркім өз бойынан қуат көзін іздей бастайды». Іздей бастаған алғашқы кезде ел ішіндегі үміт те жаңаша еді, үмітсіздік одан да жаңаша болды. Жаһанданудан үрейлендік және одан «қашуды» ойладық. Бірақ «үрейлену» мен «қашу» – жеңілудің басы екендігі ежелгі заңдылық. Соны ұғынғандықтан да жаһандануды өзімізге тиімді етіп қалай пайдалануға болатындығын сызып беретін теоремалар жасақтай бастадық. Сол теоремамыздың бір көрінісі – әлі кеңестік қирандыдан тұра алмай жатсақ та, жаңа астана салуға кірісіп кеткендігіміз. Бұған бірін-бірі аңдып отырған әлемдік қоғамдастықтың таң қалғаны былай тұрсын, сол Астананы салып жатқан өзіміз одан әрмен таңданып жүрдік. Көз, шынында да қорқып еді, бірақ қол, шынында да, батыр еді. Біздің сол жанкештілігіміздің бүгінгі нәтижесі күллі әлемнің назарын әлі де өзінде ұстап отыр. 

Сапа мен шапшаңдық – бүгінгі таңның негізгі есептегіш құралы және маңызды факторы. Астана дәл қазір шапшаңдықтан да озып кеткен шапшаңдықтың әлемдік аренасына айналғандай. 

Дәл қазіргі таңда біздің Қазақ елі уақыттың құнына аса жоғары ставка қою туралы идея тастаған және оны өзі жүзеге асырып жатқан мемлекеттердің ең алдыңғысы. Құмның міндеті – көму болса, уақыттың да міндеті сол. Ал адамзаттың міндеті – осы екеуіндегі көму теориясын сақтау теориясына айналдырып, оның күшін пайдалану. 

Ұлттық жалыныңмен салынған ұлы құрылыстар бүгінгі және келешектегі жеңістеріңді қолдан бергізбейтін сиқырлы күш. Өйткені, ол құрылысқа сол ұлттың рухы сіңеді. Рух – өз құдірет-күшіңе деген сеніміңнің діңгегі. Астана қаласын салғызып жатқан да сол сенім діңгегі» [21]. 

2003 жылдың маусым айынан бастап «Етжеңдінің» «Аймақ» беті тек Астана тақырыбына арналып, еңселей түскен елорданың өткені мен бүгініне және келешегіне терең үңіле бастады. Сонымен қатар, «Астана – жаңа қала», «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» айдарлары да тұрақты беріліп, астананың аршынды қадамдары хақындағы ақпараттарды беріп тұрды. Осы жылдың, яғни 2003 жылдың шілдесінен бастап астана бетін «Егемен Қазақстан» тілшісі Қайсар Әлім тұрақты дайындап, ай сайын астана аясында ауқымды ақпараттарды оқырманға ұсынып отырды. Бес жыл бойы Қайсар Әлімнің ұйымдастырып отыратын бұл беті 2007 жылдың соңына дейін өз жалғасын тауып, ізінше редакцияға журналист-шолушы Жылқыбай Жағыпарұлының ауысып келуіне байланысты бұл жұмыстың міндетін Жылқыбай аға өз мойнына алды. 

Астананың 10 жылдығына байланысты 2008 жылдың қаңтар айынан бастап Жылқыбай ағаның дайындауымен аптасына бір бет дайындалып отырса, маусымның аяғынан 6 шілдеге дейін күніне бір бет елордаға арналып отырды. Ал осы жылғы 1-7 шілдеде «Егемен Қазақстан» толықтай мерекелік нөмір болып шықты.   

Астана күні қарсаңында әр жылы маусымның 15-інен бастап шілдеге дейін аптасына бет беріліп тұрады. Сонымен қатар «Етжеңдіде» «Астана» беті Жылқыбай Жағыпарұлының дайындауымен шығып тұрды. 

2000 жылы 10 маусым Астана күніне орай бірқатар мақалалар астананы өзіне арқау етті. Сол күнгі нөмірді ашып қалғанда бірден көзге түсетін «Астанаға Абай келді» тақырыбымен жазылған репортаж еді. Бұнда сол кездегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана қаласындағы бірқатар мекемелер мен құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралағаны және егемендігіне ие болған Қазақстанның жаңа астанасына тұңғыш қойылған Абай ескерткішін көзден кешіргені сөз болады [37]. Осы реткі сандағы тағы бір Астана жайлы жазылған көлемді материал ол – «Алаштың ақ қаласы – Астана» сұхбаты. Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековпен сыр шертісіп, астананың қарышты қадамына жан-жақты тоқталған бас басылымның белді журналисі Мағжан Садыхан еді. Астананы Арқа төсінде қоныс тепкен екі жыл ішіндегі экономикалық, әлеуметтік, мәдени және ең негізгі нысандағы құрылыстар төңірегіндегі түйткілді ойлар мен нақты келтірілген мәліметтер оқырманға өте түсінікті ұсынылған [38].     

2000 жылы желтоқсандағы «Етжеңді» алғаш рет бір бетін Астанаға арнады. «Үшінші мыңжылдық қаласы» деген көркемделген тақырыппен берілген сұхбат Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтың Мағжан Садыханға берген сұхбаты еді. Әңгіме астананың бас жобасы төңірегінде өрбіп, қала құрылысы мен тұрғын үй жайындағы жеткен және жетпекші болған мақсаттар егжей-тегжейлі қаузалып өтті. Бұл бет тек қана сұхбатпен ғана шектеліп қалмай, Астанада бой көтерген еңселі ғимараттардың және нысандағы құрылыстардың жоба суреті де берілген. 

2001 жылы 10 желтоқсандағы нөмірдің екі бет толықтай қарыштап дамып келе жатқан ел астанасына арналды. Елбасы Нұрсұлтан Назербаевтың «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» бағдарламасына сәйкес «Егемен Қазақстанда» дәл осы айдармен ақпараттық, талдамалы жанрлардағы материалдар беріліп тұрғанын білеміз. Ал бұл реткі «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» айдары тұтастай екі бетті алып «Астаналар үндесуі», «Біз астаналықпыз», «Елорда туралы толғаныс», «Елордаға қарап бой түзейді» атты айдарларды қамтыған. Сондай-ақ, әсем Астананың суреттерімен де әсемделгенін көреміз.   

Егемендігіміздің шежіресін жазуда да «Егемен Қазақстанның» үлесі зор екені белгілі. Тәуелсіздіктің  он жылдығы қарсаңында газет көптеген тарихи-танымдық мақалаларын оқырмандарымен қауыштыртса, айбынданып келе жатқан Астана жайлы қалам тербеу де назардан қалып қойған емес. Соның куәсі ретінде 2001 жылы 14 желтоқсанда «Етжеңді» нөмірде «Елорда» бетінің берілуі. Беттегі ең алдымен көзге түсетін тақырып «Бас қала». Университетіміздің сол кездегі ректоры Мырзатай Жолдасбековтың бұл мақаласы тарихтан тамыр тартып елорданың бүгінгі еңселі келбетіне дейін жол алып жатыр. Сонымен қатар, «Менің үлесім», «Еркін елдің ертеңі», «Шежіре сурет» айдарлары көп мағлұматтар беріп, астанамыздың аршынды адымдарынан хабар береді. 

2002 жылы 8 маусымда «10 маусым Астана күні» деген айдармен қазақтың астанасы Арқаға көшіп келгеніне бес жыл толуына байланысты бес белесі айшықты суреттеледі. Газеттің бірінші бетінде ақын Дүкен Мәсімханның «Астанам менің, арайлы» атты жыр-шашуымен басталған мерекелік материалдар «Бес белестің биігінен» сыр шертіп, «Іргеміз берік болсын», «Құрылысшылар қолтаңбасы» тақырыптерымен қоса «Астаналықтар лебізі» айдарымен үш мақала берілген. Көш алғаш көшіп келгендегіге салыстырғанда Астананың жер көлемі үш есеге дейін ұлғайғаны арқау болған. «Ірге тасымыз берік болсын» тақырыбы Астананың арғы-бергі тарихына да көз жүгіртіп шығады. Қала құрылысына еселі еңбектерімен үлес қосқан, Астанада 204 өнеркәсіп нысаны, 142 коммуналдық-шаруашылық, 698 тұрғын үй, 47 бала бақшасы, 38 мектеп, 19 денсаулық сақтау және басқа да халық шаруашылығы әлеуметтік бағыттағы  нысандарды өмірге әкелген  «Ақмола құрылыс»  ААҚ-ның үлестері сөз болған «Құрылысшылар қолтаңбасын» қалдырған осы «Ақмола құрылыс» ААҚ президентінің өзі болатын [39].

2002 жылы 25 қыркүйектегі «Етжеңдінің» «Аймақ» беті «Еңсесі биік елордаға» арналды. Астана тақырыбына бұрыннан қалам тербеп, «Егемен Қазақстан» елордаға көшіп келмей тұрған кезде газеттің Ақмоладағы тілшісі болған Сейфолла Шайынғазының «Бір жарым ғасырлық ғұмыр» атты рецензиясы осы бетте жарық көрді. Онда Астананың өткені мен бүгіні туралы сөз болды. Астана тақырыбына қалам сілтеп жүрген тағы бір жазушы, журналист Қайсар Әлімнің «Бірлік пен беріктік бойтұмары» да оқырманмен жүздескен-ді. Қазан айындағы «етжендінің» «Аймағы» да Астанаға арналды. «Ай сәулелі Астананың ажары» шапкамен «Келешекке қол созған қала», «Сәулет өнерінің сардарлары», «Елордаға қосқан үлесі зор», «Ізденіссіз ілгерілеу жоқ» тақырыптарды қамтыды.     

2002 жылы желтоқсанда Астана қаласы Қазақстан Республикасының елордасы болып жарияланғанына бес жыл толды. Осыған орай бас басылым 10 желтоқсанда «Бес жылда Бәйтеректей биіктеген елорда» айдарымен Астана келбетін аша түсті. Серік Тұрғынбекұлының «Арда туған ардақтым» жырымен басталған мерекелік материалдар «Арманы асқақ Астана» сұхбатымен, Алдан Смайылдың «Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздіктің тірегі» мақаласымен жалғасын тапты. Бес жылда биіктеген белесіміз жайлы Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков газеттің белді журналисі Әлисұлтан Құланбайдан сырын бүгіп қалмады. Астананың халқы артып жарты миллионға жеткен сүйінші хабар Қарашаш Тоқсанбайдың «Шақалақ – шаңырақтың шаттығында» берілсе, елорданың техникалық, медициналық жақтағы жетістіктері де жазылды. 

2003 жылдың маусым айынан бастап «Етжеңдінің» «Аймақ» беті тек Астана тақырыбына арналып отырды. Сонымен қатар, «Астана – жаңа қала», «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» айдарлары да тұрақты беріліп, астананың аршынды қадамдары хақындағы ақпараттарды беріп тұрды. Осы жылдың шілдесінен бастап астана бетін «Егемен Қазақстан» тілшісі Қайсар Әлім тұрақты дайындап, ай сайын астана аясында ауқымды ақпараттарды оқырманға ұсынып отырды. 

2003 жылғы Астана күнінің тойлануы да өзгеше еді. Өйткені бұл жыл Ақмоланың аты өзгеріп, елорда мәртебесіне ие болғанына бес жыл. Осыған орай елорданың шежіресін шебер шертіп келе жатқан «Егемен Қазақстан» 10 маусымдағы нөмірін Астана жайлы көп тоқталды. «Ертеңі жарқын, еңсесі биік елорда» рубрикасымен бас қаланың күн санап айбынданып келе жатқан бейнесін бедерлей түсті. Оқырман қауымға Астананың бүгіні мен болашағына арналған топтамалар жол тартты. Осы топтамада қамтылған «Астананың жаңа әуежайы» атты Самат Мұсаның мақаласында әлемдік стандарттарға сай келетін еліміздің бас әке қақпасының құрылысы таныстырылып, оның алып келер зор мүмкіндіктері айтылады. Сейфолла Шайынғазының «Арнайы аймақтың айшықты істері» тақырыбындағы мақалада «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында тындырылған істер сөз болған. Астана әкімінің орынбасары, белгілі композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхаметжановпен сұхбат та осы топтамаға топтастырылған. Композитор әңгімесі негізінен, Астананың өнері мен мәдениетіне арналады. Жас қаланың қалыптасып келе жатқан рухани келбетіне баса назар аударылып жатқанын да атап өтеді.

2003 жылы 30 шілдедегі «Астананың болашағы айбынды» шапкасымен «Етжеңдідегі» «Аймақ» беті Астана аясындағы әңгімесін одан әрі жалғады. «Астана аулалары» бағдарламасы» айдарымен қала әкімінің бірінші орынбасары Сансызбай Есіловтың есебі елорда тұрғын үйлері мен олардың аулаларын абаттандыру жұмысы жайында болды. Осының жалғасы іспеттес «Жасыл аймақ» РМК бас директорының «Жасыл белдеу – жасыл пана» тақырыбындағы елорда экологиясы аясында жасалған қомақты жұмыстар мен жоспарлар «Экология» айдаршасына жинақталған.

«Келешекке қол созған Астана!» – 2003 жылы тамыздағы «Етжеңдінің» «Аймақ» беті осылай аталды. Астананың мәдени өміріне де аса мән берген елбасы Қазақстан халқына Жолдауында қаланың мәдени бейнесін одан сайын жетілдіруді айтқанын алға мақсат етіп ұстаған Астана қаласы мәдениет департаментінің бастығы Бекболат Байсағатовтың «Әдемілік әлемінен әсерлену» атты мақаласы жарық көрді. Сонымен қатар, елордадағы аудандардың да тыныс-тіршілігіне Сейфолла Шайығазы тоқталған.

Қыркүйектегі «Етжеңдіде» «Спорт даңғылы», «Сырт көз сыншы», «Мейман лебізі», «Өнер», «Ұсынысым бар» айдарлармен «Астана адамдарымен асқақ» атты топтама берілді. Елорданың спорт саңлақтарының жеткен жетістіктері мен өнер адамдары сөз болған бұл бет бас қаланың рухани орталыққа айналып келе жатқандығының басты дәлелі еді. 

«Астананың тынысы ашылсын десек...» шапкасымен берілген «Аймақ» беті 2003 жылғы қазан айындағы «Етжеңдіде» жарияланды. Онда негізінен, проблемалық мақалалар мен ұсыныстар қамтылды. Атап айтсақ, «Бурабайдың бағы қашан жанады?» атты «Толғандырар тақырып» айдарымен берілген Оңалбек Кендебектің мақаласында Бурабайдың сұлу табиғаты мен ашылмаған сырлары баяндалып, оңалтуға орайы әлі келмей отырған аймақтағы келеңсіз экологиялық, әлеуметтік мәселелерді ортаға салып өтеді.   

«Егеменнің» астана беті елорда ажарланған сайын айшықталып, мазмұны да кеңи бастады. Сәулет өнерінің сиқырымен бой көтерген жаңа қаланың қарқыны қағілез журналис Қайсар ағаның назарынан қағыс қалған емес. Ай сайын ай дидарын бір рет көрсетіп отыратын «Аймақ» бетіндегі астана келбеті кемелдене бастады. 2003 жылы қарашадағы «Етжеңдінің» «Аймақ» беті «Ертеңі ертегідей Астанам менің» деп аталды. Бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жаңа қаланың сымбатты да сырлы сәулетінің жоба-жоспары мен бой көтерген еңселі ғимараттары жайлы жазбалар жалғасын тауып отырды. Астананы қазақ елінің ғана емес әлемнің үздік қалалары қатарына қосудағы істелген істерде есеп жоқ. Ендеше, осы жайлы ай сайын бір беттің оқырманға жол алуы заңды да. 

Сол кездегі «Аймақ» бетіндегі астана жайлы тұрақты айдарларға тоқталсақ: елорданың сымбатына сымбат қосып жатқан жаңа құрылыстар жазылатын «Сәулет» айдары, мемлекет қайраткерлері мен тұлғалардың ажарлы шаһар жайындағы толғақты толғаныстары беріліп отыратын «Көзқарас» айдары, қала қонақтары мен өзге елден келген кісілердің бағасы мен әсері сөз болатын «Сырт көз сыншы» айдары, Ақмола облысындағы және Астана маңындағы қалалар мен аудандардың тыныс-тіршілігіне тоқталатын «Астаналық облыс тынысы» айдары, елорданың өз ішіндегі аудандардың ажары мен базарына тоқталатын «Аудан өмірі» айдары, «Тәуелсіздік шежіресі» кітабынан алынып әр бет сайын сыр шертетін «Елорда: Асудан – асуға» тұрақты айдары, сонымен қатар, жұрттың ұсыныстары мен ойлары айтылатын «Оқырман пікірі», Астанаға қарап бой түзеп, елордадан үлгі алып дамып келе жатқан облыс пен қалалардың бет-бейнесі баяндалатын «Өнеге өрісі» айдары, елорда туралы жазылған өлеңдерге орын беретін «Жыр – шашу» айдары, Астанаға ағылып келіп жатқан адамдар мен қаланың бұрыннан тұрып келе жатқан тұрғындарынан сауалнаманы арқау ететін «Астана және астаналықтар» айдары, т.б.

«Аймақ» беті әр ай сайын әртүрлі шапкалармен өрнектеліп отырды. 2004 жылы 25 ақпандағы нөмірде «Ертеңі еңселі елорда» шапкасымен берілген «Аймақ» беті былай басталады: «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев халыққа «2004 жылға сыртқы және ішкі саясаттың негізгі бағыттары туралы» Жолдауында Астана қаласының қарқынды дамуына айрықша назар аударды. Бас қаланың құрылысына әлем көз тігіп отыр. Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі екендігі бүгінгі таңда ақиқатқа айналды.» [40]. 

«Етжеңдідегі» «Аймақ» беті енді «Астана» беті болып тұрақты шығып тұратын болды. Бұл 2004 жылдың жағымды жаңалығы еді. «Әз наурызбен әрленген елорда» деген топтамамен Ұлыстың ұлы күніндегі Астана ауанындағы мақалаларды да осы «Астана» бетінен оқыдық. Астананы қазақы қалыпқа түсіріп, ата дәстүрді жалғастыруды қымызхана ашу арқылы жүзеге асырсақ деген қала тұрғындарының ұсынысы 2004 жылы 20 наурыздағы Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Етжеңдіде» жарияланған. 

 «Көркейе түс бас қала» рубрикасымен берілген әрленген «Астана» бетінде мына мазмұндар қамтылды: елорданың экологиясы аясында «Астанакөгалдандыру» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қала көркіне сыйлаған қайырымды еңбектері, қала іші-сыртын когалдандыру мақсатындағы жаңадан салынған саябақтар мен отырғызылған ормандар. Қаланы көгалдандыру саласы 2030 жылға дейінгі бағдарлама негізінде жүзеге асырылып, биыл 6216 гектарды игеру жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 647 мың көшетпен, 1 5672 дана бұта отырғызылмақ. Жалпы, көгалдандыру бағдарламасын қарқынды жалғастыра берсек, 2030 жылы Астананың әр тұрғынына 2 түп ағаштан келеді деп межелеп отырмыз, – деп «Астанакөгалдандыру» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Василий Крылов қала тұрғындарын қуантты [41]. 

Қазақ даласының қасиетті төріне айналған Астананың ақ самалын жұтудың өзі алыстағы ағайынға арман бола бастады. Елорда еліміздің жүрегінде орын тепсе, оның көрікті де келісті келбеті әр көңілдің төрінен орын ала бастады. Осы жайлар жазылған «Астана» беті де оқырманын сұлулықтан сусындатып, таңғажайыптармен таң қалдырып отырды. Онымен қоса 10 маусым Астана күніне арналып шығатын «Егемен Қазақстанның» мерекелік беті де мазмұнын байытып, елорда шежіресін жазуда өлшеусіз үлесін қосып жатты. Той шаттығына арналған беттерге бас басылымның барлық журналистерінен тыс Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі тілшілер, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тіпті қиырдағы қала емес, аудан емес, ауылдағы азаматтардың да қолтаңбасы қалып отырды. Әрине, олардың басын қосып, бір тақырыпқа топтастырып, жайнатып, жандандырып дайындаған Астана тақырыбының майталманы, журналист Қайсар Әлім еді. 

«Абай жолында» Мұхтар Әуезов Қарқаралының жүйрігі Алшынбайдың аузымен: тоғызқұмалақты ойнаушыдан гөрі көледенең тұрған адам көреген болады деген сөз айтқызады ғой. Сол айтқандай, Астананың ерекшелігін көруде тұрғын халық емес, қонаққа келгендер мен жаңадан қоныстанғандардың көреген болатыны анық. Сол себептен де болар, бас басылымдағы «Астана» бетінің «Көзқарас» айдары оқырманына жиі жол тартып тұрды. «Егемен Қазақстанның» сол кездегі жаңадан келген тілшісі Жақсыбай Саматтың «Астанам өзі, қандайсың?...» мақаласы осы сөзімізге де, Астана тұрғындарының мінездірінің қатал, сөздерінің суық болып келетініне де мысал бола алады: «Астанада арсын-гүрсін тура мінез басым, оған орысшалаған шенеуніктерді, батысқа еліктеп далақтап жүретін кекірт студенттердің дарақы мінезін қосыңыз... Міне, сонда ептеп болса да Астананың қалпы көрінеді...» [42].   

Бүгін көп жылдан бері бірінші рет Астанаға жол жүріп барамын, – деп басталады оқырман жазған мына жолсапар очеркі, – «Бәйтерекке» келдік, лифтімен көтерілдік. Әлемдік өзеннің құйылыс сағасы іспеттес. Алтыннан құйылған аялы алақан композициясында Елбасының оң қолының табы жаңа кезеңге жасаған батыл қадамды бейнелейді. Осылайша ғажап құрылыстардың хикметіне таңдана, қызыға, мақтана қараған «саяхатшы» әсерлі әңгімесін былай аяқтайды: «Біз Астана салу арқылы шапшаңдықтың мәнін көзбен көріп, қолмен ұстадық. Астана қазіргі Орталық Азияда бір кездегі кедей Еуропа үшін ұлы бастамалардың, небір жасампаздық пен мәдениеттің орталығы болып, айналасының түгелдей гүлденуіне ықпал еткен Париж сияқты рөл атқарары ақиқат» [43].

2006 жылы да «Астана» бетінің «Етжеңді» нөмірінде үзбей шығып тұруы жалғасын тапты. Әр айдың сәрсенбісінде оқырманы асыға күтетін, жаңарып жайнап келе жатқан астана жайлы жазылған материалдар берері күннен күнге молайып, мазмұны байи түсті. Өйткені елордамыз бір жыл емес, бір ай емес, бір күнді артқа қалдырған сайын еңселеніп, ерекшелене түсті. Қаңтардан бастап әр санын парақтағанымызда білгеніміз бен түйгеніміз осы еді. Жыл басындағы «Астана» беті толықтай «Астана асқақтап келеді» тықырыбына орын берді. Бұл көлемді мақалада мынадай ұсыныстар айтылады. Ең алдымен, Астанада ғарыш кемесі кескінінде салынған зәулім ғимарат керектігін, оны «Байқоңыр» деп атасақ деген ой айтылады. Өйткені, дүние жүзіндегі ең алғашқы ғарышқа кеме ұшырылған ғарыш айлағы Қазақстанда. Ол – Байқоңыр ғарыш айлағы. Қазақ елі осы ғарыш айлағымен мақтана да алады. Сондықтан да, Астананың тағы бір мақтанышына айналар «Байқоңыр» керектігін көрсетеді. 

Келесісі Астанадағы Абылай хан даңғылының бойынан ханның бейнелі портреті немесе тұлғалы ескерткіші орнатылса, болмағанда «Хан қалпақ» ескерткіші бой көтерсе деген ұсыныс еді. Нұқ пайғамбардың кемесіне және қазақ халқының Нұқ пайғамбарға деген маббатының символы ретінде бас қаладан «Қазығұрт» ескерткіші орнатылса деген ниет үшінші ұсынысқа жинақталады. «Алатау» атты көше салып, көше шетіне ғимараттар бірінің бауырына бірі құлаған тау іспеттес аласадан биікке талпынта салынса деген авторлардың ойы көрсетіледі. Ең соңында, әлем таныған қазақ тұлғаларының ескерткіштері молынан тұрғызылып, олар қалтарыс қапада қалып қоймаса екен деген армандарын оқырмандармен бөліскісі келген Астана қаласынан заңгер Гауһар Әбілқайыр мен Тараз қаласынан журналист Мұқан Әбілқайыр болатын.

Ақпандағы «Етжеңді» нөмір Астана туралы жазбалар бетін «Елорда – елдіктің бейнесі» деген айдармен сәндеген. Бетті дайындаған журналист Қайсар Әлім. Осы реткі «Астана» бетінде Қайсар ағаның Астана қаласы әкімінің орынбасары Сәбила Мұстафинамен болған сұхбаты, «Асқағым – Астанам» атты Қазыхан Әшеновтың өлеңі, «Ой-санамыздың орталығы», «Біздің де қолтаңбамыз бар», «Меценат Сапар» тақырыбындағы мақалалар топтастырылған. Ерекше айта кететініміз де «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деген айдармен берілген сұхбат. 

Наурыздағы «Астана» ат байларым – атақонысым деп білетін қандастарымызға деген ықылас Көші-қон комитетінің Астана қаласы бойынша басқармасының бастығының «Қандастарымызға оң қабақ» тақырыбындағы көлемді мақаласында көрініс тапқан. Астанаға ат басын тіреген шетелдегі қазақтарға жасалған жақсылық пен олардың астана әлеуметтік әлеміне қосқан үлесі нақты статистикалық деректермен көрсетілген. Астана қаласы мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бастығы Сұлтанбек Ысқақовтың «Мұрағат – ел игілігі» мақаласы да наурыздағы «Етжеңдіде» жарияланған. 

Астана күні 2006 жылы тұңғыш рет 6 шілдеде тойланды. Оның не үшін өзгертілгені туралы Қайсар Әлім сол кездің өзінде жақсылап түсіндірді. «Неге өзгертілді? Әртүрлі пікірлер айтылды. Біреулер Елбасының туған күніне орайластырылған дейді. Негізгі мәнісі мынаған саяды. Н.Ә.Назарбаев 1994 жылғы 6 шілдеде Парламент сессиясының жалпы отырысында астананы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшірудің қажеттілігін қисындық және мән-жайлық тұрғыдан негіздеп сөз сөйлеген еді. Оны азсынсаңыз, 1996 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Үкіметі “Қазақстан Республика сының астанасын көшіру туралы” тарихи қаулы қабылдаған болатын. Осынау біз келтірген үш дәйектеменің үшеуінде де 6 шілде көрініс беріп, жүректі дір еткізеді. Өзінен-өзі ой туады: 6 шілде қастерлі күн екен! Ендеше неге қала күні болмасқа! Болды!» [33] 

Осы жылғы алғаш рет 6 шілдеде өткен Астана күніне орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Бас қалам – Астанам, шырқа көкке асқақ ән» деген шапкамен мерекелік материалдар жарияланды. Бұл кезекте жазушы Табыл Құлиястың Татарстан депутаты, Жазушылар одағының басшысы Туфан Миннуллинмен екеуара әңгңімесі «Разылық» тақырыбында берілді. Қазандағы қазақтардың да Атамекенді әр уақытта жадына сақтап, егемен Қазақстанның көркейген астанасын мақтан ететіндігі жөнінде әңгіме өрбиді.

Астана аты әлемді шарлап, қазақстандықтардың мақтанышы болып қана қоймай рухани орталыққа, бейбітшілік бесігіне айналды. 2007 жылы 30 мамырдаға «Астана» бетінде жарияланған Әбсаттар қажы Дербісәлінің мақаласы осы тұжырымымызды дәлелдей түскендей. «Астана әлемдік және дәстүрлі діндердің қатарынан екі бірдей (2003-2006) съезі Елбасының тікелей бастамасымен әрі ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. Оған қатысушылардың бірауыздан берген бағасы да осындай. Ел халқының 70 пайыздан астамы мұсылман, ал қалғаны өзге конфессиялар еншісінде. Сенімдердің алуандылығына қарамастан, олардың бәрі де бір-біріне сыйластық танытуда. Содан да болар Алла тағала жарылқаған елімізде өзара түсіністік пен құрмет сезімі сақталып қана емес, сондай-ақ рухани жағынан да кемелдене түсуде» [44]. 

Астананың 10 жылдығына байланысты 2008 жылдың қаңтар айынан бастап Жылқыбай Жағыпарұлының дайындауымен аптасына бір бет оқырманға жол тартып отырса, маусымның аяғынан 6 шілдеге дейін күніне бір бет елордаға арналды. Ал осы жылғы 1-6 шілдеде «Егемен Қазақстан» толықтай мерекелік нөмір болып шықты. Астана күні қарсаңында әр жылы маусымның 15-інен бастап шілдеге дейін аптасына бет беру үрдісі «Егемен Қазақстанда» қалыптасқан. Сонымен қатар, әр айдың соңындағы «Астана» беті де осы Жылқыбай ағаның дайындауымен шығып келді. 

2008 жылдан бері «Астана» бетінің тізгінін қолына алған журналист ең алдымен, Астананың 10 жылдық торқалы тойын табысты «тойлады». Олай дейтініміз, Жылқыбай Жағыпарұлының «Астана» бетін қолға алғаш алған сәті осы он жылдыққа тура келді. Елорданың оны жылдық тойы қарсаңындағы іс-шаралардың қауырт та қарбалас сәттеріне бастап Астанаға арналған беттер дайындала бастады. Ол осы жылдың басынан басталған жұмыс еді.  Осы жылы «Астана» бетіне қосылған тағы бір тақырып ол – «Астанаға тартуымыз» еді. Онда тарихи оқиғалар тізбегінде қалатын Астананың мерейтойына әр облыстың тартулар ұсынуы, олардың Астананың әсемдігіне қолтаңбаларын қалдыруды мақсат еткенін баяндайды. Тақырыбы мен мазмұны жағынан молыға түскен бет аптасына бір рет шығып тұрды. Мысалы, жоғарыда айтқан айдарымызда жарық көрген бір мақаланы айта кетейік. 14 маусымда Алматыдан Астанаға «Жыр алыбы Жамбыл ескерткіші» келіп жетті. Журналист Күмісжан Байжан «Жастар» шағын ауданының алдындағы саябаққа орналасқан ақын ескерткіші жайлы ақпарат бере отырып, қазақ елінің ұл-қыздарының атқарып отырған ғажайып істеріне тәнті болғанын да жасырмайды.

Әлі есімнен кетпейді. 2008 жылы 1-курс бітірген мені кураторым марқұм Қуандық Шамахайұлы мені «Егемен Қазақстанға» өндірістік практикадан өтуге жіберді. 3 маусым күні барған мені сол кездегі газеттің вице-президенті Ержұман Смайыл Жылқыбай Жағыпарұлын жетекші етіп берді де Астана бетін шығарысу жұмысын жүктеді. Алғашқы тапсырманы Ержұман аға өзі беріп, мені Астана қаласының жаңа рәміздерінің таныстырылуына жіберді. 4 маусым күні қалалық әкімдікте сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов бас қаланың бүгінде қолданылып жүрген жаңа рәміздерін таныстырды. Сол жиналыстан жазған шағын мақалам мен түсірген фотом бас басылымның бірінші бетінде тұңғыш мақалам болып жарқырап қала берді. Осылайша елорданың 10 жылдық қарбаласын қаламымызға қарымымыз жеткенше іліп баққан едік. 

Ал, мерекелік нөмірге егеменқазақстандықтардың барлығы дерлік атсалысқанын байқаймыз. Бүкіл облыстағы меншікті тілшілердің де тақырыбы ел тарихында алтын әріптермен қалатын елорданың мерейтойы болып жатты сол сәтте. 5 шілдедегі мерекелік нөмірде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың «Назарбаев моделі: жаһандық сынаққа төтеп беру» тақырыбындағы мақаласы «Елімен етене Елбасы» айдарында жарық көрді. Тәуелсіздіктің алғашқы таңы атқаннан таңғажайып қала құрып отырған бүгінгі күнге жалғасып жатқан шежіре іспетті мақала Елбасының ерен еңбегі мен елдің жүріп өткен жолын торқалы тоймен ұштастыра әңгімелейді. 

Аңыз ақиқатқа айналды. Ғасыр ғажайыбы — ару қала Астана, шынымен де, жылдан-жылға көркейіп, гүлденіп келеді. Астана экономика, құрылыс және әлеуметтік салада ғажайып қиялдарға ғана пара-пар жетістіктерге жетті. Астана қаласы әлі де шырайлана түсуде.

Астана ел экономикасының қозғаушы күшіне, рухани орталыққа, Қазақстандықтардың  мақтанышына айналды. Елорда арқылы өңірлер бой түзей бастады. Республика көлемінде бұрын болмаған алып құрылыс жұмысы тоқырай бастаған өндірісті қайта жандандырды. Қазақ елі үшінші мыңжылдыққа сай қимылдай алатынын дәлелдеді. Әлемдік өркениетке үлес қосуға қабілетті екенін паш етті. 

Қазіргі таңдағы Астана – тас пен темірден, әйнектен тұрғызылған ғимараттар ғана емес, өз рухы бар қала. Ерекше құрылыстар мен ғимараттар адамдарға айбындылық пен әсемділікті ұғындырса, Астананың рухани және мәдени тынысы технологияның тасасында қалып қойған жоқ. Барлық климаттық қолайсыздықтарға қарамастан, елорданың қайталанбас бейнесі жастар мен мәдени қайраткерлердің шабытты шығармашылығының бастау көзіне де айналды. Жастар қаласы болып қалыптасып үлгерген астанамыздың дәстүрін жалғап, болашағын баянды ететін буын да осы жас қалада тамыр тартып келеді. 

Әлемде 140-тан астам астананы көшіру оқиғасы болған. Бірақ оның бәрі де сәтті болған жоқ. Астананы көшіру – еліміздің тарихындағы ерекше белес. Ұлттық тарихымыздың жұлдызды сәті бұл. Иә, бүгінде астана ауыстыру экономикалық шешім немесе қоғамдық-саяси қадам ғана емес, бұл тіпті мемлекет құру тетігі идеологиясына түзету енгізу ғана емес, мұның өзі идеяларды жаңартудың, тәуелсіз мемлекеттің тарихи таңдауын айқындау екенін жұрт сезіне бастағандай. Елорданы көшіру туралы шешім алмағайып, қиын кезеңде қабылданғаны белгілі. Қазақстанның жаңа елордасы экономикалық және саяси құрылымдар орталығы және халықаралық маңызды бастамалардың жүзеге асқан жері. Қазақ елі астаналарының қилы тағдыры өзінше бір әлем. Өсіп, өркендеген өршіл бо­лады. Сондай күйдеміз қазір. Кезінде Ә.Бөкейханов елордаға Қараөткелді лайық көріпті.

Астана жас қала болғанына қарамастан, Қазақстанның басты саяси және мәдени орталығына айналып қана қоймай, дүние жүзінің беделді астаналарының біріне айналуда. Елбасының жемісті халықаралық қызметінің арқасында Астана дауысы әлемде айқынырақ естіліп, қажеттілігі артуда. Оның анық дәлелі – мемлекет басшыларының басқосулары, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, былтыр ғана дүбіріне дүние куә болған ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада жоғары деңгейде ұйым­дастырылуы және табысты өтуі. 

Иә, Астана туралы айту парыз, әңгіме етуге, мақтанышпен мәлімдеуге болатын жетістіктер аз емес. Сондықтан да, Қарт Сарыарқа төсінде көкке талпынған шаһар жайлы білгісі келетіндер жақында да, алыста да жетерлік. Біз үшін Елорда туралы жасалған телефильмдер де, жазылған зерттеу мақалалары да, айтылған әрбір әңгімелер де қымбат. Елорда шежіресін жазуда «Егемен Қазақстанның» үлесі зор. Жаңа астананың елорда болып түрленуі, бұрынғы тарихы мен бүгінгі дидары, келешек келбеті туралы әңгімелейтін ойлы, проблемалы мақалалар, қаламгерлер толғанысы, қайраткерлер сұхбаты, арнаулы беттерді үзбей жариялап келеді. «Егеменнің» астана беті елорда ажарланған сайын айшықталып, мазмұны да кеңи бастады. Астананың тарихы тәуелсіз Қазақстанның жылнамасында алтын әріптермен жазылып қалуына бас басылымның рөлі зор. 

   Елордада Кисе Куракава және Норманн Фостер сынды әлемге әйгілі сәулетшілердің тамаша жобалары жүзеге асырылды. Солардың ұсынған тұжырымдарының арқасында Астана қоршаған ортамен үйлесімдікте дамып, қазіргі заманға лайық бейнесімен көз тартады. Астананың салынуы және қарыштап дамуы Қазақстанға ғана емес, басқа да шет мемлекеттерге пайдасын тигізіп отыр. Неге дейсіз ғой, өйткені қазіргі нарық заманында салынған инвестиция оны салған ел үшін пайда келтіретінін бәріміз ескергеніміз жөн.

Қаланың болашағы мен әлеуеті зор. «Елорданың егесі Ел десек, Елінің мойнынан отарлау бұғалығын сыпырып тастауды мұрат етіп, жанын оққа байлаған Ерлерге мың тағзым. Соның бірегейі Кенесары Қасымов. Өз халқының тәуелсіздігін қарулы күреспен қорғап қалмақ болды. Отаршылдыққа қарсы күрестің көсемін ұрпағы ұмытпайды. Уақыттармен ұлықтайды. Қараңызшы, Есіл жағасындағы Кенесары бабаға! Тас мүсінге айналыпты өзі қорғаған қалада. Ұлы көш жүгін жықты. Күллі әлем қазақ мемлекетінің тосын да толайым қадамына қызығып та қызғанып назар салды. Тіл-көз – тасқа!» [33].

«Егемен Қазақстан» газетінің беттерінде Тәуелсіздік жылдардың тарихы жатыр. «Егемен Қазақстан» газетінің беттерінде еңселі елордамыздың өшпес шежіресі жатыр. «Егемен Қазақстан» газеті қазақ даласына ұлттық рух пен санадан сәуле шашып, еркін елдің еңсесіне қуат сыйлауда. 

«Егемен Қазақстан» газетіндегі 1998-2010 жылдар аралығында жарық көрген Астана жайлы жазылған мақалаларды қарастыру арқылы ел газетінің елорда шежіресін жазудағы елеулі еңбегін бағалау мақсатымызға шамамыз келгенше тырыстық. Одан бері де 14 жыл аттай желіп өте шықты. Осы аралықтағы дүниелердің өзі бір неше кітапқа жүк. Міне биыл Астанаға 26 жыл толып отыр.  Қазақтың бас ордасы жайлы айтылған әр сөз бен жазылған дүние ешқашан ескірмейді, қайта күн өткен сайын жаңаланып, жаңғырып отыраты сөзсіз.  

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. XX ғасырағы астаналар ауысуы. – Астана. Елорда, 2008. 65-бет
  2. Омашев Н. Қазақ журналистикасы. 3 томдық. 1-том: Қазақ баспасөзі. – Алматы. «Таймас» баспа үйі, 2008. 288-бет
  3. Боранғалиұлы Т. Араға жетпіс жыл салып. // Егемен Қазақстан. 1999, 27 ақпан.
  4. Смайыл Е. Алматы мен «Егемен» етене еді. // Егемен Қазақстан. 1999, 27 ақпан.
  5. Құланбай Ә. Арыстардың рухы ере келді. // Егемен Қазақстан. 1999, 2 наурыз.
  6. Мұртаза Ш. Ассалаумағалейкум, Астана! // Егемен Қазақстан. 1999, 2 наурыз.
  7. Медетбек Т. «Егемен Қазақстан» көшіне. // Егемен Қазақстан. 1999, 27 ақпан.
  8. Аупбаев Ж. Құс қанаты // Егемен Қазақстан. 1999, 3 наурыз. 
  9. Аупбаев Ж. Жәдігер. – Алматы. 2004 ж. 
  10.  Мұса С. Біз осында тұрамыз. // Егемен Қазақстан. 1999, 2 наурыз. 
  11.  Абдрахманов С. Алғыс айтамыз, ардақты ағайын! // Егемен Қазақстан. 2002, 1 қаңтар. 
  12.  Кекілбайұлы Ә. Тәуелсіздіктің басты жылнамашысы. // Егемен Қазақстан. 2004, 2 наурыз. 
  13.  Досмұханбетов Т. «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымына. // Егемен Қазақстан. 2004, 2 наурыз. 
  14.  Қапас тегі Д. Астананы Ақмолаға көшірсек... // Қазақ әдебиеті. 1992, 18 қыркүйек.
  15.  Астана қаласының тарихы. // Астана – жаңа қала. 97-98 б.
  16.  Аупбаев Ж. Елорда. –Астана. Фолиант, 2008. 15-бет. 
  17.  Қарағозин І. Астана болуы да ғажап емес. // Арқа ажары. 1993, 29 қаңтар.
  18.  Сәдірқызы Г. Мемлекеттік рәміздер жіберілді. // Егемен Қазақстан. 1997, 11 қараша. 
  19.  Шайынғазыұлы С., Садыхан М., Тоқтағазы М. Ту келді! // Егемен Қазақстан. 1997, 11 қараша. 
  20.  Шайынғазыұлы С. Астанадағы ақпарат кеңістігі. // Егемен Қазақстан. 1999, 2 наурыз.
  21.  Тұржан О. Астана философиясы. // Егемен Қазақстан. 2008, 1 шілде.
  22.  Төлеуханқызы А. Пирамида. // Егемен Қазақстан. 2006, 27 қыркүйек.
  23.  Самрат Ж. Шуақты күнге ұмтылған әсем ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайы. // Егемен Қазақстан.  2006, 2 қыркүйек.
  24.  Құланбай Ә. Төрт құбыла түгенделді. // Егемен Қазақстан. 2010, 6 шілде.
  25.  Жағыпарұлы Ж. Елдіктің ең еңселі ескерткіші. // 2008, 7 шілде.
  26.  Салғараұлы Қ. Қазақ елі.  // Егемен Қазақстан. 2009, 20 қазан.
  27.  Садыхан М. Астана: ақиқатқа айналған арман. // Егемен Қазақстан. 1999, 10 маусым. 
  28.  www.astana10.kz
  29.  Әлім Қ. Бағаналы ордам, бақ ордам! // Егемен Қазақстан. 2006, 5 сәуір. 
  30.  Құланбай Ә. Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі. // Егемен Қазақстан. 2008, 16 ақпан. 
  31.  Әлім Қ. Елорданың болашағына баршамыз жауаптымыз. // Егемен Қазақстан. 2003, 27 желтоқсан.
  32.  Әлім Қ. Бағаналы ордам, бақ ордам! // Егемен Қазақстан. 2006, 5 сәуір. 
  33.  Әлім Қ. Айдын мен айбын. // Егемен Қазақстан. 2006, 16 желтоқсан.
  34.  Омашев Н. Қазақ журналистикасы. 3 томдық. 1-том: Қазақ баспасөзі. – Алматы. «Таймас» баспа үйі, 2008. 268-бет.
  35.  Бұрханқызы М. Публицистика жанрлары мен пішіндері. Астана – 2009. 13-бет.
  36.  Әліпбай С. Астана тойына әзірлік барысы талқыланды. // Егемен Қазақстан. 2008, 20 мамыр. 
  37.  Шайынғазы С. Астанаға Абай келді. // Егемен Қазақстан. 2000, 10 маусым.
  38.  Садыхан М. Алаштың ақ қаласы – Астана. // Егемен Қазақстан. 2000, 10 маусым.
  39.  Оразаев С. Құрылысшылар қолтаңбасы. // Егемен Қазақстан. 2002, 8 маусым. 
  40.  Еркетаев М. Үйлесімді жұмыс – табыс кепілі. // Егемен Қазақстан. 2004, 25 ақпан.
  41.  Крылов В. Гүлзарлар – шаһар ажары. // Егемен Қазақстан. 2004, 28 сәуір. 
  42.  Самат Ж. Астанам өзі, қандайсың?... // Егемен Қазақстан. 2004, 25 тамыз. 
  43.  Мырзахметұлы Қ. Қиялдан озып кеткен ару қала. // Егемен Қазақстан. 2005, 30 қараша.
  44.  Дербісәлі Ә. Рухани келісім орталығы // 2007, 30 мамыр.

Соңы. Басы бар

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?