Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлы даланың ұлттық жарғылары

1108
Ұлы даланың ұлттық жарғылары - e-history.kz

Бар-жоғы 28 баптан тұратын жарғының 9 бабында: «Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды. Бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады» деп, қазіргі Конституциямыз арқылы қол жеткізген билік тармақтарының бөлінісін осыдан жүз жыл бұрын хатқа түсіріп кеткен.

«Жеті жарғы»

«Жеті жарғы» қазақ халқының  көшпелі өмірінің құқықтық жиынтығы. Бұның түп төркіні «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» атты көне заң ережелермен сабақтасып жатыр. Ғалым Қ.Байболов өзінің «Төле бидің тарихы» атты еңбегінде: «Қазаққа қасқайтып жол көрсетіп, заң шығарып, өрнек салған себепті «Қасым ханның қасқа жолы» дейді. Осы Қасым ханның сызығымен жалпақ елге жарлық жүргізген уақытты «Есім ханның ескі жолы» дейді. Осы ережелерді жетілдіріп Тәуке хан «Жеті жарғы» шығарды...» дейді. (Ж.Артықбаев «Қазақ тарихы мен этнологиясының мәселелері», Павлодар қа, 2007 ж, 214-бет). Жоғардағы пікірді қуаттайтын дерек ғұлама-шежіре М.Көпеевтің жазбаларында да бар. 

Тәуке ханның заманында «Жеті жарғының» өмірге келуі көп жылға созылған көшпелі қоғам жүйесінің жаңа реформасы іспеттес. Әрі қазақ қауымының күнделікті тұрмыстық ғұрып-дәстүрін реттеуге арналған жарғы. ХҮІІ ғасырдың соңында Еуразияның салқам даласын жайлап жатқан көшпенділер өмірі геополитикалық қысымға ұшырай бастады. Төрт құбыладан көз тіккен орыс, қалмақ, шүршіт, хиуа билеушілері қауіпті жауға айналды. Шын мәнінде ғасырлар бойы ат үстінде жүрген көшпенділердің қуаты әлсірей бастады. Отырықшылар отты қару ойлап тапты. Нәтжесінде  ара салмақ ауытқыды. 

Осындай елдіктің тұтқасы тозып, үкілі найзадан үрей кеткен алмағайып заманда дүниеге «Жеті жарғы» келді. Бұл құжат әуелі халықты бірлік пен берекеге шақырған үндеу тәрізді қабылданды. Тарих ғылымдарының докторы Ж.Артықбаев мырзаның пайымдауы бойынша, бұл жарғыны Тәуке ханның заманында жеті ұлыстың жеті биі бірігіп жасағандықтын «Жеті жарғы» атанған дейді. 

«Жеті жарғының» жобасын алғаш рет хатқа түсірген адамның бірі – қазақ даласына келген ақ патшаның елшісі М.Тевкелев. Елшінің күнделік жазбаларындағы мәліметке қарағанда, «Жеті жарғының» көшпелі қазақ қоғамындағы қызметі: тұрмыстық шаруашылықты, әлеуметтік өмірді, рулар арасындағы саяси қарым-қатынасты және сыртқы жаулардан қорғану стратегиясын қамтыған жиынтық. «Жеті жарғыны» тәптіштеп зерттеген орыс оқымыстысы В.В.Радлов. Ал,  қазақ ұланы Шоқан Уәлиханов әріптесінің еңбегіне сүйене отырып, бұл жарғының сорабы Тәуке ханның заманынан да бұрын болған деп тұжырым жасайды. Шоқанның пікіріне жүгінсек, қазақ қоғамына арқау болған дәстүрлі заңдар Ресей реформаторлары табынып отырған Батыстың заңдарынан анағұрлым артық, Шығыстың дүмше шариғи догмаларынан оқ бойы озық болған дейді.

Салық Зиманов бастаған құқықтанушы ғалымдар «Жеті жарғы» қазақтың әдет-ғұрып нормаларының жиынтық бейнесі деп бағалап жүр. Және оның көптеген жол-жоралғылары ХХ ғасырдың басына дейін сақталып келді деген пікірде. Олай болса қазір ел ішінде ескіден қалған ырым-ғұрып аталып жүрген ритуалдық сипаты басым дүниелерді «Жеті жарғының» сарқыншағы деп қараған жөн. 

«Баянауыл заңы»

Ресей патшалары қазақ даласына отарлау саясатын жүргізу үшін ең алдымен ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан даланың заң-жарғыларын өзгертуді қолға алды. Оның алғашқысы 1822 жылы қабылданған 320 баптан тұратын «Устав о Сибирских киргизах» атты құжат. Осы заң арқылы қазақ хандарының билігін шектеуді көздеді. Бұл жоғардағы «Жеті жарғының» ережесіне қайсы құбылыс екені түсінікті. Кешікпей 1844 жылы «Орынбор қазақтарын басқару туралы» ережені қабылдап, дала заңының кең тынысын тарылта түсті.

Орыстың «бөліп алда, билей бер» саясатын түсінген жергілікті атқа мінерлер төтенше жиын ашып, ата дәстүр, байырғы әдет-ғұрыпты сақтап қалуға әрекеттер жасады. Халықтың тарихи санасына сай келмейтін орыстың заңына бағынғысы келмеді. Мысалы, 1863 жылы Баянауыл округінің сұлтандары бас қосып қазақтың байырғы билер үкіміне бағыну туралы жаңадан заң қабылдады. Осындай әрекеттер ұлан-ғайыр сахараның әр түкпірінде іске асып жатты. 

Көшпелі қазақтың дала дәстүріне қиғаш келетін орыстың заң-ережелерін Шоқан Уәлиханов өзінің 1864 жылы жазған «Сот реформасы жайындағы хат» атты еңбегінде сынады. Ол патша шенеуніктеріне дала демократиясына негізделген билер сотының әділдігі отырықшы орыстың жазба заңынан әлдеқайда артық екенін дәлелдеп берді.

 «Қарамола ережесі»

Байырғы дала демократиясын тұла бойына сіңірген жарғы, ереже, билер соты тәрізді құқықтық құрылымдар жоғардағы Ресей отарлаушылары тықпалаған «халық сотына» қарсы әр жерде құрыла бастады. Соның бірі – ұлы Абайдың нұсқауымен 1885 жылы қабылданған «Қарамола ережесі». 

Бұл ереже 73 баптан тұрған. Құжат қабылдау жиынына 46 би қатысып, ортақ тоқтамға келген. Барлығы қолын қойып, мөрлерін басқан. 

Аталмыш ереже туралы заңгер Қайрат Мәми мырза: «Ережені қабылдау барысында Абайдың ықпалы зор болды. Ұлы дана ескі мен жаңа жүйенің тайталасқан тұсында, қоғамның тозығы мен озығын дұрыс бағамдап, қазақтың байырғы әдет-ғұрыпына сай парасатттылықпен төрелік жасаған» дейді. («Егемен Қазақстан» 14 желтоқсан, 2006 ж).

Шын мәнінде «Қарамола ережесі» билер сотының бағыт-бағдарына айналды. 

«Қарқаралы петициясы»

1905 жылы 25 шілде күні Қарқаралы маңындағы Қоянды жәрмеңкесінде қазақ оқығандары жиын өткізіп, Ресей Министрлер Кеңесінің басшысына петиция жолдады. Онда төмендегідей талаптар қойылды: басқа жақтан мұжықтарды көшіріп әкелуді доғару, қазақтар үшін дербес діни басқарма ұйымдастыру, цензураны жою, іс қағаздарды қазақша жүргізу, қазылар сотын енгізу, Думаға қазақтан депутат сайлау т.б. талаптар қойды.

Осылай І және ІІ Думаның құрамына қазақтан Ә.Бөкейхан, Ш.Қосшығұлұлы, Б.Қаратаевтар депутат болып сайланды. Олар жаңа аграрлық реформа мен қоныс аудару саясатын қайта қарауды ұсынды. Думаның кезекті мәжілісінде сырттан қоныстанушылардың қазақ өміріне зияны туралы депутат Б.Қаратаев баяндама жасады. Онда: «...үкіметтің осынау сұғанақтық салдарынан қазақтарға қырылып қалу қауіпі төніп тұр» деді. 

Осы орайда, тәуелсіздік жылдары жарық көрген саяси оқулықтарда: «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ. Олардың азаматтық һәм адамгершілік деңгейі осы заманмен үндес» деп баға берген. 

«Қазақ елінің уставы»

Қысқасы ХХ ғасырдың басында азаттыққа ұмтылған Алаш арыстары ел басқарудың заңды құқықтық нормаларын қарастырды. Олар жаңа заманға сай, сөйте тұра қазақтың дүниетанымына жат емес еуропалық үлгіні ұсына білді. 

Бұл орайда жетісулық оқымысты Барлыбек Сырттанұлының еңбегі зор. Ол өзінің 1911 жылы 13 маусымда жазған «Қазақ елінің уставы» атты аса құнды еңбегінде, әлемдік өркениетке негізделген мемлекет басқарудың классикалық үлгісін анықтап берді. Бұл уставтың қазақ тарихында алатын орны бөлек.

Бар-жоғы 28 баптан тұратын жарғының 9 бабында: «Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды. Бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады» деп, қазіргі Конституциямыз арқылы қол жеткізген билік тармақтарының бөлінісін осыдан жүз жыл бұрын хатқа түсіріп кеткен.

Сол сияқты аталмыш жарғыда сот пен судья мәртебесі де айқын көрсетілген. Мысалы: жарғының 23 бабында: «Судьялар дау шешкенде хүкметке, яки адам баласына бағынбай, закон һәм сот ережелері негізімен хүкім шығарулары тиіс. Судьяға әсер жасағандарға соттың хүкімі кесіледі» делінсе, жарғының келесі 24 бабында: «Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде (Парламент) өмір бойы сайланады. Заңды бұзған һәм орындамаған судьялар орнынан алынады» депті.

Осындай бүгінгі өркениетпен үйлесім тапқан бабтар көп. Уставтың 28 бабында, құқық қорғау орындарында партиялық жіктің болмауы жайлы ашып айтқан. Егерде жасырын мүше немесе партияны қолдаушылар болса орнынан алынатыны турасында ескертпе бар. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?