Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ даласындағы ашаршылық һәм алаш зиялылары

1662
Қазақ даласындағы ашаршылық һәм алаш зиялылары - e-history.kz

1921-1922 жылдардағы аштықта алты губерниялы ел аштыққа ұшырап жатқан тұста тек қазақ даласында Семей губерниясы ғана аман тұрған.

Бұл турасында ашаршылық жайында ең жиі көтерген өңірлік баспасөздер «Қазақ тілі» газеті мен «Бостандық туы» газеттерінде жазылған. Семей қаласында жарық көріп отырған «Қазақ тілі» газеттінің ішінде де ашаршылыққа байланысты бірқанша материялдарды атап өтуге болады. Ғасыр бұрын «Қазақ тілі» газетінің 1921 - 1922 жылғы  сандарында «Ашаршылықтан құтқару лажы», «Ашыққан ел һәм Семей азаматтары», «Ашаршылық пен күресу», «Қазақ әлі қорылқта»  атты Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы,  Мәннән Тұрғанбайұлының ұлттық баспасөздегі жанайқайы, әр сан сайын жарық көріп отырған.

Жүз жыл бұрын жазылған дүние болғанымен, құны мен маңызын жояр емес. Ашаршылықтан қынадай қырылып жатқан халықтың тағдырына бейжай қарамай, баспасөз беттерінде ашық пікірлерін ортаға салып қана қоймай қолдан жасалған ашаршылықтың қырғынына ұшырап жатқан қаймана қазақтың қасынан табылып, өңір – өңірге кісі жіберіп жұт  болып жатқан өңірлерге іс – әркетпен көмектесуді де қолға алады.

Жоғарыда айтып өткен мақалалардың бірінде Жүсіпбек Аймауытұлы:«Қырғыншылыққа ұшырап жатқан қазаққа, сұлу сөзден гөрі шынайы іс – қимыл керек» - деп сөз соңын түйіндейді. 

Жүсіпбек Аймауытұлы «Ашаршылқтан құтқару лажы» атты мақаласында: «Шынында газет жүзінде талай зарланды. Көмекке жұрт шақырды, әдемі сөздер қан құидыра сөйледі. Биыл емес, көбден айтылып жүр. Ана жылы Жетісу, Сырдәрия қазақ- қырғызы қырылғандада талай жазылған. Бірақ бұл жолмен біркелкі жәрдем жиналмаған һәм жиналмайды. Қайыршыға берген садақа қауым елді аштықтан құтқара алмайды. 

Бұған біз сенеміз осы нөмірде кіндіктегі қазақ азаматтарының аштарға жәрдем жыю туралы қаулысы басылып отыр.   

 «Барлық кіндіктегі, жергілікті партиялық, партиясыз мекемелер, жұмыскер ұйымдары жәрдем беру ісіне кірісуі керек; барлық халық жәрдемдессін; баспа сөз жүзінде жыиындарға жұрт жәрдемге шақырылсын, тығыз бұрсатты полномочнилар сайлансын... » тағы пәлен істелсін дейді. «жоғалсын аштық», «өле жегенше, бөле же,» азаматқа деп гезет жүзінде өлең жазып, жұрттың жүйкесін босатпақ болады, әйгілемек болады. Соған жұрттың іші- бауыры елжірей қалғаны. «аш қадірін тоқ білмей- ақ қойсын.» ашаршылықтан құтқару үшін бұл түк құрал емес, жарапазан айтып жинаған жылыу қырылып жатқан елдің халімен салыстырғанда дәрия қасында тамшы. Әдемі сөзден, жақсы қаулыдан аштарға келетін пайда шамалы». 

Жүсіпбек Аймауытұлының «Ашыққан ел һәм семей азаматтары» атты мақаласында: « Семейдегі қазақ азаматтарының жалпы жиналысы болды.

Жиналыста болғандар: Х. Ғаббасов, М. Дулатов, Қ. Сәтбаев, М. Тұрғанбаев, Нұралин,  Сәрсенов, Ғ. Ысхақов, Д. Ысхақов, Есенғұлов, Жиенғалиев, Ә. Бөкейханов, Мұздыбаев, Айтбаев, Оспанов, Ж. Аймауытов һәм басқалар.

         Жиналыс бастығы Ж. Аймауытов, хатшы Б.  Сәрсенов.

Қаралған мәселелер: 

I Қазақ тілін мекемеде қолдану туралы жасалған жоба;

II Ашыққан елдерге жәрдем беру шарасы;

Бірінші мәселе туралы Ж. Аймауытовпен М. Тұрғанбаев жолдастардың жасаған жобалары қаралып, жиылыс аз қосымшалармен қабыл алды.

Екінші мәселе туралы М. Дулатов жолдас баяндама қылды.

         Қазақстанда Семей губерниясынан басқа губерниялар аштық құшағын кіргендігін, ашыққан елдің қайғылы хәлін, аштықтан құтқаруға үкімет жәрдем жібергендігін, қиындығын, ел қырылып жатқанда бір губерниядағы ашбен шұғылданып  отыру- жан ашымағандық, азамат борышын атқармағандық, тарих алдында үлкен қылмыс екендігін тағы басқа хәл- жайларды айтқаннан кейін, М. Дулатов жолдастың ұсынған жобасы бір ауыздан қабыл етілді.

Міржақып Дулатұлының «Қазақ әлі қорлықта» мақаласында: «Ашыққан елге жәрдем жинау жұмысымен үш айдан бері Семей облысының үш уезін араладым. Қайда барсаң көретінің, жалақор қазақ, қорлықтан- зорлықтан көзі ашылмаған сорлы қазақ!

Мұның алдында «Қазақ тілі» газетіне де, «Бостандық туы» газетіне де жазғанмын, Ақмоладан шыққан отряд қарқаралы уезінің елдерін тал түсте шапқанын, жаншығанын, елін басып, азаматтарына дүре соғып, қызыл қанға бояғанын. Баянауыл ауданынан шыққан милитцияның қарқаралы еліне шығып, бассыздық қылып, жазықсыз кісі атып, жау шапқандай қылғанын да жазғанмын».

Мәннән Тұрғанбайұлы «Ашаршылық пен күресу» атты мақаласында: «Аштардың не хәлде екенін естіп отырмыз, тамағынан өтетін шөп, ағаштың үгіндісі, шайыры, тышқан жеп жүр. Жегені дерт орында болып ісіп кеуіп өліп жатыр. Аштық азабына шыдай алмай өзін- өзі өлтіріп жүр, пішендеріне от жағып, шаладай төбсін жауып ыс тигізіп өліп жатыр. Өмірден үміт үзген соң әр кім бір басын ғана ойлап, кемпір- шал, жас баланы тағдырдың билігіне тастап, бас ауған жаққа босып кетіп жатыр. Адам баласының, тұқымдас, діндес бауырларының осындай хәлде жатқанын біліп тұрып жәрдем қолын созбаған, жүрегі имікпеген кісі адамшылық атағын көтеріп жүруге лайық емес. Кініәсіз сәбилер, күшті табиғаттың көк тырнағына ілініп құтқарушы жоқтан өліп жатыр. Өлім алдындағы ашты дауыстарымен, қураған сүйек, қолын бұлғап, жанары азайған көздерін созып көмекке шақырып жатыр.

Қазақ көмегіңді көрсет, бауырларыңды өлімнен құтқар».

Міне, тарих, міне факты Мақаланы оқып отырсаңыз, Ж. Аймаутұлы, М. Дулатұлы, Ә. Бөкейхан, М. Тұрғанбайұлы бастаған алаштың кіл мықтыларының ашаршылыққа ұшырап жатқан халықты қайтсек құтқарамыз,  халықты аман сақтап қалудың қандай жолдары бар, осы тығырқтан шығудың жоба- жоспарларын ұсынып әркет жасағаны баян етіледі.

Қазақ халқы ел болып етек жеңін жинағанша, тәуелсіздік алып туымызды тіктегенше  бірқанша зобалаңды басынан өткерді соның бірі 1921-1922 ,1931-1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы аяусыз қырғыншылық кертартпа кеңестік жүйенің кесірінен өз жерінеде өгейдің кейпін кешіп, азшылыққа айналды, жер бетінен жойылып кету қаупі туды, сол бір қанды – қасап жылдардағы цензураның кесірінен 25 мыңнан аса ұлтымыздың оғалдары,  көш бастар серкелері,ұлттық буржазияның ірі өкілдері опат болды.

Бұл нәубет жылдар қазақ халқы үшін ең ауыр трагедия!

Орыны толмас өкініш!

Өкініш дейтініміз – кеңес үкіметі асыл текті азаматтармызды жер бетінен аластатып қана қоймай, ғылымы, мәдениеті һәм өркениеті тура жолға қойылған елімізді рухани бастауынан адастырып тарихтан жалғасып келе жатқан рухани болат үзегін үзді, сай –саласы төрт түлікке мыңғырып жатқан қазақ даласын келімсектердің отанына айналдырды.

Ұлттық мәдениетімізді, тілімізді, ділімізді бәр – бәрін кеңестік идиологияның табанының астына таптады.

Рессей архивтері һәм еліміздегі әрбір өңілердегі архивтерде ғасырға жуық сақталған құнды һәм тарихи маңызы бар құжаттар, баспасөздер сол бір әділетсіздікпен қасіреттің айғағымын деп сыр шертіп тұрғандай.

Өткеніне үңілмеген халықтың болашағы бұлыңғыр!

                                                                           Ақжол ҚАДЫЛБЕКҰЛЫ

Семей қаласы облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана

Сирек қор бөлімінің қызметкері

 

 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?