Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ахмет Байтұрсынұлы және Қарқаралы

2311
Ахмет Байтұрсынұлы және Қарқаралы - e-history.kz

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы. Мемлекет қайраткері, ақын, көсемсөзші, ғалым, ағартушы – бұл Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашыл тұлғасына, еңбегіне қатысты айтылатын анықтауыштар. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың бай тілі мен әдебиетінің теориялық заңдылықтарын осы заманғы үлгіге салып жүйелеп берген ғұлама ғалым. Ахаңның осы еңбегі болмаса, қазақ әдебиеті мен қазақ тілі ғылымдары қандай дәрежеде болатынын елестетудің өзі қиын. 

Ахаңның өзі көзі тірісінде-ақ оның елі үшін жасаған елеулі еңбегі туралы қаламдас, қанаттас інілері бағасын берген. Атап айтқанда  заңғар жазушы Мұхтар Әуезов Ахаңның ұлты үшін жасаған адал қызметі туралы былай дейді: «… өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл».

Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл өмір жолы әділетсіздікпен ымырасыз күреске, өз ұлтының жоғын түгендеуге құрылғанын көреміз. Қорлық пен қапаста қамалған туған халқының болашақта азат болуы – білім мен ғылымға қол жеткізуі дегенді жақсы ұғынған Ахмет Байтұрсынұлы бойындағы әлеуетін қазақ халқын өркениетке жетелеуге жұмсайды. Осы жолда тағдырына тап келген небір қиындықтардан да қаймықпай, азабына төзе білді. Өзі таңдаған мұндай жолдың қиын боларын білгендіктен де Ахаңның бұған іштей бекінгенін, серттенгенін  «Анама хат» өлеңіндегі мына жолдардан анық аңғарамыз:

Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Алданып тамағыма, оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі харам.

Адамнан туып, адам ісін етпей,

Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!

Мұндағы «оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп» деген жол – Ахаңның күрескерлік жолға бекінген тағдырлы кезеңді меңзейді. Яғни 1885 жылы Ахметтің әкесі Байтұрсын, үлкен әкесі Ақтас және бiрнеше ағайын-туғандарымен қоса, 25 жылға итжеккенге жер аударылып кеткен болатын. Олардың бар жазығы орыс шенеуніктерінің көпе-көрінеу жасаған әділетсіздігіне қарсы шыққандықтары еді. Бұл қасіретті жағдай он үш жасар балаға ой түсіргені анық. 

Ахаңның өмір жолына көз жүгіртсек, 1891 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебін бітіріп, Орынбордағы төртжылдық мектепке түседі. 

Бұл мектепті бітіріп шыққан соң 1895-1909 жылдар арасында Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі қазақ-орыс мектептерінде оқытушы болып жұмыс істегенін көреміз. Қарқаралыдағы қалалық орыс-қазақ училищесінде меңгеруші болып қызмет атқарады.

Ұлы Ыбырай салған жолмен ұстаздық-ағартушылық жолда жүрген Ахмет Байтұрсынұлының күрескерлік кезеңі Қарқаралы өңірімен тікелей байланысты.

Қарқаралы кезеңіне аяқ басқанда Ахмет Байтұрсынұлы отыз үш жаста болатын. Мұнда ол Қарқаралы уезіндегі білім беру саласы ісінің дамуына өз үлесін қосты. Қарқаралы қаласында 1904 жылы 1 қазанда өз жұмысын бастаған екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде қазақ, орыс балалары оқиды. Алғашқы оқушылар саны 104 болса, солардың барлығы да ер балалар болған. Мектептің меңгерушісі Ахмет Байтұрсынұлы және екі мұғалім және олардың екі көмекшісі сабақ берген. Оқушылармен сұхбат-кеңес үшін Қарқаралы мешітінің имамы мен христиан пірәдарын шақырып отырған. Сондай-ақ училищеде дәрігер болған. 

Мұрағат деректеріне қарағанда Ахмет Байтұрсынұлының Қарқаралыдағы ағартушылық қызметі тек қаладағы училищемен ғана шектелмеген. Ол уездегі ауылдарға шығып, оларда білім ошақтарының ашылуына ықпал еткен. Атап айтқанда 1904 жылы Қарашоқы тауының етегіндегі Күңгей қонысында Дағанделі ауыл мектебі, Егіндібұлақ ауыл мектебі, Шұбартау болыстығындағы мектеп, 1905 жылы Абыралы болыстығындағы Арқалық қонысында Мойынты ауыл мектебі, Едірей болыстығындағы Қарақұдық деген жерде Қаңлыбаев мектебі ашылды. Бұл мектептердің ашылуына жергілікті ауқатты адамдар үлкен үлес қосып отырған екен. 

Ауылдық мектептерді бітірген оқушылар Қарқаралыдағы екі жылдық орыс-қазақ училищесіне түсіп оқуын жалғастырған. Осы оқу орнын бітіргендер мұғалім, аудармашы немесе болыс кеңсесіндегі іс жүргізуші (песір – писарь) болған. 

Ахмет Байтұрсыновтың Қарқаралы қаласы мен оның айналасындағы елмен байланысы туралы деректер де кездеседі. Мұнда оның Тоқырауын болысындағы елменен қарым-қатынасы болғандығына болжам жасауға мүмкіндік беретін құжаттар бар. Атап айтқанда ҚР Мемлекеттік орталық мұрағатында сақталған құжатта 1906 жылы Тоқырауын болысы 10 ауылының азаматы Смахан Нұрмұхаметұлының отбасылық жағдайға байланысты түсінікхатының аудармасын жасаған және қолын қойған Ахмет Байтұрсынұлы екендігіне қарғанда, ұлт ұстазының ел өміріндегі түрлі арыз-шағым, өзге де іс қағаздарды орыс тілін аударуға араласып отырғандығы анық.

Сондай-ақ ол қазақ оқушыларының сапалы білім алуына, орыс тілін, әдебиетін барынша оқып меңгеруіне ықпал етіп отырған. Қарқаралы қалалық үш сыныптық орыс мектебінің түлегі Әлімхан Ермеков кейіннен былай деп жазған екен. «Байтұрсынов Қарқаралыда Бельдицкиймен, Аяғановпен, Чемодановпен жақын таныс болды деп санаймын. Олар озық ойлы, ойшыл адамдар еді. Олар көп оқыды, халық ағарту ісінің қажеттігін жақсы түсінді. Бізді, мектептегі қазақ оқушыларын Пушкинді, Некрасовты, тағы басқа орыс ақындарын оқуға Байтұрсынұлының өзі үндеген болатын. Ол Крыловтың мысалдарын жақсы көретін, кейде өзінің болашақта жарық көретін «Қырық мысал» кітабына енетін шығармалардан өзі аударған дүниелерін бізге оқып беретін». Бұдан біз Абайдың орыс тілін не үшін білу керек деген сұраққа жауап беретін қара сөзінің орындалуын танығандаймыз.

Ахмет Байтұрсынұлы үшін 1905 жыл – саяси белсенділік кезеңі болды. Осы жылдың 26 маусымында Қоянды жәрмеңкесінде қазақ зиялыларының кездесуі өтеді. Осы кездесуде үкіметке бағытталған құзырхат дайындалады. Бұл құзырхатта балаларды қазақ тілінде оқытуды ұйымдастыру, интернаттар, пансионаттар мен жоғары оқу орындарын құру, қазақ тілінде газеттер шығаруға мүмкіндік беру, қазақ депутаттарын жоғарғы билік орындарына ұсыну, қазақ жеріне қоныс аударушылар легін тоқтау және жерді қазақтарға беру қатарлы талаптар қойылды. Бұл талаптардың барлығы да патша билігі үшін ауыр қабылданғандығы анық болатын. Себебі, қазақтарды аса сауаттандырып көзін ашу, оларды заманауи білім-ғылыммен қаруландыру – Патшалық Ресей билігінің жоспарындағы іс-әрекетттер емес болатын. Билік үшін неғұрлым сауатсыз, бұратана қара халықты басқару, аяусыз салық салу әлдеқайда тиімді болатын.

1905 жылы Ресейдегі экономикалық және саяси дағдарыс салдарынан бірінші орыс төңкерісі болғаны белгілі. Жұмысшылар, шаруалар, кадеттер мен солдаттар қатысқан бұл төңкеріс ұлғая түскендіктен, ІІ Николай билігі 1905 жылы 17 қазанда «Бостандық манифесі» аталған құжатты жариялауға мәжбүр болды. Аталған құжат бойынша біршама демократиялық бостандық туралы баптар көрсетілді. Мемлекеттік Дума шақырылды. Бұл үрдісті қазақ зиялылары үлкен үмітпен қабылдады. Олар Ресейде демократиялық үрдістер кеңінен қанат жайып, оның соңы ұлтымыздың азаттығына ұласады дегенді түйсінген де болар. 

Қазақтың оқыған зиялыларының үлкен ортасы, ордасы осы кезеңде Қарқаралы қаласы болатын. Қарқаралы қаласындағы ұлт зиялылары ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы өрлеу, қалыптасу сатысындағы әрекетті – құзырхат (петиция) жазуды жүзеге асырды. Отарлық тәуелділікте, езгіде отырған қазақ халқының мұң-мұқтажын білдірген петицияны ұйымдастырушылардың бірі Ахмет Байтұрсынұлы болды. 

17 қазандағы манифестегі баспасөз бостандығы, баспасөз және ереуілге шығу бостандығы беріледі дегенге сәйкес, Қарқаралы халқы да 15 қарашада уездік қаланың орталық алаңына үш мың халық митингке жиналады. 12 сағатта уезд басшысы, штабс-капитан Б.А.Оссовский манифесті көпшілікке оқып береді. Ол өз сөзінің соңын татулықпен, сабырлылықпен және тыныштықпен еңбек етуге шақырумен аяқтады. Бұдан соң сөйлеген адамдар үш мыңдық жиынның алдында уезд зиялылары өлке басшысының іс-қызметін, ұстанымын сынға алады. Митингке жергілікті әскери бөлімнің солдаттары да қатысады. Митингке қатысушылар: «Полиция жойылсын!», «Шаруашылық бастықтары жойылсын!» деген ұрандар тастады. Қарқаралыдан елдің көптеген қалаларына, министрліктерге жеделхаттар жолданды. Оларға Мақсұт Бекметьев, Жақып Ақбаев, Көлібай Телеңгітов, Әубәкір Құрманов, В.Д.Соколов, А.В.Глебов, П.П.Белдыцкий, П.Астреин, В.Богуславскийлермен қатар, училище ұстаздары Ахмет Байтұрсынов, А.Аяғанов, М.Д. Желнин, А.К.Чумакиндер де қол қояды.

Жеделхатта Қарқаралы уезінің бастығы Б.А.Оссовскийді, почта-телеграф конторасының бастығы А.Ф.Пономаревті орнынан алу және уездік шаруа бастықтары лауазымын жою туралы талаптарын қойды. 

Уезд бастығы Оссовский де қарап жатпай, Қарқаралыда төңкерісшіл үйірме құрылғандығы туралы мәлімдейді. Бұл мәлімдеу негізсіз болса да, әрі қарай қылмыстық іс жүргізуге себеп табылады. 

Отарлық тәуелділікке қарсы құзырхат (петиция) Қарқаралыдан, Оралдан, Жетісудан т.б. өңірлерден келіп түсті. Солардың ішіндегі мазмұнды да маңыздысы – Қарқаралы құзырхаты. Қарқаралы құзырхатына 14,5 мыңнан астам адам қол қойған. Аталған құзырхат – қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы жаңа сатыға көтерілуінің бір нышаны болды. Құзырхат арқылы өз бостандықтары мен теңдігін талап ету – ұлттың ұйыса бастағанының белгісі еді. Оның басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, жақып Ақбаев қатарлы ұлт зиялылары тұрды. 

Ахмет Байтұрсынұлы бұдан былай Ресей билігі тарапынан саяси сенімсіз адам ретінде тізімге алынды. 1907 жылы Ахмет Байтұрсынұлы тұтқынға алынып, Қарқаралы түрмесіне жабылады. Дегенмен Ахмет Байтұрсынұлының ел ішіндегі беделінен қорыққандықтан, оны ұзақ уақыт түрмеде ұстаудың қауіптілігін сезінген патшалық билік өкілдері босату жөн деп тапқан. Сөйтіп оны түрмеден босатады. Ахмет Байтұрсынұлы мен оның жақын араласатын адамдары бақылауға алынады. 

Қарқаралыдағы қызмет жылдары – Ахмет Байтұрсынұлының ұлт мүддесі жолындағы белсенді саяси қайраткер ретінде қалыптасуына, шын мәніндегі алаштың рухани көсемдерінің бірі ретінде танылуына шынайы баспалдақ болды. 1907-1909 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы Қарқаралының абақтысында отырды. Осы қапасты жылдарда ол түрмеде отырып «Қырық мысал», «Маса» жинақтарына негіз болған туындыларын жазады. Түрмеден шыққаннан кейін де бостандықта көп жүре алған жоқ.

Патша билігі адамдары Қарқаралыда Ахмет Байтұрсынұлы сынды әйгілі адамның болуын қаламады. Ол 1909 жылы 1 шілдеде тағы да Қарқаралы түрмесіне қамалады. Бұл жолы да жергілікті халықтың қаһарынан қорыққандықтан, оны мұнда қалдыру қауіпті деп танылып, жедел түрде орталық Семейге жөнелту қажет деп шешім қабылданады. А.Байтұрсынұлының түрмеге қамалуына негіз болған қылмыстар ретінде мына жағдайлар көрсетілген: 1) Қарқаралы оязы халқының арасында үкімет билігіне қарсы үгіт жүргізгендігі; 2) Семей облысы шегінен қуылған Жақып Ақбаевты қайтару туралы жиындар ұйымдастыруы; 3) А.Байтұрсынұлы басқарған, сабақ берген мектепте орыс балаларының саны аз болуы; 4) 1905 жылы Бөкейханов пен Ақбаевқа қосылып, императордың атына петиция ұйымдастыруы; 6) Орыс-жапон соғысы кезінде өз отанының жыртысын жыртып, жаны ашымауы. А.Байтұрсынұлы Семей түрмесіне жеткізілгеннен кейін біраз уақыт бойына сот тергеуінсіз жатып қалады. Бұл уақытта ол шығармашылықпен шұғылданады. Ахмет Байтұрсынұлының жақтастары мен достарының ықпал етуімен сот процесі жүріліп, шешім шығады. 1910 жылдың 4 ақпанында Ресей Ішкі істер министрінің орынбасары П.Курлов: «Ж.Ақбаевты және оған қоса А.Байтұрсыновты, Ә.Бөкейхановты, Ыбырай Ақбаевты, Хасен Ақаевты, Бодаубек Райымбековті, Сүлейменовті, Бәйтеновті Қыр өлкесінен тыс, Жетісу және Торғай облыстарының аумағына екі жылға жер аударуға, мерзімі 1910 жылғы 10 қаңтардан» деген қаулы шығарады.

Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылы 9 наурызда Орынборға жер аударылған. Осы кезеңде ұлт ұстазының жаңа қызметтік жолы басталады. Мұнда ол тұңғыш ұлт газеті «Қазақты» шығарады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Қарқаралыдағы өмір кезеңі әлі де болса нақтылап зерттеуді қажет етеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?