Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ қарулары: садақтың құрылымы

1451
Қазақ қарулары: садақтың құрылымы - e-history.kz

Дәстүрлі қазақ садағы – сонау ежелгі дәуірдегі сақтар мен ғұндардан басталып, берісі Кенесары заманына дейін көшпелі жұртымыздың иығынан түспеген, қазақтың дәстүр-салтымен біте қайнасқан қымбат мұра. Ата-бабамыз адырнасын аңыратып жауға шапқан, тойға барып жамбы да атқан.

Сөйте тұра қазақ садағы хақында жазылған зерттеу еңбек жоқтың қасы. Бұған негізі  себеп – советтік кезеңде қазақтың ұлттық мұрасы, соның ішінде дәстүрлі қару-жарағы туралы жазуға, насихаттауға тыйым салынғанын көпшілік біле бермейді. Яғни отарлаушылар халқымыздың байырғы дәстүр-салты мен этножауынгерлік бұйымдарынан ұлтшылдықтың нышанын іздеді. 

Өйткені олар бұқараның көз алдында тұрса, ондай заттық этномәдени бұйымдар (мысалы, садақ, қылыш, найза, қанжар, т.б.) сол этностың санасын оятуға әсер етері анық. Соны білген отарлаущылар мұндай құнды мұраларды ел көзіне көрсетпеуге ұмтылды. 

Осындай келеңсіздіктің кесірінен қазіргі таңда республикалық, өңірлік музейлерде қазақтың дәстүрлі жауынгерлік өнерін насихаттайтын төл қару-жарақ жәдігерлері тым аз. Атамыз қазақтың «көзден кетсе көңілден болады өзге» дегеніндей, бабаларымыздан қалған асыл мұралар жатқа айналған жайы бар. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында біршама ізденіс жасап көрдік.

Қолымызға түскен материалдарды сараптаудың нәтижесінде қазіргі таңда қазақ садағы деп жүрген заттық мұрамыз – көне ғұндардан бері жалғасып келе жатқан сыртқы беті сіңірмен немесе тарамыспен қапталып, ішкі жағы мүйізбен астарланған ежелгі ғұндар садағының жалғасы екеніне көз жеткіздік. 

Кейбір зерттеушілер қазіргі қазақ садақты уақыттық тұрғысынан тұтастандырып «қыпшақ-қазақ садағы» депте атап жүр. Ал құрылымы жағынан айтар болсақ: күрделі – құрама садақ қатарына жатады. Кейде қазақ садағының ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылатындығымен ерекшеленіп тұрады дейді мамандар. Этнограф, қарутанушы Қалиолла Ахметжанның пайымдауынша, қазақ садағын профиліне байланысты екі топқа бөлуге болады. 

Біріншісі, доғалы иір (сегмент) пошымды садақтар. Бұлардың иіндері белінен бастап дөңгеленіп тұрады да, керілмей бос тұрғанда белі мен иіні бір сызық бойына түзіледі.

Екіншісі, бүктемелі серіппелі (сигма) садақтар. Бұл қарудың ерекшелігі – керілген сәтте иіні тұтқасынан алға қарай шығып тұрады. Бұл садақ бос тұрғанда иіні кері айналып, бүктеліп тұрады (Ахметжан. Қ.С. «Қазақтың дәстүрлі қару-жарақ этнографиясы». – Алматы: 2006. – 97-б).

Бүктемелі және иір доғалы садақтар

(Суретші Қ. Ахметжанның сызбасы)

Яғни түбірі сонау сақ-ғұн заманынан бері қарай тамыр тартып келе жатқан қазақ садағының ерекшелігі –  бауыр, яғни астарына – сүйек және мүйіз, жон тәртесіне тарамыс жапсырылып берік жасалады. Бұндай садақтың тұтқасы мен сұғы ешқандай қозғалмайды. Садақ өте сапалы әрі қуатты болады. Садақтың әр бөлігін құрастыру үшін аңның немесе малдың тарамысы, сіңірі және қамыс керектенетін болған. 

Садақтың адырнасына көп жағдайда қоңды жылқының сіріленген шикі терісін жіңішкелеп тіліп пайдаланған. Ал тарамысқа даланың жыртқыш аңдары: қасқыр, ілбіс, сілеусін, т.б. қатарлы хайуандармен қатар шала қоңданған жуан (10-15 жасар) жылқының тарамысы жарамды болған.

Сондай-ақ көне деректерде астар бауырына ұзындығы 15-25 см көлемінде ұзын мүйіз жапсырылған садақтың түрі болғаны жайлы айтылады. Бұл садақтың ерекшелігі – ортаңғы беліне, бауырына, тұтқа орналасқан аумаққа мүйіз – сүйек жапсырма қапталғандықтан, «Алынғыр» («Алымды») садақ деп атағаны туралы мәлімет кездеседі. Кейбір деректерде бұл қаруды «Имек бүкір садақ» депте аталған екен. 

Имек бүкір садақ

(Шебер Алмаз Сүлейменовтың жаңғыртпасы) 

Сол сияқты орыс жазушысы В. Янның «Бату хан» атты шығармасында орыс елшісі Торопканың белгілеуінен дерек келтіреді. Орыс елшісі: «Түркі-моңғол жауынгерлері тау ешкінің мүйізін иіп жасаған «қара мүйіз садақ» қолданады. Оның адырнасын тарту қиын. Мен орта деңгейіне дейін зорға тарттым. Бұл садақтың ерекшелігі, серпіні қатты болғандықтан, оғы өте жылдам ұшады» деп жазғанын баяндайды. Осыған қарағанда аталарымыз тау ешкінің мүйізін иіп жасаған «қара мүйіз садақ» қолданғаны жайында дерек бар. 

Қазақ садағы жасалу стилі мен құрамына (мүйіз, сүйек, тарамыс, сіңір, желім т.б) қатысты қатты және жұмсақ садақ деп бөлінеді. Садақтың қатты және жұмсақ болуы астары мен жон тәртесіне жапсырылған мүйіз бен тарамыстың жұқа-қалыңдығына байланысты. Егер мүйір мен тарамыс қалың жапсырылса, тарту ауыр, бірақ оғының қуатты мол, серпіні қатты, қатты садақ болады да, мүйіз бен тарамыс жұқа жапсырылса, жасөспірім бозбала немесе әйел заты тартатын жұмсақ садаққа айналады. Садақтың қатты немесе жұмсағын тартып көріп анықтап беретін адамды «Садақ сыншысы» деп атайды.

Қазақ садағының құрамдас атаулары

Қазақты садағы қарапайым екі бөліктен тұрады. Біріншісі, яғни ағаш немесе сүйектен жасалатын ату үрдісін іске асыратын бөлік садақ немесе жақ деп аталады. Ал шірей тартып, садақтың оғын ұшыратын керме бауды адырна деп атайды. Ал  садақтың иілмелі серіппелі бөлігін екі иіні (жоғары және төменгі) деп атаса, садақтың адырнаның екі ұшы байланатын арнайы қаданы сұғын немесе сұқ (жоғары және төменгі) дейді.

Аталарымыз садақтың сапасын жоғалтпау үшін иіндерінің үстіне тартылған тарамыс мен астарындағы мүйіз қаптаманы қоңыр аңның немесе малдың майымен майланып отырған. Халқымыздың дәстүрлі қару-жарағын зерттеп жүрген этнограф Қалиолла Саматұлының еңбегінде садақ сұғының бастары бөлек-бөлек жасалып, иініне бұрыш жасай бекітіледі дей отырып, садақты: қолға қысып ұстайтын бөлігі – белі жоғары және төменгі иілген тұсы – иіні, кіріс байланатын бөлігін – басы деп атап, бес функционалдық бөлікке бөліпті. Бұл атауларды біз өз тарапымыздан толықтырғанды жөн көріп отырмыз. Яғни садақтың қолға қысып ұстайтын тұсын бел емес, «тұтқа» деген дұрыс. Өйткені, бұл атау моңғол, алтай, хакас тілдерінде «баруыл», яғни «тұтқа» деп берілген екен. Жалпы құрама садақ бес бөлік, төрт буынан тұрады.

Садақтың құрамдас атаулары. 1. Тұтқа. 2,3. Екі жақ иіні,  4. Иіннің астары. 5. Сұғын. 6. Тобық. 7. Адырна

Садақтың сұғыны мен тұтқаның қысып ұстайтын тұсына орналастыратын қыстырма сынаны қатты қайыңнан жонады. Ол үшін шауып алынған жас қайың ағашты сыртқы қабағынан аршып, бір дүркін суға қайнатады. Сондай-ақ, садақтың сұғын ешкі мүйізінің ұшынан 4-5 см кесіп алып да жасайтын тәсіл бар. Ал садақты қаптау үшін пайдаланатын қайың тозын (қабығы) 5-6 айда алған дұрыс. 

Тоз – садақтың сыртын ораған орама. Бұл қайыстан кейде қайыңның қабығынан жасалады (Қашқари М. Түрік сөздігі. 3-том / Аударған А. Егеубай. - Алматы: Арда+7, 2017. – 600 б). 

Адырна

Садақтың екі басын қосып байланған жіпті адырна немесе керме жіп дейді. Ол берік жіптен немесе жібектен, тарамыстан өріледі. Міндеті – оқты нысанаға қарай ұшыру. Керме жіп садақтың бір басына мықтап бекітіліп, екінші басы садақты босатып тұру үшін алмалы тұзақ түрінде алынып, салынады. Адырнасы қатты серпігенде сұғын жарылып немесе сетінеп кетпес үшін оның иінмен тұтасқан бөлігіне сүйектен қорғаныш орнатылады. Оны тобық (тобыршық) деп атайды. Адырна күдері адырна, қайыс адырна деп бөлінеді. 

А. Қалиолла «адырна» атауын садақтың жалпы нұсқасы деп түсінген де, нағыз адырнаны «кіріс» деп атапты. Бұл қате. Адырна дегеніміз – садақтың оғын атуға арналған қатты жіп немесе қайыс. Моңғолиялық қарутанушы ғалым Ж. Базарсүрэннің еңбектерінде адырнаны бұғы, сиыр, жылқы және түйенің шикі сирақ терісінен тілінген таспаны ширату арқылы жасайтыны, сонымен қатар өрілген кендір немесе берік мата жіптен, тіпті аңның тарамысын тарқатып, жіптіктеп де жасайтыны жайлы жазыпты (Ж. Базарсүрэн. Чингис хааны цэргийн зэр зэвсэг. Ұланбатыр. 2009 жыл. – 118-б).

Моңғол тілінде адырнаны «көбші» («хөвч»), яғни керме жіп дегенге жақын ұғымда айтады. Осы «көбші» атауын  атақты лингвист ғалым, моңғолша-қазақша сөздіктің авторы Базылхан Бұқатұлы қазақша «адырна» деп аударып, оған садақтың тартпа қайысы деген түсінік беріпті (Б. Базылхан. Моңғол-қазақ сөздігі. Ұланбатыр – 1984. – 603-б). 

Сондай-ақ атақты«Мукаддимат әл-адаб» сөздігінде «Numunu kubs», яғни «Садақтың жібі (қайысы)» деп атаса, моңғол тілінің түсіндірме сөздігінде: адырнаға «садақты майыстырып тартатын қайыс» деген анықтама беріліпті. Бұдан шығатын қортынды «адырна» дегеніміз – садақтың жалпы атауы емес, садақтың екі сұғын керіп ұстап, жебелі оқты ату үшін қолданатын керме жіп. 

Адырнасын атқа алған,

Атқан оғын тайға алған.

(Шалкиіз жырау)

Қары ұнамы сұлтандайын жүрісті,

Адырнасы шайы жібек оққа кірісті. 

(Қазтуған жырау)

Атына тұрман болсам деп, 

Жұртына құрбан болсам деп,

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, 

Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен.

(Махамбет жырау)

Ер жүректі Еспенбет,

Ақбөртені баптады,

Сары ырғай садаққа,

Терісінен бұғының,

Адырнаны таққаны. 

(Дулат Бабатайұлы. «Еспенбет» дастаны).

Салалы садақ, сұр жебе,

Ақ таспа тілген көн кере, 

Адырнасы тым күшті, 

Оқ-садақпен бір-бірін,

Оқталып атып тұрысты,

(«Манас». Бірінші кітап. ҚМКӘБ. – Алматы, 1961 жыл. – 131-б).

Маман садақшылардың айтуына қарағанда, адырна 0,8-1 мм жуан әрі жұмыр болады. Садақ оғының жылдамдығы осы адырнаның серпінділігіне байланысты. Бұл бұйым берік жіңішке жіпті 52-64 дүркін өрмелеп шалу арқылы жасалады. Басты шарт – адырна ешқашан созылып кетіп сапасын жоғалтайтын болғаны жөн. Грек ойшылы Плутарх айтады: «Далалықтардың жауынгерлері садағының адырнасын шертіп ән салады» деп.

Адырна:

1. Кездік (оқтың кезін қондыратын бөлік). 2Бармақтау (садақ атқан кезде бармақ пен оқ қабысатын тұс). 3. Ұзынырғысы (корпус). 4. Бүктемелі түйіншек. 5. Тұзақша.

Бүктемелі түйіншектің байлауы

Этнолог ғалымдар «адырна» сөзінің түпкі мәні түркі-моңғол тілдерінде «жан-жаққа шашырау, бөліну, ыдырау» мағынасын білдіреді дейді (Пекарский. Сл. якут. яз. Малов. Пам. др. письм., 345)

Тағы бір құнды деректе: адырна – оқты садақтан ажырату дегенді білдіреді десе (Будагов. Ср. сл. тур.-тат. нар),  қазақ тілінің этимолоиялық сөздігінде: «Садақтың оқ салып тартатын кермесі, атылатын оқты ұшыру үшін садақтың екі басын керіп байлаған баулық» деп жазылыпты (А. Ысқақов, Р. Сыздықова, Ш. Сарыбаев. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. – Алматы: Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасы, 1966. – 240 б)

Сол сияқты «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясының (1-том. – Алматы: DPS, 2011) 738-бетінде: «Садақтың екі басын иіп ұстап тұратын жебені тіреп ату үшін керіп байланған қайысты тілдік деректерде адырна деп атайды. Адырна көбіне бұғы, бұлан терісінен, кейде жібек жіптен жасалады» деп тұжырым айтса, келісі бір деректе: «Адырна дегеніміз – садақтың керме қайысы. Өгіздің жон терісінен жасалады да, садақ ағашының екі басын иіп ұстап тұрады. Осыдан садақ серіппелі болады» деген анықтама беріліпті (Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. – Алматы: «Сөздік-Словарь». 1997. – 368 б.).

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ: адырна – садаққа байлайтын, қайыстан өріп жасалған бау (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», т. 44: Батырлар жыры. – 2007. – 496 б). Кейбір фольклорлық шығармаларда адырнаны «кіріс» немесе «қандіке» деп атағаны байқалды.

Сұғын

Садақтың екі ұшындағы адырнаның ауыздығы кигізілетін тұстан бастап тобыршықтың құйысқанына дейін қатты мүйіз, ағаш, сүйек жасалып, сұғындыра қондырылған бөлікті «сұғын» дейді. Сұғынның міндеті – садақ атылғанда оққа серпін беру. Қазақтың «серпін беру», «сұғын қадау» («устремлять взгляд») дейтін тұрақты тіркестерінің астары осында. Апа-әжелеріміз «Құдайым тіл-сұқтан сақтасын» дейтіні де осы сұқ.

Садақтың сұғы

Сұғынның құрамы: тұмсығы, мүйіз (ағаш) ауыздық, ауыздыққа бекітілетін адырна тұзағы, сұқтың қобылы, қырлы қанаты, жігі болып бөлінеді. Сондай-ақ керілген адырна қатты ұрмас үшін адырнаның иіні мен басының түйіскен жеріне сұғынға қапталдастырып ағаш, сүйек, мүйізден жасалған қорғағыш элемент қондырылған. Оны «тобыршық» немесе «тобық» деп атаған. Тобықтың (тобыршық) міндеті тағы бір міндеті – оқтың ұшу қарқынын жылдамдату.  

Тобыршықты биік жай салып,

Дұшпан аттым өкінбен. 

(Доспанбет жырау)

Садақтың тобығы (тобыршығы)

Садақтың тұтқасы (белі). Садақты ату үшін қолмен қысып ұстайтын орта тұсын айтады. Тұтқа – берік болу үшін сүйекпен көмкеріп, тарамыспен оралған, иінмен түйіскен жері шылғи терімен қапталып, кептірілетін болған.

Садақтың тұтқасы

Бұлғары садақ, бұқар жай,

Тата алмасам маған серт!

Бел күшіме шыдамай, 

Беліңнен кетсең саған серт! 

(«Қобыланды батыр» жырынан).

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?