Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ меценаттығы

1828
Қазақ меценаттығы - e-history.kz

Жуырда Атырау, ескі Сарайшық жұртында өткен ІІІ Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық буржуазиялық корпус қалыптастыру керек деген ойдың ұшқынын шығарды. Иә, керек! 

Бірақ бізде ұлттық буржуазия болған, құрылған. Сондықтан үзілген желіні қайта жалғап, жандандыру керек. «Болды!» дедік, енді соның тарихынан бір үзік сырын баян қылайық:

Қай жағынан алып қарасақ та, ХХ ғасырдың алғашқы ширегі – қазақ халқы үшін ренессанстық даму, модернизациялық өзгеру кезеңі ретінде саналады. Әсіресе, қазақ ұлттық баспасөзінің қалыптасуы –  ұлттық әдебиет пен театр, мәдениеттің даму тенденциясына жол ашты. Жанрлық өзгеріс пен түрлену тудырды. Еуропалық өркениеттің нақ белгілерін қазақ халқына көрсете бастады. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн боламын» деген оқығандар тобы даму мен өсуден қалыс қалған елінің ауыр тұрмысына алаңдап, халық санасын өзгертуге, ұлттық қалып пен болмыстың бірегейлігін сақтауға аянбай қызмет қылды. 

Қазақ оқығандарының үгіт-насихаты негізінде ұлттық буржуазия корпусы қалыптасты. Қазақ байларының меценаттық іс-әрекеттері оң нәтиже бере бастады. Мысалы, қазақтың жаны жомарт, мәрт азаматтары мектеп пен медресе, емхана салуға қаржы құйып, ілімге ұмтылған талапты жастардың алыс-жақын шет елдердің озық оқу орындарынан емін-еркін білім алуына инвестиция құя бастағанын айрықшалап айтуға болады. 

Қазақ меценаттығы – қазақ қоғамының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайының түзелуіне, балалар мен жастардың тегін білім алуына, ұлттық жазба әдебиет пен өнер түрлерінің жазылуына демеушілік жасаған атымтай жомарттықтың ерекше өнегесі. Бір сөзбен айтқанда, қазақ меценаттығы – қазақ қоғамының рухани-мәдени жетілуіне, Батыс өркениетінің ерен үлгілерін тудыруға зор үлес қосқан Алаш ақсүйектігінің ұлттық масштабтағы демеушілік қоры. 

«Қазақ» газетінің №52 (1914 жыл, ақпан) санына қапалдық Есенқұл қажы Маманұлының «Бәйге тігемін» деген мақаласы жарияланған. Алдымен мақалаға назар аударайық« 1913-нші жыл декабр жұлдызында, бір жұманың ішінде, бірі 5 жасар, бірі 2 жасар Әнуарбек және Ниязбек есімді екі балам дүниеден қайтты. Мен сол сүйікті балаларымның көзіндей көрерлік бір кітаптың шығуын тілеймін. Соның үшін осы жылғы ноиабрдің басына шейін таза қазақ тілінде және таза қазақ тұрмысынан роман жазушылардың бәйгесіне 2000 сом ақша тігемін. Жазушылар бірнеше кісі болса, олардың жазғандарын өзім белгілеген 3-4 кісілік бір комиссиенің сынына беремін. Бәйге сол комиссие жақсы деп ұнатқан роман иесіне беріледі. Талапкерлер осы бастан «Қазақ» газетасы арқылы бәйгеге түсулерін білдіре бергені артық»,  – деп жазылған. 

Есенқұл қажы – 1899 жылы Жетісуда ашылған тұңғыш мектепті салған Мамановтар династиясының өкілі. Ірі бай. «Қазақ» газетінің бас жазушылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы Есенқұл қажының бұл бастамасын құптап, «Қазақтың Нобелі» деп жоғары бағалады. 1915 жылғы «Айқап» журналының №7-8 санында: «... Құдайға шүкір, біздің қазақ арасындағы ғылымның қадірін білуші, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Альфред Нобель жолымен Есенқұл бай Маманов жүріп отыр. Роман жазған адамға ақшалай бәйге тігіп отыр, жа-зылған романдарды білгірлердің сынына беріп отыр. Есенқұл байдан үлгі алмақ, оның салған жолымен жүрмек қазақтың басқа байларының міндеті» деген мақала сөзімізге дәлел. 

Қазақ әдебиетінде қылаң берген бұл тосын құбылысты қазақтың зиялы қауымы терең түсініп, ерекше бағалаған. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірейік: «...Әзірге қазақ байлары сайлау таласына барлық дәулетін жұм-сап, шеке қызбайға кірісіп, ит пен құсқа жем болып жатқан бір заманда Есенқұл байдың өзінің қатарынан асып, үлгілі жұрттарға лайық іс істеп жатқаны оның қараңғы түннің ішінде қалың жұлдыз арасында жарқыраған жарық айға ұқсап тұрғандығын көрсетеді» («Айқап»), «Копальские богачи, киргизы Турусбековы, назначили премию в 2000 руб. За хороший роман на киргизском языке. На соискание премии обьявилось 9 кандидатов, написавших 9 романов. Летом текущего года известной Куяндинской ярмарке жюри из образованных Киргиз Семипалатинской области будут рассмотрены рукописи романов. Этого совещания в степи ждут большим интересом» («Уральский листок», №112, 10 июнь, 1915 г.).

Тұңғыш роман байқауынан жеңіске жетіп, әдеби жүлдеге Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» романы ие болған. Жүлде қоры негізінен, 2000 сом болған. Кейбір деректе 200 сом деп қате көрсетілген. Ақиқаты – 2000 сом ақша. Ол қазіргі ақша жүйесімен есептегенде 33 000 000 миллион  теңгенің шамасында екен.

Меценаттың тұңғыш роман бәйгесіне қаржы бөліп, демеушілік жасауы –  ұлт әдебиетінің дамуына, роман жанрының бірегей түрлерінің жазылуына түрткі болғанын мақтаныш сезімімен айтуға болады. Иә, бұл ғасыр басындағы қазақ қоғамының сүйсінтерлік оқиғасы деп айтуға тұрарлық жақсылық нышаны еді. 

Қазақтың көптеген небір байы өтпеді ме? «Кезекті дүние, кезбе бақ» демекші, сол байлардың байлығы қайда? Қандай өнегелі іс қылған екен? Қара жерде мыңқ етпейді. Ештеңе болмағандай. Ештеңе білмегендей. Тым-тырыс. Ал Есенқұл деген жұрт жақсысы дүние-мүлкін, байлығын ұлт жолына бағыштапты. Міне, сол ерлігі ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр. Игі іс. Берекелі бастама. Игілігін туған халқы көрді емес пе! Есенқұлдың өнегесі көпке тағылым болуы тиіс. 

Ж. Алаш 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?