Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық болмысты қалыптастыруда қолөнердің рөлі зор

1418
Ұлттық болмысты қалыптастыруда қолөнердің рөлі зор - e-history.kz

Астана қаласындағы Ұлттық музейде «Оқу-тәрбие процесінде білім алушылардың ұлттық құндылықтарын қалыптастыру» тақырыбында халықаралық форум өтіп жатыр. 

Қазақстанның этнодизайнерлер одағы бас болып ұйымдастырған жиынға ел ішінен бөлек, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Якутия жоғары оқу орындарының оқытушылары да қатысты. 

Көркем еңбек, графика және жобалау пәндерінің мұғалімдері, дизайнерлер мектептерде өнертану бағытында кешенді білім берудің өзекті мәселелерін, дизайн және көркемдік білім берудегі әлемдік үрдістерді, дәстүрлі емес әдістерді, ең бастысы, этникалық стильдің заманауи ерекшеліктерін талқылап, ұлттық құндылықты арттырудағы көркем еңбек пәнінің рөлі және оны оқытудың инновациялық тәсілдерін қарастырды.

Екі күнге жалғасқан форум кезінде кәсіби сәнгерлер ұлттық киімдерден сән көрсетсе, бармағынан бал тамған шеберлер ұлттық тағамдарды таныстырды. Ұл оқушылар арасында қамшы өруден, ал қыз оқушылар арасында ұршық иіруден сайыс ұйымдастырылды. Бес асық, бес кеней сияқты ұлттық ойындардан да бәсекеге түскен балалар өрмек тоқу, ағаштан, сүйектен, мүйізден қолөнер бұйымдарын жасау, ши тоқу, тері өңдеу сияқты шеберлік сабақтарына да қатысты. 

Оқушыларын ұршық иіру сайысына әкелген Кемел Ақышев атындағы Астана қалалық №69 мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Сәулеш Идаятқызын әңгімеге тарттық. Сәулеш Идаятқызының алғашқы ұстазы өзінің әкесі екен. Алты жасынан бастап ұршық иіріп, сырмақ тігіп, текемет басуды үйренген әйел баласы бүгінде асфальт ұрпақты өз бұлағынан сусындатып, мәйекті мәдениетімізге қандыру жолында аз да болса үлес қосып жатқанына қуанады. 

Сәулеш Идаятқызы

«Балалар ең алдымен ұршықтың тарихына тоқталады. Тарихқа үңілсек, ұршық тас дәуірінде пайда болған. Өйткені тастан жасалған ұршықтар Алтай тауларындағы мазарлардан табылды. Ол кезде аңдардың жүнін иіріп балық аулауға, басқа да дүниелерді байлауға пайдаланған. Қола дәуірінде қола, жез ұршық пайда болса, кейін келе ірі қара малдың тоқбас жілігінің басынан ұршық жасаған. Бертін қатты ағаштардан да ұршық жасалды. Әжелерімізден мұра болып бізге жеткен ұршық иіруді мектепте қыздарымызға үйретіп, бүгін сайысқа тастай дайындықпен келіп отырмыз. Ұршықпен кез келген малдың жүнінен жіп иіруге болады. Мысалы, түйенің шудасын, ешкінің түбітін, қойдың күзем жүні және көктемгі жүнін пайдаланамыз. Қойдың күзем жүнінен киім-кешек тоқитын болсақ, көктемгі жүннен киіз үйдің жабдығын тігуге, ат әбзелдеріне пайдалануға болады. Ұршықпен иірген жіптің табиғи, таза өнім екенін бәріміз білеміз. Оған қоса ол өте берік болып келеді», – дейді 33 жыл бойы көркем еңбек пәнінен сабақ беріп келген мұғалім. 

Бүгінгі қоғамда смартфоннан бас алмайтын балалар ондағы теріс үлгілерді тез қағып алады. Ал ұршық иірген қыз бала епті, шыдамды, табанды және шығармашылық қабілеті жоғары болады. Міне бұл жас ұрпақтың бойына ұлттық қолөнеріміз арқылы бірегей болмысты сіңдірсем деп шыр-пыр болып жүрген ұстаздың бірі Сәулеш Идаятқызының пікірі. 

Қамшы өру үшін ең алдымен қайыстан алақанын тіліп алып, оны таспамен беттестіреді. Келесі кезекте өрімге арналған таспалар жіңішкелеп тілінеді. Қамшы өрілетін таспа санына қарай үш өрімнен бастап, қырық өрімге дейін барады екен. «Алты таспа, бұзау тіс, былжырамай аттан түс» дейтін қазақ тәмсілі бар. Қамшының бұзаудың тісіндей әдемі, шымыр болуы үшін оның таспасының біркелкі тілінуі өте маңызды. Таспа тілетін сыдырғыны ағаштан немесе сүйектен жасайды. Алты таспа қамшының өзегі де жуан болатынын айтады өрімшілер. Көп жағдайда қамшыны екі жасар серке немесе құнан өгіздің иі қанған терісінен дайындайды. Бұрынғы уақытта қамшы сабының өлшемі ретінде төрт, жеті тұтам аралығындағы ұзындық таңдап алынған көрінеді. Жалпы қамшының түрі де көп. Күнделікті өмірде тобылғы сапты қамшы көп қолданылады. Сәндік үшін жасалатын қамшының түрі де көп. Мүйіз сапты қамшы, ырғай сапты қамшы, сарала қамшы, алтындалған, күмістелген қамшы, жыланбауыр қамшы, дырау қамшы деп кете береді. 

Талғат Маратұлы

Мұхтар Әуезов атындағы Астана қалалық №69 мектеп-гимназиясының көркем еңбек және графика жобалау пәндерінің мұғалімі Талғат Маратұлының оқушыларға қамшы үйретіп жүргеніне бір неше жылдың жүзі болыпты. «Бүгін мен екі шебер шәкіртімді сайысқа алып келдім. Қамшы өру 5-сыныптың көркем еңбек пәніне енгізілген. Бірақ басқа қала, аймақтармен салыстырғанда Астана қаласында дамымаған. Өйткені бізге тері, тобылғы табу қиын. Оның үстіне балалардың да аса бір қызығушылығы жоқ. Қызыққан балалар үйреткенді тез қағып алады. Кейде мұғалімдердің өзі де өрімшілікті білмей жатады. Бұл ұлдарға өте керек сабақ деп есептеймін. Қамшы өргенде бала тыныш отырады. Ойы оңашаланады да басына түрлі тамаша ойлар келеді. Бұл моториканы дамытудың ғана емес, миды тынықтырудың тамаша жолы.  Өрімшілікпен айналыспаған адам оны түсінбейді. Әдетте біз жазды күндері  балаларды ертіп тобылғы жинауға шығамыз», – дейді ол. 

Форумға Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева да қатысып, сахнада сөз алды. Өнерде жүрген қазақ әйелі ретінде аталған форумның артықшылықтарын атап өтті. Оңашада ойымен бөліскен өнерпаз ұлттық өнердің ауқымы кең екенін, оны ән, би, қолөнер деп бөліп-жарудың керегі жоқ екенін, керісінше соларды тұтас өнер ретінде қарағанда ғана өз мәнін ашатынын айтты. 

«Қазақ әдемі басқұрды көргенде әдемі тоқылған екен, әсем екен деп жатпайды. «Шіркін-ай! Мына басқұр әндетіп тұр!» дейді. Неге әдемі ою-өрнекті көрген кезде әндетіп тұр дейді? Бізде нота болмаған деп жатады, мүмкін біздің ноталарымыз ою-өрнектің асында жатқан шығар, кім біледі... Ол әлі зерттелмеген тың дүние. Менің білетінім әжелеріміз іс тігуге арнайылап отырмаған. Олар жүнін түтіп, жібін иіріп, көйлегін тігіп отырып-ақ ыңылдап әнін айтып жүретін. Тұрмыс-салт жырлары содан шыққан ғой. Яғни қол өнері мен ән өнерінің арасы өте тығыз болуы керек. Қазір біз сахнаға шығып елдің алдында тікемізден тік тұрып қана ән айтып бөлектеніп алдық. Қолдан бөліп ажыраттық. Қолөнер тек еңбекпен айналысатын шеберлердің міндеті деп қараймыз. Сондықтан біздің болмысымыз бейнеленген кез келген өнерді тұрмысқа жақындату керек деп ойлаймын. Мысалы, ұршық иіріп отырып «Ахау керім, бұраң белім» деп ән салайықшы. Әннің де ажары ашылады», – дейді бойына қазақы тәрбиені әжелері қалай сіңдіргенін еске алған әнші.  

Көркем еңбек мектептегі елеусіз пәндердің біріне айналмауы керек және ұл мен қыз өз болмысына сай бөлініп оқуы керек. Форумды ұйымдастырушылардың және солардың маңына жиылған педагогтардың пікірі осындай. Қазақстан этнодизайнерлер одағының президенті, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, дизайнер Салтанат Жапарова да мектептегі қарапайым көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Бүгінде бес баланың анасы ұлттық қолөнерді мектептегі балаға үйрету керек дегенді жайдан-жай ұрандатып жүрмегенін жеткізді.

Салтанат Жапарова

«Қазір көркем еңбек пәнін жынысқа бөлмей, қызығушылығына қарай оқыта беру керек деген шықты. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Ұлды еркекше, қызды қызша тәрбиелейміз дейді екенбіз олардың болмысына сай білім беруіміз керек. Кесте тігіп отырған ұл баладан қандай азамат шығады. Қамшы өріп немесе сүйек, ағаштан қолөнер бұйымын жасайтын қыз қалай нәзік бола алсын? Оны бүгінде психологтар да айтып жатыр. Баланың жүрегіне ұлттық рухты ұялатамыз дейді екенбіз оның таңдауына қарай емес, ата-бабамыз кімге нені қалдырса солай тәрбиелеуіміз керек. Бұл бір. Екіншісі – көркем еңбек мұғалімдері біздің ұрпағымызды тәрбиелейтін мамандар. Сол себепті олардың шеберлігін шыңдап, балалардың өнерге ынтасын ашу үшін осындай іс-шараларды өткізіп отырмыз. Форумның ауқымы кең. Оқушыларымыздың арасында өзара сайыс өтуде. Мысалы, ұршық иіруден қыздар, қамшы өруден ұлдар жарысады. Сонымен қатар ұлттық ойын түрлерінен – бес тас, тоғыз құмалақтан да оқушылар бақ сынап көреді. Осылайша біз ұрпақтар сабақтастығын ұстанып отырмыз. Яғни мектептен бастап кәсіби шеберлерге дейін», – дейді Салтанат Жапарова. 

Айта кетейік, іс-шараны Қазақстанның этнодизайнерлер одағынан бөлек Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы бірлесіп ұйымдастырды. Форумның өтуіне Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетті. 

Суретті түсірген автор

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?