Тамызық: баспасөзбен бүр жарған
Алаш идеясы ұлтты ұйыстырып, елді жаңа сапаға көтерген ұстын ретінде шеттегі қазақтарға да прогрессивті ықпал етті. Әсіресе, жәдиттік негіздегі төте оқу, ұлттық-демократиялық газет-журналдар қиырдағы қазақ санасын рулық түсініктен ұлттық танымға ұлғайтты. Оның бір айғағы, 1912-1913 жылдары Қытай қазақтарынан 15 шақты адам «Айқапты» алдырып, 10 адам «Қазаққа» жазылыпты, кейінірек «Азамат» серіктігіне мүшелікке де еніпті. Міржақып Дулатұлы Алашқа сауын айтып, хат жазғанында сонау қиырдан үн қосып, жеке баспахана сатып алуға 600 сом жіберіпті. Жалпақ жұрттың намысын жани жазылған сол қысқа хатта: «Алаш ұранды қазақ баласы «аһ» десіп қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астына біз де қосылдық! Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз... Баяғыдан бергі телміргеніміз аз ба? Шөміштен қағылып жүргеніміз бе? Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әртүрлі газета, журнал басылып, қазақша мектеп кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді», – деп ой ұштайды. Осыбір алты сөйлемнен-ақ елдік намысты, рулық түсініктен биік ұлттық танымды түйсіну қиын емес. Алаш туының астына қосылуға үндеген хаттың әр сөзінен өзгемен үзеңгі қағыстырған терезесі тең ел болу арзу-арманы анық менмұндалайды.
Қытай қазақтарынан жолданған мұндай көмек «Сарыарқа» басылымынан да кездеседі. «Алаш» партиясының орган газеті саналатын «Сарарқаның» 1918 жылғы сәуірдегі санында: «Қазақ халхы өз алдына aвтономиялы, eл қатарлы жұрттың бірі болады дегенді естіп, қайырлы бoлсын айтамыз. Дегенмізге жеткізіп, хaлқымыз жақсы атпен көркеюіне Аллa жәрдем берсін. Қазақ хaлқы өз алдына ұлт қaзынасын ашты дегенді eстіп, мұнда біздер 800 сомдай ақша жиып едік. Енді oсы ақшаны біз қaйда жібереміз? Адрес көрсeтулеріңізді өтінеміз», – деп сұрау салып, суырылып алға шығады. Алыстағы ағайынның ықыласына разы болған газет басқармасы: «Шет мемлекетте тұрған aғайындарымыз Алаш әруағын ардақтап, атсалысқанына Алла разы болсын айтамыз. Алыстағы ағайын мұндай көңіл көрсеткенде, жақындағы Алаш, иншалла, aянар деген ой жоқ», – деп көңіл тоғайтқан екен. Осы хатқа жауапта «Сарыарқа» басқармасы ұлт қазынасына ақша жіберушілерге «г. Семипaлатинскъ, Халилю Гaббасову» мекенжайын көрсeтеді. Арада ай жарым өткенде Мәми бейсі бастаған 22 адамнан 1110 сомдық жылу тағы келіп жетеді. Мұнда да ортақ мұратқа ұйыған тілеулес ағайынның «Патшамыз бaсқа болса дa, ұранымыз Алаш, нәсіліміз қазақ», – деген жан жылытқан жүрек сөзі хатталған.
Осы деректердің өзі-ақ күнгей теріскей арасында Іледен Алтайға дейін жайлаған Қытайдағы қазақ баласының орда қазағынан ірге ажыратпай, Алаш ұранына қан қыздырып, біртұтас рухани кеңістікте өмір сүргенін паш етеді. Ұлттық басылымдар да Қытай қазақтары жайынан мезетінде хат-хабар таратып, тұрмыс-шаруалары турасынан танымдық материалдар жариялап отырды. «Айқап» журналында тілші Ғабдолла Жиенбаев пен саяхатшы Мұхамедсәлім Кәшімов ақпарат жазып, Молдағали Бектұрлин «Қазақ», «Айқап» беттерінде танымдық материалдарға қалам тербеді. Бұдан басқа жазбалар да шығыстағы бір қауым қазақтың жай-күйі мен тыныс-тіршілігінен көпті хабардар етті (қараңыз: «Айқап» журналы: «Сыртқы хабарлар» (№3, 1911), «Қытай қазақтарының бас адамы» (№8, 1911), «Қытай қазақтарына» (№6, 1912), «Қытай қазақтары туралы» (№10, 1912), «Хабаршыларымыздан» (№16, 1913), т.б. «Қазақ» газеті: «Молдағали Бектұрлының адресі» (№38, 1913), «Құлжадағы мектеп» (№184, 1916), «Босқын қырғыздар жай-күйі» (№231, 1917), «Азамат» серіктігіне мүше» (№219, 1917), т.б.).
Осылайша баспасөздегі рухани байланыс арқасында Қытай қазақтарына Алаш идеясының алғашқы ұшқыны шашырады (1910 жылғы «Шура» жазбасына сүйенсек (№23), қызай қазақтары «Уақыт», «Шура» басылымдарын алдырып оқыған. Сондай-ақ Құлжа жағындағы қазақтар ұсыл жәдит мектептерінің пайдаларын білген. Бұл Ресей шылауында отырған қазақ жұртшылығы бастан кешкен оң өзгерістің Қытай қазақтарына да таралу алғышарттары әзірленгенін аңдатады). Ұшқыннан ұлғайған маздақ Қытай қазағын ұлттық үкімет құруға дейінгі әрекеттерге әкелді. 1930 жылдардың шенінде Қазақ-қырғыз ұйышмасы сынды саяси-мәдени құрылымдар өмірге келді. Ұлттық басылымдар қаулап өсіп, төте оқу мектептері жаппай бой көтерді.
Алаш идеясының Қытай қазақтарына таралуында баспасөздің негізгі рөл атқарғанын мақұлдай отыра, тағы екі тарихи себептің ықпалын бағаламауға болмайды. Алғашқысы – 1918 жылғы көктемде іске асқан Алаш көсемдерінің Қытайға ресми сапары. Шәуешекте өткен кіші құрылтайда ұлт шамшырақтары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Садық Аманжолұлының жиналған көпшілікке қазақ баласының болашақ беталысы, Алаштың келешек жол-жобасы хақында ой салғаны анық. Сондықтан бұл сапар Алаш идеясының Қытайда таралуының тұғыры болды.
Екінші жағдай – 1916-1932 жылдар аралығында Қытай асқан көш. 1916 жылғы көтеріліс, 1928-1932 жылдардағы тәркілеу, ұжымдастыру, аштық секілді әралуан нәубет салдарынан көп қазақтың Қытайға ауып кеткені белгілі. Әсіресе, Жетісуда Лепсі, Қапал, Жаркент уездерінің халқы көп қотарылды (Жаркент уезінен ауған көштен тек Қорғастың өзіне 3 болыс суан мен 1 болыс албан елі орнықты. Бұлардың басым бөлігі Ақтүбек, Күре, Даржы, Кеген, Мүкей, Қаратас қатарлы елдімекендерді жайыла қоныстанып, көне Қорғас ауданының негізгі халқын құрады). Алаш идеясы осы ауған ел, көшкен жұртпен бірге Қытай асты. Бұл отарлаушылардың озбыр саясатының қиянатын көрген, жапасын шегіп, зардабын тартқан қазақтардың өзін сақтау түйсігінен туған әрекет-тін. Сондықтан Алаш идеясы Қытай қазақтарында кең өріс алып, өркен жайды. Қытайға ауған Алаш серкелері әралуан ұлттық басылымдар ашуға мұрындық болып, мектеп ісін өркендетті. Алаш идеясының Қытайда қанат жаюының алғашқысы – Ахаңдар кеңейткен өріс https://e-history.kz/kz/news/show/33506 жазбасында сөз болғандықтан, бұл арада тарихи себептің екінші арнасын пайымдаймыз...
Жалын: көшпен құйылған идея
Қазақтың басына нәубет болып тиген 1928-1932 жылдардағы тәркілеу мен ұжымдастыру, аштық жылдары Қытаймен шекаралас облыс-уездердегі қазақ ауылдары Қытайға жаппай көшті. Алайда бұл шағын материалда біз жазбамызды Жаркентпен шанақтадық.
1930 жылдардың орта шеніне дейінгі Қытайға ағылған көштің бұйдасы 1916 жылғы үркіншіліктен бастау алады екен. Тыл жұмысына қазақтан жігіт алу жарлығына қарсы Торғай, Жетісу, Меркіде ең тегеурінді қарсылық өрістеді. Аталған үш ошақтың қай-қайсысында адам шығыны аз болған жоқ. Дегенмен айтарлықтай ауыр зардапқа душар болғаны – Жетісу жұрты. Осы істе елге түсіндіру шараларын жүргізіп, қазақты жолсыз талау, орынсыз қырғыннан аман сақтаймын деп жан ұшыра қызмет еткен Алаш серкесі Мұхаметжан Тынышбайұлы дерегіне жүгінсек, Жетісудағы 47759 түтіннен (44 болыс ел) 40250 отбасы Қытай асып, одан 95200 жан қырылған. Орта есеппен әр шаңырақта 5 жаннан болғанда, босып кеткен 201250 (40250 отбасы) адамның жартысына жуығы өлім құшыпты. Тек Жаркент узеінің өзінде 1916 жыл басында 20 болысты құрайтын 17712 түтін болса, қандықол жазалаушы отрядтың қырғынынан кейін бар болғаны 2995 түтін (бұрынғы түтін санының тек 17 пайызы ғана) қалған. Осыбір зауалдың қаншалықты ауыр соққанын 1916 жыл куәгері Нұрмағамбет Үшаяқұлы жазбасы да ұғындырады (Бұл жазба «Қысқаша бастан кешіргенім» деп аталады. Қазақстанның аймақтық лениншіл жастар комитетінің органы – «Лениншіл жас» журналының 1925 жылғы №7 санында жарық көрген. Абдолла Байтасұлының «Оқу әдісі жайынан» мақаласында кірістірілген. Байтасұлы мақаласында ана тілін оқыту ісінде тек емле ережелермен шектелмей, оқушылардың жазу дағдысын дамыту, талантын ояту жағына көңіл аударуға шақырады. Оқушы жазғандарын баспасөзге жариялаудың маңызын түсіндіреді. Нұрмағамбет Үшаяқұлының «Қысқаша бастан кешіргенім» осы ретпен жарық көрген):
«1916 жыл күз. Біздің ауыл Жаркенттен 15 шақырым солтүстік жақта Өсек өзенінің бойында отыр. Әкем өлгеніне 2 жыл болған екен. 2 жыл болса да анам байқұс мені жетімсіретпей бағып келіпті. Жастық-мастық... Әке кім, әкем қайда – ол турасында менде ой да жоқ. Бұлай ойсыз болудың үлкен бір себебі анам бар. Тілімен бал беретін, балапан үшін отқа түсетін қасиетті анам тұрғанда әке қайдан еске түссін?! Әке кім? ... Білмеймін.
Нақ соғыстың қызып жатқан кезі. «Солдат алады дейді» деген шашыранды сөз жұрттың құлағында. Ұзаған жоқ, ай өтті: шашыранды сөз шынға айналды. Қазақтан солдат ала бастады. Алды. Алды...
- Бермесе қайтеді екен?
- Қырады дейді.
Көп өтпей күнбатыстан қара тұман қаптады... Қазақ – қой... қасқыр шапты... Тарс-тұрс... У-шу... Жұрт босты. Күншығысқа Қытайға босты. Талайлар оққа ұшты, найзаға ілінді, қырылды... Ана баласынан, бала анасынан, аға інісінен айрылды. Көп қиналды... Көп өлді... Тірісі Қытайға жетті.
...
Қытай қаласы Ши-паң-за қап-қара көрдей жүдеген елді жұтайын деп тұр. Аш қасқырдай жемсіреп тұрған Қытай солдаттары «шеріктер» – жаны ашымастар бетінде адамшылық белгісі жоқ. Бойлары бір тұтам... Бұртаң-бұртаң шауып келеді...
«Қашқан жауға қатын ер». Азған ел не қылсын, бар тапқаны: «Қау ма, Жаң-гу-да! Қау ма?»
Жемқорға «қау маның» керегі не? Оған керек – тығын ақша.
Жұрт таланды. Мал-мүліктен айрылды. Жоңғарияның алабындағы қалмақ, қытайға жем болды. Көр азабын тірідей көрді. Бұрынғы ол ма? Қытай онан да асырды. Нан үшін қыздарын сатты. Қыздың алды 5 тоқаш... Көп қиын болды. Жан сақтау өте қиын. Басқа ауыртпалық түсті. Амалсыз шыдады.
Жан сақтау керек. «Жаң-гу-даны» тапты. Бала-шағасымен тамақ үшін құл болды. Езілді ел.
Тірі адамбыз. Жан сақтау парыз. Біз де таптық. Біз Лама Жаң-гу-даны таптық. Апам Ламаға барып мені, өзін бір жұмысқа алуын өтінді. Құдай оңдады, тілеуіміз қабыл болды. Бізді іске алды. Іс табылғанына өте қуандық. Апам су тасып, тамақ пісіріп, ыдыс-аяқ жуады. Мен бала қарап, қора сыпырып, ат суарамын. Жұмыс қатты, еңбекақы жоқ. Ақымыз жалғыз тамақ.
Уақыт өтіп барады. Онымен бірге өмір де өтіп барады. Ешбір жаңалық жоқ. Шешем байқұс өткендерімен Қытай қорасының бұрышындағы сасық күркені салыстырып, қайғырғандай болады. Менде ой жоқ.
Қыс жыл өтіп, жыл жарымға жетті. Анам ауырды. Іс қиын болды. Ауруы күшейді. Ел есіне түседі. «Қайран ел» дейді. Жұмыс көп. Анамның қасында отырып, сусын беріп тұруға менде ерік жоқ. Құдірет Ламада...
Кері кеткен іс оңына келуші ме еді? Жұма өтті. Алдағы жұмасы да жетті. Анам жоқ!!! Ол сапар шекті. Айрылдым!!!
Суыққа тоңдырмай, ыстыққа күйдірмей баққан құлын үшін тіршіліктің азабын шеккен ардақты, кішіпейіл, жылы жүзді анамнан айрылдым. Енді мен шын жетім.
Анам алысқа кетті. Барса келмес, жүрсе таусылмас, ұшсыз, шетсіз жолға түсті. Ел енді келмейді.
Қош ана! Жатқан жерің торқа болсын!»
Жаркенттік өскіннің бұл кешуі босқан елдің бошалаған тағдырын айпарадай айқындайды. Осы естеліктің шындығын бұлтарыссыз дәлелдеп, деректік реңкін арттыра түсетін тағы бір дәйек «Қазақ» газетінде жарияланған. Онда куәгер сөзі былай өріледі: «Жаркент уезіне қараған 14 болыс елдің көбі Қытай жеріне босып бардық. Мал-мүліктерімізді қытай-қалмақ талап алды. ... Жолда қаншамыз қырғын таптық. Ұл атадан, қыз анадан айырылды. Басымызға қиямет күні туды». Қос куәгердің көз көріп, бастан кешкен шындығын жанама дерекпен тағы да ширата түсуге болады. Құлжадағы комитет төрағасы Сыдық Ювашев Қытайға ауған қазақтардың өлім мен өмір арасындағы сергелдең халін баяндап: «Құлжа. 28. ІV. Құлжа жаққа үркіп келген қазақтардың жай-күйі тіпті жаман: аштықтан қырылып жатыр, қатын-балаларын сатып жатыр, күн көргені жемтік...» , – деп барлық мұсылман комитеттеріне телеграмм жолдайды. Қапалдан шығып, 25 апрель күні Құлжа жеткен А. Найманқожа баласы да аштықтан, суықтан босқындардың үштен екісі өлгенін, топалаң тиген қойдай тоқтаусыз өліп жатқанын, тіпті өлгенін көмуге дәрмендері жоқтығын ашына жазады. Бір-бірін мүлтіксіз айғақтай түсетін бұл деректер оқыған адамның сай-сүйегін сырқыратпай қоймайды. Шындығында, босқан елден бөлек қалып, туған жұртта тағдырға мойынсұнғандардың да жағдайы мәз болмай шықты. Ауған елге аштық аңду салса, кейін қалғанын ауыр мехнат пен аяр саясат тұралатты. Түбек Есенқұл облыстық комитет төрағасы Ыбырайым Жайнаққа жолдаған жеделхатында (1917 ж. №826) суандардың егістік көлемі өте аз екенін, 1916 жылы олар жыртқан жердің үлкен бөлігін Войшвили орыс шаруаларына үлестірткізгенін айтады. «4 болыс ел мүлдем дәнсіз қалды. Шабындықтар мен қыстаулар да кетті. Егер ертерек әрекет жасалмаса, қыста аштық пен жұт болатыны сөзсіз», – деп дабыл қағады Түбек (Түбек Есенқұл – Жаркент уездік қазақ комитетінің төрағасы. 1874 жылы туған. Верныйдағы ер балаларға арналған гимназияны (1898 жылы), Қазандағы ветеринария институтын (1902 жылы) тамамдаған. Институтта оқып жүргенде (1899 жылы) дала өлкесін зерттеу экспедициясына қатысқан. Қазақтан шыққан алғашқы мал дәрігерлердің бірі. І Жалпықазақ сиезінде Мұхаметжан Тынышбайұлы, Ыбырайым Жайнақұлы, Отыншы Әлжанұлы, Базарбай Мәметұлы, Садық Аманжолұлы, Мырзахан Төлебайұлы қатарлы қайраткерлермен бірге Жетісу облысынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына ұсынылған. 1902-1922 жылдары Жаркент уезінде мал дәрігері қызметін атқарып, 1927-1929 жылдары Түркістан-Сібір теміржол құрылысында істеген).
Өлмелі елдің қолдындағысын көпе-көрнеу тартып алған патшалық империалистік саясат арада 16 жыл өткенде тағы қайталанды. Кісі етін жеуге жеткізген 1932 жылғы аштық туды. Нәубет тұтас қазақ даласын түгел жайлады. Зардабын айтып тауыса алмайтын бұл зұлматтың авторы кеңес билігі еді. Біз жазбаның діттеген мақсаты трагедиялы дәуірдің зардабын баяндау емес екенін ескере отырып, екінші мәселеге үңілмекпіз. Дәлірек айтқанда, Жетісудан босқан көшпен бірге Қытай асқан Алаш идеясына тоқталамыз.
***
1916-1932 жылдардағы Жаркентпен жеткен көштің бел ортасында жәдиттік негізде тәлім алған зиялы, оқымыстылар қарасы мол болды. Атап айтсақ, сол азаматтар қатарында Алаш идеясымен суарылған Мейірман Ермектасов, Ахметбек, Нұрғали, Нұрдәулет, Әзімбай, Қожаназар, Байбазар, Нұрбек, Қали Айтқожа, Шыныбек, Шаяхмет, Тасбек, Қамза, Оразғали, Құтпанбай, Арынбек, Нұртаза, Ұлдақан, Шаяқын, Бәти, Тәлиға қатарлы тұлғалар болды. Бұлардың бәрі ел Қытайға ауған жиырма жыл аясында көшпен келіп қосылып, аз уақытта-ақ Қытай қазақтарындағы саяси, ағарту істерінде есімдері аталатын белгілі қайраткерлерге айналды. Айталық, Жетісу ән мектебінің көрнекті өкілі, әйгілі композитор, әнші Дәнеш Рақышұлы мен Шынжаң киностудиясының алғашқы режиссерлерінің бірі, «Таңжарық» және басқа да фильмдердің авторы Тоқтасын Ешмұқаұлы да осы көште ауған жас балалар еді. Дәнеш Рақышұлы 20 жасында Қытайдағы қазақ драма театрының әртісі ретінде Бейімбет Майлыұлының шығармасы – «Шұғаның белгісін» сахналады (Әбдірахманды сомдады). Одан кейін осы Қазақ драма театрына жеткішілік етті. Сондай-ақ Әсет Найманбайдың «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Қаракөз», «Мақпал», «Қысмет», «Аха-ау, жалған», «Жайқоңыр», «Ақырғы сөз» қатарлы әндерін жалғаған бірден бір тұлға.
Бұл зиялылар Қытай қазақтарына алаштың ағартушылық идеясын кеңінен насихаттап, мектеп салу, бала оқыту істеріне жетекшілік етті. Рухани, мәдени түлеп-толысуына игі ықпал жасады. Бұл толқыннан әскери, саяси салаларда да көрнекті тұлғалар аз шыққан жоқ. Айталық, соның бірі – 1893 жылы туған Мейірман Ермектас. Уфаның Ғалия медресесін бітіріп, Түркияның Стамбул университетінде тәлім алған ол алғашқы ұлттық басылымдар «Айқап», «Қазақ» беттерінде ұдайы мақалалар жазып, елдік мәселелер мен көкейкесті тақырыптарды кеңінен қозғады. Қытайға ауып келгеннен кейін де алғабасар ой-идеяларымен өз ортасына ықпал ете білді. Жабықбай ақалақшымен танысып, Жабықбай мектебін құруға, 1935 жылы Турасудағы тұңғыш мұғалімдер даярлайтын курстың ашылуына елеулі үлес қосты. Осы курстың меңгерушісі ретінде қызмет атқарды. Бұдан сырт, Тергеусіз ақалақшының арнайы ұсыныс етуімен Сарбұлақта Керімқұл мектебі мен «Бестерек Мейірман медресесінің» (ел «Ақмешіт» атап кеткен) бой көтеруіне тікелей мұрындық болды. Сарбұлақ мектептерінің инспекторы ретінде де еңбек етті. Мейірман Ермектас – Іле аймақтық оқу-ағарту мекемесі құрылғандағы 27 мүшенің бірі және Іле аймақтық оқу-ағарту мекемесінің инспекторы, Үш аймақ үкіметінің мүшесі, 1945-1946 жылдары Іле аймақтық прокуратурасының прокуроры, 1949 жылы Шыңжаңдағы «Демократиялық одақ ұйымының» мүшесі қатарлы жауапты қызметтерді атқарған тұлға.
Ел ісін өрге оздырарлық ұлттық идеяның және оны ұйымдастыратын Алаш оқығандарының ауып келуіне орай уақыт озған сайын азаттық рухы күш алды. Алғабасар зиялылар тобы 1934 жылы маусым айында Құлжада, «Қазақ-қырғыз мәдени ұйышмасы» атты ұйым құрды. Алаш идеясының түпқазық негізіне сүйенген ұйым мүшелері Әлихан, Ахметтер ұстанған бағытпен елді жаппай ағарту, саяси сауаттандыру, рухани түлету жолына ден қойды. Бұған бір жағы Қытайдағы «12 сәуір» өзгерісі де оң әсер еткен еді (1933 жылы Шыңжаң өлкесінің орталығы Дихуада (қазіргі Үрімжіде) әскери билеуші Жин Шурынды биліктен тайдырған саяси әрекет. 1928 жылы Яң Зышин өлтірілгеннен кейін Жин Шурын Шыңжаң өлкесі үкіметінің төрағасы қызметін атқарды. Оның саяси қатігездігі Яң Зышиннен де асып түсіп, жемқорлық асқынып, алым-салық ауырлай түсті. Әр жерде халық наразылық білдіре бастады. Осыны көріп-біліп отырған Шың Шысай 12 сәуір күні әрекетке көшіп, Жин Шурынды тақтан тайдырды).
1933 жылы 12 сәуірде өлке орталығы Үрімжіде (ол кезде Дихуа аталған) әскери төңкеріс жасаған Шың Шысай өлке басшысы Жин Шурынды орнынан тайдырып, өзін ең жоғары әскери билеуші – дубан деп жариялады. Ұлттарға теңдік, бостандық ұранымен халықтан қолдау тапқан ол «Алты іргелі саясат» ұстанымын ортаға салды («Алты іргелі саясат» – Шың Шысайдың Шыңжаңдағы билікті қолға алған алғашқы кезеңінде ұсынған саяси бағдарламасы. Империализмге қарсы тұру, кеңес елімен жақындасу, бейбітшілікті орнықтыру, халыққа жақын болу, қоғамдық құрылысты дамыту және ұлттық теңдікті жүзеге асыру қатарлы 6 ұстанымды қамтиды). Демократиялы халық үкіметін жасақтайтынын мәлімдеді.
Бұл оңтайлы сәтті көре білген қазақ зиялылары ширақ қимылдап, 1934 жылы ілгерінді-кейінді Құлжа, Тарбағатай мен Алтайда «Қазақ-қырғыз мәдени ұйышмаларын» құрды. Құлжадағы ұйымға Әбеу Құдышұлы жетекшілік жасаса, Тарбағатайдағы бөлімге Нұртаза Шалғынбаев пен орынбасары Мырзасадық Құрбанов басшылық етті. Ал Алтайдағы ұйышма тізгінін Сейітқазы Нұртаев ұстады. Бұл аты аталған тұлғалардың қай-қайсысы да Алаш рухы көкірегінде тепсініп тұрған нағыз ұлтшыл азаматтар болатын. Айталық, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тумасы Сейітқазы Нұртаев Тройцктегі «Расулия» медресесін тамамдаса, Мырзасадық Құрбанов Уфаның «Ғалия» медресесінде Мағжанмен бірге оқыған, «фельдфебель» шені бар Алаш әскерінің офицері еді. Оның әкесі, Қоңыз батыр атанған Құрбан қажы да Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш көсемдері Шәуешекке келгенде үддесінен шығуға тырысқан көзі ашық құрметті тұлға-тын. Сейітқазы Нұртаев кейіннен Шыңжаң өлекелік «Қазақ-қырғыз ұйышмасын» құруға да атсалысып, тікелей басшылық етті.
Бұл саяси жетекшілерден бөлек, Алаш иедясының Қытай жерінеде орнығып, өріс алуына ағайынды Райымжан, Шерияздан Мәрсекұлдары, Ыбырайым Жайнақұлы, Алаш меценаты Ике Әділов, Шыңғыстай болысын 28 жыл басқарған Әбдікәрім Ережепов, заңгер-прокурор Ғазиз Нұрмұқамедұлы Қалбанов, Жәкула болыс Күшіков, Зият Шәкәрімұлы, Мырзахмет Құсайын, Ахметқали Жайсаңбаев, Жұптыбай Сағындықов қатарлы тағы бірқатар азаматтардың әсері айтарлықтай болды. Бұл оқыған зиялылар ел ісіне қызу араласып, ұлттық мүдденің жоғын түгендей білді. Ағарту, мәдени салаларда белсене қызмет атқарды. Мысалы, Зият Шәкәрімұлы әуелгіде Алтай ағарту мекемесінде (1934 жылы), бір жылдан соң Үрімжідегі «Қазақ-қырғыз мәдениет ұйышмасының» ойын-сауық бөлімінде меңгеруші қызметін атқарды. Одан соң «Шыңжаң» газетінің әдеби бөлімін басқарды. Ал ақсуаттық Ғазез Қалбанов 1934 жылғы «Тянь-Шань», кейінгі «Шыңжаң» газеттерінің негізін қаласты. Сонымен бірге өлкелік «Қазақ-қырғыз мәдени ұйышмасында» маңызды қызметтерде болды.
Өлке орталығы Үрімжі және аймақ қалалары Құлжа, Шәуешек, Сарсүмбеде «Қазақ-қырғыз мәдени ұйышмалары» құрылғаннан кейін, ол әрқайсы аудандарда бөлімшелерін ашты. Ұйым негізгі күшті елді ағарту жұмысына бағыттады. 1933 жылдан басталған бетбұрыс әсерімен жер-жерде мектептер салынып, оқу-оқыту жұмысы қауырт қолға алынды. Сондықтан бұл кезең тарихта «жаппай мектеп ашу дәуірі» деп аталып, Қытай қазақтары арасында мәдени өрлеу, рухани жаңғыру беталысын тудырды.
Құлжа қаласында «Іле Қазақ-қырғыз ұйышмасы» 1935 жылы наурызда құрылады. Сайлау нәтижесінде Мақсұт Сасанұлы ұйым басшысы болды. Ал оның орынбасарлығына суан Кенжебек пен торғай Жабықбай ақалақшылар, Айтмамбет мампаң (қырғыз) сайланды. Бас хатшылыққа Сейітжан Жайнақ, көмекші хатшылыққа Асқар Таласбайұлы мақұлданды. Ұйымдастыру бөлімінің бастығы Дәулеткелді Құсболатұлы, оқу-ағарту бөлімінің бастығы Дәулеткелді Жайпақұлы (да бар), қазына бөлімнің бастығы Иса төре, ойын-сауық, мәдениет істерінің жетекшісі ретінде Таңжарық Жолдыұлы мен Шаяхмет жауапты болды.
Оқу-ағарту жауаптыларының бірі Әбдірасул Смағұлұлы Қытайға ауып келген Мейірман, Нұрдәулет, Әзімбай қатарлы зиялыларды мұғалімдікке шақырып, Ахмет Байтұрсынұлы ізге түсірген «Қазақша әліппемен» ресми оқытуды бастады.
Әр жерден ірілі-уақты мектептер ашылып, балалардың қолы оқуға жеткенімен көз алда тағы бір кедергі бар еді. Материалдық қиыншылықты еңсергенімен, балаларды оқытатын мұғалімдердің білімі тайыз, бала оқыту әдісі әлсіз болатын. Осы олқылықты оңалту мақсатымен 1935 жылы Іле қазақ-қырғыз ұйышмасының ұйтқы болуымен Тураасу жайлауында тұңғыш мұғалімдер білімін жетілдіру курсы ашылды. Ұйышманың бұл мұғалімдер курсы Ахаң түрлеген алфавитті негіз етіп, Байтұрсынұлы басшылық еткен топ мақұлдаған (Білім комиссиясы бекіткен) программаға сүйенді. Бұл курсқа Әбдіқадыр Қасымұлы әпенді[1], Мейірман Ермектас, Ахметбек, Тасыбек қатарлы тұлғалар сабақ берді. Қорғас ауданынан Қызырбек Құдасұлы, Алқамбек Мәмбетәліұлы, Арын Тергеусізұлы, Нұқан Қасейұлы, Қожахмет Мырзақанұлы, Мақарбек, Жұмаш, Мұқан Ысқақұлы, Әсемқан Мұқаншаұлы, Нүсіпбек Ыбырайымұлы, Көлембек, жалайыр Оразғали, суан Мұқаметқазы, Есімқан, қаңлы Мұқаметкәрім, Қалиасқар, Күлпан, Сұлтан Әбеу, Сейдірақын, Қожақын Игісатұлы, Алдаберген, Құсайын, Сатан, Әнуарбек, Молдағали қатарлы оқытушылар білім жетілдіріп, курсты тамамдағаннан кейін Қорғастың Сарыбұлақ, Қосарық, Қарасу, Ақтүбек, Көкдала, Қараой, Ақмешіт, Жарсу, Кеген, Мұқыр, Ақсу қатарлы елдімекендеріне тарап, 20-ға жуық қазақ бастауыш мектептерінде ұстаздық етті.
Тураасу жайлауында тұңғыш мұғалімдер курсы 1935-1937 жылдары 3 жыл қатарынан үзбей ашылып, 120-дан астам оқытушыны даярлады. Мектептерде дін, педагогика, геогрфия, мұғалім әууәл (оқу басы), мұғалім сәни (оқу ақыры), тарих, орыс тілі, есеп қатарлы пәндер оқытылған.
Оқу үдерісі бір ізге түскен іргелі мектептерде мектеп жанынан ойын-сауық үйірмесі де ашылған. Оларда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Шық бермес Шығайбай», «Күндестің күні», «Наданның ақша санауы» қатарлы қойылымдар сахналанып, оқушылар өмірі мазмұндық жағынан байыған. Қорғас ауданында «Жаппай мектеп ашу дәуірі» 1935 жылдан 1942 жылға дейінгі 8 жылды қамтыды. Осы жылдарда Қорғас ауданында 19 бастауыш мектеп, 2 орта мектеп салынды. Ал төмендегі кестеден Қорғаста ашылған ұлттық мектептердің жалпы барысын байқай аламыз.
Қорыта айтқанда, Алаш идеясының өркен жайған ошағының бірі Жетісу десек, Жетісудағы жарық нүкте Жаркент еді. Уезд жұрты ұлт-азаттық көтерілісінде Ұазақ-Жәмеңке батырлардың қасынан табылып, автономия құрылғанда ұлттық үкімет – Алашордаға жақтас болды (20 болысты құрайтын Жаркент уезінде 14 болыс албан және Бурақожыр, Төгірек, Тұрдымбет, Тоқарыстан, Бәйтүгей, Сатай аталатын 6 болыс суан елі бар). Мұқа[2], Метербай болыстар[3] бастап, әскерге жігіт және ұлт қазынасына жәрдем жинады. Ұлттық мемлекеттің уығын қадасты. Қытайға ауып кеткеннен кейін де көзі ашық зиялы азаматтар ұлттық идея орбитасында әрекет етті. Кенжебек қатарлы көзі ашық ақалақшылар Алаш идеясын жаңғыртып, Үш аймақ үкіметін құрысты. Мектеп ашып, ағарту ісін өркендетті. Ыбырайымбай Әлімжанұлы бастаған азаматтар ұлт әскері жасақталғанда атойлап, сапқа қосылды (1943 жылы Үш аймақ төңкерісіне қатысып, 1947 жылы Қобық 2-атты әскерлер полькінде командирдің орынбасары, кейіннен аға полковник болған Ыбырайымбай Әлімжанұлы сол қатардан табылған азаматтың бірі). Қанқұйлы репрессия толастап, 1955-1962 жылдары ел туған топырағымен қауышқан тұста Алаш қайраткерлері дәнін сепкен ұлттық идея Дәнеш Рақышұлы бастаған жаңа толқынмен өнер, тіл, рух түрінде түлеп, көшпен бірге қайта оралды.
[1] Әбдіқадыр әпенді – Әбдіқадір Қасымұлы 1887 жылы Қорғаста туған. Қытай қазақтарынан Османлыда білім алған санаулы оқығандардың бірі. Стамбулда 1908-1915 жылдар шамасында білім алып, 1915 жылы Франциядағы «Мұсылмандар педагогикалық оқу орнына» қабылданады. Алайда әкесінің шақыруымен кері оралып, туған жерінде әкесі Қасым Құлыншақұлы ашқан мектепте (Қорғас ауданы Ластайда) ұстаздық етеді. Мектепте оқу жәдиттік үлгіде жүргізілген. Педагогика, математика, жағрапия, тіл, емле, тарих, дін, муаалим аууал, муаалим сани, ән қатарлы пәндермен бірге дене тәрбие пәні де оқытылған. Бұл пәнді Әбдіқадыр әпенді ағаштан найза, қылыш, мылтық жасап, таң бозынан жүгіртіп, әскери дайындық үлгісімен оқытыпты. Мұны біліп қойған Күре ұлығы секемденіп, мектепті жауып, Әбдіқадырдың өзін 3 ай абақтыға жабады.
1930 жылдарда Әбдіқадыр мырза мектеп ісін қайтадан жандандырды. Ол тек ұлдарды ғана емес, қыз балаларды да қосып оқытты. Оқушы саны 200-ден асып жығылған. Өз кезегінде бұл мектепте Мейірман Ермектас, Нұри, Батталғазы қатарлы зиялылар бір мезет сабақ беріпті. Нұрдәулет, Қамза секілді мұғалімдер жұмасына екі рет орыс тілін де оқытыпты. 1937 жылға жеткенде Өлкелік қазақ-қырғыз ұйышмасы бірыңғай оқу құралдарын әзірлеп, мектептер біртекті оқу бағдарламасымен оқыды. Кейін Сүйдің қаласынан Қазақ-қырғыз ұйышма мектебі ашылып, Әбдіқадыр мырза сонда директор қызметін атқарған. Ұлт-азаттық соғыс өрістеген жылдары мектеп жабылып, 1945 жылы қайта қалпына келген. Мектептегі бала саны 400-ден асқан. Денсаулық жағдайына байланысты 1949 жылы Ластайға қайтқан ағартушы өзі құрған Ластай мектебінде болып, 1953 жылы зейнетке шыққан. 1963 жылы өмірден озған.
[2] 16 жасында болыс болып сайланған Мұқа Әжібекұлы – Алаш автономиясының ұранына қосылып, ұлт идеясын белсенді қолдаған, насихаттаған тұлға. Жаркентте ағартушылық идеясын көтеріп, қазақ балаларының оқуын қолдап-қуаттаған. Отыншы Әлжанмен кездесіп, Алашқа әскер қосқан. Көнекөздердің айтуынша, Мұқа болыс қалың қасы көзін жауып тұратын, кісі көзіне тіке қарамайтын көзінің сұғы бар қасиетті жан болыпты.
[3] Метербай болыс – Метербай Әуелбекұлы. 9 жыл болыс болып, ел басқарған көз ашық азамат. Қостауда мешіт салдырған. Алаш жолын қолдаған. 1927 жылы кеңес үкіметі сотқа тартып, 6 ай жаза кескен. 1931 жылы бай есебінде мал-мүлкін тәркілеп, Астраханға жер аударған. 1931 жылы елге оралып, 1932 жылы отбасымен Қытайға өткен. Қорғас ауданындағы Құлысты Қарабұлақ деген елдімекенде тұрақтап, 1934 жылы 64 жасында дүниеден озған. Сүйегі сонда жерленген.