Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шынжыр балақ, шұбар төс Шынжы болыс

2430
Шынжыр балақ, шұбар төс Шынжы болыс - e-history.kz

Семейтау округінің 30 жыл болысы болған Шынжы Тоққараұлы (1823-1906) туралы деректер тым тапшы. Тарих көмбесінде шаң басқан, есімі ел жадында еміс-еміс қалып, кейінгі кезде мүлдем айтылмауға айналған тұлғаны қайта жаңғыртуды мақсат еттік. 

Шынжының руы – Қондыбай. Ұлы Абайдың:

«Соныға малды жайып, күзетіңдер,

Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!

Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін,

Құр жібер мына антұрған кәрі шалды» деген өлеңінде айтылатын ру аты – осы Қондыбай.

Шынжы болыс Қондыбайдың Алдияр балаларының ішінде Шақаманнан тарайды. Ол отыз жыл үздіксіз болыс болған кісі екен. Жоғарыда айтқанымыздай Шынжы қорығы, Шынжы ауылы, Шынжы ауылдық кеңесі, Шынжы атында колхоз да болған. Осының бәрі совет үкіметі кезінде сол жергілікті халықтың ризашылығымен қойылған, өзгеріске ұшырамаған. Бұл халқына адал еңбек етудің үлгісі болса керек. Шынжы 1823 жылы туып, 1906 жылы 83 жасында қайтыс болған. 

«Абай жолы» романында М. Әуезов: «Базаралы – Тәкежан  дауы» деген бәлеге бүкіл бір ояз, Семей оязының болысы мен жуандары атсалыса бастады. Аршалы керейінен Рақыш, бәсентиіннен Әлі, бурада Алдоңғар, Ылди бойынан Нүрекеннің Темірғалиы, Көкеннің уағынан пысық болыс Нұрке, Қарағай ішіндегі, ішкі жақтағы Белағаш болысынан ширақ, шебер Айтқазы, Семейтау болысынан Шынжы сияқты бүтіл бір ояз ел сабағы қосылған. Әрі әкім, әрі жуандар қазір Құнанбай балаларының айналасына қатарын қосып, білегін де, тілегін де біріктіріп алыпты» деп жазып, Шынжының ел ардақтаған азамат, үлкен тұлға екенін көрсетеді.  

Шынжыны халқының жақсы көретіні, оның елімен, жұртымен тығыз байланыста болуында көрінеді. Ұзақ жылдар әкім бола жүріп, өзіне мың жарым жылқы біткен бай бола тұрып, менмендігі, кеудесі болмаған. Ел арасына шыққанда, жолаушылап жүргенде үнемі кедейлердің үйіне түскен, «ақ лақ» жеп аттанса, риза болады екен деседі. Ол кісі «ақ лақ» деп атап кеткен жаңа сауған сүтті ірітіп жасалған ірімшік болса керек. Содан ел арасына ақ ірімшік «ақ лақ» аталып кетіпті. 

Өз үйіне кедейлер көп түсетін болған, қонақ үзілмеген, үйіне түскен қонақтың қолына су құйып қусырып қарсы алу Шынжының әдетіне айналған деседі. 

Шынжы ІІ Александр патшаның таққа отырып, тәж кию құрметіне арналған рәсімді тойына арнайы шақырумен барып патша ағзамнан арнайы сый шапан киіп қайтқан. Әрине, қай қазақ тойға құр қол барушы еді! Басқа да тарту-таралғымен қоса Шынжы ою-өрнекпен безендірілген шапанды патшаға сыйға тартады. Кейінгі ұрпақтарының айтуынша, Петербургтегі тойға қатынасқан қазақтармен жақын танысады. Солардың ішінде әсіресе Шорманның Мұсасымен жақын жүрсе керек. Сол жолы патша Шынжыға «князь» деген құрметті атақ беріп қайтарыпты деседі. Мұндай атаққа аз қазақтың ғана қолы жеткен десек, оны кейінгі ұрпақтары зор мақтанышпен үнемі естеріне алысады. 

Шынжы – Өскенбайдың Құнанбайымен тұстас адам. Екеуі бір-бірімен қатты сыйлас болған тәрізді. Құнанбайдың басы істі болып, Омбыға айдалып бара жатыр деген хабарды естігенде, Шынжы Құнанбайдың жолына деп бір жылқы айтып жіберіпті. Кейін ісі оңалып, жұмыс қысқарып еліне аман-есен оралыпты деген хабар жеткенде сол жолына айтқан жылқысын баласы Исадан жетектетіп, Құнанбайға сәлем жолдапты. 

Қазақтың атқа мінген зиялы азаматтарының арасында ел мен елді, адам мен адамды байланыстыратын осындай жақсы дәстүрлер жалғасып отырған. Шынжының бір қызы Бәтішті тобықтыдан Оразбай Медеу деген баласына айттырып алып береді. Екі ел арасын жақындастыруға қызды дәнекер деп есептеген қазақ қыз беріп, қыз алуды руаралық алыс-беріс, қарым-қатынасқа басты мәселенің бірінен есептеген. Әрине, іргелес екі елдің бұрыннан қалыптасқан ынтымағы жақсара түсуінен бұл да оңды істерін тигізсе керек. Десек те совет өкіметі орнап, жиырмасыншы жылдардың аяғында жаппай кәмпеске жүріп, отызыншы жылдардың басында бүкіл Қазақстанды жайлаған ашаршылық, елдің еңсесін түсіріп, үрерге ит қалмаған, ел мұң-зарын айтуға, сол жергілікті үкімет орындарынан жәрдем сұрауға келісіп, аудан орталығына бет алып келе жатқан қарусыз халыққа оқ жаудырып, талай адам нақақтан-нақақ қырғын табады. Бұл жағдай Оразбай балаларының атқа қонуына мәжбүр етті. Медеу де, оның ұлдары да солақай саясатқа қарсы көтеріліп, елді бастап, қарсылық ұйымдастырғаны үшін совет өкіметінің жазалау саясатына ұшырап, мерт болады. 

Тарих ана әділін айтпай қоймайды. Сол кезде жазықсыз жазаланғандардың кінәсінің жоқ екенін айтып, оларды тарихтың өзі ақтап жатыр. 

Ойлап отырсаң дүние бір-бірімен байланысты. Соны білген халқымыздың көне дәуірден келе жатқан даналығы «Қарға тамырлы қазақ» дегеннің тегі осы байланыста жатыр ма деймін. Өйткені Оразбайдың баласы Медеу үйленетін Бәтіштен туған Санияз кейін Абайдың Әйгерімінен туған Тұрағұл деген баласының қызы Ақышқа үйленеді. Ал Тұрағұл болса Әлжанның қызы Сақыпжамалға үйленген. Ақыш – Сақыпжамалдан туған қыз. Бәтіштің де, Сақыпжамалдың да ата тектерінің шыққан жері біз сөз етіп отырған Көкентау өңірінің екі беткейі болып келеді. Сайып келгенде тағдырлдар тоғыспай тұрмайды екен деген сөз осындайдан шықса керек. 

Алдиярдың екінші баласы Шақаманнан Малыбай, Байқара, Қарабас үш ұл десе, кейбіреулер осы кісіден Барғана, Абай, Қарағаш, Жангелді, Бақтыбай деген балалары болды дегенді айтады. Бірақ солардың бірі де Малыбайдан басқасының ұрпақтарын таратып бере алмайды. Сонымен Малыбайдан Тоққара, одан Тонтай, Шынтай, Шынжы деген үш ұл болған. Алдыңғы екеуінің ұрпағын ешкім тарата алмайды. 

Шынжыдан – Мұса, Иса, Ысқақ, Қарымсақ.  

Шынжының баласы Иса әкесі қартайғаннан кейін Семейтау болысына 18 жыл болыс болған. Иса Абаймен замандас, 1850 жылы дүниеге келіп, 1932 жылы сексен үшке қараған жасында дүниеден қайтқан. Иса жұмсақ мінезді, халқына жаққан, әділ адам болыпты. Басқадай, елден ерек істерімен, ел ішінде атақ-даңқы шыға қоймаған адам. Исадан тараған ұрпақтарының ішінде немересі Рамазан Құмарұлы Бәзілов әр түрлі басшы қызметте болып, еліне едәуір еңбегімен көрінген. 

Шынжының зираты қазіргі Көкентау ауылынан батысқа қарай 17 шақырым жерде, Жазық ауылының маңында тұр. Ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Ғарифолла Сафаев Шынжы болыстың зираты әуелгіде сары топырақтан көтеріліп, жылдар өткен сайын мүжіле бастағанын айтты. Ал кейінгі жылдары ұрпақтары жиналып тастан қалап тұрғызған қорым іздеушісін күтіп тұнжырап тұр екен.

Шынжыр балақ, шұбар төс Шынжы болыс жайлы тарих сөзі осындай.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?