Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Естай мен Қажымұқан

1909
Естай мен Қажымұқан - e-history.kz

Бұл суретті жас зерттеуші музей қорынан тапқан, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров атындағы университеттің студенті, Qyr balasy қоғамдық қорының мүшесі Абзал Рымбек Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорын қарап шығуға мүмкіндік алған. Алдымен Естай Беркімбайұлының жеке папкасын қарап шыққан зерттеуші Затаевичпен алмасқан хаттары һәм өзінің қолтаңбасы, түпнұсқа суреттері және қағазға түсірілген ноталарын тауып алған. Сосын басқа да тұлғалардың папкаларын шолып шығуды ұйғарған. 

– Қатарындағы ең қалыңы, көзге оттай басылғаны Шаймерден Торайғыровтың жеке папкасы еді. Папканың бастапқы бетіндегі актіні қарап шықтым. Соңғы жолдарынан Е. Беркімбаев деген жазуды көре сала, сол бетті іздеп тауып алдым. Қолжазбаның бір бетінде қыстырулы тұрған фотосурет екен. Естайды бірден таныдым. Менің болжамым бойынша, бұл сурет көп жерде жарияланбаған. Фотосуреттің артқы жағында Ш. Торайғыров, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Мәриям Жагорқызы, Естай Беркімбайұлы деген жазу бар, – дейді Абзал Рымбек. 

Ол бұдан кейін Естайдың Қажымұқанмен қайда және қай кезде жолыққанын білу үшін ақпарат іздей бастаған. Алайда еш дерек таппаған студент сұрастыра келе, алғашқы естайтанушы, ақын Қимадиден Нығыманұлының жазбаларынан іздеген. 

– Ақыры Қимадиден Нығыманұлы Естай туралы естеліктерді көз көргендердің айтуымен жазып алып, 1967 жылы 50 беттен тұратын қолжазбасын Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына тапсырған. Сол қолжазбалардың бірінде Ермек Каримовтың айтуымен жазылған «Майраның жәрдемі» атты естелігі бар екен. Бұл естелікте әнші Майраның, балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлымен, ақын Естай Беркімбайұлымен бірнеше мәрте жолыққандығы һәм етене араласқандығы жазылған. Бұл кездесу 1924 жылдың күзінде болған екен, – дейді жас зерттеуші.  

Жас зерттеушінің сөзінше, табылған суреттегі Естай мен Қажымұқанның өң тұрпаты қартайған шағы екені көрініп тұр. Демек, бұл 1924 жылы түсірілген сурет деу қисынға келмейді. Ол суреттің тарихын одан әрі қазбалауды жөн санап, түрлі ақпарат көздерін ашып көрген. Қажымұқанның Ертіс-Баян өңіріне сан мәрте келгендігі, Естаймен кездескендігі, Майрамен жақын достығы туралы ел аузында түрлі әңгімелердің жүргені жалған емес. 

– Осы тұстан Қажымұқанның соңғы белдесулерінің бірі туралы жазылған естеліктер мен мақалаларды түбегейлі оқып шықтым. Әрі Қажымұқанның дәл осы кейпінде, осы киіммен Дәулен Әбікенов, Мариям Жагорқызы мен оның күйеуі Дүйсен қатарлы көп адам бірге түскен тағы бір суретін әлеуметтік желіден кезіктірдім. Бұл сурет 1945 жылы Семей қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойында түсірілген болып шықты, – дейді  ол.

Абзал Рымбек болжамдары дәлелденіп шыққанына қуанышты екенін жеткізді. Алдағы уақытта студент ізденуден талмайтынын айтады.

 

Pavlodarnews.kz 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?