Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қашқын қалмақ қалай тұтқындалды?

1991
Қашқын қалмақ қалай тұтқындалды? - e-history.kz

Qazaqstan tarihy порталының өткен жылғы 23 мамыр күнгі жариялымында «Қашқын қалмақтың лаңы», сондай-ақ 13 және 20 маусым күнгі шығарылымдарында «Айдалған ел, аңыраған жұрт» һәм «Қобда беті қазақтарының көтерілісі» және 12 қыркүйек күні «Айдалған қазақтарға Ахмет Байтұрсыновтың ара түсуі» атты тарихи-деректі мақалалар жарияланған болатын. Бұл жазбаларда өткен ғасырдың басы 1912 жылдары еліміз шекарасынан тыс өмір сүріп жатқан қазақтардың бастан кешірген қуған-сүргін оқиғасы туралы кеңінен толғаған едік. Осы орайда, аталмыш порталдан жоғарыдағы жазбаларды оқыған адамдар арнайы хабарласып шытырман оқиғаның жалғасы жайлы баяндауды өтінген-тін. Ендеше, қиыр жайлап, шет қонған қандастарымызды қуғанға ұшыртқан Қобда беті қазақтары арасында «Жалама» («Далама») деген лақап атымен танымал ресейлік қашқын қалмақ Дамбыжансын Амурсанаев ақ патша тарапынан тұтқындалып, Сібірге айдалғаны жөнінде баяндауды жөн көріп отырмыз.

Өткен ғасыр басында, яғни 1911 жылы үш жүз жылдан астам манжы - қытай боданында болған Сыртқы Моңғол азаттық алып, мына жақта патшалық Ресейде әртүрлі төңкерістер өрістеп, дүние мидай былығып жатқан тұста, Батыс Моңғолияға асып келген түбі астрахандық қашқын қалмақ Жалама  ‒ Дамбыжансын Амурсанаев екі жылдың (1911-1912) ішінде Батыс Моңғолияда кішігірім хандық құрып үлгергенімен қоймай, мұндағы ойрат тұқымдастарын шығыстағы Боғда ханды Моңғол мемлекетінен, батыстағы Патшалық Ресей ықпалынан бөліп алу үшін әрекет жасай бастады. 

Сөйтіп,  алаяқ лама Сыртқы Моңғолды мәнжі-қытай ықпалынан бөліп алып, сырттай жеке мемлекет тәрізді сипатта ұстап, іштей өздері басқарып отырғысы келген орыстардың саясатына көлденең түсті де, оның көзін құртуға сол тұста Боғда хандық Моңғол мемлекетінен бұрын орыстар мүдделі бола қалды.

Қысқасы, Жаламаның бүлігі Патшалық Ресей билігінің иерархиясы ІІ Николайдың құзырына жетіп үлгергені бай­қа­лады. Өйткені 1914 жылы 22 қаңтар күні Қобда қаласындағы консулға патша ағзам ІІ Николайдың атынан №46 тележазба келеді. Онда «Жаламаны тұтқындап Ресейдің Томск өлкесіне жеткізілсін және оның туған жері мен іс-әрекеті анықталсын!» ‒ делінген дейді И.Ломакина ханым (Инесса Ломакина. Жаламан толгой. Ұланбатыр. 2005 ж. 124-б), келесі бір деректе А.Бурдуков: «1914 жылдың қаңтар айының 31-і күні Уләсутайдағы Ресей консулдығына Ресейдің Сыртқы істер министрлігі тарапынан Жаламаны ұстау туралы тапсырма беріліп, Дамбижансынды тұтқындау ісіне Моңғолдың әкімшілік ұйымдарын қатыстырмай, Петербордан шыққан шешім бойынша 1914 жылдың 6 ақпаны күні капитан Булатов басқарған 50 атты казак әскері аттанды», ‒ дейді.  Бұл екі құ­жатта көрсетілген тұтқындау жайлы уақытта сәл айырмашылық бар. Десек те, тұтқындау ісін Сыртқы істер министрлігі басқарғаны байқалады. 

Ал тұтқындау шарасы қалай жүргізілді дегенге келсек, ол тұста алаяқ лама осал емес еді. Оның қолында маңайындағы ойраттектес бұқарадан жинап алған өзіне бағынышты 500-ге тарта жасағы бар, оның сыртында Күреден келген, әрі талай шайқасты бастан өткізіп, әбден шыңдалған, ресейлік офицерлер жаттықтырған Мақсыржаб басқарған 400 шерік Жаламаны қорғап жатқан. Моңғол тарихшылары атақ­ты Мақсыржаб қолбасшысының Жаламаның қазанына қарап, оған қолбала болып қалғанын ешқашан айтпайды. Біздің пайым бойынша, Қобданы азат еткен Мақсыржаб басқарған Боғда хандық Моңғол мемлекетінің шеріктері Күреге қайтпай қалып қойған. Оларға ішетін тамақ керек, аттарына жем-шөп қажет. Ол тұста 400 шерікті бағып-қағатындай Батыс Моңғо­лия­да жаңадан орнап жатқан Боғды хандық әкімшілікте көк тиын жоқ. Бұған дейін бір-біріне көмектесіп, ұштасып келген Қобдадағы мәнжі-қытай амбысын орыстардың айдап салуымен өз қолдарымен жойып жіберді. Сөйтіп, далада қалған Масайт-Мақсыржаб асып-төгіліп шалқып жатқан Жаламаны паналаған. Шындық осы. Одан кейін «асын ішсең, жырын жырлайсың» дегендей атақты қолбасшы Мақсыржаб алаяқ ламаның қолшоқпарына айналып шыға келген.

Орыстардан айла асқан ба, 1914 жылы 5 ақпан күні Сарысекке (Бурдуковша – Мүнжік) орнығып жатқан Жалама мен Мақсыржабқа былай деп хабар жібереді: «Ресей асқан қазақтарды қайтарып әкелу үшін баруы тиіс Мақсыржабқа көмектесуге Булатов басқарған 50 казак отряды бара жатыр. Олар Қобдадан шығып, жолай Мүнжік аялдайды» (А.В.Бурдуков. В старой и новой Монголии. Ұланбатор, 1987 г. Стр.-113). Шынайы оқиғадан бейхабар Дамбижансын бол­са меймандарды қарсы алу мақсатымен шатыр тіктіріп, 
дас­тарқан мәзір әзірлеп жатады.

Жаламаны тұтқындау шарасын тікелей атқарған Байқал-Сібір казак-орыс жасағының капитаны Булатовтың алаяқ ламаны қалай тұтқындағаны жайлы рапортында: «Қобда қаласында отырған Ресей консулының «Дамбижансынды тұтқын­дау туралы» 160-шы нөмірлі құпия тапсырмасын орындау үшін Сібір казак әскерінің 3-полкіне қарасты 50 солдатты бастап, 6 ақпан күні таңмен аттандым. Жүзбасы есаул Комаровскийге бір күннен кейін: «Біздің артымыздан әскер алып аттан», ‒ деген арнайы тапсырма берілді. Тапсырманың құпия-
­ланғаны соншалық, солдаттардың өзі: «Қосағаш асқан қазақ­тарды қайтаруға бара жатырмыз», ‒ деген ойда болды. Қобда қаласынан Жаламаның қонысына дейін 110 шақырым жолды екі күнде басып өттік. Жол бойы қашқын ламаның қонысы және ондағы адамдар мен әскерлердің саны, орналасуы жайлы дерек жинадым. Ақпан айының 7-сі күні таң бозымен ламаның бекінісіне келіп түстік. Бұл жерде Жаламаға қарасты 850 шерік бар екен. Олардың 400-і арнайы дайындықтан өткен қолбасшы Мақсыржабтың басқаруындағы халқа жасақтары. Бұлар өз қолбасшыларына адал әрі мықтылығымен көзге ұрып тұрды. Әрине, мұндағы 850 шерікпен соғысу бізге де оңай емес. Ақпанның 8-і күні таңмен тұрып, қасыма жүзбасы Копейкинді ертіп алып, қонысты фотоға түсіріп жүрген сыңай танытып, жер жағдайын барладым. Қоныстың топ ортасына орналасқан төбешікке көзім түсті. Егер осы биіктікті иеленіп алған жағдайда қонысты толық бақылауға мүмкіндік барын аңғардым. Сонымен:

  1. Шеріктердің орналасу жағдайы;
  2. Қару-жарақ қоймасының жайы;
  3. Жаламаның жеке қорғаушылары қанша адам, олардың қаруы қандай?

Жоғарыдағы мәселелерді зерттеп, қорытынды жаса­дым. Әуелі атақты жауынгер-қолбасшы Мақсыржабты шақырып алып, шекара асқан қазақтарды қайтарудың жай-жапсары жайлы ақылдасқан болдым. Оған әскерін дереу Қосағашқа аттандыруды өтіндім. Ол ақпан айының 14-іне дейін ешқай­да әскер аттандырмайтыны жайында баян етті. Сөйтіп, хал­қа жасағын қоныстан аластату жайлы консулдың берген кеңесі нәтижесіз аяқталды. Өз басым моңғол шеріктерінің жайын жақсы білем. Мақсыржабтың жасағы болмаса жер­гілікті моңғолдар қауіпті емес...

Мақсыржабты араағайындыққа салып, бірнеше дүркін Жаламаға жолығуға әрекеттендім. Бірақ ол: «Қатты ауырып жатырмын», ‒ деген сылтау айтып қабылдаудан бас тартты. Осы екі арада біздің соңымыздан келуге тиіс есаул Комаровскийдің жасағы келіп жетті. Сол күні кешке хорунжий Веремеев, Блохин, Копейкин үшеуін шақырып алдым. Соңы­мыз­дан келген әскерилер өздерінің не үшін келе жатқанынан хабарсыз еді. Оларға «Жаламаны тұтқындау жайлы» үкімді таныстырып, барлығына бұйрық түсірдім.  Жоспар бойынша жүзбасы Блохин мен Копейкин екеуі 40 әскерді бастап менімен бірге Жаламаны тұтқындау опрециясына кірісетін болды. Мен төрт солдатты бастап, ламаның үйіне басып кірем, Копейкин сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Есаул Комаровкий мен хорунжий Веремеев мен ламаны қолға түсірген соң 50 солдатты бастап, жарты шақырым жерде орналасқан моңғол шеріктерінің ордасына барып, оларға аудармашы арқылы қару-жарақтарын тапсыртып, тізе бүгуге үндейді. Егер бұйрық орындалмаса күш қолданады...

Жоғарыдағы жоспарды әлденеше рет пысықтаған соң, Мақсыржабтың бір өзін шақыртып алдым. Дәл осы сәтте Сібір казак елулігі, Байқал әскери жүздігі ‒ барлығы 120 сол­дат сақадай сай дайын тұрды. Мақсыржабқа айттым: «Ма­ған жаңа ғана консулдан хат келді, оны Жаламаға табыс­тауым қажет». Қолбасшы бірден бас тартты. Онымен қоймай: «Маған беріңіз, мен апарып берейін», ‒ деді. Мен дереу бұйрық түсіріп: «Мақсыржаб мырза, Жаламаға сіз менімен бірге барасыз», ‒ дедім. Өйткені бұл адамды ешқашан жеке қалдыруға болмайтын еді. Осылай халқа жасағын басшысыз қалдырсақ, қауіптің беті қайтқаны. Менің бұйрығымды Мақсыржаб жылы қабылдай қоймады, еріксіз бағынған сыңай танытты. Сөйтіп, Сібір казак әскерінің 40 солдатын бастап, Мақсыржабты алдыға салып, Жаламаның ордасына басып кірдік. Орданы қорғап тұрған 12 шерік қарсыласып та үлгермеді. Оларды қарусыздандырдық. Мен төрт әскерді бастап, ламаны ұстадым. Соның арасында лама қолындағы винчестер винтовканың шақпағын тартып үлгерген екен, бірақ атып үлгермеді. Бұлай боларын білмесе керек, лама сасқалақтап не істерін білмей қалды. Таңдайына он-оннан 20 оқ басып, сақтық үшін оттығын ағытып дәл қасына қойған екі маузер мылтығын алып үлгердік. Оған тұтқындалғанын ескертіп, әуелі Қобдаға баратынын, одан кейін Ресей үкіметіне тапсыратынымыз жайлы айттым. Ол: «Қазір ауырып жатырмын. Денсаулығым түзелген соң Қобдаға өзім барайын», ‒ деп жалтарды. Осы сәтте менімен бірге ордаға кірген бір солдат: «Байқаңыз, ана тұтқын сол қолын шапанының етегіне жасырып бір затты ұстап тұр», ‒ деп ескертті. Дереу мен тұтқынның оң қолын, аудармашы сол қолын қайырып ұстай алдық. Таңдайында 10 оғы бар шағын жанқару жерге түсті...», ‒ деп жазыпты (Инесса Ломакина. Жаламын толгой.  Ұланбатыр. 2005 ж. 113-118-бб).

Жүрген жеріне шөп шықпайтын алаяқ қалмақ осылай тұт­қын­далды. Булатов бастаған орыс-казак әскері сақтық үшін Моң­ғол шеріктерінің қолындағы қару-жарақты жинап алады. Атап айтқанда, шеріктердің қолынан 696 винтовка және әлі қолданылмаған 10 жәшік бесатар, 21 көне қылыш, 104 жәшік оқ тәркіленіпті. Сонымен қатар ламаға жақ­паған­дақтын дүре соғылып, өлімші халде жатқан 30 адам құт­қарылған. Бұларды Сібір казак жасағының дәрігері Андрей Маховенко мен Верхный Удэ полкінің дәрігері Тагир Галаметдинов екеуі күнді-түні емдеп сауықтырыпты (СПб. ФИВ Ран, Ғ 414, №16). 9 ақпан күні хорунжий Веремеев басқарған комиссия (мүшелері – Ермолина, Попов) моңғол сардары Мақсыржабты қатыстырып, Жаламаның дүние-мүлкіне санақ жүргізеді. Нәтижесін­де, жүздеген құйма күміс, қымбат тастар, жібек маталар, аң терілері, т.б. кәмпескеленеді. «Бұлардың жалпы құны 250 000 рубль» делінген екен ресми құжатта (бір жылқы 10-15 рубль).

Ал аталған оқиға жайлы жазған Бурдуковтың да мәлі­меті бар, онда «Булатов әуелі Мақсыржабты тұтқынға алды, іс жөнімен аяқталған соң оны кейін оны босатып жіберді», ‒ депті (А.В.Бурдуков. В старой и новой Монголии. Ұланбатор, 1987 г. Стр.-114). 

Сөйтіп, 1914 жылы 8 ақпан күні жауыз лама Сарысекедегі ордасында тұтқындалады. Жасауылбасы капитан Булатовтың естелігінде, 1914 жылы 10 ақпан күні таңғы сағат 8.00-де Жаламаны алып Қобдаға бет алдық. Аттанар алдында моңғол шеріктерінің қолынан алынған барлық қару-жарақты Мақсыржабқа өткеріп бердік деп жазылған.

Жалама тұтқындалғаннан кейін Күреден Со гүн деген шенеунік келіпоның дүниесін бірін қалдырмай хаттап-шот­тап орталыққа алып кетеді. Бірақ Қобда қаласындағы Ресей консулы Люба өз тыңшылары арқылы алған мәліметке сүйе­ніп: «Жаламаны тұтқындаған тұста қолбасшы Мақсыр­жаб оның мүлкінен қымбат құйма күмістерді олжалап кетті», ‒ деген дерек айтады. Бұл да рас. 

Сондай-ақ моңғол тарихшысы Д.Алтынгерелдің айтуына қарағанда, Жалама тұтқындалған тұста Боғда хандық билік орыстарға «оған тиісуге болмайды» деп наразылық білдірген көрінеді. Осыған қарағанда, алаяқ ламаның әрекетін моңғолдар жасырын қолдап отырғаны анық. Бұған жауап ретінде Қобдада отырған орыс консулы Люба Боғда ханға «Сендердің шаруаларың қанша, ұстасақ біз өз адамымызды тұтқындадық» деп ресми хат жолдаған.

 

Жалғасы бар…

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?