Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Зайсандағы зілзала

2558
Зайсандағы зілзала - e-history.kz

Жер сілкінісінің эпицентрі – Зайсан қаласының солтүстік жағындағы Бақасу ауылының маңы. Оның қуаты Рихтер баламасы бойынша 7-8 баллды құрады. Сілкініс ошағы 35-40 шақырым тереңдікте болып, 7 баллдық қуат эпицентрден 135 шақырым қашықтықты қамтыған.

Жер сілкінді. Алматыдағы табиғаттың тосын құбылысы қала тұрғындарын әбігерге салып қойды. Алдын ала болжап білмейтін жер  сілкінісі сияқты табиғат бұл мінездерін адамзат баласы әлі сырына үңіліп болған жоқ. 

Қазақстанның жер сілкінісі, зілзала болатын қауіпті аймақтары таулы өңірлер, шығыс, оңтүстік шығыс аумақтар екені белгілі. Біз бұл мақаламызда шығыс өңірде болған жер сілкіністері жайлы баяндамақпыз. 

Аталған өлкеде жер сілкіністері туралы алғашқы дерек 1761 жылы тіркелген екен. Моңғолия аймағында болған 10-11 балдық жер сілкінісінің дүмпулері Семей, Өскемен жаққа жетіп, 6 балдық деңгейде сезілген. Ал 1887 жылы Өскеменде,  1901 жылы Глубокое, Катонқарағай, Алтай аудандарында 6-7 балдық жер сілкінісі тіркеліп, тосын мінез көрсетіп тұратыны кезі болады.

Тарих беттерінде Зайсан манында болған әр түрлі жер сілкіністері тіркеліпті. Олардың бастылары 1761, 1783, 1587, 1887, және 1904 жылдары болған. Қайта құру жылдары Зайсан ауданында болған жер сілкінісі халық жадынан әлі шыға қойған жоқ. Өңірдің әрбір тұрғынынан осы оқиға жайлы сұрай қалсаңыз, бәрі өз басындағы жағдаймен сабақтастырып айтып беруге даяр болады. 

1990  жылдың 14 маусымы. Жер сілкінісі 12 сағат 47 минут өткенде басталды. Эпицентрлік белдеу орталығының координаттары: 0°-47, 95 с.б.; Жер сілкінісінің күшті дүмпуі түсте емес, кешкі уақытта орын алған.  Зайсан ауданының тұрғыны Шолпан Ғаббасова: «Жер сілкінген уақыт малдың өрістен қайтқан уақыты болатын. Елдің көбі ауыл шетінде мал күтіп тұрған екен» десе, ақын Жандос Асқабиев: «Біз ол кезде ойын баласымыз, кешкі мезгілді асық ойнап жүрген едік. Бір уақытта жер дірілдеп, қатты толқып қозғалып кетті. Желке тұсымыздағы бүтін қора жалп етіп құлаған кезде асықты тастай салып қаша жөнелдік, бала болған соң жылап та алдық» деп еске алады.

Апаттан қираған үйдің сыртында тұрған бала, 1990 жыл

Жер сілкінісінің эпицентрі – Зайсан қаласының солтүстік жағындағы Бақасу ауылының маңы. Оның қуаты Рихтер баламасы бойынша 7-8 баллды құрады. Сілкініс ошағы 35-40 шақырым тереңдікте болып, 7 баллдық қуат эпицентрден 135 шақырым қашықтықты қамтыған. Бұл Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Күршім, Марқакөл, Тарбағатай, Көкпекті аудандарына дейін жетіп, жерасты дүмпуінің әсері Алтай тау жүйесінің біршама бөлігінде тіркелген дегенді білдіреді.

Жер сілкінісінің алғашқы толқынының уақыты 27 секундқа созылса, мұның өзі өте қатерлі толқын деп есептелді. Сол 14 маусым күнгі бір жарым сағат ішінде болған екі дүркін қайталау және одан кейінгі дүмпулер бірнеше секундтарды құраған. Қазақ ССР Ғылым академиясы Сейсмология институтынын экспедициясы жер тамырының бүлк-бүлк еткен соғысын күндіз-түні бақылауға алуының нәтижесінде анықтағаны, маусымның 19-ы мен 28-і аралығында арнаулы аппараттар болмаса көп сезіле бермейтін дүмпулер 28 дүркін қайталанған екен. Нақтырақ айтқанда, сейсмикалық станциялардың уақытша желісін пайдалану кезеңінде (15 маусымнан 10 қарашаға дейін уақыт аралығында 464 сілкініс тіркелген,  оның екеуі (03.08.1990 және 27.09.1990 күндері болған) күші 6 баллға дейін болды.

Зілзаладан келген шығынның орны толмайды. Бір Зайсан ауданының 18 елді мекенінде 3147 тұрғын үй, 150 малшы үйі, 23 магазин, 16 орта, орталау, 1 музыка мектебі, 35 дүкен, 21 монша, 17 клуб, 29 шақырым су жүйесі, 22 құдық, 197 мал қорасы қираған, 12 адам жарақат алып, 18 мыңнан астам адам баспанасыз қалған. Жалпы баспанасыз қалғандардың саны бұдан да көп: сол кездегі ҚазССР президенті Н. Назарбаевтың үндеуінде 25 мың адам деп көрсетілсе, «Зайсандағы зілзала» атты мақалада 36 мың адам баспанасыз қалды деп жазды. Бұл тұтас бір ауданның халқын құрайды. Көршілес аудандағы жер сілкінісінен болған шығындар қосылып тұрғаны анық. 

Зайсан ауданының Жарсу, Бақасу, Көгедай селоларында аз уақыт жер жарылып, ыстық су атқылап бу шыққан, ал кейбір жерлерде мөлдір бұлақтын суының түсі өзгеріп, құдықтар тартылып қалған. Арнайы комиссия есептей келе барлық шығын сол кездің ақшасымен 300 миллион рубль деп бағаланды. Бұл орасан зор шығын еді. Қаржының орны толар-ау, ал адам шығыны ше?

Біржан есімді бала

Осы апаттағы орны толмас үлкен шығын – апат кезінде Рожково ауылында бес жасар Біржан есімді баланың қазаға ұшырауы. Кеше ғана жүгіріп жүрген кішкентай балақайдың мерт болуы жайлы қаралы хабар күллі республикаға таралды. Қайғырған әке-шеше, ағайын-туыстың қабырғасын қайыстырды. 2017 жылы Зайсанға экспедициямен барған сапарымызда баланың анасы бізге сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Оның себебін билік тізгінін ұстаған жергілікті әкімдіктегілердің үйіп-төгіп берген уәдесінде тұрмауымен байланыстырды. Олардың шамасы тек ауылдың атын Біржан деп ауыстыруға жетті.

Апат болған күннен 4 күн өткенде, яғни 18 маусымда ҚазССР президенті Н.Ә. Назарбаев пен Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Н.М. Макиевский келіп жетті. Олар табиғат апаты салдарынан қираған ауылдарды аралады. Халықпен бетпе-бет сұхбаттасып, қайрат, жігер берді. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында республика басшысына деген елдің ықыласы алабөтен еді.

21 маусым күні Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың зілзалаға байланысты Қазақстан халқына үндеуі жариялады. Сол үндеуде былай делінген: 

«Қымбатты отандастар!

Сіздер ауыр зілзала – Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Күршім, Марқакөл және Тарбағатай аудандарының және Семей облысының Көкпекті ауданының аудандары тап болған күшті жер сілкінісі туралы баспасөз хабарынан білесіздер. Жуырда апат аймағында болғанымда мен оның зардаптарының қайғылы сипатын өз көзіммен көрдім. Табиғаттың дүлей апаты сәбидің өмірін қиып кетті, ондаған адамдар жараланды, 8 мыңға жуық тұрғын үй зақымданды, 25 мыңнан астам адам баспанасыз қалды. Сондай-ақ 70-тен астам денсаулық сақтау объектілері, 22 балабақша, 36 клуб, көптеген мектептер, магазиндер, өндірістік ғимараттар қирады. Алдын-ала деректерге қарағанда, келтірілген зиян 300 миллион сомнан астам болып отыр... 

...Қайғы-қасірет басына түскен адамдарға жаппай жұмыла қолдау көрсетіп, жанашырлық пен қайырымдылық сезімін білдіру – ежелден қалыптасқан ізгі дәстүр. Мен Республиканың барлық азаматтарын дүлей апатқа тап болған адамдарға қол ұшын беріп, жанашырлық көрсетуге шақырамын. Ортақ шаңырағымыздың осынау қайғы-қасіретіне ешкімнің де селқос қарап отырмайтынына сенемін!»

Н. Назарбаев пен Н. Макиевский апат орнында, 1990 жыл

Зілзала зардаптарын жоюға байланысты республикалық комиссия құрылды, оның басшылығына Н. Макиевский бекітілді. Күштік құрылымдар мен облыстардың құрылыс жасақтары жан-жақтан жиылып, Зайсанға ағылды. «Зайсан» кітабында: «Зайсан қаласына – Шығыс Қазақстан шекара әскери құрамы, Қарабұлақ ауылдық кеңесіне – Алматы облысы, Пржевальск ауылдық кеңесіне – Ақтөбе облысы, Қара Ертіс ауылдық кеңесіне – Қарағанды облысы, Теректі ауылдық кеңесіне – Целиноград облысы, Ақарал ауылдық кеңесіне – Қостанай облысы, Благодарнен ауылдық кеңесіне – Шымкент, Жезқазған облыстары, «СОКП ХХІѴ съезі» атындағы cовхозға – Қостанай, Целиноград, Солтүстік Қазақстан облыстары құрылыс жұмыстарын жүргізуге бөлінді.  Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының ірі-ірі мекеме, кәсіпорындары аудан совхоздарын қол ұшын созып, көмектерін берді. Өскемендегі ең үздік құрылыс отрядтары көптеген құрылыс нысандарын пайдалануға берді. «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл» дегендей, осындай қамқорлықтың арқасында еңсесі түскен еліміз есін тез жиды» деп жазылған.

1991 жылғы маусымдағы мәлімет бойынша құрылыс жұмыстарында 6000-ға жуық кісі еңбек етті. Жаз айларында бір жарым мың студенттен тұратын құрылыс жасақтары 1 миллион 290 мың сомның жұмыс ауқымын атқарды. Түгелге жуық қирап қалған Қарабұлақ, Жарсу, Бақасу, Жамбыл, Көгедай, Саржыра, Рожков, Қуаныш, Ақарал ауылдарының іргесі тың жерден салынды. Біздің ауылымыз – Тарбағатай ауданы Жаңаауыл ауылының орталық көшесінде де жаңа, зәулім үйлер бой көтерді. Қабырғасында «Павлодар-90» деген жазуы бар бұл үйлерді кімдердің салғаны айтпаса да түсінікті шығар. 

1990 жылдың басында СР 78 деп аталған сейсмикалық карта бойынша Зайсан ауданы жер сілкінудің мүмкіншілік көрсеткіші 7 балға дейін жететін сейсмикалық апатты белдеуге жатады деп есептелген. 14 маусымда болған тосын оқиға бұл картаны қайта қаратты. Нәтижесінде жобаланған зоналар арасында 5-8 баллдық аудандар белгіленді. 8 баллдық аудандар қатарына солтүстік Зайсанның оңтүстік-шығысы, солтүстік Сауыр сейсмикалық зоналары жатты. Жобаны Қазақстан Республикасының мемлекеттік архитектуралық құрылыс мекемесі 1991 жылы 4 шілдеде бекітті. 1991 жылғы 16 шілдедегі №50 бұйрықпен нормативті құжат ретінде қолданысқа енгізілді. Қазақстанның қазіргі заманғы сейсмикалық аудандар картасында Зайсан ойысының оңтүстігіндегі Сарыбұлақ, Қарабұлақ құрылымындағы жобаланған барлау-бұрғылау аудандары мүмкіндігі 8 баллға жететін зонаға жатқызылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?