Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жеті жасында «Жұмбақ жалауды» жаттаған - Кәкімбек аға

1898
Жеті жасында «Жұмбақ жалауды» жаттаған  - Кәкімбек аға - e-history.kz

Кеңес кезінде қазақ ұлтынан туып шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бірі – Кәкімбек Салықов. Бұл кісі 1932 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Еңбек ауылында туған. 1947 жылы Көкшетау қаласындағы №21 мектепте орташа білім алып, 1950 жылы Сырымбет қазақ орта мектебін бітіреді. 1955 жылы Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітіргеннен кейін Жезқазған кенішінде кен мастері, участке бастығы, Қ.Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинатында партком хатшысы, Қазақстан КП қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Жезқазған комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарады. 1975 жылдан КОКП Орталық Комитетінің аппаратында инспектор болып қызмет істейді. 1984 жылы Өзбекстан КПОК-нің бюро мүшесі, Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін Кеңестер Одағы Жоғарғы кеңесінің экология комитетінің төрағасы, Жоғарғы кеңестің Президиум мүшесі қызметтерін атқарған екен.

Бұл қайраткердің екінші қыры – ақындығы. Алғашқы өлеңдер жинағы «Сыр» 1977 жылы жарық көрді. Осы жылы «Жезкиік» атты жыр жинағы орыс тіліне аударылып жарияланды. 1981 жылы «Қырғызстан» баспасы оның «Нұрлы күндер» кітабын қырғыз тілінде, 1983 жылы Ғафур Ғүлам баспасы «Жезкиік» жинағын өзбек тілінде шығарды. «Букетовке реквием», «Эдельвейс», «Ғасырға тең бір мезет», «Че Гевара» атты поэмалары орыс тіліне аударылды.

Сонымен қатар, «Дала», «Қыран-дар», «Гәкку», «Жезкиік», «Еңлікғүл», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі» секілді көптеген поэмалардың авторы. Өмірің соңғы жылдары «Ойтолғақ» (2001), «Сырғалы сонеттер» (2001), «Күзгі шуақ» (2004), «Күзгі сарын» (2005), «Сенсің ел данасы» (2006), «Әлемнің сегізінші ғаламаты» (2006), «Мағжанға тағзым» (2008) кітаптары жарық көрді. 

Қайраткер – қаламгер Кәкімбек Салықов 2013 жылы 27 қараша күні өмірден өтті. Дәл бүгін марқұмның бақилық болғанына 10 жыл толып отыр екен. Осы орайда, жазушының көзі тірісінде, яғни о дүниелік болардан бір жыл бұрын танымал журналист Бекен Қайратұлымен емен-жарқын әңгімелескен сұхбаттын жаңғыртып, жариялап отырмыз. 

– Кәкімбек аға, сіз өмірден түйгені мол, көпті көрген адамсыз. Сұрайын дегенім: балалық шағыңызда алған тәрбиеңіз, өскен ортаңыз қандай болды?

– Сарыарқаның солтүстік шегіне таман орын тепкен, исі қазаққа белгілі Саумалкөл дейтін өңір бар. Ауасы жұпар, суы бал, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, шұрайлы өлке. Менің атажұртым – сол. Менен 4-5 жас үлкен Ермек дейтін бөле тәтем  болды. Әрі атақты Үкілі Ыбырайдың туған немересі. Осы тәтем маған мектепке бармай тұрып-ақ жазу-сызуды үйретіп тастады. О заманда елдің бәрі латын графикасын қолданады. 

Себебі, күнде кешке ауылдың кемпір-шалдары біздің үйге жиналып алып Ермек тәтеме кітап оқытады. Сығырайған май шамның жарығында танауы пырсылдап, түн жарымға дейін саңқылдап отырғаны. Адамдардың қайбір есту қабілеті жақсы дейсіз, қайталап оқытып тәтемнің ығырын шығарады. Бір күні Ермек тәтем айтты: «Кәкімбек, сен жас болсаң да, қабілетің жақсы, мен саған әріп үйретейін, бір-екі апта да игеріп үлгересің, мына кемпір-шалдарға кітап оқып берем деп, шаршап өлетін болдым, маған көмектесші» деді. Мен бірден келістім. Бір-екі аптада өз бетімше  сауат ашып шыға келдім. 

– Сол шамада  неше жастасыз?

– Жасым жетіде болатын. Ол заманның балалары қазіргідей 6-7 жаста мектепке бармайды. Сегіз-тоғыздан асқанда барып оқудың жайын ойлайды. Мен хат танығаннан кейін әкей жарықтық сырттан газет-журнал  қолтықтап келіп, маған оқытып қойып, жантайып жатып тыңдайды. Үтір, нүктесіне дейін тастамай оқып берем. Ең соңындағы некрологтарды оқып бітіріп, бет сипап бір-ақ тоқтаймыз.

 Кешкісін кемпір-шалдар жиналып алып, Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» романын оқытып қояды. Ақыры оқи-оқи жуан кітапты түгін қалдырмай жаттап алдым. Шаршағанда кітаптың бетін ашып тастаймын да жатқа сарнаймын. Ауылдың ақсақалдары: «Ойбай, мына бала керемет екен!» деп  әке-шешеме мақтайды-ай келіп... Одан сайын шабамын.

Қысқасы, әкем мені ұштай түсу үшін сол заманда қазақ тілінде жарық көрген кітап атаулыны қайдан болса да тауып, үйге әкелетін болды. 

– Әкеңіз жарықтықтың оқу-тоқуы бар адам ба еді?

– Әкемнің аты-жөні – Айтахмет Салықов. Саумалкөл аудандық  атқару комитеті төрағасының  орынбасары қызметін атқарды. Әрі депутат болды. Сессияға барған сайын көзіне түскен кітапты сатып алып келеді. Соның арқасында үйімізде өте бай кітапхана болды. Осылай, қарағым, мен кітаппен ерте ауыздандым. 

–  Сіз Мәскеудегі Түсті металл және алтын институтында оқыған алғашқы қазақтардың бірісіз. Сөйте тұра әдебиетке аса құмар адамсыз. Филология мамандығын таңдамай не себепті тау-кен инженерінің оқуына барып жүрсіз?

– Ауылдағы бастауышты бітірген соң бізді арықарай оқыту үшін Сырымбеттегі орта мектепке ауыстырды. Сырымбет – Шоқанның әкесі Шыңғыс төренің орда тіккен жері. Біз Айғанымның қыстау үйінде оқыдық. 

Он жылдықты бітіретін жылы шебер домбырашы, әнші, кезінде атақты Нұрхан Ахметбековпен сөз таластырған өнерпаз, Үкілі Ыбырайдан бата алған дарынды ақын Молдахмет Тырбиев дейтін жақын ағамыз бар еді, сол кісі келіп: «Әй, бала, биыл оқу бітіресің, қайда бармақ ойың бар?» деді. «Мұғалімнің оқуына баратын шығармын». «Тәйт әрі, екінің бірі мұғалім болады, сен оны тоқтат, жан-жағыңа қарашы, мына тұрған Жалғызтауда, ана тұрған Айыртауда кен жоқ дейсің бе, мен бірдеңе білсем, бұл таулардың қойнауы тола кен. Бірақ біздің елде Жезқазғанды ашқан Қаныш Сәтбаев сияқты ғалым жоқ. Сен сол Қаныштың оқуына бар!» деді. «Оған қалай барам?..». 

Молдакең менің бетімнің бері қарағанына көзі жеткен соң, мұртын ширатып, ырғатылып отырып: «Алматыны қой, тура Мәскеуге тарт, жол шығыныңды мен мойныма алайын» деді. 

– Молдахмет ағаңыз Қаныш Сәтбаевты қайдан біледі екен?

– 1943 жылы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан тұста Ғабит Мүсірепов бас болып, халықтың рухын көтеру үшін Алматыда үлкен айтыс өткізген. Оған Жамбыл Жабаев келіп, құрметті қонақ ретінде қатысқан. Мұхтар Әуезов те болған. Осы айтысқа Шашубай, Нартайлармен бірге біздің Молдахмет ағамыз да барған. Барлық ақындарды жиып-теріп Қаныш үйіне қонаққа шақырған. Ішінде  Молдакең де бар. 

Осы жүздесуден кейін ағамыз Қанышқа қатты құлаған. Мұндай зерделі, таудай тұлғалы, білімі теңіз, кісілігі кемел адамды көрмедім деп отыратын. Қаныштың үйіне барған ақындар ойына келген сұрақты ғалымға қоя берген көрінеді. Соның бәріне Қанекең асырып-төгілтіп жауап берген. Содан ағамыздың жаны рахат тапқан. 

– Сонымен Мәскеуде оқитын болдыңыз...

– Ағамыздың айтуы бойынша Мәскеудегі  Калинин атындағы Түсті металл және алтын институтына құжат тапсырдым. Емтиханнан сүрінбей өтіп, табан аудармай бес жыл оқыдым. Сенбі, жексенбі күндері Ленин атындағы үлкен кітапханаға барып, ел жақтан келген барлық газет-журналдарды қарап шығам. Жас күннен қалыптасқан әдет, түгін қалдырмай оқып тастаймын. Сосын өлеңді ерте жаздым...

Өзім де осыны сұрайын деп отыр едім, әңгімеңізді жалғастыра беріңіз...

– Алғашқы өлеңімді 10-15 жасымда жаздым. Кітапты көп оқығанның әсері көкейде жатталып қалған жырлар ұшан-теңіз. Бір заманда көкейдегі жырларым өлең жолдары болып ағыла бастады. Оның сыртында Молдахмет ағаға да еліктеу бар. 

Қысқасы, бала кезімде ақынның оқуына барсам ба, дейтін арманым да болды. Тағы да сол Молдакең «мен оқымай-ақ ақын болып жүрген жоқпын ба» деп тыйып тастады. Бұл өз алдына үлкен әңгіме.

–  Мәскеуден институт бітіретін жылы  сізді Германияға жіберетін болды. Шетелге барып қызмет істейтініңіз жайлы шешім шығып қойды.  Бірақ, бәрін тастап елге оралдыңыз. Солай ғой аға..?

– Мен институт бітіретін жылы ҚазССР Министрлер кабинетінің басшысы Дінмұхамед Қонаев Мәскеуге келді. Димекеңнің қабылдауына жазылдым. Бұл – 1955 жылы болатын. Себебі, менің оқыған мамандығым «Уран кенші» болғандықтан, сөзсіз шетелге жіберетіні туралы шешім шығайын деп жатқан. Содан Димекеңе кіріп: «Мені шетелге жіберейін деп жатыр, шамаңыз келсе  алып қалыңыз» дедім. 

Димекең сөзімді үнсіз тыңдап, жай-жапсарымды сұрап алды да, тау-кен саласының министрі Славскийге тура телефон соқты. Сөйтсем, екеуі бірге оқыған дос екен. Менің өтінішімді қанағаттандырып берді. Маған қарап: «Қазақстанның қай жеріне барасың?» деді. Мен Жезқазғанды таңдадым. Үлкен кісі ризашылықпен басын изеді.

– Жезқазғанға келіп жұмысты бастадыңыз...

– Жұмысты қатардағы мастер болып бастадым. Одан цех бастығы, бас инженердің орынбасары, соңғы 6 жыл шахта бастығы болдым. Ең үлкен шахтаның ең жас бастығы ретінде тарихта қалдым. Қол астымда әкемдей кісілер қызмет істеп жүрді. 

 – Саналы ғұмырыңыз Жезқазған жерінде өтті. Қаныштың сара жолын жалғап, көп жыл өндіріс басқардыңыз. Қаныш Сәтбаевпен алғаш жолыққан сәт есіңізде ме?

– 1961 жылы алғаш рет Қаныш ағамен кездесудің сәті түсті. Қанекең қасында үлкен ғалым Ө.Байқоңыров бар біздің шахтаға келіп, астына түсті. Бірге жүрдім. Ананы-мынаны айтып, таныстырдым. Артынан үлкен ғылыми конференция өтті. Жан-жақтан үлкен-үлкен ғалымдар жиналды. Кейбір даулы мәселелер талқыланды. 

Қырғыздың Попов деген тау-кен саласының ғалымы топ құрып, Қанекеңнің тәжірибелік ғылыми-теориясына қарсы пікірлер айтып, Одақ көлемінде екі дай айғай-сүрең туындап тұрған заман-тын. Ол тұста учаске бастығы қызметін істеп жүргем. Конференция үстінде Поповшыларға қарсы уәж айтып, айқаса кеттім. Қанекеңнің жұмысын ғылыми дәлелді түрде қорғап сөйледім. Ертеңінде заман қалай болып кетер деп аңдысын бағып отырған ақсақалдар түгелдей менің сөзімді қолдап шыға келді. 

Бұл оқиға Қанекеңнің де құлағына жетеді. Содан мені Алматыға шақырды. Бардым. Ғалым аға үлкен ризашылық білдірді. Болашақта ғылыммен айналыс деп ақыл берді. Жұмысқа келіп ең үлкен бастығым, ірі қазақ Мұхит Бөпежановқа барып: «Қанекең ғылыммен айналыс деп жатыр, соған қарай бет бұрғаным дұрыс шығар» десем, ол кісі: «Ғылымда нең бар, жұмысыңды істе, Қанышпен өзім сөйлесем» деп кесіп тастады. Екеуі өте жақын дос адамдар болатын, одан кейін ғылым-білім туралы сөз қозғалмады. 

Жоғарыдағы даулы мәселе неден туындап жүр?

– Даудың басы Жезқазған өңіріндегі жерасты кенінің пайда болу теориясына байланысты туындады. Қаныш аға жерасты кенін металогениялық жолмен  пайда болған десе, басқалар оны мойындамайды. Бұл сала негізінен геологтардың жұмысы. Менің мамандығым емес. Бірақ қорғауға тура келді. 

– Соңғы жылдары Қаныш Сәтбаев атындағы қорды басқардыңыз. Ғалымның өмір жолы туралы көптеген мақала жаздыңыз. Қанекеңнің қайраткерлік қасиеті туралы бір ауыз сөзбен түйіндеп айтып берсеңіз...

– Қанышты тек қана кен барлау ісінің білгірі деп қараған дұрыс емес. Дала тарихының үлкен жанашыры болды. Жезқазған өңіріндегі Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелеріне жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына тікелей Қаныштың қатысы бар. Сонау моңғол жеріндегі байырғы қаған ордасы Қарақорымнан бастап, батыстағы Сарай Батуға дейін екі арада аса маңызды «Хан жолы» болғанын, осы жолдың бойында әрбір 60-70 шақырым сайын ат бекет пен қоныс болғанын тұңғыш дәйектеген адам осы – Қаныш Сәтбаев. 

Ең үлкен қасиеті – мінезге бай адам. Кеңес Одағы тұсында қазіргі елорда іргесіндегі Осакаровка ауданы атынан КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланған екен. Халықпен кездесу үшін Қанекең келеді. Жиналыс дәл басталған сәтте жалп етіп жарық өшіп қалады. Мінбеде тұрған совхоз директоры қағазға қарамай сөйлей беретін көкезу біреу екен. Әлгі айтыпты: «Сіздер бұл адамды білесіздер ме, нағыз еңбек адамы, Семейдегі ет комбинатында қатардағы жұмысшыдан комбинаттың директорлығына дейін жеткен адам...» деп көсіледі. Қасында отырған райком хатшысы: «Қанеке, ұят болды-ау» десе, Қанекең: «Қысылатын түгі жоқ, әйтеуір мақтап жатыр емес пе» деп күліп қойып, отыра беріпті. 

Қазақ ғылымында Қаныштай  жан-жақты адам болған жоқ. Еліміздің атом физикасының негізін қалаған осы кісі. География институтын орнатқан – Қаныш. Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалады. Орталық Қазақстанның метагонниялық картасын жасады. Қай жерден нені іздеу керек, бәрін тәптіштеп көрсетіп беріп кетті. 

Қанекең өмірден ертерек кетті. Әйтпегенде Нобель сыйлығын сөзсіз алатын еді. Оның алғышарты ретінде Индияда өткен үлкен конференцияда әлем ғалымдары алдында баяндама жасауы қажет болатын. Оған ғұмыры жетпей қалды. Бірақ осы еңбегі үшін Кеңес үкіметі  Ленин атындағы сыйлықты берді. 

Келесі бір көп айтыла бермейтін дүние – қазіргі Маңғыстау мұнайының  ашылуына мұрындық болған да Қаныш Сәтбаев. Осында барлау жұмысын жүргізгендер «мұнда мұнай жоқ» деп кеткелі жатқанын естіген Қанекең өзі ұшып келіп, жұмысты қайтадан қолға алады. Министрге сөйлесіп ақша, қаражат бөлгізеді. Барлау картасын өзі жасап береді. Осылай Маңғыстау мұнайы ашылған.

– Қанекең де қуғын көрген дейді, рас па?

– Қаныштың да қыспақ көрген кездері болған. Ол жайында өзінің Сталинге жазған хаты бар. Сонда бәрі айтылады. Тіпті мәскеулік үлкен ғалымдардың өзі Жезқазғанда аса бай кен қоры жоқ, жұмсаған қаржы далаға кетуі әбден мүмкін деп, қарсы пікірде болған. Бірақ Қанышты  қолдаған адам – Серго Ордженекидзе. Қарсақпайдың ашылуына да көмек берген осы адам.

Қанекең туралы жазушы Медеу Сәрсекеев тағы бір кітап жазып шығыпты. Оны мен қайталап жатпаймын, кітап өте ауыр жазылыпты. Сонда бәрі бар көрінеді. Бірақ осы тақырыпты бықсытпаған дұрыс...

– Қарақалпақ АССР-іне бірінші хатшы болып бардыңыз. Сіз сияқты жеке республика басқарған қазақ көп емес, әрине. Сол тұста елдің есінде қаларлық қандай шаруа атқардыңыз? 

– Орталық партия комитеті 1984 жылы мені Қарақалпақстанға бірінші хатшы етіп жіберді. 1989 жылға дейін қызмет атқардым. Осында жүріп екі мәрте КСРО Жоғары Кеңесіне депутаттыққа сайландым. 

Мен барғанда Қарақалпақстанның жағдайы жақсы емес екен. Өйткені, елдің күнкөріс көзі Арал теңізінің суы тартылып, өлкені құрғақшылық жайлап алған. Жағдай қиын. Не істеу керек? Содан Бас хатшы М.Горбачевке бардым: «Құрметті, Михаил Сергеевич,  сіз білесіз, бұрынғы Бас хатшы Черненконың тұсында артта қалған Тува АССР-ін өркендету туралы шешім қабылданды, Андроповтың тұсында Карелия өлкесіне маңыз берілді, енді сіздің тұсыңызда Қарақалпақ республикасын өркендетуге қатысты шешім қабылдаңыз» деп өтіндім. Бір жылдан кейін 1985 жылы Орталық партия комитеті мен Министрлер Кеңесінің «Қарақалпақ АССР-іне көмек беру туралы» біріккен қаулысы шықты.  Осында Арал экологиялық мәселесі де қамтылды. Қаулының күшімен тұрғын үй салу жүйелі қолға алынды. Ауыл тұрғындарын газбен қанымдау жұмысы 92 пайызға дейін көтерілді. Маған дейін 12 пайыз ғана болыпты. Барлық елді мекенге тоқ тартылды. 

Сіз басқарған тұста Қарақалпақстан халқының қанша пайызы қазақтар болды?

– Халқының 30 пайызы өзбек, 30 пайызы қарақалпақ, қалған 30 пайызы қазақ болып есептеледі. Жалпы алғанда халқы өте еңбекқор, тамаша кішіпейіл, мұсылманшылдығын жоғалтпаған иманды жұрт. Мысалы, сол кезде КСРО көлемінде жаппай арақпен күрес жүргізілді. Барлық жүзім бақтарын қиратып тастады.  Арақ зауыттарын шектеді. Қарақалпақстанда ондай болған жоқ. Халқы онсызда арақ ішпейді. Дүкендерде арақ-шарап толып тұрады. Оны басқалар келіп сатып алып жатады. 

Рухани мәдениетіне қандай еңбек сіңірдіңіз?

– Рухани мәдениетіне менің сіңірген еңбегім – Опера театрын ашып бердім. Ең алғашқы операсын қойғыздым. Дайындау барысында өзіміздің жігіттерді шақырдым. Еркеғали Рахмадиев бар бір топ азамат келіп көмектесті. 

Одан кейін Нүкістегі жалғыз пединститутына университет мәртебесін алып бергіздім. Жаңадан үлкен ғимарат салғыздым. Ескі институтты халық мұрасын зерттейтін орынға айналдырдық, әрі дарынды балаларға арналған мектеп аштық. Халық ақыны Бердақ Қарғабаевтың мұрасын зерттетіп, жыл сайын «Бердақ оқуларын» өткізетін дәстүр енгіздім. 

– Қазіргідей өзіңізбен бірге «команда» апарған жоқсыз ба?

– Жоқ. Өзіммен бірге ешкімді апармадым. Жергілікті азаматтарға арқа сүйедім. Сондағы мен тәрбилеген кадрлар қазір Қарақалпақстанды басқарып отыр. 

– Айтпақшы, сіздің ақын-жазушылығыңыз жайлы сұрауды ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Алғашқы өлеңіңіз қашан жарық көрді?

– Тұңғыш рет 9-класта оқып жүргенде «Пионер» газетіне өлеңім шықты. Алғашқы көлемді дүнием «Ақын Тайжан» дейтін поэма жаздым. Маған атақ әкелген «Жезкиік» деген кітабым. Осы «Жезкиікке» алғашында атақты сазгер Нұрғиса Тілендиев ән жазды. Ол бертінге дейін айтылып жүрді. Дәл осы мәтінге жезқазғандық Жақсыкелді Сейілов деген азамат тағы да ән жазды. Оны жұрт өте жылы қабылдады. Бүкіл ел айтып жүр.

Мағжан ақын да сіз туған өлкеден емес пе?

– Мен осы Мағжан туған өлкеден болсам да, ақынның атын білмей, естімей өстік. Бірақ Үкілі Ыбырайдың өлеңдерін жатқа айтатын едік. Жоғарыдағы Молдахмет ағамыз есікті ішінен іліп қойып, Ыбырайдың жырларын жаттататын. Мағжан туралы тым бертінде білдім. Жезқазғанда қызмет істеп жүрген кезім болатын. Кезекті демалысқа шығып, курортқа бардым. Сол жерде филолог ғалым С.Қирабаевпен кездестім. Секең ақынның «Сүйші сәулем, тағы сүй» дейтін өлеңін жатқа айтып берді. Тағы да басқа жырларын біледі екен. Мен таң қалдым. «Мынауыңыз сұмдық ақын ғой, сізде кітабы бар ма?» деп сұрадым. Ол кісі «жоқ» деді. «Қайдан табуға болады?». Секең айтты: «Қарағандыда Жайық Бектұров дейтін жазушы ағаң тұрады, сол кісіден сұрап көрші» деді. 

Жайықты жақсы танимын. Бір өлеңім шықса, Жақаң мен Евней Букетов екеуі қуана құттықтап жататын, дәм-тұзымыз араласқан жақын адамдармыз. Шауып отырып Жайық ағаға келдім. Сәлемнен кейін: «Сізде Мағжан Жұмабаев деген ақының кітабы бар екен, беріңіз!» дедім. Жақаң: «Бар, берейін, ертең кештен қалдырмай қайта әкеліп таста!». «Құп болады». Ашып қарасам, Мағжанның «Батыр Баяны» екен. Ертеректе латын ғарпімен басылыпты. Латын жазуын біліп тұрмын, таң атқанша бас алмай оқып, таңертең кітапты Жайық ағаға апарып бердім. Алған әсерім сұмдық болды. 

Осыдан кейін Мағжанды іздейтін болдым. Бір қызығы, өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында КПСС-тің орталық аппаратында істеп жүргенімде қазақтың ұлтшыл азаматтары қол қойған «Мағжанды ақтап, шығармаларын жарыққа шығару туралы» хат келіп түсіпті. Осыған қатысты пікір білдіруді маған тапсырды. Әрине, Мағжанның кім екенін жақсылап тұрып айтып бердім. 

– Қазақ әдебиетінде «Алыптар тобы» атанған Ғабит, Сәбит ағалармен аралас-құралас жүрген шығарсыз?

– Ғабең мен Жезқазғанда бастық болып тұрғанда бір-екі дүркін келіп, кетіп жүрді. Сырттай көріп жүрдім. Бірде ақын Сырбай Мәуленов мені Алматыға қонаққа шақырды. Барсам, сол үйде Ғабит отыр екен. Мен «Ұларым» дейтін өлеңімді оқыдым. Қабағын серпіп тастап, тыңдап отырды да: «Шырағым, қанатын желпіп, қабағын серпіп деген теңеуді жақсы тауыпсың» деді. Мен: «Ғабеке-ау, Ұлпан мен Есенай кездескенде Ұлпан қабағын серпіп қалған жоқ па еді. Бұл  сөзді мен сізден алғам» дедім. Түрегеліп келіп бетімнен сүйді. «Ақындар теңеуді қара сөзден іздеу керек» деді. 

Ал, Сәбеңмен одан да жақын болдым. Алғаш Бурабайда таныстық. Сөйтсем, Сәбең менің әкемді және алғашқы ұстазым Молдакеңді де жақсы біледі екен. Қасымда тағы басқа азаматтар бар дастархан жайып, қонақасы бердік. Соңында Сәбең әдеттегідей уыстап алып бізге ет асатты. Соңында бірге суретке түстік. Атанарда Сәбең жарықтық: «Кәкімбек, мүмкін айтарың бар шығар, ағыл-тегіл сый көрсеттің, бұның өтеуіне не істейін» дейді. «Ойбай, Сәбит аға, сіз білмейсіз, менің сауатымды ашқан «Жұмбақ жалауыңыз», бұл – соның өтеуі» дедім. Тұрған бойда кітапты басынан бастап жатқа сайрай жөнелдім. Сәбең шалқасынан түсті. Содан бастап мені қатты жақсы көріп кетті. 

Бірде мені өндіріс басқарып жүрген қаламгер ретінде Қазақстан Жазушылар одағының конференциясына шақырды. Қазақ әдебиетіндегі өндіріс тақырыбы бойынша баяндама жасап болып, орныма келіп жайғасып отыр едім,  күтуші бала бір жапырақ қағаз әкеліп ұстатты. Қарасам, Сәбең жазған екен: «Кәкімбек қалқам, жиналыстан соң кетіп қалма, мені коридорда күт!» депті. Шығып күтім тұрдым. Елдің бәрі кетіп болды. Бір заманда қасында фототілшісі бар Сәбең келді. Бірге сурет алдырдық. Ертеңінде екеуміздің бірге түскен суретіміз «Қазақ әдебиеті» газетінің бетіне шыға келді. 

1970 жылы Сәбит Мұқанов 70 жасқа толды. Оны Қызылжар өңірі үлкен той етіп өткізді. Біздің Жезқазғанға келе алмады. Содан өзіміздің жігіттер  бас қосып Сәбеңе қандай сыйлық жасаған жөн деп ақылдастық. Жезқазғандағы әскери бөлімнің бастығы айтты: «Біздің мұражайда алғашқы ғарышкер Юрий Гагариннің антеннасы бар, соны сыйға тартайық» деді. 

Гагариннің антеннасы Жезқазғанда қайдан жүр?

– Гагарин ғарышқа Байқоңырдан ұшты емес пе, ол қайта жерге түскенде мініп барған ғарыш кемесі бөлшектеніп Жезқазғанның даласына шашылып қалған. Соны әскерилер барып жинайды. Осылай ғарыш кемесінің антеннасы біздің әскерилердің қолына келіп түскен. Осыны Сәбеңе апарып сыйға тарттық. Антенна толық жұмыс істеп тұр екен. Теледидарға қосып көрсеттік. 

– Евней Букетов пен Жайық Бектұров ағаларыңыз жайлы не айтасыз?

– Евней аға екеуміз – жерлес адамдармыз. Ол кісімен алғаш шығармасы арқылы сырттай таныстым. Мәскеуде оқып жүргенде үнемі кітапханаға барам дедім емес пе. Бір күні кітапханаға барып, газет-журнал қарап отырсам, бір газеттің бетіне үлкен сыни мақала жарияланыпты. Авторы – Евней Букетов екен. Ақын Тайыр Жароковтың аудармасын сынапты. Тайыр – үлкен ақын, оны сынаған адам да осал болмауы тиіс деген ой келді.  Іштей түйіп қойдым.

Содан студент болып жүргенде Текелі кенішіне өндірістік тәжірибеден өту үшін елге келдім. Осы сапарымда тұңғыш рет Алматыны көрдім. Евней Букетовке әдейі іздеп барып сәлем бердім. Оқу бітіретін жылы ауылға келсем, бала кезден бірге оқып, бірге өскен досым, бүгінгі белгілі архитектор Шота Уәлиханов жүр екен. Шөкең айтты: «Евней аға да елге келіп жатыр» деп. Барып, кездесіп, бірге жүрдік, сырлас-сыйлас болып кеттік. 

Бертінде мен Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғанымды радиодан естіген Ебекең: «құтты болсын!» айтты. Мен қарап тұрмай: «Неге дұрыстап құтты болсын айтпайсыз…» деп қалжыңдадым. Сондағы айтқаны: «Кәкімбек, мақтағаннан адам өлгенін көрген жоқпын, оқыс жамандаудан адамдар өліп кетіп жатыр» деді.

Ал, Жайыққа мені таныстырған тағы да осы Букетов. Жайық ағаның білмейтіні жоқ. Керемет шежіре адам, бірдеңені айтсаң болды, оның ақиқаты былай деп жалғап алып кете береді... 

 Осындай жақсылардың көзін көріп, сөзін тыңдадық, қарағым!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?