Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жыраулар поэзиясындағы елдік идея

2099
Жыраулар поэзиясындағы елдік идея - e-history.kz

Жекелей шаңырақ тіктеп, хандық құрған қазақ халқы үшін XV-XVI ғасырларда ең басты мәселе – жаңа құрылған жас хандықты қорғау мен күшейту болды. Бүкіл қоғамдық ой-сана, елдің аңсары – ұлттық тұңғыш мемлекеттік сананы қалай да сақтап қалу-тұғын. Сол кезде елді жұмылдырып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын, барлық ру мен тайпаларды бір орталыққа қаратып, ішкі алауыздықты тыятын әрі сыртқы дұшпандарға тойтарыс бере алатын әмірші керек екенін жақсы түсінген жұрт мемлекет күшті болу үшін ақылды да айбарлы хан керек деген идеяны дәріптеді.

Халық арасындағы, қоғамдық санадағы осындай жоталы идея мен хандық идеяны барынша жақтап, елді соған үгіттеуге айрықша күш салған қайраткерлердің ішінде жыраулар мен би-шешендер өздерінің жалынды сөзімен де өрнегімен де ең басты рөл атқарды.

Жыраулар – мемлекеттегі, әсіресе хан сарайындағы көреген саясаткер, ханның ақылгөйі, мемлекеттің бас идеологы, қолбасы әрі дауылпаз ақын бола білді. Олар хан кеңесінің белсенді мүшесі болған, мемлекетті басқару ісіне тікелей қатынасып, саяси, әскери, қоғамдық мәселелерді шешуге барынша жәрдемдесіп отырды. Соғыс кезінде жыраулар әскери кеңесте де, ханның жеке өзіне де өз ойын ашық айтып, бағыт беріп, қамқорлық жасады. Қиян-кескі ұрысқа түсер алдында жауынгерлерге арнап жыр толғап, олардың намысын қайрап, рухын көтерген еді. Тіпті қажет болған жағдайда өздері де шайқасқа қатысып, ерліктің үлгісін көрсеткен, сондықтан жыраулардың біразы қолбасы да болып, тайпалар мен руларды да басқарды. Жыраулардың көбіне әрі суырып салма ақын, әрі батыр, әрі сәуегей болып келуінің басты себебі – сол тұстағы Қазақ хандығының өмір-салты мен тұрмыс-тіршілігінің көшпелі-бақташылық болуына және ұдайы жаугершілікті басынан кешіруіне байланысты еді.

Жыраулар поэзиясындағы ең басты тақырып – Қазақ хандығын құраған ру мен тайпалардың татулығы мен бірлігі және мемлекетті нығайту мен оның жауынгерлік күшін арттыру болды. Ал мұның өзі жыраулар поэзиясында ең мәнді де, маңызды етіп қаһармандықты, елінің тәуелсіздігі мен мемлекетінің нығаюы үшін жан аямай күрескен батырлар мен қайраткерлерді мадақтап, көтермелеп жырлау дәстүрін қалыптастырды. Сөйтіп, жыраулар өз шығармаларында идеалды әміршінің бейнесін жасады, сонымен қатар адамдар жоқшылық көрмей, бақытқа кенелген утопиялық қоғамды да суреттеді.

Утопиялық таным-түсініктер, арман-аңсарлар және жоба-жорамалдар көбінесе қоғамдағы қарама-қайшылығы мол өліара, өтпелі кезеңдерде пайда болады. Кез келген әлеуметтік утопияның өрнек-өрімінде тіршілік пен тұрмыстың бүгінгі тұрқына қанағаттанбаушылық, соған сәйкес қиюы қашқан дәуір дидарына басқа бір балама бейнені қарсы қоюшылық жатады. Осы алғаусыз аксиоманы ортағасырлық ордалы ойшыл, жыраулық үлгі жампоздарының бірі – Асан Қайғының жерұйықнамасы да растайды.

Ол өмір сүрген XV ғасырда Еуразия құрлығы беймәлім бетбұрыстар мен өктем өзгерістердің аласапыран алаңына айналып, жарты жалғанға билігін жүргізіп келген құдіретті Алтын Орда бір-біріне тәуелсіз бөліктерге ыдырады. Бір бәйтеректің бұтағындай тамыры ортақ, тағдыры орайлас туыстас түркі тайпалары ынтымақ-ымырадан айырылып, берекесіздікке түсіп кесірге килікті. Сыртқа сойыл сілтемей, өзіне өзі шеңгел салғаннан тоят тапты. Ағайындық азып, ара ажырады. Шу-Талас төңірегінде тәуелсіз ту көтерген Қазақ хандығы да қашса құтқармас тарих толғағының жаратындысы секілді көрінді. Аспан асты, жер үстін қырық құбылтып, тоқсан түрленткен дүрбелеңді дәуір, әлбетте, өзінің мұраттарымен өзектес утопияны туғызбай қоймайды.

Белгілі бір қоғамдық құрылысқа қатысты қарастырғанда, утопияларды жіктеудің жүйесінде бірізділік жоқ (кеңістік, мезгілдік, діни-мифологиялық, саяси, т.с.с.). Мұндай машақаты көп мәселені шарттылықпен ғана шешуге болады. Осыған орай біз де утопияны мемлекет және мемлекетаралық қатынас тұрғысынан барлап-бағдарлап, үш топқа бөлдік:

1. Құтты қоныс немесе қайырымды қоғам туралы утопия (Мысалы, Платонның «Мемлекет», Ямбулдың «Күн елі», Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», Бэконның «Жаңа Атлантида», Андреастың «Христианополис», Гаррингтонның «Океания республикасы», Герцкидің «Фрейландия» шығармалары, тағы басқалары). Жалпы, кеңістік және уақыттық, сондай-ақ, «әділ әкім» туралы утопиялық тұжырымдамалардың мазмұндарында айырым болғанмен, мақсат-мұраттарының тоғысар тұсы біреу-ақ. Ол – кемел қоғам туралы қағида.

2. Жаугершілікпен, жиһангершілікпен ұштасқан отаршылдық утопия.

3. Елдік бүтіндікті сақтау не бас сауғалау сипатындағы қорғаныстық утопия.

Асан Қайғының «Жерұйығы» утопиялардың алғашқы тобына жатады. Осы жерде отырықшы және көшпелі халықтардың менталитетіне сәйкес айырмашылықтар назарға бірден ілігеді.

Жыраудың Жәнібек ханға қарата айтқан «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің!» және «Қырында киік жайлаған» деп аталатын толғауларында жырау халықтың мүддесі, елдің бірлігі, жұрттың тағдыр-талайы туралы айтып, сол тұрғыда сөйлейді, ханға Атамекен мен елдің болашағы жайында өз ойын қымсынбай, ашық, жырауға тән мінезбен толғайды. Қазақ хандығын құрғанын қолдағанымен, Ноғай Ордасынан мүлде қол үзіп кеткенін жақтырмайды, өйткені Асанның ойынша, ноғай-қазақ ордасы – бір ел, бір жұрт, демек, олар ынтымақта өмір сүруі тиіс. Олай болмаған күнде халық басына бодандық түсу қаупі бар екенін сезеді.

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң түзіп, жаман болар,

Қарағайдың басына шортан шығып,

Балалардың дәурені тамам болар.

О күнде қарындастан қайыр кетер,

Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер,

Ұлың, қызың орысқа бодан болып,

Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер?

Бұл сөз айтылып отырған кез –XV ғасыр. Тарихтан белгілі XIV ғасырдың соңында Алтын Орда ішкі алауыздықтан әлсіреп, өзіне бағынышты Русьтен алғашқы соққы ала бастады. XV ғасырда Мәскеу Русі орыс жерлері мен князьдерін бір тудың астына топтастырып, күш жинап, үлкен мемлекетке айнала бастады. Ол ыдырап бара жатқан Алтын Ордаға азуын көрсете бастады. Ал 300 жыл бойы Азия мен Еуропаны билеген Алтын Орда бірнеше хандыққа бөлініп, өзара қырқысуға түскен еді. Соның салдарынан олар күшейіп келе жатқан Мәскеу Русіне оп-оңай олжаға түсіп жатты, Азау, Еділ секілді біршама жерлерінен айырылып та үлгерді. Міне, осындай жайлардың куәгері болған Асан ел тағдырын ойлап күңіренеді, ел басқарып отырған хандардың жақындап қалған қауіпті сезбейтініне күйінеді:

Аңдып жүрген көп дұшпан,

Елге жау боп келеді...

Мұны неге білмейсің?

Ертісті өрлеп орыс жүр,

Тіл алсаң, іздеп қоныс көр...

XV ғасырдағы қазақ жырының аса көрнекті өкілдерінің бірі – Қазтуған Сүйіншіұлы. Жырау шығармаларында елге, жерге деген шексіз сүйіспеншілігі «Алаң да алаң, алаң жұрт» толғауында айқын көрінеді.

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ағала ордам қонған жұрт.

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт.

Анамыз біздің Бозтуған –

Келіншек болып түскен жұрт.

Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт!

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт...!

Жыраудың туған жерге деген айрықша сезімін «Салп салпыншақ анау үш өзен» атты толғауында көрінеді. Елінен алыстаған жырау сағынышын сол жерлерді айрықша әсірелеп, әсерлеп суреттеу арқылы береді. Туған жерін бақ пен ырыс қонған, құтты қоныс ретінде танытады.

Салп-салпыншақ анау үш өзен –

Салуалы менің ордам қонған жер.

Жарлысы мен байы тең,

Жары менен сайы тең,

Боташығы бұзаудай,

Боз сазаны тоқтыдай,

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған,-

Қайран да менің Еділім...

Жалпы, мазмұны мен әлеуметтік мағынасы, көркемдік-бейнелік қасиеттері жағынан Қазтуған шығармалары – Асанның толғаулары секілді қазақ халқының өз алдына отау тігіп, жеке мемлекет құра бастаған шағындағы елге құтты қоныс іздеу идеялары мен жайлы мекенге орналасу мәселелерінің поэзиялық түрдегі шешімі деуге болады. Сол себепті онда өзінің ежелгі отанын дәріптеу орын алған.

Милитаристік жырау Доспамбет толғаулары да ерлікке үндейді. Қасиетті өзен Жайық бойы ежелден тұнған тарих болса, жауынгер жырау жырларында Жайық азаттық жолындағы күрес тарихының ұйытқысындай елес берді. Жыраудың:

Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда?!, –

деген жыр жолдарындағы жорықтың асқақ үнді, өршіл рухты сарыны Ақ Жайық бейнесімен астасып, бейбіт күндерді аңсаған темірқазық іспетті. Мұның өзі жыраудың ерлікті дәріптеумен бірге бейбіт өмірді армандағанын көрсетеді.

Ал енді, Қазақ хандығы күшейе бастаған кезі мен дербес мемлекет ретінде басқа көршілес елдерде танылып, үлкен ордаға айналған тұстағы жыраулар поэзиясы бұрынғыдан да гөрі саяси-әлеуметтік мәнге ие болды, онда жалпы мемлекеттік проблемалар сөз болумен қатар, әміршіге, оның іс-әрекетіне деген наразылық та білінді, сын да айтылады. Сол кезеңдегі аса ықпалды жыраулардың бірі болған – Шалкиіз Тіленшіұлы.

Жыраудың Би Темірдің жанында жүрген кезде айтылған толғауларының дені елдік және ерлік мәселеге бағышталған. «Би Темірге айтқан бірінші толғау», «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны» толғауларында әміршісіне ақыл-кеңес айта отырып, сынға да алады. Әміршісін хаж сапарынан қайтарып, «Егер кетсең, халқың иесіз, бассыз қалады» - деп, имандылықтың шарттарын алға тартады.

Жылағанды уатсаң,

Жығылғанды тұрғызсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірінің үйі Бәйтолла

Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты.

«Жиембет, Марғасқа өлең, жырларынан былай қарай елмен соғысушы сырт ел түстеліп аталып, оның қазақ жері мен еліне салған бүліншілігі, дұшпанмен ұстасқан кездегі болған жайлар жөніндегі мәліметтер молығады» - деп жазады жыраулар поэзиясын зерттеуші ғалым М.Мағауин.

Қол-аяғым бұғауда,

Тарылды байтақ-кең жерім!

Арманда болып барамын,

Қоштасуға аял жоқ.

Қалқаман, Шоран ерлерім!

Қайырылып қадам басарға,

Күн туа ма, мен сорға

Өзен, Арал жерлерім?! –

деп Жиембет толғауында халықтың басына төнген нәубет кезеңді осылай суреттейді. Кіндік қаны тамған жерін қимай, кең-байтақ жерінің тарылғанын байқап налиды.

XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген, қазақтардың жоңғарларға қарсы күресін ұйымдастырған, қазақ сапының алдында шайқасқан батыр жырау – Ақтамберді Сарыұлы. «Ақтабан-Шұбырынды» кезеңінде Орта жүзге қарайтын руларды басқарған. Жоңғар мемлекеті күйрегеннен кейін, азат елді атамекенге орнықтыруда орасан еңбек етеді. Өзінің «Күлдір-күлдір кісінетіп» атты толғауында жауынгер жырау ретінде ғана емес, Асан секілді ел қамын жеген, халық хәлін жақсартуды көксеген абыз жырау деңгейіне көтеріледі. Егер Асан қайғы елге құтты қоныс іздеп, жер шарласа, Ақтамберді ондай Жерұйықты өзінің поэзиясында бейнелеп, ырысқа кенелген, елінің шат-шадыман өмірін суреттейді. Соның ішінде ен даланы еркін жайлаған көшпелілердің өмір салтын, табиғатпен біте қайнасқан кіршіксіз жан әлемін асқан шеберлікпен жырлайды.

Қазақ әдебиетінің тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі – Бұқар Қалқаманұлы. Жырау толғауларының денінде халқының болашағын ойлап, өзі ақылшы болған Абылай ханға кеңес беріп отырады.

Жар басына қонбаңыз,

Дауыл соқса үй кетер,

Жатқа тізгін бермеңіз,

Жаламенен бас кетер...

Бұқар жырау – қазақтардың үш жүзінің басы қосылып, бір орталыққа бағынған күшті мемлекет болуының насихатшысы болды. Мемлекеттің үлкен қайраткері әрі идеологы болған Бұқар жырау үшін ең басты мәселе –Қазақ хандығын сақтап қалу, оның тәуелсіздігін қорғау, үш жүздің ауызбірлігі мен ынтымағы, көрші елдермен бейбіт қатынаста болу. Жырау қазақ мемлекетінің өз тұсындағы жағдайымен бірге келешегі үшін толғанады. Ресей мен Қытай мемлекеттерінен қауіп төне бастағанын сезеді. Оның үстіне Бұқар жырау Ресейдің біртіндеп шығысқа еніп бара жатқанын, қазақ жерінің сыртын орай қамал-бекіністер сала бастағанын көреді, содан қауіптенеді. Қаруы күшті, әскері де көбірек Ресейдің қазақ жеріне ерте ме, кеш пе ауыз салатынын сезеді. Онымен соғысуға қазақ елінің дәрменсіз екенін де жақсы білген соң, Абылай ханға орыспен соғыспа деп кеңес береді. Алдағыны айна-қатесіз болжаған жырау туған халқын отаршылдар озбырлығынан, қиянатынан сақтандырады. Жат жұрттықтардың жылы сөзіне, әшекей-бұйымдарына алданбай, заман шындығына терең үңілу керектігін ұғындырады. Ел бірлігін, жер тұтастығын сақтау жолдарын нұсқап, «Мәңгілік елдің» ұстанар басты моральдық-этикалық негіздерін көркемдік танымда жаңғыртады. Текті менен тексіздіктің, тереңдік пен таяздықтың, жақсы менен жаманның ара жігін айыруға ой салады.

Күнбатыстан бір дұшпан,

Ақырда шығар сол тұстан.

Өзі сары, көзі көк,

Бастығының аты поп.

Құдайды білмес, діні жоқ,

Осы сынды бір кәпір,

Жаяулап келер жұртыңа,

Жемірлерге жем беріп,

Ел қамын айтқан жақсыны

Сөйлетпей ұрар ұртына.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды.

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар құлыңнан.

Тексізді төрге шығарып, –

деп, қазақ халқының басынан өтетін ауыр ақуалдың бәрін алдын-ала болжаған еді. Елді қауіптен құтқарып, хандықты сақтап қалу үшін Абылайханмен бірлесе қолдан келгеннің бәрін істейді, соған күш-қуатын, ақындық талантын, шын тілегін жұмылдырады. Аса тәжірибелі ақсақал көрші мемлекеттердің саясатын өте жақсы білген, сондықтан Абылайханға айлакер жаудың шабуылынан бұрын елді Сырдарияның арғы жағына, Жиделі Байсын жеріне көшіру қажеттігін айтқан еді. Өзінің бұл ойын жырау тарихқа сүйеніп қана дәлелдемейді, сондай-ақ, ол өзге кітаптарға да жүгініп, ондағы шүршіттердің жаугершілікке шығатыны туралы сөз болатынын тілге тиек етеді.

Қазақ халқының басынан өтетін алапат қиындықтардың бәрін алдын-ала болжап, біліп отырады. Сондай-ақ, «Еліңнің қамын жегейсің» немесе «Ханның жақсы болмағы – Қарашаның елдігі» - деп, халық пен хан арасында дәнекер болады.

Осылайша XVIII ғасырдың соңынан бастап қазақ әдебиетінде жаңа тақырыптағы жыр үлгісі пайда болып ол XIX ғасырда зор қарқынмен дамыды. Ол – ұлт-азаттық поэзиясы еді. Ресейдің отаршылдық саясаты мен іс-қимылдарына қарсы болған халық көтерілістерін жырлаған жыр өрнегі-тұғын. Ол XX ғасырда да өшкен жоқ. Сонымен қатар лирикалық поэзия да өрістеп, оның да жырлаған мәселесі – отаршылыққа қарсы болды. Басты тақырыбы қазақ жерінің сақталуы мен халықтың ішкі еркіндігі еді. Жалпы жыраулар жырмен жалғасып сабақтастық алған тәуелсіздік идеясы XIX-XX ғасырларда да әдебиетімізде өз жалғасын тапты. Әсіресе бұл идея Алаш зиялыларының шығармашылығында барынша айқын көрініс тауып әдебиетте де көркем түрде әдемі бой көрсетіп отырды. Сөйтіп халықтың, қоғамның тарихи жадын, рухын, санасын оятуға мейлінше мол еңбек сіңірді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?