Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Балаңыз ойыншықпен емес, болашағымен ойнап жүрмесін

1346
Балаңыз ойыншықпен емес, болашағымен ойнап жүрмесін - e-history.kz

Бүгінгінің баласы шыбықты ат қылып мініп, асық ойнап, алыспайды. Қаладағысын айтпағанда, ауылда өсіп жатқандардың өзі көк жәшікті айналсоқтап, телефонға телміреді. Мұндайда төрт қабырғалы бөлмеден аттап шыға алмайтын қаланың баласын тіпті де аяп кететінің рас. Ашық аспанның астында асыр салып ойнай алмаған бала еріксіз мультфильмдерді мүлт жібермейді, ойыншықтарды алданыш етеді. Бірақ бала ойыншықпен ойнап жатқанда, біз – ата-ана болашағымызбен ойнап жүреді екенбіз. Неге?

«Жапырақ тамырдан нәр алады». Ұрпақ адаспауы үшін ол да тұнығы лайланбаған тереңнен нәр алуы керек. Сол нәр балаға ойыншық арқылы да беріледі. Өйткені балабақшадағы тәрбие мен шетелдің мультфильмдерін былай қойғанда, бір ғана ойыншық арқылы біз балалардың санасын улап жатырмыз дегенді айтады психологтар мен ұлттық ойыншық шығарумен айналысып жүрген санаулы бизнесмендер. 

Абай Жетінші қарасөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады... Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген», дейді. Бүгінгі күні баланың сол білсем екен деген қиялын тісі ақсиған Хагги Вагги, Фредди, шашы жалбырап, бет-аузынан қан аққан Чаки, құбыжық бейнесінде Фнаф, көзі аққан Мангл «қанаттандырып» жүр. Қазақ батырының бейнесін елестеткенді қойып, естіп те көрмеген бала «Өрмекші адам», «Бэтмен», «Супермен» болғысы келмей, қайтсін?!

Қазақы ойыншықтардың жеті бірдей түрін шығарып жүрген «Жеті өнер.kz» компаниясының директоры Ерасыл Қасықбаев ойыншықтардың бала дамуына ерекше ықпал ететінін айтады. «Ойыншық – баланы уақытша алдайтын құрал ғана емес, ол танымдық дүние. Зиялы ұлт болып қалыптасу үшін баланың интел­лектуалдық дамуына ерекше көңіл бөлген жөн. Яғни бала ең алдымен, саусақ ұшының сезуі арқылы өзі ұстап отырған зат туралы түсінік қалыптастырады. Қолдағы моторика мен сенсориканың дұрыс дамуы, логикасы мен есте ұстау қабілетінің дамуына ықпал етеді. Өйткені мидағы осы ұсақ моторикаға жауап­ты орталық пен сөйлеу орталығы және интеллектуалдық орталық үшеуі бір-біріне жақын орналасқан. Демек осылардың біреуі дұрыс дамымаса, қалғандарының әрекет етуіне кері әсер етеді», дейді Ерасыл Сәкенұлы.

Демек бала немен ойнаса, ертең соның «жолын қуады». Елімізде 2007 жылы 21 шілдеде қабылданған «Ойыншықтардың қауіпсіздігі» туралы заң бар. Соған сай Білім және ғылым министрі 2008 жылы 10 маусымда №337 бұйрық бойынша ойыншықтарды педагогикалық-психологиялық сараптамадан өткізу ережесін шығарған болатын. Біз көтеріп отырған мәселені де осы құжат шешуі тиіс еді. Алайда, 2011 жылдың 15 шілдесіндегі Қазақстан Республикасының заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бұл сараптаманың қажеттілігі алынып тасталады. Көз түгіл, көңілді де қуантып үлгермеген ұлттық стандарттың енді қайта қалпына келуі мүмкін бе?

Мұндай стандарттың өзге елдер шегелеп бекітіп те қойғаны анық. Деректерге сүйенсек, Германияда балалар ойыншығына жарты ғасырдан бері «Spiel gut» деген ұйым сараптама жүргізіп келеді екен. Онда ойыншықтарды психологиялық-педагогикалық сараптамадан өткізу де міндеттелген көрінеді. Яғни бұл белгі қойылмаған ойыншықтар Германияның базарына шығарылмайды. 

 «Бала тәрбиесі – өнер. Өнер болғанда ауыр өнер. Жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Бала тар ойлы, ақымақ болса бала кінәлі емес. Тәрбиеші  кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса бала айыпты емес. Тәрбиеші жазалы» демей ме Мағжан Жұмабаев! Сондықтан қалай болғанда да ойыншықтың ең алғашқы сарапшысы ата-ана болуы қажет сияқты...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?