Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елін сүйген еңселі тұлға

1707
Елін сүйген еңселі тұлға - e-history.kz

Қазақ халқының үлкен бір шоғыры тарихтың толқынымен, тағдырдың жазуымен, арғы жеті ғасырды айтпағанда, бергі бір жарым ғасырға жуық Алтай тауының күншығыс бетінде, Монғолия жерінде мекендеп келе жатыр. Монғолиядағы жүз елу мыңдай қазақтың түп тамыры – қалай айтса да, ұлттық әкімшілік құрылым Баян-Өлгий аймағы. 

Өткен күнде белгі бар

Баян-Өлгий қазақтары қазіргі кезеңде осы мемлекеттің тең дәрежелі халқы ретінде өзін толық сезінген, ұлттық әкімшілік басқару құрылымы қалыптасқан және өз ана тілінде білім алатын мүмкіндікке ие жағдайда. Сонымен қатар, олар мемлекетті басқаруға, заң шығару, қабылдауға қатысып, қазақ әлемімен және дүние жүзімен еркін байланыс жасайды, барлық қызметтік салада кадрлармен толық қамтамасыз етілген. Бұл – бүгінгі күннің ақиқат жетістіктері. Алайда осы бір кемел жетістікке жетуге дейінгі жолға қаншама буын ұрпақ өздерінің қажырлы еңбегін, ақыл-ойын, маңдай терін сарп етті десеңізші. «Мәскеу бір-ақ күнде салынған жоқ» деп орыс халқы айтпақшы, Баян-Өлгий аймағы, аймақ орталығы Өлгий қаласы да бірте-бірте даму жолынан өткеніне тарих беттері куә. 

«Мен көргенде бұл Өлгий – сылдыраған тас қана» деп ақиық ақын Ақтан Бабиұлы жырлағанындай, 1940 жылы қараған ұйысқан тасты түбекте тігілген үш-төрт киіз үйдің орны төрт түмен халқы бар қалаға айналуына, жалпы аймақтың еңсе тіктеп нығаюына алғаш негіз қаласып, зор үлес қосқан тарихи тұлғалардың бірі қоғам қайраткері Жеңісхан Дүзелбайұлы екендігін Баян-Өлгийдің бүгінгі, ертеңгі буыны лайықты деңгейде сезініп, біле жүрсе игі.

Дүние – үлкен көл,

Заман – соққан жел,

Алдыңғы толқын – ағалар,

Артқы толқын – інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер, - 

деп қазақ ақыл-ойының биігі Абай айтпақшы, көлдің бетін алай-дүлей дауыл толқытқандай, өткір пышақтың жүзіндей қылпыған заманда қызмет жасап, өнегелі өмір сүрген Жекеңдей тұлғаларды «көзден кетсе көңілден кеттіге» саймай, елі үшін еткен еңбегін санада жаңғыртып, лайықты ұлықтап, дәріптеу арқылы бүгініміз бүтін, ертеңіміз бекем болмақ.

Осы мақсат-парызды жүзеге асыруға аз да болса үлес қосу тұрғысында, Жекең ақсақалдың адами болмысына, қайраткерлік тұлғасына ой жүгіртіп, қалам тербеуді жөн санадық. 

Жекенің ғұмырнамасы, оның ішінде шыққан тегі, балалық, жастық шағы, азаматтық өсу жолдары, басшылық қызмет атқарған жылдардағы өмір белестері, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де туған ел мен жерге тигізген игі жақсылықтары туралы өзі көзі тірісінде, өмірден өткеннен кейін де әр жанрдағы көркем шығармалар, тарихи шолулар, лебіздер жазып қалдырылған және жазыла да бермек. Олардың әрқайсысы өзіндік даралық сипатқа ие, әрқайсысы да Жекең бейнесінің алуан қырын аша отырып, қарапайым да бауырмал, батыл да принципшіл, мемлекетшіл тұлғасын көз алдыңызға әкеледі. Жекеңнің өмір жолы туралы бұл жазбалар – қайраткер тұлғаның дара бейнесі, әрі ол өмір сүрген тұтас бір дәуірдің жиынтығы, өткен күннің белгісі.

Біз көрген Жекең

Біздің бала кезіміздегі ең маңызды ақпарат құралы – әр үйде дерлік саңқылдап тұратын радиоқабылдағыш болатын. Радиохабарлардың монғолшасын түсінбесек те, «сегіздің хабары» дейтін бір сағаттық қазақша бағдарламаны үлкен-кіші, алқа-қотан отырып тыңдайтынбыз. Әсіресе, ресми хабар, репортаждардан кейінгі музыкалық бөлігі қызықты болатын. МХР Халық әртісі Ж.Қибатдолданың Қобда өзені, Өлгей қаласы туралы, түрлі кәсіп жайлы, сонымен бірге бірнеше тілде шырқайтын ойнақы әндері күн сайын дерлік беріледі. Біз оларды тыңдай-тыңдай жаттап та алғанбыз. Солардың бірі, жаңылмасам, мәтін, авторы Имашхан Байбатырұлыныкі болуы керек:

Е-е-й, өркенімде сан сала,

Ардагерім қаншама,

Есімдерін солардың,

Еске аламыз тамсана, -

деп бір лекітіп алып Баян-Өлгий аймағының қырық жылдық тарихында жеткен жетістігін тізбелей келе, осы дамысқа елеулі үлестерін қосып, еңбек сіңірген адамдарды басынан бастап түгел атап шығатын. Осы ұзақ толғаудағы:

Ноғай менен Қабиды, 

Халқым түгел таниды,

Солар алғаш көтерген,

Ең алғашқы ақ үйді.

Қашқынбай мен Жеңісхан,

Сол алғашқы ақ үйдің,

Уықтарын шанышқан, -

деген жолдар сол заман тыңдармандарының есінде болар, мүмкін, Өлгей радиосынан әлі де орындалып жүрген де болар. Осы тұста мектеп жасына толмаған мен атама: «Сонда бұл немене ақ үй? Кімнің үйі? Ол үйді қашан,  не үшін тікті? Қазір қайда?», - деген сияқты сан түрлі сұрақтарды жаудыртатынмын.

«Ноғай, Қаби, Қашқынбай, мына Жекең, яғни Жеңісқан ақсақалдар – Баян-Өлгий аймағын, Өлгий қаласын орнатқан кісі. Ақ үй деп соны айтып отыр ғой», - дейтін атам. «Өзім көргендегі ең алып қала Өлгийді орнатқан бұлар неткен керемет адамдар еді!», - деп қиялдаймын. 

Осы бір орта бойлы, ақшылдау қырбық мұртты, мұнтаздай киінген аққұба қарияға деген біздің буынның құрметін осылайша, алғаш радио қалыптастырғаны даусыз. Сол жетпісінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басына дейінгі ұлаңқұстықтардың әңгімесінің аса ризалықпен айтар әңгімесінің бір тұздығы МХРП Бас Хатшысы Ю.Цэдэнбалдың сұмынымызға келуі, Жекең үйіне баруы, Жекеңнің әр кезеңде билік иелерінен сұмын халқы үшін деп мектеп, көпір, балбақша, машина-техникалар сұрап алуы дегендей оқиғалар болатын-ды. Шапанының шалғайына орала өскен «шалдың балалары» біздер мұны құлағымызға құйып өстік. Яғни, еліміздің Жекеңе деген риясыз құрмет кәрі-жасқа бірдей ортақ болды деген сөз.

«Жекең өзі Цэдэнбал даргадан сұрап әперген» дейтін заманауи жабдықталған екі қабатты еңселі ғимаратта алаңсыз оқып білім алып жүргенде даталы күндер, тәрбиелік іс-шаралар бойынша ардагер атамен кездесулер ұйымдастырылу сәтінде өмір жолынан әңгіме тыңдағанымыз, ақсақалдың жиені Елеусіз досыммен ере барып, кейде үй маңындағы шаруаларына көмектесіп ризашылығын алғанымыз болмаса, дәуір шежіресімен бетпе-бет әңгіме-сұхбат құрып, естелік жазатындай жаста да деңгейде де болмаппыз. Сондықтан да біз елін сүйген елеулі тұлға – Жекеңнің адами болмысы жайлы жазбамызды үшінші жақта баяндап отырамыз. 

Тектіден текті туады

Біздің қазақтың өзгеден дара бір ерекше қасиеті болса, ол – адамды тегіне қарап тануы, іс-әрекетінің бағыт-бағдарына да осыған сай қорытынды жасап, ертеңіне сенім білдіруі болса керек. Сондықтан да халқымыз:

Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен,

Жанына жұртын жияды, -

деген уәжге әрқашан бас иіп келген. Және бұл сипаттың Жекеңнің өз басына, өзіне дейінгі ата тегіне де тән екендігіне төменде азырақ шолу жасап тоқталу арқылы көз жеткіземіз. Ол үшін Жекеңнің ата-тек шежіресін аз-кем қарастыралық.

Қазақы паспортпен баяндағандағы Жекең түп тегі тамырын Орта жүз Абақ Керейдің он екі арысының бірі Алты Шерушіден, оның Бақатының бір тармағы Бес Төлектен тартады. Осы ретте Алты Шерушінің ерекше бір тоқталып өтер тағдыр жолы – барша қазақ рулары арасындағы отаршылдық зардабын ең аз тартып, бодандық қамытын ең аз киген ел екендігі. Сонау Абылай заманында орыс бодамынан сытылып Өр Алтайға ауып, Бейжіңнен тура басқарылып, салық төлеп тұрғаны болмаса, өз еркі өзінде болғаны анық. Тоғам арық тартып, жер төсін еміп, аста төк ақ тарының арқасында ел болып ес жинап, есе теңдік алып «Егінші шеруші» атанған да осы ел еді.

Алтай беттің керауыз билерінің алым-салық, жайлау-қыстаулыққа қатысты орынсыз қыспақ-зорлығына жұмыла қарсы тұра жүріп Қобда бетке орнығып, кешегі халық төңкерісіне дейін, кейбір зобалаң жылдарды есептемегенде, жалпы азат өмір кешкендігі тарих алдындағы шындық. Демек, осындай бас азаттығы, ой еркіндігі бар жерде өрлік пен батырлықтың, өнердің сан түрі сипаты қанат жаятыны рас емес пе? Мұның нақты дәлелі – Ақтай, Жылқышы заманында Шеруші елінің жат айдынар айбары болып «Төлектің тоғыз қасқасы» атанған айтулы батыр-балуан, бай-бағлан ерлер, Алтайдың төрт тарабын айрықша сазгерлік өнерімен тамсантқан дәулескер күйшілер осы Бес Төлектен туып шыққан жоқ па? Ендеше, еңбекпен еңсесін тіктеген ер мінезді, еркіндік сүйгіш елден Жекеңдей тау тұлғалар шығуы тегін болмаса керек. 

Бес Төлектің Кәдірінен тарайтын бесеудің бірі – Өмірбек. Өмірбектен Жарқынбай, Ақжарқын, Сары, Жаныс, Қабыл. Жарқынбайдан жоғарыда атаған тоғыз қасқаның екеуі – Қырыққанбас пен Назар тарайды. Осы Назар батырдың бір баласы Бейіс өз заманында Мәнжі үкіметінен зәңгі шенін алған, өз заманының айтулы азаматы, әрі айтулы күйші адам болған екен. Зәңгі – шамамен жүз үйлік елдің билеушісі. Өмірбектен тараған ұрпақ Бейіс зәңгінің ел құрметтеген есімімен «Бешең аулы» атанған екен. 

Өнерді өміріне балаған Бешең аулының сән-салтанаты өз тұсында елден ерек болса керек. Домбыраны қазіргіше айтқанда, оркестрмен тарту, сыбызғымен қосып шерту, күй тілін тап басып ұғыну – бұл ауылдың кәрі-жасы үшін әдепкі жағдай болыпты. Шанағы тұтас шабылған қалақтай қара домбырасын қосыла бебеулеткен Бешең аулын қоңсылас өзге жұрт әзілдеп «Қырық қалақшаның ауылы» дейтіні де осы тұс болса керек. Расымен де Өмірбек әулетінен шыққан Бейіс, Сағынған, Сақтаған, Бердібай, Исабай т.б. ондаған белгілі күйшілердің дәстүрін жалғастырған өнерпаздардың ұрпағы бүгінгі күні сахна төріндегі кәсіби домбырашылықпен ұласып, қанат жаюда. Ақжарқын әулетінен тараған осы ауылдың бір жиені ретінде бір қара домбыраны маған да меншіктеткен еді, алайда күйшілік бізге дарымады.

Жекең, міне осындай еркіндік сүйгіш текті әулеттің, өнерлі ортаның тумасы. Жекеңнің ән мен күйді жанындай сүйгенін, құмарта тыңдағанын біз естелік жазбалардан және өзінің белгілеу дәптеріне жазылған: «Домбыра шерте алмаған, күйді түсіне алмаған адамның бойында қазақтың қаны бар екеніне күмәнім бар?», - деген сөзінен аңғарамыз. Демек, қазақтың қанында бар күй өнерін түсіне білген адам ғана – мінезге бай, салиқалы тұлға болып қалыптасса керек-ті.

Шежіре бойынша Өмірбектің Қабылынан Таласбай, одан Тұрымбай, Өзенбай. Тұрымбайдан Рақым мен Дүзелбай тарайды. 

1906 жылы Дүзелбайдың тұңғыш ұлы болып өмірге келген сәбиге Жеңісхан деген есім берілген екен. Қазақ ежелден сәбиге ат қойғанда көбінесе қасиетті кітабымыз «Құран» мен ислам дініндегі әулие-әнбие, сахабаларға немесе сол бала өмірге келген тұстағы айрықша тарихи оқиғаларға, белгілі тұлғаларға қатысты қойып жатады. Осы тұрғыда, біз 1906 жылы өмірге келген сәбиге неліктен Жеңісхан деген есім берілгеніне болжам айтымыз келеді. 

Біздің қолымызда Жекеңнің өзі немесе өзгелер жазып қалдырған деректер болмаса да, бұл есім осы кезеңде Он екі Абақ керейді билеген Жеңісхан төреге қатысты деп шамалаймыз. Яғни, 1788 жылдан бастап Абақ Керейді хандық сипатта басқарған Көгедай гүңнің ұрпағы Жеңісхан төре (Көгедай одан, Ажы одан Қасымхан одан Жеңісхан) 1890-1912 жылдары Бейжіңге тікелей бағынып, Өр Алтайда билік құрған болатын. Мүмкін, ата-анасы, абыз аталары мен әжелері «Осы сәби өскенде Жеңісхан төредей ел билейтін азамат болсыншы!», - деп іштей ырымдаған болар. Балаға қойылған аттың оның кейінгі тағдырына қалай әсер ететіндігі туралы сан мың мысалдармен дәлелденген болса, Жекеңнің тағдыр жолы да осының айқын бір куәсі болар. 

Болат қайнауда шынығады

Өзі туралы көркем шығармалар, естеліктер мен лебіздердің бірін бірі толықтырып, егжей-тегжейлі даралауы арқылы біз Жекең тұлғасындағы темірдей төзімділік пен сарабдал сабырлылық, қажеті туған кездегі көзсіз батылдықты, соған қоса жалпы адамзат баласына деген үлкен жүректі, мейірді айқын аңғарамыз. «Болат қайнауда, ер майданда шынығады» демекші, Жекеңнің балалық шағының өзі алағай-бұлағай үркін-қорқын, жетімдік пен жоқшылықтың зардабымен айқаса жүріп есею жылдары болғандығын көреміз. Айдың-күннің аманында Жаламаның шерігіне еріксіз айдалып Өрікті көлге барып, арпалысып жүріп Шүй асып, Ойғыр басып оралған қанды көштің азабын алты жасар бала аз тартпады дейсіз бе? Өз туысы, Бейісұлы Сейітжан күйшінің «Өрікті көл» күйінде осы бір қасіретті жылдардың зары жатыр ғой.

Он үш жасында әкеден, он алты жасында пана тұтқан атасы Тұрымбайдан айырылып, екі үйдегі топты жанның ендігі арқа сүйері ретіндегі жауапкершілігін мойнына алу – айтқанға ғана оңай болса керек-ті. Молдадан оқыған аз-мұз сауатының арқасында Иван орыстың жұмысына араласып, ауыр жұмыстың азабына қабырғасы қайыса жүріп шиеттей інілеріне қамқорлық жасауы – туысқа деген бауырмалдықтың үлгісі емес пе. 

«Білім алып, табыс тауып, әулетімнің аузын аққа, тақымын атқа тигізсем» деп талпынған Жекең бұл мақсатына толық жеткенін анық.

Жастайынан өмірдің қадіріне жетіп, еңбекпен табылған дүниенің құнын бағалай отырып, материалдық байлықтан адами ізгі қасиеттерді жоғары қоя білген Жекеңнің өмірлік ұстанымын мына жолдардан танимыз: «Дінде де айтылады: біреуге жақсылық жасағың келсе, алдымен жақыныңды жарлықа, содан ауылдасыңды жарылқа, – деп анықтаса да, осы біз дарақылықтан еліре ес жоқ, ит тірлікпен тапқан малды есепсіз шашатынымыз бар. Әр нәрсенің шегі бар, тірлігіңе керекті дүние, зат, там-тұмдай жиылады. Ал ес жоқ шашу – қас-қағымдық іс, оны қайта жию үшін сенің енді қанша өмірің бар?» 

Жекеңнің айтып отырған бұл есепсіз шашуы – Абай ескертетін «бес дұшпанның бірі ғой! Бұл да өмірдің талай соқпағынан өтіп, тіршіліктің қадір-қасиетін бағалай білгендік болса керек.

Ер барда – ел қор болмас

Жекеңнің ат жалын тартып азамат болып, Мәскеуден оқу бітіріп келіп ел ісіне араласқан тұсынан бастап Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейінгі кезең – нағыз «саптыаяқтың сабынан қарауыл қараған» сенімсіздік пен «ертеңгі атар таңым не болар?» дейтін торығулы, толқулы жылдар болғандығына тарих куә. Шеруші елінің түгелге жуық Алтай үркіп қайта оралуы, ел оралғаннан кейінгі аз тыныштықтан соң «төңкеріс жауларын (эсэргүү) ұстау» науқанының басталуы, Алтайдағы «Үш аймақ төңкерісінің» әсері, партизандық аттаныс, шекарадағы аумалы-төкпелі оқиғалар – мұның әрқайсысының Жекең үшін өз сынағы, ауыртпалығы болғаны анық.

Кезінде Жекеңмен сұхбаттасқан қаламгерлердің, өзге де адамдардың естелік жазбаларынан аңғаратынымыз – ақсақалдың өзі қызмет істеп жүрген жылдары жалған жала жабылып, «қоғамға қауіпті элемент» деп есептеліп, тағдыры қыл үстінде тұрған талай-талай адамдарға қолынан келгенше араша түскенін көреміз. Солардың арасында бірі кейіннен Баян-Өлгийдегі заманауи қазақ әдебиетінің, екіншісі театр өнерінің негізін қалаушылар қатарынан орын алған қайраткерлер – Ақтан Бабиұлы мен Қибатдолда Жұмапиұлы да бар екен. Нағашы ағам Бәйтейдің әңгімелеуіндегі, эсэргүү ретінде ұстауға бұйрық берілген белгілі күйші Байсыхан бастаған үш қазақ, екі тыва азаматын аман алып қалу үшін Жекеңнің Өлгийден сонау Дайынға дейін таң сөгіле аттанып, шапқылап баруы – шынайы ерлік емес пе? Ол адамдарды іздеп тауып, тірі қалудың амалын ескертіп, күнбе-күн қайта оралғаны – нағыз жанкештілік қой. Тіпті, терісіне бақса ішкі істердің өкілі-ақ Жекеңнің өз басын қоса шырмап кетер еді ғой. Мұндай қадамға бару үшін үлкен жүрек керек.

Жоғарыдағы әңгімемен мазмұндас жағдай полковник М.Қабдыраштың естелігінде де айтылады. Шекара басшысы Жекеңнің өзіне Алтай беттен асып қашып келіп жататын қазақтарды тура кері қайтарып, немесе соттап жібермей, боларлық жағдаймен елге сіңіріп алуды өтініп, кеңес бергенін айтады. «Осындайлардың кемінде 200-ден астам өзіміздің қаракөздерді ел ішіне сіңдіріп, жерсіндіріп жібердім. Бұл әңгімені Жекеңнің өзіне ғана айтқанымда қуанғанын-ай. Бұрын да жақасы араласушы едік, одан бетер мені жақсы көріп, әңгімелерін ашыла айтатын болды», - деп еске алады. 

Бүгіндері су ішкілігі бар сол екі жүзден астам адамнан тарап жапырақ жайып, жалғанның жарығын көрген мыңдаған ұрпақ өздерінің осы өмірдегі шат-шадыман тірлігіне әуелі Алла-Тағаланың шарапаты, одан кейін Жеңісхан Дүзелбайұлы атты үлкен жүректі азаматтың себеп болуы екендігін білмейтін де, ол туралы естімеген де болар. «Шынайы ерлік елеусіз жасалады» деген осы емес пе! «Ер барда – ел қор болмас» деп қазақ бекер айтпаған ғой.

«Ел аман болсын деп ұрандаймыз, Меніңше, адам аман болса, сол елің де аман болады, қоғам аман болады. Ең маңыздысы – тірі жүргенің», - деп өзі жазғанындай, Жекең жалаң сөз, құр ұранмен емес, нақты қамқорлықты ісімен алаш елін осылай аман сақтай білгендігін ұмытпайық.

Әркімге туған жері – Мысыр шаһар

«Мына ғасырда жер бетінде қазақтар қай жерге тұрақтап мекен етсе де бұрынғы бабалардың ат тұяғы тиіп, қойына өріс болған таныс өлке, ескі жұрт бәрі көне мекені. Жатсынбай, заманға сай жерсіну қажет. Қайда өмір сүргенің емес, ең бастысы – тірі жүргенің маңызды», - деп Жекең өзі жазғанындай, ата-бабасының тұрақтап мал малданып, жан жанданған қара мекені – Қызылқайың өлкесінің көркеюіне бір кісідей үлес қосқан адам болса, ол Жекең болар.

Баян-Өлгей аймаққа,

Қараған он үш сұмында.

Бәрінің де бұл сұмын,

Ағасы болған бұрында.

Бастауыш мектеп орнатып,

Ағартудың майданын,

Алғаш ашқан шынында, -

деп Ақтан ақын жырлаған Қызылқайың мектебінің алғашқы шәкірттерінің бір болған Жекең туған өлкесінен талай-талай білікті де кәсіби кадрлардың туып шығуына үлес қосқандығын жақсы білеміз. 

Жекеңнің: «Егер мықты тарихшы болғың келсе, алысты емес, өз ауылыңды жақсы тарат. Содан көршіңді және турған өлкеңді жақсы танып біл. Бұларды жатқа білген соң, әрине алысқа көз тік», - деген жолдарын біз алдымен өз ауыл-аймағыңның, сосын көршілес өлкелердің мұң-мұқтажын, қажетін білген соң, одан кейінгі масштабта әрекет жаса дегені деп те түсінуімізге болатындай. Және осылардың барлығы да Жекеңнің өмір бойғы елдік іс-әрекетінен байқалып тұратынын көреміз. 

Бұрын да болған, қазіргі күні тіпті белең алған қарақан басының қамын күйттейтін эгоистік көңіл-күйге Жекеңнің бойын билетпегенін біз естеліктерде айтылатындай, жекеменшік машина, пәтер иелену т.т. билік тарапынан ұсынылған игілікті мүмкіндіктерді туған Қызылқайыңына аса қажетті мәселелерді шешумен айырбастап отырғанынан аңғарамыз. Бұл – туған жерге, елге деген сүйіспеншіліктің, мемлекетшілідік сананың көрінісі.

«Мына жұрт «ұзақ жыл жұмыс жасадым, енді кәртейдім, – деп кәдімгі қойдың құйрығындай салақтаған қарыны шығып, үйінде жатып алатынды шығарыпты. Бұл меніңше, теріс. «Енді де денім сау болсын, ұзақ ғұмыр жасайын деп жұмыс жасау керек», - деп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де туған елі мен жерінің дамысына үлес қосып, белсенді өмір салтын ұстанған тұлғаның өнегелі ісі – кейінгіге үлгі емес пе? 

Сөз соңында

Мінеки, қайраткер тұлға Жеңісхан Дүзелбайұлының ғұмырнамасына көз салып, ой жүгірту барысында өзіміз байқап бағалаған ізгі қасиеттеріне азырақ шолу жасадық. Бүгінгі, кейінгі ұрпаққа бұл қасиеттерден үлгі ала білсе игі еді деген ниет. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?