Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Бап Тәңірі» Орталық Азия халықтарының  руханият ескерткіші

1483
«Бап Тәңірі» Орталық Азия халықтарының  руханият ескерткіші - e-history.kz

Тәңірі – Орталық Азия халықтарының құдайлар пантеонындағы басты тұлға, ең жоғарғы билік иесі, ол Көк аспанды мекендеген жаратушы. Бұл түсінік мыңдаған жылдар бұрын қалыптасты және исламның қазақ жерінде тарау ерекшеліктеріне байланысты біздің заманымызға дейін келді. Түрік халықтарының көпшілігі бұл терминді- Ұлы Тәңірі, Көк Тәңірі, Бір Тәңірі форматында қолданады. 

Мысалы өзінің 921—922 жылдардағы Еділ бойына саяхатында ислам таратушы ибн Фадлан Маңғыстау оғыздары туралы былай деп жазады «Егерде  әлдекім әділетсіздік құрбаны болса немесе оның басына бір келеңсіз іс түссе, ол басын аспанға  көтеріп «Бір Тәңірі» дейді, ал бұл оның «Жалғыз Тәңіріге /жалбарынам, салдым/» дегені, себебі түркі тілінде «бір» дегені «жалғыз», ал «тәңірі» олардың  тілінде «жаратушы» (Путешествие Ахмеда ибн Фадлана на реку Итиль и принятие в Булгарии ислама//На стыке континентов и цивилизации...(из опыта образования и распада империй Х ХVІ вв.). М.,ИНСАН,1996, с.22).

Тәңірі тақырыбы ғылыми әдебиетте көп жазылғандықтан біз бұдан әрі  біздің тарихнамадағы жұмбақ құбылыс «Бап Тәңірі» мәселесіне көшеміз. 

Бап Тәңірі  - қазақ ауызша дәстүрінде ұмытылған құбылыс, бірақ оның  негізгі және анықтамалық мағыналары сақталған. Мысалы, қазақ тіліндегі «бап» (заң мағынасында), «баптау»(сәндеу, әдемілеу, дайындау мағынасында) т.б. сөздердің түпкі негізі Бап Тәңіріге барып тіреледі. Сонымен бірге «бап» Орталық Азияның Түркістандық бөлігінде қасиетті жерлердің сакралды сипаттамасы және кейде топоним ретінде қолданылады (Арыстан бап, Түркістанда түмен бап т.б.).  Біздің зерттеулерімізге қарағанда «Бап» сөзі  өзінің түпкілікті мағынасында, оның өзінде де күнделікті қолданыстағы сөз емес, фольклорлық ұғым ретінде  саха (якут) халқында  сақталған. 

Саха деректері

Саха халқының аңыздары мен тарихи әңгімелерінде Бап Тәңірі (Бах таңара- деп те аталады) бұл саха халқының ата-бабасы ерте замандарда табынған пұт (идол, idol).

ХІХ –ХХ ғасыр басында Э.Пекарский құрастырған  «Словарь якутского языка» атты үш томдық сөздігінде  Тәңірі ұғымының анықтамалары, сонымен бірге Бап тәңірі (Бап таңара) сөзінің келесі анықтамалары бар: 

 «Таңара – 1) видимое небо; небо как божество. Таңара сарыақа – небо прояснится (қазақша таң сарғаяды болуы керек- Ж.А.), былыттах таңара –облачное небо, облачный день, пасмурная погода (бұлтты тәңірі-Ж.А.); күннах таңара – солнечное небо, солнечный день. 2) общее название добрых существ (=аjыы), добрый дух, бог, богиня,божество языческое; главное божество, живущее на седьмом небе (қазақ тілінде осыған ұқсас «Жеті қабат жер астында, Жеті қабат көк үстінде» деген ұғымдар бар -Ж.А.).

«Хан таңара – великое небо» (Пекарскийт.3, c. 3294). Қазақ тілінде  бұл ұғым  Хан тәңірі, Ұлы аспан түсініктерімен сәйкес келеді.

«Мэңэ таңара  (қазақ тілінде  –Тәңірі мәңгі- Ж.А.); Мэңэ таңара – неизмеримое небо, небо, местопребываніе бога; өлбөт мэңэ ута – вечная, оживляющая вода» (Пекарский, т.2, с.1558).

«Бап = баф, бах, бапъ таңара – идолъ, делаемый из гнилого дерева въ честь какого-либо духа, насылающего болезни» (Пекарский, т.3, c.2551).

Қазақ деректері

Қазақ жерінде  «бап» термині  Сырдария бойындағы көне қалалық қоныстар аймағында сақталған. Жергілікті халық бұл сөзді иран тілінен енген деп есептейді және мағынасы «қақпа»  деп түсіндіреді. Шын мәнінде бұл көп мағыналы сөз Түркістан аймағында өзінің негізгі төл мағынасында қолданылғанын біз бірнеше ескерткіштерге қарап айқындаймыз. Мысалы Түркістандағы Ахмел Йассауи кешеніне арнайы зиярат жолымен барған адам алдымен  Арыстан бапқа барып тәу етуі керек деген қағида бар.  Бұл қағида  «Арыстан бапқа-  түне, Қожа Ахметтен – тіле» деген сияқты қанатты сөздерге арқау болған.  Арыстан бап  Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жерде орналасқан  сакралды ескерткіш және көне қорым. 

Арыстан бап кесенесіне кірген уақытта сіз  негізгі мүрдемен қатар орналасқан  Лашын бап, Қарға бап сияқты қасиетті орындарды көресіз. Осылардан басқа баптар болды ма,  олар туралы естелік сақталды ма, ол туралы  біз күмбез басындағы шырақшылардан ақпарат ала алмадық.

Арыстан баптан басқа Түркістан аймағында «Түркістанда түмен бап, Сайрамда бар сансыз бап...» деген қанатты сөздер бар. Егер бұл сөзді оның  саха тіліндегі негізгі мағынасын есепке ала отырып талдасақ Түркістанда он мың бап, яғни пұт болған, ал Сайрамда олардың санына есеп жетпейді. 

Түркістан аймағында бүкіл баптардың басын қосатын мынадай бір шумақ  жыр жолдары бар: 

Сайрамда бар сансыз бап, 

Отырарда отыз бап, 

Түркістанда түмен бап, 

Баптардың бабы Арыстан бап, 

Ең үлкені Кален бап.

Отырардың қай жерде  екені  бәрімізге де белгілі, бұл Сырдарияның оң жағасында, Қаратауға  қарайғы  ораманды-далалық алқапта, яғни барапта орналасқан қала.  Бүгінгі күні көпшілік қолды және ғылыми әдебиетте Фараб атанып жүрген жердің көне түркілік жергілікті атауы Барап. Отырар қашанда өзінің сауда қызметі және шаруашылығы арқылы белгілі қала, белгілі дәрежеде әр кезеңде саяси орталық ретінде де қызмет атқарды, бірақ оның ғұрыптық қызметін Сайрам, Түркістанмен салыстыруға келмейді. Сол себепті «Отырарда отыз  бап»  деген түсінікті.

Баптардың «ең үлкені» Кален (Хален, Қәлен) бап ескерткіші Сайрам қаласы маңындағы ежелгі Қарамұрт қышлағында орналасқан. Жергілікті  ел  «Кален бап ағашы» деп атайды және оған үлкен сакаралды мағына береді.  Өлкетанушылар Кален бапты Ғұн дәуірімен, Мөде әулетінен тараған Кален (Хален) шаньиюмен байланыстырады. Шын мәнінде бұл атаудан біз иран тіліндегі үлкен деген сөзді аңғарамыз. Мысалы Бұхара шәріптегі Қарахан дәуірінде, атақты Қызыл Арыстан хан салғызған  мұнара  Калян (Калон) аталады,  яғни Үлкен мұнара.  Ғылыми әдебиетте  Арслан хан мұнарасы деп те аталады. Бұл бүкіл Орталық Азиядағы теңдессіз ғимарат әлі де Бұхара қаласына әдемі тарихи сипат беріп тұр. 

Тарихи тәпсір

Ғылыми деректерге қарағанда «Тәңірі» ұғымы алғаш рет Ғұн елін сипаттауға арналған  қытай жазбаларында  мынадай түрде 撑犁: «匈奴谓天为撑犁» : «Хуннулар Тяньді  (天 – бұл қытайша көк аспан, немесе көк жүзі ) Тәңірі деп атайды» кездеседі.

Көне түркі жазбаларында және көне түріктерге  қатысты қытай жылнамаларында шығыстағы және солтүстіктегі көшпелі халықтардың бас құдайларының бірі «Бат тәңірі» аталады. 

Ортағасырлық түркі халықтарында, соның ішінде көк түріктердің өз ішінде  мемлекеттік билік иесі Қаған әулеттері өз билігінің көзі Тәңірі деп есептейтіні  сына жазулар мәтіндерінен анық көрінеді. Мысалы Білге қаған жазуы былай басталады «Теңрі тег теңріде  болмыш Білге қаған бұ өдке олуртім», яғни Тәңрінің бұйрығымен мен Білге қаған бұл таққа отырдым.   Күлтегін батыр жыры «Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде Қара жер жаралғанда, екі арасында кісі оғлы жаралған екен» деп басталады. Бұдан шығатын қорытынды біреу-  ел билігі  Тәңірінің рұқсатымен ғана болмақ, Құт иесі болу ол да Тәңірінің ісі. 

Махмұт ал-Кашғари жазуынша Тәңірі бүкіл өсімдік атаулыны жаратушы және жай (нажағай) шақырушы. Түркітілдес халықтар «тәңірі» сөзін  көк аспан, шексіздік, жаратушы, өте биік ұғымдарының синонимі ретінде қолданады.  Осыған байланысты топонимиялық атаулар  Орталық Азия аумағында баршылық, соның бірі қазақ жеріндегі Хан Тәңірі шыңы. Әлішер Навои ХV  ғасырда жаратлыстың ең жоғарғы принципін сипаттағанда Тәңірі сөзін қолданады (Навои А. Хамса, Ташкент, 1986, I:XIV).

Сонымен «Тәңірі» ұғымы жалпы Орталық Азиялық дүниетаным теориясының  өзегі десек болды.  Тәңірі кереметінің басты нәтижесі- табиғат және  адам жаратылысы.  Тәңірі біздің қазіргі түсінігімізде  Құдай, немесе Аллаһ, сонымен бірге ол толып жатқан екінші қатарлы  жаратылыс туралы түсініктердің қайнар көзі.  Соның бірі  біз осы әңгімемізді арнап отырған  Бап тәңірі  (Бах таңара, Бат тәңірі). 

Бап тәңірі алдымен  Орталық Азия түркілері пантеонында  Бас Құдай, немесе Бір Тәңіріге арнап қасиетте жерлерде, көбінесе, ғұндар туралы қытай жазбаларына қарасақ, биік таулардың басында арнайы қойылатын тас және ағаш балбалдар мен құрбан шалу орындары. 

Екіншіден, бап Тәңіріден кейінгі қатардағы жаратушыларға  арнап қойылған белгілерге қатысты  атау.  Мысалы, қазақ даласындағы сынтастардың біразы белгілі бір адамның жерленген жеріне емес, Тәңіріден кейінгі орындағы Байана т.б. құдайларға арнап қойылған. 

Үшіншіден, біздің ойымызша,  бап тотемдер,  яғни киетектерге байланысты рухани түсініктерге қатысты қолданылады.  Көне дәуір - табиғат пен адам арасы ашылмаған,  бір-біріне жауықпаған, адамның өзін тіршілік патшасы есебінде сезінбеген кезеңі. Сол себепті жаныңызда қатар, көрші жүрген  әр аң, әр құс сіздің түсінігіңізде кие иесі.  Мысалы, сіз үңгірдің маңында ұшып-қонып жүрген қарғаның айлалы  құс екенін, сонымен бірге көп жасайтынын байқадыңыз. Оның үстіне ол әртүрлі қауіп-қатер туралы сізге уақытылы хабар беріп отырады. Ендеше ол киетек болуға лайық құс т.б. 

Төртіншіден,  Бап сөзі о дүиеге аттанған  ағайын-туыс, жолдас-жораларыңыздяң рухына арнап жасалған  сынтастарға қатысты қолданылады. Олардың фәни  тіршілігі аяқталды, олар бақиға аттанды, бірақ рухы сіздің қасыңызда жүр. Оны аруақ деп атайды. Біздің түсінігімізше бұл кеңістікте  иесіз қалған адам энергиясы. Ол сізге жақтассын десеңіз құрмет көрсетіңіз. Ендеше оған да тастан, не ағаштан бап жасау керек. Славян жылнамаларына «половцы»  атымен белгілі ерте көшпелілердің  тас балбалдарының «каменная баба» атымен  етуі, біз балбал деп жүрген сынтастардың әуел баста бап атанғанының дәлелі.

Міне, осы  Тәңіріге, Бай ана және басқа құдайларға,  киетектер мен аруақтарға қойылған ағаштан және тастан жасалған  бейнелер  Бап атанған. Бұлардың ең көп кездесетін жері пайғамбарлар (Ыдырыс, Юша, Қызыр ата т.б.) мекені болған Сайрам, екінші көп кездесетін жері бүкіл Орталық Азия қалаларының, мемлекеттерінің  арғы  атасы Түркістан-Яссы.  Баптардың көп жиналған жері, ертерек заманда тәңіршілдік,  соның ішінде тотемдік ғұрыптардың  орталығы болған Арыстан бап.  Ал ең үлкен баптың орнаған жері Қарамұрт.

Қорытынды

Сонымен қорыта келсек Бап Тәңірі  Орталық Азияның ежелгі руханият тарихында ерекше орын алатын құбылыс. Бап көп замандар  адамзат баласын  Бір Тәңірімен байланыстырып  келген дүниетанымдық түсініктердің өзегі. Сонымен бірге Бап ескерткіштері (Арыстан бап т.б.)  қазақ халқының және де өзге Орта Азия түркілерінің  мұсылмандану процесін  ашып бере алатын дерек көзі. Арыстан бап құрманың  сүйегін тілінің астында 400 жыл сақтап Ахмед Йассауиге берді деген тәмсіл біздің ислам дінін Бап Тәңірі арқылы қабылдағанымызды көрсетеді. Бұл ғажап симбиоз қазақ арасында әлі де жақсы сақталған. Біздің ата-бабаларымыз ислам дініне Бап Тәңірі арқылы келді және ол түсініктер қазақ исламының  негізгі этникалық ерекшелігі болып табылады. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?