Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаштықтардың ақталғанына 35 жыл: Алматыда ұлылар ұлықталды

2617
Алаштықтардың ақталғанына 35 жыл: Алматыда ұлылар ұлықталды - e-history.kz

Алматыда Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлының ақталғанына 35 жыл толуына орай «Ұлтын сүйген ұлылар» атты дөңгелек үстел өтті. Тарихи тұлғалардың мұрасын насихаттау мақсатында өткен іс-шараны Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі ұйымдастырды. 

Алаштану ісінің жетістіктерін зерделеу, тарихи тұлғалардың мұрасын насихаттау мақсатында өткізілген  дөңгелек үстелде тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелдиевтің жетекшілігімен 2023 жылы жарық көрген «Алаш ісі. 1930-1932 жж. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу істерінің құжаттары мен материалдары» кітабының таныстырылымы болды.

Академик М.Қойгелдиев аталған екі томдық ұжымдық еңбектен тыс, Алаш ісіне қатысты он екі томдық дайындалып жатқанын айта келіп, жұртқа әлі жете қоймаған мұрағаттық құжаттардың өзі сегіз жүз мыңнан асып жығылатынын, оларды зерттеу уақыт күттірмейтін іргелі міндетіміз екенін жеткізді. Филология ғылымының кандидаты, ахметтанушы Бижомарт Қапалбек Ахмет оқулықтарының өміршеңдігін, бүгінге де, тіпті келешекке де жарамды тұстарын мысалдармен дәйектеп берді.  Іс-шараны Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбет бастан-ақыр жүргізді.

Дөңгелек үстелге алаштанушы ғалымдардан бөлек жас ізденушілер, ЖОО оқытушылары мен студенттері, орта мектеп мұғалімдері мен оқушылары, БАҚ өкілдері және Алаш мұрасын насихаттаушы өнерпаздар, музей қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлының туыс ұрпақтарынан құралған Торғай делегациясы қадірлі қонақ ретінде келді. Күйші, Алтай, Іле, Тарбағатай күйшілік мектебінің өкілі Аршын Кәсімбайұлы «Ұлт ұстазы – Ахмет» атты күйімен өнерден шашу шашса, дәстүрлі әнші, Құрманғазы консерваториясының магистрі Сәулетбай Бақтыбайұлы «Он Алтының зарын» әуелетті. 

Жалпы Алаштың көшбасшы зиялыларының түгелге жуығы «халық жауы» деп айыпталып, басым көпшілігі атылғаны, айдауда, қуғын-сүргінде болғаны белгілі. Әділетсіздік дәурендеген ғасырда от кешкен арыстарға ең жеңіл жазаның өзі – ауыр еңбек майданында жұмысқа жегілді. Қысқасы, өткен ғасырдың алғашқы жартысында ұлтына қызмет еткен зиялылардың заманның қырынан аман өткені жоқтың қасы. 

 Алаш арыстары алғашқы бір жылымық кезеңде, атап айтқанда, 1957 жылы ақтала бастағанымен, бұл ақтау үдерісі қайта тоқтап, көптеген ұлт зиялылары жарты ғасырдан аса «қара тізімде» жатты. Арыстардың екінші тобын 1988 жылы ақтай бастады. Бұл ақтаудың басында А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабай, Ж.Аймауытұлы тұрды. 1988 жылдың 4 қарашасы күні аталған үш тұлғаның бір күнде ақталуы алаштанудағы тарихи кезеңнің бұрылысы деуге болады. Күллі адамзатқа туған ұлтын, елін, жерін шексіз сүюдің және қасық қаны қалғанша елінің есе-теңдігі үшін күресудің үлгісін көрсеткен алаш арыстары қай кезеңде болмасын ұлықталуға лайық. 

Бүгінгі таңда Алаш рухты ағайынның, тіпті түркі дүниесінің көшбасшылары ретінде мойындалып, зерттеп, зерделене бастаған арыстардың артына қалдырған ұшан-теңіз кітаби мұрасы ел руханиятына оралғанына да 35 жыл толды. Ахмет Байтұрсынұлы ғұмырының соңында тұрған Алматы қаласындағы үйі бұл күнде Ұлт ұстазының және күллі Алаш арыстарының тағылым мектебіне айналды. 28 жыл бойы қоғамдық негіздегі мұражай санатында қызмет көрсетіп, екі жылдан бері мемлекет балансына өтіп, Алматы қаласы музейлер бірлестігі құрамындағы сегіз музейдің бірі болды. 

Әділет Ахметұлы 

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің бөлім меңгерушісі  

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?