Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақстандағы аграрлық ғылымның негізін қалаушы

20630
Қазақстандағы аграрлық ғылымның негізін қалаушы - e-history.kz

Қазақстанның биология ғылымы – бүгіндері біршама дамыған салалардың бірі. Қазан төңкерісінен кейінгі екінші онжылдықта-ақ Қазақстанда ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бойынша зерттеу мекемелері туып қалыптаса бастады. Аграрлық саланың Қазақстан үшін маңызын кешегі кеңестік билік дұрыс есепке алды және бұл саланы біршама алға шығарғаны ақиқат болып табылады. Өткен ғасырдың жүзінде Қазақстанда ауылшаруашылығының мал шаруашылығы, егін шаруашылығы салалары ғылыми негізде дамып, тың және тыңайған жерлерді игеру, жаңа жайылымдық жерлерді халық шаруашылығының игілігіне жарату тиімді жүзеге асырылған болатын. Бұл табыстар мен жетістіктерге қол жеткізу – оған бөлінген мол қаржылық ресурстарды игеру мен маманды кадрлардың арқасында мүмкін болды. Осындай ғалымдардың бірі – Қазақстандағы аграрлық ғылымның негізін қалаушылардың бірі, қазақ халқынан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы Кәрім Мыңбаев болатын. 

Кәрім Мыңбаев – Бүкілодақтық ауылшаруашылық академиясының академигі атанған тұңғыш қазақ. Бүкілодақтық ауылшаруашылық академиясының Қазақстандық бөлімшесін ұйымдастырып, оны тұңғыш басқарған ғалым Кәрім Мыңбаевтың сан салалы еңбегін тәуелсіздік ғасырында жиі еске алу дұрыс болмақ. Қазақстан – әлемдегі жайылым қоры жағынан ең ірі елдердің бірі. Украина мен Ресейдің қарашірік топырақты өңірлеріндей құнарлы болмағанымен, астық өндіру бойынша да үлкен маңызға ие мемлекеттердің бірі. Алдағы кезеңдерде әлемде азық-түлік ресурстарына деген сұраныс барынша өсе түспек. Осы тұста біздің еліміздің де халықаралық деңгейдегі маңызы арта түспек. Кәрім Мыңбаев сияқты отандық ғалымдар бұл жағдайды ерте аңғарған және осы тұрғыдағы алғашқы қадамдарды жасап та үлгерген деп білеміз. Кәрім Мыңбаев кім? Оның еліміздің халық шаруашылығын дамыту тұрғысындағы қандай еңбегі бар? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Белгілі биолог ғалым, шебер ұйымдастырушы, қоғам қайраткері Кәрім Мыңбаев 1906 жылы қазіргі Қарағанды облысының Нұра ауданы Ивановка (қазіргі Кәрім Мыңбаев) селосында дүниеге келді. Жасөспірім шағы түрлі аласапыран өзгерістер дәуіріне тап келсе де, білімге деген құштарлығы оны алға жетелейді. Орта мектепте тиянақты білім алғаннан кейін, 1928 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия Мақта және су шаруашылығы политехникалық институтының жаңа техникалық дақылдар факультетіне оқуға түседі. Талапты жас қазақ жігіті 1932 жылы аталған оқу орнын үздік дипломмен бітіріп шығады. 

Бұдан соң талантты жас ғалымды КСРО Ауылшаруашылығы халық комиссариаты Грузиядағы Кавказ тәжірибе станциясына жолдамамен жібереді. Мұнда аз уақыт жұмыс істеген соң туған елге, Алматы қаласына оралады. Мұнда да ол Кеңес Одағының әскери стратегиялық қажеттілігі үшін маңызды зат – синтетикалық каучук өндіру бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді. Себебі, қазақ жерінде таусағыз, сусағыз, жерсағыз т.б. атауға ие өсімдіктер өсетін еді. Кәрім Мыңбаев каучук, резина жасау үшін Қазақстанның аумағындағы көксағыз өсімдігін пайдаланудың ғылыми жолдарын іздеді. Жергілікті халықтың ғасырлар жүзіндегі бақылау тәжірибелеріне сүйене отырып, Оңтүстік Қазақстанның таулы-қыратты өңірлерінде арнайы сынақ-тәжірибелік шаруашылықтар құрып, көксағыздың мәдени түрлерін шығарып алу бойынша зерттеулер жүргізеді. 

Кәрім Мыңбаев 1932-1933 жылдары білім беру мен практикалық іс-тәжірибелерді қатар алып жүрді. Осыған байланысты ол Қазақ ауылшаруашылық институтының доценті ретінде студенттерге сабақ берді. Сонымен қатар, Алматы селекциялық станциясының аға ғылыми қызметкері лауазымымен жұмыс атқарды. Бұдан кейінгі жылдары да ғылыми-зерттеумен шұғылданды. Ғылым мен тәжірибені ұштастыра отырып, институттың тәжірибе алаңында көптеген зерттеулер жүргізеді. Көксағыз дақылының биологиялық, шаруашылық өнім ретіндегі қасиеттері мен оны өсірудің агротехникалық ізділігі туралы тұжырымды зерттеулер жасап қорытындылады. Көксағыздың тұқымынан және оның өскінінен өсіріп өнім алу, жаңа тиімді сұрыптарын шығарып алу т.б. кешенді технологиялық жұмыстарды нәтижелі жүргізді.

1934-1936 жылдары 2-каучук өндірістік шаруашылығында директор қызметін атқарған Кәрім Мыңбаев үздіксіз ғылым мен практиканы өзара ұштастырумен болды. Бұл іс-әрекеттердің бәрі толыққанды ғыллыми тәжірибеге сүйенетіндігін бағамдаған ол білімін жетілдіру үшін 1936-1939 жылдары Ленинград қаласындағы Бүкілодақтық өсімдіктану институтының аспирантурасында оқиды. Аспирантураны бітірген соң аталған институттың каучук-өсімдіктану бөлімі меңгерушісі болып қызмет атқарады. Әйгілі академик Н.Вавилов басқаратын институтта да өзінің білімділігімен көзге түскен қазақ баласы «Каучукты жақстарудың негізгі жолдары» атты кандидаттық ғылыми зерттеу тақырыбында іргелі еңбек жазады.

1940-жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Бұдан соң ғалымның алдынан кең жол ашылады. Яғни кандидаттық диссертациясында көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Аз жыл ішінде тәжірибе алаңын ұлғайта отырып, каучук өндіретін ірі өндіріске айналдырады. Кәрім Мыңбаевтың бұл еңбегі басшылық тарапынан еленіп, қатардағы ғылыми қызметкерден бөлім меңгерушілігіне көтеріледі.

Фашистік Германияның Кеңес Одағына соғыс ашуы – адамзат тарихындағы ең үлкен қасірет болды. Кәрім Мыңбаев та ел қатарлы соғысқа атттанып, Ленинградты қорғайтын халық жасақтары қатарында болып, одан соң Омбыда арнайы әскери дайындықтан өтеді. Соғыс каучукке деген сұранысты еселеп арттырды. Машинаның доңғалағынан бастап, атыс құралдарының түрлі бөлшектеріне дейін резинаның қажеттілігі туды. Осыған орай Кәрім Мыңбаевтай ғалымның теориялық-практикалық тәжірибесі ел игілігі үшін қажет болатын. Кеңес билігі Кәрім Мыңбаевты осы себепті майданнан елге жіберіп, каучук өндірісін жолға қою жөнінідегі ғылыми-тәжірибелік жұмыстарын жалғастыруға міндет жүктейді. Сөйтіп ол 1942-1944 жылдары Қазақ КСР-і Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Аталған лауазымды қызметін атқара жүріп Кәрім Мыңбаев Оңтүстік Қазақстан облысының Мақта­арал, Киров, Қызыл­құм аудандарында арнайы мақсаттағы ірі шаруашылықтар құрып, көксағыз өсімдігін көптеп өсірумен айна­лы­сады. Аталған шаруашылықтар бойынша ғылыми жұмыстарын жүргізе отырып, алынған нәтиже бойынша ғылыми еңбек жазып аяқтап, 1944 жылы сәтті қорғап, биология ғылымдарының докторы атағына ие болады. Кәрім Мыңбаевтың осы кезеңде атқарған бір еңбегі – ауыл шаруашылығы бойынша ғылыми зерттеу жасайтын мекемелердің басын құрап, бір орталыққа бағындыруы, яғни 1944-жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) Қазақ филиалының негізін қалауы болды. Осы институттың тұңғыш төрағасы болып қызмет етеді. Соғыс уақытында Кеңес Одағының еуропалық бөлігіндегі ірі қалалардағы ғылыми мекемелердің белгілі ғалымдары Қазақстанға, Сібірге, Орта Азия республикаларына эвакуацияланып жатқан болатын. Осыны ескере отырып, Кәрім Мыңбаев та өзінің жаңадан құрылған филиалына көрнекті биолог ғалымдарды барынша көбірек тартуға тырысады. Болашағынан үміт күттірген отандық ғалымдарды да шақырады. Олардың қатарында В.А.Бальмонт, Ю.Н.Барминцев қатарлы көрнекті ғалымдар болды. Нейла Базанова, Фатима Полымбетова қатарлы алғашқы қазақ ғалым биолог қыздарын ғылым жолына баулып тәрбиелейді.

1944-1948 жылдары ВАСХНИЛ-дің Қазақ филиалы төралқасының төрағасы қызметін абыроймен атқарып, Кеңес Одағының ІІ Дүниежүзілік соғыста жеңіске жетуіне ғылыми іс-тәжірибелері мен өнімдері арқылы өзіндік зор үлес қосады. Ол осымен бір мерзімде Қазақ ауылшаруашылық институтының селекция және генетика кафедрасын, сондай-ақ С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті, дарвинизм кафедрасын басқарды. Ол өзінің жұмысы барысында үнемі жаңашылдыққа бет бұрып отырды.

Осы ірілендіріп, тиімді басқарудың нәтижесінде Қазақстанда 4 ғылыми-зерттеу институты, 8 тәжірибе станциясы, 13 сынақ-тәжірибе алаңы ұйымдастырылып, биология ғылымдары бойынша отандық зерттеу саласында зор ілгерілеушілікке жол ашылды. Тек өсімдік шаруашылығы ғана емес, мал шаруашылығын дамыту да ғылыми кешенді зерттеулерге негізделді. Атап айтқанда қазақтың байырғы мал тұқымдарын асылдандыру үшін Кеңес Одағы мен алыс шетелден асыл тұқымды мал алдырып, будандастыру жұмыстары қызу жүргізіліп қана қоймай, оларды азықтандырып бордақылау бойынша зерттеу жұмыстары да жүргізілді. Бұл зерттеулер нәтижесінде жинақталған тәжірибелер мен маман кадрлар негізінде жаңа ғылыми-зерттеу институттары құрылып, ел игілігіне еңбек ете бастады.

Кәрім Мыңбаев – Қазақстандағы дәнді дақылдарды, астық өндіруді жолға қоюға да үлкен көңіл бөлген ғалым. Оған дәлел – 1948 жылы Петропавл қаласында ВАСХНИЛ-дің көшпелі сессиясын өткізіп, «Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекция­сы мен тұқым шаруашылығының агро­био­логиялық негіздері» деген тақырыпта баяндама жасауы болып табылады. Ол солтүстік өңірдің қаратопырақты өңірінің астық өндірудегі әлеуетін ел игілігіне пайдалануды көздегендік еді. Кәрім Мыңбаев өзі өмірден өткеннен кейін аз жылдан соң басталатын Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанын көрмесе де, осындай үлкен масштабтағы іс-қимылдың болатынына сенген ғалым.

Кәрім Мыңбаев қазақ даласындағы дәстүрлі мал шаруашылығына мән бере отырып, оны тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырды. Себебі, Арқа мен оңтүстіктегі таулы, сулы-нулы өңірдің ортасында жатқан ұланғайыр Бетпақдаланы жыл сайын малын отарлатып ғасырлар бойы басып өтіп келе жатқан қазақ халқының шаруашылық жүргізу тәсілі мал басын өсіруде тиімді деп саналғанымен, ұзақ шұбырындыда шығын мөлшері де көп болатынын ой елегінен өткізіп, Бетпақдаланы қалайда игілікті ету жолдарының ғылыми негізін жасауды жөн көреді.

Бетпақтың шөлін ел игілігіне жаратуды ең алғаш Петербург орман институтының түлегі, «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейхан көтерген екен. Кәрім Мыңбаевтың бұл идеядан хабары болғаны анық. Бетпақдаланы ел игілігіне айналдыру мәселесін Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін көтерген ғалымның бастамасын Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов пен Қазақстан Үкіметінің басшысы Нұртас Оңдасынов қолдап, қаржы бөлдіреді.

Осыдан кейін Кәрім Мыңбаев өзі бастап арнайы мамандардан жасақталған экспедицияны басқарып, Бетпақдаланы көктей өтіп, оның топырағы, өсімдіктер жүйесі мен гидрографиясы туралы кешенді зерттеулер жүргізеді.

«Мен шық бермес Шығайбайды жомарт бай атандырам» дейтін қазақ аңыз ертегісіндегі тәрізді, «Қу медиен Бетпақ даланы жомарт та берекетті далаға айналдырсам» деген арманын жүзеге асыруға кіріседі. Ғылыми экспедиция барысында тек қаңбақ қана өсетін елсіз дала деген түсінікпен барған зерттеушілер мұнда изен мен жусан, жыңғыл мен жантақтан өзге қараған мен бұтаның түрлері, тіпті тораңғы ағашының да өсетінін көріп, таңданады. Сонда экспедиция басшысы Кәрім Мыңбаев: «Бұл Бетпақдала емес, бұл – Бақдала екен ғой!» - деп қуана айқайлаған екен. Осылайша Бақдаланы зертетуге кіріседі.

Кешенді зерттеулердің нәтижесі ретінде 1948 жылы «Бетпақдала шөлі» атты монографиялық еңбек жазып жарыққа шығарады.

Кәрім Мыңбаев өзінің еңбегіндегі ғылыми зерттеу болжамдары бойынша Бақдалада мыңғырылтып мал өсіріп қана қоймай, егістік, бау-бақшадан мол өнім алуға болатынын дәлелдеп, оның сарқылмас мүмкіндігі барын атап көрсетеді. Бетпақдаланың астында тұщы судың орасан мол көзі барын болжамдап, жүздеген құдықтар қазу арқылы осы суды жердің бетіне шығарып пайдалануға болатынын атап көрсетеді. Ғалым өзінің зерттеу еңбегінде жазған аргументтерін жүзеге асырып үлгермейді. Кейіннен Уфа Ахмедсафин арнайы зерттеу жүргізіп, расымен де Бетпақдаланың астында едәуір мөлшердегі су қоры барын анықтайды. 

Бетпақдаланың алдағы кезеңдерде ел игілігіне қызмет ететін күні де жақын деп сенейік.

1940 жылдан БКП (б) мүшесі болған Кәрім Мыңбаев халық қалаулысы ретінде Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің екі реткі шақырылымына депутат болып сайланды.

Талантты ғалым Кәрім Мыңбаев өзінің шығармашылық әлеуетінің толысқан шағында, яғни 1948-жылы 30 қыркүйекте бірнеше қазақстандық ғалым әріптестерімен бірге ұшақ апаты салдарынан қайғылы қазаға ұшырады. Ғалымның сүйегі әуе апатынан бірге қаза тапқан серіктерімен бірге Алматы қаласындағы орталық мазаратына жерленді.

 «Кәрім Мыңбаев қысқа ғұмырында 200-ден аса ғылыми мақалалар мен екі кітап жазып қалдырған. ...Қазақ зиялылары өздерінің естеліктері арқылы Кәкеңнің сегіз қырлы бір сырлы жан екенін бізге жеткізе білді. Ол ұлттық өнерді сүйген, қадірлеген және жүрген ортасында үнемі уағыздаған, ісімен көрсеткен адам болған. Өзі де жақсы домбырашы, әнші, аңшы және қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін жетік біл­ген жан еді. Осыншама қасиетті бойы­на сіңірген тұлғаның Қазақстан ауыл ша­руашылығы ғылымынан сіңірген еңбегін біздің ойымызша мынадай бір ауыз тұжырыммен түйіндеп айтуға болады. Академик Қаныш Сәтбаев елімізге жер асты қазынасының алғашқы кілтін ұста­тып кетсе, жер беті байлығын ғылы­ми негізде игерудің іргетасын Кәрім Мың­баев қалады. Сондықтан оны қазақ ауыл шаруашылығы ғылымының атасы деп айтуға болады. Небәрі 20 жылдың ішінде (1928-1948) мектеп оқушысынан одақ­тық дәрежедегі академикке айналуы, елімізде ауыл шаруашылығы ғылымы­ның негізін қалаған айтулы ғалым дең­гейі­не дейін көтерілуі осының жарқын мысалы», - деп жазған екен, қарағандылық танымал биолог ғалымдар, академиктер Еламан Шаханов пен Игорь Нечаевтер.

Кәрім Мыңбаевтың жан жақты қыры мен жарқын тұлғасы туралы естеліктерді молынан кездестіруге болады. «Кәрім Мыңбаев менің ең жақын достарымның бірі болған еді. Ол ұзын бойлы, сымбатты, жақсы мінезге бай, мейірімді адам болды. Өтірік пен сатқындыққа, екіжүзділікке жаны қас еді. Ойындағысын әрқашан бүкпесіз, тура бетке айтатын. Шыншыл еді. Өзінің ісі  мен сөзіне берік болатын. Достықтың қадіріне жете білетін. Ол ғылымды ғана меңгеріп қоймай, мәдениет, әдебиет пен өнер жайында да терең түсінікке ие жан еді. Таным көкжиегі кең, көпті көрген, сергек саналы адам болды. Өнер қайраткерлері мен жазушылармен жиі кездесіп кеңес құруды жаны сүйетін жан еді. Сондықтан да ол кей-кейде артистер мен қаламгерлерді әкімшілік немесе ғылыми істер бойынша сапарларға өзімен бірге ала кетуді ұнататын», - деп естелік қалдырған екен, академик жазушы Сәбит Мұқанов.

Халқымыздың маңдайына біткен небір тамаша дарынды ұл-қыздарының ғұмыры ерте қиылғаны өкінішті-ақ. Солардың бірі – аса дарынды ғалым Кәрім Мыңбаев екендігі анық. «Егер біз Қаныш Сәтпаевты пайдалы қазбаларды зерттеп, ауыр өнеркәсіптің даумына үлкен үлес қосқан ұлы ғалым деп мойындайтын болсақ, Кәрім Мыңбаевтың да ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегін дәл осылай деп бағалауымыз керек. Егер ол мезгілсіз апаттан қаза болмағанда, сүйікті халқының алдында дәл Қаныш Сәтпаев сияқты даңққа ие болатыны сөзсіз еді», - деп атап көрсеткен екен, биолог ғалым Айып Ысқақов.

Елі үшін аянбай еңбек етіп, елеулі іс тындырған ерлерін елі ешқашан ұмытпақ емес. Кәрім Мыңбаевтай айтулы ғалымның ғылыми шығармашылық еңбегі, үлгі-өнегесі жайында жазылған мақалалар, естеліктер мен жинақ кітаптар біршама баршылық екенін білеміз. Бұлардың бәрі артықтық етпес деген мақсатта оқырман жадында ғалым есімін тағы бір жаңғыртып отырмыз. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?