Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Шолпандай таң алдында туып батты»

1190
«Шолпандай таң алдында туып батты» - e-history.kz

Биыл көркемсөз шебері О. Бөкейдің туғанына 80 жыл толып отыр. Жазушыға құрмет ретіндегі іс-шаралар жазушының туған жері Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданынан басталып, Астанада да жалғасын тапты. Кеше Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат  министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, дарынды публицист Оралхан Бөкейдің  80 жылдық мерейтойына орай  «Шолпандай таң алдында туып батты» атты конференция өтті.

Мерейтойлық  конференцияға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, қазақтың көрнекті қаламгерлері мен ғалымдары, Тұрсын Жұртбай, Асқар Алтай, Алдан Смайыл, Жарылғап Бейсенбай, Сағымбай Жұмағұл, Айгүл Кемелбаева, Қуаныш Жиенбай,  тағы басқа бірнеше зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар қатысты. Іс-шаараны филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов жүргізді. 

Ғалым, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов өз баяндамасында жазушының ерекшелігіне тоқталды:

- Оралхан Бөкей шығармашылығын зерттеу үлкен арнасын тапты, бірнеше диссертациялар қорғалды, жылымықтан кейін қазақ әдебиетіне үлкен өзгеріс әкелген алпыскерлердің ізін баса үлкен феноменалды тұлғалар келді дейміз, олардың қатарында Оралхан Бөкей шығармашылығы ерекше аталады. О. Бөкей шығармашылығының көркемдік-эстетикалық жүйесі, архетипі өте тереңде, сондықтан оның шығармашылығын зерделеу оңай міндет деп айта алмаймыз. Адам, қоғам, табиғат үйлесімі эстетикалық концепциясының тереңдігі заңдылық, себебі түркі әлемінің бесігі Алтайда тууы, шығармаларындағы бүтіндей желі, кісілік, асқақтық, елдік мәселелердің туындауы осымен сабақтас. Дүниетанымының қалыптасуының қатпары терең, Шыңғыстауда дүниеге келуі, атақты Әбдікерім болыс негізін қалаған мектепте оқуы... Тоталитарлық жүйе қысымында айтатын ойды тұспалдап, астарлап, романтикалық реализммен жеткізе отырып, ол өзінің қаламгерлік парызын ақтауға ұмтылды. Цензуралық қыспақ дәуірінде «Сарыарқаның жаңбыры» туындысын жазып, Әбдікерім болыс, Сұлтанмахмұт  сабақтастығын жазып, адам тағдыры арнасында өрістетуі үлкен шығармашылық қадамы болды. Шығармашылығындағы модернистік негіздер, әсіресе, әлем әдебиетіндегі концептуалды-эстетикалық сабақтастығы, сана ағымы «Мұзтау», «Өліара», «Сайтан көпір», «Қар қызы», «Жетім бота», «Құм мінезі» шығармаларынан көрінеді. Неомифологизм - байырғы аңыздарды қайта көркемдік танымда жаңғырту, көркем шығармашылықтың тіні ретінде алу, осы қадамдар Оралхан дүниелерінде айқын көрініс табады, мифтік құбылушылық кейіпкерлер табиғатынан аңғарылады. Экзистенциализм - Жұмабаев, Әуезов, Аймауытовтан жалғасқан  классикалық ізденістерді өз шығармашылығы арқылы жаңғыртты. «Қамшыгер» тұтас романтизм, жалпы шығармашылық коллизияның табиғаты бөлек, әсіресе, Садақбайдың қамшысымен бақилық болуының да астары өте қатпарлы. Ұлттың мәңгілігінің мәселесі өте терең, «Өз отыңды өшірме» романының астары да қатпарлы, әр ұрпақ өзінің көркем эстетикалық таным-талғамымен саралайды, таразылайды. Дәстүр және жалғастық яғни үзілген арнасын тауып жалғауы, өркениеттер қақтығысы көрінеді. О.Бөкей өзінің қаламгерлік миссиясын түсінген қаламгер. 

Одан кейін сөз алған жазушы Шәрбану Бейсенова «Орекеңмен тағдырдың жазуы ма, орайы солай келді ме, «Лениншіл жаста» Сәкең  екеуі қатар жұмыс істеді. Бір-біріне сыйлары жақсы қалыптасты. 1972 жылы «Дәуір» баспасы салған үйден үй алдық, біз төртінші қабатта, ол бесінші қабатта тұрды, «Жұлдызға да екеуі қатар ауысты. Күнде таңертең жұмысқа бірге шығады, бірге қайтады. Айман жеңгемізбен жақсы қарым-қатынаста болдық. Айман жеңгеміз мінезі ашық, адам жатырқамайтын, Орекеңнің маңдайына жазылған сондай жар болатын. Оралханның соңынан ерген қарындастарын көріп жүрдік. Сол балаларға Оралхан керемет аға болса, Айман жеңгесі жағдай туғызды» деп өткен күннен  естелік айта келіп, Оралхан шығармаларына тоқталып, талдап шықты. Сонымен бірге Сауытбек Әбдірахманов Шерхан Мұртазаның Оралханды о бастан талантын танып, оған қолдау білдіргені жайында, өзінің жазушымен алғашқы кездесуі жайында  естелігін айтып өтті. 

Жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбайдың әңгімесі әсерлі болды:

- Индияға шығарып салғанша туған бауырындай бауырға басып еді. Есімде қалған бір жайды айтайын, бірде Сәкен Жүнісовпен кездесіп қалды. Екеуі де тік мінезді. Сәкен: 

- Сен неге сәлем бермейсің? - деді.

- Ә, сізге сәлем беруге болады, - деді Оралхан.

- Осы Оралханның алғашқы әңгімесін шығарып едім, маған бұлданып сәлем береді, -  деді Сәкен. Ал Оралхан айтады:

- Мені адам еткен Сәкен Жүнісов, 66-ншы жылы алғаш рет бес беттік «Ғалия» деген әңгімемді алып кетіп «Қазақ  әдебиетіне» шығарып, содан бастап мен адам қатарына қосылдым Өскеменде» дейді. Осындай найзағай тектес адамдардың тоғысуы - қазақ әдебиетіне адамның жер басқан көңілін көкке шығаратын астарлы ойлы жазушыны алып келді деп ойлаймын. Өз әлемі, шалқақ тастайтын, сөзді ілгерілі-кейінді лақтырып лықсытып алға жіберетін екпіндері ерекше бір мағынаға толы, ол жай толғамалы, толқымалы сөздер емес еді. Өзі де жазған кезде әр сөзден мағына іздейтін, «аспанды бұлт торлады» десе – «бұны қазақтың басына төнген бұлт» деп ойлап қалмай ма екен деп, өзіне сұрақ қойып отыратын. Сол астарлар алғашқы «Айпара» туралы әңгімесінде де бар. «Ай астында қансырап дала жатты, Терісаққан Есілге құяды, шіркін, Есіл Терісаққанға құйса ғой» дейді, оны мәнісі мынау – «ай астында қансырап жатқан қазақ даласы, терісаққан дегені заман, шіркін ай, теріс ақса қазақ даласы құлпырар ма еді, менің идеям сол еді ғой» дейді Оралхан. «Өз отыңды өшірме» романы шықты, Оралхан роман жаза алмайды деп бәрі айтып жүрді. Ондағы Оспан жағымсыз кейіпкер, Түрксіб теміржолын бұзады, сонда бәрі оның не дегенде: «мынау болат жол қазақтың мойнына түскен тұзақ, орап келе жатыр, онымен бірге арақ, орыс, көш келеді, менің ойым бір күн болса да соны тоқтата тұру ғой» дейді. 

- Жетпісінші жылдардағы тенденциялар өзінен-өзі көктен салбырап түскен жоқ. Әбіштер, Оралхан, Мағауин, Төлен Әбдіковтер қалыптастырды. Әрбір адал ниетті жазушының азаматтық үні, алашордашылардан келе жатқан позициялары бар, соларды көрсете алды. Талай шығарма жазылды, сол заман ыңғайына берілген жазушылар болды, солардың тасқынында бұл жазушылардың жөні де бөлек екені айтуымыз керек. Қазіргі біздің тіршілігімізге бұл жазушылардың мұрасы не береді, қандай сабақ береді, қандай мектеп қалыптастырды, бүгінгі алға басқан заманда мұраттарымызға қайсысын пайдаланамыз деген сұрақтарға ойлануымыз керек,-деді драматург, жазушы Ермек Аманшаев өз сөзінде. 

Одан кейін сөз алған Нұртөре Жүсіп, Алдан Смайыл, Жарылқап Бейсенбайұлы, Асқар Алтай, Жолтай Әлмашұлы, т.б. Оралхан Бөкей туралы естеліктерімен бөлісті.

Ғылыми конференция барысында «Шолпандай таң алдында туып батты» кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен бірге көптеген қаламгерлер мен Оралхан мұрасына қолдау білдіріп жүрген адамдарға Оралхан төсбелгісі табыс етілді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?