Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мемлекеттік хор капелласының концерттік маусымы

1169
Мемлекеттік хор капелласының концерттік маусымы - e-history.kz

Сурет: turkic.world.ru

Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының концерттік маусымы Перголезидің STABAT MATER туындысымен ашылды.

Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының концерттік маусымын «Хор музыкасы жақұттары» атты концертпен ашты. Капелланың көркемдік жетекшісі және бас дирижері:Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов. 

Бағдарламаның алғашқы бөлімінде Джованни Перголезидің сынды шебердің STABAT MATER туындысы орындалды.

 

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы ҚазҰОБТ солисі Зарина Алтынбаева мен Әзірбайжан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ильхам Назаров тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Органда Ирина Гавриленко ойнаса, Т. Әбдірашев атындағы МАСО ішекті аспаптар ансамблі сазды әуенге елітті.

Шексіз мұңға толы, жүрекке пернесін дәл басатын Джованни Перголезидің «Стабат матер» музыкасы – әлемдік музыка мәдениетінің інжу-маржаны. Ол қанша азапқа душар болса да, бар жанымен ізгілікке ұмтылдырар алғашқы ноталарынан-ақ есіңнен тандырады. Ол адам жанының ең нәзік пернелерін дөп басады.

Қасиетті музыка қазыналарының ішінде ортағасырлық «Stabat Mater dolorosa» (Қайғы жұтқан ана) мәтіні бойыншажазылған сазды композициялардың орны ерек. Олар өздерінің жанды жаулар мазмұнымен және дыбыстық сипатымен баурап алады. Жалпы литургиялық және діни шығармалар абсолют Тәңірді дәріптейтін, , тәубеге келуге және пенденің әлсіздігін сезінуге себеп болатын болса, «Стабат матер» құбылысы шынайы адами жанашырлық ұраны іспетті. Бұл бұл басқа біреудің қайғысына ортақтасу мәдениеті.

Үнсіз қайғырған, азап шеккен ананың крестке таңылған ұлын көргендегі бейнесі ешкімді бей-жай қалдырмайды. Адамзат үшін өзін құрбандыққа қиған Исаға деген жанашырлық ризашылық пен Мәсіхтің құдайлық болмысын сезінуге жол сілтейтін жыр. Ал ана бейнесі, Мәриям бейнесі шын мәнінде пендеуи шарасыз қалып.

 

Қайта өрлеу дәуірінде көптеген суретшілер бұл тақырыпты қозғады, әрқайсысы оны өзінше түсіндіреді. Ең танымалы Микеланджелоның Пиетасы - «Мәсіхтің жоқтауы» (итальян тілінен pieta - мейірімділік). 

Музыкада да композиторлар бұл тақырыпты айналып өтпеді. Stabat Mater үшін канондық латын мәтінін католик дінбасылары бекітеді. Бірақ балама нұсқасы бар, ол италиялық францискандық монах –  Якопоне да Тодидің авторлығына жатады.

Бұл қайғы шыңырауына бату мен рухани тазарудың, рухани күштің, құрбандық пен үміттің үлгісі. Музыкадағы бейнелеудің мұндай күрделі сипатын жеткізу өте қиын. Ең танымалдары А.Вивальди, Дж.Гайдн, Ф.Шуберт, Дж.Россини, А.Дворак, Дж.Вердидің «Стабат матері», ал қазіргілерінің ішінде Ф.Пуленц, Кш. Пендерецки, Арво Парт.

Музыка тарихында Джованни Баттиста Перголези тағдырлы ең жас композитор болып қала береді. Моцарттың өзі 36 жылға жетер-жетпес өмір сүрген. «Мәңгі жас романтик» Франц Шуберт 31 жыл жасаса. Перголези 26 жасында қайтыс болды.

Перголези - бүркеншік ат, композитордың шын аты - Джованни Драги. Пергола – Джованнидің ата-анасы шыққан қала.

Оның 10 жылға жуық шығармашылық қызметінде қалдырған музыкалық мұрасы өнер сүйер қауымды тәнті етеді. Ол өз уақытында тамаша мансап жасай алды – ол 4 опера, 4 симфония, вокалды-аспаптық жанрдағы көптеген шығармалардың (ораториялар, кантаталар, массалар, мотеттер), жеке аспаптар мен ансамбльдерге арналған пьесалардың авторы ретінде тез танымал болды. 

Көптеген зерттеушілердің пайымдауынша, егер ол одан да ұзақ өмір сүрсе, Перголезидің музыкадағы дарыны, тіпті Моцарт немесе Бахтың данышпандығынан да асып түсер еді. Оның музыкасы терең сезімге, жарқын бейнелерге, психологиялық, рухани кемелдікке жеткен.

Мұның барлығына композитордың қысқа ғұмырында басынан өткерген жеке драмасы себеп болған. Ол неаполитандық жас әйелге ғашық болады, екеуі ессіз ғашық еді. Бірақ ата-анасы қызының кедей музыкантпен қосылуына қарсы болып, монастырға жібереді. Джованнидің ғашығы көп ұзамай қайтыс болады. 

Сүйіктісін жоқтаған жігіттің өзі де дертке бой алдырады. Ол 25 жаста еді, ауруының салдарынан Неапольді тастап, өмірінің соңғы жылын өткізген провинциялық Поцзуоли қаласына көшуге мәжбүр етті. 1735 жылы қайтыс болғанға дейін ол Стабат матерді жазумен болады. Оның бөлмесінде Мәриям суреті ілулі тұратын, бұл образ оған сүйіктісін еске салумен болды. Нағыз тазалық пен пәктіктің символындай еді. 

Деректер бойынша, сазды әуенге жазылған сөздің  авторы да өмірінде осындай қасіретті бастан кешіріп, сүйген жарынан мезгілсіз айырылған екен. Түрлі кезеңде өмір сүрген, бірақ ұқсас оқиғаларды бастан кешірген Джованни Перголези мен Якопоне де Тоди сынды мұңлықтар жыры әлем жақұтына айналды.

Замандастары бұл туындыны тым салқын, «артық безендірілген»  деп бағалай алмады. Перголези мұнда Бах полифониясының дәстүрлері мен итальяндық операның әуенін шебер біріктірген. Оның көркемдік құндылығының парқына өнер әлемі кейінірек жетті.

Stabat Mater кантатасының композициясы жеке және дуэт нөмірлерінің кезегінен тұрады(барлығы 13). Музыкалық-бейнелі материалдың жан-жақты дамуы кантатаны «бір демде» қабылдауға мүмкіндік береді. Жарыққа қарай бірте-бірте қозғалған әуен аяғында «Амин Туттиге»  әкеледі. Стабат Матердің музыкасында жоқтау жоқ. Ол үміт пен бүкіл адамзатқа деген ең үлкен махаббатқа толы.

Алғашқы бөлімнен кейін концерт кезекті нөмірлер легімен жалғасты: онда хорлық микс орындалды. Нақтырақ айтсақ, татар, украин, әзербайжан әндері мен Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта» туындысының арнайы өңделген нұсқасы ұсынылды.

Концертте Әсет Ахметов те дирижерлік етті. Хормейстерлер: Алтынбек Жолдыбаев пен Алмат Есімханов. Концертмейстер Асқар Кульшарипов еңбегі де жоғары бағаланды.

Тыңдарман бұл концерттік кештен катарсис кешіп, үйді үйге тарқасты.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?