Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Семей ядролық полигонының жабылуы

1530
Семей ядролық полигонының жабылуы - e-history.kz

Сурет: www.gov.kz

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алған алғашы күндерден басталған қызметінің басты бағыты өзінің территориясындағы Кеңес Одағынан қалған аса мол көлемдегі ядролық қарудың, оны жеткізу құралдарының болашағының қалай болатындығына арналды. Бұл жағдай мемлекеттің ішкі мәселесінен шығып, халықаралық деңгейдегі күрделі құбылысқа айналды. Қазақстанның ядролық қаруының тағдыры АҚШ-тан басталған Еуропа, Азия мемлекеттері мен халықтарын алаңдатты. 

Қазақстан Республикасының антиядролық стратегиясының мәні. Қазақстанда антиядролық қозғалыс басталған уақыттағы оқиғаны сол кезде Семей облысының Бірінші хатшысы қызметін атқарған қайраткер    К.Б. Бозтаев «Семей полигоны» атты еңбегінде «Невада-Семей» туралы: «Бұл айтулы оқиға 1989 жылдың 28 ақпанында, менің 20 ақпанда полигон жабылсын деген Орталыққа жіберген хатымның талабымен Семейге                 В. Букатов бастаған Үкімет комиссиясы келген күні болған еді. Сол күні ақын  әрі жалынды шешен Олжас Сүлейменов Қазақ теледидары арқылы мәлімдеме жасады. О.Сүлейменовтың сол жалынды сөзінен кейін Семей полигонындағы ядролық сынақтарға қарсы бағытталған ашу-ыза өрті қаулап кетті деуге болады», - деп әділ атап жазған.

Осы уақытта О.Сүлейменов Алматы қаласында еліміздің барлық қоғамдық, шығармашылық, діни ұйымдарына, советтік бейбітшілік қорғау Комитетіне, халықаралық «Жасыл әлем» ұйымына», «Адамзатты аман алып қалу» халықаралық қорының Комитетіне, Невада штатына (АҚШ) сынақтарға тыйым салу қозғалысын жақтаушыларға Үндеуін оқып, Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етті [1].

Антиядролық қозғалыстың жалпыхалықтық сипатын көрсеткен 1989 жылы Қазақстанда «Невада-Семей» Семей полигонындағы ядролық сынақтарды жабу қажеттілігін негіздейді. Полигондарды жабу туралы сауалнамада, ең алдымен, адами сәттен бастау керек – Қазақстан халқы Семей полигонының болуы адамзатқа қарсы қылмыс, ол адамзат өркениетінің негізгі бағытына қайшы келеді деп санайды. Бұған Қозғалыс штабына келіп түскен 2 миллионнан астам қолдар, мыңдаған хаттар мен айғақтар, ғылыми-практикалық конференцияның қорытындылары – 1989 жылғы 8 маусым, қоғамдық сот – 1989 жылғы 19 желтоқсандағы Семей қаласында түрлі мамандықтағы сауатты ғалымдардың пікірі жарияланды. 

Описание: C:\Users\Администратор\Downloads\625d1ded84470743265635.jpeg

1991 жылы 29 тамызда Қазақстан жерінде 40 жыл бойы азапқа салып келген «Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа» Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаев қол қойды [2]. Бұл антиядролық қозғалыстың өзі Қазақстан тәуелсіздігі жолындағы күрес болды.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында антиядролық қозғалыс туралы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ол кезде ядролық кеудемсоқтық Қазақстанға қымбатқа түсіп, тәуелсіз мемлекет ретіндегі тіршілік ету перспективасын жоққа шығаруы да ықтимал болатын. Біріншіден, ұзақ уақыт бойы түпкілікті егемендікке ұмтылған біздің халқымыз халықаралық оқшауланғануға ұшырап қалуы мүмкін еді. Бұл біздің ұлттық мүдделерімізге қайшы келері айқын. Екіншіден, Қазақстан «аластатылған» елдер арасына түсіп, әрине, халықаралық экономикалық және инвистициялық ынтымақтастық артықшылықтарының бәрін пайдалана алмаған болар еді. Ал халықаралық қоғамдастықта жаман атаққа ие болған мемлекетке өз қаражатын беруге ешкім де тәуекел ете алмасы белгілі. Үшіншіден, ядролық мұрадан бас тартудың өзі Қазақстанның халықаралық ұстанымын нығайту процесіне негіз болды» [3], - деп ядролық қарусыздандыру жағдайын атап жазған. 

Қазақстанның халықаралық деңгейдегі антиядролық стратегиясының рөлі. Қазақстанның  өз территориясында орналасқан  ядролық қаруды таратпау, жоюға арналған  бір жақты шешімін  Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев  1992 жылғы 2 ақпандағы  Давостағы  бүкіләлемдік экономикалық форумда жарияланып, онда: «Достастық шеңберіндегі  өткен жылдың желтоқсан айындағы  Алматы келісімінің  маңызды жетістіктеріне  ядролық қуатқа ие төрт  республиканың «Ядролық  қаруға деген  бірлескен шаралар» атты келісім жатады.  Онда біздің ядролық қаруды таратпауға деген байламымыз,  оны бірінші болып қолданбау туралы міндеттемеміз,  барлық ядролық қаруды жоюға деген  жалпы ұмтылысымыз және  халықаралық  тұрақтылықты нығайтуға   деген барынша ниеттілігіміз жарияланған. Қазақстан   әлемдегі ядролық қаруды сынақтан өткізетін екі үлкен полигонның бірін жапқан дүниежүзіндегі бірінші мемлекетке айналды» [4],-деген баяндама жасады.

Негізінен алғанда Қазақстан Республикасының  ядролық қарусыздану жолындағы нақты істері 1994 жылдан бастау алады. Бұл туралы  Н.Ә. Назарбаев: «1994 жылдың  28 наурызында Борис Ельцинмен 14 ай көлемінде Қазақстанда орналасқан барлық ядролық оқшантайларды Ресейге шығару және   таяу арадағы 3 жыл  мерзімде СС-18 зымырандарына арналған шахталық қондырғыларды жою туралы келісімге қол қою үшін кездестім» [5], - деп жазды.

Бұл іс АҚШ,  Ресей Федерациясы бақылаушыларының қатысуларымен  атқарылды.  Оны неғұрлым қысқа мерзімде  қамтамасыз ету жолындағы  «Америка-Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Ресми архив құжаттарында: «АҚШ және ҚР  бірлескен бағдарламаға сәйкес  ядролық қауіпті 10 пайызға азайту мақсатында жұмыстар атқаруда. Олардың ішіндегі ең белгілісі Қазақстан территориясындағы  стратегиялық шабуылдау қаруларын жою болып табылады.  Оның құны  70 миллион АҚШ долларын құрайды. 

Жобаның міндеті СС-18 зымырандарының шахталық ату қондырғыларын жою, сонымен бірге  жою алаңын тазалау болып табылады. 

Бұл жобаның бірінші кезеңі (Ресей жағының құпиялықты сақтау мақсатындағы талабы негізінде) нышандарға баруына   өткен жылдың  маусымынан ғана рұқсат етілген АҚШ-тың қатысуынсыз іске асырылды.

Дегелең тауларындағы ядролық сынақ алаңын жоюға арналған жобаны іске асырудың бастамасы (тиісті  келісімге 1995 жылдың  3 қазанында қол қойылған) осы жылдың 2 сәуірінде  Дегелен таулы аймағындағы екі рет ядролық сынақ өткізілген  бірінші штольня жабылды. Осы жылы жұмысын тоқтататын 60, барлығы 186 штольняны жабу жоспарланып отыр» [6],- деп көрсетілген.

1996 жылғы 2 желтоқсандағы Лиссабондағы ЕҚЫҰ мемлекет және үкімет басшыларымен кездесуінде Қазақстан тарапынан ядролық қаруға қатысты мәселенің толығымен шешімін тапқандығына тоқтай келе, басқа ядролық қарулы мемлекеттердің де нақты қадамдарға баруларының қажеттігіне назар аударды. «Қазақстан  ядролық қаруды сынауды, - деп көрсетті. Толықтай тоқтату туралы келісімнің жасалуын қуаттайды.  Біздің мемлекетіміз  планетада бірінші болып  ядролық сынақ алаңын жапты.  Біздің ядролық қаруды  таратпау туралы бастамаға  қосылуымыздың куәсі  әлемдегі өзінің қирату күші жағынан төртінші орын алатын  зымырандық- ядролық қуатты жоюымыз болды» [7], - деді Н.Ә. Назарбаев.

Семей полигоны аса маңызды стратегиялық нысан еді. 1949-1989 жылдар аралығында 40 жыл уақыт ішінде ол жерде ұзын саны 456 ядролық және термоядролық жарылыстар жасаған. Соған жұмсалған ядролық зарядтардың жалпы қуаты Хиросимоға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе асып түсетін. Үңгірлердің бірінде қуаты 70 килотоннадан астам ядролық заряд жарылды. Соның салдарынан жер бетінде саңылаулар пайда болып, олардан екі тәулік бойы радиоактивті газдар шығып жатқан. Содан пайда болған радиоактивті бұлт 30 мыңнан астам адам тұратын аумақты бүркеді. Бұл аймақта радиациялық фон 3000-4000 микрорентгенге жетті. Бұл көрсеткіш қалыпты жағдайда сағатына 15-20 микрорентген болатын табиғи радиациялық фоннан екі жүз есе асып түсті. Қазақстан ядролық қарусыз ел статусына ие болуына байланысты болып өткен оқиғаларды еске түсіре келгенде, ядролық қаруды аламыз ба, әлде сол қарусыз қаламыз ба деген проблеманы шешудің қандайлық қиындыққа түскенін бағамдаймыз.

Описание: C:\Users\Администратор\Downloads\article_52165.jpg

Семей полигоны орналасқан аймақ пен оның маңындағы елді-мекендерде өте қиын экологиялық ахуал қалыптасты. 40 жыл бойы сынақтан ауа, жер, су және топырақ ластанды. Радиация мөлшері көп бөлініп тараған аймақтарды экологиялық жағдай қиындады. Жарылыстардан кейін жердің қуаңшылығы, атом бомбасы сыналғаннан кейін жер бетінде жасанды бірқатар көлдердің пайда болуы, ондағы су мен жер бетіндегі топырақ қабатында радиация мөлшері жоғары көрсеткішті көрсетті. Адамдар ғана емес, жер де азап шекті. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтты. Жерде орасан зор микроэлементтер: темірмысмагний және басқа металдар әртүрлі дәнді дақылдар адам организміне әсерін тигізді.

Семей полигоны аймағына 1950 жылдардың соңында Қазақ КСР Ғылым академиясының Президенті Қ.И. Сәтбаевтың тапсырмасымен Ғылым академиясының Онкология және радиациялық медицина институтының ғалымы Сайым Балмұқанов басқарған арнаулы экспедиция тобының мүшелері зерттеулер жүргізген. Радиоактивті жауындардың әсерінен сыртқы гамма-сәулеленуден басқа, халық дем шығарған ауамен, тамақпен және сумен организмге радиоактивті заттардың түсуінен айтарлықтай ішкі әсерге ұшырады, сондықтан қалқанша безге сәулелену дозасы 130 болды. Асқазан-ішек жолдары 80, сүйек тініне дейін 90, әсіресе балалар көп зардап шекті, балалардың қалқанша безінің сәулелену дозасы ересектерге қарағанда он есе көп болды [8].

Бұрын Семей полигоны жарылыстарынан ең көп зардап шеккен және жақын орналасан – Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының халқы болды. Семей ядролық полигонынан қарапайым халыққа келген ауыру, генетикалық зияндар болды. Атап айтсақ, қатерлі ісік, шаш түсу, тырнақтардың сынғыштығы, адамдардың басым көпшілігінде қан қысымы, әлсіздік, тері қабатындағы зақым, адам денесіндегі дақтар сияқты ауыру түрлері көбейген. Сондай-ақ, жаңа туылған сәбилердің кеміс күйінде туылуы кездесті. 

Семей полигонында ядролық қаруды сынауға байланысты облыстық экологиялық жағдайдың нашарлап кетуіне орай халық алаңдаушылық білдірді. Қырық жылдан астам уақыт бойында сынақтың үздіксіз жүргізілуі аймаққа аса зор және орыны толмас зиян келтірді. Семейге жақын орналасқан Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарында радиациялық фон артып, судың мутагендік және канцерогендік белсенділігі ұлғайды, өсімдіктер мен жануарлар оранизімінде радионуклидтердің жинақталуы жеделдетілді, рак ауыруымен науқастанғандардың және кеміс болып туылған, тұқым қуалайтын ауруларға ұшыраған балалардың саны көбейді

Жалпы алғанда рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есе өсті. Семей полигонына жақын нақ сол аудандарда жетілуіндегі әртүрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктер әрқилы сәбилер дүниеге ерекше көп келеді. Мамандардың айтуынша, соны бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты [9] екенін атаған.

ХХ ғасырдың  cоңында Қазақстан барша  әлемге ядролық сынақ алаңын біржақты жапқан, бұл  қаруды территориясынан шығарып,  атом қаруынсыз  елге айналған мемлекет ретінде белгілі болды. Қазақстан ядролық қарудан бас тартумен жай халықаралық бедел алып қана қойған жоқ. Ядролық державалардан - АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франция мен Қытайдан аумақтық тұтастығымыз бен біздің егемендікті құрметтеудің берік кепілдіктерін алды. 

Әдебиеттер мен деректер.

  1. Бозтаев К. Семей полигоны. «Қайнар қасіреті». – Алматы: Қазақстан, 1997. – 132 б.
  2. Назарбаев Н.А. Тәуелсіздік белестері. – Алматы: Атамұра, 2003. – 245 б.
  3. Тоқаев Қ.К. Беласу. Алматы. – «Дәуір», 2008. – 176 б.
  4. Қазақстан Республикасы Президенті Архиві (ҚР ПА). 5-Н-қор, 1-тізім, 220-іс,1-п.
  5. Назарбаев Н.А. Эпицентр мира. - Алматы: Атамұра, 2003. – 101-б.
  6. Ресей Федерациясы Сыртқы саясаты архиві (РФ ССА). 897-қор, 3-тізім, 21-іс, 179,181-пп.
  7. ҚР ПА. 5-Н-қор. 1-тізім, 5947-іс, 8-п.
  8. ҚР ПА. 7-қ., 1-т., 88-іс, 14 п.
  9. ҚР ПА. 7-қ., 1-т., 88-іс, 6 п.

Қанат ЕҢСЕНОВ,

ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?