Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жаңақорғандық 4949 жауынгер

1494
Жаңақорғандық 4949 жауынгер - e-history.kz

1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Совет Одағына тұтқиылдан, соғыс жарияламастан басып кірді. Совет халқының өз отанын шетел басқыншыларынан азат ету соғысы басталды. 

Соғыстың алғашқы жылдарынан бастап ел экономикасы әскери бағытқа көшірілді. Көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығаруды қолға алды. Облыс жұмысшыларының қатарына одақтас республикалардан мамандар келіп қосылды. Республика экономикасын соғыс жағдайына көшіру қарқынды күш алды. Соғыстың алғашқы күндерінен Қазақстан майдан арсеналына, яғни тылдағылар майданды қару-жарақпен, оқ-дәрімен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін аймаққа айналды. 

Өмір мен өлім таразыға түскен осындай алапат шақта елдегі бар ауыртпалық буыны қатпаған бала мен еңкейген кәріге, боздағы мен бозбаласын майданға аттандырған кейуана мен жас келіншектерге түсті. Жаңақорғандықтардың майдандағы теңдесі жоқ қаһармандық ерліктері тылдағы жаңқиярлық еңбекпен жалғасты.

1942 жылы 2 желтоқсанда, соғыстың ең қиын кезеңінде Совет Информбюросы таңертеңгісін Мәскеуден радио арқылы: «Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының қолхозшылары көктемгі егіске тыңғылықты әзірлік жүргізуде, – деп хабарлады. – Мыңдаған гектар зябь жыртылып, тұқым тазалау және тыңайытқыш дайындау ойдағыдай жүргізілуде». Бұл хабар аудан халқына үлкен күш-жігер берді.

Жауға қарсы күш біріктіру, сөйтіп жеңіске жету барлық жерде ұйымшылдықпен қолға алынды. Осы уақытта бүкіл еліміздегі сияқты Жаңақорған ауданында да митингілер мен шерулер, жиналыстар өткізілді. Аудан еңбекшілері  өздерінің Отанға деген шын берілгендігін білдірді. Аудандық партия комитетінің мүшелері халықты соғысқа қажетті заттармен қамтамасыз етуге шақырды. Аудандағы колхоз басқармалары төрағаларының, МТС директорларының бастауыш партия ұйымдары хатшыларының жиналыстары болып, онда партия, шаруашылық жұмыстарын әскери қалыпқа келтіру мәселелері қаралды. 

Соғыс аудан халқының тұрмыс-тіршілігіне едәуір өзгерістер енгізді. 1941 жылдың шілде және тамыз айларында облыстық партия комитетінің бюросында халық арасында қорғаныс бұқаралық жұмыстарын өрістету, халықты әуе шабуылынан қорғана білуге дайындау, қорғаныс қызметін қайта құруды арттыру мәселелері қарастырылды. Ауданда майдан жағдайында қызмет атқарудың барысы, оның нәтижелері, алға қойылған міндеттердің орындалуы барысы жиі талқыланып отырды. 

Өнеркәсіп орындары мен теміржол қатынасында жұмысты соғыс жағдайына бейімдеп жүргізу қолға алынды. Кәсіпорындарда басқару аппараттары қысқартылып, оның есесіне өндірістік күштерді толықтыру көзделді. Өнеркәсіп орындары қызметінің үздіксіз жүруі үшін оларды қосалқы бөлшектермен, қажетті материалдармен қамтамасыз етуге көңіл бөлінді. Жергілікті және кооперативтік өнеркәсіптер жергілікті шикізаттан кеңінен тұтынатын тауарлар шығаруды негізге алды. Тыл жұмысшылары майдан қажеті үшін шығаратын бұйымдар жоспарын үнемі артығымен орындап отырды. 

Аудан егіншілері мен малшылары да партия, совет ұйымдарының күшімен соғыс кезінде жаппай еңбекке жұмылдырылды. Ел ішінде еңбекке деген құлшыныс арта түсті. Ауыл шаруашылығында елеулі өзгерістер орын ала бастады. Еңбекке жарамды адамдар түгелдей дерлік соғысқа шақыртылуына байланысты тракторшылар, комбайншылыр, механизаторлар, егіншілер қатары едәуір азайып қалды. Жұмысшы қолының жетіспеуі еңбек өнімділігін арттыру, жұмыс уақытын ұзартумен, жоспарланған тапсырманы артық орындаумен, сонымен қатар өндіріске әйелдерді, жасөспірімдерді, қарттарды кеңінен қатыстыру есебінен толықтырыла түсті. Әр жұмысшы атқаратын жұмыс көлемі ұлғайды. Жаңа бастамалар тұсындағы ауылшаруашылық машиналарын, колхозшылардың еңбек резервтерін неғұрлым толық пайдалану жолға қойылды. Еңбекке жарамды адамдардың жұмысқа қатысуы барған сайын арта түсті. Әсіресе, механизатор кадрларының құрамын нығайтуға баса көңіл бөлінді. 1941-1942 оқу жылында мектептердің жоғары сыныптарында және Жаңақорған МТС-де 217 механизатор, 283 ауыл шаруашылығы кадрлары, мұның ішінде 123 әйел бітіріп шықты. Мекеме, өндіріс орындарында 380 адам оқыды. 1942 жылы аудан бойынша 880 маман даярланды. Көктемгі егіс алдында ұжымшарлар жанында 21 стахановшылар мектебі ұйымдастырылып, мұнда 715 бригадир мен звено жетекшісі оқып шықты. 1942 жылы, 1940 жылмен салыстырғанда, егіс көлемі 5217 гектардан 9362 гектарға жетті. Аудан бойынша 1942 жылы егін егу 25 күн бұрын, мемлекетке астық тапсыру жоспары 40 күн бұрын орындалды. Мұның ішінде «Келінтөбе» ұжымшары 60 күн бұрын жоспарды артығымен орындап шықты. Мемлекетке күріш тапсыру жоспары 242%, мақта 140% орындалды. Ұлтарақтай жер орусыз қалған жоқ, жалғыз масақ жерде жатпады. Ел басына түскен ауыртпалықты халық жабыла көтерді.

Ауданда соғыс жылдары мал басы да өсіп, одан өндірілетін өнім артты. 1942 жылы, 1940 жылмен салыстырғанда ірі қара 3160 бастан 5445 басқа, қой-ешкі 16740 бастан 31885 басқа, жылқы 3317 бастан 4671 басқа, түйе 726 бастан 947 басқа дейін өсті. Талдысу ұжымшарының шопаны Қалтай Жансейітов 734 саулықтың әр 100 саулығынан 130-дан төл берсе, «Бірлік» ұжымшарының жылқышысы Сүлеймен Балабеков 50 биеден 44 құлын, түйекеш Үсенбаев 18 інгеннен 18 бота алды. 

Отанды қорғау, жеңіске жету ісі барысында аудан көлеміндегі колхозшылар жақсы нәтижелерімен көзге түсті. Сұрапыл соғыс жылдарына  қарамастан аудан еңбекшілері қиындыққа өздерінің қажыр-қайраттары мен ерік-жігерін қарсы қоя отырып, егіннен мол өнім жинады. Егінді күтіп, баптау оқушылардың күшімен атқарылды. Олар қыс мезгілінде арық қазып, су жолдарын тазартты. Соғыс жылдары әр колхозшының үйіне жылына 52 кг ет, 6 кг сары май, жүн, жұмыртқа салығы салынды. Жыл сайын мемлекеттік заемға әр отбасы бір ірі қарасын сатып, ақша төледі. Бұл колхозшыларға ауыр тиді. Соған қарамастан Отан қорғау қорына ақша, астық, жылы киімдерін берді. Ауыл шаруашылығы өнімдері түгелдей дерлік мемлекетке тапсырылды. Майданға жылы киім әзірлеу бүкілхалықтық патриоттық іске айналды. Әр отбасында қолғаптар, шұлықтар тоқылып, майданға жіберу үшін тиісті орындарға өткізіліп жатты. Әрбір ұжымның мүшелері еңбек демалысында да жұмыс істеп, қаржыларын қорғаныс қорына аударуға бастама көтерді. 1942 жылдың алғашқы 2 айында «Қызылорда танк колоннасын» жасау қорына аудан еңбекшілерінен 95 мың сом қаржы жиналып, 74800 сомның соғыс заемы өтті. Сол жылы осы қорға ұжымшар басқармаларының төрағалары Исатай Топышев, Бекжұман Сәрсенбаев, Үсен Сопиев және тағы басқалары өз еңбек ақыларынан 20 мың сомнан қаржы берді.

Ауданның бас имамы Жапар мағзұм Сейдахметұлы ауыл имам-молдаларын ұйымдастырып, сол қорға 20 мың сом ақша жинап берді. Сол үшін Жапар мағзұмның атына Ташкенттегі Орта Азия мұсылмандары басқармасынан Алғыс хат та келді. 

1941 жылдың қыркүйек, қазан, қараша айларында майданға Жаңақұрылыс колхозы 15 пима, 16 құлақшын-тұмақ, 15 шалбар, 13 тері тон, 71 көйлек, Кеңесарық колхозы 20 пима, 5 тон, 7 құлақшын, 30 күртеше, 20 көрпе, 70 қолғап жіберсе, аудандық қаржы бөлімінің комсомол ұйымы 1329 сом жинап, танк колоннасына берген. Аудандық өндіріс комбинатында пима басушы Жантуов айына 90 пиманың орнына 132 пима басып шығарып, ұрыс даласына жіберіп тұрды.

Сонда да болса соғыс жылдарындағы бұл ауыртпалықтарға шыдамдылық таныта білген аудан диқандары ерлік пен еңбектің тамаша үлгісін көрсетті. Жыл өткен сайын ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін, өнімін арттырудың шұғыл шаралары іске асып жатты. Еңбекшілер уақытпен санаспай күндіз-түні жұмыс істеді. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!», «Тылдағы барлық жұмыс майдандағыдай ұйымдастырылсын!» деген ұранмен жүргізілді.

Осы кезде жергілікті басылымдарда  «Отан соғысына, Қызыл Армияға керектілерді әрі сапалы, әрі көп етіп өндірейік!» деген ұранмен ауыл еңбеккерлері мен жауынгерлердің лебіздері жарияланған. «Жолдасым Қызыл Армияда, өзім еңбек фронтында» атты оқырман хатында: «Менің жолдасым Әмірбеков Жәкен Қызыл Армия қатарында. Ол аттанар алдында мені өнімді еңбек істеуге шақырып, өзі Отан алдында адал қызмет істеуге міндеттеніп еді. Ол жазған хатында командир берген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап жүргенін қуанышпен айтады», – дей келіп, өзінің еңбек майданындағы жетістіктері жайлы баяндалады: «...Еңбек майданындағы қарқынды барынша жақсарттым. Звеномдағы 10 колхозшының барлығы да жұмысты жақсы істеп жүр. Соның нәтижесінде звеномыз бойынша егілген мақтаның 3 шабықтауымен суаруын аяқтап, төртінші рет баптауға қызу кірістік» деген жолдардан ауыл еңбеккерлерінің белсенділігі анық байқалады. Басылымның осы санында Ә. Әбдікәрімовтің «Күндік жұмыс нормаларын артығымен орындауда» атты хабарында «Талап» колхозының еңбекшілерінің еңбек өнімінің жоғары көрсеткішке жеткендігі баяндалады.

1941 жылғы 3 тамыздағы нөмірде Д. Сәулебековтің «Машинист», Н. Жакеевтің «Жайлап жауды, құртып тыну» атты өлеңдері жарық көрген. Сонымен бірге «Барлығы Отан үшін, майдан үшін!» айдарымен «Антымызды орындаймыз» деген тақырыппен сержант Г.И. Владимирцев, сержант Н. Мурманский, қызыл әскер И. Диваев, В. Мойщенконың атынан хат жолданған. 

Соғыс кезінде майдан даласы мен тылдың арасы тығыз байланыста болды. Жауынгерлердің бір мезгіл тыныс алған кездерінде окопта отырып жазған үшкіл хаттары ауылда қалған аналары мен сүйген жарларының, іні-қарындастарының көңіл-сенімдерін нығайтып, Жеңіс жолындағы еңбекке деген құлшыныстарын арттыра түсті.

Соның бірі – «Екпінді» ұжымшарының тұрғыны Пазылбек Қалыбековтың майданға аттанып бара жатып, 1942 жылғы 15 шілдеде өлеңмен жазған хаты. Хат былай басталады:

Аттанып кетіп барам майданға мен, 

Қоштасып алтын бесік қайран елмен. 

Мен бәлкім оралармын, оралмаспын, 

Артымда белгі болып қалсын өлең, – деп одан әрі эшелонмен алып бара жатқанын, жолда көргендерін, одан Чкалов қаласына келгенін өлеңмен жырлайды:

Шілденің алтысында бізді бөлді, 

Жолығу бір-бірімізге қиын болды. 

Менімен Шах, Ырымжан, Сұлтанбек – 

Төртеуміз бірге жүрдік сілтеп қолды.

 

Сол күннен тоғызыншы күнге дейін, 

Күрек ап жұмысына қойдық зейін. 

Әскери тәртіпке біз дағдыландық, 

Туған жер, ата-ана қалып кейін.

 

Сағындым артта қалған туған елді,

Кір жуып, кіндік кескен сұлу жерді. 

Жолдастар, уайымға берілмеңдер, 

Қайғыртып қамықтырмай біздей ерді.

 

Сары ала киім киіп сартылдаған, 

Тәртіп пен әскер іске болдық маман. 

Қобалжып күтудеміз күндіз-түні, 

Шығар деп қашан хабар аттандаған.

 

Аз қалды алғы шепке аттанармыз, 

Демеңдер кетті ғой деп хат-хабарсыз. 

Бұл күндер көшкен бұлттай өте шығар, 

Қауышып аман-есен шаттанармыз, – деп аяқтайды.

Пазылбек 1940 жылы Қандыарал орталау мектебін бітіріп, сол жылы Қапланбектегі оқуға түседі. 1942 жылы 27 маусымда майданға аттанады. Ол Чкалов қаласында әскери даярлықтан етіп, қазан айында Уфа қаласында болады, сол жерден соғысқа кіреді. Ең соңғы хатын 1943 жылы шілдеде жазып, содан хабарсыз кеткен Пазылбек Қалыбеков те майданнан оралмай қалған боздақтардың бірі еді.

Содан хабар-ошарсыз, «қара қағаз» да келмеген, өлі-тірісі белгісіз. Сөйтіп жүргенде, 1988 жылы Пазылбектің бір-екі өлеңі мен суреті аудандық газетке шығады. Мұны Пазылбектің майдандас жолдасы Індемес Есенбеков оқып көріп, оның Екпінді ауылының жігіті екендігін біледі. Бұрын оның жаңақорғандық екенін білгенімен, қай ауылдан екендігін білмейтін Індемес Есенбеков екі-үш адамды ертіп алып, Екпінді ауылындағы Пазылбектің інісі Тазабектің үйіне барып, Пазылбектің жаумен қарсы шайқаста ерлікпен қаза тапқанын естіртеді. Бұдан кейін ол інісі Тазабекке: «Біздің армия Қырымды жаудан тазартуға бет бұрған кез еді, – дейді ол. – 1943 жылдың қараша айында Днепрден өту, көпірді қорғау үшін жаумен қатты шайқас басталды. Міне, осы шайқаста 23 қараша күні кешкі сағат 6 шамасында бізбен бірге шабуылға кірген Пазылбек ерлікпен қаза тапты. Шабуылға кіріп бара жатқанбыз, кідіруге уақыт жоқ, бетін мен өз қолыммен шинелімен бүркеп, өте шықтық».

Сөйтіп, Тазабек хабарсыз кеткен ағасы Пазылбектің қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқанын 1945 жылдан кейін естіді.

Майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгер ақын Пазылбек Қалыбековтың есімі аудан орталығындағы «Тағзым» алаңындағы тақтада және Төменарық ауылындағы қойылған ескерткіш-белгіде жазулы тұр.

Ауданда соғыс жылдары майдан онкүндіктері ұйымдастырылып, оған партия ұйымдары барлық күш-жігерлерін жұмылдыра білді. 1942 жылы 16 қыркүйекте «Правда» газеті: «Әсіресе, республикалық майдан онкүндіктері кезінде еңбек қарқыны арта түсті. Қазақстанның егін далаларында 300 мыңнан астам қала халқы, миллион еңбекші жұмыс істеді, – дей келіп, – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы «Политотдел» ауыл шаруашылығы артелінің мүшесі Әбдірахимова күріш орудың нормасын 200%, «Жаңарық» ұжымшарының мүшесі Құдиярова 300% орындады», – деп жазды. 

Соғыс жылдарында тылдағы еңбеккерлердің ерен еңбегі бір сәтке де толастамағанын осы жылдары жарық көрген аудандық «Екпінді» газетінің әр нөмірінен байқаймыз. Алғашқы жылдары газет суретсіз, бірсарынды шықса, 1942 жылдан бастап суретпен, яғни еңбек майдангерлерінің жетістіктерін насихаттауды дәстүрге айналдырған. Мәселен, басылымның 10 мамырдағы санында Қ. Шүкірбаева туралы мынадай деректер береді: «Октябрь» колхозының трактористкасы 13,5 гектар жерге тұқым себу орнына 33 гектаржерге тұқым сеуіп, нормасын үнемі асыра орындап отырды». «Комсомолка Нарымбетова Мария – «Кеңес» колхозының трактористкасы. СТЗ-мен сменде 10 гектар жерге тұқым себу орнына 15 гектар жерге сеуіп, тырмалаған. 3,5 гектар орнына 4-5 гектар айдаған. 150 литр жанармайын үнемдеген» деген секілді қысқаша мәліметтермен еңбек озаттарын насихаттаған. 

Осының нәтижесінде 1943 жылы қазан айында аудан еңбекшілері майданға 1351 килограмм ет, 720 килограмм картоп, 400 килограмм күріш, 230 килограмм пияз, 184 килограмм қауынқақ жөнелтсе, аудан жастары сүңгуір қайық жасау үшін 16 мың сом жинап берді.

1943 жылы аудан бойынша 6590 гектар ерте егісті 5 жұмыс күні ішінде, ал 2600 гектар кеш егісті 10 жұмыс күні ішінде жинап алды. Жастар жұмысқа белсене араласты. 1941-1943 жылдары аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Мақсұт Мұсаев болды.

Бірлік ауылының тұрғыны, «Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалінің иегері Әбсадық Әйтілеуов соғыс кезіндегі ауылдағы ауыр жағдайды былай деп еске алады: «Жаңа оқу жылында оқушылардың жағдайы да әдеттегіден басқаша болды. Түске дейін мектепте оқимыз. Түстен кейін саппен барып шаруашылықта жұмыс істейміз. Бәріміз 1942 жылы Бірлік жетіжылдық мектебін бітірдік те, еңбекшілер қатарында жұмыс істеуге кірісіп кеттік.

Ол кезде ауылдық жерде телефон, радио болмайтын. Соғыс басқыншыларының барлық майданда тоқтаусыз, көптеген қалаларды басып алып, ілгері қарай қауырт жылжып келе жатқандығы баспасөздерде жазылып жатты. Газет келісімен біз ол хабарларды жұмыс басында ауыл адамдарына оқып беретінбіз. Әрбір газетті асыға күтетінбіз.

Шаруашылықта жұмыс істейтіндер – қарттар, әйелдер, әскерге жасы толмаған балғын балалар еді. Тауқымет бізді тез есейтті. Барлық қиындықтарды мойындадық. Шаруашылық техниканы тек МТС-тер арқылы пайдаланатын.

Барлық жұмыс қолмен атқарылатын. Бірлік колхозында бір ғана «ЗИС-150» жүк автомашинасын көретінбіз. Соғыс басталысымен оны аудандық әскери комиссариат майданға жіберді.

Астық қолмен орылып, қолмен бастырылды. Мемлекетке астық тапсыруда қатынас көліктерінің ең үлкені арба, түйе, ат, егіз, есектер еді. Осы тасымал көліктерінің көпшілігінде балалар жүрді. Қыс айларында егіндік даласына тыңайтқыш үшін әрбір шаруа үйінің маңындағы күлдер мен қи үйінділерін қапқа, дорбаға салып, күн сайын жаяу арқалап егістік жерлерге тасып төгетінбіз. Әсіресе, ауылдағы әйелдердің жұмысы ауыр еді. Өйткені, күні бойы дала жұмыстарында болған олар түнде қол диірмен тартатын, келі түйетін. Бала-шағаға ас-су дайындайтын да солар. Жұмыстан бір күн де қалуға болмайтын. Оған небір аязды, боранды күндердің өзі себеп-сылтау бола алмайтын. Мысалы, жас балалы әйелдер бала емізіп келуге үйіне барғанда, егер кешігіп қалса, артынан шақырушы келіп тұратынын көзімізбен көрдік. Себепсіз кешіккендер «прогульщик» атанатын. Оларға бір-екі ескертуден кейін тиісті шаралар қолданылатын. Жұмыстың түрлері бойынша әрбір жұмыс қолының күндік нормалары болатын. Оны орындау міндет. Егер орындалмаған жағдайда тапқан еңбеккүннің белгілі бір мөлшерін «күйдіру» деген шаралар қолданылатыны да есімде. Қатаң тәртіп сақталмаса болмайтын да еді. Өйткені жауды жеңу, Отанды қорғау мүдделері еңбекті осылай ұйымдастыруды қажет етті. Бүгінгі жұмысты ертеңге қалдыруға тіпті болмайтын». Әбсадық Әйтілеуов ақсақалдың бұл айтқан жағдайлары аудандағы әрбір шаруашылық, елді мекендерде болды.

Соғыс жылдары партия ұйымының қатары нығайды. 1942 жылы партия қатарына 62 адам, оның ішінде 26 әйел қабылданса, 1943 жылы партия қатарына 84 адам, оның ішінде 49 әйел алынды. 

Әйелдер соғыс кезінде жер ауып келген балаларды қамқорлыққа алуда да көп рөл атқарды. Әкелері мен аналарының орнын жоқтатпайтындай қамқорлық жасады. Балалардың көпшілігі жұмысшылардың, колхозшылардың тәрбиесіне алынды. Ауданда 2 әйел ауылдық кеңестің төрайымы, 6 әйел бастауыш партия ұйымының хатшысы, 2 әйел ұжымшар басқармасының төрайымы, 35 әйел комсомол ұйымының хатшысы, 2 әйел ферма бастығы, 35 әйел бригадир, 97 әйел звено жетекшісі болып жұмыс істеді. 81 әйел тракторист, 4 әйел комбайнер болды.

Бұлардың қатарында көп жыл ауылдық советтің төрайымы болған Гүлсім Бәкірова мен Шарипа Әбілхасымова, колхоз басқармасының төрайымдары – Шайхан Бахрамова, Сәпура Әлиярова, аудандық совет атқару комитетінің орынбасары Альфина Дузакашова, ферма меңгерушілері – Қыздаркүл Баратбаева, Ұлтуар Шаухаманова, Әпикүл Ақбалаева, Бибіш Өмірбекова, ауылдық советте хатшы болған Жәмиле Омаровалардың еңбектері айтуға тұрарлық.

«Екпінді» газетінде сол кездегі сталиндік вахтаға тұруға шақырған Семей облысы Үржар ауданындағы «Красные горные орлы» колхозының еңбеккерлері әйелдердің еңбекке араласуын қарқынды жүргізуге үндейді.

1941 жылғы 6 шілдеде жолданған бұл хатқа барлығы 4858 адам қол қойған екен. Олар республика еңбекшілерін жауды толық талқандағанға дейін Отан қорғау вахтасына тұруға шақырды. Бұл жөнінде былай деп жазды: «Бүгін шайқас майданында Отанымыздың еңбекшілерінің бостандығы мен тәуелсіз болуы мәселесі шешілмек. Майданда жеңісті қамтамасыз ету үшін, сөйтіп тәуелсіздігімізді, намысымыз бен бостандығымызды сақтап қалу үшін біз тылды тынбастан нығайта беруге тиістіміз. Өзіміздің барлық күш-жігерімізді, барлық қамқорлығымызды Отанды қорғау мүддесіне, жауды талқандау және жою міндетіне бағындыруға тиістіміз. Отан бізден жеңіске жету үшін болып көрмеген істі, жан қиярлықты, қандай құрбандыққа болса да әзірдікті талап етеді...» Жаңақорған ауданындағы бірнеше колхоз еңбеккерлері бұл хатқа үн қосып, қолдайтындықтарын білдірген. Газеттің осы жылдағы 2 қараша күнгі нөмірінде «Октябрь мерекесі алдындағы социалистік жарыстың табыстары» атты айдармен «Красная звезда» колхозы Сталиндік вахтада» атты очерк жарық көрген.

Очерктің «Красная звезда» колхозы мәдениетке бөленген», «Коммунистер, комсомолецтер авангардтық ролін атқаруда», «Үгіт Отан соғысының мүддесінде», «Екпінді еңбектің нәтижелері», «Малшылар жұмыстарын майдандағыша істеуде», «Қайратты қарттар», «Патриоттық инициатива», «Октябрь мерекесінің алдында» деген тақырыпшаларымен аталмыш колхоздағы еңбеккерлердің жетістіктері жайлы баяндалады. 

Соғыс жылдарында Екпінді колхозынан Ленин орденді Халипа Түлкібаева, Кеңес колхозынан Мария Нарымбетова, Октябрь колхозынан Нұрбала Шерімбетова, Қосүйеңкі колхозынан Патима Назарбаева, Шарипа Әбілқасымовалар трактор руліне отырып, жер айдап, дән септі. Сондай-ақ, сунақаталық Ленин орденді күрішші Орынша Камалова, Еңбек Қызыл Ту орденді механизатор Құндызай Қарымбаева мен келінтөбелік жұмысшы Мәрия Бексұлтанова, Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған кейдендік сауыншы П. Мекебаева, миялық жұмысшы М.Әпетова, Политотделдік Ленин орденді жүгерішісі П. Ізәтіллаева, «1941-1945 жылдардағы ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері – келінтөбелік Ұ. Мұстиярова, «Жұлдыз» шаруашылығынан Ұ. Пернебаева, Бесарықтық П. Жайынбаева, қаратөбелік Қ. Айтпаева мен Н. Төребаева, төменарықтық Ұ. Шомақова мен Ү. Байзақова, өзгенттік К. Елекенова, ақүйіктік Ұ. Каренеева, аққорғандық Ү. Оспанова, задариялық З. Сматова, жаңақорғандық К. Әбужүсіпова мен Ә. Ізтілеуова, З. Бегеметова, З. Ысқақова, Б. Нарымбетова, госпитальда медбике болған Н. Досмағанбетова, т.б. көптеген әйелдер соғыс жылдарында ауыл шаруашылығы жұмыстарында ерекше көзге түсті. 

         Колхоздарда әйелдер үшін медицина шеберлері курстары ұйымдастырылды. 

Ұлы Отан соғысы жылдарында Жаңақорған санаторийі госпитальға айналдырылды. Жаралы жауынгерлерге Жаңақорғанның тұзды суы мен балшығы ем болды. Бір ғана 1942 жылдың қыркүйегінде – 165, қазан айында – 235, қараша айында – 111 жаралы жауынгерлер осында емделді. Жазылған жауынгерлер майданға қайта аттанып жатты. Аудан өнерпаздары концерт қойып, жаралылардың көңілін көтерді. Бұл жылдары Жаңақорған госпиталінде Тастемір Жүзбаев, Айдархан Жапаров, Пәстен мен Мақсұт Бөлековтер жаралы жауынгерлерге уақытпен санаспай қызмет жасады

Ұлы Отан соғысы кезінде су шаруашылығы құрылыстарын жүргізу, суландыру жүйелерін қайта құру, егіс көлемін ұлғайту, жалпы өнімді молайту бағытында көптеген жұмыстар жүрді. Республика күрішінің 75 пайызы Сыр өңірінде өндірілді. Осындай кезеңде су мол өнім алудың ең басты тірегіне айналды. Бірақ су игеруде, ирригациялық жүйеде көптеген кемшілік болды. Суландыратын алқаптардың дұрыс жүйесі жасалынбады, су беретін жүйелер де дұрыс емес еді. Осыдан кейін су мөлшерден артық жұмсалды, топырақ сорланды. Су үшін күрес кең өрістеп, колхоздарда ирригациялық құрылыстар салу қолға алынды. 1944 жылы «Сунақата» арнасын қазу жоспарланып, арна құрылысын 15 қазанда бастап, 1945 жылғы 15 қаңтарда аяқтау көзделді. Жоспар бойынша арнаның ұзындығы 23 шақырым, табан ені 6 метр болып, 450 мың текше метр топырақ шығару белгіленді. Арна біткен кезде 3000 гектар жер суғарылып, егін егілетін болған. Құрылысқа 1 автомашина, 3 трактор, 2 грейдер, 6 беккер күрегі, 10 ат скрепері, 29 шана, 50 көлік бөлінген. Арна құрылысы 3 учаскеге бөлініп, 1944 жылдың 1 қарашасынан бастап 1150 адам жұмыс істеді. 50 киіз үй тігіліп, 3 медпункт, 3 шаштараз, 3 етік тігетін орын ашылып, 3 дүкен, 3 қызыл мүйіс жұмыс істеді. Құрылыс кезінде «Сунақата» деген атпен 11 жауынгерлік листок, 3 қабырға газеті шығып тұрды.

Арна құрылысшылары үшін мемлекет қорынан 42,2 тонна ұн, 5,7 тонна жармақ, 400 кг ет, 250 кг шай, 3,7 тонна қант, кәмпит, 14 мың дана шырпы, 2250 кг кір сабын, 3 мың дана иіс сабын, 450 метр кездеме, 300 мың сомға тігулі киім, 1500 пар аяқ киім, 150 кг өсімдік майы бөлінді.

Осы жылдары әрбір колхозшы 3 текше метрден жер жұмысын орындап отырды. Су шаруашылығы кадрларын жасақтауға ерекше көңіл бөлінді. Сунақ ата каналы құрылысы қызу жүргізіліп, белгіленген мерзімде аяқталды. Сол жылғы көктемде каналға су алынып, күріш, тағы басқа дақылдар егіліп, канал бойына ел қоныстана бастады.

1943-1944 жылдарда аудан халқы неміс басқыншыларынан азат етілген аудандарға көмектесу үшін 20-дан астам трактор мен ауылшаруашылық машиналарын, 100-ге жуық механизатор және 300 бас жылқы жөнелтті.

Соғыс жылдары Қызылорда облысы эвакуацияланған халықтарды қабылдайтын оңтүстік аймақтағы басты өңір болды. Жалпы, эвакуацияның сипатына қарай үш негізгі бағыты айқындалады: жеке босқындар, ССРО-ның батыс аудандарының бейбіт тұрғындарын шығысқа ұйымдасқан түрде және өндірістік кәсіпорындар, мекемелермен бірге инженер-техникалық мамандар мен жоғарғы білікті жұмысшыларды отбасыларымен бірге эвакуациялау. Соғыс жылдары бойы Қазақстанға эвакуация негізінен соңғы екі бағыт арқылы жүзеге асырылды. Эвакуацияланған халықты қабылдау үшін эвакопунктер құрылды... Алайда, босқындар толқынының күшеюіне байланысты облыстарда арнайы қоныс аудару басқармалары ұйымдастырылып, жұмыс істей бастады. Олар тікелей Қазақ ССР-ның Халық комиссарларының кеңесі мен ССРО ХКК Қоныс аудару басқармасына бағынды. Қызылорда облысында мұндай басқарма 1941 жылдың шілдесінде құрылды. Эвакуацияланғандарды қабылдау және орналастыру ісі елімізде дұрыс жолға қойылды. Оларға жергілікті тұрғындар – қазақтар екі бөлмелі үйі болса, бір бөлмесін соларға берді, дәлізді тамы барлар бірге араласып отыра берді. Соның нәтижесінде, мыңдаған эвакуацияланған халық барынша қамтамасыз етілген тұрмыстық жағдайда өмір сүріп, кейін туған жерлеріне оралуға мүмкіндік алды. 1941 жылдың өзінде Жаңақорған ауданына майдан шебінен көшірілген 2742 адам келді. Мұның 551-і орыс, 1562-сі еврей, 557-сі украин, 73-і белорус ұлтынан еді. Бұларды аудан орталығына және басқа шаруашылықтарға бөліп-бөліп орналастырды. 

Cовет халқы ортақ Жеңіс үшін батырлық пен ерліктің үлгілерін көрсетіп жатқан уақытта сталиндік қылмыскер топ өз халқына геноцидін жалғастыра берді. «Халық жауларын» жоюмен қанағаттанып қана қоймай, ол тұтас этникалық қауымдастықтарды өздерінің туған жерлерінен күшпен қоныс аударып, террорлық әдістер қолдануға көшті. Күштеп жер аударудың алғашқы құрбандықтарының бірі — Қиыр Шығыстағы советтік корейлер болса, 1941-1942 жылдары республикаға 408 мың неміс депортацияланды. 1943-1944 жылдары ешбір дәлелсіз басқыншыларға дем берді деп айыпталған Солтүстік Кавказ халқы да жер аударылды. 1944 жылы Қызылорда облысына солтүстік Кавказдан – шешендер мен ингуштар, Грузиядан – түріктер, Молдовадан сотталған «халық жаулары» жалпы 6662 жанұя – барлығы 22 383 адам жер аударылса, Жаңақорған ауданына олардың екі мыңға жуығы жіберілді. Оның көпшілігін шешендер құрады.

Жергілікті атқару комитеті тарапынан Солтүстік Кавказдан келгендерге аз мөлшерде болса да көмек көрсетілді. Мәселен, Қызылорда облыстық еңбекшілер депутаттарының атқару комитеті 1945 жылға жаңа үй салуға 361 400 рубль, 17 үйді жөндеуге – 7500, үй сатып алуға – 20000 рубль қаражат бөлген. Ауылдық жерде тұратын жер аударылған халықтардың балаларына да үкімет тарапынан қант бөлініп тұрды. Тіршілік ауыртпалығы мен күшті моральдық қысым жағдайында жергілікті халықтың тілектестігі мен қолдауынсыз өмір сүру қоныс аударушылар үшін қиын еді. Қазақ халқының құшағын жайып, оларды өздеріне жақын тартып,бір үзім нанын бөлісіп жеген бауырмалдық қасиеттерінің арқасында бұл халықтар аман қалды және әлі күнге дейін бауырмал қазақ халқына шексіз алғыстарын білдіруде.       

Жаңақорған ауданының ер азаматтары соғыстың алғашқы күндерінен бастап әскери комиссариатқа барып, өз еріктерімен майданға аттанып жатты. Жаңақорған ауданынан соғысқа 4949 жауынгер аттанды. 

Жаңақорғандық жауынгерлер майдандас достарымен тізе қоса отырып Мәскеуді қорғады, Сталинград пен Курск шайқастарына қатысты, Украина мен Белорус майдандарында, партизан жорықтарында болды. Еуропа елдерін неміс басқыншыларынан азат етті, Берлинге дейін барып, Рейхстагқа шабуылмен кірді. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?