Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Бұқар жырау – мемлекетшіл тұлға

10417
Бұқар жырау – мемлекетшіл тұлға - e-history.kz

Әйгілі ақын-жырау, Абылай ханның кеңесшісі, «көмекей әулие» атанған көреген, мемлекет қайраткері Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына биыл даталы 330 жыл толып отыр. Бұқар жыраудың туған кезеңі, балалық шағы, жалпы өмірбаяны, өмірден өтуі туралы нақты дерек болмағанымен, ол туралы ауызша жеткен аңыздар мен деректер, өзінің жыр толғаулары арқылы өзі өмір сүрген заманды бағамдай аламыз.

Бұқар жырау өмір сүрген кезең – Қазақ хандығын Тәуке, Болат хан, Абылай хандар билеген заман болатын. Бұқар жырау – аса ірі тарихи тұлға. Өзі тұстас көрнекті қайраткерлер арасында ең көп жасағаны да, қазақ өміріндегі ірі оқиғаларға ең көп қатысып, оларды өз шығармашылығы арқылы суреттеп, шығармаларында тарихи дәуірдің іздерін ең көп қалдырған да – Бұқар жырау Қалқаманұлы. Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы жеріндегі Далба тауының етегінде дүниеге келіп, ұзақ жасап, туған өлкесінде өмірден өткен әйгілі Бұқар жыраудың бізге жеткен мың екі жүз жолдық туындыларына: толғаулары мен жырларына қарасақ, ол жүріп өткен жолдың аса ауқымды екеніне көз жеткіземіз. 

Бұқар жырау – қазақ мемлекеттілігінің әбден қалыптасуы мен ыдырау дәуірін қатар көрген мемлекетшіл тұлға. Бұқар – ең әуелі қазақ әдебиетінің ірі өкілі. Ол қазақ әдебиетіндегі жыраулар дәуірі аталатын кезеңдегі белгілі шығармашылық иелерінің бірі болып табылады. Бұқар жырау есімінің ұмытылмай жетуінің өзі де оның шығармашылдық қырымен байланысты.

Жырау – өз жанынан өлең, жыр, толғаулар шығарып айтумен қатар, эпикалық дастандар мен толғауларды халық көпшіліктің ортасында таңды таңға ұрып орындайтын ерекше өнер иесі. «Жырау» деген атаудың түбірінің өзі «жыр» сөзінен шығып отырғанын ескерсек, жырау – жыр айтатын адам деген мағынаны беріп тұрғанын көреміз. 

Қазақ қоғамында жыраулар халықтың алдында беделді, айтар ойлы сөзі бар рухани көсемі, қоғамдық пікір қалыптастыра алатын, елді соңынан ертіп, сөзін тыңдата алатын қабілеті бар қайраткер де ықпалды тұлға. Жырау хандар мен сұлтандар, билер мен батырлардың жанында жүріп, халық пен биліктің дәнекері қызметін атқарған. Жырауға тән тағы бір жағдай, ол – қажеті туған жағдайда хан-сұлтандар мен қаһарлы сардарлардың алдында тайсалмай сөйлеу. Белгілі бір түйткілді мәселеге қатысты халықтың атынан сөйлей отырып, мінін бетке айтатын тұлға – шешен жыраулар болған.

Бұқар жыраудың есімі өзі өмір сүрген дәуірден совет билігі күшейген тұсқа дейін қазақтар арасында өте танымал болып келгенімен, Кеңес Одағындағы саяси ахуалға байланысты, оның тарихи тұлғасы көмескілене түсуі мүмкін жағдай қалыптасты. Ол – Бұқар жыраудың мемлекетшілдігі болатын. Абылай ханның қасында жүріп, оған кеңесші ретінде танылған адам да ханның қатарындағы үстем тап өкілі ретінде қарастырылуы қажет болды. Бұл жағдай әсіресе өткен ғасырдың 30-50 жылдары бірнеше рет көтерілгенін көреміз. Қазақ тарихы мен әдебиетіндегі белгілі тұлғаларға коммунистік идея тұрғысынан баға беріліп, оларды феодалдық-реакцияшыл, жат элемент ретінде тарихтан аластау мәселесі қаралды. 1937-жылға дейін Бұқар шығармашылығына қалам тартқан көптеген тарихшы, әдебиетшілердің жазықсыз жапа шегіп, сталиндік зұлматтың құрбаны болуы, Ермұқан Бекмаханов сияқты белгілі ғалымдар қудаланып, ұзақ жылғап сотталуы рухани тұрғыда орны толмас соққы болды. Дегенмен Бұқар шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі орнын сол кезеңнің сұранысына сай туындыларымен көрсете отырып, сақтап қалуға деген ұмтылыс болмай қалған жоқ. Атап айтқанда академик жазушы Сәбит Мұқанов 1942 жылғы «Қазақтың XVIII-XIX ғасырлардағы әдебиетінің тарихынан очерктер» атты оқулығында Бұқарды кедей таптан шыққан ақын екендігін баса көрсетеді, оның халықшылдығын алға тартады. Алайда жоғарыдағы Ермұқан Бекмаханов қатарлы тарихшылардың еңбегіндегі хандар есімі кеңестік дәуірге жат болып саналғандықтан, олардың жыршысы Бұқар шығармашылығы да оқу орындарында оқытылудан аластатылды. 1959-жылға дейін Бұқар Қалқаманұлының шығармашылығына тыйым салынып, оның есімі тарих жадынан өшірілуі тиіс болды. Белгілі әдебиеттанушы ғалымдардың аузымен Бұқар жыраудың тұлғасына, оның шығармашылығына қарата қаралау сипатындағы тезистер айтылды. Солардың бірі – әдебиеттанушы ғалым Есмағамбет Смайыловтың 1956 жылы жарық көрген «Ақындар» атты монографиясы болды. Онда ғалым былай деп баға беруге мәжбүр болғанын көреміз: «Бұқар үлкен ақын ғана емес, Абылайдың қол шоқпар,бітімші биі. Ол XVIII ғасырдағы қазақ елінің жоңғарға қарсы күресін дұрыс жырлағанымен, ішкі қоғамдық мәселеде үстем тап жыршысы болды». Белгілі ғалым Қажым Жұмалиев те Бұқар жырау Қалқаманұлының советтік дәуір үшін керітартпа пиғылдағы шығармашылық иесі екенін «дәлелдеп», былай деп тұжырымдайды: «Бұқар, Дулат, Шортанбайларды алсақ, оларнегізінде феодалдық салт-сананы қолдаушы, сол таптың идеясын жырлаушы болды. Бұқар хандық құрлыстың мызғымас бірлігін аңсады. Абылайдың іс-әрекетінің көбін құптап, басқаларға хан ықпалының өтуін өлеңдеріне идеялық өзек етті». Қазақ руханиятына жасалған мұндай ауыр соққыдан кейін Бұқар жыраудың есімі бірер жыл көмескіленуге беталды. 

Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының Бірінші хатшысы Н.С.Хрущев билікке келгеннен кейін өзінен бұрынғы И.В.Сталиннің жіберген қателіктерін жұмсарту мақсатында біршама жұмыстар жасалды. Осы жылдары мемлекетшіл тарихи тұлғалардың есімі толықтай болмаса да, біртіндеп қайтарыла бастады. Солардың қатарында Бұқар жыраудың да есімі бар еді. Белгілі ғалым, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Қазақ хандық дәуір әдебиеті» атты ғылыми жұмысы қорғалуы – жыраулар поэзиясының халқымен қайта қауышуына жол ашты. Бұқар жырау Қалқаманұлының есімі қайта оралып, оқулықтарға енгізіліп, оқытыла бастады. Антологиялар мен әдеби жинақтарға енгізілді. Бұқар жыраудан жеткен өлең, жыр, толғаулар жинақталып, ол туралығылыми зерттеулер жасалып, айналымға енгізілді. Бұқар жыраудың тарихи тұлғасы өз орнын тапты. Дегенмен Бұқар жыраудың туындыларына деген жасқаншақ көзқарас арыла қоймағанын сол кездегі зерттеушілердің пікірлерінен аңғарамыз. Яғни кеңес дәуірінде Бұқар жырауды совет қоғамының адамдарына, әсіресе жас буынға насихаттаудың, оны әдеби, тарихи тұлға ретінде тарихи, әдеби көркем кітаптарға енгізуге бола ма деген сұрақ бірнеше рет қойылғанын көреміз. Себебі, ол Абылай ханның жанында жүрген ақылшысы, өзінің барлық іс-әрекетімен, қызметімен хандық дәуірдің тұтастығын барынша қамтамасыз етуге атсалысып өткен адам ретінде белгілі. Бұқар жыраудың бұл тарихи қызметін совет дәуіріндегі әдебиетте жұмсартып көрсету үшін фольклортанушы ғалым Ысқақ Дүйсенбаев өзінің «Ғасырлар сыры» атты еңбегінде былай деп жазады. «ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамында бай, кедей бар екенін Бұқар жырау біле тұрса да, олардың арасындағы қайшылықтар мен бітіспес тартыстарға мән берген жоқ, киіз туырлықты барлық қазақтың басы қосылып, іргелі ел болуын арман етті де, тек үш жүз түгелдей Абылай туының астына жиналып, қазақ мемлекеті құдіретті күшке айналады екен деп ұқты, сол кездегі тарихи шындық осылайша көрінді.» Бұқар жырау шығармаларының басты идеясы туралы осылай дей отырып, ғалым ол заманда қазақ қоғамында таптық қайшылықтар айқын көрініс тапқан жоқ дегенге келтіреді. Бұқар жыраудың заманын коммунистік кезеңнің көзімен қараудың расымен де ешқандай негізі жоқ болатын. Азаттық дәуірде ғана Бұқар жырау тұлғасын, оның шығармашылығын, ондағы мемлекетшілдікті кең көлемде дәріптеу, тұлғаның есімін аудан, елді мекен, көшелерге беру, т.б. игі шаралар бар мән-мазмұнымен мүмкін болды.

Бұқар жырау шығармашылығы – ежелгі көшпелі мемлекеттерінің, одан бергі Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысындағы кеңесшілік институттың айқын көрінісі. Ежелден бергі кезеңде көшпелі ордаларды басқарған хандардың, айтулы билер мен сардар батырлардың жанында олардың рухани, идеологиялық мәселелер бойынша кеңесшісі ретінде жыраулар жүріп, билеушіге үнемі көмекші, ақылшы болып келген. Абылай ханның заманында Бұқар жырау, Тәтіқара жырау, Үмбетей жырау қатарлы әйгілі жыраулар болғаны оларға қатысты айтылатын түрлі оқиғалар тарихтан белгілі. 

Бұқар жырау – осы аталған және өзіне дейінгі, өзінен кейінгі дәуірлердегі хан-сұлтандар жанындағы кеңесші жыраулар арасындағы ең көрнектісі ретінде тарихта қалды. Бұқар жыраудың кеңесшілігіндегі ең басты идея – ел бірлігі. Бұл оның әрбір бізге жеткен еңбегінде көрініс тауып жатады десек болады. Бұқар жыраудың балалық, ересектік шағында билік құрған Тәуке ханның заманында «Жеті жарғы» заңы жазылып, қазақтардың бір орталыққа бағынуы қалыпқа келтірілгенімен, айналасында қалыптасқан саяси жағдайларға байланысты елдің бірлігіне үлкен қауіп төніп келе жатқан болатын. Солтүстіктен ентелеп келе жатқан Ресей империясының ниетін, болашақ ұрпаққа тигізер зиян-залалын Көмекей әули ерте білген. Мұны Бұқар жыраудың бізге жеткен «Қилы заман» деген толғауынан анық аңғауға болады.

Күн батыстан бір дұшпан,

Ақырда шығар сол тұстан.

Өзі сары, көзі көк,

Діндарының аты – поп.

Күншығысқа қарайды, 

Шашын алмай тарайды.

Құдайды білмес, діні жоқ,

Жамандықта міні жоқ,

Затсыз, тексіз бір кәпір,

Аузы-басы жүн кәпір,

Жаяулап келер жұртыңа.

Бұл – жыраудың Абылай ханға сонау ХҮІІІ ғасырдың ортасында айтқан көріпкелдік жыры екенін ескерсек, Бұқар жырауды қазақ тарихындағы Мөңке бидің немесе Еуропадағы Нострадамустың стиліндегі болашақты болжаушылар қатарына жатқызуымызға әбден болады. Сондықтан да оны «Көмекей әулие» деп атаған. «Көмекей әулие» дейтіні – сәуе көріп, оны айтарда көмекейі бүлкілдеп, төгіп-төгіп жырлайтындығынан болса керек. Көмекей әулие қазақ халқының Абылай дәуірінен арғы жағдайын, яғни «жаяулап жеткен затсыз, тексіз» жұртқа кіріптар болғаннан кейінгі тұрмысын былай деп болжаған екен: 

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар мұртыңа.

Жемқорларға жем беріп,

Азды көпке теңгеріп,

Ел қамын айтқан жақсыны,

Сөйлетпей ұрар ұртыңа.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды,

Қағазға жазар малыңды, 

Есеп алар пұлыңа,

Солдат алар ұлыңнан.

Күндердің күні Абылай,

Есе тимес сөзіңе,

Есіктегі құлыңнан.

Бұқар заманында мұндай халге келіп түспегенімен де, Абылай дүниеден өткен соң, Орта жүздің өзінде екі бірдей хандық құру арқылы қазақтардың ішкі ісіне еркін араласа отырып, жағалай бекініс салып ілгерілеген Патшалық Ресей билігі 1822 жылы «Хандық билікті жою туралы» жарғы шығарса, 1868 жылы аға сұлтандықты да жойып, қазақтарға тиесілі ең үлкен басқару билігін «болыстық» деңгейіне түсіріп, елді әбден бөлшектеп тастаған еді. Бұл – Абайдың «бас-басына би болған өңкей қиқым» деп атаған дәуірі болатын. Жоғарыдағы Бұқар жыраудың толғауында айтылған жағдайлардың бәрі ХІХ ғасырдың ортасында қазақ даласында орын алып болған еді.

Бұқар жыраудың шығармашылығында болсын, мемлектшілдік іс-әрекеттерінде болсын, қазақтың ұлы ханы Абылайдың алар орны ерекше. Бұқар жырау – Абылай ханның қазақ халқын бір тудың астына жинап, күшті ел болдыруға деген ұмтылысын сөзсіз батыл қолдаушы, дем беруші ретінде тарихта қалды. Оны жыраудың көптеген толғауларында анық аңғарамыз. Атап айтқанда бірде «Сәдір қайда барасың?», бірде «Керей қайда барасың?» аталып жүрген толғауында, елдің бірлігі сыналар қысылтаяң шақта бөліне көшкен Сәдірдің қылығын бетіне басып, Абылай ханның алдында бітісуін қатаң талап етеді.

Абылай алдында сен бітсең,

Құдандалы таныспын.

Егер Абылай алдында бітпесең,

Атасын білмес алыспын:

Көшің кетер бір жаққа,

Малың кетер бір жаққа,

Көш соңынан жете алмай,

Есің шығар сол шақта.

Жар басына қамалып,

Жарты лашық тігерсің.

Ауызыңнан ас кетер,

Қара көзден жас кетер.

Бұ қылығың қоймасаң,

Сонау кеудедегі дулығадай бас кетер.

Бұқар жырау – Абылай ханды тиянақ ете отырып, Сәдірге айбат көрсетеді. Осы арқылы ел іргесінің тыныштығын сақтауға ұмтылады. Бұл – қажет кезінде қатаң дипломатияға жүгіну деген сөз болып табылады.

Бұқар жырау – ұзақ жасаған жасында шығармашылық қабілетінен ажырамаған, өзінің елшілдік мұратынан айнымаған жан. Тоқсан үш жасқа келіп отырса да, жыр толғаудан қалмаған.

Менің жасым тоқсан үш,

Мұнан былай сөйлеуім

Маған да болар ауыр күш, - 

деуі – сөзімізге дәлел болады. Бұқар жырау – Абылай ханның Арқадан оңтүстік өлкеге қоныс аударып барып, сол жерде қоқандықтардың шабуылына ұрынып, құсаланып өмірден өтерінде де бірге болған айнымас серігі. 

Бірі етек, бірі жең болған,

Ежелден саған ел болған.

Орта жүзден кісің жоқ,

Найзасының ұшы алтын,

Кіші жүзден кісің жоқ.

Енді бұған қарап тұрғаннан,

Басқа қылар ісің жоқ...

Абылай хан Ханқорған деген жерде қайтыс болып, Түркістан қаласына, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанына жерленеді. Бұқар жырау Арқаға қайтып келеді. Өмірінің соңына дейін елдік мұраттан айнымаған есіл ердің, Бұқар жыраудың өмір жолы – мемлекетшілдіктің айқын үлгісі ретінде дәріптеле бермек.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?