Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Айдалған ел, аңыраған жұрт

9081
Айдалған ел, аңыраған жұрт - e-history.kz

Еліміздегі баспасөз саласында орны зор, рухани – тарихи тақырыптарды кеңінен насихаттап келе жатқан «QAZAQSTAN TARIHY» порталына өткен 23 мамыр күні «Қашқын қалмақтың лаңы» атты жазба жарияланды. Онда барша қазақтың бір пұшпағы Қобда бетінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың ХХ ғасыр басында бастан кешірген тағы бір «ақтабан шұбырындысы» жайлы айтылған болатын. Ал мына жазба сол оқиғаның жалғасы іспетті. Яғни қашқын қалмақтың кәріне ұшыраған қазақтар ақыр соңында көтеріліс шығарып, онымен қоймай Патшалық Ресейге ауып барып, бас сауғалағаны туралы баяндамақпыз. 

Өткендегі мақаламызда, қашқын қалмақтың кесірінен күл төгіп, қоныс алған жұртынан айдалған көш шамамен 1912 жылдың мамыр айының басында қазіргі Бай-Өлке аймағының орталығы Өлгей қаласының оңтүстік-батысында жиырма шақырымдай қашықта орналасқан Сарыкөл, Өмінғол, Қағылғаты маңына жетіп тоқтайды. Жалама жан-жақтан құйылған көшті осы жерге топтап, жиын ашады. Қылаң Қанжығалыұлын бар қазақтың бастығы деп жариялайды. 

«Жалама жиын ашып, Қылаң осындағы қазақтың ханы екені айтылды. Ел қонған Сарыкөлдің батыс жағын шерік күзетеді. Олай қарай аттап басуға болмайды. Қайта шығыс­қа қарай Қату өлкесіне баруға ұлықсат етті. Осыдан кейін көшкен ел Қатудан асып, алды Олонорға (Олон нуур) барып жайлады. Дамбижансын елді бұл араға әкеліп тастап, өзі Шің­гіл жаққа барып жайын жатқан халықты шауып қайт­ты», ‒ деп жазады дерек жинаушы һәм геолог ғалым Шерхан Орайханұлы 2017 жылы жарық көрген «Тасбике руының шежіресі» атты кітабының 222-ші бетінде.

Осылай «айдалған ел, аңыраған жұрт» Сарыкөл маңына келіп сәл аял тапқандай болады. Қанша айтқанмен ел емес пе, тұяқ серпіп, қарсы тұрудың қамын ойлайды. 

Ел ішіне астыртын жансыз салып, 

Қит еткен іс қалмаққа хабарланып, 

Сұмдар шығып жандайшап жағынушы, 

Атшабар болып алды бағы жанып,

деп, ақын Кәп Құмарұлы жырлағандай (Құмарұлы. К. «Ырғайлы жартас». Астана: Фолиант, 2013. – 76 б) жауыз Жаламаға қарсы шығудың қамын ойлаған қарақас руының басшысы Ақымбек Тоққұлұлының әрекетін «жандайшаптар» қалмаққа (Жаламаға) хабарлап қояды. 

Сөйтіп, ел ішінде болуы мүмкін қарсылық, яғни бү­ліктің алдын алып, айдалған жұрттың жүрегін шайлықтыру үшін жауыз Жалама Ақымбекті ұстап алып, терісін тірідей бітеу сыпыртады. Бұл – адамзат тарихында көп кездесе бермейтін зұлымдық. Жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлы 1974 жы­лы жарық көрген «Өрікті көл» повесінің 36-бетінде: «Ақынбек әйгілі қамшыгер болған», ‒ деп көрсетсе, осы еңбектің 38-бетінде: «…Байлаулы жатқан Ақымбекті шалқасынан салды да, бірнешеуі басып отырып, басқалары іреп соя бас­тады…», ‒ деп суреттейді. 

Жарықтық Ақымбек атамыз жайлы шыбарайғыр Нә­жі­кеш Таңқайұлы (1885-1953) «Ел айдалған» дастанында «Ақым­бек зәңгі болған ниет түзік», ‒ деп жырласа, байөлке­лік жыршы Кәп Құмарұлы 2013 жылы жарық көрген «Ырғайлы жартас» атты туындысында «Ақымбек ақылы асқан «зәңгі» атанды», ‒ деп жазыпты. Демек бұл кісі мәнжі-қытай билігі тұсында ел басқарып, зәңгі шенін алды деген сөз. 

Бірнеше жылдың алдында Ақымбек атамыздың артын­да қалған ұрпағы кімдер екені жайлы сұрау салғанымызда астаналық қаламгер Бодаухан Тоқанұлы: «Жалама терісін тірідей сыпырған Ақымбек Тоққұлұлы үш ағайынды екен. Рахым және Рахмет атты екі інісі болыпты. Атақты Құлашкер апамыз – Рахымның бәйбішесі. Ал Ақымбектен Құ­сайын туады. Құсайыннан: Бәкей, Қабан, Ауқай атты үш ұлы туған. Бәкейден Тілеуқабыл мен Сұрауқабыл. Қабаннан туған Байқабыл мен Байыт. Бұл екі азамат Эрденет қаласында тұрады. Ауқайдың балалары Байынқоңғыр қаласында туып-өсіп, соңғы жағы түгі қалмай моңғолданып кетті», ‒ деген мәлімет берді. 

Өз басым 2022 жылдың жазында Ақымбек атамыздың басына барып, дұға бағыштадым. Ескі көздер марқұм дәл терісі сыпырылған жерде жерлеген дейді. Зираты аймақ орталығынан отыз шақырымдай жерде орналасқан. Өлгейден тура Сарыкөлді бетке алып аттанасыз, жолай күрт оңға бұрылып, құлай аққан Өмінқол өзенін қиып өтіп, Қағыл­ғатыға қарай тура тартсаңыз, алдыңызда жатағандау келген төбешік тұр. Бұны жергілікті жұрт «Қызылтөбе» деп атайды екен. Дәл осы төбенің батыс жақ бөктерінде таспен бастырып үйген Ақымбек атамыздың зираты тұр. Бейіттің қарсы жағына 2015 жылдары Бекбол Асқарұлы деген азамат қыс­тау салған екен. Қазіргі таңдағы басты белгі осы.

Бұл тарихи зиратқа байөлкелік шебер Құмарбек Қанжарбайұлы бас болып, қарақас ағайындар 2017 жылы атамыз­дың басына ескерткіш тас орнатқан екен. Ол тасқа: «Қара­қасназар Ақымбек Тоққұлұлы (1878-1912). Бұл жерде 1911-1912 жылдары бейуаз елді қан қақсатқан қарақшы Жаламаның (Дамбижансын) қарулы әскерімен ел үшін соғысып, ақыры қолға түсіп тірідей терісін сыпыртса да, ар-намысын таптатпай кеткен Ақымбек батыр жерленген. Ұрпақтары. 2017» деген сөз таңбаланыпты. 

Ақымбек атамыз осы жерге жерленгені жайлы алғаш рет хатқа түсірген адам – байөлкелік атбегі һәм қайраткер тұлға Қалқабай Орынұлы. Бұл кісі: «Жалама терісін тірідей сойдырған Ақымбек пен Тоқымбайдың бейіті Сақсай сұмын же­рі аяққы Қағылғатының аузындағы екі төбенің арасын­да», ‒ деп жазса (Орынұлы Қ. Есте қалған есімдер, Өлгей. 1995. ‒17-б), атақты шежіресі Мақидолда Қинаятұлы «Ақым­бектің зираты Қағылғатыда» дегенді тіпті ертеде айтып жүретін. 

Жоғарыдағы Құмарбек Қанжарбайұлы: «Қалқабай жарықтық дүниеден өтер алдында бұл зират жайлы руы меркіт Мекей деген адамға айтып, тіпті көрсетіп кеткен екен. Осы кісі арқылы 2017 жылы зиратты таптық», ‒ десе, аталған тақырыпты ұзақ жыл қаузаған һәм көлемді еңбек жазған тарих ғылымдарының кандидаты, ақын-шежіреші Сұраған Рахметұлы Ақымбектің мүрдесін арулап, мұсылмандық ғұрыппен бетін жасырған адамдар – Бозтайұлы Жұлықбай, Жылқыайдарұлы Сейсенбай деген адамдар екенін хатқа түсіріпті. Бұл адамдарға сауаптан болғай! 

Жауыз Жалама бітеу күйде іреп сойылған атамыздың те­рі­сінің ішіне шөп тығып, буддалық діни рәсім орындауға пайдалағаны жайлы дерек бар. Мысалы, ресейлік саудагер әрі моң­ғол­танушы ғалым Алексей Васильевич Бурдуковтың (1883-1943) естелігінде: «Бітеу сойылған адамның тұлыбы Дамбижансынның қоймасында тұрғанын көзім көрді. Жаламадан: «Бұл адамның тұлыбын не істейсің?» ‒ деп сұрадым. Ол: «Діни рәсімдер орындауға қажет», ‒ деді. Мен мұн­дай нәрсені азық-түлікпен бірге сақтауға болмайтындығы жайында ескерттім», ‒ десе («В старой и новой Монголии». ҰБ, 1987 жыл, 112-бет), 1914 жылы жауыз Жаламаны қолға түсіру операциясын басқарған офицер Булатовтың естелі­гінде: «Өткен жылы (1912) Жалама қазақ жігітінің терісін тірідей сыпырғаны жайлы естісем де, сенбеген едім. Алаяқ ламаны қолға түсірген соң тірі тұлыпты іздеттірдім. Оның қайда екенін бекіністегі орыс саудагерлері айтты. Ол тұ­лыпты Жалама өз ордасына азық-түлікпен бірге сақтаған екен. Бұл тұлыпты Жаламаның қатыгез, қанпезер адам екендігіне дәлел ретінде Қобдаға алып келдім. Тұлып дәл қазір менің қолымда тұр», ‒ дейді.

Қысқасы, атамыздың тұлыбы 1914 жылы Жаламамен бірге оның жауыздығының куәсі ретінде Иркутск қаласына барған. Оны алып барған – орыс офицері Булатов. Осы оқи­ғаның ізіне түсіп іздеген жазушы Мұхтар Мағауиннің сөзіне жүгінелік: «Жалама қастерлеген тірі тұлұп – бақытсыз қа­зақтың тірідей сыпырылған терісі – қандыра иленген, бар кейпін сақтаған тұлұп тағдыры сәл өзгеше қалыптасты. Әуелде Жаламаның қадамын қырыққан капитан Булатовтың қолына түскен еді. Қаныпезер қарақшының қылмысты істерінің бір айғағы ретінде өзімен бірге ала кетеді. Анығы – 18-ші бұлғақ жылы Иркутскіде тұруы. Және чехословак легионының әпесері Вацлав Копецкиймен ежеттес дос болуы. Алас-күлестен соң еліне қайтқан чех жігіті досы сыйға тартқан тірі тұлыпты өзімен бірге әкетуі. Сол қалпы әлде қойма, әлде сандықта сексен жыл жатқан. Ақыры бұл тараптағы қауым да Орыс өктем­дігінен азатқа жеткен соң, дүние кеңейген кезде, Копецкийдің әлде немересі, әлде шөбересі біздің тұлыпты Чех Республикасының астанасы Праганың қақ төрінде тұрған Ұлттық музейге табыс еткен. Тап-таза бүлінбеген, әсем, әдемі қалпында», ‒ деп жазады. Бұған ешбір алып-қосарымыз жоқ. Біздің қолдағы деректер де осылай дейді. 

Осыдан көп жыл бұрын «тірі тұлұптың» суреті Чехияның бір журналына шыққаны туралы естіген едік. Осыдан кейін жазушы ағамыз әдейілеп барып «тірі тұлұпты» көзі­мен көрген. Оны былай деп суреттепті: «Арқадан басқасы түгел екен. Екі қол, екі аяқ, он саусақ, он бақай тырнағымен қоса қаз-қалпында. Сәл-пәл өскен тығыз қара шаш, дөңгелек, жазық маңдай. Қияқ мұрт, оймақтай ауыз. Құлжа мойын, кең иық, зор кеуде. Кіндігі бітеу, белі берік. Ерлік, еркектік мүшесіне дейін өз орнында. Ең кереметі – көзі ашық. Сәл-пәл кілбиген, аз-маз тұманытқан үлкен қоңыр көз. Ашу да, азап та аңдалмады. Жалыныш та, үрей де жоқ. Кірпік қақпастан, тіке қарап тұр. Байыпты, батыл». («Қыпшақ аруы». Алматы, «Атамұра» баспасы, 2007, 252-253-беттер).

Ой, дүние-ай, ХХ ғасырдың басында Қобда өлке­сінде болған осы бір қым-қиғаш апақ-сапақ саясаттың құрбаны болған Ақымбек атамыздың тұлыбы айналып келіп Еуропадан бір-ақ шықса, оны сойған Жаламаның ба­сы Петербордағы Кунсткамерада сақтаулы тұр. Бұл жайлы кейі­нірек толық айта жатармыз.

****

Аталған тақырып бойынша зерттеу жүргізген геолог-ғалым Шерхан Орайханұлының естелігінде: «Сарыкөлге ел сыймай қатты қиналды, батыс жақты шерік күзетіп тұрды. Қайта шығысқа қарай Қату өлкесіне баруға ұлықсат етті. Осыдан кейін көшкен ел Қатудан асып алды Олонорға (Олон нуур) барып жайлады», ‒ дейді. Бұл оқиға жайлы ақын Нәжікеш Таңқайұлы (1885-1953) «Ел айдалған» дастанында:

Жайладық жаз маусымда Олоннорға,

Ләшкердің айдауымен бардық зорға, – 

дей келіп:

Жайлады Ұла Ошқы тауын жондай,

Бұрында заман өткен сондай-сондай,

Еңкейдік күз басында Бөкемөрін,

Қазақтар алады деп түртеп орын.

Айдалдық одан әрі Нарын даба,

Ар жағы Өрікті көл жазық дала, ‒ 

деп жырласа, ақын Кәп Құмарұлының әжемнің айтуы бойын­ша хатқа түсірдім деген «Ел айдалған» атты дастан-толғауында:

Бұрылар жол таба алмай оң мен солға,

Құрбан болды талай ер осы жолда,

Күнде иіріп түнетіп бір шұңқырға,

Жазғытұрым әкелді Олоннорға.

Арасын ажыратпай дос пен жаудың,

Тілеумен әр күнгі аман жанның сауын,

Осы жаз бір өлместей күн өткізіп,

Жоталап жайлады ел Ошқы тауын, ‒ 

дейді. 

Осы жырларда атты аталған «Олоннор» қазір Алтынсөгсе сұмынының жері болса, «Ұлан Ошқы» тауы Байнор сұмыны жерінде тұр. 

***

Осындай бір пәленің келе жатқанын аңғарған Сүкірбай үкірдай Жаламадан бұрын өз қарауындағы елді бастап Алтай бетіне асып үлгереді. Бұл оқиға жайлы Ақыт қажының «Қобда кеңес» атты жырында:

Жан-жаққа тұрды керей көзін салып,

Қазаққа сол күндері халқа қанық,

Шеруші Алтай асып көшіп кетті,

Қылаңның сөз төркінін сезіп қалып, ‒

десе, өлкетанушы, шежіреші, тарих ғылымдарының докторы Ислам Қабышұлы: «Қылаң мен Дамбижансынның іс-әрекеті – түбінде аңқау елді арандатушылық екенін ұққан Сүкірбай ел-жұрттың басты адамдарымен құпия кеңес өткізіп, елді аман сақтап қалу үшін Алтай бетіне асып көшсе, саңырау, құрман, төлек руларын басқарған Қиюбай өзіне қарасты елді бастап, Ресейдің Шүй жеріне өтіп кетті», ‒ дейді (Ислам Қабышұлы. «Моңғолия қазақтарының тарихы», Өлгей қаласы, 1980 
жыл.  – 108-б).

Бай-Өлке тумасы, зиялы ақсақал, қазір Қазақстандағы Қарағанды облысы Топар елді мекенінде тұратын Зарыққан Бағылатұлының естелігінде: «Көш 2-3 бағытпен қозғалып, бір бөлігі (Қылаң тобы – Б.Қ) Торқылық-Қандығатайға бағыт алды. Ал қалған бір бөлігі Өрікті көл, Бұрғыстайға қарай жылжыды», ‒ деп жазса, (З.Бағылатұлы. «Тұғырлы тұлға Тұрды Төлекеұлы», Астана: 2022 жыл. – 37-б) жазу­шы Елеусіз Мұхамәдиұлы 1974 жылы жарық көрген «Өрікті көл» атты хикаятының 74 бетінде: «Шұбатыл­ған көштің соңын тоса алмаған Қылаң Жаламамен келісті де бол­­­жамды жерге тоқтамақ болып, сол қалпы үдере көшкен бақат ауылы Қандығатай мен Торқұдыққа жетіп бір-ақ тоқ­та­ды», ‒ дейді. Осы орайда, айта кету керек Елеусіз Мұқа­мә­­ди­ұлының «Өрікті көл» повесі идеологиялық шеңберде жазыла салғанымен, оқиғаға байланысты деректері аса құнды.

Оқырманға ұғынықты болу үшін «ел айдаған» оқиғасы­ның осы бір тұсын ашалап тағы бір түсіндірген дұрыс сияқ­ты. Айдау кезінде Қобда бетін мекендеп отырған қазақтар төртке бөлінді. Біріншісі, айдалған ел. Бұлар шамамен 40-45 пайызы, Сүкірбайға еріп Алтай асып кеткендер шамамен 30-35 пайыз, Қиюбайдың бастауымен Шүйге (Ресейге) өтіп кеткен ауыл, шамамен 15-20 пайыз, шеріктерден жасырынып сай-салада тығылып қалған жұрт, шамамен 10-15 пайыз төңірегінде деген болжам жасап отырмыз. Өйткені аталған тақырыпты терең зерттеген адамның бірі, тарихшы-өлкетанушы Сарай Асқанбайұлының: «Өрікті көлдегі көтеріліске қатысып, Қосағаш ауған қазақтар саны 300-ден астам шаңырақ болса, Қылаңның қасында 50 шақты үй қалған, ал 300 үй Сүкірбаймен бірге Алтай асып кеткен», ‒ дегені – ең нақты дерек. 

***

Сөзімізді тұжырып айтар болсақ, ала жаздай Олоннор ойпатын шиырлап, алды Ұлан Оқшыға барып жайылып жайлаған елді Жалама шеріктері Қобда өзенінің суы тартылған күзге салым дариядан өткізіп, Өрікті көлге қарай айдайды. Бұл оқиға Нәжікеш Таңқайұлының жырында «Айдады су тартыла одан әрі» деп айтылыпты. 

Жалпы, жоғарыда айттық қазақтарды бұлай көшіру – тек Жаламаның ғана ісі емес, үкіметтік дәргейде кеңесіліп, Боғда ханның келісімімен Батыс Моңғолияны тұрақтандырушы министрлер Жалқаныз және Дилав құтықтылар шы­ғарған үкім. Тіпті бұлар қалай көшеді, қайда барып тұрақ­тайды – оның бәрі сол тұстағы дөрбеттің Төгіс күлік (төгс хөлөг) Далай ханы және Үнен (үнэн) Зорықты хан өлкесін басқарып отырған нояндарымен келісілген шаруа. Бұл оқиға жайлы ақын Мыса Рақымбайұлының «Шеруші бая­ны» атты толғауында

Бұйрығы Жаламаның болды қатты,

Далайхан, Зоригтхан таңба басты.

Жат елден қарапайым шерік тартты,

Шерікке тұшалменен бас болдырды,

Төресі қарасоян Очиржавты, ‒ 

деп баяндалады. Өздеріңіз көріп отырғандай Моңғол үкіме­тінің қазақтарды қоныс аударту ісіне жырда айтылғандай: «Далайхан, Зоригтхан таңба басқан». Тереңірек үңілсеңіз, осы тақырыпқа қалам тартқан кәсіби һәм әуесқой зерттеу­шілердің бәрі: «Қазақтарды Зорықты және Далай хан жеріне айдады», ‒ деп жазады. 

Бұл жерде сәл-пәл тәпсір керек сияқты. «Төгіс күлік Далай хан» және «Үнен Зорықты хан» – бұл екеуі де адамның аты емес, әкімшілік лауазым. Жүлгелеп түсіндірер болсақ, кезінде Жоңғар хандығының басына күн туып, мәнжі-қытайдың ауыр соққысына ұшыраған 1750 жылдары дөрбет Далай тайшының шөбересі Серен убашы бұқарасын бастап, мәнжі жаққа өтіп кетеді. Онымен қоймай Дабашыға қарсы жорыққа қатысады. Яғни өз халқына қарсы шабады. Осы еңбегі үшін мәнжі билігі дөрбеттерге Ұланқұм өлкесін бөліп береді. Жалама жарықтық қазақтарды осы өлкеге айдап бара жатыр. Дәл осы жылы (1912) Далай хан елінің би­лігі Ғалсыннамжылдың үлкен ұлы Түменделгіржаптың қо­лы­на өткен еді. Ал осы аймақпен көрші ораласқан «Үнен Зорықты хан» өлкесін осы жылдары жоғарыдағы Серен убашы­ның бесінші ұрпағы Соднымжамсай басқарып отырған болатын. 

***

Осылай күзге салым Қобда өзенінің су тартылып, өткелдер ашылған  кезде Жалама шеріктері ала жаздай Олонор жазығы мен Ұлан Ошқы тауын жайлаған елді айдап әкеліп, Шұңқырши, Борзүр (Бор үзүүр), Сары арал, Бижіктоқай, Шұбартал, Дөрбілжін және үш тарау жайылма «14 отау» атты өткелдерінен өткізеді де, Қобда өзенінің келесі бетіндегі Бағыбұлақ, Ұланүзур, Көктолғай туын бөктерлетіп, әрі қарай Бағынорды көктей өтіп, түйенің айыр өркеші сияқты қос шоқылы Лоңқа тауының шығыс жағын жаналай, Тектің мойнағын (Тэгин хөтөл) асырады. 

Осылай күндіз-түні жөңкілген көш күзде тартылып қалатын «Шинесу» (Шинэ ус) арнасын кесіп өтіп, қазіргі Убсы аймағына қарасты Бөкемөрен сұмыны тұсына келіп аз аялдайды. Одан әрі ақын Нәжікеш Таңқайұлы айтқандай, «Еңкейдік күз басында Бөкемөрін, Айдалдық одан әрі Нарын даба, әр жағы Өрікті көл – жазық дала» дегеніндей, көштің жүрген жолы дәл осылай өрбиді. Жөңкілген көш Нарын дабадан асып, алды Өрікті көлге, соңы Бұрғыстай өзенінің сағасына келіп тұрақтайды. 

***

Бұл жерде анықтап айта кететін мәселе: Қылаң Қанжығалыұлы өзіне қарасты шағын елді бастап, үлкен топтан бөлек көшеді. Оның себебі: ызалы жұрт бұл айдауды Қылаңның кесірінен деп түсінгендіктен еді. Шұбатылған көштің соңын тоса алмаған Қылаң Жаламамен келіседі де, болжамды жерге тоқтамақ болып, сол қалпы үдере көшкен бақат ауылы Қандығатай мен Торқұдыққа жетіп бір-ақ тоқтайды (Елеусіз Мұхамәдиұлы. Өрікті көл: Өлгей қаласы, 1974 жыл. – 74-б).

Үлкен көш аялдап жатқан Өрікті көл маңы мен Қылаң көші барып тоқтаған Қандығайты арасы шамамен жүз шақырымдай жер. Қазіргі территориялық аумақ бойынша айтар болсақ, Өрікті көл – Сағыл (Сагил) сұмын жерінде болса, Қандығайты өлкесі – Дабыстыға (Давст) қарайды. Қандығайты бертіндегі шекара бөлісі кезінде Ресейге қарап кеткен. Қазіргі таңда дәл осы жердің моңғол жағында «Боршоо» кеден бекеті орналасса, ресейлік тарапының кедені бекеті «Қандығайты» деп аталады.

***

Қобда беті қазақтарының шабылған һәм айдалған оқи­ғасы жайлы орыс саудагері А. Бурдуков «Сибирская жизнь» газетінің 1913 жылғы 16 қараша күнгі санында «А.Чуец» деген бүркеншік атпен «В независимой Монголий» (Тәуелсіз Моңғолияда) атты мақала жазыпты. Бұл жазба өте құнды. Өйткені бұл адам Қобда бетіндегі орыс саудагерлерінің сауда ісін жүргізумен қатар, Патшалық Ресейдің барлаушысы бол­ған һәм қазақтардың айдалған оқиғаны көзімен көрген. Осы жазбаны тұпнұсқадан толық аударып ұсындық: «Қазақ­тар (түпнұсқада «қырғыздар») Қобда округінің шет аймақ­тарын­да қоныстанған бұқараны жиі шабуылдай бергеннен кейін тамыз айының 20-сы шамасында Қобда өлкесінің бас жетекшісі Дамбижансын Ма Сайд (Мақсыржабты айтады) отрядының елу әскерін қосып алып аттануға мәжбүр болады. 

Олар Тонькил-Нурьда (Тонхил нуур) отырған Жалчин бейс­тің ауылына келгенде оларға жергілікті хошуыннан және 150 адам қазақ қарақшыларын (тұпнұсқа да «банды») аластау ісіне қосылды. 

Сол күні кешкісін қазақ қарақшылары бірнеше жүз жасақпен хошуын елін және Жалчин бейс ауылын шауып, 12 мыңдай қой, 600 жылқы, сиырды қоса жиырмадай адамды айдап әкеткені туралы хабар алады. Дамбижансын осы хабарды ала сала, жергілікті жерден құралған шеріктерді Төңкілнұрда қалдырып, өзінің елу солдатымен қазақтардың жолын кесуге аттанады. 

Ол Тайчидава арқылы Шағанқолдың басына өтіп, қа­рақшылардың Қара Толғайты бұлағына келуін күтеді. 8 айдың 30 жаңасында алыстан қалың қою шаң көрінеді. Ол қайтып келе жатқан қазақтар екені анық болады. 

9 айдың 1-інде моңғолдар тұтқиылдан шабуылға шыға­ды. Қазақтар дереу атқа қонып моңғолдармен шайқасып кетеді. Қазақтардың саны моңғолдардан басым, шамамен 130 астам адам шамасында...

Дамбижансынның отряды жылдам оқталатын винтов­ка, маузерлермен мұздай қаруланған. Ал қазақтардың қолында, соның өзінде бәрінде емес, бірнеше адамда ғана бердеңке, винчестер болды. 

Атыс көп ұзаққа созылмаған. Аздан соң қазақтар тым-тырақай қаша бастаған. Оларды Шағанқолды құлдата 
қуалаған моңғолдар жүздей адамды жемтік етіп, 30-40 шақтысы жан сауғалап құтылған екен.

Дамбижансын отряды 20 мылтық, иесі оққа ұшқан 80 ат олжалайды.  20 ат өлген екен. Ал моңғолдар жағынан бір солдат білезігінен жараланып, бес-алты ат өліпті. 

Барлық мал, тұтқындалған моңғолдар мен тоналған дүние-мүліктің шып-шырғасын шығармай түгелдей мал иелеріне қайтарылуы үшін Төңкілнор хошунның князі Жалчин бейіске жеткізіледі.     

Дамбижансын қажетті деген жерлерге бақылаушы қарауылдар қояды да, 10 айдың бірінде Қобда өзенінің бойындағы Шар Сэхэ деген жердегі қонысына оралады. 

Қобда өлкесінің қазіргі оқиғасы осымен аяқталған сияқты.

 Бұл күнде Алтай асуларының барлығын қар басып қалды. Қатынас тыйылған. Айналып жаз келгенше бәрі де тыныш болатын шығар». 

Ескерту: жоғарыда дерек жинаушы һәм геолог ғалым Шерхан Орайханұлы 2017 жылы жарық көрген «Тасбике руының шежіресі» атты кітабының 222-ші бетінде «Дамбижансын елді бұл араға әкеліп тастап, өзі Шіңгіл жаққа барып жайына жатқан халықты шауып қайтты», ‒ деп жазға­нын­дай, Бурдуков мақаласында осы Шіңгіл маңында болған оқиғалар баяндалады. Сондай-ақ жазбада айтылған Жалцан бейс елі мен Тонхил көлі қазіргі Гобы-Алтай аймағы жеріндегі бұрынғы Дайшын засық (Дайчин засаг) қошуы, қазіргі Қытай елімен шектесіп жатқан Тонкил сұмыны.

Осы орайда мына бір құжат назар аударарлық. Жоға­рыда айтқанымыздай, Жалама Шіңгіл және Шағантұңкеде бекініп жатқан мәнжі-қытай әскерін жою деген желеумен барып ондағы қазақтарды шапқаны жайлы жоғарыда айттық. Алаяқ лама сол жақта жүріп немесе қайта айналып келген соң ба, әйтеуір досы Бурдуковқа хат жазған екен. Ол хат­та: «Лама Дамбижансыннан ықтиятпен Орыс Бурдуков Алексей сіздің амандығыңызды тілейді. Әуелі, қадірлімнің денсаулығы жақсы, ісі оңынан болар! Менің жағдайым жақсы.

Пақырыңыз Боғда иемнің құзырында дін жолында қызмет етуге дайын. Мұнда дүние тыныш. Десе де осы күзде батыс шекарадағы Шағантүңкеге (Цагаантүнгэ) екпіндеп келген қытай шеріктері шайқасудан бас тартуда. Олар бұл ниетін Қобдадағы орыс консулы арқылы мәлімдепті. Бірақ оларға сенбегендіктен біздің қолбасшылар 7 мың шерік жа­сақ­тап, олардың жолын тосуда. Мен де бұл істен шет қал­май аттанбақпын. Сіздің ақ патша бес жүз солдат көмекке жіберген екен, олар Ұластайға барыпты. Сіз тарап­тан жыл сайын моңғол жеріне әртүрлі тауар жеткізілуде, сауда-сат­тық ісіңіз өркендеп, дами беруіне тілектестік танытамын. 

Сізге айтпағым: менің ұстазым Жалқаныз құтақты мен арқылы өзіңізге өтініш жолдап отыр. Ол кісіге генерал шенді адамның формасы қажет. Астары жүнді қысқа арналған бір киім, астары жұқа жазға арналған тағы бір киім (форма), соны­мен қатар бай саудагер адам киетін салтанатты жы­лы жүнді киім тағы біреу, жұқа киім біреу, оның сыртында тақыр жүнді теңіз жануарының (тұпнұсқада – тышқан) екі шапан астарлауға жететін терісі қатарлы бұйымдарды ық­тият­пен тапсырғандығын жеткізіп отырмын. Сенімді се­рік­тес жолдас Бурдуков осы бұйымтайды орындайды деген­ге бек сенемін», ‒ делінген.

Хаттың басында кирилл әрпімен: «Письмо Димби-Джанцан у Кобди. Зимой 1912/13 года» деп жазылыпБурдуковтың жеке мөрі басылған екен. Соған қарағанда, бұл мөрді хат қолына тиген соң Бурдуковтың өзі басқан сыңайлы және бұл құжатты архивке де тапсырған осы кісі. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?