Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Туризм саласының дамуына жол ашылса

1125
Туризм саласының  дамуына жол ашылса - e-history.kz

Біздің елді «ашық аспан астындағы мұражай» деп бекер атамайды. Табиғат аясына саяхат пен белсенді демалыс жасау, табиғатқа зиян келтірмей, флорасы мен фаунасын сақтай отырып, ішкі туризмді дамытуды қолға алса, халық шетелге емес, өзіміздің көрікті жерлерде демалар еді. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енген көлдеріміз, өзеніміз, киелі мекендеріміз баршылық. Дүнижүзінде ел бюджетіне түсетін қаржы мұнайдан кейін туризм саласынан түсетінін естігенде, бізде неге туризм дамымай отыр деген сұрақ туады. Қазақстанның табиғаты еш мемлекеттен кем емес. Бізде бір жақсысы – жыл мезгілінің төртеуі де бар. Мұның өзі - үлкен артықшылық. Демек еліміздегі демалыс орындарын маусым таңдамай, қысы-жазы жұмыс істетуге болады.

Елімізде мақтанып көрсетуге тұрарлық көрікті мекендер өте көп. Шығыстағы Марқакөлді, Көкшетаудың Бурабайын, Аралдағы Қамбашты, Каспий мен Алакөлді айтпағанда, бір Алматының айналасында қаншама табиғаты әсем жерлер бар. Көркем табиғатты көргісі келетін туристердің саны көп. Қаланың у-шуынан, тар ауасынан шаршаған адамдар көбіне қаланың сыртына шығып, тау-тасты, өзенді жағалап кетеді. Оған қоса атпен серуендеу, түйеге мінуді қосып қойса жақсы. Сауықтыру туризмі ретінде қымыз терапиясын, емдік-сауықтыру орындарды кеңінен танытуды қолға алса болады. Шетелдік туристерді де осынау әдемі табиғатымызға шақыру көп мәселені шешер еді. Дегенмен ондай жерлерге жету оңай емес, жолымыз сын көтермейді. Ішкі туризмнің өзі дұрыс дамымай отыр. Сарапшылардың сөзіне сенсек, соңғы жылдары ішкі туризм 10-15%-ға ғана өскен. Оған себеп те жоқ емес. Халықтың әлеуметтік жағдайы сын көтермейді, ал қалтасы қалыңдар шетел асып жатыр. Республикамыздағы баруға болатын демалыс орындарына өз халқымызды тарту керек.

Бурабай – Қазақстанның Швейцариясы деп бекер айтпаған. Көкшетаудың бетке ұстар ең көрікті жерінің бірі. Жаз айында көлге суға түсіп, санаторийінде жатып, орманында серуендеп, түрлі ем алуға өте керемет жер. Бурабай көлі, Жұмбақтас, Оқжетпес, Көкшетау ұлттық паркі – бәрінде жақсы демалуға болады. Қыста да бұл жақ әсем болады, тап бір таңғажайып ертегі әлеміне еңгендей әсерде боласыз.

Алакөл – бүгінде халық ең көп баратын жер. Суы мен лайы ем бұл көлге түскен адам қыста ауырмайды деп айтады. Кезінде ғарышкерлерді ғарыштық сапардан келген соң осы Алакөлге суға түсірген екен. Шипалы суға түсуге арнайы шетелдік туристер де жиі келеді. Бұрын Алакөлге бару мұң еді, ал қазір жаз маусымында ұшақпен, пойызбен баруға мүмкіндік туғызуда. Қазіргі таңда автокөлік магистралы жөнделуде. Алакөлдің жағасы бұрынғыдай емес, демалыс орындары көбейді.

Республикамыздың тұнып тұрған тұмса табиғаты мен ұлттық құндылықтарымызды паш етудің бірден-бір жолы – ауыл туризмін дамыту. Халқымыздың 40 %-ы ауылда тұрады екен. Бір жағынан туризм арқылы тұралап қалған ауылдардың әлеуметтік мәселесін шешудің бір жолы десек те болатын шығар. Адам аяғы баспаған жерлерімізді, жергілікті халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстыру арқылы елдімекендердің экономикасын көтеруді қолға алудың мүмкіндігі жоғары. Бүкіләлемдік тәжірибеге сүйенсек, ішкі туризм елдің экономикасына өте жақсы әсер етеді. Себебі үлкен инвестицияны қажет етпейді. Табиғаты ерекше Жетісу өңірінің өзінен таудың етегінде орналасқан мекендерде ауыл туризмін дамытуға болады. Көздің жауын алар табиғат аясында киіз үйдің ішінде халқымыздың тарихы мен мәдениетін, қолөнерін, ұлттық салт-дәстүрімізді паш етіп, киімдерімізді, тағамдарымызды, сусындарымызды таныстыру, көрсету аса көп қаржы талап етпесі анық. Жергілікті халыққа сұлу табиғатты көрсете отырып, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен-ақ туристерді тартуға мүмкіндігі барына ынтасын туғызу жұмыстарын жүргізген абзал. Қаланың қарбалас тіршілігінен бір сәт демалып, таза ауада тынығып, мал бағып, жеміс-жидек теріп, қол еңбегімен аз да болса айналысқысы келетін қала тұрғындары үшін таптырмас демалыс орындары көбейіп келеді. Мысалы Алатаудың бөктерінде киіз үй тігіп, бие сауып, саумал терапиясын ұйымдастырып отырған «Тау қымыз» сауықтыру орталығы - денсаулығын нығайтқысы келетін адамдарға таптырмас мекен. Сонымен бірге атқа міну, садақ ату, тауда серуен жасауды да енгізіп қойған.

Ауыл туризмі кеңінен таралған Еуропаның тәжірибесін зерттеп, зерделеп, өз еліміздің ішкі аграрлық мүмкіндіктеріне сай, агротуризмін дамытуды қолға алған жөн секілді. Туризмнің бұл түрі Еуропада кеңінен таралған. Италия, Испания, Франция секілді мемлекеттер жыл сайын миллиондаған туристі осы агротуризм арқылы тартып отыр. Ауылдық жерде тұратын фермерлер егін жинау, мал бағу, азық-түлік дайындау секілді жұмыстарды көрсетіп, ақша тауып отырғанын естігенде, таң қалмасқа шара жоқ. Ауылдық туризмнің көшбасшысы Италия жыл сайын 2 миллионнан астам агротуристерді қабылдайды екен. 10 мыңнан аса шаруашылықпен айналысатын ауылдарының негізгі табыс көзі - осы агротуризм саласы. Бізде де дәл осылай ауылшаруашылық саласын агротуризмге айналдырсақ, ауылдың қаржылық-экономикалық әлеуеті көтерілер еді. Мысалы түйе, жылқы шаруашылығымен айналысатын ауыл адамдары шұбат, қымызбен өндірісімен қоса, атпен, түйемен серуендеуді қосып, туристерді барынша қызықтырып, тартуға болады. Келген саяхатшыларға киіз үйді тігіп, таза табиғи өнімдердің, қолөнер бұйымдардың жасалуын көрсетсе, үйретсе, темір, ағаш ұсталары темірден, ағаштан бұйымдар жасаудан шеберлік сыныптарын өткізуді ұйымдастырса, туристердің көңілінен шығар еді. Тамылжыған табиғатымызды осындай ұлттық құндылықтарымызбен бірге үйлестіре отырып ұсынсақ, агротуризм саласы біраз дамитынына күмән жоқ. Әрі ауыл халқының экономикалық, әлеуметтік әл-ауқаты көтеріліп, жұмыссыздық сияқты мәселелер де шешімін табатыны сөзсіз. Бір агробизнес арқылы тарихи-мәдени құндылықтарымызды да бүкіл әлемге паш етуге үлкен мүмкіндік. Халқымыздың тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттаудың сан түрлі жолдарын қарастырған жөн. Ондай тарихи мекендер Қазақстанның қай аймағына барсақ та табылады. Осы орайда Алматы облысы әкімдігі «Боралдай сақ қорғандары» сақ мәдениет орталығының, «Сақ қорғаны» және «Райымбек батыр» мұражайларының, «Қазақфильм» аумағында «Ethnoland» этно-мәдени кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр.

Елімізде рухани-мәдени, тарихи орындар да жетерлік. Демалыс күндері әулие-әмбиелердің басына құран бағыштап, дұға тілейтін тарихи, киелі жерлерге барғысы келетіндер Түркістан қаласындағы Арыстанбаб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне, Маңғыстауда Бекет атаның, Қызылордада Қорқыт атаның мазарларына арнайы баруға болады. Одан бөлек тылсымға толы, құпиясы көп Қарқаралыдағы Шайтанкөл, Меркідегі Көккөл, Талдықорғандағы Өлікөл, Аралдағы Барсакелмес деген секілді т.б. жерлерді көруге болады. Міне, осындай киелі жерлердің де тізімін жасап, турист тартудың жолдарын ұсына алсақ қой. Әрине, мұндай жұмыстар үлкен қаржыны талап етеді, сондықтан үкімет тарапынан қолдау, қаржыландыру жұмыстары жоспарлы түрде іске асқаны дұрыс.

​ Қазақстанның ішкі туризмін дамытып, туристердің қайта-қайта келетін мекеніне айналуы тиіс. Осы орайда табиғатымызды қорғау, қорық жұмыстарын жетілдіру, сирек кездесетін аң-құстармен келген туристерді таныстыру секілді жұмыстарды да қолға алған жөн. Еліміздің көз тартар табиғатын неге осындай дұрыс мақсатта пайдаланбасқа. Бұл ретте әлемдік тәжірибелерге сүйену қажет. Туризм мемлекеттің басты жарнамасы екенін ескерсек, елімізді туристік шаңыраққа айналдыруды қолға алу керек. Ауыл туризмі - келешегі бар, табысты сала. Сауықтыру, іскерлік, діни, сонымен бірге спорттық туризм салаларын да дамытудың ұлттық жүйесі мемлекеттік тұрғыда қолға алыну керек. Агро және этнотуризм арқылы рекреациялық аймақтар негізінде ұлттық бренд қалыптастырудың мүмкіндігі зор. Еліміздің ішкі туризм саласын жылдан жылға дамытып, халықтың өзіміздегі демалыс орындарына жиі баруға шақырғанымыз абзал.

Лаура Халел,

Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Қазақ журналистика факультетінің 2 курс студенті

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?