Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарқаралының көне тарихы

1737
Қарқаралының көне тарихы - e-history.kz

Сурет: Ерболат ШАДРАҚОВ

Қарқаралы-Қазылық тарихы қай заманнан басталады? Советтік Қазақстан тарихнамасында Сарыарқаның ең бір көрікті және қасиет қонған өлкесінің тарихын 1824 жылы құрылған Қарқаралы дуанынан (округы) бастау қалыптасқан. Өкінішке орай бұл жалпы қазақстандық проблема, бүгінгі күні ұлан-байтақ қазақ жерінің қай түкпіріне барсаң да совоктық-құлдық санада қалыптасып қалған дөңгелек даталар жұмыс істеп тұр. Тек қана Қарақаралы ауданы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы Ресей және Советтік кезеңдерде пайда болған әкімшілік бірліктер осы жалған түсініктердің дәлелі есебінде. 

Джавахарлал  Нерудың «Отар елдің тарихын отаршылдар жазады» деген сөз бар,   қазіргі  пәленше ауданның  жүз жылдығы, пәленше қаланың екі жүз жылдығы деп аталып өтіп жатқан іс-шаралар  соның көрінісі.  Біздің міндетіміз тарихи сананы Ресей және Совет кезеңіндегі реформаларға байлаған   құлдық басыбайлықтан   құтқару.  Ол үшін, әрине,  біз алдымен  қазақ тарихына терең бойлауымыз, соның ішінде  Қарқаралы тарихына терең үңілуіміз керек.

Мық  ескерткіштері

Біз Қарақаралы-Қазылық атауына қатысты этимологиялық талдауымызда бұл сөздің тарихы  кемі сақ-скиф дәуіріне бастайтынын жаздық. Шын мәнінде адам баласының алғашқы қоныстары бұл өңірде  тас дәуірінде пайда болды.  Қарқаралы жеріндегі  толып жатқан «Қыз әулие», «Қарасақал әулие»  аталатын ескерткіштер,  көбінесе тау қуыстары (грот),  үңгірлер, бұлақтар мен жеке өскен ағаштар,  көне тарихтың сакралданған бейнесі. Мысалы, сіз  Кент-Қазылықтағы Қызыл кеніш ғибадатханасын көрмек болсаңыз Қызыл су өзеншесін бойлап, Кент қойнауына қарай жоғары  өрлейсіз. Сіздің екі жағыңызда   Доңғал және Қоңыр биіктері  қақпаның аузын қорғаған   батырлар сияқты   тұрады. Осы жерде сол жағыңыздан  Қыз әулие  атты  тау қуысын, оның жан-жағына өскен қараған-талға байланған әр түрлі шүберектерді көресіз. Бүгінгі күнге дейін  Қызыл кеніщті көреміз деп келген адамдар жолда тұрған Қыз әулиеге тәу етіп, содан кейін жолын жалғастырады. Міне, Қарқаралы тарихының миллиондаған жылдарға кететін соқпақ жолының бастауы тас дәуірінде пайда болған, адамдар қоныс қылған  Қыз әулие сияқты қоныстар...

Біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ мыңжылдықты археология ғылымында  «Қола дәуірі»  деп атайды. Қазақ аңыздарында бұл кезеңді «Мық дәуірі» дейді.   Мық (муг)  - қазақтың көне тілінде аласа, бірақ нығыз дүниелерге қатысты көп қолданылатын ұғымдардың бірі.  Мысалы-  мық шеге- қысқа шеге, мық жусан- аласа жусан, мықыр, мықын, мықты т.б.).   Менің студент кезімде Қарқаралының қариялары қола дәуірінің  қақпақ тастардан жасалған  жерлеу орындарын,  металл қорытқан кен орындары мен бөгеттерін , қоныс- жайларын  «Мықтың үйі» деп атайтын.  Бұл Еуразия далалық алқабында түсті металдың көптеп игеріле бастаған кезеңі. Өндірілген  металдың көптігі сондай  ол қазақ даласынан асып өзге өркениеттерге де сатылды.  Ресейлік түркітанудың негізін салған В.В.Радлов  Алтай, Саян, Қазақ жеріндегі ескерткіштерді зерттеу барысында «Многочисленность чудских копей, большое распространение разработки руд и обильное добывание меди дает нам право заключить, что народ этот добывал медь не только для своего употребления,  но добытым металлом производил еще обширную торговлю.  Ремесло рудокопа, должно быть, было здесь в большом почете»  деген қорытындыға келеді (Радлов В.В. Сибирские древности. Из путевых записок по Сибири. Пер. С немецкого А.А.Бобринского. СПб., 1896, с.14). Қазақ мифологиясында әлі күнге дейін сақталған Жез-тырнақ, Мыс-тан кемпір сияқты  бейнелер көне қауымдар арасындағы күрделі қарым-қатынастарды, түсініспеушілікті көрсетеді. Металл өндіру ол кезде ерекше адамдардың қолынан ғана келетін  сиқырдан кем болмаған.  Белгілі дәрежеде  Жезтырнақ, Мыстан  кемпір образдары  мал баққан елдің металл өндірушілерден қорқынышынан туған.   

Ал бақташы тайпалар мен  металл өндірушілердің  қоныстары мен қорымдары Қарқаралы жерінде аз емес. 

Ә.Х.Марғұлан тура қазіргі Қарқаралы қаласы орналасқан аймақта  1955  жылы қола дәуірінің қалашығы табылғанын жазады. 1962 жылы ОҚАЭ (ЦКАЭ) осы қоныста бір жаз бойы қазба жұмыстарын жүргізді.  Ғұлама ғалым  көне қалашықтың тозып бара жатқанын, көптеген құрылыстардың  1955-1962 жылдары аралығында жоғалып кеткенін қынжыла жазады: «При топографической съемке поселения в 1955 году остатков жилых строений было больше. Особенно пострадала  юго-восточная часть поселения, где сооружено водохранилище. Кроме того, площадь поселения изрыта жителями города Каркаралинска, которые ежегодно изготавливали  там саманный кирпич» (Древняя культура Центрального Казахстана. Алма-Ата, 1966, с.229). 

Қарақаралы өзені бойында, қазіргі қаланың ескі орнында табылған  қола дәуірі  үй-жайларының   ауданы 12х18 шамасында. Тас ошақтар  кей үйлердің ортасында, кей үйлердің  шыға берісінде орналасқан. Қыш ыдыс барлық жерде молынан кездеседі, яғни қыштан ыдыс жасау жолға қойылған.  Сонымен қатар жылқы, сиыр, қой сүйектері көп. Мысалы бір үй-жайдан  табылған сиыр сүйегі- 303, жылқы- 222, қой – 283 т.б.  Металл  өндірісін осы үй-жайлардан табылған қола пышақ, мыс және темір рудасы, шлактар көрсетеді.  Тас балға, тас  шапқы т.б. құралдар  металлургия ісіне арналғаны сөзсіз (Древняя культура Центрального Казахстана. Алма-Ата, 1966, с.230).

Міне, 1824 жылы ғана бой көтерді деп отырған Қарқаралы қаласының орнынан Ә.Х.Марғұланның  1962 жылғы қазба жұмыстары кезінде тапқан қонысы осындай сыр шертеді.

Ә.Х.Марғұлан 1962 жылы Қарқаралы маңынан  зерттеген тағы бір қонысы – Суық бұлақ қалашығы. Бұл қола дәуірі металлургтері мен бақташылары мекендеген қоныс  Қарқаралы қаласынан 2-2,5 шақырым оңтүстікке қарай тау қойнауында орналасқан.  Жергілікті қазақтар  төменге ағатын өзеншені  Жырым су деп, ал  таудың қалаға қарайтын жағын Таркезең деп атайды. Қонысқа Суық бұлақ тұрғындары қойнаудағы дөңес жерді таңдаған, яғни таудан аққан бұлақ көктем уақытында  тасып тұрғын үйлерді шайып кетуі мүмкіндігі көп болған. Бұл жерде археологтар  бірнеше үй –жайдың орнын  зерттеді, олан табылған дүниелердің Қарқаралының өз басындағы қалашықтан табылған дүниелермен айырмашылығы жоқ. 

Жалпы қола дәуірінің үй-жайы, жалпы қалашығы туралы толық ақпарат алу үшін Ә.Х.Марғұлан командасы жасаған реставрациямен  танысу керек. 

Қарақаралы өңірінде өкінішке орай  қоныс орындарынан көрі көне заман қорымдары, яғни жерлеу орындары  көп қазылды. Мысалы,   Қарағанды мемлекеттік университетінің археологтар тобы жылына ондаған қорымнан   жылдар бойы,  үздіксіз қазып келеді.   Өкінішке орай   қола дәуірі жерлеу орындарын  қанша көп қазғанмен, оның алдындағы және одан кейінгі тарихты, қазақ этнографиясын   терең білмеген себепті бұл  кезеңге  Ә.Х.Марғұлан деңгейінде ғылыми  баға  берілді деп айта алмаймыз.

Қарқаралы қола дәуірі қорғандарын бей-берекет қазу 1830 жылдардан  басталады. Мысалы Сібір әскери корпусын басқарған С.Б.Броневский  Кент-Қазылықтағы Қызыл Кеніш  ғибадатханасы жанындағы  қорымдарды қазғанын жазады, бұл жерде әңгіме қола немесе сақ  дәуірі болса керек: «Поиски мои в древних курганах около сего места вознаграждены отысканием золотых серег с бирюзою, и род женской гребенки из чистого золота – очень хорошей работы. Поднято также несколько медных обломков от конной сбруи и оружия, много разбитых узорчатых горшков из обыкновенной глины, без рисунков и надписей, (Все эти вещи отосланы мною в Кабинет (Музей) Графа Николая Петровича Румянцева).

ХХ ғасыр басында Семейлік өлкетанушы В.Никитин  Қарқаралының маңында елуден аса ірілі-ұсақты қорғандарды санағанын жазадыі.  Олардың барлығын да  жергілікті  чиновниктер алтын іздеп  қазғаны айтылады: «...Стан Каркаралинская. В районе станичных земель имеется в разных местах более 50 курганов различной величины, но почти все уже давно разрытые. Давнишний житель Каркаралов, отставной чиновник Бахирев, еще недавно, лет 7-8 тому назад, усиленно занимался разрытием этих курганов и владел массою древних вещей. В районе тех же земель, в верстах 17 от станицы, на вершине горы «Мурзучек» (Мырзашоқы-Ж.А.), как-то уцелел один курган средней величины, внешности ничем не замечательной, но останавливающий внимание тем, что около него и теперь еще находят уздечки, ножи и другие мелкие вещи».

Міне, осылайша Қарақаралының көне тарихы көзден ұшып, жадыдан жоғалып кетті. Ғылымда «археолог ескерткішті  ең соңғы көретін адам» деген қанатты сөз бар. Өкінішке орай қазба жұмыстарынан кейін ескерткіш жоғалады, оның орнында топырақ пен тас үйіндісі ғана қалады. Қарқаралыдағы қола дәуірінде ариан-тұр бекзадалары мінген  қос дөңгелекті арба табылған Сатан қорымы қайда? 

Жұмбақ жал

Сарыарқа жерінде әлі күнге дейін  сыры толық ашылмаған жұмбақ құрылыстар баршылық. Солардың бірі Қарақаралы, Көкшетау сияқты  ғажайып оазистерде кездесетін  ірі гранит тастардан  қаланған жалдар. Бір қарасаңыз жаудан қорғанатын бекініс  сияқты,  екінші бір қарасаңыз мал қамайтын қоршауға да ұқсайды.  Қарқаралы маңындағы  тас жал - қаланың шығысы мен  оңтүстігінде  бірнеше шақырымға созылып, үлкен бір аңғарды жан-жағынан қоршап  жатыр.  Қыраттардың үстімен, кейде биік шоқылардың ұшар басына дейін   жүргізілген бұл құрылысты жергілікті халық әртүрлі атайды, бірде  «Қалмақ жалы», бірде  «Малайсары батырдың қорғаны» т.б.  Кей тұсында оның биіктігі 5 аршынға  (1 аршын- 71,12 см) дейін жетеді. Жалдың жалпақтығы кей тұста  шамамен 3-5 метр,  кейде одан да көбірек  болады.   Жалдың   мақсаты   оңтүстігінен,  батысынан  және шығысынан биік таулар қоршаған  қойнауды қорғау, немесе жабу болған сияқты. 

1868 жылы «Область сибирских киргизов (казахов)» атты үш томдық іргелі еңбек жазған Ресей генштабының поковнигі  М.Красовский бұл ескерткішті көріп,   суреттемесін қалдырған: «В некотором расстоянии от Каркаралинского селения, к югу от него тянется стена, довольно значительной высоты (в иных местах около 5 аршин) и толстоты (около 2 аршин) для того, чтобы считать ее оградою загона, но между тем, обширность  места  которую она захватывает, и недостаток башен или каких других построек, облегчающих оборону столь громадной крепости, указывает на то, что во внутренность  огороженной площади сгонялся скот. Ограда, примыкая к высоким утесам, тянется от них на восток по лощинам, потом пересекает гребни увалов, снова спускается в лощины, и постепенно заворачивая к северу, опять восходит на довольно значительные высоты, наконец, ее следы видны около самой станицы, в восточной стороне последней».

Бұл сипатталған  ірі тас блоктарынан жасалған  қоршау   жоғарыда айтылған  Суық бұлақ  қонысын да қамтиды, яғни оның бір міндеті  тек қана мал қамайтын қорған ғана емес,  қола дәуіріндегі қонысты қорғау міндетін орындаса керек. 

Зерттеушілердің  көпшілігі бұл  ғажайып тас қоршаудың    көне заманға жататын айтады. Соның бірі   1830 жылдары бұл тас жал әлі де өз баяғы қалпында тұрғанда  көрген  С.Б.Броневскийдің «Это укрепление, простирающееся на несколько верст в окружности, построено, конечно, первобытными обитателями степи» деген пікірі.

Мен осыдан ондаған жыл бұрын  бұл тас жалдың Таркезең тұсындағы  бір бөлігінде болдым .Тау етегіндегі  беткейдің   қыр арқасымен,  дөңдердің үстімен адам қолынан жасалған құрылыс екені анық. Жалдың бір бөлегі- ірілі-ұсақты  тастар құлаған, жан-жақта шашылып жатыр. Жалпы бұл тас құрылысты  қорған, немесе әскери бекініс ретінде де пайдалануға болады,  бірақ одан көрі  оның шаруашылық маңызы күшті болған сияқты. Бұл қола дәуірінен де арғы заманда, яғни неолиттің шарықтау кезеңінде жабайы малды қамайтын қоршау қызметін атқаруы мүмкін. 

Міне, осы қоршауларда неолит революциясының бірінші жеңісі- жабайы малды қолға үйрету, доместикация  іске асты. 

Қарақаралы маңында  қола дәуірінің мық  қорғандарынан басқа да ескерткіштер баршылық. Олардың ішінде ХІХ-ХХ ғасыр басындағы  өлкетанушылар «Эллипс түріндегі  қорғандар» деп атайтындары ғажайып қорғандар бар. Бұрыңғы қариялар оларды «калмак оба» деп атап,   қазақ-қалмақ арасындағы жаугершілікпен байланыстаратын.  Шын мәнінде бұл  ерте көшпелілер, яғни саһа-скиф кезеңіне келетін мұртты қорғандар.  Қазақстандық археологияда бұл қорғандары  Тасмола қорғанадары деп атау қалыптасқан. Тарихтың осы кезеңін өз заманында терең  зерттеген Мир Қасымұлы  Кадырбаев бұл  ғажайып қорғандар туралы: «в настоящее время можно считать доказанным , что курганы «с усами» представляют собой сложный погребальный комплекс каменных сооружений, встречающийся в нескольких вариантах.  Он состоит из основного кургана большого размера и примыкающего к нему с востока малого кургана небольшой высоты и отходящих от него на восток двух каменных гряд шириной 1,5 – 2 м . и длиной от 30 до 200 и более метров . Каменные гряды имеют форму полудуг и часто в начале и в конце ограничены круглыми каменными сооружениями курганного типа» деп жазады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?